Сөз өнерінің ЗЕРГЕРІ

  • 23.06.2014
  • 737 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і  
журналистика факультетінің 
деканы

Сонау бір жылдарда арманы биік, өмір­дегі өз орнын таң­дауға ұмтылған әрбір жас жет­кіншектің жүрегіндегі аялаған сыры Қазақ ұлттық университеті деген атаумен астасып жататын. Көкірегі ояу әрбір жас сол қасиетті қарашаңырақта оқып жүргендігін қиялға бергісіз түсінде көрсе, өңінде оны бір сәтте естен шығармайтын. Әсіресе, мектепті аяқтауға таяп қалған тұста бұл үдей түсіп есті алатын еді. Біз де сондай күйді бастан өткердік. Өскен ауылымызда «жазу-сызу» жағынан атақты адамдар жоқ болса да, жасымыздан әдебиетті сүй­гендіктен соның айналасында боламыз-ау дегенді, әу бастан-ақ, шешіп қойғанбыз. Жұрттан жасырып, бірдеңелерді шұқылап қоятынымыз және бар. Ол басқаға жарамаса да, аудандық газетте анда-санда жарық көріп қалады. Соған да мәзбіз. Бірақ, негізгі діттегеніміз – ұстаздық. Содан болар ҚазМУ-ге арман жетелеп келгенде, біраз нәрсенің басын шалып қалғанымыз рас. Нақтылай айтсақ, ҚазМУ-ге түскенде сонда сабақ беріп жүрген 4 ұстаздың еңбегімен таныс болып келгенбіз. Олар Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Рахманқұл Бердібаев, Рымғали Нұрғалиев кітаптары болатын.


Зекеңнің «Әдебиет теориясының негіздері» атты жоғары мектепке арнал­ған оқу құралы мектеп бітірер 1970 жылы қолымызға түскен-ді. Әдебиет пен әде­биет­танудың бүге-шігесін түсіндіретін еңбек іздегенге сұраған дегендей өзіне бірден баурап алды. Бірте-бірте басқа кітап бір төбе, бұл кітап бір төбе екенін іштей сезіне бастадық. Бұрындары әдебиет теориясына қатысты Қажым Жұмалиевтің мектепке арналған кітабын қарағанымыз бар еді, мынаның жөні бөлек екен, теориялық еңбек болғанымен, бейне бір өзіңмен сырласып отырғандай тарта жөнелетін қасиеті бар, әр нәрсені көрікті де көркем тілмен майдалап отырып жеткізетін, әрбір сөзі мағыналы да маңызды болғанына қарамай, көкейге қона кететін жеңілдігімен қызықтыратын кітап болып шықты. Әрине, бәрін бірден түсіне қалдық десек, өтірік болары хақ. Кейін университетке түскен соң да көп нәрсенің ішкі мәніне бойлай алмай, ұстаздың ұғындыруымен әупірімдеп жүріп ұққанымызды қалай жасырайық. Бірақ, ғылыми еңбектің көркем әдебиеттей өзіне ерекше қызықтырғаны шындық. ҚазМУ атты қасиетті қарашаңырақтың ғалым-ұстаздың кітабы арқылы өзіне бұрынғыдан да тарта түскені жасыра алмас шындық болатын.
Түрлі себептерге байланысты мектепті аяқтағаннан соң көп жылдан кейін арман болған ҚазМУ-дің табалдырығынан аттадық-ау, әйтеуір. Онда да «дайындық курсы» атты алғашқы баспалдағы. Біздің бағымызға қарай өзіме ең сүйікті әдебиет пәнінен қазақтың біртуар қызы Алма Қыраубаева сынды асыл ұстаз сабақ беретін болып шықты. Жас ұстаз жанын салып үйретуден жалықпаса, біз үйренуден қашпадық. Алма апай ұлы ұстазымыз Зейнолла Қабдолов тауып айтқандай «Өз жанын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» ұстаз-тын. Сол жылдары ол кісі көбі біраз жыл жұмыс істеп келіп, қарайыңқырып қалған  «қитабан» ауыл балаларының ұлы сөз өнерінің қыр-сырын меңгеруіне өлшеусіз еңбек сіңірді.
Алма апай оқытқан алты ай ішінде, сабақтағы тиісті сұраққа жауап бердік, берілген тақырып бойынша ғылыми жұмысқа тартылып, өзімізше тұңғыш ғылыми ізденісімізді жасадық, шығармашылығымызға қатысты алғашқы қолжазба жинағымызды шығардық. Ақын-жазушылармен бірнеше кездесулер өткіздік. Кездесу демекші, «дайындық курсындағы» алғашқы кездесуіміз Зейнолла Қабдоловпен болғаны жадымызда жатталып қалды. 
Оқу басталғанына біраз уақыт өтіп, өз-өзімізге келе бастаған тұста Алма апай кімдермен кездесуді қалайтынымызды сұрады. «Әр кәллада бір қиял» дегендей, ананы-мынаны айтып жатырмыз. Тіпті, біреулер ел білмейтін жақындарын атап қалып жатыр. Біз берген тізімде кімдер жоқ дейсің. Академик Марғұланнан  бастап, Оралханға дейінгі аралықтағы танымал тұлғалар жүр. Апай тізімді сараптай келе, бізге бір кісінің атын атап, сол кісімен кездесуге қалай қарайсыздар деген ұсыныс тастады. Ол Зейнолла Қабдолов еді. 
– «Мына тізімдегінің кемі жоқ. Бәрі де кездесуге тұратын тұлғалар. Бірақ, біз алғашқы кездесуді профессор Зейнолла Қабдоловтан бастайық. ҚазМУ-де ұстаз болғаннан кейін бе, неге екенін білмедім, Сіздер ол кісіні тізімге енгізбепсіздер. Ал, нағыз кездесетін жан сол кісі. Ол кісі – «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей адам. Ақын десең ақын, жазушы десең жазушы, ғалым десең ғалым, ертең Сіздерге әдебиеттанудың ең қиын салаларының бірі әдебиет теориясынан дәріс оқитын ұстаз. Сондықтан, ол кісіні сырттай ғана біліп қоймай, жақсы танып, ой бөлісіп, сыр ашысып алғандарыңыз жөн. Оның үстіне дайындықта тек филологтар, журналистер ғана емес, тарихшылар, заңгерлер, басқа да  мамандық иелері оқиды, олардың Сіздердің қандай ұстаздан білім алатындарыңызды біле жүргені жөн. Сондықтан кездесуге Зейнолла ағайды шақырайық!», – деді апай бізге. Сол тұс Зекеңнің зейнеткерлікке шыққан Бейсекеңнің (Бейсембай Кенжебаевтың) орнына қазақ әдебиеті кафедрасына меңгерушілікке тағайындалған кезі екен.  Дана да, көреген еді ғой, Алма апай. Алыстан ойлап, тереңнен қозғайтын. Біз, әрине, бірден келістік. Сөйтіп, кездесудің дайындығына кірісіп кеттік. Белсенді ұйымдастырғыш жігіттер іске кіріскен соң жан қоя ма, әп-сәтте даяр болып үлгердік.
 Келісілген күні Зейнолла ағайды қазақ тілінен сабақ беретін Мырзатай (Серғалиев) ағай мен Алма апай қарсы алып, біз жиналып отырған дәрісханаға ертіп келді. Алғаш көруіміз. Келбетті кісі екен. Кейін қарай жатқыза тараған, сәл-пәл қылаң ене бастаған қалың шашынан төмен орналасқан  жарқыраған кереқарыс маңдайы, аясы кең, аласы мен қарасы үйлесім тапқан, сынай қарағандай көрінетін ой тұнған жарық жанары, етегі сәл кеңдеу маңдайдан тіке түскен биіктеу қырлы мұрын, үнемі әдемі жымиыс танытып тұратын жымдасып келген еріндері кең келбеті мен ашық жүзінен сондай бір жарасымдылық табады екен. Ортадан жоғары бойлы, мығым денелі, маңғаз жанның кеңпейіл болмысын осынау көрікті келбеті айқындап тұрғандай. Таңдана да таңырқай қарап отырдық. Кездесуді Алма апай жүргізді. Ағайды таныстырып, сөз берді. Зекең бірден отырған жұртты өзіне баурап алып, кемерінен асқан кемел ойлар ағысының тереңіне тарта жөнелді. Көсемдік те, шешендік те бір бойынан жарасым тапқан ұстаздың сол кездесудегі жүзі әлі көз алдымда. Сөз тиегі ағытылған сайын ол бірте-бірте асқақтап бара жатқандай еді. Таңқаласың. Ойдан ой туғызып, түйсінуден тұжырым жасап,  тұжырымнан түйін түйіп, сөзбен сөзді түртіп оятып, бейнелі сөзді мың құбылта ойнатып, айтар ойдың ажарын ашып, әсерлі етіп жеткізеді екен. Шынын айтқанда, Зекең сөйлеген сәтте бейне бір сырлы саз тыңдап отырғандай әсерде боласыз. Бірде алыстан шалып, ой тұңғиығына шым батырса, бірде санаңа жарқ еткізіп сәуле шашып, шуақты әзілмен жан жадыратып, ойлы толғамның жетегіне еріп алыстап бара жатқан сені ортаға қайта қосады.
Мен, мен ғана емес-ау бәріміздің де Зекеңе дейін өлеңді дәл солай керемет көркем  оқуға болады деу ойымызда болмаса керек. Басқаны қайдам, сол күнге дейін менің ұғымымда өлеңді тек әртістер ғана әдемі оқиды деген ой қалыптасқан-ды (Олжас, Мұхтарларды кейін көрдік ғой). Зекең өзінің өмірі туралы естеліктерінде де, әдебиет, әдебиеттану ғылымы, шығармашылық лабораториясы жайлы сөз еткен тұстарында да ойын көбіне өлеңмен әрлеп, әсерлі жеткізеді екен. Әрбір өмір сәті, әрбір ой-танымға қатысты қаншама өлеңді жатқа біледі десеңізші! Зекеңнің сол кеште сөз арасында оқыған Ғали Ормановтың мына өлең жолдары:
Аттанып ауыл анадан,
Оқуға кеттім қалаға.
Жабыла маған қараған,
Жаутаңдай кеттім далаға.
Жаман тұмақ, жалбыр тон,
Жалпылдап кетті үстімде,
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде.
Сол күйі бүгінге дейін есімізде жатталып қалды. Өйткені, бұл өлең жолдары Зекеңнің ғана бозұлан кезімен емес, біздің де сол кездегі жай-күйімізбен астасып кеткен-ді. Зекең жүректегі сағыныш сазын тап басып, сағыныш уытын «жалтылдаған шырақпен» қайтарып еді. Кездесу шын мәнінде біз сияқты ауыл жастарына ауыз ашып, көз жұматындай қызықты өтті. Арасында өзіміз дайындаған концерттік бағдарламаларымызды ұсынып отырдық. Осындай үлкен залда, даңқты адамның алдында алғаш рет өнер көрсетіп тұрған «ұялшақ» әртістерді Зекең кейде әуезовшілеп, кейде «өзінше кетіп» (Зекең көп қолданатын тіркес), жан жұбанар жұмсақ сөздермен көтермелеп отырды. Ол кісінің құптауын естіген сайын біздің жігіт-қыздар қызына түсті. 
Бір сәт кезек сұрақ-жауапқа да берілді. Жазбаша берілген сұраққа ұстаз өте жауапкершілікпен қарап, әр сұраққа тиянақты жауап қайырды. Әсіресе, әдеби шығармашылық, әдеби ізденіс, әдеби сын тұрғысынан берілген сұрақтарға теориялық білім-білікті араластыра отырып жауап беріп, берілген сұрақтың мән-мағынасын ашып, ойды кеңейтіп, құдды бір лекция оқығандай әсер қалдырады екен. Жауаптағы дерегі де, дәлелі де бір-бірімен айқұшақ табысып, арасынан қыл өтпестей бірлікте  бүтін дүние болып ұсынылып жатты. Зекең де кейбіреулердей орағыта өту, айналып кету сықылды жатаберіс, жалтарма жауаптар кездеспейді. Әр ой орнын, әр сөз қиюын тауып, нені айтса да, біліп айтатын біліктілік пен зиялылық көзге ұрып тұр.
Несін айтасыз, сол күн Зекеңмен бірге болған күн ретінде мәңгі есте қалды. Алғашқы рухани байыған күніміз болды бұл күн. Ол кезде қаптап жатқан фотоаппарат жоқ, сол кездесуден бір ғана сурет сақталып  қалыпты. Зекеңді ортаға алып топ болып түскен екенбіз, көздің қарашығындай сақтап жүрмін.  Зекеңмен болған кездесуді ұзақ уақытқа дейін өз ортамызда әр жерін бірімізден біріміз асырып толықтырып, әңгіме қылып жүрдік. Осындай тұлғамен кездестірген Алма апайға да алғысымыз шексіз болды. Зекеңдей ұстазбен жүздесуден кейін «Әдебиет теориясының негіздеріндегі» түйіткілді нәрселердің түйіні шешіліп, мәні ашылғандай болды, көп нәрселерге басқаша қарап, қайта бір қызыға оқып шықтық. «Дайындық та» артта қалды. Бірінші курс­тамыз. «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінің дәрісін Зекең оқиды, практикалық сабағын Сейдағаң (Сейділда Ордалиев) жүргізеді. Сабақты екеуі де тамаша өткізеді. Зекеңнің лекциясы тіпті керемет болатын. Жалпы, Зекең туралы сөз бола қалса, не біреу жаза қалса «ой, шешен еді, ой, лекцияны тамаша оқушы еді» деген тамсанған сөздер жиі айтылады. Бірақ, несімен кереметке жауап таба алмайсыз. Құрғақ тамсану бар да, құнарлы талдау жоқ. Құр мақтау мен құрғақ тамсанудың өресі жетер жері белгілі. Барар жері боссөзділік екені бесенеден белгілі.
Біз дайындық курсынан келгендер Зекеңнің лекциясына әдеттегі бірінші курстың «сарыауыз балапандары» емес, кітабын оқыған, өзімен кездескен, төрт сағат емін-еркін сырласқан адамдар ретінде «үлкен дайындықпен» келген едік. Ол кісінің сөйлеу мәнері, ділмарлық болмысы бізге жақсы таныс болатын. Жалпы, Зекеңнің шешендігі оның табиғатындағы үш қасиетпен етене табысып жатады. Олар білімге тереңдік, ойға ұтқырлық, сөзге тапқырлық. Білімге тереңдік  арқау болып отырған тақырыпты ашудың телегей теңіз кеңдігіне алып шықса, ойға ұтқырлық қажетті тақырып аясындағы танымның ойға сыншылдықтың тезіне шыдас берер беріктігін танытады, сөзге тапқырлық айтар ойды асыл сөздің алтын буына талғампаздықпен суарып, көркем ойды көрікті сөзбен мың сан құбылтып, жарқырата жеткізу. Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы ғалымдық шешендікті «білмір шешен» деп атап, білмір шешеннің сырын былайша ашқан  екен: «Осы айтылған мақсаттарға қарай шешен сөздің тілі уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл болады».
Міне, Зекең сияқты ұлы ұстаздың да шешендік тілінің «сөздің жанға, қанға әсер етер» қуаты зор, «адамның ойын да, бойында балқытып, билеп алу» құдіреті ерекше-тін. Зекеңнің және бір қасиеті – алдында отырған тыңдарманға сай  сөйлеу мәнерін әбден жетілдіргендігі. Ол аудиторияның нені талап ететінін керемет сезгіш еді. Айтар ойын аудиторияға қарап сабақтайтын-ды. Сондықтан да, тыңдарман оған дән риза болатын. Шәкірттің есінде қалары алғашқы сабақ. Зекеңнің алғашқы сабағы біздің есімізде мәңгі қалып қойды. Бүгінде 30 жылдан асып кетсе де, сол алғашқы дәріс жадымызда жаңғырып тұр. Ол сабақ университет сынды қасиетті оқу орнының қадір-қасиеті, сол университеттегі ұстаз деген абыройлы атты кір шалдырмай көтеріп жүрген аяулы жандар, ардың ісі әдебиет туралы толғанысқа құрылған еді. Жалпы, кейіннен аңғарған бір жағдай, Зекеңнің сөйлегені мен жазғанның арасында көп айырмашылық бола бермейтін. Сөйлеп тұрғанда, көркем образбен бейнелей айтқан әр сөзі тасқа басқан маржандай болып санаңда жатталып, «тас бұлақтың суындай сылдырлап» үндестік тапқан өңкей келісім кеудеге кеп қонақтап жатар еді. Біз Зекең дәрісін тыңдаған уақытта жатталып қалған тағылымды сөздерден үзінді келтіре кетейін. «Қазақ әдебиеті – қазақ атаулының ғасырлар бойғы тағдыры мен талайының, тұрмысы мен тіршілігінің көркем шежіресі ғана емес, халықтық қасиеті, ұлттық паспорты, адамдық һәм азаматтық келбеті – мүсіні мен мінезі, автопортреті». Бұл қазақ әдебиеті туралы толғаныс. «Қанатты кісі еді ғой, шабытсыз сөйлемейтін. Көл көсір білім, ақыл, ой шәкірттерін әлдебір абзал ой, асыл мұрат аясында әлдилеп, әлдеқайда алысқа, биікке көтеріп әкететін. Әр шәкірт сөз өнерінің қиян-қилы құпияларын танып, шетсіз, шексіз сыр мен сезімге маңып, аспандай кең әсемдік әлемінде самғап, парлап кете баратын». Бұл ұстазы Мұхтар Әуезов туралы тебіреніс. «Жақсы шығарма әрқашан жас, шебер игерілген тақырып қашанда маңызын жоймайтыны мәлім. Сондай-ақ ірі идеяға апарар тақырып ұсақ болмауы да мүмкін. Мысалға Шәңгерейдің «Ұршық» деген өлеңін алуға болады. Ұршық кәдімгі жіп иіретін ұршық. Осында не тұр? Түкте тұрған жоқ, ұп-ұсақ қана нәрсе. Ал, оқып қаралық, өлең бір-ақ шумақ:
Ағаш едің құрма өскен,
Ұршық болдың шуда өскен.
Бір қалыпта тұрмақ жоқ,
Шығармалық мұны естен.
Тамаша! Кішкене нәрседен ақын үлкен философия туғыза білген. Мұндай үлкен идеяға әкелген тақырыпты, әрине, ұсақ деуге болмайды». Бұл ақын-жазушы шығармасының басты ұстанымын танытатын шығарманың идеясы туралы тауып айтылған толғам. «Әдебиет – өнер. Өнердің түрі көп емес пе: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура), т.б. Ал, әдебиет қандай өнер? Әдебиет – сөз өнері. Мүсіншінің құралы – саз, суретшінің құралы – бояу, әншінің құралы – үн, бишінің құралы – қимыл болса, әдебиетшінің құралы – тіл… Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері затты, нақты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал, әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін – бар өнердің басы… десек, асырып айтқан болмаймыз. Қазақ халқының «өнер алды – қызыл тіл» деген білгір тұжырымы да тегіннен-тегін тумаған-ды». Бұл енді сөз өнері туралы танымның тарамы.
Зекеңнің көп қайталайтын «Осыны Мен жазсам басқаша емес, Қабдоловша жазар едім» деген тәлімді ұлағаты бар еді. Сол айтпақшы, Зекең басқаларша емес, Қабдоловша ғана сөйлейді, оны еш қайталау мүмкін емес.   Қарап отырсақ, жоғарыдағы кесек ойлардың әр қайсысы сөз өнеріндегі түрлі мәселелерге  қарата айтылғанмен,  бәрі де арлы да нәрлі сөздер арқылы ажарланып тұрған жоқ па? Сөйлеу үшін айтыла салған жәй сөз емес, жанды да бейнелі сұлу сурет. Айтпауға болмайтын болған соң айтылған ойлар. Тұнып тұрған тағылым.  Қадекең (ақын Қадыр Мырзалиев):
Қаламыңыз аққудай,
Қауырсынын тараған.
Сиқырлы сөз тәтті удай,
Бойға шым-шым тараған…
Самғап шабыт қыраным,
Іздегенде жыр құсын,
Сізге қарай бұрамын,
Сұлулықтың дүрбісін, – деп бекер айт­паған. Өзі де сұлу, сөзі де сұлу еді ғой Зекеңнің. 
Бірде мынадай қызық болды. Сол жылы алты жылдан кейін «Сөз өнері» деген атпен Ұстаздың «Әдебиет теориясының негіздері» кітабының екінші басылымы жарық көрді. Кітап сондай әдемі болып шықты. Қоңыр түсті кітаптың сыртындағы алтынмен зерлеп жазылған Зекең қолтаңбасын танытатын «Сөз өнері» атты астарлы атауы білімнің алтынды қазынасына шақырып тұрғандай бедерлі де бернелі екен. Бәріміз кітаптың бір-біреуін сатып алып, ұстазымыздан қолтаңба алдық. Қолымыздан тастамаймыз. Бір күні сабақта отырып, Зекең оқып жатқан тақырыпты кітаппен салыстыра қалмасым бар ма?! Мұндай таңқалмаспын! Зекең кітаптың үтір, нүктесіне дейін жаттап алған сынды.   Сонда ғана барып Зейнола Қабдоловтай дана ұстаздың «Сөз өнерін» үлкен жауапкершілікпен, «жүз ойланып, мың толғанып», әдебиет теориясының өзекті мәселелерін жан жүрегінің сығындысы етіп жазып шыққанына көз жетті. Сондықтан да, ол ұстаз жадынан өшпестей орын алып, кез келген сәтте көз алдына келе қалар сананың сәулелі суреті болып сақталып қалған. Ұстаз өткен сабақтың бір тартымдылығы ол кісінің жадында сақтау қабілетінің аса жоғары деңгейде болуынан деп білем. Қолында түйір қағаз болмайтын. Теориялық тұжырымдарына қажетті мысалдарды мейлі ол қарасөз, мейлі өлең болсын жатқа айтатын. Әсіресе, өлеңді жатқа өте көп білетін-ді. Және әдемі оқитын. Лекциясын мінберге шығып бастағанмен, шабыты келген сәтте аудиторияны айналып жүріп оқитын еді. Сол сәтте аудиторияда тек шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнап, жүзінде нұр ойнаған ағайымыздың күмбірлеген қоңыр даусы жан-жүйемізді баурап алатын. Жанарымызда, назарымызда сол кісі де болып, әрбір айтқан сөзі құс қанатындай сусылдап келіп кеудеміздің түкпіріне қонақтап жататын-ды.
Сондай сәттерде Зекеңдік жалынмен оқылған, өзі аударған Назым Хикметтің :
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап.
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ! тақілеттес өлең жолдары айрықша бір құдіретке ие болып шыға келер еді. Күреске, жеңіске шақырғандай, ерекше рух беретін. Болашаққа, жарық күнге ұмсындырғандай, өмірдегі жақсылыққа, бақытқа жету өз қолыңда дегендей, арманның үміт отын жарқылдата жандыратын.
Шын мәнінде Зекең дәрісі таным мен талғам ой ажарын бейнелей ашар, мың құбыла табысқан сұлу сөз арқылы төгіліп түсіп, бір-бірімен сырласа табысып, ықылас қоя тыңдаған талапты шәкіртті өзіне үйіре тартып, баурап алып кете баратын. Асылы, Зекең шешендігінің құны осы сөз сиқырын ой-танымға меңгерткен эстеттік стильде жатыр. Шын мәнінде, Зекеңнің «білмір шешендігі» тілге тамсандырып, ойға өріс ашады, тілге еліттіріп, тұжырымға тұщынтады, тілге сүйінтіп, танымға табындырады. Жарқылы өткір сөз құдіреттің санаға түсірер сәулесі мол болмағына еш күмән жоқ. Зекең шешендігінің өзіне дейінгілерден асқан асуының биіктігінің де, жаңашыл сипатының да бір белгісі осында жатқаны шындық. 
Шіркін, Зейнолла ұстаздың әр сабағы өзінше бір мектеп еді ғой. Айтқандары естен кетпестей болып сақталып қалатын-ды. Қысқа қарай курсты да аяқтадық. Зекең қойған бестік бағаны алып, қуана-қуана демалысқа шықтық. Бір қызығы, бірінші емтихан «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен болды. Келесі емтихан қабылдаушылар «Зекеңнен үш алған, төрт алған балаға бес қоя алмаймыз» деп әзіл-шыны аралас ойларын ашық айтты. Бұл, әрине, Зекеңнің сол кездегі беделі мен білігін танытатын, айбыны мен абыройының көрсеткіші іспетті нәрсе. Ал, Зекеңнің ол кездегі білімге, ғылымға деген адалдығы берік болатын. 
Ол кісі мені еркелетіп, «Бұл біздің Вальдхайм ғой» деуші еді. Сол кезде ООН-ның Курт Вальдхайм деген Бас хатшысы болған, мені соған «теңеген» әзілі ғой. Ол да мен сияқты ашаңдау кісі болатын. Зекең не десе де, бізге балдай жағушы еді. Ол кісінің әзілі әсте адамды кемсіту немесе кекету тұрғысынан айтылмайтын. Нені айтса да тауып айтатын. Көбіне әзіл-қалжыңы адамды көтермелеу үшін айтылатын іспетті еді. Қандай отырыс, мәжіліс болсын айналасына, мерекелік дәстүрдің салтанатын шашып, жарқылдаған көтеріңкі көңілдің нұрын сеуіп отыратын еді. Бүгінде кезінде Зекеңмен жақсы дос, жарқын жолдас болғандардың біразымен аралас-құралас болып жүрміз ғой, солардың біреуінен Зекеңе деген бір сәттік ренішін, болмаса біреуді көңілін қалдырыпты дегенін естіген емеспін. Жаны жарық адам еді ғой ұстазымыз. Мәскеуге кеткеннен кейін Зейнолла ағаймен жолығысудың сәті түспеді. Оның, әрине, себептері көп. Алдымен, жер шалғайлығы, сонан соң біздің бала кезден арыла алмай келе жатқан ұяңдығымыз бен батылсыздығымыз себеп болса керек. Танымай қалса, ыңғайсыз болады-ау деген күдік үнемі жеңіп кетіп отырды. Өзімнің бала жастан арманым ҚазМУ-ге, журналистика факультетіне қызметке орналасқан соң да, тек кездескенде ғана сәлем беруден арыға бара алмадық. Үш жыл ғылыми үйірмесінде болып, кейінгі курстарда сабақ берген, жақындау араласқан Тұрсынбек ағайға да сәлемнен ары бара алған жоқпыз. 
Журфакта оқытушы болып жүрген кезімізде, «Алатау» арнасында штаттан тыс редактор ретінде қосымша қызмет атқарып, сол арнадағы «Ұлағат» атты хабарға жүргізуші болдым. 10 шақты хабарым «Алтын қорға» қабылданды. Хабардың негізгі мақсаты Қазақтың атақты қайраткерлері, әсіресе ғалым, ұстаз адамдармен сұхбаттасу арқылы солардың өмірі мен өнегесін ұрпаққа үлгі ету болатын. Хабарға әдебиетші ғалым Мұхамеджан Қаратаев, геолог ғалым Патшайым Тәжібаева, тілші ғалым Шора Сарыбаев, атақты палуан, спортшы ғалым Қабден Байдосов сынды кейіпкерлерді түсірген соң, ҚазМУ ғалымдары мен ұстаздарын түсіруді академик Зейнолла Қабдоловтан бастасам қалай болады деген ой келді. Ойымды біздің алдымыздағы азаматтардың ішінен шәкірті ретінде жақындау жүретін Жанғара Дәдебаевқа айтып көріп едім, ол кісі ойымды құптап, «Зекеңнен бастағаның жөн. Таниды, неге танымасын. Ол кісінің еске сақтау қабілеті өте керемет. Өзім ертіп барамын», – деді. Келісілген күні, айтылған уақытта ұстазға бардық. Әдеттегідей, күндей күлген жарқын мінезімен қарсы алды. Жәкең таныстырып еді, «Ә, білем ғой Өмағаңды», – мейірлене жымиды. Кейіннен Зекең қашан, қайда, қандай жағдайда кездеспейік, қай жерде болмайық осы бір «Өмаға!» дегенінен танбай-ақ кетті. Неткен кішіпейілдік десеңізші! Былай қарасаң тырнағына татымайтын адамбыз ғой, бірақ, еркелете қараған нұрлы көзінің мейірі,  үнемі жымиыс шақырып тұратын еріндеріндегі жылылық ұясы, өмірге деген ризалық пішін танытып тұратын шырайлы жүзі тұтаса келе тек адамды қуантуға жаралған болмыс-бітім туғызып, жан жадыратар бейнелі сөздермен өрілген мағыналы да мәні терең ойлары көңіліңді көкке өрлетіп, мерейіңді тасытып, бір сәт болса да мына пәни жалғанды тәтті ете түсер еді. Қайран Зекең, азаматтығы  асқар таудай, адамдық болмысы қандай биік болса да сол бір кішіпейіл мінезінен бір айнымай кетті-ау. Үлкенге деген ілтипатын, кішіге мерейлі мейірімін еш аяған емес. 
Меніңше, Зейнолла Қабдоловтай асыл ұстаздың тағылымы мен тәлімі әр шәкірттің жүрегінде мәңгілік сақталады. Ұлт бар да, ұрпақ бар да ұлы ұстаз ұлағаты ғасырдан ғасырға жаңғырып жетіп отырары хаһ. 2009 жылдан бастап Зекең мен Тұрсекең басқарған «Қазақ әдебиеті» және «қазақ әдебиетінің тарихы мен сыны» кафедраларын біріктіріп, «Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы» атауымен қайта құрып, ұлағатты ұстаз ісін жалғастырғаныма өзімді бақытты сезінемін. Кафедра меңгерушісі ретіндегі жемісті еңбектің нәтижесінде, университет ректоры сенім көрсетіп, ғылыми-педагогикалық  еңбек жолым басталған журналистика факультетіне декандық қызметке тағайындады. Әл-қадырымызша ұстаз үлгісін ұстануға тырысып келеміз. Сондықтан да, ғылымдағы алғашқы ізденісіме ақ жол тілеп, жеңіске жеткізген, жетелеп әкеп аспирантураға түсіріп, ғылымның даңғылына алып шыққан дана ұстаздың үмітін ақтадым деп білемін.

Алдыңғы «
Келесі »