Польшадағы медиалық білім

  • 15.07.2014
  • 680 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен өмірге келіп, бүгінде өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниежүзінде баламасы жоқ әлеуметтік-мәдени жоба болып табылады. Бағдарлама түлектері әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орын­дары мен зерттеу орталықтарында алған білім-білігін қазіргі таңда ел игілігіне жұмсап, жемісті еңбек етуде. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұстаздары да солардың қатарында. Мәселен, Бағдарламаның 2011 жылғы түлектері Сәкен Нұрбеков пен Қарлыға Мысаева бүгінде факультеттің оқу-тәрбие және ғылыми жұмыс жөніндегі бағыт-бағдарына басшылық етіп, озық үлгілерді өмірге енгізуде. Ал, үстіміздегі жылы Америка Құрама Штаттарынан оралған Әйгерім Әлжанова ғылыми тағылымдамада игерген іс-тәжірибесін әріптестерімен бөлісу үстінде.


Польшаның іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Адам Мицкевич атындағы Познань университетінің осы жолдардың авторы – ғылыми тәлімгерге бергені мол, үйреткен, көңілге тоқытқан тұстары көп болды. Университет солтүстік-батыс Польшадағы ежелгі де ең ірі мемлекеттік оқу орны болып табылады. Оның тарихы бұдан 500 жыл бұрын епископ Ян Любранский негізін салған Любран академиясының мирасымен ұштасып жатыр. Польшаның Познань қаласындағы жетекші оқу орны – Адам Мицкевич атындағы  мемлекеттік университет 1919 жылы құрылған. Университеттің 15 факультетінде бүгінде 47 мыңнан астам студент оқиды. Оқу орны Еуропалық одақтың  «Еразмус»  жобасына, қазақстандық «Болашақ» бағдарламасына мүше  болып табылады. Мұнда дүниежүзінің  түпкір-түпкірінен келген  жастар поляк мәдениетінен сусындау үстінде. Университет  поляк тілін  әлемге таратып,  насихаттауда  көп іс тындырып келеді.  Поляк тілі және классикалық филология факультеті шетелдіктерге  поляк тілін арнайы бағдарлама бойынша оқытып-үйретеді.  Польша – мәдениеті биік ел болғандықтан әрі ел экономикасы тұрақты дамып келе жатқандықтан,   поляк тіліне деген сұраныс та күннен күнге артып келеді.
Университет өзінің қазіргі күйінде жүз жыл­дық мерейтойын 2019 жылы атап өтеді. Оқу орны өте қолайлы жерде жайғасқан: Познань қаласы Берлин мен Варшаваның дәл ортасында орналасқан.  Еуропа мемлекеттерінің  көпшілігіне бұл жерден ұшақпен 2 сағат ішінде жетуге болады. Сондай-ақ, бұл студент үшін өте жайлы қала: Познаньның әрбір төртінші тұрғыны – студент! Поляк жастарының 85 пайызынан астамы бір немесе екі шет тілін, соның ішінде, ағылшын тілін жетік біледі. Шетел тілдерін оқыту Адам Мицкевич университетінде жақсы жолға қойылған. Оқу орнында ағылшын тілін жастармен қатар егде тартқан кісілер де ықыласпен оқып-үйренуде.  Оқу орнымыздағы түркітану зерттеулерінің негізін белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Хенрик Янковский қалаған.      
Университеттің маңдай алды факультеттерінің бірі саяси ғылымдар және журналистика факуль­теті журналистика, саясаттану, халық­аралық қатынастар мамандықтары бойынша кадрлар даярлайды.  «Журналистика және коммуникация», «Саясаттану», «Ұлттық қауіпсіздік», «Халықаралық қатынастар» сияқты 4 кафедра жұмыс істейді. «Журналистика және қоғамдық қатынастар» мамандығы бойынша студенттер «Журналистика», «Қазіргі заманғы БАҚ», «Жарнама және промоция», «Бизнестегі ақпаратты басқару» кәсіптерін таңдай алады. Бакалавриат, магистратура, докторантура сияқты 4 мыңдай студент білім алуда. Студенттер терроршылдық пен ассиметриялы қауіптер; еуропалық инте­грациялық үдерістер алдындағы Шығыс және Орталық Еуропа; тікелей демократия: теория және практика; Шығыс және Солтүстік Еуропа тәжірибесі; Солтүстік Еуропадағы аймақтық және еуропалық интеграция; халықаралық заң шығару-сот жүйесі; Таяу шығыстағы саясат пен өзгерістер; Еуропалық одақтың инвестициялық жобалары бойынша шығындарды бағалау және талдау сияқты курстарды өтеді.   
Оқу ордасында 90-нан астам оқытушы, соның ішінде 31 доктор мен профессор жұмыс істейді. Сондай-ақ, өзге факультеттерден, Познаньның өзге жоғары оқу орындарынан ғалымдар мен кәсіптік орта өкілдері сабақ беруге шақырылады. Практиктер арасында белгілі журналистер, жарнама агенттіктерінің мамандары мен баспасөз хатшылары жетерлік. «Журналистика, ақпарат және қоғамдық байланыстар саласындағы коммуникация» мамандығында өндірістік сабақтар көп. Студенттер интернет-радио мен теледидар хабарларын жүргізеді, қоғамдық теледидар үшін апта сайын 15 минуттық бағдарлама әзірлейді. Оқуды тәмамдау үшін редакциялардағы 6 апталық  практикадан кейін міндетті түрде сынақша  тапсыру керек болады. Факультет қазіргі үлгімен салынған жаңа да кең  ғимаратта орналасқан. Мұнда соңғы техникамен жарақтандырылған студенттік телерадиостудия жұмыс істейді, бұл жерде  студенттер өздерінің аудио және тележазбаларын монтаждайды. Студия тілек білдірушілерге сабақтан кейін камера мен диктофон бере алады. Студенттер күшімен «Kurier Akademicki» (Университет Курьері), «Flesz» (Флеш) телебағдарламалары, «Meteor» (Метеорит) радиобағдарламасы әзірленеді. Факультетте «Przegląd Politologiczny» (Саяси ғылымдар шолуы), «Przegląd Strategiczny» (Стратегиялық шолу), «Środkowoeuropejskie Studia Polityczne» (Орталық Еуропа саяси зерттеулері), «Rocznik Integracji Europejskiej» (Еуропа интеграциясы жылдығы) және «Refleksje» (Рефлексия) сияқты  4 ғылыми журнал шығады. «BUC. Bardzo Uniwersyteckie Czasopismo» (Өте университеттік газет) және «Fenestra» атты 2 студенттік газет басылады. 
Оқу ғимаратында бай кітапхана бар, мұндағы кітап қоры 28000 дана. Кітаптарды есепке алу электрондық тәсілмен жүргізіледі. Студенттер залдағы тұрақты компьютерлерді, сондай-ақ, өз ноутбуктерін пайдалана алады. Вай-фай жұмыс істейді. Мұнда өзге шет ел тілдерінде, соның ішінде қазақ тілінде де кітаптар мен газет-журналдар бар. Факультет 28 шет елдік оқу орындарымен байланыс орнатқан. Олар негізінен алғанда Еуропалық оқу орындары, сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда, Тайваньда, Түркияда, АҚШ пен Бразилияда да әріптестері бар. Мұндай ынтымақтастық ортақ жарияланымдар әзірлеу, әріптес оқу орнында тағылымдамадан өту және ортақ конференциялар ұйымдастыру мен зерттеу топтарын құруға негізделеді. Тиісінше познаньдық студенттер еуропалық бағдарламалар ауқымында студенттік алмасу шараларына қатыса алады. Бұл таңдап алынған университетте бір семестр немесе тұтас оқу жылында білім алуға мүмкіндік береді. Екіжақты келісімдер негізінде студенттер өз жұмыстарын осы мерзімде Еуропалық одақ  ауқымынан тыс жерлерде де қорғай алады. 
Журналистика бойынша қазіргі таңда БАҚ саласындағы зерттеулер басым. Цифрлы бұ­қаралық ақпарат құралдарын, таблоидтардың өс­келең рөлін, жергілікті деңгейдегі баспасөздің даму үдерістері мен салалық БАҚ-ты, интернет мүмкіндіктері ой елегінен өткізілуде. Факультет ғалымдары тиімді жарнама тетіктері мен бұқаралық коммуникация үдерісіндегі жаңа технологияларды пайдалануға байланысты БАҚ заңнамасына өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруда. Факультет маңызды ғылыми басқосулар өткізіп тұрады. Былтырғы  қыр­күйекте мұнда Екінші Бүкілпольшалық саясаттану конгресі болып өтті. Поляк ғылымы үшін аса мәнді оқиға болған конгреске саясат, халықаралық қатынастар, еуропалық интеграция, БАҚ және бұқаралық коммуникация салаларын зерттеушілер мен мамандар жиналды. Польшаның барлық жоғары оқу орындарынан келген мыңнан астам профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттары,  аспиранттар мәжіліс жұмысына қызу ат салысты. Сондай-ақ, шет елдік  ғылыми бірлестіктер өкілдері, атап айтқанда Саяси ғылымдар халықаралық ассоциациясының екі вице-президенті конгресс қонағы болды. Әрбір қатысушы өзінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерін көрсетуге, тәжірибе алмасып, ғылыми қауымдастықпен қоян-қолтық араласуға мүмкіндік алды. Ғылыми мәжілістердің негізгі тақырыбы «Қазіргі заманғы даму түйткілдері: Еуропа мен Польша не күтеді?» деген сауал болды. 
Жыл сайынғы дәстүрлі ғылымдар жиындар да бар,  мысалға, Слубица қаласында ақпанның алғашқы онкүндігінде өтетін халықаралық конференцияны алалық. Бұл алқалы ғылыми жиын 14 жылдан бері өткізіліп келеді. Конференцияның жұмыс тілі полякша болғанымен, талқылаулар ағылшын тіліне ілеспе аударма арқылы жүргізілді. Бағдарламада сондай-ақ ағылшын және орыс тілдеріндегі панельдер болды. Биылғы конференция дағдарыс сияқты өте маңызды тақырыпқа, Еуропалық Одақты ғана емес, құрылық ретінде бүкіл Еуропаны шарпыған қазіргі дағдарыс тақырыбына арналды. Мұнда Еуропалық одақтың әлемдік экономика мен халықаралық ынтымақтастықтағы рөлі мен маңызы; мүше мемлекеттердің бірқатарындағы қаржы дағдарысының экономикалық және валюталық одақтың болашақ ахуалына әсері; еуроаймақ және Еуроодақ ауқымындағы ынтымақтастық; Еуроодақтың одан әрі кеңею перспективалары; Еуропа мен Еуроодақтағы бұрынғы межелік сызықтардың сақталуы мен жаңаларының пайда болуы; дағдарысты еңсерудегі ұлтаралық мүдделердің маңызы; дағдарыстың мемлекет пен оның азаматтары қауіпсіздігінің түрлі қырларына ықпалы; экономикалық проблемалар мен қоғамның әлеуметтік алуан түрлілігі тереңдеуінің салдары ретіндегі жаңа әлеуметтік қозғалыстар мәселелері талқыланды. Және ең маңыздысы – еуропалық интеграция идеяларын көпшілікке таратудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне, еуропалық институттардың имиджін жасау мәселелеріне; жаңа қатерлер алдында ЕО-ның құқықтық және институционалдық жүйесіндегі өзгерістер және осыған байланысты саясаткерлердің, ғалымдардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің міндеттеріне баса көңіл бөлінді.
Познань университетінде ғылыми тағы­лымдамадан өткен және білім алып жатқан қазақстандықтар саны жылдан-жылға өсе түсуде. Саяси ғылымдар және жур­налис­тика факультетінде биылғы оқу жы­лын­да «Болашақ» бағдарламасының бір тағы­лым­дамашысы және академиялық алмасу бойын­ша келген төрт студент білім көтеруде.   ТМД елдерінен келген оқушылар ішінде қа­зақ­стан­дық студенттер саны жағынан украина­лықтардан кейін екінші орын  алады. 
Польша тәжірибесі оңаша ойларға жетелейді. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары үшін журналист кадрлар даярлау мәселесі қашан да ғылыми және қоғамдық пікірдің күн тәртібінен түскен емес. Оның себебі түсінікті де: республика БАҚ индустриясы әлеуметтік институт және экономика саласы ретінде толықтай қалыптасқан соңғы жарты ғасыр беделінде ақпараттық технологиялардың шапшаң дамуы дәстүрлі журналистикаға деген көзқарасты  түбірінен өзгертті. «Айшылық алыс» жерлерден көзді ашып-жұмғанша хабар алғызатын Интернет бүгінде баспагер, тележүргізуші, газет қаламгері мамандықтарының мазмұнын жаңа үрдістермен байытты. Оскар сыйлығын иеленген «Мәскеу көз жасына сенбейді» фильмінің кейіпкері, телеоператор Родионның сөзіне құлақ түрсек, бір кездері «дүниенің бәрі тек теледидардан тұрып, кітаптың да, газет-журналдың да күні батады» деген пікір үстем болған. Бірақ, қазір баспа өнімдерінің көгілдір экранмен тайталаспай, бейбіт өмір сүріп жатқанына куәміз. Сонымен, теледидар тудырған пікір толқыны тарих жағалауына жетіп, ентігін басты.
Ғаламды өрмекшінің торындай шырмаған Интернет дәурені туғалы «енді кітап атаулы кел­меске кетеді, жұрт бірыңғай әлеуметтік желіге көшеді» деген пікір әлемнің қай түкпірінде де желдей есіп жүр. Бұл жерде айтарымыз уәжіміз: бәрін де уақыт көрсетеді. Осы айтылғандардан шығатын бір қорытынды: журналистік мамандық салалары жуық арада үлкен өзгерістерге ұшырай қоймайды. Бірақ, ақпаратты қабылдау, өңдеу, тарату мен жеткізу технологиясы жетілдіріліп, соны сипат иеленбек. Журналистиканың аудио-бейне-баспа құралдарының өзара кірігуінен туындап отырған конвергенттік журналситка мұның айқын айғағы. Сонымен, журналистік білім сипатын өзгертіп отырған да нақ осы конвергенттену талаптары  десек, қателеспейміз. Батыс елдерінде журналист кадрлар әлеуметтік коммуникация, коммуникология мамандануы бойынша даярланады. Бұған посткеңестік елдер тәжірибесі арқылы көз жеткізуге болады. Себебі, Батыс елдерінде журналистика факультеттері жоқ, олар Шығыс Еуропада сақталған. Дегенмен, бұл елдерде де мамандық өтпелі кезеңде тұр деп санауға болады. Мәселен, Чехия, Польша, Словакия сияқты елдердің университеттерінде  журналистика бойынша білімді «Әлеуметтік  коммуникация» кафедралары береді де, мұнда оқыған студенттер, «журналистика және қоғамдық қатынастар» мамандығын, сондай-ақ, «журналистика», «қазіргі заманғы БАҚ», «жарнама және промоция», «бизнестегі ақпаратты басқару» кәсіптерін таңдай алады. Бұл елдердің ғылыми орталықтары журналистика саласындағы зерттеулерді коммуникация арнасына батыл бұруда. Әзірге бұл үдеріс аталған проблеманың саясаттану аспектілерін зерделеу арқылы жүзеге асырылуда. Ал, журналистиканы коммуникация теориясы тұрғысынан қарастыру уақыттың еншісінде деп ойлаймын. Бұл, меніңше, бір жағынан психологиялық проблема да болса керек. 

Жетпісбай Бекболатұлы, 
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
 журналистика факультеті профессорының м.а.

Алдыңғы «
Келесі »