ҰЛТТЫҚ ҰЛАҒАТ ҰЙЫТҚЫСЫ

  • 15.07.2014
  • 879 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Белгілі журналист, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың шығармашылық жолы «Лениншіл жас» газетінен басталады. Бұл журналистік шебер­лігін ұштаған өмір мектебі болса, публицист ретінде танылған тұсы – «Жетісу» газетіндегі қызметі. «Жетісу» газеті редакторлығының орынбасарлығына көтеріліп, небір билік тізгінін ұстады. Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, Қазақ телеграф агенттігінің Бас директоры, «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналының бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Осындай жауапты жұмыстарда өзін ғажап ұйымдастырушы, белгілі қайраткер, лайықты жетекші ретінде танытқан публицист, жазушы Кәкімжан Қазыбаев кейін республика партия ұйымының аса жауапты лауазымы – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы тізгінін қолына ұстады. 


К.Қазыбаев басқару ісінің қай сатысында жүрсе де, қолынан қаламын тастамай, шығармашылықпен айналысып, өмірдің өзекті мәселелерін шығармаларына арқау етті. Өз кезеңінің азаматы ретінде ел өмірінде болып жатқан өзгерістерді талдап, баға беруге ат салысты. Кеңес кезеңінің мемлекеттік жүйесіндегі миға қонбас шешімдерге куә бола отырып, өз қызметінде парасаттылық, қарапайымдылық, адалдық, азаматтық тәрізді адамгершілік принциптерін барынша сақтауға талпынды. Орталық Комитеттің хатшысы қызметінде жүріп, басты назарды үш мәселеге аударды: ұлт мәдениеті, ұлт мәселесі және рухани саланы жақсарту. Қайсыбір мәдени, әдеби жиындарда  өз ойын ашық айтып, пікірін білдіріп, қоғамдық-саяси мәселелерге қайраткерлік қабілетімен де үн қосып отырған. Адамды азаматтық тұғырға көтеріп, қайраткерлік биікке өсіретін тазалық пен адалдық қана екенін қайраткер-қаламгердің халқына, ұлтына жасаған игілікті істерінен көруге болады.
Қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев ұлт мәдениеті мен өнерінің жанашыры болды. Алматыда өткен Бүкілодақтық телевизия фильмдерінің Х фестивалінде /1983  жыл 12 қазан/ кино өнерінің өзекті мәселелері жөнінде ой қозғады.  Бұл ретте қолда бар мүмкіншілікті пайдалана алмай отырған режиссерлердің сылбыр қимылына сын айтты. Жақсы шығармаларға орай жақсы сценарийлер жазылса экрандалатын қойылымдар баршылық. Мәселен, «Абай», «Әл-Фараби». Қазақ киносының қас шебері Ш.Айманов сынды режессуралық мектебін қалыптастыру керек екендігін ескертеді. «Абай түсіп біткен күні армандамын демес едім» дейтіні осы тұс. Ал, композиторлар шығармашылығына орай болған алқа мәжілісінде (1984 жылы 16 қараша) сөйлеген сөзінде өмірімізге дендеп еніп келе жатқан батыс әуендері жайлы өз көзқарасын білдіреді. Музыкалық сауаты аз вокальды инс­трументальды ансамбльдер көп. Олар батыстың даңғаза музыкасын орындап жастардың санасын улайды дей келе, жастар арасында халықтық музыканы көбірек насихаттау керектігін айтады. «Мәселен, симфониялық, камералық, опера, балет шығармалары арқылы көрермен қызығушылығын ояту керек. Бұл тұрғыда халық шығармашылығын орындаудың тамаша үлгісі «Отырар сазы» оркестрі бар. Бұл халықтың дәстүрлі өнерімен сусындататын, азаматтық, патриоттық сезімге баулитын фольклорлық ансамбльдің жақсы үлгісі», – деп ұлттық өнердің қадір-қасиетін ұғындырады. Қоғам қайраткерінің бұл ойлары бүгінгі таңда да өз мәнін жоғалтпайды.
Көрнекті қазақ композиторы, КСРО халық әртісі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұқан Төлебаевтің 70 жылдық мерейтойы Мәскеу қаласында да аталып өтті. «Социалистік Қазақстан» газетінде /1983 жыл 17 қараша/ жарық көрген ақпаратта аталмыш шараға Г.Әлиев бастаған билік өкілдері қатысқандығы, онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы К.Қазыбаевтың сөз сөйлегені жазылған. Осы кеште сөз алған қоғам қайраткері К.Қазыбаев Мұқан Төлебаевтың қазақ музыка өнерін дамытуға қосқан үлесіне ерекше тоқталады. «Өмірден ерте озған сазгер қысқа ғұмырының ішінде көп нәрсе істеп үлгіріпті. Қазақ музыкасын ғана емес, сонымен бірге, бірнеше ұлттың музыкасының асыл қазынасына қосыларлық алуан түрлі жанрларда шығармалар жазған. Оның «Абай», «Амангелді», «Біржан-Сара» опералары нағыз өнердің шыңына айналған дүниелер екені анық. Бұл шығармаларда қазақ халқының тарихы, өнері, өткен жолы үлкен талантпен, шынайы шеберлікпен жеткізілген. Төлебаевтың өнері – халықтық өнер», – деп баға береді.  К.Қазыбаев әйгілі композитордың «Біржан-Сара» операсындағы би нөмірлері мен фрагменттері қазақ хореография театрының үздік шығармалары екендігін, сондай-ақ, М.Төлебаев – ұлттық балеттің эстетикалық негізін қалаушылардың бірі деп батыл айта аламыз дейді. Сөйтіп, өз халқының ғажайып әсем мұраттарын суреткерлік әуенмен бейнелеген М.Төлебаевтың шығармашылық маңызының еліміздің шеңберінен асып, бүкіл адамзаттың игілігіне айналып отырғандығына жұртшылық назар аударады. Аталмыш шараның Мәскеу қаласында Одақтар үйінде аталып өтуінің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл біріншіден, халқымыздың біртуар ұлы, қазақтың музыка жанрын қалыптастыруда өзіндік орны бар М.Төлебаевтың шығармашылық еңбегін бағалау болса, екіншіден түрлі жанрда жазатын (опера, симфониялық эскиз, фортопианолық пьеса, камералық шығармалар, романс) музыка шеберін елге таныту, үшіншіден, халқының асыл азаматын бағалай білетін Д.Қонаев пен К.Қазыбаев сияқты мәдениет, өнер жанашырларының өнегелі ісі еді.
К.Қазыбаевтың азаматтық қырын танытқан  ісінің бірі Шоқан Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойын өткізу барысында байқалады.  Ойшыл, ағартушы демократ Шоқан Уәлихановтың туғанына 150 жыл толуына байланысты 1985 жы­лы КСРО Ғылым академиясының ұйым­дастыруымен Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференция өткі­зілген болатын. Бұл шараның Одақ деңгейінде ұйымдастырылуына белсене атсалысқан Кәкімжан Қазыбаев болды. Жиынға Мәскеу, Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург), Түркия, ГДР, Иран, Венгрия, Үндістан, Монғолия, Пәкістан сияқты алыс-жақын  шетелдерден шығыстанушы, тарихшы ғылымдар қатысты. «Озық ойлы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлихановтың ғылымды дамытуға қосқан үлесі» тақырыбындағы конфе­рен­цияны К.Қазыбаев кіріспе сөзбен ашады. 
Қайраткер-қаламгер Шоқан Уәли­хановтың мүдделерінің мейлінше алуан түрлі және жан-жақтылығын, оның отандық ориенталистика мен түркологияны дамытуға, Орталық және Орта Азияның, Оңтүстік Сібір мен Қазақстанның аса бай тарихын зерттеуге қосқан үлесін көрсетеді. Ержүрек саяхатшының Шығыс Түркістанға – Қашқарияға барған тұңғыш қазақ екенін айтады. Сондай-ақ, қазақ, қырғыз және басқа халықтардың мәдени мұрасының бірегей ескерткіштерін ғасырлар қойнауынан аршып алып, оны халықтардың ұлттық сана-сезімін оятуға және көшпелі халықтардың өзіндік тарихы, байырғы бай мәдениеті бар екендігін зиялы әлемге паш етіп көрсетуге тырысқан өлшеусіз еңбегін дәлелдей сөйлейді. «Жиырма бір жасында орыс географиялық қоғамының мүшесі болып сайлануы Уәлихановтың сіңірген еңбегінің даусыз дәлеліне айналды. Табиғатында дарынды Шоқан Уәли­ханов замандастарын өзінің рухани өскелеңдігімен, ой-өрісінің кеңдігімен, энциклопедиялық білімдарлығымен таңқалдырды», – деп ғалымның табиғи талантына тәнті етеді. Конференцияның ЮНЕСКО көлемінде өткізілуінің мәні зор. Бұл қазақтың жарық жұлдызын бүкіл әлемге таныту, оның шығармашылық ғылыми еңбегін бағалау, сол арқылы мақтану. Шоқан мұрасын, өмірі мен қызметін зерттеудің тек ғылыми ғана емес, қоғамдық, танымдық, тәрбиелік маңызы да орасан еді. 
Қайраткер-қаламгердің жарық көрмеген жазбалары «Парасат» журналында (№3, 2005) «Жүрек сыры» деген атпен жарияланды. Сонда автор мерейтойды өткізуге түрткі болған азаматтардың есімдерін атай кетеді: «Есіл ер-ай, ерте кеткенін былай қойшы, осы уақытқа дейін республика бойынша кең көлемде бірде-бір той өткізілмепті-ау. Өлгеніне 100 жыл толуында рас, арнайы қаулы болыпты. Академия көлемінде сессия өткізіліпті. Ескерткіш салынған. Бес томдық еңбегі шыққан. Институтқа аты берілген. Бұл жолғы мерейтойды өткізуге үлкен түрткі болған академиктер Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұланның 1982 жылғы сындарлы хаты» дейді. К.Қазыбаевтың басшылығымен Ирина Стрелькованың «Чокан Валиханов» атты кітабы шығып, Шоқанның бес томдық шығармалары орыс тілінде қайта басылады. Асанәлі Әшімовтің режиссерлік етуімен төрт сериялы «Чокан Валиханов» атты телефильм түсіріледі. Талдықорған облысында «Алтын емел» мемориалдық мұражайы салынады. Осы бір қызу дайындық барысын: «Сонау алғашқы жоспардан бастап, соңғы 20 қараша күнгі Алматыдағы салтанаттың шақыру билетіне дейін менің қолымнан өткенін мақтан етемін. Ескерткіш коропкамыз қандай әдемі шықты. Егер біреу өміріңде болған елеулі оқиғаның бірін айтшы десе, Шоқанның 150 жылдығына әзірлік пен оны өткізу дер едім. Өзім де Шоқан жөнінде көп толғандым. Көп жұрттың кім екені осы тұста танылды да. Шоқан­ды тым шулатып, асыра мақтап жібермедік пе деушілер табылды. Жоқ. Оның алдындағы қашаннан бергі қарыз, ұрпақ қарызы бір өтелді деп білем», – деп ризашылық сезіммен еске алады.
1985 жылдың 8 желтоқсанында «Правда» газетінде Шоқан жайында түсірілген төрт сериялы телефильмді мақтап жазған А.Кагарлицкаяның «Словно несколько жизней прожив» атты мақаласы жарық көреді. Бұл жайында автор: «Әлем-тапырақ көңілді бір самал желпіді. Шоқанның самалы, оның тойын өткізу үшін жұмсалған еңбек самалы, еңбек ләззәті. Біреу көрді, біреу көргісі келмеді», – деп толғанады. Алайда, осындай жұрт сүйсінген, рухани азық болған кеш Мәскеудегі басшылыққа ұнамаған. Әр қадамың мен сөзіңнен астар іздеп отыратын жоғарғы жақ үшін бұл кеш ұлтшылдықтың сарыны іспеттес болған. 
Той өткен аз күннен соң К.Қазыбаев Мәскеуге шақырылады. Еділ бойындағы бұрынғы автономиясын сұраған неміс диаспорасының тілегін қызыл Кремль қазақ даласының есебінен орындамақ болған. Саяси Бюродағы автономия құруға арналған комиссияға хатшы К.Қазыбаев қатысады. Осы жол нағыз шешуші кезең еді: не хатшылық қызметпен қош айтысады, не «Ақмола немістердің автономиясы» деп жоғары жақтың сөзін сөйлейді. Ол  бірінші жолды таңдайды. «Еділ бойындағы өңірді сұраған диаспораға тұтас даланы бөлшектеп автономия алып беру ұлттар арасында алауыздық туғызуы мүмкін, ол үшін халықтар келісімін анықтайтын референдум қажет. Мен мұны шеше алмаймын, сондықтан, келісім бере алмаймын» деген хатшының кесімді жауабы жоғары жаққа ұнамайды. Іле-шала қызметінен босатылады.
Ұлт жанашырының іргелі істерін санамалап өтер болсақ, алдымен аузымызға түсетіні оның қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевты халқымен қауыштырғандығы. Халқымыздың бетке ұстар, мақтан тұтар ұлдарының бірі Асанбай Асқаровтың басына бұлт  үйірілгенде қаймықпай Орталықтың шешіміне қарсылық білдіріп, пікірін ашық айтқан да К.Қазыбаев болды. Ал, енді,  қазақ жерін бөлшектеуден аман алып қалған ерлігі – ұлтына адалдығы еді. Міне, осындай әртүрлі саяси идеологиялық айтыс-тартыстардың ортасында жүріп өз пікірін сақтап қалған, ұлт пен ел мүддесі үшін ақыл мен ойдың, парасат пен пайымның, даналық пен даралықтың сыналар тұстарында да ұлт мүддесін бірінші орынға қойған үлкен жүректі азамат болды. Біз бұдан адамды бағалауды асыл парыз санайтын, өз тағдыры сынға түссе де, халық мүддесі үшін ерлік көрсете алатын, ел болашағына аландаған, ұлт қамын ойлаған қайраткердің келбетін танимыз. 
Зухра ЕРМАҒАНБЕТОВА,
Қорқыт Ата атындағы 
Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты

 

Алдыңғы «
Келесі »