«Қазақ ғылымы» және «Мәңгілік Ел»

  • 23.06.2014
  • 1482 рет оқылды
  • 1

Лазат Үкібаева,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих 
және этнология институтының 
ғылыми қызметкері

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ғылым күніне орай «Қазақ ғылымы» және «Мәңгілік Ел» тақырыбында институт қызметкерлері және мерзімді баспасөз өкілдері қатысуымен келелі кеңес өткізді. Онда ғалымдар қазақ ғылымындағы тарих ғылымының дамуын жан-жақты талқылады. Сонымен бірге, кеңеске жиналғандар Қазақстан ғылымы мен оның еліміздің стратегиялық даму бағдарламаларындағы орны мен ерекшелігіне кеңінен тоқталды. 


Келелі кеңеске Ш. Уәлиханов атын­­дағы Тарих жә­не этнология инс­ти­тутының директоры, ҚР ҰҒА кор­рес­­подент-мүшесі Хан­­келді Әбжанов, Сыртқы байланыс, ақ­парат және ғылыми кластер бөлімінің мең­герушісі, т.ғ.к. Зәуре Ноғаева, Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.д., про­­фессор Айжамал Құ­­дайбергенова, Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Қайдар Алдажұманов, Жаңа дәуірдегі Қа­зақстан тарихы бөлімінің мең­герушісі, т.ғ.д., доцент, ХАҚА ака­демигі Г. Ксенжик, Ежелгі және ор­та ғасырдағы Қа­зақстан мен ірге­лес елдер тарихы бө­лімінің мең­­ге­рушісі, т.ғ.к. Қанат Өскенбай, Этнология және антропология бөлімі­нің меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Серік Әжіғали, Тарихнама, деректану және заманауи методоло­гия бөлімінің мең­герушісі, т.ғ.д. Қайрат Әлім­ғазинов қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті. Назарларыңызға кеңес барысында сөз алған ғалымдардың пікірін ұсынып отырмыз.

 

Хан­­келді Әбжанов: – Жер бе­тінде адам баласы пайда болғанына кем дегенде 2,5 млн. жыл өтіпті. Бәлкім, бұ­дан да көп шығар. Сол ұзына тарихтың негізгі дені (99%) тас дәуірінің ен­ші­сіне тиесілі. Неолиттен беріде ғана (б.з.д. 5 мың жыл) адам тұтынушыдан өн­дірушіге айналды. Неолиттік революцияны даярлаған да, жүзеге асырған да адамға ғана тән қасиет – ақыл-ой, тіл, интеллектуалдық ізденіс. Адамның интеллектуалдық әлеуеті үздіксіз ны­ғаюда, жіктелуде, тереңдеуде. Оның сала­ларын ендігі санап тауысу мүмкін емес. Бір клеткалы амеба мен туфелкадан тартып 7 қабат жердің астынан шығатын, 7 қабат көктен түсетін белгілі-белгісіз заттарға дейін түрлі – фантастикалық, эксперименттік, көркем т.б. интеллектуалдық таным обьектісіне айналғаны қашан. Интеллектуалдық танымның ең құдіреттісі, ең дәлі, табиғат­ты, қоғамды, адамды өзгертудегі ең пәр­мендісі – ғылым. Жазу мен кітап басу, жылу мен электр қуатын пайдалану, радио мен телефонды ойлап табу, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық, нанотехнологиялық, төңкерістер, атом мен ғарышты игеру, яғни, ғылым мен ғылыми ойдың дамуы адамның қабілет-қарымын еселеп арттырды. Шет жағасын көріп те отырмыз. Құдайдан кейінгі құдірет ғылым десек, меніңше, еш қателеспейміз. Әлемді өзгертуге келгенде ғылыммен тайталасатын, бәсекелесетін, ғылымға тең келетін, ғылымнан асып түсетін не бар десек, ол – дүлей табиғат құбылысы ғана. Басқа фактор жоқ. Соңғысын біздер: «Алланың бұйрығы», «тағдырдың жазғаны», деген қысқа да нұсқа формулаға сыйғызып жататынымыз рас. Ғылымға берілген анықтама көп. 1918 жылы жарияланған «Ғылым» атты мақаласынды М. Әуезов: «Өмірдің тізесі өткен сайын адам күннен-күнге түр тауып, дүниенің (жаратылыстың) әр түрлі сырын ашқан, сол сырлардың қорытындысынан шыққан – осы ғылымдар», деп жазыпты. «Ғылымның артынан еріп, көрсеткен жолымен жүрген, – депті жас Мұхтар, – бұл күнде өмірдің төрінде». Демек, Қазақстандағы ғылымтанудың ұлттық үлгісі ХХ ғасыр басында қалыптасқан екен. Үлгіге контент – талдау жасай отырып, мынадай пайым-тұжырым жасауға болады. 
1. Ғылым – адам ізденісінің ерекше саласы; 
2. Ғылымның мәні – жаңалық ашу, ілгерілей дамуды қамтамасыз ету; 
3. Ғылымның қозғаушы күші – бәсеке, қоғамдағы сұраныс; 
4. Ғылымның басты миссиясы – өмір сапасын арттыру. 
Түптеп келгенде, ғылым туралы біздің түсінігіміз де бұдан артып тұрған жоқ. Ғылым дегеніміз – табиғат, қоғам, адам болмысын бейнелейтін заңдылықтар мен ерекшеліктерді таныған әрі тани беретін интеллектуалдық әлеует және соған лайықты саяси, құқықтық, материалдық-техникалық, қаржылық, т.б. алғышарттар мен жағдаяттар жиынтығы. 
Ғылымның тарихы мен тағдырын көктей шола отырып, оған тән ерекшелік пен артықшылықты былайша дәйектегіміз келеді: 
1. Ғылыммен, тіпті, нақты ғылыми жобамен айналысатындар жүздеп, мыңдап саналуы бек мүмкін. Бірақ, бетбұрысты ғылыми жаңалықты тумысынан талантты жан ғана ашады. Ұлы жаңалық кездейсоқ ашылғанның өзінде оның авторын, талантын бір мысқал төмендетуге негіз жоқ. 
2. Нағыз ғылыми жаңалық – мәңгілік құндылық, ізгілік, адамзат баласына ортақ сарқылмас қазына. Бүгін құпия ұсталғанмен ол ертең ашылады. 
3. Ғылымға еркіндік, автономия керек. Бірақ, ол билік пен саясаттан тыс тұра алмайды. Билік пен саясаттың өктемдігі – ғылымның соры, бұлардың үйлесімі – адамзат баласының бағы. 
4. Ғылымды жасампаз мақсатқа да, эгоистік пиғылмен де қолдауға болады. Кейде ғылым ғылым үшін дамитыны рас, алайда, нәтижелерінің бәрі билік пен саясаттың құзырында. Бұл жекеден жаһандық құбылысқа айналды. 
5. Ғылымды ұлттық, жаһандық мүд­деге қайшы немесе қарсы пайдалану зардабы ғылымға тимейді, берісі – ұлтқа, әрісі – адамзатқа тиеді. 
6. Ғылым – күрделі тірі организм тәрізді болғанмен бар саласын деңгейлес дәрежеде ұстау ең бай мемлекеттің өзінде мүмкін емес. Ендеше, меценаттықтың ғылым тағдырындағы маңызы зор. 
7. Ғылым байлық пен билікке адал қызмет еткенмен, сол байлық пен би­лік ғылымға адалдық таныта бер­мей­ді. Ғылыми зиялының тұр­мыс жағ­дайы­ның төмендігі – соған бұл­тартпас ай­ғақ. 
8. Ғылымда шекара жоқ, ұлттық мақтаныш, мемлекеттік реттеу болуы керек. Ұлттық қауіпсіздік тек осылай қорғалады. 
9. Ғылымның әлеуеті арта береді, соны түсінетін, лайықты шешім қа­былдайтын саяси, экономикалық ерік-жігер болса, «өмірдің төріне шығу» көп күттірмейді. Тұғырынан тайған ғылыми әлеуетті қалпына келтіру ұзақ мерзімді талап етеді. 
10. «Қазақстан – 2030» Стратегиясы ғылымның болар-болмас араласуымен атқарылды. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы ғылымға аса зәру. Ал, болашақта әлемдік ондыққа кіру отандық ғылымсыз еш мүмкін емес. 
Қазақстанның болашағы – ғылымда. 
Зәуре Ноғаева: – Тәуелсіздіктің қысқа тарихи кезеңінде Қа­зақстан нарықтық қа­­тынасты мемлекет ретінде мойындалды және әлем­дік қоғамдастықпен біріге отырып, айтарлықтай өсуге қол жеткізді. Бұл мән-мәтінде елдің қоғамдық дамуы, экономикалық қуаты мен ұлттық қауіпсіздік деңгейінің өлшемі ретінде білім беру жүйесінің, адам ресурстарының рөлі мен мағынасы өсе түседі. Қоғамдағы өзгерістер білім беруге ықпал етеді, одан мобильділікті, жаңа тарихи кезеңнің шындықтарына дұрыс жауапты талап етеді. Білім бойынша Дүниежүзілік форум құжаттарында білім беру мемлекеттің және бүтіндей алғанда әлемдік қоғамдастықтың тұрақтылығы мен ілгері қарыштап дамуының негізгі факторларының бірі деп көрсетілген. 
Экономикалық, саяси, әлеуметтік-мә­дени  және басқа проблемалардың ше­ші­міндегі білім берудің басымдылық рөлі, қоғамдық дамудың басты қоры ретінде «адам капиталының», адам рөлінің өсуі, адам туралы ғылымның маңызын арттырады. Педагогикалық ғылым саласында қоғамдық өмірдің  барлық басқа салаларындағы өзгерістерге реакция болып табылады. Педагогикада белгілі бір дәрежеде қоғамның саяси-экономикалық жағдайы көрініс табады. Сана саласының инерттілігіне қарай педагогикалық өзге­рістер біртіндеп, он жылдықтарға созыла отырып, жүреді.
Техникалық және кәсіби білім беру бойынша Конвенция, Жоғары білім беру бойынша Дүниежүзілік Декларация, Болоньядағы Европа елдерінің білім беру министрлерінің Кеңесі, үздіксіз білім беру бойынша ЮНЕСКО-ның нұсқаулары әлемдік қоғамдастықтың білім берудегі дағдарыс көріністеріне жан ашырлығының куәсі болады, ол бір немесе басқа формада әлемнің барлық елдерінде көрініс табады. Ол тек қана жас ұрпақтың интеллектуалды, тұлғалық, адамгершілік-рухани дамуындағы жеткіліксіз тиімділік пен жіберген қателіктермен байланысты емес, сонымен бірге білім беру жүйесінің тұлға мин­талитетін, барлық адамды жалпы адами құндылықтар, толеранттылық және ық­палдастық рухында қалыптастыруға дайын еместігімен байланысты. Жеке тұлғаны дамытудың базалық идеясы – әлемді біріктіру идеясы болып табылады. Бүгінгі күні білім беру проблемалары адамзаттық проблемалар кешенімен қарастырылуы мүмкін, олардың ішін­дегі маңыздылары – оның өмір сүруі және тұрақты дамуы, сондай-ақ, жақсы өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету. Білім берудің жаңа жүйесі – жетекші отан­дық және шетелдік мамандардың пікірлері бойынша – жоғарыда аталған өмірлік маңызды проблемалардың шынайы құралы болып табылады. ХХI жүз жылдықтың маңызды міндеттерінің бірі білімдерді басқару қажеттілігі болуы кездейсоқ емес. 
Жалпы, әлемдік факторлар: Білім беру жүйесіне ықпал ететін факторлардың бірі – ғылыми-техникалық революция. Ол білімдердің қо­ғамдық қажеттілігін күрт күшейтті, жаңа өндірістер мен индустриалды технологияларды құрды, адамдардың сапалы жаңа сұраныстарын дамытты. Екінші фактор, біздің пікірімізше, қазіргі заманғы өркениеттің жалпы жағдайының қарама-қайшылығы, бұл ұлы жетістіктермен қатар ғаламдық сипаттағы өткір проблемалардың болуынан көрінеді. Үшінші жалпы әлем­дік фактор деп адамзаттың бүкіл өмі­ріндегі бірігулердің артуын есептеуге болады. Бірігу үдерістері XX ғ.соңында экономика және саясаттан бастап мәдениет пен заңға дейін барлық басты салаларды қамтыды. Бірігу сонымен қатар білім беру жүйесіне де белсенді әсер етеді. Үлкен дәрежеде, әрине, оның ықпалына жоғарғы білім ұшыраған. Төртінші жалпы әлемдік фактор әлемнің барлық өңірлерінде дерлік білім беруге кеткен шығындардың өсуі болып табылады. Мысалы, АҚШ-та олар 3 есе өскен; Батыс Европада – 3,4; Қытайда – 2; Шығыс Азия мемлекеттерінде – 4 есе. Тек бұрынғы социалистік елдерде олардың 25 %-ға қысқаруы болды.
Атап өтілген факторлардың білім беруде және педагогикалық ғылымда көрініс беруі білім берудің әлемдік жүйесі дамуының бірнеше үрдістерін анықтайды. 
1. «Білім беруді жаһандандыру». Бұл  термині қазіргі заманғы педагогикада түсініктік-терминологиялық аппаратта ғаламдық проблемалармен байланысты пайда бол­ды. Олар XX ғ.соңында әлемдік әлеу­меттік-мәдени проблематикада алғашқы орындардың біріне көтерілді және адам­заттық құндылықтар шкаласында қайта құрудың қозғаушысы. Жаһандандыруды әлемдік саяси және мәдени ареналарда көп жақты өзгерістерге көңіл бөле отырып, халықаралық мән-мәтінде салыстыру тәсілдерін пайдалана отырып, ойлауды ұйымдастыруға ұмтылыс деп қарастыруға болады. Сондықтан, жаһандандырудың белгілі әмбебаптандыруға алып келе­ті­ні толық дұрыс: әртүрлі елдерде алынған, бірыңғай жалпы әлемдік стан­­дарт­тар­ды қанағаттандыруға тиіс; адам­дар арасында қарым-қатынас жасаудың әмбебап құралы қажет; білім берудің мазмұны халықаралық құзыреттіктің қалыптасуына, жаңа ақ­параттық мә­де­ниеттің және т.б. қа­лыптасуына бағытталуы қажет. Осы­лайша, жа­һан­­дандыру жағдайында қоғам өмі­рінің көптеген аспектілеріне ай­тар­лықтай және жан-жақты әсер ететін, салдарларға алып келуі мүмкін. 
2. Қазіргі заманғы және педагогикалық ғылым дамуының үрдісі ғылымды, білім беруді және өндірісті синтездеу болып табылады. Мұндай бірігудің мысалы, әлемнің дамыған елдеріндегі ірі технополистер, технопарктер болып табылады. 
3. Білім беруді жаһандандырудың тенденциясын қарау шеңберінде мульти­мәдениетті (полимәдениетті) білім беру концепциясы өзекті болып табылады, оның шеңберінде білім берудің мазмұнын оған этно-әлеуметтік топтардың әртүрлі мәдениеттері мен ерекшеліктерін ендіру жолымен біріктіру жүзеге асырылады. Істің мәні бойынша, білім берудің барлық ұлттық жүйелері, өз ішкі міндеттерін шеше отырып, мультимәдениетті, өзара байытылған ретінде ортақ мәдени кеңіс­тікті құрады. 
4. Сатылары мен деңгейлерінің біріз­ділігімен ерекшеленетін, білім берудің демократиялық жүйесін құруға, халықтың білімдік сұраныстарын арттыруға және барлық қалаушылардың білімдік құқық­тарын қамтамасыз етуге ұмтылыс әлемнің көптеген елдеріне тән. 
5. Ақпараттық технологиялар сала­сының пайда болуы және тез дамуы адам­зат қызметінің барлық салаларынан кө­рінді, соның ішінде білім беруге. Білім беру саласына ақпараттық технологияларды ендіру, алдымен компьютердің қатысуымен педагогикалық үдерісті ұйымдастырудың жаңа формаларының пайда болуына, ал, сосын, білім беруде ақпараттық технологияларды кең және ғаламдық қолдануға қарай – оқытуда жаңа технологиялық амалдың қалыптасуына алып келді. 
6. Білім берудің әлемдік жүйелерінде құзіреттілік педагогика белсенді енгізілуде, ол әр азаматқа тез өзгеретін, өзара байланысты әлемге икемді бейімделуге қажет. 
7. Педагогикалық ғылымның маңызды үрдістеріне әлем елдерінде даму пробле­маларының салыстырып талдауын және ғылыми ұғынуын жатқызу керек.
Қазақстандағы педагогикалық ғылым дамуының талдауы келесіні көрсетеді, отандық ғалымдар білім берудегі әлемдік үрдістерге де, сондай-ақ, біздің республика үшін өзекті проблемаларды ғылыми ұғынуға үлес қосады.
Айжамал Құ­­дай­бергенова: – Ең алдымен, қадірлі ағалар, әріптестер, қонақтар, баршамызды ғылым күнімен құттық­тай­мын! Биылғы ғы­­лым күнін атап өту – қазақстандық та­рихи демография ғы­лымының дамуын негіздеушілердің бірі – академик М.Х. Асылбековтың 85 жылдық мерейтойымен қатар келіп отыр. Ағамызды мүшел жасыңызбен құттықтай отырып, «Тарихи демографияның бүгіні мен болашағы» тақырыбын Мәлік ағамыздың тарихи демография саласын дамытудағы қызметімен байланыстыра отырып айтуға рұқсат етіңіздер.
Тарихи демография – халықтану мәселесімен, халықтың құрамындағы өзгерістердің тарихи үдерістердің бары­сына әсерін, сондай-ақ, тарихи оқиға­лардың халық саны мен құрамындағы өзгерістердегі рөлі мен орнын зерттеумен айналысатын тарих ғылымының арнайы саласы. Тарихи демография – жалпы халықтың өсіп-өнуін зерттейтін ғылым – демография ғылымымен тығыз байланысты. Демографияның түсініктері мен категорияларын қолданады, бірақ, тек оны ретроспективада, тарихи өткен оқиғаларды зерттеумен байланысты қарастырады. Қазақстан тарихи демографиясы – Отан тарихының тәуелсіздік жылдары ғана кең дамып, қалыптасқан бөлігі. Оның алғашқы қадымдары отарлық дәуірде – Қазақстанның Ресей империясына бодан болған жағдайда жасалғандығын айту керек. Отарлық басқару жүйесінде қызмет істеген орыс ғалымдары Қазақстанның жері мен байлығын пайдалану мақсатында, әсіресе, қазақтардан жерін тартып алып, казактар мен орыс шаруаларын қоныстандыру үшін, жергілікті халықтың санының құрамын және территориялық орналасуын зерттеді. Ал, ұлт зиялылары Қазақстанда артық жатқан жер жақтығын дәлелдеу үшін және Ресей империясының көші-қон саясатына қарсы күресу мақсатында көңіл бөлді.
Кеңес дәуірінде, әсіресе, 1920 ж. екінші жартысынан бастап Қазақстан тарихи демографиясы мәселелері жөнінде едәуір зерттеулер жарық көрді, бірақ, 1937 жылғы Бүкілодақтық санақ Кеңес өкіметі басшыларының халық санының күрт өсуі туралы болжамын ақтамаған соң, Кеңес Одағы бойынша тұрғындардың демографиялық мәліметтеріне ресми тыйым салынды деуге болады. Кеңестік идеология барлық ұлттардың теңдігі мен өзін өзі билеу (өз алдына мемлекет құрып, бөлініп шығуға дейін) құқығы ашық жарияланғанымен, көп республикалардағы жергілікті халықтың азайып кетуі, Сібір мен Қиыр Шығыстағы ондаған ұлттың жоғалып кетуі, 1918, 1921-1922, әсіресе 1931-1933 жж. ашаршылық себептерінің, екінші дүниежүзілік соғыстағы адам шығыны көлемін және т.с. Б. Сүлейменов, П.Г. Галузо және басқа белгілі тарихшылар революцияға дейінгі (1917 ж.) Қазақстан халқының саны мен құрамы және территориялық орналасуы жөнінде өз зерттеулерінде мәліметтер келтіріп жүрді.
1980 жж. Н.Е. Бекмаханованың екі монографиясы мен Н.В. Алексеенконың кітабы жарық көрді [4]. Бұл еңбектер Қазақстан халқының 1917 ж. революцияға дейінгі этнодемографиялық дамуы мен көші-қон үдерістеріне арналған еді. Бірақ, бұл зерттеуде тарихи демография мәселелері әлі де шектеулі болды. Осы жылдары Тарих және этнология институтының ғалымдары жүргізген зерттеулерде қазақ халқының құрамында болған өзгерістер көріне бастады. Мысалы, М.Х. Асылбеков пен Б.Н. Әбішеваның жетекшілігімен 1981-1985 жж.-ға жос­­парланып жүргізілген «Кеңестік Қа­зақстанның индустриалдық дамуы және жұмысшы табының өсуі» тақырыбын зерттеу барысында жұмысшы табының құрамындағы сандық және сапалық өзгерістер де қарастырылады. 1989-1991 жылдарға жоспарланған «Қазақстан транспортының дамуы және оның жұмысшы мамандарының өсуі (1917-1985 жж.)» деп аталатын жоспарлы тақырыпты (жетекшісі М.Х. Асылбеков) орындау барысында қазақ халқының басынан өткізген қайғылы сәттердің нәтижесі тағы қылаң ете көрінеді. Зерттеушілер алдына тарихи демографиялық зерттеулер жүргізу қажеттілігі айқын бола бастады. Осы мәселені көре білген М.Х. Асылбеков Идеологиялық тегеурін жасалынған тарихи демографиялық бағытта қордаланған мәселелерді зерттеуге бет бұрады.
1980 жылдардың екінші жартысынан бастап, институттың негізгі іргелі зерттеулерімен қатар, бөлім қыз­меткер­лерінің ғылыми-зерттеу бағыты Қазақстан халқының әлеуметтік-демо­графиялық дамуына арналды. Мәлік ағамыздың тікелей басшылығымен халықтану сала­сындағы сеңді бұзарлықтай зерттеу жұ­мыстары да қоса жүргізілді. Соның нәтижесінде М.Х. Асылбеков пен Ә.Б. Ғалидың «Қазақстандағы әлеу­меттік-демографиялық процестер (1917-1980 жж.), (Алматы, 1991 ж.) моно­графиясы жарияланды. Бұл еңбекте Қазақ­станның әлеуметтік-демографиялық дамуы кең көлемді әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер негізінде алғаш рет қарастырылды. 1991-1993 жж. бөлім қызметкерлерінің бір тобы тарихи демография саласы бойынша, М.Х. Асылбековтың жетекшілігімен «Қазақстан халқының әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістер» (1917-1989 жж.) тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Негізгі ғылыми нәтижелері: алғаш рет Қазақстан халқының әлеуметтік құрамы мен ұлттық құрылымындағы ұзақ мерзімдегі өзгерісі көрсетілді. Зерттеуде, әсіресе, өтпелі кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың нәтижелеріне баса назар аударылды (В.В. Козина, М.Н. Сыдықов, С. Айымбетов, А.И. Құдайбергенова, А. Мамырханова, Л.Т. Қожакеева және т.б. зерттеу жұмыстары). 
1994 ж. тарихи демография деп аталатын бөлім құрылады.Тарихи демография мәселесін зерттеу негізгі бағыты болып табылатын бөлімнің тарихы осы кезден басталады. Бөлім 1995 ж. «Қазақстанның жаңа заман тарихы және тарихи демография» бөлімі деп аталды. 
2007 жылы 10 маусымда Қазақстанның жаңа заман тарихы мен тарихи демография бөлімінің екіге бөлінуі негізінде «Тарихи демография және әлеуметтік процестер» бөлімі құрылды. 2012 жылы 1 наурызда «Халықтану және тарихи тұлғатану мәселелері» бөлімі болып қайта құрылды. Халықтану және тарихи тұлғатану бөлімінің алғашқы атаулары осылай болған еді. 2001 жылға дейін бөлім меңгерушісі міндетін атқарған академик Асылбеков 1980 жж. бері осы күнге дейін институт көлемінде тарихи демография саласындағы зерттеу жұмыстарына жетекшілікті жүргізіп отыр. Ал, Мәлік ағамыздың шәкірттері қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етуде (Батыс, Шығыс, Орталық Қазақстан, Жетісу, Оң­түс­тік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау ай­мақтары мен тұтастай Қазақстан бойынша).
Тарихи демографияның бүгінгі негізгі нәтижелеріне тоқталсақ:
1. Тарихи демографияның методо­логиялық және ғылыми әдістері нақты­ланып, толықтырылып зерттелуде.
2. Ресейге бодан болғаннан осы күнге дейінгі Қазақ халқының этноде­могра­фиялық даму дәуірлері мен кезеңдері талданылды.
3. Қазақстандағы көші-қон үдеріс­терінің дәуірлері мен кезеңдері белгі­ленді. Бұл үдерістердің елдегі этноде­мографиялық дамуға әсерлері мен кері ықпалы зерттеліп, нақтылана түсті.
4. ХІХ ғ. аяғынан бастап ХХІ ғасыр­дың алғашқы он жылдығына дейінгі Қа­зақстан халқының, оның басты-басты этнос­тарының, ең бастысы қазақтардың, онан кейін орыс, украин, белорус, неміс, татар, ұйғыр, дүнген және т.б. жалпы саны мен құрамы, территориялық орналасуы (қала-село-аймақтар-облыстар) жан-жақты зерттелді. 
5. Қазақстандағы этнодемо­графия­лық дамудың аймақтық ерекшеліктері зерт­теліп, талдануда. Батыс пен Орта­лық Қазақстан және Жетісу халқы­ның әлеу­меттік-демографиялық дамуы ту­ралы күрделі еңбектер (М.Н. Сыдықов, В. В. Козина, М.К. Төлекова және т.б.) жарық көрді: Солтүстік пен Шығыс аймақтарға қатысты еңбектер де бар. Оңтүстік Қазақстан халқы туралы демо­графтардың арнайы зерттеуі әлі жоқтың қасы, тек 1926-1959 жж. жөнінде М. Мейір­бековтің кандидаттық диссертациясы мен мақалалары бар [13].
6. Қазақстан тарихшы-демографтары еліміз халқының тәуелсіздік жағдайын­дағы әлеуметтік демографиялық дамуы мен көші-қон ерекшеліктері мен нәтижелерін зерттеуге көбірек көңіл бөлді. Бұл жөнінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты халықтану және тарихи тұлғатану бөлімі ғылыми қызметкерлері, олардың әріптестері мен шәкірттері едәуір еңбек етуде.
Аталған демографтардың барлығының мамандықтары тарихшы екендігін айту керек. Қазақстанда арнайы даярланған тарихшы демографтардың жоқ екендігін де алға тартуға болады. Қазақстан халқы туралы әлі де өзекті де мәселелер зерт­теу­­ді қажет ететіні белгілі. Олардың негіз­­гілері:
– Тәуелсіздік жағдайында Республика халқының этнодемографиялық даму ерекшеліктері;
– Тәуелсіздік кезіндегі көші-қон үдеріс­тері, оның нәтижелері мен этноде­мо­гра­фия­лық дамуға әсері оралмандар проблемасы;
– Еңбек ресурстары, жұмыссыздар мен өзбетінше жұмыс істейтін қызметкерлер саны мен құрамы, әлеуметтік жағдайы және т.б;
– Қазақстан республикасы халқының жаңа әлеуметтік құрылымның қалып­та­суы, оның негізгі топтары мен топта­ры­ның сипаттамасы мен жағдайы және т.б;
– Ұрбандану процесінің қазіргі кездегі ерекшеліктері; қалалар тарихы әлі зерттеле қоймаған.
Тарихи демография және тарихи география саласын біріктіруге де болады. Себебі, аумақ шекараларының өзгерісі мәселесі ең алдымен тарихи демо­графиямен байланысты. Халықтың табиғи өсімі, денсаулық сақтау саласына қатысты демографиялық көрсеткіштердің өзгерістері, оның аймақтық ерекшеліктері, оның гендерлік аспектісі, республиканың әкімшілік-территориялық, шекаралық өзгерістерінің халықтану саласындағы орны зерттеуді күтіп тұрған өзекті мәсе­лелердің қатарында. Қазіргі ке­зең­дегі индустриалдық және ауыл шаруа­шылығының кластерлі дамуының адам ресурсымен байланысын зерттеу де тарихи демографияның зерттеу нысандарының бірі. Мамандардың кәсіби құрамындағы, біліми деңгейдегі өзгерістерді көрсете отырып, оның әлеуметтік процестермен байланысты динамикасын анықтау, мамандар мен оларды даярлауды қажеттілікке негізделген сұраныспен байланыстыру мәселесіне көңіл бөлу және т.б. мәселелер.
Қайдар Алда­жұ­манов: – Ке­ңес­тік кезеңдегі қа­зақ­стандық тарихи зерт­­теулерде, жалпы­ла­ма еңбектерде 1921-1922 жж. ашар­шы­лық тарихы, оның көлемі мен зардаптары негі­зінен жеткілікті көрініс тапты. Объек­тивтік қатынастар тұрғысынан қарасақ, кеңестік билік 1921-1922 жж. ашаршылық себептерін де, зардаптарын да жасырған жоқ. Қайта ішкі ресурстарды пайдаланып, оның келтірер зиянын жұмсарту шараларын кеңінен іске асырумен қатар, ашаршылыққа ұшыраған кеңестік Ресей халықтарына жәрдем беру туралы сол 1921 ж. халықаралық қауымдастыққа  үндеу салды. Ашаршылықпен күрес шаралары қалай іске асқаны орталық кеңестік биліктің де, қоғамдық ұйымдардың да назарында болды. Осының бәрінің қорытындылары ретінде кеңестік биліктің нұсқауымен сол кездері-ақ тиісті экономикалық және шаруашылық мекемелері атқарылған жұмыстарға арнап көлемді кітаптар шығарды, баспасөзде ақпарат жарияланып тұрды.
Кеңестік кезеңде осы тақырыпқа жазылған зерттеулер өзінің құндылығын жойған жоқ. Олардағы көптеген деректер бүгінгі зеттеушілерге бағдар беретіндігі даусыз. Бұдан шығатын қорытынды: 1921-1922 жж. ашаршылық кеңестік билік тарапынан жасырын мәселе болған жоқ. Тек ашаршылықпен күрес мәселесінде белсенділік танытқан, нақты көмек ұйымдастыру (жылу жинау) шараларымен көзге түскен Ж. Аймауытов сияқты Алаш зиялыларының қызметі олар «халық жауы» деп аталған кезде айтылмады. Солар сияқты ашаршылықпен нақты күрес жүргізіп, халқына адал қызмет еткен тұлғалар да көлеңкеде қалып отыр. Мысалы, көрнекті қайраткер А. Асылбеков сынды тұлғалардың да еңбегі ұзақ жылдар бойы жабық жатты. А. Асылбеков кезінде сол 1921-1922 жж. қиындықтар ту­ралы арнайы зерттеу мақаласын да жа­риялаған болатын. Ол бұл кезде РК(б)II Қазақ облыстық комитетінің екінші хатшысы қызметінде жүргендіктен, қажетті деректердің бәрі қолында болды. Оның берген нақты деректері бойынша Қазақ АКСР-ның ашаршылыққа ұшыраған Бөкей, Ақтөбе, Қостанай, Орал, Орынбор губернияларында тек 1921 ж. – 2 млн 128 мың халық тұрған. Соның 1 млн 409 мыңы ашаршылыққа душар болған. Мысалы, Орал губерниясында тұратын 388 мың адам түгелдей ашаршылыққа ұшыраса, Қостанай губерниясында тұратын 451 мың адамнан 265 мыңы осындай күйде болған. Сол сияқты Бөкей губерниясындағы 260 мың адамнан 176 мыңы, Ақтөбе губерниясындағы 474 мың тұрғынның 292 мыңы аштыққа ұшырады. Халқы ең көп Орынбор губерниясының 555 мың адамынан 288 мыңы аш болды.
Егер, 1931-1933 жж. ашаршылық туралы сол кездегі баспасөз бетін ақтарып көрсеңіз, ондай  қырғынның болып жатқаны туралы ештеңе таба алмайсыз. Екі астарлы, екі жүзді саясаттың нәтижесі сол – баспасөзде құрғақ ұрандар мен бұлыңғыр болашаққа апарар жол барынша насихатталып, сол жолда халықтың қырылып жатқаны жасырылып қалды, ол тек бай-кулактар мен басқа да контрреволюциялық элементтердің ұйымдасқан қарсылығы, сонан туындаған қиындықтар деп түсіндірілді. 1921-1922 жж. ашаршылық кезінде астық біршама мол шыққан Семей, Ақмола облыстарына, Түркістан АКСР-не қарай ағылған босқындар туралы, оларды орналастыру жөнінде баспасөзде, құжаттарда ашық айтылды. Ал, 1931-1933 жж. нәубетте мұндай ақпарат  барынша қатаң құпия сақталды. Тіптен, кеңестік билік (осы өзіміздің Қазақстан басшылығы) 1928 жылдан басталған заңсыздықтардан халықтың ауа көшуін елемегені сондай, ол 1930-1931 жылдардың бас кезінде жаппай сипат алғанына да мән бермеді. Тек салық органдары алыстағы аудандардан түсетін салықтың төленбей жатқанына назар аударып, 1931 ж. тамыз айында ғана үкіметтің шешімі бойынша республиканың 72 ауданына шұғыл сұрау салынып, ауылдарда қанша халықтың қалғанын, қай жаққа босқын болып кеткенін хабарлауды тапсырды. Ресми шаралар, баяу болса да, осы кезде басталды.
1921 ж. Ресейдің Еділ бойы, Оңтүстік Орал, жалпы оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыс аймақтарында құрғақшылық салдарынан егін көктеп шықпай қалды, шыққан шөп пен егін қылтанақтарын қаптап кеткен шегіртке мен зиянды жәндіктер құртып жіберді. Осының салдарынан мал басы қырыла бастады, ашаршылық зұлматы төніп келеді, алдын-ала шаралар қабылдау қажет деген ақпараттар орталық үкімет органдарына барлық қауіпті аймақтардан ағыла бастады. Ерекше назар аударатын жәйт – бұл 1921 ж. мамыр-маусым айларындағы оқиға. Осы уақыттан бастап кеңес үкіметінің тікелей шұғыл тапсырмасымен Жоспарлау  комитеті (Госплан), барлық халкоматтар мен шаруашылық басқармалары губерниялар мен уездер бойынша ашаршылық зардаптарын жұмсартып, халықты қалай аман алып қалу шараларын белгілеп, бір орталықтан оны іске асыру барысын реттеп отырды. Госпланның төрағасы белгілі большевик, мемлекет қайраткері, ғалым Г. Кржижановский бұлардың бәрін түгелдей өз бақылауына алды.
Бүкілодақтық Орталық Атқару Ко­ми­тетінде (ВЦИК) ашаршылыққа ұшы­рағандарға жәрдем берудің Орталық Комитеті құрылды (ЦК «Помгол»). Барлық наркоматтарда (министрліктерде), республика, губерния, уезд көлемінде осындай комиссиялар құрылды. 1922 ж. 2 наурызда осы айтылған комиссиялардың міндеті мен қызметі туралы Ереже бекітілді. «Пом­голдың» Орталық Комитетінің ұйым­дастыру бөлімі соған сәйкес үйлестіру және басқару жұмыстарын жүргізді. Міне, кеңес мемлекеттік органдары 1921-1922 жж. ашаршылық қаупінің алдын алып, ресми мемлекеттік органдарымен қоса, елдегі жәрдем ұйымдастыруға қатысы бар барлық мекемелерді, халықаралық ұйымдарды ашаршылықпен күреске шақырды. Сонымен бірге, аграрлық салаға қатысты бұрын ауыл шаруашылығы ғылымдарымен айналысқан, қуаңшылық жағдайында қандай әдіс-тәсілдермен қандай дақылдардан өнім алуға болады деген мәселемен айналысып жүрген ғалымдарды да бұл жұмысқа тартты. 
Ашаршылықпен күрес жұмыс­тарына азамат соғысынан кейінгі күй­зеліс жағдайында қаражат тапшы бол­ғаны аян. Бүгінде кеңес мемлекетінің сол кездегі басшылары В. Ульянов (Ленин), Л. Троцкийдің шіркеулер мен мешіттердегі қымбат бұйымдар (алтын, күміс) және басқа да құндылықтарды тәркілеу жөнінде берілген нұсқаулары туралы көп айтылады. Шынында да, ондай құжаттар бар. Мысалы Мәскеудегі бұрынғы СОКП-ның жалпы бөлімі қорында РК(б)П Саяси бюросының бұрын «өте құпия» болған мәжілістерінің хаттамаларында бұл мәселе ашық айтылған. 1922 ж. 9 нау­рызда  Саяси бюро «Еділ бойындағы ашығып жатқандарға көмек беру үшін шіркеу құндылықтарын тәркілеу туралы» деген қаулы қабылдады. Тіптен, осыған байланысты кеңес мемлекетін қолдаушы дін иелері өкілдерін «Помгол» ұйымдарына уақытша енгізу туралы 1922 ж. 13 наурызда шешім шықты. Мұндай жұмыстардан мұсылман діни адамдары да шет қалмады. Себебі, шіркеулермен қатар мешіттерден де құндылықтар тәркіленген болатын.
Кеңес мемлекетінің өзі таптық идеоло­гиялық принциптерін қатаң сақтауына қарамастан, ашаршылық қаупі төнген кезде халықаралық ұйымдар мен шетел азаматтарының көмегіне жүгінді. Бұл 1921-1922 жж. (әсіресе 1922 ж.) мыңдаған адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Мысалы, 1922 ж. ақпанда Ресей Федерациясы территориясында мынадай шетелдік ұйымдар ашыққандарға  көмек берумен айналысты:
1. Американдық Көмек Әкімшілігі. Бұл ұйым бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде зардап шеккен Еуропа елдеріне жәрдемдесу мақсатымен құрылған болатын. 2. Ашыққандарға жәрдем берудің халықаралық комитеті. Оны Ф. Нансен басқарды. Оның құрамында неғұрлым белсенді деген атақты саяхатшы, географ Ф. Нансен ұйымы, Балаларға жәрдем берудің Халықаралық Одағы, «діни ағайындар» достық қоғамы («Квакарлар»), Швед, Қызыл Крест ұйымы және  т.б. болған еді. 3. ІІ Интернационалдағы Кәсіподақтардың Халықаралық федерациясы. 4. ІІІ Интернационалдағы ашыққандарға  жәрдем берудің халықаралық Жұмысшы Комитеті. АРА жәрдем ұйымдастырған жерлер Еділ бойының Саратов, Неміс коммунасы, Самара, Симбирск губернияларын, Татар республикасын, Чуваш, Мари, Царицын облыстарын, Уфа губерниясы мен Башқұрт республикасын қамтыды. Тікелей Қазақ АКСР-не қатысты дерек мынадай: Қазақ республикасының Орынбор – Торғай, Бөкей, Ақтөбе губерниялары мен уездерін қамтыды. Тек Орал уезі мен қаласы, Бөкей және Жәнібек уездерінде АРА 152 асхана ұйымдастырып, 31588 балаларды тамақпен қамтамасыз етті. Ф. Нансен ұйымы  Саратовқа жіберілген 44 вагон консервіленген еттің 8 вагонын Орал губерниясына жіберді. Бұған қоса  Ф. Нансен осы губернияның емдеу мекемелеріне 201 бөшке балық майын жеткізіп берді.
Қазақ республикасына көмегін АРА 1921 ж. қараша айында бастаған болатын. 1922 ж. 15 ақпанында ол Орынбор мен сол аттас уезде 80 мың балаға, Ақтөбе уезінде 40 мың, Башқұрт республикасында 30 мың (барлығы 150 мың) балаға тамақтандыру ұйымдастырды. 1922 ж. көктемде АРА батыс Қазақстанда (Орынбор, Ақтөбе, Темір, Орск т.б. жерлерде) 962 асхана аштырып, 126340 баланы тамақтандырып отырды. Бірақ, құжаттарда  сол кезде (1922 ж. көктемде) АРА негізінен Қазақ республикасының екі губерниясына ғана (Қостанай мен Бөкей) жәрдем көрсеткені айтылады және екеуінде  де жағдайдың ушығып тұрғаны көрсетілген. Әйтсе де, ол 11 балалар мекемесіне арнап киім-кешек те беріпті. Жалпы 1921-1922 жж. ашаршылықпен күрес барысында Кеңес үкіметі халықты аман сақтап қалу үшін осындай шараларды ұйымдастырды. Соның нәтижесінде ашаршылық құрбандарының қатарын азайтуға, зардаптарын жұмсартуға мүмкіндік туды. 
Ашаршылыққа қоса ілесіп келетін нәубет ол халықтың күн көрісі, тұрмысы әбден нашарлағанда әртүрлі жұқпалы аурулардың меңдеп кетуі. Бұл 1921-1922 жж. және 1931-1933 жж. ашаршылықтардың екеуіне де тән құбылыс. Ашыққан адамдардың әртүрлі өсімдіктер мен ағаш қабықтарын, басқа да жат нәрселерді тамаққа пайдалануы ең алдымен айықпас асқазан ауруларына душар етті. 1921-1922 жж. аса қатерлі жұқпалы аурулар Қазақстанда әр мың адамға шаққанда 72,8% – дан (1921 ж.), 83,2% (1922 ж.), 72,8% (1923 ж.) арасында құбылып тұрды. Бұл қалалар мен орыс поселкелері сияқты елді мекендердегі есепке алынған дерек. Ал, алыс қазақ ауылдарындағы жағдай жоғарыда А. Асылбеков айтқандай болатұғын. Өкімет органдары онымен күрес жүргізді. Оған денсаулық органдарын даярлады. Бірақ, деңгейі сол болды. 1931-1933 жж.  жағдай онан да келеңсіз болды. Дәрігерлік пункттердің жетіспеуі, халықтың қайыршылық күйге түсіп, қырылып қалуы, тірі қалғандарының босып кетуі әртүрлі эпидемиялармен шиеленісті. Мысалы, 1913 ж. қазақ даласында (Түркістан генерал-губернаторлығынсыз) сүзек ауруы 140 рет тіркелсе, 1933 ж. оның 22751 ошағы болған. Ал, басқа да жұқпалы аурулардың 1933 ж. 14550, 1934 ж. 7280 ошағы болған. Бұл жерде ерекше назар аударатын жағдай, ол сібір язвасы (топалаң), оба, түйнек (холера) сияқты аса қатерлі аурулармен күрес барысы, олар туралы мәліметтер аса құпия сақталғандықтан денсаулық сақтау органдарының жылдық есептеріне енбеген. Ал, ондай ауру ошақтарының болғаны, олардың қазақ ауылдарында мыңдаған адамдарды жайпап кеткені туралы деректер де, адамдардың естеліктері де кездеседі.
Екі ашаршылықтағы денсаулық сақтау органдарының қызметі, күрес жолдары ұқсас болғанымен, айырмашылықтары бар екеніне назар аудару қажет. 1921-1922 жж. азамат соғысынан әлі түзеліп болмаған жағдайда, қаражат тапшы, мамандар жоқ кезде кеңес өкіметі келе жатқан ашаршылық апатына қарсы шаруашылық органдарын, бүкіл бұқараны дайындаған кезде денсаулық сақтау органдарын да осыған лайықтап әзірлеуге тырысты. Оған эвакопункттер ашылып, теміржол станцияларында, басқа да босқындар шоғырланған жерлерде оларға медициналық көмек көрсету шаралары куә. Ал, 1931-1933 жж. он жыл ішінде әжептәуір күш жинаған, жетіспесе де мамандары әзірлене бастаған денсаулық сақтау жүйесі бұған дайын болмай шықты. Ең бастысы – 1931-1933 жылдары да қазақ ауылдарындағы эпидемиологиялық ахуал адам төзгісіз болғанын айту қажет. Бұл екі нәубетке де ортақ сипат. Тек соңғысында апат көлемі адам айтқысыз зор болды.
Мұндай жағдай 1931-1933 жж. негі­зі­нен тек қазақ шаруаларының, қазақ тұрғындарының басына түсті. Жоғарыда айтылған Ресей архивтеріндегі халықтың табиғи қозғалысы туралы 1931-1936 жж. жасалып, Батыс Сібір, Шығыс Сібір, Алтай, Еділ бойындағы облыстар, Қиыр Шығыс, Украина облыстары, Мордовия, Чувашия, Солтүстік өлке (Архангельск) т.б. әкімшілік жүйелерден түскен есеп кестелерінде сол жылдары аталған өлкелер мен аймақтардың қалаларында, селолық жерлерінде қанша қазақ дүниеге келіп, қанша қазақтың өлгені туралы аз да болса деректер берілген. Егер олар бірен-саран ғана болса, таблицаларда «тағы басқа ұлттар» деген айдармен беріле салар еді. Ал, саны жағынан статистика органдарының талаптарындағы межеден асып тұрғандықтан, жеке ұлт өкілдері ретінде көрсетілген. Босқын қазақтар, тіптен, жалданып, Камчатканың балық шаруашылықтарына барып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ал, республиканың өз ішінде алысқа кете алмай өлгендер, тірі қалғандарының бас сауғалап оңтүстіктегі қала, елді мекендерге баруына 1931-1933 жылдары да тосқауыл қойылған. Қазақстанның  батыс және солтүстік-батыс өңірін жайлаған 1921-1922 жж. ашаршылық  құрбандары туралы нақты деректі зерттеушілердің ешқайсы да келтірмейді. 1920-1922 жж. Қазақ АКСР-ы территориясында тұрған халықтың саны мынадай (Ақмола, Ақтөбе, Семей, Орал губерниялары, Қостанай округі, Адай уезі бойынша): 1920 ж. – 4 млн 388000, оның 2 млн 208400 қазақ, 1926 ж. 4  млн 152800  және 2 млн 188200. Ал, Түркістан республикасының Сырдария және Жетісу облыстарында тұрған халықтың саны мынадай: 1917 ж. – 1 млн 457129 адам; 1920 ж. – 999572. Сонда 1918-1919 жж.  кеміген халықтың саны 457557. Бұлардың (Жетісу облысы тұрғындарының) ішінде сол кездегі Қырғыз елінің адамдары да бар.
1921-1922 жж. ашаршылыққа байланыс­ты құрылған Помгол мекемелері ресми шаруашылық және билік органдарымен бірлесе отырып көптеген шараларды іске асырды. Ең бастысы ашаршылық зардаптарын бәсеңдетті. Өзінің миссиясын орындаған бұл орталық комиссия екі жылдан соң «Последголод» деп, яғни, Ашаршылық зардаптарын жою комиссиясы (комиссия по борьбе с последствиями голода) деп аталды.  Өкінішке орай, 1931-1933 жж. ашаршылық кезінде БК(б)П мен Кеңес үкіметі 1921-1922 жж. нәубет қиындықтарынан сабақ алмады. Керісінше, барлық саяси-шаруашылық реформалары күшпен, халықты еркін басып-жаншумен іске асырылды. Жоғарыда айтылғандай, төніп келе жатқан жойқын нәубетке мән бермеді. 1931 ж. жазда халықтың қайда кеткенін іздестіру шаралары жүргізілді. Оның өзі ет, астық дайындау науқандарын орындауға не халықтың көлемі, не астығы мен малы жетіспей жатқан соң ғана байбалам салу еді. Бұл кезде Қазақстандағы халық өлгені бар, босқын болып қашқаны бар 754 мың адамға кеміген болатын. Қазақстанда 1931 ж. астықтың көп жерде шықпай қалуы да, оның соңы қалай болады деп кеңестік билікті ойлантпады. Мал басын жаппай тартып алу жалғаса берді. Оны КСРО сауда және жабдықтау халық комиссары, БК(б)П Саяси Бюросы мүшелігіне кандидат Анастас Микоян сияқты Кремль бақылаушысы тікелей қадағалап, Қазақстанға келіп кеткен соң да астық пен мал тапсыру жоспарын қайтсе де орындатамын деп, Қазақстанды әбден ойсыратты. 1931 ж. күзде басталған жаппай ашаршылық  1932 ж. қыста шегіне жетті. Қырылып жатқан халыққа ешкім назар аудармады. Керісінше, бұл туралы барлық мағлұмат «ерекше папка» деген құжат бумасына жіберіліп, барынша қатаң құпияда ұсталды. Сол құпиялықтан зерттеушілер әлі күнге дейін зардап шегуде. Себебі, олардың көпшілігі әлі жабық күйінде қалуда. КСРО үкіметінің органдары біле тұра, 1931 ж. ашаршылық басталғанда, оны елеген жоқ. Қаншама арыз-шағымдар Алматыға, Мәскеуге түсіп жатты,  бірақ, оларға ешкім мән берген жоқ. Орталық үкімет өзіне Сібір, Еділ, Орал (Ресейдегі) бойының қалаларынан вокзалдар мен көшелерде жаппай өліп жатқан қазақтар туралы ресми ақпарлар түсіп жатса да, ешқандай шара қолданбады. Тек 1932 ж. тамызда Қазақ КСР үкіметінің төрағасы Ораз Исаевтың И. Сталинге барлық шындықты баяндап, республиканың бірінші басшысы Ф. Голощекинді ауыстыру қажет екенін айтып жазған хатынан кейін ғана БК(б)П Орталық Комитеті 1932 ж. 17 қыркүйекте «Қазақстанның ауыл шаруашылығы оның ішінде, әсіресе, мал шаруашылығы туралы» деген қаулысын қабылдайды. Небәрі екі бетке де толмайтын  бұл қаулыда тек республикада мал басының кеміп кеткені, ауыл шаруашылығы артельдерінен қайтадан серіктестікке бірігу керектігі, жеке меншікке күн-көріске жететін мал ұстауға рұхсат етілетіні ғана айтылған. Ал, халықтың аштан қырылып жатқаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұған қосымша ретінде және ондағы белгіленген шараларды іске асыру мақсатында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі 1932 ж. 6 қазанда өз қаулысын қабылдады. Онда да тек шаруашылық мәселелері айтылады да, халықты құтқару, босқындарға жағдай жасау туралы бір ауыз сөз жоқ. Осының салдарынан бұл қаулылардағы қойылған талаптарды іске асыру тек 1933 ж. ақпан-наурыз айларында ғана, тіптен, жарты жылдан кейін ғана басталды. Бұл кезде халық жаппай қырылып жатқан кез болатұғын. Тек 1932 ж. күзден бастап босқындарды көрші республикалардан елге қайтару жұмысы қолға алынды. Бұл жағдай беріліп жатқан көмекке қарамастан, 1934 ж. – соңы 1936 жылға дейін созылды.
ХХ ғасырдың алғашқы 30 жылдан астам уақыты ішінде халық басына түскен осы екі ашаршылықтың ортақ сипаттары мен айырмашылықтары, ерекшеліктері осындай. 20-жылдары үкімет өзі жасаған жоспарлар бойынша халыққа қорған болу жағын қарастырса, 1928-1933 жылдары мұндай реформалар тек бұрынғы экономикалық, әсіресе, қазақтың дәстүрлі жүйесін қиратумен ғана айналысты. Әсіресе, еуроцентристік көз­қараспен қазақ тұрмыс-тіршілігін кемсіту, оны ешқандай саяси және материалдық әзірліксіз бірден еуро­палық үлгідегі елді мекендерге жинас­тыру әрекеттері мен әдістері, солармен қабаттаса жүргізілген астық пен ет дайындау науқандары халықты әбден тұралатты. Қазақ ауылдарындағы 47 млн бас малдан (1929 ж. 1 қаңтар) 1934 ж. 1 қаңтарда небәрі 4,5 млн. ғана қалды. Бұрын егіншілік пен мал шаруашылығы саласында еңбек етіп, күн көріп отырған халық бір мезгілде (1930 ж., 1931 ж.) астығынан да, малынан да айрылды. Малшылықпен күн көрген орталық Қазақстан мен басқа жердегі ауылдар бұрынғы астықты аудандармен экономикалық байланысынан қол үзді. Мал шаруашылығымен айналысқан бүкіл қазақ аудандарын периметрі бойынша қоршай шығыс пен солтүстік, батыс шекараларды айнала орналасқан орыс селолары қиналса да, мұндай нәубетке ұшыраған жоқ. Резервацияда қалған, тек мал шаруашылығымен айналысқан, арасында егіншілікпен де шұғылданған қазақ ауылдарының көрген күні адам төзгісіз болатын. Шынында да бұл нәубет өзінің ұлттық сипаты жағынан этноцид деп атауға әбден лайықты еді. Ал, бұл мәселедегі еуроцентристік көзқарас тарихи еңбектерде, әсіресе, шетел ғалымдарының еңбектерінде әлі де жалғасып келеді. Қазақты шаруашылық түріне қарай көшпенді деу – тұрпайы социологизм. Мәселе олардың азық-түлігі мен малын түгелдей тартып алудан шықты.
Кеңес мемлекетінің басшылығы 1931-1933 ж. тек Қазақстанда ғана емес, Украина, Солтүстік Кавказда да халықтың жаппай қырылуына жол берсе де, оны құтқаруда 1921-1922 жж. сияқты халықаралық ұйым­дарға жүгінген жоқ. Құжаттарды ақтара отырып, ең болмаса КСРО-ның, тіптен, Қазақстанның өз ішінде, Қызыл Крест – Қызыл жарты Ай қоғамы болмаған ба, болса неге жұмыс істемеді? – деп таң қала­сыз. Ал, кеңестік билік тарапынан 30-жылдардағы нәубет барынша құпия сақталды. Оған сол кездегі шындықты баяндайтын емес, тек қиындықтарды ғана бер жағынан айтатын кез-келген құжаттың «аса құпия», «өте құпия», «жариялауға жатпайды» деген таңбамен жасырын қағаз бумаларына тығылып тасталуы куә. 1921-1922 және 1931-1933 жж.  екі ашаршылықтың салыстырмалы сипаты мен ерекшеліктері осындай.
Г. Ксенжик: – Қазақстан өз тәуел­сіз­­дігін алғаннан кейін қазақстандық та­­рих ғылымы схо­ластикалық тұ­жы­рымдамалардан арылып, өткен та­рихтың «ақтаңдақ» тұстарын зерттеуде алға едәу­ір қадамдар жасауда. Ел тәуелсіздігі гу­мани­тарлық ғылымның жаңа белестерге шығуына мүмкіндік берді. Қазақстандық ғылымның дамуының қазіргі кезеңінде тарихи ғылыми зерттеулердің ғаламдық деңгейге шығуы байқалады. Бұған ғылыми білімнің гуманитарландыру және экология­ландыру үрдістері, мәдени процес­тердің белсенділендіруі мен ғаламдануы, сонымен қатар, әртүрлі ғылыми бағыттардағы мамандардың ғылыми зерттеулерге қатысуы ықпал етеді. Лаңкестіктің, діни фундаментализмнің, ұлтшылдықтың, ғаламданудың және осы заманның басқа да көптеген үрдістері ғылыми түсіндіруді талап етеді. Саяси-мемлекеттік және тарихи үрдістердің көптеген сауалдарын түсіндіруде және сонымен бірге мәдени және әлеуметтік-экономикалық қатынастарды зерттеуде жаңа қадамдар жасалды.
Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы да­муы­ның негізгі басым бағыттары келе­сі:
– Жаңа дәуірдегі халықаралық қаты­настар жүйесіндегі Қазақстан және қазақтар;
– Этностар мәдениеті және олардың егемен Қазақстанның дамуына үлесі;
– Жаңа дәуірдегі этникаралық төзім­ді­ліктің қазақстандық үлгісін зерттеу тәжірибесі;
– Жаңа дәуірдегі Қазақстан тари­хын­дағы тұлғалар ролі;
– Жаңа дәуірдегі қазақтар және Қа­зақстан халықтары тарихы;
– Жаңа дәуірдегі мемлекеттілік эволюциясы;
– Жаңа дәуірдегі полиэтникалық және поликонфессионалдық қоғам;
– Жаңа дәуірдегі халықтың ішкі миграциясы процесстері;
– Жаңа дәуірдегі әлеуметтік-демо­графиялық жағдай мәселелері;
– Жаңа дәуірдегі өңірлер дамуының тарихи тәжірибесі;
– Қазақстанның ғылыми-картогра­фиялық зерттелу тарихы (кешенді пән­ара­лық зерттеу – тарих, география, картография);
– Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі және жаңа дәуірдегі Қазақстанның тәуел­сіздігі үшін күрес тәжірибесі және т.с.с.
– Жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихы дамуының басым бағыттарын жасаудың негізгі мақсаты қазақстандық ғылым күш-қуатын арттыру, қазіргі әлемдік талаптар деңгейінде ғылыми қызметтің жоғары сапасы мен тиімділігін қамтамасыз ету болып табылады. 
Қанат Өскенбай: – Қазіргі кездегі ордатану Қазақстан зерт­теулеріндегі ық­палдастыру тә­жі­ри­белері тақырыбы өте күрделі. Жошы ұлысы немесе Алтын Орда тарихы көптеген он­жылдықтар және жүзжылдықтар бойы әлемнің, көптеген елдер ғалымдарының назарын аударып келеді. Қазіргі таңда бұл мемлекеттің тарихын зерттеуге барлық ғалымдардың күшін біріктіру үшін шынайы мүмкіндіктер туды. Аталмыш тақырыпты тереңірек зерттеуге Қазақстан мен Татарстан ға­лымдары үлкен үлес қосуда. Ресейде Алтын Орда тарихын зерттеудегі Та­тар­станның ғылыми мектебі ең мық­ты орталық. Қазіргі Татарстанның жо­шытану тарихнамасы жаңа зерттеулермен, мақалалармен толықты. Сондай-ақ, қазақстандық тарихшылар, шығыстанушылар, археологтар да алтынордалық кезеңдегі Қазақстан тарихы мен Еуразия тарихын зерттеуді одан әрі жалғастырып келеді. Татарстан мен Қазақстанда Алтын Орда тарихы бойынша зерттеулер тақырыбының кеңейтілуі тығыз ғылыми байланыстардың орнауына, зерттеулердің ықпалдастық жолын қарастыруға мүмкіндік ашты. Осыған орай, Алтын Орда тарихын зерттеудегі қазақстандық-татарстандық ынтымақтастық өзінің алғашқы ғылыми нәтижелерін беруде. ҚР БҒМ Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Татарстан Республикалық Ғылым Академиясы Ш. Марджани атындағы Тарих институты арасында бірлескен ғылыми-баспагерлік қызмет туралы келісімге қол қойылды. Қазіргі таңдағы Қазақстан мен Татарстан ғалымдарының бірлескен зерттеулерінің нәтижесінде Алтын Орда тарихын зерттеудегі келешек тек жаңа, беймәлім құжаттарды іздеу мен оларды ғылыми айналымға енгізу арқылы ғана табысқа әкелетіндігін көрсетіп отыр. Сондықтан, ғылыми ізденістердегі ілгерілеуге, тек тар шеңбердегі ұлттық аумақта қалып қоймай, халықаралық ықпалдастықтар нәтижесінде ғана қол жеткізуге болатындығына сенімдіміз.
Серік Әжіғали: – Келешекте Қа­зақ­станның тарих ғы­лымын дамытудың стра­тегиялық бағдар­ла­масында этнология ғылымы дер­бес қоғамдық-гумани­тар­лық пән ретінде ерекше орын алады. Ма­ңызды этнологиялық-этнографиялық ізденістерсіз кешенді жалпы тарихи зерттеулер жүргізу және этнос пен мәдениеттің шығу тегіне, өткеніне, бүгініне және болашағына қатысты іргелі заңдылықтарды жасап шығу мүмкін емес. Қазақстанның этнология ғылымының алдында бірқатар өзекті және келешегі бар міндеттер тұр. Отандық этнология ғылымының дамуын тежеп отырған өте маңызды мәселе арнайы ғылыми-ұйымдастыру құрылымның болмауы (Ғылыми-зерттеу орталығы, Институты). Мұндай орталық көптеген маңызды міндеттерді: мемлекет құраушы қазақ этносы мен еліміздегі басқа эт­нос­тардың тарихы мен мәдениетін, олар­дың төл мәдени мұрасын таныстыруды, ұлтаралық қатынастарды және оны болжауға мол септігін тигізіп, шетелдегі қазақ диас­порасын кешенді зерттеуді және басқа да көптеген қосалқы мәселелерді шешер еді. Қазақстанда Этнология инс­титутын қалыптастыру үшін барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы маңызды кадрлық әлеует, яғни, 100-ден астам кә­сіби этнологтар (оның ішінде 15 ғылым докторы және 60-қа жуық ғылым кандидаты), сонымен қатар көптеген аралас-мамандар: мәдениеттанушылар, фольклористер, этноархеологтар, өнертанушылар, мұражайтанушылар және т.б.
Қазіргі таңда Қазақстан этнология ғылымындағы ерекше маңызды мәселе – қарқынды дамып келе жатқан қазақ этносын жан-жақты зерттеу. Оның шығу тегін, тарихи дамуын, өте бай дәстүрлі мәдениетін, қазіргі этноәлеуметтік жағдайы мен келешегін тұтастай қарастыру. Бұл тұста, этнография ғылымының өзіндік қайталанбас ұлттық мәдениеті бар тәуелсіз мемлекеттің беделін көтеруге тікелей қатысы бар. Сондықтан, алдағы жылдары «Қазақтар» атты көптомдық басылымды және де басқа қазақтың тарихи этнографиясына қатысты қомақты еңбектер дайындап шығару ел ішінде және шетелдерде үлкен ғылыми-танымдық, презентациялық, идеологиялық маңызы бар іс. Өте өзекті мәселе – қазіргі кездегі қазақ этносының мәдениетін, этноәлеуметтік ерекшелігін, демографиялық құбылыстардың даму беталысымен келешегін зерттеу болып табылады. Сонымен қатар, аса көкейкесті мәселе шетелдегі қазақ диаспорасының мәдениеті мен этноәлеуметтік даму ерекшелігін зерттеу. Қазақстанның этнологтары мен этносоциологтарының басқа да үлкен ғылыми-практикалық міндеті – ол қазіргі кездегі этномәдени, этноәлеуметтік үрдістерді және көпұлтты халықтың құрамын ескере отырып олардың динамикасы мен даму келешегін зерттеу.
Этнография қоғамдық-гуманитарлық саладағы жалпы мемлекеттік, регио­налдық кешенді бағдарламаларды жүзеге асыруында және басқа да ғылыми-практикалық бағыттарды дамытуда ерекше рөл атқарады. Өкінішке орай, «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасында этнографиялық бағытының мүмкіндіктері толық пайдаланылмаған. Этнографиялық зерттеулер біздің елдегі туризм дамуымен тығыз байланысы бар екені сөзсіз, бірақ, бұл саланың жандануында, өсуінде маңызды фактор болатын алуан түрлі халық мәдениеті өзінің лайықты орнын тапқан жоқ. Этнология мемлекеттің территориялық тұтастығының мағыналық факторы болып табылатын жылжымайтын ескерткіштерді зерттеумен тікелей байланысты. Осыған орай, жаңадан қалыптасып келе жатқан «қазақ ескерткіштану» бағытының қоғам­дық маңызы мен келешегі өте зор. Этнография практикалық, бедел-бейнелік (имидж) рөлі жоғары көркем кәсіп пен қолөнер саласының дамуында маңызды негіз екені де белгілі.
Сонымен, этнология саласына қатыс­ты кешенді ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық бағыттардың ішінен мына мәселелерді бөліп көрсетуге болады: бірінші, екі немесе үштомдық «Қазақтар» атты қорытынды ғылыми-танымдық еңбекті дайындап жариялау; екінші, алдағы уақытта жеткіліксіз зерттелген, арнайы монографиялары жоқ, қазақтың тарихи этнографиясына қатысты мәселелерді тереңдеп зерттеу; үшінші, күрделі және аз зерттелген мәдениеттің типологиясы мен генезисіне байланысты мәселелер бойынша арнайы ізденістер жүргізу; төртінші, Қазақстанның этнография ғылымы тарихының негізгі кезеңдерін, «XX ғ. 2-жартысындағы қазақ этнография мектебінің» рөлін зерттеу; бесінші, Қазақстанның антропология мектебін кадрлық жағынан дамыту; алтыншы, Қазақстанда этносоциология бағытты дамыту және республика аймақтарында үздіксіз далалық этномәдени зерттеулер жүргізу; этномониторинг және этноконсалтингті жүзеге асыру; жетінші, қазақ диаспорасына (негізінен ең репрезентативті Қытай, Монғолия, Орта Азия және Ресейдегі топтар)және оның мәдениетіне тұтастай зерттеу жүргізу; сегізінші, этноархеологиялық бағытты, оның ішінде аса маңызды және өзекті болып табылатын «қазақ (этнографиялық) ескерткіштану» саласын, одан әрі күшейту; тоғызыншы, этнографиялық деректану мәселелерін жетілдіру; оның ішінде маңызды қазақ этнографиясына қатысты кеңес дәуіріне дейінгі ресейлік бай деректердің қорын жариялау; оныншы, қазақ халқы этнографиясының 2-томдық библиографиясын дайындау және жариялау; этнографиялық және этномәдени тақырыпқа қатысты 10 мыңға жуық жарияланым бар.
Қайрат Әлім­ға­зинов: – Қа­зір­гі кезде ғылыми қауым­­дастық орта­сын­­­дағы кең көлемде тал­қы­ланатын мәсе­ленің бірі – на­рықтық эконо­мика тұсындағы ғылыми зерттеулердің соңғы қорытынды нәтижелерінің құны қандай? Тарихта жаңа ашулар қанша тұрады? Отандық гуманитарлық ғылым үшін интеллектуалдық қызметтің қорытындысы, адами капиталдың қалыптасуы, жаңа экономиканың тірегі ретінде ғылымның жаңаруы, яғни, экономикалық білім әлі де болса Terra Incognita. Бүгінгі объективті бақталастық жағдайында мемлекет қайда, қандай бағытқа қаржы бөліп отыр, оның құны қандай? Ғалым еңбектерінің сілтемелік көрсеткіштерінің өлшемін анықтау, ғылыми зерттеулерінің нәтижесі жоғары импакт-факторлы журналдарда жариялануына талаптың қойылуы да осыған әкеле жатқан жоқ па. Бүгінгі таңда мемлекет өзі адами капиталды қалыптастыруға бастама тастап отырғанда шамамыз жететін «гуманитарлық үлес» қосып қана қоймай, жеке сектор жағынан гуманитарлық ғылымға инвестиция әкеле алатын бірыңғай әдістемелік тізбелер звеносын қалыптастыру қажет. Бұл мәселені шешу, тікелей ғылыми білімді коммерцияландыру, ғылыми зерттеулердің нәтижесін экономикалық айналымға енгізу, ХХІ ғ. экономикасының үдемелі дамуының тепе-теңдік негізін анықтайтын зияткерлік меншік туралы ұғымды (интеллектуальная собственность) қалыптастыру қажет. Зияткерлік меншікті қорғауға Зияткерлік меншіктің әлемдік ұйымы (WIPO) шеңберінде қол жеткізе аламыз. Бұл жерде гуманитарлық ғылымдағы зияткерлік қызмет нәтижесін коммерцияландырудың бірнеше жолы бар. Бірақ, тарихтағы ҒЗЖ экономикалық тиімділігінің көрнектілігін көрсететін бір мысалмен ғана шектелейік. Музей топтамасы, ашық аспан астындағы тарихи ескерткіштер, сәулет, өнер ескерткіштері экономикалық қатынастар үдерісіне тартылған мәдени мұраның бөлігі ретінде тарихи-мәдени құндылық және де нақтылы нарықтық құны анықталған тарихи мүлік болып табылады. Бірақ, өкінішке орай, осы мәселелерді шешетін нақтылы жүйеге келтірілген әдістер жоқтың қасы. Көп жағдайда құндық бағасы экономикалық сараптама бойынша анықталады да, тарихи мүліктің құндылығы ескерілмейді.

 

 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. 1921-1922 және 1931-1933 жж.ашаршылықтың айырмашылықтары өте жақсы айтылған екен,мол мағлұмат береді.

Пікірлерге тыйым салынады.