ӘЛЕУМЕТТАНУ ТУРАЛЫ ЖАҢА ОҚУ ҚҰРАЛЫ

  • 15.07.2014
  • 1572 рет оқылды
  • 1

Жиырма бірінші ғасырдың бас кезе­ңінде «Әлеуметтану» мамандығы бойынша мамандар даярлауда әлеуметтанудың заманауи даму бағыттарына, арнайы әлеуметтанулық теориялар мен прак­тикалық әдістерді қазіргі қоғамдағы әлеу­меттік процестерді талдауда қолдануға баса мән беріледі. Жаһандану үдірісі әлем елдеріндегі жіктелудің тереңдеуі  мен қоғам дамуы барысындағы жаңа әлеуметтік құндылықтар мен мәдениеттің қалыптасуына, ауқымды және сапалық  әлеуметтік өзгерістерге алып келді. Қазақстан қоғамы да экономикалық, саяси, мәдени дамуда толыққанды инновациялық өзгерістерді қоғам өмірінің барлық салаларында жүзеге асыруда.


Міне, жоғарыда атап көрсетілген қоғам өмірінің жаңа талаптарына сай жазылған әдістемелік құралдардың бірі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Р.Б.Әбсаттаров пен доцент М. Дәкеновтың «Әлеуметтану: өзекті мәселелер»атты 2 томдық оқу құралы.Авторлар әлеуметтану пәнін оқытудың тақырыптық мазмұндарын кешенді түрде зерделеген. Бұл еңбек үш құрылымнан тұрады. Біріншіден, әлеуметтану ғылымының пәндік ерекшелігі, құрылымы, атқаратын қызметтері, әлеуметтанудың басқа ғылымдар арасындағы орны сараланады. Әсіресе, әлеуметтанудың әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен сабақтастығы, орта деңгейдегі әлеу­меттанулық ғылымдардың ішкі өзара байланыстары талданған. Бұл әлеуметтанудың пәнаралық және транспәндік сипатын көрсетеді. Екіншіден, әлеуметтану ғылымының даму кезеңдері, мектептері мен ғылыми бағыттары талданған. Бұл жерде әлеуметтанудың классикалық кезеңімен қатар қазіргі әлеуметтанудың қалыптасып келе жатқан тармақтары қамтылған. Үшіншіден, орта деңгейдегі әлеуметтанулық теориялар, олардың қазіргі кездегі даму бағыттары терең көрсетілген.  
Оқулықтың бірінші бөлімінде авторлар әлеуметтанудың объектісі мен пәні туралы қазіргі көзқарастарға,қазіргі заманғы социологиялық теориялардың даму кезеңдеріне, социологиялық тео­риялардың типологиясын беру өлшем­деріне, жаһанданудың қазіргі теорияларына, социологиядағы әлеуметтік бейімделу теорияларына, діни сенімдерді зерттеудің қазіргі бағыттарына тоқталады. Аталған теориялық бағыттардың әлеуметтік топтардың жаңа әлеуметтік өзгерістерге бейімделуі, адамдарда дәстүрлі құнды­лықтар мен жаңа құндылықтары арасын сәйкестендіру мәселесі туындап отырған жағдайда, әсіресе, діни әлеуметтену мәсе­лесі өзекті болып отырған жағдайда маңызы артуда. Оқу құралында Қазақстан ғалымдары   К.Ү. Биекеновтың, Қ.Ғ. Ғабдуллинаның,  Г.С. Әбдирайымованың және т.б. ғалымдардың әлеуметтану пәнінің жалпы мәселелерін қамтитын бакалавриат деңгейінде білім алушыларға арналған оқулықтары негізге алына отырып, әлеуметтік стратификация, инновация, гендер теорияларының қазіргі даму бағыттары сарапталады. 
Оқу құралының бірінші томында әлеуметтану ғылымының қалыптасу кезеңдері, әлеуметтанулық ой мен ғылым­ның қалыптасуының Батыстық, Ресейлік, Қазақстандық кезеңдері терең сипатталған. Әсіресе, қазақстандық әлеуметтанулық ойдың қалыптасуындағы Ш.Уалихановтың, Ы.Алтынсариннің, Абайдың, А. Бай­тұрсынов пен Ә. Бөкейхановтың орны ерекше көрсетілген. Аталған бөлімде ХХ ғасырдағы әлеуметтанудың даму бағыттары арнайы орта деңгейдегі теорияларды жеке баяндау арқылы сипат­талған. Бұл жерде әлеуметтанудың жаңа қалыптасып келе жатқан бағыттары жан-жақты қарастырылған. Оған дін әлеу­меттануын, бұқаралық коммуникация әлеу­меттануын атауға болады. 
Оқу құралының екінші томы орта деңгейдегі әлеуметтанулық теорияларға, қолданбалы әлеуметтанулық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістерін жүйелеуден тұрады. Бұл жерде қазіргі жағдайдағы отбасы мәселелері, ұлттық-этносаралық қатынастар, мәдениеттің даму бағыттары, тұлғаның әлеуметтік мәртебесі, жастардың әлеуметтену үрдістері арнайы тараушалар ретінде берілген. Қазіргі кезде әлеуметтік топтардың іс-әрекетін зерттеуде экономикалық әлеуметтанудың маңызы зор. Бұл тұрғыдан оқу құралында экономикалық әлеуметтанудың пайда болуы мен қалыптасуы, экономикалық мәдениет түсінігі, қызметтері мен сипаттамалары жан-жақты талданған.
Қазіргі кезде түлектерге міндетті түр­де сандық және сапалық зерттеулердің әлеуметтанулық әдістерін білу заман талабы болып отыр. Жоғары оқу орны түлектері ақпарат жинап, оны өңдеп, сараптай білуі керек. Бұл  тұрғыда аталған оқу құралының «Әлеуметтанулық зерттеулердің методологиясы мен әдістемесі» атты бөлімінде әлеуметтанулық зерттеулердің құрылымы, кезеңдері мен элементтері, әлеуметтанулық зерттеулердің бағдарламасы, әлеуметтік ақпарат жинаудың әдістемесі мен техникасы сипатталған. Р. Әбсаттаров пен доцент М. Дәкеновтың «Әлеуметтану: өзекті мәселелер» атты 2 томдық оқу құралының ерекшелігі қосымшада әлеуметтану пә­нінің тестерінің және әлеуметтану бойын­ша қысқаша анықтамалы сөздіктің берілуі. Тестер «Әлеуметтану» пәнінің типтік бағдарламасына сәйкес курстың барлық тақырыптарын қамтиды. Айта кетерлік нәрсе, оқу құралында әлеуметтану терминдерін анықтайтын тестің, оның мазмұнының сипатталуы айрықша орын алады. Сөздікте әлеуметтану пәнінің негізгі түсініктері, әлеуметтанулық мектептер және олардың өкілдері туралы мәліметтер берілген. Оқу құралының авторлардың көп жылғы еңбектерінің нәтижесі екенін де айта кету керек. 
Оқу құралы социология бөлімінің студенттеріне, магистранттар мен докторанттарына,басқа мамандық бойын­ша білім алушы студенттерге, әлеуметттанулық тұрғыдан қоғам мен тұлға дамуын танып-білуге қызығушылық танытқан көпшілік қауымға арналған.  Авторлар әлеуметтану ғылымының қарастыратын мәселелер ауқымын жүйелеп, сындарлы түрде «Әлеуметтану» мамандығы бойынша типтік бағдарламаға сәйкес құрастыруды мақсат еткен. 
Р. Әбсаттаров пен доцент М. Дәкеновтың «Әлеуметтану: өзекті мәселелер» атты 2 томдық оқу құралы Қазақстанда қазақ тілінде шыққан толыққанды, әлеуметтану мәселерін кешенді қамтыған, оқырманға түсінікті тілмен жазылған қазақ тіліндегі салмақты оқулықтардың бірі.   
М. Садырова, 
әлеуметтану ғылымының 
докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 
профессоры.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. шешен амы

Пікірлерге тыйым салынады.