«Табиғи ресурстар қарғысы» және қазақ жалқаулығы

  • 23.06.2014
  • 2702 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сейілбек Мұсатаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы

«Ресурстар қарғысы» – табиғи қазба байлықтары мол бола тұра, экономикалық дамуы тежеліп қалған елдерге (негізінен Азия және Африка аймағындағы бірқатар мемлекеттер, ТМД  елдері) қатысты қолданылатын экономикалық құбылыс болып табылады.

Әлемдік тәжірибеде табиғи ресурстары аз немесе мүлдем тапшы кейбір елдер (Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония) экономикалық дамудың озық үлгісін көрсетуде. Сол сияқты, жер қойнауы кенге толы, экономикасы жан-жақты дамыған, халқының әл-ауқаты артқан елдер де жетерлік (АҚШ, Канада, Австралия, Біріккен Араб Әмірліктері, Бруней, Ливия, Норвегия, т.б.). Сонда, «ресурстардың қарғысы» қандай елдерді атады? Бұл ұғымды ғылыми айналысқа ендіруші Ричард Аутидің айтуынша, қоныстанып отырған ата жұртының асты мен үсті  табиғатынан кен-байлыққа толы болғанымен, билеушілері қолда барды ұқсатып игере алмаса, «ресурстардың қарғысына» ұшырайды екен. Р.Аути «Ресурсқа тәуелді елдердегі тұрақты даму: ресурстық қарғыстың проблемасы» атты еңбек жазып, экономикасы минералды ресуртарға тәуелді мемлекеттерді салыс­тырып зерттеген. Ол Бразилия, Мексика, Қытай сияқты территориясы үлкен, тау-кен байлықтары мол, халқының саны да көп елдерді Тайвань, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты табиғи ресурстары аз елдермен салыстырып, дамуындағы айырмашылықтарын көрсетуге тырысқан. Сөйтіп, тауар өндірісі, жаңа технологияларды дамыту, туризм мен еркін сауда жасауды дұрыс жолға қою, білім беру мен денсаулық сақтауды, құрылыс пен ауыл шаруашылығын жаңаша өркендетуден түсетін табыс табиғи қазба байлықтарды шикізат күйінде сатумен салыстырғанда әлеқайда көп болатынына көзі жетеді. Тіптен, шикізат сатушы елдер өздері сатқан шикізаттан өндірілген тауарларды бірнеше есе қымбат бағамен қайта сатып алып тұтынатынын көрсетеді. Бұдан кімнің ұтып, кімнің ұтылатыны айтпаса да түсінікті. 

Аталған зерттеуші «ресурстар қарғы­сының» басты себептерін: табиғи шикі­зат­тарды экспортқа шығарып сатудан ел ішіне қыруар қаржының кіріс болып енуі нәтижесінде ішкі нарықта тауармен қамтамасыз етілмеген ақша айналымының күрт өсуі; әлемдік нарықтағы шикізатқа деген бағаның тұрақсыз болуы; ресурстарды бөлу мен қайта бөлудегі мемлекеттік реттеудің дұрыс болмауы; шикізат сатудан түскен «оңай ақша» сыбайлас  жемқорлықтың дамуына ықпал етуі; шикізат ресурастарын экспорттаудан түскен мол қаржы тұрақтылық пен дамудың иллюзиясын туындатып, оның ақыры тоқырау мен экономикалық стаг­нацияға ұласуы; табиғи байлықтарды шетелге сатудан түскен оңай олжаның буы бас айналдыруынан мемлекетте немқұрайдылық пен жалқаулық туындап,  экономиканың шынайы секторларын, өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға деген ынта-жігердің, мотивация мен қажеттіліктің болмауы және т.б. деп көрсетеді.
«Ресурстар қарғысының» келесі зардабы – табиғи ресурстарды бөлу мен қайта бөлу барысында қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар арасында талас-тартыс туындап, оның аяғы жанжалдарға ұласып кетуі. Әсіресе, ресурс қарғысына ұшыраған елдің ішіндегі қазба байлықтары мол  аймақтың халқында сепаратистік көңіл күй басым болады. Мұндай жері бай аймақта тұратын адамдар үшін табиғи ресурстар әділетсіз бөлініп жатқан сияқты көрініп, олардың туып өскен аймағы бүкіл елді асырап отырған сияқты көрінеді. Р. Аути бұған африкалық тайпалар арасындағы қырқысуды мысалға келтіреді (әсіресе, Анголаның Кабинда провинциясында, Нигерияда орын алған жанжалдар).  Бұдан бөлек, ресурстарға таласудың көзге көрінбейтін астыртын түрлері де жетіп артылады: кландар (ұйымдасқан сыбайлас топтар)  мен қаржы-өндірістік топтар арасындағы, қылмыстық ортаның үлескер болуға ұмтылуы, мемлекеттік органдар мен ірі шенеуніктердің табиғи ресурстарға қол жеткізу ниеті т.б. Мұның барлығы түптеп келгенде мемлекеттік басқарудың тиімділігін төмендетіп жібереді. 
«Ресурстар қарғысының» тағы бір зардабы – табиғи байлықтарға сүйенген мемлекеттік билік азаматтардың алдын­дағы жауапкершілігін сезінбей, халықпен есептеспей, шикізат сатудан түскен мол қаржымен білгенін істейді. Ресурстардан пайдаға кенеліп отырған ауқаттылар болса қоғамнан барынша жабық болуға  тырысып, табыс көздерін жария етуден қорқады. Азаматтық қоғам институттарынан секемденіп, салықтан жалтарып, табиғи ресурстарды саудалау арқылы жиған-терген капиталдарын сақтауға жан-тәндерімен кіріседі. Асылы, қолдан келсе, елдің аузынан жырып алып жинақтаған бар байлықтарын шетелдік салықтан таза аймақтарға (оффшорлық аймақтарға) алып қашуға тырысады. Капиталдың «сыртқа қашуы» осыдан келіп шығады.
«Ресурстар қарғысымен» байланысты құбылыстың бірі – «голланд ауруы». Голланд ауруы да сол, табиғи ресурстарды экспорттаудан түскен мол табыс экономиканың өзге салаларының, әсіресе, өндіріс пен ауыл шаруашылығының дамуына жағымсыз әсер етуімен сипатталады. Бұл атаудың туындауы 1959 жылы Голландиядағы Гронинген табиғи газ кенінің ашылуымен тығыз байланысты. Голландия газды экспорттауға басымдық беріп, экономиканың басқа салаларына аса мән бермейді. Осының нәтижесінде 1970 жылдары Голландияда қатты инфляция жүріп, жұмыссыздардың саны күрт өседі. Кейінірек, бұл қателіктен сабақ алған голландықтар өңдеу мен аграрлық секторларды дамытуға күш салады. 1980 жылдардың басында мұнай бағасының көтерілуінен Сауд Аравиясы, Нигерия, Мексика сияқты елдер дәл осындай «голланд ауруына» ұшырайды. 
Парадоксты жағдай: экономикада ақша тапшы болса да, шамадан тыс көп болса да жаман екен. Яғни, нақты еңбекпен және өндірілген тауармен қамтылмаған ақша көлемі артуынан ұлттық валюта девальвацияға ұрынып, ел ішінде инфляция туындайды. Бір қарағанда айлық жалақының деңгейі өскен сияқты көрінгенімен, шын мәнісінде ол тұтынушылардың сатып алушылық қабілетін арттыруға ықпал ете алмайды.
Джеффри Сакс және Эндрю Вер­нер деген батыс зерттеушілерінің «Табиғи ресурстар молшылығы және эконо­ми­калық өсу» атты бірігіп жазған еңбе­гін­де шикізат сату арқылы қол жет­кізген экономикалық өсімнің тұрақсыз болатыны, табиғи ресурстар сарқылып, орны толмайтын болғандықтан бағы да баянсыз екендігі айтылады. Әлемде шикізатқа қарағанда, одан өндірілген өнімдерге деген сұраныс қашанда жоғары. Бұл екі автор территорияларында табиғи қазба байлықтары жұтаң болса да, өздерінің экономикасын өңдеу, өндіру, өнеркәсіп бағытында дамытқан елдердің табиғи ресурстар тапшылығынан арыла алатынын Корея Республикасы мен Жапонияны мысалға келтіре отырып көрсетеді. Жоғарыда айтылғандардың барлығы да әлемдік тәжірибеде шынайы орын алған жағдайлар. 
Енді, осы қиын мәселенің Қазақ еліне қатысы бар ма деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Қазақ жерінде табиғи қазба байлықтарының мол қоры  бар, біз де «ресурстар қарғысына» немесе «голланд ауруына» душар болып қалмаймыз ба? Бұл мәселеге Қазақстан Президенті Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ерекше мән берді. Елбасымыздың әрбір Жолдауында ұлттық экономиканы әртараптандырудың қажеттілігі, біржақты шикізат сатудан арылу, кластерлерді дамыту, әлеуметтік серіктестік құру, индустриалдық инновациялық даму, ауыл шаруашылығын жаңғырту, кәсіп­керлікті қолдау сияқты игі бастамалар үнемі көтеріліп келе жатыр.
2012 жылы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдар­ламалық мақаласында Елбасы әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз деп атап көрсетті. Президентіміз 1990-шы жыл­дардағы «жабайы капитализмнің» өтпелі бастап­қы кезеңінде «жабысқан» еңбекке өңі айналдырылған, «аз жұмыс істеп, көп табыс табу», «ауадан ақша жасау» сияқты теріс көзқарастардан арылу, адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру сияқты өзекті мәселелерді көтеріп, Қазақстанның әлеуметтік саясаты бәсекеге қабілетті және күшті жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталуы тиіс деп айқындады. Үкіметке Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарын әзірлеуге тапсырма берді. Негізі, Президентіміздің Қазақстанда жалпыхалықтық еңбек қоғамын құру бастамасы өмір талабынан туындаған болатын. «Ресурстардың қарғысы» мен «голланд ауруына», түрлі дағдарыстарға ұрынбау үшін бүкіл қоғам еңбек етуі керек. Бұған қол жеткізуіміз үшін миллиондаған жұмысшы еңбек ететін алып өндіріс ошақтары, өңірлердегі тұрғылықты халықты жаппай жұмыспен қамтитын ауыл шаруашылық кешендері, мыңдаған шағын кәсіпорындар, орта және шағын бизнес шынайы жұмыс істеп, экономикамыз жан-жақты дамуы қажет. Әзірге, қазақстандық өмірдің шынайылығы армандағыдай емес. Қазақстанның ұлттық экономикасы шикізат тәуелділігінен арыла алмай келеді, экономиканың шынайы секторлары тиісті деңгейде дами алмауда. Оның себептері туралы көп айтылып, қаншама жазылып та жатыр, бірақ, обалы не керек, нәтиже аз.
Елбасымыз Қазақ еліндегі қоғамдық проблеманы дөп басып, «аз жұмыс істеп, көп табыс табу», «ауадан ақша жасау»сияқты теріс көзқарастар қазақстандықтардың сана-сезімін жаулап алғанын ашына айтуы тегін емес. Ұлт көшбасшысы ХХІ ғасырдағы қазақ жалқаулығының сын-сипатын дәл айқындап отыр. Жасырары жоқ, Қазақстанда «ауадан ақша жасаудың» небір әдіс-тәсілдері бар. Кейбір жұмыссыз отандастарымыз ауыл-аймақтың көркі болған табиғатты жыртқыштықпен тонауда (ормандарды отап, ағаш сатады, өзен-көлді сүзіп балық пен уылдырық алады, жабайы аң-құстарды браконьерлікпен жаппай қыруда т.б.). Қолынан келгендер кеңестік дәуірден қалған зауыт-фабрикаларды жекешелендірді, біреулері ғимараттар мен түрлі нысандарды бұзып сатты. Құрылыс компаниялары үлескерлерді алдап, тез баюдың жолын тапты. Фермердің малын үптеп кететін барымташылар пайда болды. Дайын бизнеске ие болғысы келетін рейдерлер шықты. Парақорлар мен бәлеқорлар, жезөкше мен ұры-қары көбейді. Қайсы бірін айтамыз, бизнес пен кәсіпкерлікке қарағанда, «ауадан ақша жасап», көлденең табыс табуды біздің «жалқау» қоғам тез-ақ меңгерді. Ал, билікке жақын жүргендер сыбайлас жемқорлыққа белшеден батып, дәніккен былай тұрсын, «оңай ақшаға» әбден құнықты. Дәл осы сыбайласу арқылы жемқорлық жасау мемлекеттік деңгейден бастап, экономиканың барлық тармақтарын, қоғам өмірінің кейбір саласын дендеген дертке айналып отыр. Әсіресе, мемлекеттік сатып алудағы келеңсіздіктер туралы, тендер мен «откат» жайлы білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Ұлттық мүддеден жеке бастың мүддесін жоғары қоятын шенеуніктердің кесірінен болатын сыбайлас жемқорлықтан еліміздің кейбір тұстардағы дамуы ақсап жатыр. Қанша жыл болды, қазақстандық мемлекеттік сатып алудың олқы тұстары мен тендер өткізудегі сыбайлас жемқорлықты бүкіл қоғам білгенімен, осы саладағы жағдай түзелмей келе жатыр. Қашанғы ұлттық қазынаның қаржы-қаражаты бармақ басты, көз қысты жолмен өтетін тендерлер арқылы талан-таражға түсе бермек? Мемлекеттік сатып алуды ашық әрі таза етіп өткізудің жолдары жоқ па? Мүмкін, қазіргі қолданыстағыдан мүлдем бөлек, балама жол табылып қалар? Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу мен тапсырыс, тендерлер мен конкурстар «ауадан ақша жасаудың» үлгісі болып, жұмыс істемей ақша табуды көздейтін, «ақ жағалы қазақ жалқаулығының» асқақ арманы болып қала бермек пе? Осының кесірінен қаржы-қаражатты жымқырудан бөлек, сапасыз атқарылған жұмыстар мен қауіпсіздікке төнген қатерлер сияқты мемлекетімізге келтірілген зиянкестікті тізсек, көп келеңсіздікке куә боламыз.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» деген тақырыпта өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Президентіміз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыпастыру – қазақстандықтарды жұмыспен қамту, біздің бүкіл еңбекшілеріміздің өмір сапасы үшін басты шарт екеніне, еңбек, жауапкершілік және тәртіп арқылы ғана бүкіл Қазақстан дами алатынына тағы да баса назар аударды. Мұның барлығына ұлттық экономиканы диверсификациялап, әртараптандыру арқылы ғана қол жеткізеріміз анық. Бірақ, өкінішке орай, Қазақстан жағдайында сөз бен істің арасындағы алшақтық қысқармай отыр. Президентіміз Қазақстан Үкіметін тиімсіз қызметі үшін талай рет сынады. Экс-Премьер-министр Серік Ахметов бастаған министрлердің ел экономикасын жандандыруға шетел инвестициясын тиісті көлемде тарта алмағаны және өндірістік-инновациялық бағдарламаның алғашқы бесжылдығын сәтсіз аяқтағаны үшін мемлекет басшысынан сөгіс алғаны да есімізде.
Шикізат сатудың таптаурын сүрлеуінде өгіз аяңмен ілбіген елдің экономикасын «ресурстардың қарғысы» атып, «голланд ауруына» шалдығатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Сондықтан, Қазақстан одан сабақ алып, экономиканың шикізаттық бағытын шектеуге, индустриялануға тырысуда. Қазақстанның өндірістік дамуға қарай бетбұрысы 2003-2007 жылдары Премьер-министр болған Даниал Ахметов тұсында басталған еді. 2004 жылы Үкімет құрамында жаңа министрлік – Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі құрылды (2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 Үкімет қаулысымен). Елбасының 2004 жылғы 19 ақпандағы ел халқына арнаған «Бәсекеге қабілетті Қазақстан, бәсекеге қабілетті экономика, бәсекеге қабілетті ұлт» атты Жолдауына сәйкес ұлттық экономикамызды кластерлік жүйемен дамыту қолға алынды. Оның мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторларын жеке бизнес құрылымдары арқылы дамыту, мемлекеттің бәсекеге қабілетті артықшылықтарын барынша пайдалану, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 25 маусымда бекіткен № 633 Қаулысына сәйкес, кластерді дамыту Жоспары бойынша, жеті сынақ кластерін құру белгіленді:
1. «Тоқыма өнеркәсібі» кластері (ағыл­шынша: 1. Жиналу, топталу; 2. Жи­налған топ). Алайда, тоқыма және тігін өнеркәсібін дамытуды көздеген, негізгі орталығы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы болуға тиіс «Тоқыма өнеркәсібі» кластерінің негізгі мақсаты әзірге орындала қойған жоқ. 
2. «Металлургия» кластері. Бұл клас­тердің де металлургиялық өнімдерді жо­ғары деңгейде қайта өңдеу, осы салаға кәсіпорындарды көптеп тарту мақсаты толыққанды орындалмады.
3. «Туризм» кластері. Біраз жобалар іске асырылды, бірақ, еліміздегі инфра­құрылым мен сервистік қызмет көрсетудің жетілмеуінен ұлттық туризм саласы әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке сай емес. Қазақстандықтар шетелдерге саяхаттауды жөн көреді, шетелдік саяхатшылар да елімізге келіп қыдыруға әзірге онша ынтық емес.
4. «Транспорттық  логистика» кластері. Бұл кластер елімізде біршама дамыған, Қазақстанның маңызды геосаяси аймақта орналасуы, транзиттік әлеуетінің мол болуы бұл кластердің жүзеге асуына игі ықпал етіп отыр.
5. «Азық-түлік өнеркәсібі» кластері. Оның ішінде, астық өңдеу – солтүстік аймақта (Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары); жеміс-көкөніс – Оңтүстік аймақта (Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстары); сүт – Қостанай облысында. Шығыс Қазақстан облысында май, сүт, ет және астық бағыттарынан тұрады. Бұл кластерлік бағыттың әлеуеті зор, бірақ, толық жүзеге аса қойған жоқ. Қазақстан әлі күнге дейін азық-түлік импортының тәуелділігінен арыла алмай келеді.
6. «Құрылыс материалдары» кластері. Бұл кластердің мақсаты отандық құрылыс саласын қажетті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге қол жеткізу болатын. Бірқатар жетістіктер бар, цемент, бетон, кірпіш, қоспалар, қаптамалар, тұрба жасау зауыттары салынды. Бірақ, олардың әлеуеті шектеулі, бүкіл елдің қажеттілігін өтей алмайды. Діттеген мақсатқа жету үшін әлі талай істер атқарылуы тиіс, құрылыс заттарын өндіру кәсіпорындарын кешенді дамыту өзекті мәселелер қатарында.
7. «Мұнай-газ машина құры­лысы» кластері. Кластердің мақсаты мұнай-газ машина құрылысы саласын дамыту, осы салаға қажетті бәсекеге қабілетті тауар өндіру. Атқарылған істер көп, дегенмен, отандық машина жасау кәсіпорындары мұнай компанияларының сұраныстарын толықтай өтеуге әлі дайын емес. Егер де, осы аталған жеті бағытты кластерлік даму Қазақстанда шындап жүзеге асар болса, онда «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында межеленген әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіруіміз ғажап емес. Бар мәселе кластерлік дамуды қағаз жүзінде емес, іс жүзінде іске асыра білуімізде.
Кластерлік дамумен қатар, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту (ҮИИД) жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Елбасы жасаған мәлімдемеге сүйенсек, ҮИИД бірінші бесжылдығында Қазақстанда 800 кәсіпорын іске қосылып, жобаға бюджеттен 700 млрд. теңге қаржы бөлінген, 150 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұған қоса, ҮИИД оңтайлы жүргізу, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Президентінің 2008 жылғы 13 қазандағы № 669 Жарлығына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 қазандағы № 962 қаулысына сәйкес «Қазына» орнықты даму қоры» акционерлік қоғамы мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі акционерлік қоғамын біріктіру жолымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, 2013 жылғы 22 мамырдағы № 571 Президент Жарлығымен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі Акционерлік қоғамдары құрылғанын айта кеткеніміз жөн.
ҮИИД бірінші бесжылдығын қоры­тын­дылай келе, Қазақстан Пре­зиденті Н. Назарбаев оның ауқымында атқарылған істер аз емес, бірақ, кемшіліктер де көп, жүзеге асыра алмаған мүмкіндіктеріміз де жетіп артылады деп атап көрсетті. Талай сынға ұшыраған бұл бағдарлама белгілі бір дәрежеде еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосты. Алайда, іске асыра алмаған мүмкіндіктердің көптігі қынжылтады. Елбасымыз бұл бағдарламаның кемшіліктерін өткір сынауы көп нәрсені аңғартса керек. Әсіресе, қаржы-қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы; қағаз жүзінде ғана бар, өнім шығармай жатып банкрот болатын зауыт-фабрикалар; тағы да сол, сыбайлас жемқорлық; жобалау-құрылыс жұмыстарының сапасыз атқарылуы; инвестицияның дұрыс игерілмей, оффшорлық аймақтарға ұлттық капиталдың «қашуы» сияқты келеңсіздіктер орын алып келеді.
2013 жылдың қазан айында Елбасы тапсырмасымен 2015-2019 жылдарға арнал­ған ҮИИД екінші бесжылдығының тұжырымдамасын дайындайтын жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі АҚ енді. Жаңа тұжырымдама жақында бекітіліп, елімізде индустрияландырудың екінші толқыны басталмақ. Сонымен қатар, Қазақстанның перспективалы ұлттық кластерлерін қалыптастырудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бойынша (2013 жылғы 11 қазандағы № 1092 Үкімет қаулысымен бекітілген) енді, біздің кластерлік саясатымыз екі бағытта шоғырланатын болады: «Дәстүрлі экономика» және «Болашақ экономикасы» секторлары.
1. Дәстүрлі экономика сектор­ларын­дағы ұлттық кластерлер. Перс­пек­ти­валы ұлттық кластерлер, негізінен технологиялық тізбектерді оңтайландыру және ұзарту, оларды оқшаулау, кооперацияны дамыту есебінен табиғи ресурстардың әлеуетін қолданатын қолданыстағы және пайда болатын кластерлер базасында дамитын болады. Дәстүрлі экономика секторындағы әлеуетті кластерлерге: 1) мұнай мен газды өндіру және қайта өңдеу технологияларының кластерлері; 2) металлургия кластерлері;3) машина жасау кластерлері; 4) химия өнеркәсібі кластерлері; 5) туристік кластерлер; 6) жеңіл өнеркәсіп кластерлері; 7) агроөнеркәсіптік кешен кластерлері; 8) көліктік-логистикалық кластер; 9) балама энергетика кластерлері жатқызылған.
2. «Болашақ экономикасы» секто­рын­дағы кластерлер. «Болашақ экономикасы» кластерлерінің мақсаты – елде бұрын болмаған ғылымды көп қажет ететін өндірістерді және экономика секторларын, жаңа технологиялық құзыреттер құру, инновациялық серпінді қамтамасыз ету негізінде әлемдік нарықта елдің жаңа бәсекелестік артықшылықтарын (білім кластері, әлемдік технологиялық аутсорсинг) қалыптастыру. Оның әлеуетті кластерлері: 1) «Назарбаев Университеті» ДБҰ кластері, өмір туралы ғылым, медицина, жаңа материалдар өндірісінде маманданумен материалтану, перспективалы технологиялар және дизайн, 3-Д принтинг, энергия үнемдеуші технологиялардың, биотехнологиялардың кіші кластерлері; 2) «Инновациялық технологиялар паркі» кластері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, перспективалы технологиялар мен дизайнның кіші кластерлері. Бұл кластер Астана ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізумен тығыз байланысты.
Көріп отырғанымыздай, Қазақстан өзінің экономикасын шикізаттық бағыт­тан өндіріске қарай бұруға талпынуда. Заңнамалық негізі, мемлекеттік бағдар­ламалары сақадай сай, тек ұлтттық жоспарды жүзеге асырарлық нәтижелі іс-қимыл керек. Проблема мен қиындықтар нәтижелі іс-қимылдың аздығында болып отыр. Осы жерде Қазақстанның ҮИИД бағдарламасын жүзеге асыруда негізінен ірі ұлттық компанияларға көңіл бөлініп, әлеуеті зор қосымша өндіргіш күштерді, яғни, бүкіл қоғамды, барлық әлеуметтік топтарды, атап айтсақ, кәсіпкерлер мен бизнес құрылымдарды, агрошаруашылықпен айналысатын ауыл халқын тартуға жеткілікті көңіл бөлінбей жатқаны байқалады. Көрші Қытай елі 1980 жылдары экономикалық реформаларды қарапайым ғана мақсаттармен бастағанын бүкіл әлем біледі, Дэн Сяопин бүкіл елдің алдына «Қытай ең алдымен өзін-өзі ішетін тамақпен жә­не киетін киіммен қамтамасыз етуі тиіс» деген қарапайым ғана мақсат қойды. Өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізгенде, Қытай халқы өз елдерінің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз еткендерін түсінді. Алысқа бармай-ақ, индустрия мен инновацияны дамытуда қытайлардан үйренеріміз көп. Қытай билігі «Ашыққан адамға балық берме, қолына балық ұстайтын қармақ бер» дейтін шығыс даналығын басшылыққа ала отырып, әрбір қытайлық азаматқа еркін кәсіпкерлікпен айналысуға, шағын өнеркәсіп, өндірістік цехтар ашуға кең мүмкіндіктер беріп, Маоның мәдени төңкерісінен титықтаған экономиканы жаңғырта алды. Салық саясатын, несиелеуді тиімді жолға қойды, шетелдік технологияларды барынша елге ендіруге күш салды, арнайы экономикалық аймақтар құрып қана қоймай, дамыған елдермен біріккен кәсіпорындарды әрбір Қытай провинциясынан ашуға қажетті барлық жағдайларды жасады. Табиғи ресурстары тапшы елдердің көпшілігі осы сияқты экономикалық саясатты ұстанып, дамыған елдердің қатарына іліккен. Осы сияқты әлемдік тәжірибедегі өндірісті дамытудың озық үлгілерінен біздің еліміз неге өнеге алмасқа? 
Қазақтар арасында қалыптасқан стереотиптер көп, мәселен, өз күштеріне деген сенімсіздігі, ынта-жігердің аздығы т.б. Шаруаға қыры жоқ кейбір қазекемнің айтатыны – «қазақ жалқау ғой», өзгеге қарап айтатыны «бізге ондай болу қайда»,  одан қалды, «біреуден ілгері, біреуден кейін, шүкір жағдайымыз». Өз заманында Абай атамыз «Қара сөзінде» қозғап көтерген қазақ қоғамының проблемалары сол күйі, қаз-қалпында тұрғандай. Сондықтан, ресурстар қарғысына ұшырамай, қазақ жалқаулығын оңтайлы еңсеру үшін ерекше мемлекеттік саясат қажет сияқты. Бұл экономиканың бірнеше саласын қамтитын кешенді мәселе. ҮИИД екінші бесжылдығында осыған баса назар аударып, өндірістік-инновациялық дамуға ел азаматтарының да өзіндік үлесін қосуына билік тарапынан қажетті жағдайлар жасалса жақсы болар еді.
Мысалы, елімізде өндіріс орындарын көптеп ашуға, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларын дамытуға игі ықпал ету мақсатында алдағы ҮИИД бесжылдығы ішінде Қазақстанға шетелдерден импортталатын мынадай негізгі заттарға кедендік баж салығы барынша жеңілдетілсе (мұндай ерекше импортты тек Қазақстанда ғана пайдалануға рұқсат етіп, Кедендік одақ ауқымында алып-сатуға тыйым сала отырып), тіптен, мүмкін болса, кейбір маңызды түрлері кедендік салықтан мүлдем босатылса:
1) Шикізат өңдеу мен түрлі тауарлар өндіруге қажетті құрал-жабдықтар: станоктар, технологиялық желілер (тері, жүн, ет, сүт, мақта, мата, ағаш, темір, пластик, тұрмыс қалдықтарын т.б. өңдеу-өндіруге арналған), минизауыттар, жылыжайлар,  құрал-саймандар т.б. Бұған қосымша осы бағытта несиелеу, лизингке беру, мемлекеттік қолдау жасалса. Егер, бұған қол жеткізсек, қалада да, ауыл-аймақта да қаншама азаматтар жергілікті жердің ерекшелігіне сай келетін шағын өнеркәсіп цехтарын ашып, қолда барды ұқсатып, шаруаларын дөңгелетіп әкетер еді;
2) Қазақстанда өндірісі жолға қойыл­маған құрылыс материалдар. Бұл іске қосылатын өнеркәсіп орындарының, ғимараттар мен тұрғын үй құрылысының шығындарын азайтып, өзіндік құнын төмен­детуге оң әсерін тигізер еді. Осы арқы­лы қаншама әлеуметтік-экономикалық проблема оң шешімін табар еді;
3) Ауыл шаруашылық машиналарымен арнайы техника. Трактор, комбайн, соқа-сайман, тұқым себуші, шөп шабушы, бетон тасымалдаушы, жол жөндеуші, крандар, экскаваторлар, жүк машиналары, энергия өндіруші т.б. Жұмыстың сапалы орындалуы құралға тәуелді, арнайы техникасыз шаруа бітпесі анық. Бастапқыда шаруашылыққа қажетті дайын техниканы импорттап, кейінірек, осы аталған техника түрлерін өз елімізде жасап шығаруға қарай ақырындап ойысуға болар еді; 
4) Гибридті автокөліктер мен электромобильдер, балама энергия өндіруші құрылғылар. Қазақстан жасыл экономика құруға, «Болашақтың энергиясы» деген ұранмен ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге дайындалып жатыр.  Осындай жағдайда экологиялық таза автокөліктер мен балама (жел, су генераторлары, күн батареялары т.б.) көздерден энергия алатын құрылғылардың санын арттыруға ықпал ету үшін азаматтарды қызықтыратындай, ынталандыратындай шарттар қажет. Әрі таза, әрі үнемді автокөліктер мен түрлі құрылғылар көбейген сайын, еліміздің экономикасына да, экологиясына да пайдалы болары даусыз. 
Жоғарыда аталғандардың барлығы өндірістік-инновациялық дамуға арқау болатын, көмекші құрал-жабдықтар болып табылады. Оларды сатып алу мен орнатуға кеткен шығындар өндірісте пайдалану барысында толық ақталып, пайда әкеледі. Бір сәттік кедендік баж салығынан босатудан бюджетке кіріс болып түспей қалған қаржының өтемі техникалық құрал-жабдықтар мен материалдарды келешекте ұзақ пайдалану арқылы, тауар өндіру, қосалқы жұмыс орындарын ашу, табыс салығы мен қосымша құн салығын төлеу сияқты т.б. мультипликативті әсерлер арқылы әлденеше есе өтеледі. 
Бұдан кейінгі маңызды мәселе – лицензиялау, патенттеу, ұзақ мерзімдік жалға жер беру сияқты толып жатқан мемлекеттік-әкімшілік реттеу жұмыс­тарын қағазбастылықтан тазартып, шаруашылықтың тез әрі кедергісіз жү­руіне жағдай жасау. Елбасымыз биыл орта және шағын бизнесті мемлекеттік тексеруге бір жылдық мараторий жариялады. Бұл бастаманы отандық кәсіпкерлер қызу қолдап, шаруаға кедергі жасаушы, жемқор шолақ белсенділерден жыл соңына дейін құтылғандарына қуануда. Бірақ, мұндай игі іс-шараның уақытша болғаны бизнес қауымдастықты қынжылтады. Өз заманында ағылшын либерализмінің атасы Джон Локк мемлекет экономикаға шектен тыс араласып, кедергі жасай бергенше, қоғамдық қауіпсіздікті, адамдардың құқықтары мен бостандығын, меншік пен мүліктің сақталуын қамтамасыз етіп, экономиканың «түнгі қарауылы» қызметін атқарғаны жөн деп бекер айтпаған. Дамыған отыз елдің бірі боламыз десек, қоғамдағы арамтамақтыққа жол бермеуіміз қажет, еңбек етіп қиналмай-ақ, кәсіпкер мен еңбеккерлерді бопсалап, оңай олжа табуға дәндеген тексеруші мемлекеттік органдардың жұмысын тезге салып, қоғамда құқықтық қарым-қатынас мәдениетін дұрыс жолға қоюымыз қажет. Кәсіпкер өз бизнесінің келешегіне сенімді болатындай жағдай қалыптастыру аса маңызды. Жабайы нарықтық қатынастарды артқа тастап, тарихтың еншісіне қалдыратын кез келді. Осы мәселені дұрыс шешсек, еліміздегі бизнес те, кәсіпорындар да жаңаша дами бас­тайды, бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген жағдай.
Осыдан кейінгі маңызды мемлекеттік қолдау шарасы – импорттық озық технологиялар мен өндірістік құрал-жабдықтарға қол жеткізген қазақстандық ірілі-ұсақты кәсіпкерлерге салық және несие жағынан қолдау жасау. ҮИИД екінші бесжылдығында тауар өндірушілердің барлық санатына жеңілдетілген салық саясатын ұстанып, арзан әрі ұзақ мерзімді несиелеуді жолға қоя білсек отандық өнеркәсіптің аяғына тұрып кетуіне оң ықпал етер еді. Мәселен, өндірістік желіні жаңа ғана құрып, тауарды алғаш өндірген кәсіпкерге бас салып салық төлетпей, бір-екі жыл кәсіпорынның аяғына тұруына, тұтыну нарығын қалыптастыруына мұрсат берілсе. Жаңа кәсіпкер содан кейін ғана, бірте-бірте салық төлеушіге айналса, бұл қазақстандық өндіргіш күштердің дамуын қосымша ынталандыратын факторға айналар еді. Сонымен қатар, өңдеу мен өндіру ісімен айналысатын кәсіпкерлерге төмен пайыздық сыйақылы «арзан» несиелер   беру шешімін тапса. Мысалы, зейнетақы қорындағы қыруар қаржыны әлі күнге дейін дұрыс инвестициялай алмаудамыз. Неге осы қаржыны шағын және орташа деңгейдегі тауар өндірушілерді несиелеу арқылы инвестицияламасқа? Кәсіпкерлерге де пайдалы, зейнетақы қорындағы ақша да ақырындап өсе берер еді. 
Жоғарыда тұжырымдалған ойлар әрине, субъективті пікір. Патриот ретінде, «Қайтсек Қазақстанды дамытуға болады?» деген асқақ арманның жетегінде олардың кейбірі утопиялық болуы да мүмкін. Мақаланың басты мақсаты – Қазақстанның үдемелі-индустриялдық дамуына, елдегі өндіргіш күштердің ауқымын кеңейтіп, ұлттық экономикамызды әртараптандыруға игі ықпал ететін ғылыми ізденістерге ойтүрткі болу. Ел болып ақыл қоссақ, ҮИИД жоспарына рационалды қарасақ оның жүзеге асуы тиімді әрі нәтижелі болары сөзсіз. «Тез баю», «оңай ақша жасау», «еңбексіз табыс табу» жетегінде кеткен «қазақ жалқаулығынан» арылудың бірден бір жолы – қоғамдағы өндіргіш күштерді жан-жақты дамыту. Ірілі-ұсақты өндіріс цехтары, ауыл шаруашылық кешендері, түрлі кәсіпорындардың санын арттыру арқылы халқымыздың күнделікті тұрмыс қажеттіліктерін (азық-түлік, киім-кешек, түрлі техника, баспана т.б.) қамтамасыз ете алсақ қана экономикалық тәуелсіздігімізге қол жеткізе бастаймыз. Сол кезде ғана экономикалық қауіпсіздігімізді нығайтып, «ресурстардың қарғысына» ұшырамаймыз, «голланд ауруына» да шалдықпаймыз. Өндіріс пен ауыл шаруашылығын дамытып, дайын өнім өндіруді дұрыс жолға қойсақ, Кедендік одақ аясында да ұтылмаймыз, Дүниежүзілік сауда ұйымына да тайсалмай кіре аламыз.

 

Алдыңғы «
Келесі »