ЫМ-ИШАРА, ҚИМЫЛ-ӘРЕКЕТТЕРДІҢ ТЕЛЕЭФИРДЕ ҚОЛДАНЫЛУЫ

  • 15.07.2014
  • 1559 рет оқылды
  • 1

Телевизияның қазіргі заманғы ең ықпалды ақпарат құралына айналуының  сыры – оның бейнелеу тәсілдерін пайдаланудағы кең мүмкіндігіне ие болғандығы. Атап айтқанда, ол өзінен бұрынғы газет, журнал, радиомен салыстырғанда бейнелеу құралдарын әлдеқайда тиімді әрі кешенді түрде пайдалана алды. Ақпаратты сөз, сөйлеммен ғана емес, дауыс, дыбыс, бейне, қимыл-қозғалыс аясында толықтай жеткізуі оның қабілеттілігін зорайта түсті. 
Бүгінде онлайн жүйесінде Интернет пор­тал­дардың қоғам өміріне дендеп енуі ақ­парат құралдары арасындағы бәсеке­лестікті кү­шейте түсті.  Мұндай жағдайда телевизия өз артықшылықтарын қалай сақтап қала алады? Әрине, оған елеулі ықпал ететін бірден бір фактор бейнелеудің түрлі құралдарын мейлінше жетік әрі тиімді пайдалану болмақ. 


Телевизия бағдарламаларының ақпараттық ықпалының пәрменін арттыруға сөзден тысқары (невербаль) құралдардың атқаратын рөлі айтар­лықтай. Ондай құралдар түріне негізінен сөй­леу ырғақтылығы (мелодика речи) деген ұғым­ға жатқызылатын ритм, қуаттылық, пауза, логи­калық және сөздік екпін, дауыс келбеті, ым мен ишара, қол сермеу қимылдары секілділер кіреді. 
Ым-ишара (мимика, жест) адамзаттың өзара ақпарат алмасқан көне формаларының бірі. Соған қарамастан, ол қазірге дейін адамдар қатынасында сақталды және кей жағдайда мә­дени дәстүр сипатында да көрініс табады. Ым-ишара қатынасы алғашқы кезде қорқыныш үрейді, қуанып мерейленуді, тоқтатып тыйым салуды немесе ұйғарып қолдауды меңзеген жалпылама түрде санаулы ғана ойды білдірсе, кейінгі даму кезеңдерде барған сайын жетіл­діріле түскен. Айталық, ақпарат жеткізуге бағытталған адами әрекеттердің негізінде бет-әлпет, қас-қабақ, көз-жанар құбылулары мен қимылдарының көбейгендігіне байланысты іш­кі ой мен түрлі мазмұнды айқындауға көшкен. Қа­зіргі ғалымдардың ым-ишараны қарым-қатынастың салыстырмалы түрдегі дербес құралы, адамдардың өзара байланыстарының сөз қолданбайтын қатынас түрі деп тұжырымдаулары кездейсоқ болмаса керек. 
 Бүгінгі таңда түрлі халықтар арасында кеңінен тараған қонақ күту, шығарып салу, сәлемдесу, сый-құрмет көрсету, Жаратушыға табыну, ойнап-күлу, шаруашылық жүргізу, аң аулау секілді рәсімдерде қолданатын дәстүрдің дені ежелгі ым-ишараның жалғасы деуге болады. Сол дәстүрлі қимылды телевизия бағдарламаларына тиімді пайдалана білсек, оның нәтижесі өз кезегінде жемісін береді. Себебі, телеэкран дегеніміз адами қоғам мен оның күнделікті өмірінің шынайы көрінісі. 
Ым-ишара – бір жағынан ақпараттың жету мүмкіндігін оңайлатып, нанымдылығын арттырса, келесіден эфирдегі қызметкерлердің қаты­насын оңтайландыратын, мәдени деңгейін айғақтайтын бір фактор болады. Радиохабарда ақпарат таратушы мен қабылдаушы бір бірін көре алмайтындықтан, онда ым-ишара қол­дануға еш мүмкіндік жоқ. Ал, телевизияда оны қолдануға аса қолайлы. Жалпы ым-ишара қаты­насы адамдардың бетпе бет кездесуінде ғана мүмкін болатын жағдай.  
Сөзден тысқары құрал дегеніміздің өзі, белгілі бір туынды тақырыбының, мазмұнын, жанрының ерекшелігін айқындау үшін тележүргізуші тарапынан жасалатын түрлі әрекеттердің қилы қимылдарының кешені. Әңгіме барысында сөз­ден тысқары құралдарды қаншалықты дұрыс әрі тиімді қолданса соншалықты нәтижелі болмақ. 
Үн мен әуез (тон, тембр) – әңгіме барысында қолданылатын көңіл-күй екпіні. Яғни, қуанышты, салтанатты, алғыс пен мейрімге толы жағдай немесе қайғылы көріністі, сәтсіздікті, қаралы оқиғаны хабарлағанда тележүргізушінің үнінде, әуезінде өзгешелік болуға тиіс. Осылайша, әр бағдарламаның ерекшеліктеріне сәйкестіріп, дауыстың ырғағын өзгертіп сөйлеудің өзі телерадио хабарын жүргізуші шеберлігінің бір көрсеткіші болып табылады. 
 Әсіресе, телерадио сұхбаттарында үн мен әуездің алар орны айрықша. Сұхбатты жүр­гізуші журналистің дауыс ырғағының тым жұм­сақ, әлсіз болуы немесе шектен тыс қатқыл, қақ­тығыстық тұрпатта айқындалуы я болмаса тым бейтараптық пен салқындықтың қайсысы болсын әңгіменің шырқын (аурасын) бұзатын жайсыз көріністер. Алайда, мұндай сипаттардың мүлде керегі жоқ деген сөз емес, бәлкім, қажет кезінде қолдану да орынды шығар. 
Жас тележүргізушілердің арасында айтылып отырған тақырыптың мазмұнына мүлдем қайшы келетін қимыл-әрекеттер мен ым-ишараларды қолдануы жиі байқалады. Қайғылы хабар туралы айтып отырғанын мәтіннен тыңдап білуге болады. Ал, олар­дың бет-әлпеттерінде ешбір қиналудың, обал­сынудың нышаны көрінбейді. Ештеңе болмағандай «қаза тапты», «ажал құшты» тіпті «тіл тартпай кетті» дегендей бейнебір сүйінші сұрағандай кейіп танытып отыратындары да бар. Кейде бірдемені сынап отырғанымен, оның түріне қарасаң соны мақтан тұтып отыр ма дегендей ойда қаласың, 
Стенд-апқа шыққан «Хабар» агенттігінің «Таразы» бағдарламасы мен «КТК» арнасының жаңалықтар қызметі журналистерінің түріне қараған адам «жерден жеті қоян тапқан» керемет  тың жаңалық айтардай-ақ күтеді. Ал, не айтарын естіген соң «е, арыны қатты еді, айтары мәз болмады ғой» дегендей күйде қалады.  
 Жаңалықты мазмұны терең, назар аударарлық тартымды, жанды етіп жасау үшін автор, редактор, операторлар аянбай тер төгеді. Сол еңбектің кейде зая кететін тұстары да бар. Оның басты себебі, әңгіме ауанына қолданылатын дауыс, дыбыстың көңілге қонымсыз болып шығатыны, бейнелеу тонның теріс таңдалуына байланысты туындайды. Жүргізуші немесе диктор шеберлігінің төмендігінен мәтінде қажетті сөзі бола тұра тыңдаушының көңіліне қонбайтын тұстары кез­­деседі. Себебі, сөзді дұрыс дыбыстамаудың салдары мазмұнға немқұрайды қараудан туатын көрінеді. Мысалы, сөздің ырғақтылығына назар аудармаудың кесірінен бір ғана екпін мен қарқынмен (темппен) судыртып өте шығу немесе шіңкілдеген жіңішке әуенге салып алып созып отырып алу. Сонымен бірге, тағы сөзді қате оқып алып, екінші рет қайталайтын, тұтығып қалып зорға жалғастыру секілді жайлармен мә­тінді әбден бүлдірушілік те ара-тұра кездесіп қалып жатады. 
 Телехабарды студиялық формадан шығарып, жанды әрі қызықты ету үшін дайындаған жаңа­лықтары мен репортаждарын оқиға орнынан эфирге журналистердің өздері баяндайтын үр­діс те қалыптасып келеді. Алайда, олардың бәрі керемет деуге тағы келмейді, ішінара даусы қар­лыққандар, маңқалар, кейбір әріптерді анық айта алмайтындар да кездеседі. Мұның салдарынан ақпараттың қуаты әлсірейді, сөз көрерменге теріс-қағыс жетеді, тіпті, мүлдем өзгеше ұғым ту­дыруы да ғажап емес. 
Логикалық екпін. Телевизия мен радио ар­қылы баяндалатын әңгіме өзеннің ағыны се­кіл­ді үзіліссіз жалғасуға тиіс емес. Керісінше, мәтіннің мазмұны шоғырланған тұстары сөздің екпінімен бөлшектеніп, дауыстың әуені де соған сай өзгеріп логикалық мазмұнды айшықтап отыруға тиіс. К.С. Станиславский «Ек­пін – белгілі бір әңгіменің негізгі мазмұнын сұқ саусақ іспетті айқындап тұратын дүние» деген [1]. Сөздің қайсыбірін логикалық екпінмен айырғанда негізінен дауыстың қойылуын үйле­сімді етіп, өзгерту тәсілі қолданылады. Ал, кез келген кездейсоқ таңдалған екпін әңгіменің логикалық мазмұнын бұзатынын естен шы­ғар­мауға тиіспіз. 
Телерадио арқылы оқылатын әр мәтін әдеби өңдеуден өткенімен, оны оқығанда логикалық екпін дұрыс қолданылмаса мағыналық реті бұзылып, түсініксіз болып қалады. Олай болса, ең қажетті әрі маңызды сөзді ерекшелеп айтуды екпiн беру деп түсінуге болады.  
Логикалық екпін көбінесе сөйлемнің дең­гейін­де жасалса, сөз екпіні бір сөзді ғана ерекше етіп айтуға бағытталады.  
Пауза. Ауызша әңгімеде іркіліс, қас-қағым­дағы тыныс іркілісі, не үзілісінің (пауза­ның) атқаратын рөлі айтарлықтай. Оны сөз арасында терең дем алу үшін сәл үзіліс жасайтын  физио­логиялық әрекет ретінде түсінуге болады. Пауза сөйлеушінің де, тыңдаушының да бір сәт тыны­ғуына мүмкіндік береді. Бұл жүргізуші мен тыңдаушы екеуіне өзіндік ықпалы бар дүние. Жүр­гі­зуші қас-қағым сәтте жағы мен тамағын сәл тынықтырумен қатар көңілін орнықтырып, айтқан сөздеріне қорытынды жасап, енді қалай жал­ғастырарын жоспарлап үлгеретін сәт болса, тыңдаушы қауым үшін бұрын тыңдағандарын пайымдап, келесі ақпаратқа назар аударып тың­дауға дайындық кезеңі болады. Осының өзінен-ақ, паузаның қарым-қатынасты жанданды­ратын фактор екендігін аңғаруға болады. 
Бүгінгі таңда сөйлеу өнеріндегі пауза саласын әлем ғалымдары аса қызығушылықпен зерттеуді қолға алды. Әсіресе, АҚШ-та паузатану саласы ғылыми-зерттеудің  жаңа нысанына айналған. Адам баласының әңгіме айту, баяндау бары­сында уақытша кідіріс жасауын, ары қарай жалғастыруын, қайталауын және оның мер­зімі мен мазмұнын зерттейтін ғылымды пау­за­логия деп атап жүр. 
Американың паузатанушы ғалымы О`Коннор «Пауза – адамның әңгімелеп отырған тақы­рыбының мәнін сөзден де кем түспейтін дең­гейде білдіре алатын ерекше әрекет» деп оның сөз өнерінде атқаратын рөлін анықтаған [2]. Ғалымдардың мәлімдеуінше, паузаның уақыты 0,5-1,0 секундті құрайды. Баяндама, дәріс бары­сында кездесетін паузаның барлық уақыты жал­пы мерзімнің 40-50 пайызын құрайды деген есепті де ғалымдар ұсынып отыр. Сөз болып отыр­ған мәселе қаншалықты тың дүние болса, пауза да соншалықты көп жасалады екен. 
Паузаның саны, бөлінісі, жалғасу уа­қы­ты әңгіменің сипаты мен сапасына қарай ай­қын­далады. Оған, тағы, сөйлем құрылым­дары­нан бастап өзге де факторлар елеулі ықпал етеді. Паузаны жалпылама түрде логикалық, психо­логиялық, люфт пауза деп үшке бөлеміз.  
Сөз етіліп отырған мәселенің негізгі мазмұ­нын топтарға бөліп, шегі мен шетін айырып түсіндіру үшін логикалық пауза пайдаланылады. Ал, психологиялық пауза – сөз сөйлеушінің ішкі көңіл-күйі мен шығармашылық ойлау қабілетін айғақ­тайды. К.С. Станиславский «логикалық паузасыз сөз немесе баяндама ретсіздікті ту­дырса, психологиялық паузасыз сөйлемдер әң­гімені жансыз өлі дүниеге айналдырады» деген. 
Радио, телевизияның тікелей эфир бағ­дарла­масы кезінде паузаның рөлі ерекше көрініс табады. Мұндайда оған қатысушылар даяр мәтін­ді қолданбайтындықтан абыржу, наным­ды әрі салмақты сөздерді дер кезінде таба ал­май қиналу байқалады. Мұндай жағдайда сөз алушымен қатар әңгімеге тыңдаушы да бел­сенді араласуға мүмкіндік табатындықтан сөз, атауларды бірлесіп іздеушіге айналады. Жалпы, бұрын-соңды мәлім болмаған тың ұғымдарды түсіндірген сәтте әдеттегіден көп пауза қолданылады екен. 
Люфт-пауза (ауа паузасы) – ең қысқа сәт­тік кідіріс болып табылады. Бұл әңгіме бары­сындағы болмашы ғана кідіріс болғанымен, тыңдаушыларға айтылар сөздің мазмұнын жеткі­зудегі оның атқаратын рөлі айтарлықтай. Себебі, сөз ағыны арасында екі немесе одан да көп сөз бірігіп, тек ауызша әңгімеге қатысты жаңа бірлік болатындай дыбыстау сөздерін жасайды. Мысалы, «бұл тыңдағандарыңыз» сөзі еш кі­діріс­сіз айтылса, «бұлтыңдағандарыңыз» деген мүлде өзгеше мағыналы сөз болып шығады (Тың­­даған емес, керісінше, бірдемесі бұлтың-бұлтың етіп тұрғандай). 
 Сол секілді «шаш алды»  –  «шашалды», «бас салды» – «басалды», «бет алды» – «беталды», «бай салды» – «байсалды», «шар тарап» – «шар­тарап» т.с.с. өзгеше мағы­налы сөзге ауысып естіліп жатады. Мұн­дай шатасушылық әлем тілдерінің бәрінде де кездесуі мүмкін. Айталық, орыс тіліндегі әңгімеде «подругувели» сөзі «подруг увели» болып естілуі ықтимал. Ал, сөз арасындағы кідіріс дұрыс қолданылса, сөз өз мағынасына сай дұрыс етілетін болады. 
Ауызша сөздің тағы бір маңызды элементі жылдамдық – белгілі бір уақыт ішінде тарайтын әңгіменің сыйымдылығын айқындайтын ұғым. Сөйлеспелі сөздің жылдамдығы өмір көрініс­терінің мән-мағынасымен, сипаттарымен те­рең астасып жататындығы ежелден белгілі. Соны­мен қатар, ол жылдамдық сол сәттегі жағдай­мен, мақсат-міндетпен, тыңдаушылардың қа­был­­дауын­дағы жайларымен, баяндаушының пси­хо­ло­гиясымен байланысты түрліше көрініс таба­ды. Өзге де көптеген факторлар ықпал етуі мүмкін. 
Тәжірибелі лекторлер сөз арасында жыл­дам­дықты арттыру немесе кемітуді, сөзді әдейі созуды және кейде толықтай сөйлеммен бас­тыр­малатып әкетуді, осындай тәсілдермен тың­дау­шылардың назарын аударуды, өз ойын ай­қын­дай түсуді жиі қолданады. Нәтижесінде, әңгіме айқын әрі еркін кейіпке еніп, жұртшылық көңіліне қонымды болады. 
Жылдамдық телехабардың тақырыбына, жанры­на сай әртүрліше өзгеріп отырмақ. Айта­лық, ғылыми күрделі ұғымдарды таратып түсін­діру мен футбол немесе хоккей сайысының ең тартысты тұстарына спорттық комментарий жасау­дың айырмашылығы жер мен көктей. Олай болса, бұл жерде біркелкі жылдамдық жүрмейді. Алай­да, екеуінің де сөз жылдамдықтары сол сәттегі жағдайға байланысты өзгеруін жоққа шыға­руға болмайды. Дегенмен, өзгерістерді кез-келген жерде орынсыз қолдана берсек кері әсер ететіндігін де ұмытпаған абзал. Орынсыз жердегі сөз жылдамдығы, беталды жасалған пау­за, қажетсіз кезде қолданылған екпіндер мен созылыңқылық әңгіменің белсенділігін төмен­детіп, қызықсыз етеді. Кейде, назар аударту үшін белгілі бір сөзді немесе сөйлемді әдейі созып айтатын кездер болады. Алайда, тақырыпты то­лық игермей жатып оны орынсыз қолданса, кері әсер етеді.  
Жалпы, көп жағдайда тыңдаушы ағылып-төгіліп келіп жатқан ақпаратты толықтай бақылай алмай қалады. Себебі, әңгіме айтып отырған адамның бөгелуі, тұтығып қалуы тыңдаушының да назарын өзге жаққа аударып, әңгімені толық түсінуге кедергі жасайды. Әр адамның өзіне тән сөйлеу жылдамдығы болады және онысы тақырыптың мазмұнын толықтай ашуға үйлес­тіріледі. Сондықтан, әркім өзінің сөйлеу жыл­дам­дығына сәйкес келетін тақырыпты дұрыс таң­да­ғаны тиімді болмақ. 
Телерадио бағдарламаларында сөйлеу жыл­дам­дығын сәйкестіру үшін мынандай мәселелер қаперге алынуға тиіс: 
Сөйлеу жылдамдықтың жоғарғы өлшемі деген бар. Ол адам баласының ақпарат қабылдау ой өрісінің деңгейімен шектеледі. Мысалы, адам бір минутта 180-нен артық сөзді қабылдауға қабілетсіз екен. Телеәңгімеде бір сәтте айтылатын сөздің санын көбейту арқылы ақпараттық сыйымдылықты арттыру маңызды. Дей тұрғанмен белгіленген өлшемнен асыруға болмайтынын тағы естен шығармауға тиіспіз. 
Сөйлеу жылдамдықты тым баяулатып жі­беру де орынсыз.Себебі, ақпараттың маңызын азайтып жіберетіндіктен, тақырыптың мазмұнын толық түсіну үшін тыңдаушыдан қыруар күш пен төзімділік талап етіледі. Ақпаратты қабыл­дау мен оны жадында сақтаудың арасында елеулі айырмашылықтар бар. Екпінді дұрыс таң­да­ған жағдайда ұғу мен жаттау қабілет қатар артады. Сондықтан телехабардағы әңгіменің жылдамдығы минутына шамамен 120-125 сөзден құрылса ең қолайлы болып саналады. 
Сөйлеу кезіндегі дауыс өзгерісі ырғағы (инто­нация) деп аталатыны белгілі. Мұның өзі дауыс үн, дыбыс (тоны), паузасы, ырғақ пен оның көптеген формаларының көмегі арқылы көрі­ніс табады. Интонация өте күрделі, бай­қалмайтын құпия сезімді барынша тама­ша айшықтай алады. Хабарланып отырған дүние­нің мазмұны, нәтижесі оны аудиторияға жеткізіп отырған жүргізушінің жеке бағдарына да тәуелді болады. Шындығына келгенде, сөздің ырғағы мен әуезділігін қаншалықты сезініп, оны мазмұнмен сабақтастыруы жүргізушінің шеберлігін айғақтайтынын ғалым П. Верье «Ағыл­шын өлшемі» деген кітабында дәлелдеген. Оның пайымдауынша, телерадио ешбір ақпарат тыңдаушыға таза табиғи қалпында сақталып жетпейтін көрінеді [3]. Айталық, футбол туралы бағдарламаның өзінде комментатордың жеке көзқарасы белгілі бір деңгейде оған сіңумен қатар қимыл қозғалысындағы сөзден тысқары ым, ишараларының өзі көрермен, тыңдарманның қабылдаған ақпаратының мазмұнына әсер етеді екен. 
Телерадио хабарларында белгілі бір адам сөзін шынайы ниетімен айтты ма, әлде, немқұрайдылықпен қарады ма, салқындық танытты ма дегенді аудитория бірден сезеді. Мұн­дай кезде мәтіннің мазмұны дауыс, дыбыс интонациясымен қайшылыққа тү­седі. Салқындықпен қараған жағдайда кө­біне­се, интонация мазмұнды бұзатынын зерт­теушілер аңғарған. 
Сайып келгенде, телерадио журналисти­касының баспасөзден өзгешелігі, сөзбен қатар адамның ішкі ой санасының күрделі сезімін, оның келбетін жеткізе алатын ерекше сипатымен дараланып тұратындығында. Бұл жерде теле­радио журналистика – автордың мәтінін жай жеткізуші  ғана емес, керісінше, оны сөздік және сөзден тысқары бейнелеу тәсілдерімен одан ары байытып, жетілдіріп жеткізетін таңғажайып ақпарат құралы дегенді атап айту ләзім. Осынау артықшылығын телерадио ұжымдары қанша­лықты тиімді пайдалана білсе, оның ақпараттық қызметінің нәтижесі соншалықты тиімді әрі жемісті болмақ. 
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының 
кандидаты, доцент, халықаралық 
журналист.

 In this article (“The use of sound to encode meaning in Television Programs”) the use of phonology including rhythm, speed, stress, pause, accent, tone, intonation and gesture in television programs, and how these are being used dy television journalists are analyzed in detail. 

Пайдаланылған әдебиеттер: 
1. Кузнецов Г.В., Цвик В.Л., Юровский А.Я. – Телевизионная журналистика. – М. 2002. 
2. Lunt P. 1993. Talk on Television. St. 
3. Fiske J. 1987. Television Culture. London. 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Тамаша мәтін. Керек дүниелер. Осы тақырып бойынша алғашқы дүние шығар. Іздеп жүретін едім.

Пікірлерге тыйым салынады.