МАЙЛЫҚОЖА, МҰХТАР ӘУЕЗҰЛЫ, САБЫР РАҚЫМОВ… НЕМЕСЕ ҒАЛЫМ ӘСІЛХАН ОСПАНҰЛЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

  • 23.06.2014
  • 1222 рет оқылды
  • 1

Бердалы ОСПАН, 
мәдениеттанушы

Халық дала болса ұлы тұлғалар сол даланың төсінде алыстан көрінетін таулар іспетті. Осылайша халық өзінің рухани маңызын таудай ұлы тұлғалары арқылы бүкіл әлемге паш етеді. Бұл мақала сондай тау тұлғалардың бірі заңғар жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезұлы туралы, бұл мақала оның соңғы шәкірті (авторефератының мұқабасында өмірден озған М.Әуезұлының аты-жөні ғылыми жетекшісі ретінде көрсетіліп, қара сызықпен қоршалып басылған) Әсілхан Оспанұлы туралы, бұл мақала осы екі тұлға – ұстаз бен шәкірттің азаматтығы арқасында шығармалары жиналып, зерттеліп, сақталған ақын Майлықожа т.б. жайында. 


Майлықожа Сұлтанқожаұлы шығарма­лары бүгінде маңызын жоймаған өз дәуірінің дара ақыны.  Бұған дәлел, біріншіден шайырдың шығармалары басылған кітаптар мен жинақтар болса, екіншіден ақынның терме-толғауларының бүгінгі күні де елге белгілі сазгерлеріміздің өз жыр бағдарламаларынан тастамай әрдайым орындап жүргендігі. Бұндай әнші-сазгерлер қатарында дәстүрлі орындаушылар Тұрсынәлі Айнабекұлы, Қарсыбай Ақтайұлы, Аяз Бекбайұлы, Жанар Айжанқызы, Әбиірбек Тінәліұлы, Жәкен Омарұлымен қатар бүгінгі күні жастар елітіп тыңдайтын эстрада жұлдыздары атанып жүрген Тоқтар Серікұлы, Саят Медеуұлы, Мейрамбек Беспайұлы, Бекжан Тұрысұлы, тағы басқа да көптеген орындаушыларды атауға болады. Бұл үрдіс Майлықожа ақынның дүниелерінің уақыт тезінен сүрлікпей өткені және қазақ елінің оған көрсеткен құрметі мен қошеметі.
Ақынның жыр төрінде қандай орын алатыны, 2005 жылы жарық көрген жинағы дәлел. Осынау сөз өнерінің сандығындай жыр жинағында ақынның 200-ден астам шығармалары, атап айтқанда: 72 өлеңі, 27 терме толғауы, 20 айтысы, 9 дастаны, 7 мысалы, 61 сықағы, ертегілері, аңыздары, хикаяттары, нақылдары бар. Әрине, ақынның мұрасы халыққа жетпей жоғалып кетуі де әбден мүмкін еді. Қазақ халқының жыр қазынасын байытуда ерекше орны бар сөз зергері Майлықожаның өлеңнің алтын жіптерімен өрген жыр жолдары тарих толқынының құшағында еріксіз тұншығып, жоқ болып кетпес үшін тағы бір адамның өмірі қажет болды. Осы бір жанкештілікке толы зерттеушілік жолына  өз өмірін саналы түрде бағыштаған ғалым жиырмасыншы ғасырда дүниеге келді. Ол тұлғаның есімі Әсілхан Оспанұлы. 
Ә.Оспанұлы өзінің ғылым жолына түсуіне әкесі Оспанқожа Тұрлықожаұлы мен анасы Алтын Дәуренбекқызының ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлы туралы айтқан әңгімелері себеп болды деп айтатын. Әкесі айтып берген Майлықожаның «Қасқыр» атты мысал-өлеңін қағаз бетіне түсіріп облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бастырғанын, ғалым ақынның мұрасын жинауда атқарған алғашқы еңбегім еді, деп жиі есіне алатын. Бұған дейін Шымкент мұғалімдер институтында 1942-1944 жылдары арасында оқып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген, 1948-1955 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің (қазір Әл-Фараби атында) филология факультетінің журналистік бөлімін сырттай оқып бітіріп, журналист мамандығын алған болашақ ғалым енді зерттеушілік жолға түседі. Шайырдың ұрпақтары жасаған Бадам өңіріндегі көнекөз кісілерден  біршама өлеңдер мен естеліктер жинаған Әсілхан Оспанұлы өзінің айтуы бойынша: «1959 жылдың қара күзінде Қаныш Сәтбайұлының атына екі-үш рет арыз жазып жүріп аспирантураға зорға іліктім. Содан бері қарай біздің өлкенің қаламгерлерінің аты-жөндері ауызға алына бастады»1 деп ғылыми-зерттеушілік жолын бастаған ғалым, жылдар бойы ізденуінің арқасында өте биік жетістіктерге жетті. Ғалымның «Содан бері қарай біздің өлкенің қаламгерлерінің аты-жөндері ауызға алына бастады» деуінде үлкен мән бар. Оның өзіндік себептері де баршылық. Бұған Қазақстанның «тар жол, тайғақ кешуге тола тарихы»2 дәлел. Әрине, Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметінің билікке келген жылдары қазақ ақындарының мұрасын жинау сөз болып, біршама іс-әрекеттер де істелінгені белгілі. Халық ағарту комиссарияты бұл жөнінде жергілікті жерлердің басшыларына тапсырмалар да берген, бірақ, жер-жердегі басшылар бұл істің маңыздылығын түсінбегендіктен жазбаша жауап қайтаруды да керек деп таппаған, ал, әдейі адамдарды жіберіп жинаттыру үшін қаржы жетіспеген. Ақыры бұл жоспарды іске асыру жөнінде  Халық ағарту комиссарияты жазушылармен кеңескен. Қаламгерлер бұл ұсынысты қолдап, кім қай ақын туралы мәлімет дайындап, мұрасын жинайтыны туралы шешім қабылдағаны белгілі. Бірақ, бұл игі шараның іске аса қоюы жұмыс көлемінің өте көп болғандығынан оңай болмаған. Мұны 1998 жылы жарық көрген Фатима Ғабитованың (Ф.Ғабитова – белгілі мәдениет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезовтың анасы) «Өртеңде өнген гүл» атты кітабы растайды. Фатима Ғабитова «Халықтың бұрынғы әдеби мұрасын жинастырып өңдеу»3   атты мақаласында: – Майлин – Мұса молданы, Нұралыны, Майлықожаны, Тұрманжанов – екі Жүсіптің айтысын, Мамай ақынды, Асқар Тоқмағамбетов – Көкбайды, Әріпті – Әуезов Мұхтар, халық ертегілерін Сыдықов, Аблановтар, Нарманбетті – Ахметов, Мәди, балуан Шолақты – Шанин дайындап бере алмай жатыр» дейді. 
Әділі, ол кезде бұндай қомақты жұмыстың толығымен орындалуы мүмкін де емес еді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның басынан өткерген тарихи кезеңіне жүйелі түрде көңіл аударып, сараптай алатын әрбір ақыл иесі сол жылдары осынау игілікті істің қолға алынуының маңызының қаншалықты зор екенін түсінері сөзсіз. Сондықтан, қысқа уақыт (Ф.Ғабитованың айтып отырған уақыты бір жыл, 92-бет – Б.О.) аралығында қазақ жазушыларының бұндай жұмысты атқарамыз деп кірісуі нағыз ерлік еді. Бүгінгі таңда ол кезге ешкім сыншы бола алмайды. Бейімбет Майлиннің Майлықожа ақынның шығармашылығына байланысты алған міндетінің үдесінен шыға алмауының да себептері аз болмаған. Қаламы қарымды жазушы өзінің жеке шығармашылығын айтпағанның өзінде, сол кезде халықтың санасын жаңа деңгейге көтерудің бірден-бір құралы журналистикада да өндіріп жұмыс істеген. Мысалы қаламгердің 71 (жетпіс бір) бүркеншік есімі болғаны4 белгілі. Осының өзі-ақ Бейімбет Майлиннің еңбекқорлығының қандай дәрежеде екенін көрсетеді. Осыдан кейін қазақ ақындарының мұраларын жинау тағы бір тосқауылға тап болды. Байырғылардың «Патшалар ақындарды түсінбейді, ал, түсінген замат басын алады» деген сөзінің растығы сол отызыншы жылдары тағы бір рет дәлелденді. Жыр мұраларды жинаушылардың арасында аты аталғандар және басқалар 1938 жылы атылды. Сәкен Сейфуллин 1938 жылы 25 ақпанында атылды, келесі күні Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгірұлы мерт етілді. Ақ қарлы ақпанның осы екі-ақ күні барысында «халық жауы» деген жала жабылып қазақтың зиялы деген 76 (жетпіс алты) адамы оққа ұшты5. Әрине, бұл тізім одан әрі жалғаса берді… Бұл ақындардың мұралары зерттелуі мүлдем тоқтап қалды деген сөз емес. Дегенмен қаһарлы жылдар көпшілікті өте сақ болуға үйреткені де рас. 
Бала кезінен жырларын әкесінен естіп өскенмен де, Жамбыл ақынның:
Майлықожа Құлыншақ –
Пірім еді бас ұрған, – деген өлең жолдарын6 оқыған Әсілхан Оспанұлы жыр алыбы Жамбылдың өзі пір санаған ақынның шығармашылық жолын танып білуге ден қояды да аспирантураға түседі. Сол жылдың қазан айында жас аспиранттың бағы жанып оны өзіне шәкірттікке қазақтың кемеңгер жазушысы, атақты ғалымы Мұхтар Әуезұлы алады. Жас ғалым Әсілхан Оспанұлы өзінің қуанышын күнделігінде былайша сипаттаған: «Менің қайдан келгенімді, қай жоғары оқу орнын қашан бітіргенімді, аспирантураға қабылданған, қабылданбағанымды, қай­да, қандай қызмет істегенімді сұрас­тырды. Сағат 4-те институт ғылым кеңесінің мәжілісі болып, біздерді – биыл түскен аспиранттарды жетекшілерге теліді. Маған Мұқаңның өзі жетекшілік ететін болды – қандай бақыт десеңізші осының өзі!»7. 
Жас ғалымның диссертациялық тақырып таңдауына ғылыми жетекшісі, көпті көрген Мұхтар Әуезұлының өзіндік көзқарасын білдіреді. Бұл жөнінде ғалым былай деп еске алады: «Тақырыпты кешіктіргені мені аяғаны болуы керек. Оңтүстік Қазақстан ақындарының шығармаларын көбінесе діни тақырыптарды насихаттауға бағытталады деп, кедергілері көп болады, қазір қожа-молда дегенді жақсы көрмейтін кез, қорғай алмауың мүмкін, сондықтан, сол, қазіргі өтімді тақырып таңдап алғаның дұрыс болар еді, шырағым, мәселен «Солдат жырлары» деген тақырыпты ұсынар едім, ешкім қарсы болмайды, деді. Мен де көнбедім. Менің тиісті мамандығым бар, төрт-бес баламды тастап, кемпір-шалды тастап Оңтүстік Қазақстанның Қазан төңкерісінен бұрын өткен ақындардың шығармаларын тірілтейін деп келіп ем, басқа тақырып алып істейтін жағдайым жоқ, қайтам, тастап кетемін8,  дедім».
Мұхтар Әуезұлы өзі таңдап алған9 аспирантының болашағынан үлкен үміт күтіп, өмірдің қиыншылықтарынан сақтауды ойлағаны 30-шы жылдардың зұлматынан хабары бар әр адамға түсінікті. Қазақтың бетке ұстар жазушысы өзі де қаламдас достары Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгірұлдарының қатарында «халық жауы» деп ұсталып о дүниелік болып кетуі әбден мүмкін еді. Сол бір қаһарлы жылдардың жазушыны айналып өтпегені белгілі. М.Әуезұлы 1930 жылдың 17 қыркүйек күні «Кеңес өкіметін құлатпақшы мақсатта «Алқа» атты ұлтшыл буржуазиялық астыртын ұйым құрды» деген айыппен тұтқынға алынып түрмеге қамалды. Түрмеден шыққан соң 1932 жылдың көкек айында 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарылды10. Кезінде тергеушінің «Сіз «Алаш» партиясының мүшесісіз бе?» деген сұрағына «Мен Алаш партиясын құрушымын» деп қаймықпай жауап қайтарған Әлихан Бөкейхан, жасы алпысқа келгенде түрмеде бірге отырған кезінде өзінен жас Мұхтар Әуезұлына, енді ашық күрестің уақыты өткенін, керек кезінде шегіне  білу керек екенін айтып, келісушілікке де баруға кеңес берген11. Сондықтан да, қазақтың көптеген ұлдарының нахақтан құрбан болғанын көре отырып, әрі рухани ұстазының кеңесіне құлақ асып, бұдан былай тек халық ағартушылықты бас­ты мақсат деп түсінген Мұхтар Әуезұлының «қателіктерімді мойындаймын» деп жазған хаты  1932 жылдың жазында «Социалистік Қазақстан» (ол кезде «Социалды Қазақстан») және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланды12. 
Дәл осы жерде айта кететін бір жәйт, ұлы жазушының досы, бұндай хаттың болғанын білмеген Қазақстанның халық жазушысы Дмитрий Снегин, көп жылдардан кейін осы хаттың мәтінін Қазақстандағы Иран мемлекетінің елшілігінің жанындағы Иран мәдени орталығының жетекшісі, саясаттанушы Мехди Санаидің «Ұлы Жібек жолында. Қазақ жеріндегі кездесулер» атты кітабынан оқып таң қалып, жазушы Владислав Владимировке сол кезгі газет тігінділерін қарауды өтінген. В.Владимиров, әрине, жасы үлкен кісінің айтқанын жерге тастамай Ұлттық кітапхананың 30-жылдардағы сирек басылымдар сақталған Қорына барып «Социалды Қазақстан» газетінің ұқыпты жасалған тігіндісінде 9 және 11 маусым күндері шыққан – №№ 132-ші (2902-ші) және 134-ші (2904-ші) сандары бар, тек М.Әуезұлының хаты жарияланған  10 маусым күнгі № 133-ші (2903-ші) санының жоқ екенін, ал, «Казахстанская правда» газетінің 9 және 11  маусым күндері шыққан – №№ 132-ші (2998-ші) және 134-ші (2300-ші) сандары бар екенін, тек 10 маусым күнгі № 133-ші (2999-го) санының жоқ екенін Дмитрий Снегинге айтып келген13. Белгілі жазушыны кеңестік билік иелері ешқашан тыныш қалдырмаған. 1946 жылы КГБ белгілі жазушы М.Әуезұлының ағасы Разақты саяси сенімсіз деп он жылға қамауға алады14. Басқа да көп қиыншылықтарды басынан кешіп, күніге өзін тұтқындайды деп қауіптенген жазушы Бауыржан Момышұлыдан браунинг тапаншасын бекер «сыйға» алмаған. Бауыржан Момышұлы жазушының ағасының қызы Гүлнарға суық қаруды беріп тұрып: «Ешкімге көрсетпей апар. Оқтарын, кейін өзім апарып беремін»15, дегеніне қарағанда Мұхтар Әуезұлы өмірінің соңына шейін қауіптеніп жүрген.   
Шығармаларымен халық құрметіне ие болған жазушының жан-дүниесі қандай күй кешкенін ешкім білмейді. Бірақ, оңай болмағаны анық, көпшілік атақты деп танитын жазушы жалғыз қалғанда, иығына мінген қайғыдан жүйкесі жұқарып, шаршап Алатауға қарап тұрып көз жасына  ерік берген кездері16 де болған. Әрине, басқа тақырып ал дегенде жас ғалым ұстазының қаншама қиындықтардан өткенін білмеген болуы керек. Бұлай деуіме Ә.Оспанұлының ұстазы қайтыс болғаннан кейін диссертациясын қорғауда көрген қиыншылықтарын айта келіп былай еске алуы себеп: «Ал, енді, Мұхаң кеткеннен кейінгі көрген қорлықтарымды айтпай-ақ қояйын. Көресінді мен академик Қажым Жұмалиевтен көрдім. Сол қорғауға болмайды деп пікір берді. Сөйтіп дайын тұрған жұмысымды қорғай алмай кеттім ғой. 1962 жылы бітірдім мен аспирантураны, 1964 жылы 14 қаңтарда қорғауға мүмкіндік алдым»17. Бірақ, ол кезде Ә.Оспанұлы бұл таңданысының жауабын кейін ұстазының ағасы Разақтың қызы Гүлнар Омарханованың естелік кітабынан табылатынын білмеп еді. М.Әуезұлының қарсыластары ғалым-жазушының өзімен қатар шәкірттеріне де қысастық жасаған. 1951 жылы көкек айында Мұхтар Әуезұлы жетекшілік еткен Қайым Мұхаметхан «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғау барысында Қажым Жұмалиев оның жұмысына негізсіз кінәлар18 таққан. 
Ғалым Әсілхан Оспанұлы өзінің ғы­лыми жұ­мысына кедергі   жасауын қой­маған  Қажым Жұ­малиевтан басқа да «зия­­лылардың» жет­кілікті болғанын жиі ай­тып отыратын. Бұған бір себеп, Мұхтар Әуез­ұлы өзі таңдап алған аспирантының диссертациясының бас кейіпкері Майлы­қожаның елі «қожа» болғанында еді. Ұлы ұстаздың шәкіртінің диссертация тақы­рыбын таңдауына «қазір қожа-молда дегенді жақсы көрмейтін кез» деген ойын білдіргені үлкен көрегендік болғанын уақыт дәлелдеді. Сонымен, ойламаған жерден сүйікті ұста­зынан айрылған Әсіл­хан Оспанұлы ұзақ уақыт қиналып барып, ғылыми еңбегін қор­ғап, филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәрежеге қол жеткізеді. Ұстазының басынан кешкен қиындықтарын білмеген Әсілхан Оспанұлының ұстазының ұсыны­сын қа­был­дамауы да түсінікті. Себебі, ұстазы Мұхтар Әуезұлы  секілді Әсілхан Оспанұлы да алған ойын шегіне жеткізуге тырысатын өте ұлтжанды тұлға болатын. 
Әсілхан Оспанұлы аспирантураға кейбіреулер сияқты ғылыми атақ алу үшін емес саналы түрде нақты мақсатпен барды. Осы мақсатын іске асыруда ғалымның алғашқы қадамы Майлықожаның әкесінің есімін нақтылау болды. Ақынның әкесінің бұрыннан жеткен қолжазбалар мен қариялардың әңгімелерінде айтылатындай өжеттігінің үстіне ұрт мінезді адам болғандығынан берілген Шотан, Шатан шын есімі емес лақап ат екенін, шындығында ол кісінің азан шақырып берілген есімі Сұлтанқожа екендігін дәлелді. Дегенмен, шәкіртін қиыншылықтардан қорғамақ болған аяулы ұстазының айтқаны дөп келіп, өз қаражатын жұмсап, ауыл-ауылды аралап ақындардың мұрасын ел аузынан жинап,  сараптап, жазған еңбектері баспалар тартпасында жылдап жататын. Сонда да болса, Майлықожа ақынның шығармашылығын зерттеумен шектеліп қалмай, басқа жыр сүлейлері Ергөбек, Құлыншақ, Мәделіқожа, Молда Мұса, Нұралы сынды ақындардың шығармашылығын да зерттеп, өлеңдерін жинап халықтың игілігіне жаратуды мақсат еткен ғалымның ыждахаттылығының жемісі ретінде әр жылдарда қилы-қилы қиындықтармен «Қаратау шайырлары», «Қаратау атырабының ақындары», Майлықожаның «Нақыл», «Әмір-Әмзе», «Тымсал», «Нақлият», «Қара сөз», «Дүние-ай», «Әбділда бала», «Детворе», Мәде­ліқожаның «Әділет деп», «Семсер сөз», Құлыншақтың «Өсиетім», Молда Мұсаның «Сауда Ишан», Ергөбектің «Сағындым даусын ботаның», «Жыр Мұра» атты еңбектері, көптеген зерттеу мақалалары жарық көрді.  
Академик Рахманқұл Бердібайдың Әсілхан Оспанұлын үлкен азамат, ғылымға арнайы мақсат қойып, зерттейтін тақырыбын таңдап келген шын әдебиетші деп тани отырып: «Бұл дүниеге үлкен идеяны іске асыру үшін келетін тұлғалар» қатарында атап «Он мың адам жұмылса да, іске асыра алмайтын жұмыстарды атқара алатын адамдар болады. Әсілхан Оспанұлы сондай азамат еді»19 деген пікірі ғалымның жанкештілігі мол еңбек жолына берілген әділ баға. Белгілі ғалымның пікірін Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттің аға оқытушысы, ғалым Анар Жаппарқұлова былай деп қолдайды: «Расында да елуінші жылдары Қаратау өңірі ақындарының шығармашылығындағы әлеуметтік сарындарды сөз ету былай тұрсын, олардың есімдерінің өзі бірде аталып, бірде аталмайтын. Майлықожа мұрасын іздестіріп, жинап, зерттеуде белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлының еңбегі өлшеусіз. Ғалым бір ғана Майлықожа шығармашылығын жеке-дара қарастырған жоқ. Жұмбақ күйде жатқан Қаратаудың Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Молда Мұса Байзақұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Ергөбек Құттыбайұлы сынды шайырлардың да шығармаларын алғаш зерттеп, тұтас қамтыды»20. 
Әдебиет зерттеумен қатар Әсілхан Оспанұлы басқа ұлттардан шыққан ақын-жазушылардың көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударып түрлі газет-журнал­дардың беттерінде жариялады. Өзбек халқының жазушысы Абдулла Қаһардың шығармаларын аударып «Тарту», «Анар» атты жинақтардың шығуына мұрындық болды. Қазақ тарихының келелі мәселелері жөнінде дер кезінде мақалалар жазды. Көп жылдар бойы өзі қызмет еткен Шымкент педагогикалық институтында қызмет жасай жүріп Қазақстан тарихында тұңғыш рет Білім Министрлігінің шешімінсіз-ақ, «Антика әдебиеті тарихынан» қазақ тілінде дәрістер оқыды. Сол оқу орнының қабырғасында ұзақ жылдар бойы Саттар Ерубаев атындағы әдеби бірлестікті басқарып оңтүстік өңірінде жас ақын-жазушылардың өсіп кемелденуіне көп ықпал етті. 
Абылай ханның пірі, халық Жалаңаяқ Әздер деп атаған Қалмұһамед Бақмұ­һамедұлының21 тікелей ұрпағы, ғалым азамат Әсілхан Оспанұлы тек әдеби зерт­теушілікпен, педагогикалық қызметімен шектелмей қоғамдық істерге де белсене араласқан тұлға. Кезінде Өзбекстанға берілген жерлер қайтарылсын деп билік басындағылардың атына, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қазанын қайтарыңдар деп Ресей Эрмитажының басшысы Пиотровскийге талап-хаттар жолдады, тарихи қателікті жөндеу мақсатында генерал Сабыр Рақымовтың қазақ екенін бірінші болып дәлелдеп 1972 жылы 9 мамыр күні «Оңтүстік Қазақстан», бір айдан соң «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газеттерінің беттерінде «Қазығұрт қыраны» атты мақаласын жариялап, өмірінің соңына дейін генерал С.Рақымов жайында республикалық және облыстық баспасөз беттерінде ғылыми негізде жазылған көптеген мақаларын жариялады. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін қолдап өз пікірін қаймықпай көпшілік алдында білдіргені үшін қызметінен кетірілді. Жоғары жаққа Семей атом полигонында жүргізілген бомбалық сынақтардан зардап шеккен және суалып қалған Арал теңізі аймағындағы қандастарымызды Қазақстанның табиғаты таза аймақтарына көшіріп, үйлерімізге кіргізіп алайық деп ұсыныс жолдады. Шешенстанда соғыс басталғанда қалалық «Панорама Шымкента» газетінің бетінде «Руки прочь, от Чечни!» деген мақаласымен Ресей өкіметінің зұлымдық әрекетіне қарсы шықты. Бұның бәрі өзінің ата-тегін төлқұжатына «Оспанов» деп орысша емес Оспанұлы деп қазақы дәстүр бойынша жаздыру үшін паспортын бірнеше рет әдейі жоғалтқан ғалым, қоғам қайраткерінің тоталитарлық жүйенің билігі кезінде көрсеткен азаматтығының аз ғана көрінісі. Ұстазы Мұхтар Әуезұлының: «Әлі жазылмаған қаншама кітаптарым бар?!»22 деп айтқанындай ұлтжанды азамат, ғалым Әсілхан Оспанұлының іске асырмақ армандары көп еді. Бірақ, қоғамның кейбір кереғар өкілдері оны түсінбеді. Осы түсінбеушілік пен көре алмаушылық ғалымға көп кедергілер келтірді. 
Инемен құдық қазғандай зерттеушілік жұмыспен айналысқан ғалымға билік тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Егер, билік басындағылар ғалымға қол ұшын созғанда оның жетістіктері бүгінгіден молырақ болар еді. 1984 жылы «Известия» газетінде атақты Фидель Кастроның Кубаны азат ету жолында партизандық жорықтарда бірге болған қарулас досы Антонио Нуньес Хименес елінің тарихын жазғанда, Куба өкіметі тарихшыға университетті жаңа бітірген 50 студентті көмекшілікке бергені23 туралы жазылды. Бірақ «бәрі адам үшін» деп бүкіл дүниежүзіне ұрандатқан КСРО елінде бұндай көмек облыс орталығында тұратын ғалым түгілі, ірі одақтас республикалардың бірі Қазақстанның білдей Мәдениет ми­нистрі, қазақ халқының мәдени мұрасын зерттеп, бірнеше кітаптар жазған Өзбекәлі Жәнібекұлына да жасалған жоқ.
Отанын шексіз сүйген ғалым Әсілхан Оспанұлы қандай қиыншылық болса да төзе біліп, өзінің ойындағысын іске асыруға бар күш-жігерін жұмсады. Осы еңбегінің нәтижесінде, басқасын айтпағанның өзінде, ақын Майлықожа Сұлтанқожаұлының рухани мұрасын жинап сақтап қалғанының өзі бағасын айтып жеткізу мүмкін емес ерлік. Майлықожаны халқымен қауыштырған Әсілхан Оспанұлы, Абайды қазаққа танытқан Мұхтар Әуезұлы мен Шоқанды танытқан Әлкей Марғұлан сынды ұлылардың қасынан орын алатын тұлға. Сондықтан да, бүгінгі таңда Қаратау атырабының ақындары мұраларын ғалым Әсілхан Оспанұлының шығармашылық жолымен ұштастыра зерттеу заңды түрде жалғасуы тиіс. Себебі ғалымның өмір жолы Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Рахманқұл Бердібай, Бейсенбай Кенжебай, Немат Келімбет, Құлмат Өмірәлі сынды т.б. белгілі әдебиет зерттеушілермен қатар бүгінгі жас ғалымдарға әдебиетті зерттеу жұмысының үлгі-мектебі болары анық.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Мұрагер Әсілхан Оспанұлы. «Ата­мұра» баспасы, Алматы, 2005. 210-бет.
Сәкен Сейфуллин. Тар жол тайғақ кешу. «Қазақтың көркем әдебиет баспасы», Алматы, 1960. 1-бет.
3. Фатима Ғабитова. Өртеңге өскен гүл. «Атамұра» баспасы, Алматы, 1998. 92-93 бб.
4. Тоқтар Бейісқұлов. «Бейімбеттің 71 бүркеншік аты» «Егемен Қазақстан» газеті, 26 ақпан, 2003 ж. 11-бет. 
5. Тоқтар Бейісқұлов. «Бейімбеттің 71 бүркеншік аты» «Егемен Қазақстан» газеті, 26 ақпан, 2003 ж. 11-бет. 
6. Жамбыл. Шығармаларының толық жинағы. Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасы, Алматы, 1946. 22-бет.
7. Мұрагер Әсілхан Оспанұлы. «Ата­мұра» баспасы, Алматы, 2008. 47-бет.     
8. Мұрагер Әсілхан Оспанұлы. «Ата­мұра» баспасы, Алматы, 2008. 392-бет.     
9. Мұрагер. Әсілхан Оспанұлы. «Ата­мұра» баспасы, Алматы, 2008. 47-бет.
10. Николай Анастасьев. Мухтар Ауэзов, трагедия триумфатора. Издательство «Молодая гвардия», Москва, 2006. 447-бет.
11.  Николай Анастасьев. Мухтар Ауэзов, трагедия триумфатора. Издательство «Молодая гвардия», Москва, 2006. 137-бет. 
12.  Г.Омарханова, А.Азиев. Лик гения. Издательство «Өнер», 2001. 72-бет. 
13.  Владислав Владимиров. Дмитрий Снегин, его любовь, память и слово. Издательство «Қазақстан», Алматы, 2003. 167, 169-бб.
14.  Г.Омарханова, А.Азиев. Лик гения. Издательство «Өнер», 2001. 63-бет.
15.  Г.Омарханова, А.Азиев. Лик гения. Издательство «Өнер», 2001. 55-бет. 
16.  Герольд Бельгер. След слова. «Издательство «Жазушы», Алматы, 2002. 29-бет. 
17. Мұрагер Әсілхан Оспанұлы. «Ата­мұра» баспасы, Алматы, 2008. 200-бет. 
18.  Г.Омарханова, А.Азиев. Лик гения. Издательство «Өнер», 2001. 72-бет.
19. Мұрагер Әсілхан Оспанұлы. «Ата­мұра» баспасы, Алматы, 2008. 125-бет. 
20. Р. Бердібай және ХХ ғасырдың екін­ші жартысындағы фольклортану, филология, түркология мәселелері. 1-том. Түркістан, 2008. 404-бет. 
21. Жапарұлы Б., Омарұлы Ж. Қажы Мәді Дуана қожа баласы Бақмұһамедтің ұрпақтары. «Жедел басу баспаханасы». Алматы, 2002. 116-бет. 
22.  Г.Омарханова, А.Азиев. Лик гения. Издательство «Өнер», 2001. 222-бет. 
23.  Бердалы Оспан. «Мәдениеттің иесі мен киесі». «Шымкент келбеті» газеті. 1999 ж,   21 қаңтар. 4-бет. 

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Әсілхан Оспанұлы біздің ұстазымыз, курс жетекшіміз болған кісі еді. Керемет білімді, айтқанынан қайтпайтын, тура мінезді жан еді. Ол кісінің Майлықожаны зерттеген еңбектері, басқа да татымды еңбектері өте көп. Барлық өмірін білімге сарп қылған, қарапайым да, еңбекқор жан еді. Еңбектері ел ауында айтылып жатса қуанамыз! Үлгі алуға тұратын азамат еді! Қазір ондай кісілер сирек қой!

Пікірлерге тыйым салынады.