Қазақ болмысы…

  • 23.06.2014
  • 957 рет оқылды
  • 6

Дихан Қамзабекұлы,
филология ғылымдарының 
докторы, профессор

Дарындар қайдан шығады?

Біреу – ғалым, екінші – әскер, үшінші – елші, төртінші – жұмысшы. Бесінші, алтыншы адам өзге мамандықты таңдаған. Дұрысы, оны құдай таңдатқан. Адамның бәрі бір мезгілде ғалым, бір шамада жұмысшы бола алмайды. Жаратқан несібені орнымен теріп жеу үшін адамға қилы-қилы кәсіпті бұйыртады. Тарихтан оқығаным бар, Алаш Орда үкіметінің басшылығына баламалы негізде сайлауға түскен заңгер Айдархан Тұрлыбай қарапайым етікшінің баласы болған. Сол секілді, тағдырдың тауқыметімен Абылай хан ұрпағынан бүгін қарапайым малшы боп жүргенде аз емес. 


Осы заманның қара жұмысын қанағат тұтқан бір сұңғыла әйелі айтыпты: «Қаныш Сәтбаев – ғылымның академигі, мен – еден жуудың академигімін» деп. Бұл күпір сөз емес. Өз бағасын білгендік!..
Қоғам өзгерген соңғы жылдары білім жүйесінде неше түрлі өзгерістер болды. Орта мектептер – лицейге, институттар – университетке айналды. Бұдан сапа керемет деңгейге көтерілді деп айта алмаймыз. Мысалы, байқап жүргеніміздей, жоғары оқу орнына ақшасы бар кез-келген талапкер қабылданды. Дақпырт пен даңғазаға көшкен мектептер педагогиканың алтын заңын бұзып, «дарындылардың сыныбы» (лицей-класс), «дарынсыздардың сыныбы» (жай класс) деп баланың бағыт-бағдарын алалай бастады.
70-жылдары бала тәрбиесіне қажет болар деп, мен Мәскеудің арнайы педагогикалық журналдарын жаздыртып алатынмын. Соларда неше түрлі атақтылардың мақаласы жарияланатын. Соның бірінен оқығаным бар, сыныпта білімі әр түрлі деңгейдегі, әр түрлі мінезді балалардың отырғаны олардың қай-қайсына да жақсы. Олар бір-бірін көріп жетіледі, тырмысып жаңа сапаға өтуге бейімделеді. Егер, бірыңғай жақсы оқитын балалар басқа жаққа жіберіліп, жаман оқитындардан сынып жасақталса, бала дамуында ілгерлеушілік кемиді. Бұл оқушылардың психикасына да кері ықпал етеді…
Өкініштісі сол, есеп қуған бүгінгі лицей-мектептер оқушыларды осылай жіктеп жатыр. «Дарын сыныптары» деген аталым да пайда болды. Мұның мәнісі – 4-5 сыныптан жақсы оқитын балаларды іріктеп алып, бір сынып жасау. Сонда бұдан кім ұтты? Әрине, мектепке сәл-пәл жақсы ат келуі мүмкін. Алайда, бұл сырттайғы алданыш қана. Себебі, әлсіз оқитындар сол мектептен басқа жаққа кетіп қалған жоқ. Осы мәселеге қатысты Айсара есімді мұғалима ерінбей өз тарапынан зерттеу жүргізіпті. Ол оқушыларға тәуелсіз сауалнама да тастапты. Нәтижесінде білгені: әлсіз оқитындар да, жақсы оқитындар да бөлек оқытуды қаламайтын ұқсайды. Мәселен, бір оқушы былай деп жазыпты: «Менің Саят деген досымның сабағы аса жақсы болмаса да, оның денешынықтыруға, технологияға, информатикаға бейімі күшті. Мен одан көп нәрсе үйренемін, ол да менен біраз нәрсе үйренеді. Өкініштісі, қыркүйектен бері біз еркімізден тыс екі бөлек оқимыз». Тағы бір оқушының жауабы мынандай: «Мұғалімдер жақсы оқитын балаларға қосымша көп тапсырма беріп, өздері де мақтанғысы келеді. Біздің бір сыныптасымыз 2 пәннен ғылыми жұмыс жазып жүр. Ол қатты қиналады, бірақ мұғалімнен қаймығады. Меніңше, әрбір бала өзінше талантты. Мұғалімдер бізді алаламай, әрбіріміздің қабілетімізді ашса, мектепке де, ата-анамызға да көп пайда ғой».
Жалпы, қазір орта мектеп тағдыр басқа салған жолмен, ағыспен бірге жүзіп барады. Ол әр сынып балалары текеметтің түріндей әр алуан болу керегін ұмытқандай. Баяғыда мұсылманша хат таныған аталарымыз айтатын: «Молда алдына барған бір бала жаттауға бейім, екінші бала қирағатқа жүйрік, үшінші баланың жазуы сүйкімді, төртінші бала бар жағынан шабан. Сонда, молда біріне ұрсады, бірін мақтайды, үшіншісіне ескерту жасайды. Осыны көрген оқушы өз-өзінен тәрбиеленіп шығатын» деп. Біле-білсек, бұл да – педагогика.
Бұрынғы педагогика не дейді, бүгінгі педагогика не дейді? Ал, педагогиканың не екенін білмейтін сүйегі – ата-ананікі, еті – мұғалімдікі саналатын бала не дейді?..

МАСТАНУДЫҢ «ЖОҒАРЫ 
КЛАСЫ»

Сірә, бұл анау шалқыған заманның әңгімесі болса керек. Мұны бірнеше жерден естідім. Бөлімшенің басшысы колхоз және аудан басшысын қонаққа шақырады ғой, баяғы. Өзі елпілдеген, алаңғасарлау жігіт ағасы-ау деймін, қонақасы үстінде биік тұрған басшыларына көрген түсін айтумен болыпты. Онда да жай түс емес, саяси түс. «Мына жағымда – Косыгин, мына жағымда -Димаш Ахметович…» деген ыңғайдағы мәртебелі түс. Кіші басшының сондай үлкен түс көргеніне қызғанған аудан басшысы әлгі жерде жарылардай боп, «Сонда біз қайдамыз?» дегендей, әйдә ашулансын. Бір кезде ол тепсініп тұрып: «Түсті де бір жерге… қарап көру керек қой» деп, кетіп қалыпты-мыс…
Өзіміз азаттық алған соң, бәрі түзелер, жаман көрсоқыр мінез, кеудемсоқтық, көзбояушылық «шаң басқан архивтерден табылар» деп ойланғанбыз. Ерте ойланған екенбіз. Мінез құрғыр қалмайды екен ғой.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында бір інім бүй деген: «Мен өзіне қарамай өзгені сынайтындарға таң қаламын. Мына сыншыл, демократияшыл заманда сол жағдай тым ушығып кетті. Кеше бір газетке қиын жылдардың шындығын айтып, ретіне қарай соны білетін біраз алпысты алқымдаған ағаларымды тізгенмін. Бүгін таң атпай соның бірі телефон шалады. Рақмет айтады екен десем, салған жерден: «Сен неге менің атымды ана пәленің қасына қосақтайсың? Ол кім, мен кім?» деп ұрса жөнелді. Кейін білсем, өзін «ақсүйек» санаған бұл қараңғылау ағамыз батаны бірінші бермесе, тілекті алғаш айтпаса «буынып өліп қалатындардың» сойынан екен. Қоғам да жаман үйреткен: әлгі ақсақал сол қалпымен әлі де аяқтыға – жол, ауыздыға – сөз бермей келеді.
Алдыңғы күні осы Елордада оқытушылық қызмет істейтін Секен есімді замандасыма жолығып қалдым. Амандық-саулықтан соң ол кісі: «Бүгінде мастанудың шегіне жеткендердің қылығын естіп қатты қапаланамын» деп, өзгеше күйде басын шайқады. «Тағы не болып қалыпты?» деймін мен Секеңді әңгімеге тартып.
«Ол былай ғой, – деп егделеу оқытушы тағы да бір күрсінді. – Менің жас әріптестерім 15-20 мың ғана жалақы алады. Ал, еріккен қуаяқ қызметкерлер 80-100 мың ақшасын түнгі бір ойынханаға, мейрамханаға оп-оңай тастап кете береді. Ол қайдан келген ақша? Саудагер болса бір сәрі, мемлекет қызметкері оны қайдан алады? Сіздер тағы жемқорлықпен күрес-жемқорлықпен күрес дейсіздер. Кез-келген қаланың қонақүй, мейрамхана, саунасын аралаңыз – жем де, жеміс те сонда шашылып жатыр. Құқық қорғау органдары үшін. Осыдан біраз уақыт бұрын шымкенттік бір інім «құқық қорғаушылар биік-биік үйлерді кім соқтырған деп, құжаттарына қарап жіберсе, ылғи жұмыссыздар, әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалғандар болып шыққан» деп еді. «Адамнан айла артылмайды» деген осы! Талай мастануды естіп едік, кеше соның мына «жаңа түрін» естігенде, жағамды ұстадым. Жақында бір азаматтар мейрамханада бас қосу өткізіпті. Сонда мемлекеттік биік орында қызмет істейтін екі жігіт ептеп тастап алған соң, «біздің лауазымымыз да, өзіміз де жұрттан биік» деп, тосты жай тұрып емес, отырған орындықтарына шығып айтыпты… Бұған не деуге болады? Күлейін десең – бала емес, күлмейін десең – мынандай, соны естігелі бері «жаңалықпен бөлісетін» адам таба алмай жүргенде, сіз ұшыраса кеттіңіз…».
Қазірше мастанудың «жоғары класы» – осы. Болашақта бұл биік артта қалуы ғажап емес.

ЖҮЙЕСІЗ СӨЗДІҢ ИЕСІ…

Біз туған ауылда үш көше болды: Бірінші көше, Ортаңғы көше, Тентек көше. Мұны кім, қашан қойғанын ешкім де білмейді. Білетініміз, көшелердің осылай аталатындығы. Былай қарасаң, бұл да – тарих. Бірақ, қандай тарих? Мұнда қандай мағына бар?.. 
Мен де көптеген сауаты бар азаматтардай тарихқа ынтызармын. Әрине, оны мектепте де, институтта да оқытқан жоқ. Біз мұны әлі күнге өз бетімізше оқып келеміз. Қазір «баламыздың оқуын тексереміз» деген оймен олардың оқулықтарына қарап жатамыз. «Тілі ауыр, цифрі көп» деген сын – бер жағындағы нәрсе. Іші, яки, мазмұны ше?..
Бір тарихшыны білуші едім. Былай қарағанда, өзі момақан, түр-басы да ғалымға келеді. Оның үстіне бұл азамат осы саланың маманы ретінде мінберлерге жиі шығады. Шығарған кітабы да, оқулығы да бірқыдыру. Таяуда осы «тарихшының» оңға және солға солқылдап жаза беретінін, ізденушісінің тиын-тебеніне «диссертация» тудыра салатынын естігенімде, қатты таң қалдым. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын!..» дегендей. 
Біздің тарих дәл бүгін мемлекетшілдік өреде жазылып жатыр ма, жоқ субъективті деңгейде жазылып жатыр ма?
Әлгі үш көше дегеннен шығады, мен кез-келген тарихшымен пікірталасуға бармын, тіпті, бәс тігемін, Қазақ елінің үш жүзі туралы әңгімелердің шындығынан гөрі өтірігі басым. Мен мұны жай айтпадым, Шоқаннан бастап, Ермұқан Бекмахановтың еңбектеріне дейін өз бетімше оқып, соған табан тірей отырып айттым. Мысалы, даңқты биіміз айтыпты делінетін «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!» деген осы заманның жамауын алайық. Билер заманында жүз, ру болып отыру – қазақтың кәдімгі дәстүрлі өмір салты. Бүгінгі тілмен айтсақ, облыс-облыс болып бөлек отыру – әкімшілік-шаруашылық икемділіктің, территориялық айқындылықтың бір шарты. Оңтүстік Қазақстандағы мақта шаруашылығы Солтүстік Қазақстандағы бидай шаруашылығының атынан сөйлей де алмайды, тендерге де қатынаспайды. ХVІІІ ғасырда да сондай: әркімнің өз жүзі, өз руы бар. Бүгінгі нарық, бәсекелестік кезеңіндегі қазаққа «Облысқа бөлінгеннің жүзі күйсін!» десек, қалай болар еді?.. Ендеше тарихи билеріміз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» немесе «Бөлінгенді бөрі жейді» деуі әбден мүмкін (бұра тартушылыққа байланысты басқа да табиғи нақыл айтса сенімді), бірақ, «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!» деуі мүмкін емес.
Содан кейін «жүзі күйгір» мен «жүзі күйсінді» айтатын еркек пе еді, әлде әйел ме еді?.. Ал, мұны шығарған кім? Мұны шығарған – Қазақстанның саяси-билік элитасында «жүзшілдік» деген пәле өрбіп тұрған 60-70 жылдардың бір ақын-жазушысы немесе журналисі! Басқа ешкім де емес. Ол енді бейнелі сөзім «тарихтың сөзі болады» деп ойлаған жоқ қой.
Бұған сенбесеңіздер, құдайға шүкір, қазір үш ғасырдың ғана емес, он ғасырдың рухани мұрасы жарық көрді. Соның ішінен осы сөзді тауып беріңіздерші. Таппайсыздар! Себебі, олай айтуы мүмкін емес.
Екінші бір жалған тезис «үш жүздің» кәсібі туралы. «Ұлы жүзді қауға беріп, малға қой; Орта жүзді қалам беріп, дауға қой; Кіші жүзді найза беріп, жауға қой». Па, шіркін, профориентация! Бір қызығы, бүгінгі мектеп оқулығына дейін кіргізілген осы мамандандырғыш «нақылды» қазақтың этногенездік тарихын жазуға атсалысқан Шоқаннан да, Шәкәрімнен де, Әлиханнан да, Мұхамеджаннан да, Міржақыптан да, Қошкеден де, Санжардан да таппайсыз. Бірақ, бүгінгі тарихшылардан оп-оңай табасыз. Неге? Себебі олардың ойы мен қаламында әжептәуір шайтан бар. 60-70 жылдардағы «ала қойды бөле қырыққан» бір не ақын, не жазушының ұйқастыра салған «нақылы» олардың көкейіне дәл орнай қалған. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген орыс мәтеліндей…
Енді, міне, біз (дәлірек айтсақ, ұрпағымыз) жүрміз, жүйесіз сөздің иесін таба алмай. Дұрысы, оның жүйесіз екенін әлі де ресми айтқан жоқпыз ғой.

ӘЙЕЛДЕРГЕ ОЙ САЛУ

«Жазмыштан озмыш жоқ». Денсау­лық­тың кінәраты деген нәрсе оңай емес. Әрине, айтқан жерден аулақ! Біреу белсіз, біреу бедеу. Енді қайтесіз, осылай да болады. Қазақ ондай әйелге қатысты «пұшпағы қанамаған» деп жатады. Бірақ, ондай міскіндерді де өзекке тепкен емес. Тарих куә: егер бәйбіше бедеу болса, өзінен кейінгі тоқалдың баласын қойнына салады. Сөйтіп, еміреніп ана болады. Бала тәрбиелеп, ұрпаққа ұйытқы болады. Сол үшін де Алла олардың екі дүниесін жеңілдетеді, пейіліне береді. Арғы-бергі замандағы көбіміз – сондай аналардың етегінде асыр салып, маңдайы ашылғандарданбыз.
Соңғы кеңес кезеңінде және қазір де «пұшпағы қанамаған» біраз әйел білім, мәдениет, саясат саласында жауапты орындарға шығып алып, ұлт һәм ұрпақ мәселесін «төгілтіп» айтатын болды. Бәрі дұрыс, бәрі жақсы. Алайда, өз тәжірибесінде ағайынның немесе жаттың бір баласын тәрбиелемеген адам тәрбие туралы не айта алады? Нонсенс!
Әне бір жылы Батыс Қазақстанның бір темір жол бекетінен ағайынды екі қазақ жетімегі табылды. Мұны «Хабар» хабарлады. Құдайдың құдіреті, Түркістанның бір кемпірі осы балаларды іздеп барып, бауырына салатынын айтты. Қандай әсерлі, тағылымды бастама десеңізші! Ал, сол апа біршама сауатты болса да көлгірсімейді, мінберлерге де шықпайды… Үстіміздегі 8 наурызда кім нені ойлағанын білмеймін, ал, мен осыны ойладым. Екінші ойлағаным жалпы осы мерекенің аты мен мәртебесі турасында болды. Кеңес мектебінен өткен барша азаматтан бұл жөнінде сұрасаңыз, олар әке-шешесін танығандай етіп: «8 наурыз, Дания, Копенгаген, Клара Цеткина, Халықаралық әйелдер күні» судырата жөнеледі. Әр нәрсеге әркімнің өз көзқарасы бар. Мысалы, маған «8 наурыз – Аналар мен арулар мерекесі» деген сондай жылы, ал «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» деген сондай суық көрінеді. Мәскеуде Ленин даңғылы, Ленин ескерткіші әлі күнге мызғымай тұр. 8 наурыздың «халықаралық» реңкі дәл осындай. Себебі, мұны мереке ретінде тойлайтындар ТМД елдерінен басқа – Ангола, Буркина-Фасо, Гвинея-Бисау, Камбоджо, Конго, Лаос, Монғолия, Солтүстік Корея, Неапал, Уганда. Жадымнан шыққан жоқ: тура осылар ғана және тағы бір-екі ел. Біз болсақ бәрін білетіндей өз-өзімізді алдап, «халықаралық» деп қоямыз.
Ресейдің Лениніне, 8 наурыздағы «халықаралығына» дауымыз жоқ. Себебі, ол – бұлардың өз тарихы. Сондықтан, білгенін жасасын. Ал, зайырлы және зиялы қазаққа келсек, оның «Аналар мен арулар мейрамы» қайда? Айтқандайын, әлемнің төңкерісшіл бөлігінің миын «8-март» деп айналдырып қойған Данияда әлгі «халықаралық» саяси мейрам мүлде тойланбайды. «Осындайда қойларды ет комбинатының қасапханасына бас­тап апаратын алдапсоғар-жемсоғар ешкілердің (козел-провокатор) әрекеті еске түседі» деуші еді менің бір құрдасым. Есесіне даттарда мамырдың екінші жексенбісі – «Аналар мейрамы».
Қайран Леонид Ильич-ай, 1967 жылдан 8 наурызды демалыс күн жасаған! Сол Брежнев бастамасымен 1977 жылы БҰҰ мінберінен әйелдердің саяси мейрамын әлемдік мереке ету көтерілген-ді. Оразды ұлттар бұған күлген де қойған. Енді, көрмейсіз бе, сол мейрамның атауы мен мәртебесі өзгеріссіз тәуелсіздігімізге жетіп отырғанын!
Құр байбалам ешкімге де керек емес. Әсіресе, төңкеріс пен аударыс! Әлгі «халықаралық 8 наурыздың» арғы бастауында 1857 жылы 8 наурыздағы Нью-Йорк тоқымашыларының «бос кәстрөл шеруі», 1910 жылы 8 наурыздағы социалшыл-төңкерісшіл әйелдердің Копенгагенде айқай-шумен өткен ІІ конференциясы тұр. Мұны кімнен жасырамыз? «Жанбай жатып сөнген іске» не үшін мақтанамыз?..
Біз тәуелсіздікті КСРО-ны жаңғыртып емес, құлатып алған жоқпыз ба? Ендеше неге мейрамдарымыз тәуелсіздік рухында емес?
Әйел құқы, гендер-мендер дейміз-ау, оны Құран һәм Хадиста жүйе-жүйемен сараптап түсіндірген классикалық исламды, аналар мен аруларға тұтас ру атын берген, эпос-жыр арнаған нағыз қазақты неге қадірлемейміз?.. Азат Қазақстанға «Аналар мен арулар мейрамы» керек пе? Әлбетте, керек! Оған наурыздың 10-на дейінгі барлық күн лайық. Әсіресе, 7 наурыз! Себебі, жеті – жақсы сан! Жеті – апта, жеті – бір меже, жеті – же (аса, той т.б.) және жет-жетілмен (дамы, өс, өркенде т.б.) үндес сөз.
Менің осы ұсынысымды Қазақстанның кез-келген әйелі мен аруы қолдайды деп ойлаймын. Расында, біз соңғы 17 жылда мейрамдарымызды әжептәуір сараладық: бірін айқындадық, екіншісіне қош айттық. Әнұранның тағдыры да көз алдарыңызда. Бұл – өмір заңы, дамудың бір көрінісі.
Биліктің жөні бөлек қой, осылай әйелдердің өзіне ой салғым келіп еді.

МАҚҰЛЫҚ-КЕНТАВР

«Сұмырай келсе, су құриды». Осы сөзді бүгінгі қазақ жиі қолданады. Әсіресе, бірін-бірі қағытқанда. Кейде ол жарасып та кетеді. Енді тамақ таусылып, су жетпей, көлік немесе техника ақауланып жататыны рас қой.
Мен біраз ескі кітаптарды ақтардым. Білмегенімді толықтыру үшін. Соның бірінен білгенім, қазақ ұғымында «сұмырай» деген – кеудесі мен басы адам кейпіндегі, денесі – хайуан кейпіндегі мифтік мақұлық екен. Арғы замандағы аталарымыз сол сұмырай көрінсе, бұлақ тартылып, су таусылады деп есептейтін ұқсайды. Әне, сізге ежелгі грек емес, қазақ мифологиясы!
Біздің ақындар жағы муза, кентавр, пегас, патриарх, храм т.б. сөздерге сондай құмар. Әрине, бұл сөздер өз орнымен, дәуірі мен тарихына сәйкес айтылып жатса дұрыс. Жоқ, біздің сабаздар қазақты осындай сөздермен серпілткісі келеді. Мысалы, қазір діни өлеңдер жазатын сондай бір інішек реті келсе (бейне) адамша сөйлеуі тиіс арғымақ, құлан, тарпаңдарды менсінбей кентаврға жүгінеді. Сонда оның діні мен дәстүрі қайда қалды, шайтаны қайда шықты?.. Ойланып қаламыз.
Қазақ «рухты» ақындар жылқыны меңзеп, кентавр болып кетті дейік. Сонда, бұқаны сүйетін испандар, сиырды сыйлайтын үнділер минотавр болуы керек пе? Әйтпесе, арыстан мен түрлі құстарды қадірлейтін ұлттар – сфинксті, арыстан, айдаһар, ешкіні қасиет тұтатын миләттар – химераны маңдайына басу қажет пе?.. Бұл не деген еліктеу мен солықтау?
Кеше ғана бір газетте молданың баласы әкесін «папа» деп айтқаны жазылды. Тіл білгіштер жағы «баба» мен «папа»-ның төркіні бір деседі. Десе – десін, бірақ мұсылман діндары үшін «папа» деген бір-ақ атау бар. Ол – Рим папасы. 
Сонымен, сұмырайға қайта келейік. Неге қазақ қырсықты «сұмырай» деді екен? 
Әлен есімді ақсақал былай дейді: «Сұмырайдың қайдан шыққанын мен біле қоймаймын. Бірақ, түбіріндегі «сұм» көп нәрсені аңғартып тұр ғой. Қазақ «сұм заман», «сұм соғыс» деп жатады. Қаскөйді көрсе, «сұм», «сұмпайы», «сұмжал» дейді. Әйгілі 30-жылдардың қырғыны тұсында біз – баламыз. Үлкендер жағы: «Байқаңдар, сұмпайылар көбейіп кетті» деп жататын. Олардың әңгіме сыйқына қарап, біз «сұмпайы» деген жыртқыш хайуан деп ойлайтынбыз. Қазір байыптап қарасам, шынында олар – адамнан шыққан айуандар екен ғой. Бірақ, тарих бәрін орнына қояды. Халық: «Сом темірге балға бар, сұмсынғанға Алла бар» деп тегін айтпаған».
Айғабыл есімді ғалым мұны сәл басқаша таратады. «Қазақ мутацияның жаман екенін білген. Сондықтан, екі басты, екі мүшелі қозы, құлын, бұзау туса, Құран оқытып, тәубасына келіп, мутанттарды бірден бауыздатқан да, жерге көмген. Итке бермеген. Осы арқылы ұрпағына қалыптан шығуға болмайтынын дәлелдеген немесе қалыптан шықпау жағын мықтап айтқан. Бізде адам баласындағы патологияға да ерекше қөзқарас қалыптасты. Құдай берген мен салғанды айнытпай атады. Кемді де, артықты да. Сөз болып отырған мына «сұм» мен «сұмырай» – психикадағы патология. Қазір мұны емдеуге тырысады. Ана заманда оны тіліп түсер сөзбен, жерге кіргізер жұдырықпен «емдеген». Бірақ, ондайлар көбейіп кетпеу үшін және бардың өзі тыйылуы үшін қара қылды қақ жарған әділ азаматтар, бет қаратпас ділмарлар үсті-үстіне шығуы керек еді. Ол білім мен білікке, мол тәжірибеге байланысты. Қазіргі «сұм» мен «сұмырай» – қоғамның жүгенсіз жіктері. Олар суды ғана құртпайды, қанды ішеді, ақылды ботқа қылады. Кеше Американы кім биледі? Оны жұрттың бәрі біледі. Ал, оған біреу бірдеңе дей алды ма? Ештеңе дей алмаған соң, Иракта бір журналист оның басына аяқ киімін лақтырды. Сонан соң не болды? Елдерді бүлдірген президент кезекті демалысына шықты, халық наразылығын білдірген журналист 15 жылға абақтыға жабылғалы жатыр. «Сұмырай келсе, судың құрығаны» осы да» дейді Айекең.
Міне, бір кітаптан оқып отырмын: «Қазақ «риясыз көңіліммен» дейді. Бұл – анық, имани көңіл деген сөз. Себебі, рия – «екіжүзді» дегенді білдіреді…».
Кісінің байырғы қиял-ғажайып санасы да, дін де «адамның – иманы, жүзі айқын адам болуын» қалайды. Кешегі және бүгінгі басы (миы, санасы, пейілі, пиғылы, мүддесі) – хайуан, денесі адам жандықтар туралы мысалдарды естіп, оқып, тіпті көрген сайын еріксіз рия немесе мақұлық-адам жөніндегі танымыңыз толыға түспек. 


КЭ-ВЭ-ЭН-ШІЛ ҚАСИЕТ

Студент баламның бір жұмыстарымен университетке соққан едім. Кіреберісте аса үлкен жарнама ілініп тұрды. Мұны қазір жұрт «банер» десе керек. Суретте жарытылай жалаңаш қыз мысықша миығынан күліп тұр. Астына «Жігіттің сұлтаны және Бойжеткеннің падишасы» байқауы» деп қазақша жазылыпты. Қақ маңдайдағы жазуды оқуын оқысам да, «мынау ақыл-парасаттың байқауы емес, түнгі клубтар мен мейрамхана һәм мейманхана қызметшілеріне жарияланған байқау ғой» деген ой миыма сап етіп кірді.
Осыдан 10 жыл бұрын Айтқадыр есімді жігіт мынандай сыр айтып еді: «Реті келсе, балаларыңызды, туысқандарыңызды түрлі «Мисс» конкурстарына жібер­м­еңіз­дер. Ол маңда ылғи ниеті бұзық алаяқтар жүреді. Бұларға жағдай жасайтындар да – нұқыл «өзі қартайса да мұрны қартаймаған шенеунік-бұқалар». Нәпсіні жүгенсіз мінген осы сабаздар жап-жас қыздарды тәтті мен қызылға қызыққан баладай ит қылады…».
Сейіткемел ныспылы білім саласында 30 жыл қызмет атқарған азамат бүй дейді: «Менің дүниеде жек көретін нәрсем – КВН мен «Мисс». Адамда, әсіресе, жастарда бәрі мөлшерлі болуы тиіс. Жырқ-жырқ күлу, өтірік еліктеу, әртіс болып жұртқа жақсы көріну дұрыс қасиет пе екен? Мысалы, қазақтың айтыс өнері – керемет өнер. Осыны да қор қылып жібердік қой. Бір шәкіртіміз болды. Басында талантты-ақ бала еді. Бізге оқуға түскенде, таза-тын. Кейін біраз танымал болып, ректорлардың қасында жүрді. Оқу жайына қалды. Сессия сайын әлгі айтыскер үшін декандар «бұл біздің беделіміз» деп баға сұрап алатын. Оқу бітіргенде, шындығын айтайын, ол жігітте «жұртқа жағу» деген қабілет болды, бірақ, білім-ғылым, жазу деген қасиет болған жоқ… Әрі қарай ол сол күйінде кетті. КВН мен «Мисс» – осының сәл басқаша түрі. Азат мемлекетімізге білімді, қайсарлы, қажырлы қыз-жігіттер керек пе, жырқылдақ, әзілқой, сәнқой жастар керек пе? Тарихтағы Ғани Мұратбаев қиын да жауапты кезеңде жұртты күлдіріп жүрсе (өз заманының КВН-ін жасап) не болар еді?.. Жұрт күлмесін демейміз. Күлсін! Әртістік қабілеті барлар, әртістер күлдірсін. Бірақ жаппай «квн»-шілдік ұлтқа ұпай әпере ме? Неге жаппай ғылыми, мәдени, ізденушілік ұйымдар, ойындар жоқ? Себебі, жалқаулар ақылға, танымға, парасатқа салмақ салғысы келмейді. Олар тән сұлулығын, ырқыл-жырқылды қанағат тұтады. Осыдан қоғам өсе ме, көктей ме?..».
Айтқандайын, алдыңғы жылы осы КВН-нен өсіп шығып, халық қалаулысы болған бізбикеш таласты антиеуропалық-проазиялық «тоқал алу» мәселесінде қалай айды аспанға шығарғанын білесіздер («Сіздер екі әйел алсаңыздар, біз де бірнеше еркекке тиейік!» деген үндеу). Әлгі ойынның жілігін шағып, майын ішкеннің ойы осындай болса, ырқыл-жырқылдан не қайыр, не үміт?.. Міне, сізге мемлекетшілдік! Әне, сізге отаншылдық! 
Студент күнінде КВН-ге қатыспаған жап-жас экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Төлембаева былай деп жазады: «Сегодня мы ориентируемся на Запад, который запрещает многоженство. Но ведь именно Запад сейчас больше всех страдает от старения населения. Мы должны во главу угла ставить прежде всего национальные интересы. А наш самый главный интерес – увелечение численности населения». Әрине, бұл айрықша пікірдің КВН-ге тікелей қатысы бар дей алмаймыз. Бірақ, мәселенің қойылысында ырқыл-жырқыл, тамырсыздық, бейсауаттық мүлдем жоқ. Бәлкім, кезінде құрбылары кинотеатрлардан Батыстың ойнақы фильмдерін тамашалап, сенбі-жексенбіде ЦУМ-ГУМ-ды аралап сықылықтап күліп жүргенде, осы Айгүл кітапханада, пайдалы ғылыми-мәдени басқосуларда отырған болар. Міне, бүгін соның жемісін өзі де, ұлты да көріп жүр. Бұл мәселеде, сірә, оның ешқандай жеке мүддесі жоқ. Классик-жазушы Мұхтар Мағауиннің «Абылай хан – әкесінің түгеншесінші қатынынан туған… Біздің үйде тоқал мәселесі баяғыда-ақ шешілген. Бір әйелім, алты балам бар» дегеніндей…
Жалпы, осы КВН де, «Тамашадан» балалап шыққан түрлі ойын-сауық ұжымдары да көбіне қазақтың салт-дәстүрін орынсыз әжуалайды. Ресей жағына шығатындар үшін қазақша сөйлеу – «чукчаның сөйлеуімен» пара-пар. Бұлар сол елдің көрерменіне ата-баба тілін масқаралап жақсы көрінгісі келеді. Ал, Қазақстан көрермендеріне арналған бағдарламалары қазақтың сөзінде болмаса, топырағында болмаған «қызтекелерді» насихаттауға құрылғандай (екі нөмірдің біріне осыны кіргізбесе бастары ауырады). Әрі қарай анайы, мәдениетсіз сөздер қаптай береді, қаптай береді… Тіпті, бұл – бүгінгі қазақ КВН-інің тұздығы болып кеткендей. Ерен деген бір інішек айтушы еді: «КВН» – «Ұялмас бетке – талмас жақ» деген сөз, ал «Мисс» – «Той өткен соң – даңғара» деген сөз» деп.
Қазақстанға шамамен осыдан 30 жылдан әрірек жеткен «КВН», 20 жылдан берірек келген «Мисс» топырағымызға мінсіз орнықты, мәдениетімізбен орайлы үндесті дей алмаймыз. Өйткені, оған қоғамдық мықты қолдаудан бұрын қоғамдық мықты талғам және талап керек.

АДАМ БОЛУ РЕЦЕПТІ

Жетімдіктің ащы дәмін татқан бір жолдасымыз бар. Сол ілгеріде, енді перзент сүйген кезінде оқта-текте ішіп алып, бізге мұңын шағып: «Сендер бала тәрбиелеуді өз тәрбиелеріңе қарап оңай жүргізесіңдер. Мен кітаптан оқып бала тәрбиелеу керек пе, әлде бала тәрбиелеп кітап оқу керек пе – білмей дал болам…» деп жылайтын.
Әлгі «шарасыздың» қазір ата сақалы аузына түсті. Өзі де, балалары да жаман болмады.
Қазақта әдемі сөз бар: «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген. Осыны біз көптен бері қате түсініп жүрміз. Дәл бүгін бәріміз «адам болу рецепті – мал табу мен дүние жинау» деген пәтуаға келгендейміз. 
«Адам болудың» қарапайым мағынасы – ақылды болу. «Алтынның серігі («спутнигі») – уран» дегендей, ақылдың серігі – еңбек. Еңбекшілге, ізденгенге мал мен дүние қарапайым тұрмыс һәм қорек үшін ғана керек. «Арпа, бидай – ас екен, алтын, күміс – тас екен».
Мына заманда жетімек түгіл әке-шешесі бар жүгермек те, сыпайы түрде айтқанда, «еншім қайда?», «маған не қалдырдыңдар?» дейтін болды. 
Кеше теледидардан кәмілетке толған бір жетім бала: «Өкіметке қапалымын. Бұрынғы заңда біз секілділер 18-ге толғанда үкімет жеке баспана беруі тиіс болатын. Енді ол маған мейірімсіз. Мен қалай мейірімді боламын?» деп сайрап тұрды. Сонда қалай, бүгін ата-анасы барлар бас-басына үй алып жатыр ма екен?..
Еңбекпен тапқан нәрсенің өте тәтті болатынын жетімдер ғана емес, бәріміз де білсек қой!
Байқадыр есімді мұғалім бүй дейді: «Осыдан 30 жыл бұрын потребительский көзқарас жастарды 10-20 пайыз шарпыса, қазір 40 пайызға дейін «дуалап қойғандай». Бұл қайдан шықты? Байдан шықты! Бай-бағыланның жаман тәрбиесінен өрбіді».
Сардарбек ныспылы арғы-бергі тарихты жақсы білетін азаматтың ойы әлгі деректі басқа қырынан байыптатады. «Мен қызық жағдайды байқадым,- дейді ол.- Кеңес тұсында үлкен қалаларға, жоғары оқу орындарына, биік қызметке арып-ашып жеткеннің 95 пайызы кәдімгі кедей-кепшік, жалаңбұттар еді. Солар «біздің жолымызды бермесін» деген дәстүрлі тілекпен балаларын тойындырды, киіндірді. Бұл шамадан тыс жүйесіз жүрді. Аштықтан зорыққан адам көп тамақ ішсе бірден өліп қалады. Біздікі соның кері болды. Ал, бұлар өзінің жасанды тойынғанын балаларына (кедейдің немересіне) «тектілік» ретінде көрсетті. Кеңес өкіметінің трагедиясы осында. Қазір осы процесс сәл басқаша жүріп жатыр…».
«Адам болу рецепті» дейміз-ау, біздің ауылда Мұсылманбек есімді қария жасады. Өзі соғысқа да барған, аянбай еңбек те еткен. Адал жұмысының арқасында ілгеріде ферма да басқарыпты. Оның көп қызы және жалғыз ұлы болатын. Бір қызығы, сол ұл немересі құралыптас кенжесі еді. 
Ауылда жұмыс шашетектен. Сондықтан ер адамға көмекші керек. Мұсекеңде ол жоқ. Бала жас. Сол себепті бар жұмысты ол өзі митыңдап атқаратын.
Бұл кісі 70-жылдары әбден шау тартты. Ауыл алақандай. Бар жаңалық белгілі. Бір шамада Мұсекеңе пошта арқылы екі-үш айда бір ақша келе бастайды. О заманда ауылдан ақша салу бар да, ауылға ақша алу (пенсиядан басқа) өте сирек қой. Мұны пошташыдан естіген жұрт аң-таң.
Сөйтсе, Мұсылманбек соғысқа дейін үйленген екен. Алғашқы әйелінен бір ұл сүйіпті. Бірақ дәм-тұз жараспаған да, ол апамыз баласын жетектеп алыс жаққа көшіп кеткен… Мына «батпан құйрық» ақша – сол ауылдан тарыдай болып амалсыз аттанған баланың ақшасы екен.
Құдайдың құдыреті, үлкені бар, кішісі бар – ауыл мына мейірімділік пен қайы­рымдылыққа таң қалды. Әкенің ыстық ықыласына тоймаған, ауыл парасатының уызына жарымаған, «ел айырылып» түу алысқа аттанған «жартылай жетімек» сан қызын ұзатып, жұртта қалғандай болған шалға ақша салады. Бұл не деген керемет?..
Шағын ауыл осының жұмбағын таба алмай тұрғанда, Дәукен есімді Мұсекеңнің ағасы сынды ақсақал бүй деген-ді: «Алла разы болсын! Негізі, ит жылы кеткен анау келін жаман емес еді. Текті жердің қызы болатын. Сол бейбақ баланы әкесіне қарсы қоймай тәрбиелеген боп тұр ғой, шамасы!».
Бүгінгі орыстың «Жди меня!» деген хабарындағыдай, әлгі алыстағы бала өзін баптап ұшыра алмаған ауылына ақыры бір соқты. Мұсылманбек сап-сары адам еді, мына ағамыз да оның аузынан түскендей шикіл сары, жұқа кісі екен. Мұны естігенде қаймана ауыл адамдары, әсіресе кемпірлер жағы «Е, қайтсін бейшара! «Ат айналып қазығын табады» деген, бұ сол ғой!» деп қуаныштан жылап жүрді.
Бірақ ешкім Мұсылманбектің құдай берген осы баласынан «адам болу рецептін» сұрамады. Сұраса да ол айтпас еді.

«ПАЙҒАМБАРДЫҢ ЖАСЫ»

Ал, керек болса! Бір ай бойы жарнамалады! «Пәленбай ақын пайғамбар жасында». Бұл – әдеби-сазды кештің атауы.
Егер, орыстың әйгілі «Казнить нельзя помиловать» сөйлемі үтірдің қойылуына қарай кісіні не өлтіретіні, не аман қалдыратыны қандай рас болса, мына жарнама қаймана ақынды мұсылмандықтан «әп-сәтте шығаратыны» сондай ақиқат еді. Мысалы, тіліміз жазықты, мұны «Пәленбай ақын пайғамбар» деп те, «ақын пайғамбар» деп те «құбылтуға» болады. Дегенмен, осы сөйлемде есепсіз алогизм тұнып тұр. Қисынсыздық һәм ойсыздық! Сауатсыз демейік, аңғал да байыпсыз ақын бұған қалай жол берді? Жалпы, мәдениеті мың жылдан астам ислам құндылығына суарылған қазақтың бүгінгі ұрпағы осы тіркесті («пайғамбар жасы») неге ойсыз қолданады екен? «Апамнан да сұрадым, атамнан да сұрадым» дегендей, мен осыны оқыған деген бірнеше адамнан сұрадым.
Байтоғай есімді 70-тен асқан ақсақал былай деді: «Бұл пайғамбар – біздің пайғамбарымыз ғой. Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында бақилық болған. Осыны бір меже деп есептеп, қарапайым халық 63-ті – «пайғамбар жасы» дейді де. Біздің Әзірет Сұлтан да 63-ке келгенде, жер үстінде жүруді артық санаған. Мен бұл сөзден шошымаймын. Бірақ, мереке-тойды 63-ке орайластыру ақымақтық. «Пайғамбар» деген сөз тұрған соң және оның өлген межесі айтылған соң, ойын-күлкіге орын жоқ».
Самархан ныспылы жасы 50 шамасын­дағы ғалым Байекең сөзін төмендегіше толықтырады: «Төңкерістен кейінгі мықты идеологияның әсерінен біраз балшабек қаламгер Ленин көсемді кімге теңерін білмей «пайғамбар» деп жіберді. Ориентир осыдан бұзылды. Атеизм жылдары ақын-жазушылар бір-бірін «пайғамбар» дейтінді шығарды. Осы үрдіс күні бүгінге дейін бар. Өзім әр кез ішімнен «60-тан асқан сауатсыз шалдар дін туралы, бір нәрсені діни ұғыммен салыстыру жөнінде үндемесе екен» деп тілеп тұрамын. Егер, солардың сөзін, ұғымын араб және парсы әлеміне, тіпті, сауатты Батыс жұртшылығына сөзбе-сөз аударып берсек, масқара болар едік. Ол шамамен «су қатты, темір сұйық, қар қара, көмір ақ, мақта қол кеседі, пышақтың жүзі мамық» дегендей болып шығары сөзсіз. Мына жерде айтар едік: ол ақын қай пайғамбардың жасында? Адам атаның ба, Ыдырыстың ба, Нұқтың ба, Ыбырайымның ба, Ғайсаның ба, Мұсаның ба? Аңызда Ғайса 33-те дүние салған деседі. Алғашқы пайғамбарлардың бұл өмірдегі жасы Ғайсадан сан мәрте көп. Көрдіңіз бе, өзінше мұсылман боламын деп, Мұхаммед (с.ғ.с) ұлықтаймын деп, әлгі шайыр да, басқалар да бәрін керісінше жасап тұр. Жалпы, «пайғамбар жасы» пенде үшін «бой түзеудің» жасы емес. Сондай-ақ, ол сөз сіздің мұсылман екеніңіздің көрсеткіші де емес».
Сонымен, бұрын да, қазір де, басқаны қайдам, қазақта «пайғамбар жасы» деген тіркес орынды-орынсыз көп айтылып жүр. Бұған қатысты пәтуа беретін діндарды да, тілші-ғалымды да байқамадық. Бірақ, бір нәрсені анық білеміз. Мұны қазақ мың жыл бұрын айтып қойған: «Қисық отырсаң да, түзу сөйле!».

БІЛІМ ЖҮЙЕСІНІҢ АҚАУЫ НЕДЕ?

Біз – жай ата-анамыз. Сондықтан, «білім жүйесінің ақауы» дегенді өзімізше, қарапайым адамша айтамыз. Білетінім: бір нәрседе ақау болса, сол нәрсе ойлағандай нәтиже бермейді. Тағы да айтарым: өзім кеңес тұсында-ақ ата-ана болғандықтан, қазіргі біраз шикіліктің тамыры әріде жатқанын білемін. Сонымен, менің балаларымның соңы – студент, немерелерімінің басы – колледж шәкірті, оның артынан ергендер – мектеп оқушылары. Мектепке ата-аналар жиналысына барып тұрамын. Ал, кешкісін таза ауада серуендеп жүргенде көбіне-көп оқытушылармен ұшырасып қаламын. Содан білемін, қазіргі ұстаз көптен әбіржулі, ұнжырғасы түскен. Шәкірттеріне берілуге тиіс олардың көздерінде от жоқ. Содан, өзім оқушы болған 60-жылдар есіме түседі. Ауыл мектебінде ылғи еркек мұғалімдер істейтін. Нақты оқулығымыз, белгілі бағытымыз болатын. Қазір көп айтылатын технология, әдістеме т.б. қалай жүзеге асып жатқанын білмедік, қатал да тәртіпті мұғалімдер «қаққанда қанымызды, соққанда сөлімізді алып», мектеп бағдарламасын үйретіп шығаратын. Енді білсек, сол кезде мұғалімдеріміз 70-90 сом ақша алыпты. Бұл шақта колхоз бастықтың айлығы да 90 сом екен. Кейін бұлар 120 соммен зейнетке шығыпты.
Институтты Ташкентте оқыдым. Ол кезде білім-ғылым жаңалығына республикалар бас қатырмайтын. Бәрін Мәскеу шешетін. Мұнда білімнің бар жүйесін жетілдіруге қатысты және ғылым жаңалығын біліммен үйлестіретін сансыз ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейтін. Республикадағы осындай институттар бас жобаны жергілікті жағдайға икемдейтін. Бұл кезде айына институт оқытушылары – 200, доценттер – 320, профессорлар – 450 сом жалақы алыпты. Бәсе, бәрі жайраңдап жүретін. Жайраңдамай қайтсін, осы шақта министрдің айлығы  500 сом екен.
Енді, бүгінге түсейік.
Сақыпжамал есімді 50-ден асып қалған математика пәнінің мұғалімі былай дейді: «Орта мектептің ақауы – эксперименттерді жалаң көшіру мен оқу құралдарына, әдістемелік-көмекші еңбектерге барып тіреледі. Шынымды айтсам, мен мектепте әрең жүрмін. Мына тұрақсыз заманда мектептің бағыт-бағдарын қайта-қайта өзгертудің не керегі бар. Сонан кейін, мен мектеп директоры мен атқарушы биліктегі білім басшыларын сайлап қою қажет деп білемін. Сонда ғана нәтиже болады. Біз Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтын жойып бітудің аз-ақ алдында тұрмыз. Мұны құртсақ, мектеп бағытын, оқулықтармызды шенеуніктер шешіп бермек пе? Мұғалімнің жалақысы – 20-25 мың теңге ғана. Жоғары білімді, бала-шаға өсіріп отырған және жұрттың баласына білім нәрін беретін адамды қайыршы қылудың мұнан артық жолы бар ма? Қоғам осы арқылы өзін масқаралап отырған жоқ па? Дамыған ел туралы көп айтасыздар, оларда ең жалақы көп алатындар – мұғалімдер мен дәрігерлер. Бізде керісінше! Енді, ақауды өзіңіз-ақ шамалай беріңіз… Менің әкем – саяси қуғын-сүргін құрбаны еді. 10 жыл итжеккенде болған. Сол кісі айтатын: «Бейшара иттер үскірік боранда неге иесін тастап кетпейді? Себебі, өздерінің де өлетінін біледі. Оның үстіне олардың мойын қарғысы жай иттің қарғысынан екі-үш есе берік» деп. Әріптестеріміздің көңіліне келмесін, біз де сол сияқтымыз. Кетейік десек, адал кәсібіміз – мұғалімдік. Қолды бір сілтейік десек, «көзі бақырайған бұл балаларды кім оқытады?» деп олар үшін де, өзіміз үшін де қам жейміз».
Зәуірбай ныспылы техникалық колледж оқытушысының ойы мынандай: «Қазір, шүкір, техникалық орта білім жайы орнымен көтеріліп жатыр. Кеңес тұсында бізді не құртты? Өтірік ақпар мен жалған тәжірибе құртты. Зауыттар гүрілдеп тұрғанда да училище бітіргендер басқа жаққа елеңдеп тұратын. Мен сізге айтайын, қазір де сандығының түбінде училище дипломы жатқандар жеткілікті. Түсінген шығарсыз. Бірінші өндірісті молынан ашу керек. Қызық айтайын, мен бұрын Ақмола құрылыс техникумында істедім. Астананы тұрғызайын деп жатқанда осы техникум да, инженерлік-құрылыс институты да жабылды. Олар қазір де жоқ. Біздің сала өндіріспен байланысып жатқандықтан, мұндағы білімнің жайы жөнінде мен ештеңе айта алмаймын».
Университет туралы мен көбіне-көп «Ақаң мен Жақаң» атанып кеткен ылғи бірге жүретін, бірі – алпыстан асқан Ақтас, екіншісі – елуді еңсерген Жақаужан есімді азаматтардан сұраймын. Ақаң – физик, сондықтан шетелге шығып тұрады. Жақаң – математик, бірақ экономикадан сабақ береді. Екеуінің де ғылыми атақ-абыройы дардай. 
«Негізі, біздің бағытымыз дұрыс. Көзді жұмып шетел тәжірибесін ендіріп жатырмыз. Мысалы, Ресей одан қатты сақтанады. Дұрысы, бұрынғының да, қазіргінің де жақсы жағын алу. Біз шетел білімінің сыртын ғана алып, ішін меңгермей жатырмыз. Айталық, кредиттік жүйеде студент 4 жылда оқитын пәндердің қайсысын қашан оқитынын өзі шамасына қарай таңдауы керек. Біз оны таңдатпаймыз. Екінші, мәселен, Батыста студент 4 жыл бойы 25-28 пән оқыса, бізде әлі күнге кеңес кезіндегідей 35-40 пән оқиды. Тілді, тарихты, философияны біз студенттің тісі сарғайғанша оқыта береміз. Одан нәтиже де жоқ. Құр мемлекеттің шашылған ақшасы бар. Осының бәрі уақытты алады, жоғары білім принципін әлсіретеді» дейді Ақаң.
«Батыс жақсы ғой. Онда бар ғалым ғылыммен айналысады. Ол жақта оқытушы еңбегінің 70 пайызы – ғылым. Менің түсінбей отырғаным, Ғылым академиясын құрттық. Енді, оны университетке апару үшін оқытушы-профессор жұмысын ғылымға бұрмаймыз ба? Біздің сабақ беру ауқымымыз кеңес кезінде қандай болса, қазір де сондай. Шаршаған, көзі бозарған оқытушы қашан ғылыммен айналысады? Батысты көп айтамыз, үлгі тұтып сөйлейміз, бірақ, олардың жұмыс тәсілін алғымыз келмейді. Сатириктер айтқандай, «Біреулер еуростандарт үйде тұрады да, совет стандартпен жұмыс істейді». Үлкен ақау осында! Бізде профессор – 70 мың, доцент – 60 мың жалақы алады. Мектепке қарағанда жақсы, алайда бірішек оқытушы-профессор жұмысына көнетоз киіммен жаяу-жалпы, көңілсіз барып жүр» дейді Жақаң.
Үлкенді-кішілі ұстаздардың сөзіне қарап, «білім саласының ақауы» деген өзіміз ойлап тапқан кінарат деп ұқтым. Енді, оны қалай түзейміз, қашан түзейміз, кім түзейді – осы жағын бұлар да айта алмады. Көпті көрген қазақта бір сөз болушы еді: «Кесел желмен келіп, термен шығады» деген. Бәлкім, бүгінгі қиналысымыздың негізі – бұрынғы-кейінгі құбылып соққан «желдің» салқыны шығар. Жылап-сықтау, сынап-мінеу – «тер» емес, жүйелі еңбек – маңдайдың тері ғой. Ақауды түзейтін, оңдайтын – сол адал еңбектің тері деп пайымдадық.

 

Алдыңғы «
Келесі »

6 Пікір бар

  1. Диқан Қамзабекұлының ұрпақ тәрбиесіне қатысты жазылған мақалалары қай кезде де тартымды. Әсіресе, көп нәрсе әр баланың анасының тегіне байланысты деген пікірімен толық келісемін. Біздің қоғамдағы көп келеңсіздіктер әйелдердің, аналардың тексіздігінен туындап жатқаны сөзсіз.

  2. TJX’s sales were down only once in the last 34 years 1995 but the competition for bargain hunting shoppers is coming from an increasing number of sources. Outlet stores now occupy 68 million square feet of retail space, up from 56 million in 2006, according to Value Retail News. Outlet stores typically only sell one retailer or manufacturer’s brand, but that difference is fast getting muddled, too.
    michael kors purses images
    [url=http://www.ettelecom.co.im/?id=899]michael kors purses images[/url]

  3. The Inhabitants of the vici Seem to take a different place beside the Native Inhabitants of agrarian settlements. Because of the economic position of the vici (local market function) Romanizing the influence was stronger. The quantitative comparison of the major finds in the Limburg Meuse valley is Suggesting a difference; Given the average number of pottery pieces by grave lies in the vici three times as high as in the native agrarian settlements. It is possible vici That These were controlled by a number of magistri. The native agrarian settlements stood at the basis of the settlement hierarchy Within the civitas Traianensium and were Characterized by agrarian production on a small scale; These settlements were probably limited incorporated in the Roman market economy. In Which the local cult places functioned at the same level as native agrarian settlements the smaller degree of Romanization is reflected. The introduction of the Villae and the vici can be Considered as a Direct Consequence of the economic changes. The Villae rusticae produced for a central market and partly Replaced the small scale farming. The vici played a role as local market and show the presence of specialized craftsmen as smiths and potters. Currency money Seems to have played an important role in vici, in contrast to the native agrarian settlements where it Fulfilled in marginal role. In the ground sealed the Rhine trade played an important role as a supply route. Possibly the distribution of land was sealed centrally organized from Certain points Within the civitas (head places?). The import Multiplied by five in the period 115 135 AD. in the middle of the second century terra sigillata was available in most of the settlements. Distribution of ordinary earthenware (mortars, goblets from Tongeren) and tiles was organized via the Meuse and Seems to be organized in contrast to the terra sigillata trade, Which Was organized central. As from the end of the second century a decline of habitation of the Limburg Meuse valley is visible (severe fields). The exact causes (economic / ecological causes, raids?) Are unclear, the disadvantageous impact of this development does not Seem have touched the villa substantial system. The most of the Villae During the Frankish raids were abandoned around 275, Which Also marked the end of the villa economy in the Limburg Meuse valley. At the end of the third century a period of recovery and reorganizations Followed under Diocletian. The administrative reorganization Among other Things That Caused the civitas Traianensium Became part of the provinces of Germany Secunda; furthermore the taxes were levied Regularly and had to be paid in kind. As a result of the new defense (depth) strategy along the Meuse some settlements were reinforced (Cuijk, Maastricht, Heel?, Stokkem?). The new Frankish raids from c. 340 resulted in 351/2 the end of the Colonia Ulpia Traiana and this Caused Also the end of the civitas Traianensium. The Roman governing board lost control of the Rhine area and more blackberries During the middle of the fourth century and the provinces Approximately 370 Germany Secunda was not functioning anymore. The areas of the Batavians and the Frankish Traianenses were opened for immigrants. The nature and the function of the new settlements in the Limburg Meuse valley are unclear. At the end of the fourth and the beginning of the fifth century there is increased At activity at the border areas again, and in 402 the Roman troops were called back to Italy and there came an end at 450 years Roman presence in northern Gaul. Probably the Limburg Meuse valley was depopulated in 402 in the same way as it was depopulated after left Caesar in 51 BCE. It would last up to the sixth century before the occupation in increased At the Limburg Meuse valley as a result of the Merovingian newcomers. "
    prada outlet japan
    [url=http://arredamentiaversana.it/?pid=4131]prada outlet japan[/url]

  4. There are countless ways to make shade in your yard goal the Most Effective (and the MOST environmentallyfriendly) solution is planting trees. Trees Provide oxygen and shade and are an affordable and eco-friendly way to make your backyard more comfortable.
    nike air jordan 5 retro laney
    [url=http://www.massive.ph/?id=629]nike air jordan 5 retro laney[/url]

  5. Impossible de ne pas trouver son bonheur en circulant d’un étage à l’autre. Au niveau inférieur trônent des vêtements sportswear. Avec des marques comme James Perse, Juicy Couture ou Siwy. Côté jeans : la grande tendance est la coupe boy friend , inévitable cette saison , explique Tiffanie. Au même étage, s’affiche de petites pièces signées Missoni Mare : de quoi batifoler cet été en maillot de bain certifié haute couture ! Pour les grandes occasions ou les gros plaisir : direction le rez de chaussée où règne le prêt à porter de luxe. Avec en bonne place les créations de chez Balmain comme les vestes aux épaulettes fuselées la crème de la mode s’offre aux clientes les plus exigeantes. Et que les novices se rassurent, impossible de se sentir perdues : Une équipe est présente à chaque étage pour conseiller au mieux nos clientes et leur proposer des tenues complètes , précise la directrice des lieux. La visite n’est pas terminée : une tenue sans accessoires est une uvre inachevée ! Pour trouver le bijou, la paire de chaussures ou le it bag coordonnée à votre tenue favorite, il faut grimper jusqu’au sommet. Le dernier étage est dédié aux accessoires avec en bonne place les merveilles à talons du grand Christian Louboutin ! Mesdames, mesdemoiselles, retenez votre souffle : escarpins en croco, talons vertigineux de toutes sortes se bousculent en nombre et en exclusivité à Monaco chez Mc Market ! Cette confiance accordée par les plus grands stylistes de la planète est le fruit de longues années de travail. A chaque saison, ils proposent le meilleur et font souvent office de précurseurs. Prochainement à cette adresse : Glambition by Estelle, collection de vêtements dessinés par Estelle Lefébure. Bijoux, bougies parfumées, lunettes Tom Ford, petite maroquinerie, foulards Alexander Mac Queen Les tentations seront nombreuses difficile de ne pas dégainer sa carte bleue !Ladies Christian Louboutin Very Prive Black Patent Open TOE Pumps Heels UK 5
    michael kors handbags naples florida
    [url=http://www.allpaymobile.net/?id=35]michael kors handbags naples florida[/url]

  6. Le défiJour reprend l’idée d’une “présence légère”, qu’Ellena avoue chercher dans toutes ses créations. Il prolonge l’expérience de son Iris Ukiyoé. Soit “une expression très florale et très légère à la fois”. Son Eau d’hiver, éditée par Frédéric Malle, reprenait la même idée aérienne de nuage, inspirée d’Après l’ondée, de Guerlain. Pour écrire ces fragrances tout en nuances, le nez ne cache pas sa prédilection pour les matières de synthèse qu’il fragmente avec une précision de chirurgien. Elles lui permettent de sublimer les odeurs. “Sans quoi, un jasmin sent un jasmin”, point. Et Ellena n’aime le point qu’en suspension.Angeline Jolie ne fait plus recette
    michael kors women’s jumpsuits
    [url=http://www.allpaymobile.net/?id=367]michael kors women’s jumpsuits[/url]

Пікірлерге тыйым салынады.