• 15.07.2014
  • 934 рет оқылды
  • 2

Кабылгазина

Клара Қабылғазина, 
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Кейде күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, қатарыңда жаны сұлу, ойы озық, парасатты адамдардың бар екенін аңдамай өтіп кететін кездер болады. Алайда, осы  құмырсқа тірліктен бір сәт қол үзіп, адамшылық тұғырынан қарар сәттер қара көрсетсе ләзім. Сондайда жақсы адамдардың жанында жүргеніңе өзіңді бақытты сезінерің хақ. Сол азаматтардың бірегейі – ҚазҰУ-де көп жылдар кафедра меңгерушісі болған, ҚР саясаттану ғылымдар Академиясының, Ресей телевизия Академиясының академигі, ТМД ЖОО-ның Құрметті профессоры, Қазақстан журналистер Академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Сағымбай Қозыбаев. 


Қазақстандық БАҚ-тың дамуына да орасан үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі де осы азамат. Журналистика теориясына, тарихына қатысты  мақалалардан басқа толымды, сүбелі жинақтарының, оқу құралдарының өзі бір төбе. Жылына төрт-бес кітап шығарып жататын ғалымның қажырлы, қайратты еңбегіне таң қалмасқа шараң жоқ. Күнделікті шығып жатқан ақпарат құралдарының ауанын аңдап, талдау жасап, пікір айтып, өз ойын үнемі білдіріп отыратын, ел үшін еңбек етіп, халқы үшін қам жейтін қайраткер ретінде де танылған танымал тұлға. «Мемлекет үшін ұлттық журналистика бірінші қатарда тұру керек» дейтін  ғалым қазақ журналистикасының атқарып отырған қызметін жоғары бағалап, «Алдағы 20 жылда қазақстандық БАҚ өзінің төртінші билік функциясын толық атқаратын болады» деген сенім артады. «Журналистиканың тілімен қоғамды емдеуге де, өлтіруге де болады» деп журналистік мамандықтың қоғамдағы қуатты күшке айналып отырғандығын өз шәкірттеріне үнемі айтып, құрметті мамандық иелері екендіктеріне де ынталандырып отыратын ұлағатты ұстаз.         
Сағымбай Қозыбаев өз өңіріне танымал, ғибратты отбасынан шыққан.Сәкең бойындағы асыл қасиеттердің бәрі «әке көрген – оқ жонар» дегендей, Қостанай облысының Меңдіқара ауданында колхоз төрағасы болып қызмет жасаған, қаржы жинап, Ұлы Отан соғысының майдан шебіне арнайы ұшақ жіберген әкесі Қабаштан дарығандығы ақиқат. Соғыстағы ел қорғаушыларға көмек жасаған игі бастаманың патриоттық әсері күшті болғандығы сондай, кезінде Кеңес мемлекетінің Бас қолбасшысы Иосиф Сталиннің жеке өзі Қабаш Қозыбаев атына ризашылық сезімін білдірген жедел хат жолдаған екен. Тіпті, сол аймақтың ақсақалдары аш қалғандарында ауыздарына ас берген, киер киім берген де сол Қабаш ақсақал еді деп еске алады  әлі күнге дейін. Міне, осындай текті әкенің ұлдары да халқына қалаулы, еліне елулі азаматтар болып өсті. Оразалы Кеңес үкіметінің ең жоғарғы атағы – Социалистік Еңбек Ері атанған еді. Манаш  – екінші дүниежүзілік соғыста жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанның қорғасынынан құйылғанын алғаш дәлелдеген ғалым және ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Мемлекеттік, Президенттік бейбітшілік және татулық сыйлықтарының иегері болатын. Сағымбай Қабашұлының қол жеткен жетістіктері жайлы атап өттік. Ал, қарындастары Әлия Қабашқызы болса кезінде партия, кеңес ұйымдарында белсенді қызмет атқарған қоғам қайрат­кері, қазірде қадірменді ана. 
С. Қозыбаевты қазақ, орыс журналис­тикасы әлемінде танымайтын, білмейтін, қадірлемейтін адам әсте жоқ шығар деп ойлаймын. Ал, адам атты биік атаудың салмақты жүгіне дақ түсірмей алып өту деген тамаша қасиеттерден құралатын ардақты аманат. Сәкеңнің бойындағы сол қасиеттерді саралап, даралап таратып қарайтын болсақ: Еңбекқорлығы, қоғаммен байланысы. Төрт бірдей Академияның академигі Қазақстан журналистика Академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтың еңбекқорлығын, жазған сызғандарын көрмеген жұрттың өзі осы атақтарынан-ақ біле қояры анық. Қазақ журналистикасының, радиосының тарихын өз алдына зерттеп, сонымен бірге алғашқы қазақ баспасөзінің тари­хын зерттеуші Қайыржан Бекхожин ағамыздың еңбегін жаңалап, қайта жарыққа шығарды. Сонымен қатар, студенттердің, ізденушілердің, зерттеушілердің еңбектеріне қомақты үлес қосып, жол көрсететін еңбектерінің өзі бір төбе. Мысалы, «Справочник журналиста Казахстана», «Аудитория – весь Казахстан», «Моя «Ленсмена», «Ядовитые стрелы», «Масс – медиа: словарь-справочник», « Гордое имя – журналист» т.б. сияқты еңбектері оқырман сұранысынан түсіп көрген емес. Журналистік қызығушылық, адами өміршеңдік, заманға ынтызарлық, жақсыға құмарлық сияқты қасиеттерінің нәтижесінен туған эсселері – «Лики времени» жинағы соның тамаша көрінісі. Ал, ғылыми және публицистикалық мақалалары үлкен бір зерттеуге өзек болары анық.
Сәкеңнің қоғаммен байланыста атқа­рып жүрген қызметтерінің өзі бір белес. Республика аумағында болсын, ТМД мемлекеттерінің журналистика әлемінде болсын болып жатқан оқиға, конференция, форум атаулының бәрінің ортасында жүретіндігіне қарай PR-дың жанды бейнесі дерсің. Халықпен біте қайнасып, әрине, мүмкіндігі келгенше (адам да ет пен сүйектен жаратылған ғой) атсалысып, қоғамымыздың өркендеуіне, еліміздің елдігін дәріптеуге, ұлтымыздың рухын өсіруге үлес қосып жүретіндігін «өсер елдің баласы» ретінде мақтаныш етуіміз керек. Кең пейілділігі. Ол ешқашан өзі жеткен биігіне басқалар жетпесін деп ойламайды. Керісінше, ұмтыл, еңбектен, жаз, атқар деген ұсыныстарын әрдайым ұсынады. Өзі тынымсыздықпен әрекет ететін болғандықтан да, айналасындағылардан да соны талап етеді. Сәкеңнің әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің жур­на­листика факультетінде декандық қызметте жүргенінде  де кең пейілінің арқасында талайларға шапағаты тиген. Солардың бірі – менмін. Осы бір менің тағдырыма үлкен өзгеріс жасаған адамның алдында қарыздар екенімді үнемі айтып жүремін. Ол кісінің демократтығының шапағатын көргенімді ауыздан тастаған емеспін. Сол тұста мен факультеттің баспасөз кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Бір күні Сәкең: – Кларажан, осы кабинетте отырғаныңа да 10-15 жылдың шамасы болып қалды-ау деймін? Жазып жүресің, мақалаларыңды оқып жүремін. Неге мұғалімдікке құжат тапсырмайсың? Мәкеңнің кафедрасында (Мәкең – профессор, филология ғылымдарының докторы, тамаша журналист, пуб­лицист, ең жоғарғы лауазымы – ат­пал азамат, Марат Кәрібайұлы Бар­манқұлов. М.Барманқұловтың ғалымдығы, ораторлығы, жазушылығы демокра­тияшылдығы т.б. толып жатқан ерекшеліктерін ұрпаққа таныту келешекке міндет болмақ) орын бар, тездетіп соған қағаздар жина, – дегені. Толқығаннан аузыма  сөз түспей, бас изей беріппін.
– Мәкеңе қосымша тағы айтамын. Тек, «қазақбай жайбасарлыққа» салынбай тездету керек, – деді.
Қуанышымды алып-ұшып алдымен отбасына айтып, іле-шала толып жатқан құжаттар дайындауға кірістім. Марат аға да қарсы ештеңе айтпады, қайта: – Клара, давно пора! Пожалуйста, вступайте! – деді. Қандай асыл азамат еді десеңізші! Сонымен, көптеген құжат-қағаздарды, жарияланған материалдарымды алып, бірталай инстанциялардан өттім. Ел­дің бәрінің қорқытатындары ғылым жөніндегі проректор Қалиолла Халиков болды. Осы уақытқа дейін талайлар сол кісінің қатаң талабынан өте алмай қайтады екен. «Шешінген судан тайынбас»  дегендей  проректордың қабылдауына жазылып қойғанмын. Сәт жақындаған сайын қобалжып, дәтім барар емес кіруге. Ол кездері аға оқытушылық қызметке бірден өту сенсация сияқты болатын. Әйтеуір, әзер дегенде жүректі басып, өз-өзімді билеп «қаталдықпен» аты шыққан проректордың кабинетіне де кірдім – ау. Түсі сұсты, қабағы қатулы аққұба кел­ген кісі екен. Қабағын көтеріп маған қара­мады да, үндемей тұрмын.
– Ия, сөйлеңіз, – деді орысшалап сол күйінде. Мұғалімдік жұмысқа өткім келетіндігін, ұзақ жылдар кабинет меңгерушісі болғанымды, студенттермен жұмыс істей алатындығымды баяндаған болуым керек, әйтеуір, бірдеңелерді айттым. «Оқытушы болуға еңбек сіңірдім-ау деймін» деп аяқтағаным есімде.
– Рас, еңбек сіңіріпсіз, – деді мақала­ларымды қарап болған соң, өтініштің бұрышына әдемілеп қолын қойды. Мінезім жеңілдеу болғанында бас салып, бетінен сүйер едім, қазақы тәрбием кері тартып, эмоциямды білдірмедім. «Адам­дарды бағалай білетін қандай тамаша адам! Тек осындай азаматтардың арқасында ғана ғалам шайқалып кетпей тұр-ау!» деген оймен рахметімді айтып, кабинеттен шықтым. Осы күнге дейін ол кісінің де парасаттылығын айтып жүремін. Сонымен, қуанышым қойныма симай, алып-ұшып Сәкеңнің кабинетіне жеттім. Ол кісі де құттықтап, қуанып қалды. Өн бойымдағы бар білімімді берер, тәжірибемді айтар, жазар, үйретер сәттерімнің өтіп бара жатқанына өкініп қана жүрген кездерімде осындай адамдардың көмегінің арқасында алдымнан ақ жол ашылып, қазір осы туған факультетімде еңбек етіп жатқаныма өзімді бақыттымын деп есептеймін.
Сағымбай Қозыбаевтың бойынан табылатын адами қасиеттеріне сипаттама берер болсақ, алдымен оның әр кез алдына келген адамға көмек көрестуге әзірлігі. Сәкеңнің қол ұшын беріп, көмек көрсетпеген адамы журналистика саласында, некен-саяқ сияқты. Ғылым­мен шұғылданушы студенттерге, магис­транттарға, аспиранттарға, стажер­лерге, докторанттарға алтындай қымбат ақы­лын аямай, уақытын бөліп, түсіндіріп, ұқтырып, қажет жерде тиісінше жазып та беретіні бар. Ғылымның шырғалаң, бұралаң сүрлеуінде адасып жүргендердің талайына жол сілтеп, жөн айтып отырады. Соның бірі тағы да өзім екенімді жа­сыра алмаймын. Қыры да көп, сыры да көп, жыры да көп, нұры да көп ғылым атты асудың алдынан қарсы алар, жылы қабақ танытар осындай жандардың болғанының өзін мақтаныш еткеніміз жөн.
Тағы бір адамгершілік еңбегін айтпай кету арға сын болар. Журналистика факультетінде есімі көпке таныс, аса прин­ципшіл, қаталдығымен де аты шыққан Темірбек Қожакеев деген ұстаз көп жылдар декандық қызмет атқарған болатын. 1986 жылғы желтоқсан оқи­ғасынан кейін интеллигенция өкіл­дерін жаппай қаралау, айып тағу сияқты жайлар белең алды.Сол кездегі КПСС Орталық Комитетінің өкілдері осы жайға білек сыбана кірісті. Жала Қожакеевке де жабылып, жұмыстан қуылды, жазғандарын ешбір бұқаралық ақпарат құралдары баспады. Айналасындағылар теріс айналды. Бір-екі жылдай жұмыссыз жүріп қалған ұстазды сол кезде факультет деканы болып отырған Сағымбай Қозыбаев сағат бөліп, оқытушылық қыз­метке шақырады.Сөйтіп, қатал қо­ғам­ның қаһарына ұшыраған адамға қол ұшын беріп, қайтадан қатарға қос­қаны, әрине, үлкен азаматтық болмыс. 
Еңбекті бағалаушылық қасиеті. Жур­налистика әлемінің жылт еткен жаңалығына, айтылып, жазылып жатқан құнды ой-пікірлеріне, айналасындағы адамдардың атқарып жүрген ірілі-уақты істеріне Сәкең бей-жай қарайтын адам емес. Соның әрқай­сысын ой таразысына салып, өлшеп-пішіп, ретіне қарай бағалау, құндысын іріктеу сияқты ерекшелік те екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өмірден өткен публицист, журналист, жазушы Балғабек Қыдырбекұлының отбасына Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын самұрық» сыйлығын тарту еткені сондай бағамдарының бір көрінісі ғана. Қоғамға, халқына сіңірген жазушының еңбегін бағалай білу, ұрпағына қастерлеп жеткізу де көргенділік, ұлылық. Сәкең қазақ журналистикасының даму, өркендеу бағыттарын үнемі назарда ұстап, соны ойларын айтып жүреді. Соңғы кездері БАҚ-беттерінде жарияланған сұх­баттарындағы пікірлері өз құндылығын жоймасы анық: «Басында Смағұл Садуақасов бас редактор болған «Еңбек­ші қазақ» газеті айтыс, пікірталас ала­ңына айналып қана қоймай, түрлі фракциялардың сойылын соғатын материалдар да беріп тұрған. Газеттің шығуына Садуақасов қол қояды, ал, онда «Долой Садуақасов!» деген мақала жарық көреді. Міне, қандай керемет оқиғалар болған! Мұның негізінде әділдік жатыр», «Кейбір басылымдар құрғақ сенсация іздеп, түймедейді түйедей етіп көрсетіп, өсек пен төсектен шыға алмай жүр» деген т.б. жауаптары нағыз демократияшыл, нағыз жаңашыл пікірлер.
 Сәкеңнің қалжыңбас, әзілқойлығы, қонақжайлылығы, мәдениеті, этикасы, дәріс беру мәнері, жазудағы машығы, т.б. толып жатқан тамаша ерекшеліктері жайлы да толғау-толғау әңгіме айту алдағы уақыт еншісінде. Ол кісінің ұстаз ретіндегі тағы бір ерекшелігі ешқашан шәкірттеріне үштік баға қоймайтыны. Алдында қандай адам болса да соның бойынан жақсы бір қасиеттер тауып, жетелеп отыратын кеңшілігі тағы бар.Біздер де жас болдық, біздер де университет қабырғасында шәкірт болдық. Алғаш білім шәрбатынан сусындай бастаған шағымызда Кеңес Одағының Батыры,академик,қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мәлік Ғабдуллин, журналистика факультетінің жеке отау болып шығуына үлес қосқан,қазақ журналистикасының теориясы мен тәжірибесін қалыптастырған ғалым Тауман Амандосов, темірдей тәртібімен аты шыққан Темірбек Қожакеев, бүгінде құрметті профессор, жазушы, ғалым Әбілфайыз Ыдырысов, Кеңес Одағы Коммунистік партиясының тарихын оқы­туда қаталдығымен қалтырататын Жан­пейіс Қарағұсов, қазақ әдебиетінің тари­хын бипаздап жеткізетін, Абайды пір тұтып өткен ғалым, профессор Бейсенбай Кенжебаев,қазақ журналистикасының негізін салушы Қайыржан Бекхожин сынды ұстаздардың дәрісін тыңдағанымызды, тағылымды ойларынан ғибрат алғанымызды біз қалай дәріптесек, қазіргі жас буын өкілдері Сағымбай Қабашұлын солай дәріптейтіні ақиқат. Жеке басының мәдениеті демекші, Сәкең ешқашан біреуге дауыс көтерген адам емес. Үлкенмен де, кішімен де аса бір ілтипатпен тіл қатысады. 
Биылғы жыл ғалым шығармашы­лығының 40 жылдығы және өзінің мерейлі 70-і көрініс тауып отырған айтулы кезең болып отыр. «Өзім ғана болып, өзім ғана дамиын, өзім ғана биіктерден көрінейін» деген пікірден болмысы аулақ ғалым 25 ғылым кандидатын, 5 ғылым докторын дайындады. Сол үшін де «ҚР ғылымын дамытқаны үшін», «Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі» марапаттарына ие болды.Ол тұлға еңбек ететін Қазақстандағы ең жоғары оқу орны – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  80 жылдығы да тұспа -тұс келіп отыр.Осы қара шаңыраққа сіңірген еңбектері үшін «ҚазҰУ-ға 80 жыл» алтын медалі де тапсырылған болатын. Демократ ұстаздың өмір белестері жайлы әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен республикалық «Өнегелі өмір» атты сериялық кітаптың бір санын С. Қозыбаевқа арнау жөнінде шешім қабылданған екен. Әрине, шын мәніндегі өнегелі өмірдің иесі бола біл­ген зор бақыт.  Елбасының «Алғыс хаты», БАҚ қызметкерлеріне арналған Президент сыйлығының иегері болуы да ғалым еңбегінің республикамызда танымал болып  отырғанын айқын ай­ғақтай түскендей. Ғалымның күш-жігерін әлі де талай жылдар халқының, елінің ризығы үшін, Қазақия мемлекетінің ерте­ңін қалайтын ұрпақ тәрбиесі үшін арнайтынына сенім мол. 

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Ұстазға мың тағзым! Клара, жазғаныңыңыздың барлығына қосыламын. Сол баяндалған оқиғалардың ішінде біз де бармыз.”Биографиясы келгенмен,географиясы келмейтін” біздер Сәкеңнің кезінде ғана тұяғымыз журналистика факультетіне ілінген еді.

  2. Салеметсіздерма Мен журналистика мамандығының 1 курс білімгерімін. Алла қаласа мен де осы ағамыз сияқты үлкен азамат боламын деп сенемін

Пікірлерге тыйым салынады.