Аялы алақандағы аяулы жүректің иесі (немесе көрнекті кардиохирург Сейітхан Жошыбаев туралы сыр)

  • 23.06.2014
  • 904 рет оқылды
  • Пікір жоқ

СмановБақтияр СМАНОВ,
ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, 
Халықаралық Ш.Айтматов академиясының академигі, 
педагогика ғылымдарының 
докторы, профессор

«Қазақ-қырғыз – бір туған» дегендей, осы екі елдің медицина ғылымының аса бір маңызды бағыты – біздердегі кардиохирургия саласының негізін салушылардың бірі, көрнекті кардиохирург-ғалым, ҚР Профилактикалық медицина академия­сының академигі, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейітхан Жошыбаев туралы бұрын да көп естіген болатынбыз.  Өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдарының ортасынан тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында жүрек хирургиясы бөлімшесіне жетекшілік етіп, қолы жеңіл, білікті кардиохирург ретінде аты елге енді таныла бастаған кезде, бар­ша жұрт білетін бәнәйі себептермен Се­кең бастаған сол орталықтың жүрек-қан тамырларының екі-үш талантты ота­шылары көрші қырғыз еліне үдере  көшіп кеткенінен де  хабардар едік. Ол тұста кардиорхирургиялық ота жасайтын білгір мамандарға еліміз өте зәру еді. Тіпті, мұндай жақсы мамандар, әсіресе, сол саланың ғылым докторлары саусақпен санауға да келмейтін. Бұл жайт жалпы қалың елдің, жұрттың алабөтен алаңдаушылығын, өзекті өртеген өкінішін туғызды. Бірақ, ол кезде басқа амал жоқ та еді. 


Содан, білікті мамандардың қадір-қасиетін білетін, бізбен ежелден аралас-құралас отырған, төскейде малы, төсекте басы қосылған ақ қалпақты ағайындар, сол кездегі мемлекет басшысы академик Асқар Ақаев бастап, оларды құшақ жая қарсы алады. Өйткені, ғалым-дәрігер Қырғызстанда жоғары медициналық білім алып, бесінші курста өзімен бірге бір курста оқыған қырғыз аруы – асыл жары Салқын жеңешемізге үйленеді. Онан кейін жолдамамен Қырғызстанның шалғайындағы Нарын облысында бес жыл қатардағы хирург болып қызмет атқарады. Ратан, Рәпіл, Жұлдыз секілді інілеріміз бен  қарындасымыз дүниеге келеді. Оның бұдан кейінгі жарты ғасырға тарта (47 жыл!) өмір жолы жүрек хирургиясы саласына байланысты өрбіді. Ол жүрекке ең алғаш ота жасаған өзінің қадірменді ұстазы, академик Иса Қонайұлы Ахунбаевтың ақыл-кеңесімен Мәскеуге аспирантураға оқуға аттанады. «… Оқуға бар. Беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып қал. Бұл әлі тылсым сырлары толық ашыла қоймаған жаңа сала. Болашағы зор…» – деген академик-ұстаз. Онда үш жыл оқыған жоғары санатты дәрігер-хирург ең алғашқылардың бірі болып, 1970 жылы Мәскеудің А. Н. Бакулев атындағы Жүрек-қан тамырлары институтында «Митралды жетіспеушілікті түзеткеннен кейінгі жүрек қарыншасының соғуының фазалық құ­ры­лымы мен гемодинамикалық өз­геруі» тақырыбындағы  ғылым кандидаты дәрежесін алу үшін жазған диссертациялық еңбегін белгілі кардиохирург, профессор Ю.С.Петросянның ғылыми жетекшілігімен ойдағыдай  қорғап шығады. Одан көп ұзамай тағы да Мәскеудің кеңестік дәуірдегі біз атаған нөмірі бірінші әлемге әйгілі Жүрек институтында «Аорта құлақшасын протездеу» деген тақырыпта докторлық диссертациясын абыроймен  қорғады. Ғылыми еңбегіне қазір Израильде (Тель-Авивте) тұратын жасы тоқсаннан асқан атақты кардиохирург Григорий Иосифович Цукерман ғылыми кеңесшілік етті, ал, кеңестік кардиохирургияның атасы, академик В.И.Бураковский (қазір Мәскеу кардиохирургия институты осы кісінің атымен аталады) бірінші ресми сарапшы болды. Бұрынғы КСРО астанасы Мәскеуде Сейітхан аға әйгілі ғалымдардың үлгі-өнегесін, тәрбиесін көрді. Олармен қоян-қолтық араласты. Қаншама рет ұстаздарымен бірге жүрекке Кеңес Одағында, шет елдерде бірлескен оталар жасап, тәжірибе жинақтады. 
Қазақстаннан Бішкекке қайта оралған соң жаңа келген жоғары білікті ғалым-кардиохирургқа елдің сол кездегі Президенті Асқар Ақаев қамқорлық танытып, Орта Азия мен Қазақстанда тұңғыш рет арнайы «Жүрек хирургиясы және органдарды алмастыру ғылыми-зерттеу институтын» ашып берді. Сол институтқа жетекшілік жасаған кезеңде академик С.Жошыбаевтың  жеке өзі  үш мыңнан астам науқастың жүрегіне ота жасап, олардың сырқаттарынан құлан-таза айығып  кетуіне септігін тигізді. Мұны сол жерде ота жасалғандардың тең жартысына  жуығы Қазақстаннан іздеп барған жерлестері болғанын кезінде ризалықпен жыр етіп айтқан көз-көргендерден естігеніміз бар. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ » демекші, ол кісінің Бішкекке ауысып кеткенін естіген жұрт Қазақстанның түкпір-түкпірінен сонда ағылып барып, жүрегіне ота жасатып, қайта қатарға қосылып жатты. 
Ағамыздың атақ-даңқы ол елде дүріл­деп тұрды. Американдық әлемге әйгілі кардиохирург Майкл Эллис Дебекидің (Хьюстондағы жүрек орталығының же­текшісі) тағылымдамасынан өтіп, өзінің Мәскеулік құрдас-достары  Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері Лео Бокерия (қазір А.Н.Бакулев институтының директоры), Ресейдің тұңғыш Президенті Б.Н.Ельциннің жүрегіне ота жасаған Ринат Акчурин, литвалық әріптесі Ю.Ю.Бредикис, жүректің «Зингер мәшіңкесі» атанған атақты трансплантолог-ғалым, жасанды жүрек авторы, марқұм профессор В.И.Шумаков, өзінің қадірменді ұстазы академик В.И.Бураковский, академик Е.Н.Мешалкин секілді т.б. атақты ғалым-кардиохирургтармен тығыз байланыс орнатып, отандық (кеңестік) жүрек хирургиясы ғылымын соңғы жаңалықтармен дамытты. Сол арқылы оны одан әрі өркендетуге орасан зор үлес қосты. Жүрек-қан тамырларына ота жасау бойынша жаңа технологияларға негізделген шеберлік сыныптарын өткізді. Қол жеткен табыстарын ортаға салып, тәжірибе алмасты. Бірнеше ғылыми біліктілігі жоғары ғалым-кардиохирургтар даярлады. Сөйтіп, жүрек ауруларының түр-түріне ота жасауда үлкен табыстарға жеткен қырғыз еліндегі қазақ ғалымы өзі ұйымдастырған институттың абырой-беделін асқақтатып, ел аузына ілікті.
 «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді ұлы Абай хакім. Сол айтқандай, бүгінде ғалым-ұстаздың жүрек хирургиясы саласы бойынша даярлаған, қарамағында қызмет еткен қаншама ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары әр жерде елдің назарына түсіп, биіктен көрініп келеді. Солардың бірі – Қырғызстанда біраз жылдар Сейітхан ағаның тәрбиесін көріп, өнегесін алған, осы кісінің ұсынысымен Астанадағы Ұлт­тық ғылыми кардиохирургиялық ор­та­лықтың жетекшісі болған медицина ғылымдарының докторы, профессор Юрий Пя екенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Мұны, неге екенін қайдам, өзі де, өзгелер де айта бермейді.  Мұндай майталман маман-ғалымдар ағамыздың шәкірттерінің арасында көптеп саналады. 
Осыдан төрт-бес жыл бұрын 2009 жылы елге алғаш оралған тұста академик ағамыз газет тілшісіне берген сұхбатында:
– Елордадағы шәкірттерім, өзге де мамандар алдымды қиып өтпейді. Бара қалсам, ақыл-кеңестерін сұрап, ұстаз бен шәкірт арасындағы алтын арқауды сабақтап, әңгіме-дүкен құрамыз. Ғылымдағы жетістіктерді талдап талқы­лаймыз. Білім-білігі мен төрге оза алатын, айтқаныңды іліп әкететін, жетер жеріне дұрыс жеткізетін жастар болашақта бізден де мықты болып шығатынына, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге молынан үлес қосатынына иманым кәміл. Алаштың айбынын асырған ұлы ақын Мағжан Жұмабаев: «Көздерінде от ойнар, Сөздерінде жалын бар. Жаннан қымбат оларға ар, Мен жастарға сенемін» деген екен. Мен де осы тілектемін, –деген болатын. 
Шындығында да, көрнекті ұстаз-ғалымның айтқан сөзінің дұрыстығын  өмірдің өзі  дәлелдеп келеді. Бүгінде Астаналық кардиохирург Юрий Пяңыз Қазақстанның Еңбек Ері атанып, ұстазының биік сенімін ақтады. Ол басқаратын Ғылыми Орталық қазіргі кезеңде әлемге танымал төрт орталықтың (АҚШ, Австралия, Германиядан кейінгі) біріне айналып, халықаралық деңгейдегі зерттеу бағдарламаларына қосылып отыр. Мұны қайраткер-ғалым еңбегінің жанғаны деп білуіміз керек. 
Бірде Сейітхан аға өзінің дәрігерлік мамандықты таңдауының сыры жайлы   әңгімесін балалық шағымен байланыстыра  әңгімелегені бар.
– Біз өзіміз төрт ағайынды болдық. Үлкен ағам Нұрман, одан кейін Сейітжан көкем, одан соң мен, менен кейін кенже ініміз Сейітқұл (ерте қайтыс болып кеткен) еді. Менің балалық шағым Ұлы Отан соғысының отты жылдарымен тұспа-тұс келді. Сегізінші сыныпта оқып жүргенімде әкемнің інісі Әліп ағам  әскерден демалысқа келіп, әңгімелесіп қалдым. Мен ол кезде геолог-инженер боламын деп жүрген кезім. Ағам мені мұқият тыңдап отырып: «қарағым, оқуыңды жақсы оқып, дәрігер бол. Жұртқа пайдаң тиеді, алғысын аласың, үлкен сауапты жұмыс жасайсың. Оның ішінде хирургтың жұмысы, еңбегі геолог-инженерден кем түспейді» деген еді. Әліп тәтемнің сол айтқаны еш ойымнан кетпейтін. Дәп бір маған айтқан өсиет-тапсырмасындай болатын. Содан Ақыртөбе орта мектебін бітірген соң, құжаттарымды ауылға  жақын жердегі Қырғыз мемлекеттік медицина институтына  тапсырдым. Онда қабылдау емтихандарынан сүрінбей өтіп, оқуға қабылдандым. Студент атандым. Сонда, Әліп көкемнің қуанышында шек болған жоқ.
2007  жыл Сейітхан ағаның өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Елу бір жылдан астам саналы ғұмырын өзге елде өткізген ғалым өз Отанына оралып,  қалған өмірін тәуелсіз мемлекетіне, қара орман халқына, туып-өскен  жеріне, туған еліне арнағысы келді. Сол бір жылдардағы орындалмай қалған арманын іске асыру, денсаулық сақтау ісінің Қазақстандағы ең зәру саласы – жүрек хирургиясына үлес қосу, оны елімізде өркендету жайы жатса да, тұрса да ойынан еш кетпей қойды. Сонан, елге оралсам, халқыма қызмет етсем деген түпкі ойын қағазға түсіріп, Елбасымыз Н.Ә Назарбаевқа хат жолдады. Президент көрнекті ғалым-кардиохирургтың бұл ұсыныс-тілегін қабыл алып, оның туған еліне, өскен жеріне, көне Тараз қаласына орналасуына жағдай жасады. Сөйтіп, ол 2008 жылдың басынан Әулиеата жерінде бұрын-соңды болмаған алғашқы кардиохирургиялық орталық ұйымдастырып, өз шәкірттерімен бірге жүрекке ота жасау жұмысын шұғыл бас­тап кетті. Бірте-бірте қызметкерлер қатары Астана, Мәскеу, Алматы, Бішкек, Новосібір, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларындағы жоғары оқу орындарын бітірген маман-дәрігерлермен толығып, жалпы саны 55-ке жетті. Қаланың шетірек жағында орналасқан Тұрар Рысқұлов атындағы шипажайдың бір қанатын жалға алып, аз ғана уақыттың ішінде, толассыз еңбектің нәтижесінде, орталықты аяғына тік тұрғызды. Жаңадан ашылған жекеменшік мекеме болған соң оның мүмкіндіктері де шектеулі болды. Әрине, ең басты қолбайлау болған мәселе қаржы екені белгілі. Өйткені, басқа емес, жалпы жұрт қарапайым ғана  «қозғалтқыш» деп атап кеткен адамның ең негізгі органы – жүрекке ота жасау өте қымбатқа түсетін емдік шара еді. Сондықтан орталыққа осы заманғы технологияның соңғы жетістіктеріне сай жасалған шетелдік құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер сатып алу, ағымдағы шаруашылық жұмыстары, қырғыздың өзі жиі айтатын халық мақалындағы «Ескі дос естен кетпес, жаңа дос барыққа (қазақшасы – қадіріңе) жетпес» дегендей, жора-жолдастардың, тамыр-таныстардың, жеке байланыстардың көмегінсіз еш мүмкін болмады. Сөйтіп, алғашқы 2008 жылдың нәтижесі жаман болған жоқ. Жалғыз ғана ота жасайтын стол мен үш орындық жансақтау бөлмесінің өзінде күніне (сенбі күндерді қоса есептегенде) екі-үш сырқаттың жүрегіне ашық ота жасап, 152 адамның шыбын жандарын аман алып қалды. Бұл бастапқыда үлкен жетістік болатын. Ота жасағандардың үштен біріне (50 адамға) мемлекет тарапынан бөлінген квота бойынша тегін ота жасалды. Екінші, 2009 жылы, 304 науқасқа (оның 200-і квотамен), ал, 2010 жылы 402 адамға ота жасалып, мұндағы  квота саны 300-ден аса түсті. Кейіннен Астана, Алматыдан соң еліміздің әр облысынан өңірлік кардиохирургиялық орталықтар ашылуына байланысты 2011 жылы 349, 2012 жылы 330 квота бөлініп, соған сәйкес сырқат жандарға көмек берілді. Ал 2013 жылы 260 адамға (оның 20-сы ақылы түрде) ота жасалынды.
Бұл деректерден байқайтынымыз – мемлекет  тарапынан квота бөліну саны артқан сайын ақылы түрдегі оталардың саны тиісінше азая түскен. Ақылы түрдегі емделуге көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан секілді республикалардың әр жерінен арнайы іздеп келген науқастар келген. Ал, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Алматы қаласынан келген сырқаттар толығымен квота арқылы шұғыл оталар жасатқан. 2008 жылдан бастап Жамбыл облысының тұрғындарына тегін кепілдендірілген медициналық көмек ретінде қызмет көрсетіліп келеді. Бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау, ерекше қамқорлық екені сөзсіз. Осындай пәрменді қолдаудың арқасында орталықтың жұмысы жүрекке ота жасау күрделілігі мен оның нәтижелілігі, саны мен сапасы жағынан рейтингі тез арада жоғарылап,  Астана, Алматы қалаларындағы орталықтармен теңесіп келеді. 
Мұнда жүрекке ота жасатқан науқастардың тең жартысынан астамы жасөспірімдер, салмағы 6-8 кг болатын жаңа туылған 5-6 айлық нәрестелер болатын. Оларда, әсіресе, жас сәбилерде жиі кездесетін, әлі күнге дейін себебі, беймәлім болып келген жүректің туа біткен ақаулары мен жүрек қарыншасындағы «қабырға-қалқа» ақаулары, әр түрлі ауытқушылықтар мен туа бітті жарықшақтар ота жасауды қажет етеді.
– Менің өз Отаныма оралуым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жасалған «Қазақстан Республикасында кардиология мен кардиохирургияны дамыту туралы 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» қабылдануымен тұспа-тұс келді. Халыққа көмек көрсетуді одан әрі жетілдіру  мен оны дамыту тұрғысында, ең алдымен, жүрек талмасы ақауынан жиі болатын ажалдың алдын алуды және оның арасалмағын азайтуды мақсат еттік. Мен аталған бағдарламаның жауапты үйлестірушісі болдым. 2007-2009 жылдар аралығында бекітілген бағдарламаға сәйкес еліміздің барлық өңірлерінде осы заманғы техникалармен жабдықталған кардиохирургиялық бөлімшелер ашылды. Бүгінде елімізде мұндай арнайы орталықтар саны 26-ға жетті. Әрине, ендігі мәселе сапада. Біз осыған басты назар аударуымыз қажет, – дейді профессор Сейітхан  Жошыбайұлы. 
Кардиохирург-ғалымның әңгімесінен аңғарғанымыз: жергілікті халыққа кардио­логиялық және кардиохирургиялық көмек көрсететін республикалық орталық­тардың арнайы құрылысын салу, оларды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен  толықтай қамтамасыз ету, жоғары білікті дәрігер-хирургтарды алдыңғы қатарлы шетелдерде оқыту, қайта даярлау, сол елдерде тағылымдамадан өткізу, қазақ жеріндегі клиникаларға шетелдік білікті мамандарды шақыра отырып,  бірлескен оталар жасау қамтамасыз етілді, шеберлік сыныптары, тәжірибе алмасулар жүзеге асырылды. Астана мен Алматы қаласында кардиохирургиялық орталықтардың құрылысы пайдалануға берілді. Осындай нарықтық қатынастардың өршіп тұрған  заманында қазақ жеріндегі әрбір жүрек ақауына шалдыққан адамға, әсіресе, жасөспірімдер мен сәбилерге  өзінің туған жерінде ота жасай алатындай  жағдайға жетуіміз үлкен жетістік еді. Қазір қаншама жүрек сырқаты бар жандар қыруар қаржысын шығындап шет елдерге сандалмай, өз елімізде-ақ ем қабылдай алатындай   мүмкіндікке ие болды. Бұл жерде Президент Н.Ә.Назарбаевтың жасаған тікелей қамқорлығы мен мұны өзі бас болып қадағалауының арқасында осындай биік дәрежеге жеткенімізді, әлемдік деңгейге көтерілгенімізді айрықша атап айтқан да орынды.
Бүгінде академик Сейітхан Жошыбаев ағамыз басқаратын Тараздағы орталық қайта құрылып, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы» деген жаңа атаумен жеке арнайы ғимаратқа көшуге әзірленуде. Онда Жамбыл облысының аумағынан  келген сырқаттарға медициналық көмек әлі күнге тегін көрсетіледі. Бұған қоса еліміздің басқа аймақтарынан «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» бағдарламасы негізіндегі емдеу бюросы порталы арқылы келген науқастар да тегін емделе алады.  
Орталық дәрігерлерінің ғылыми әлеуеті де жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі уақытта онда 60-тан астам медициналық қызметкер еңбек етсе, оның 20-дан астамы кардиохирург-дәрігерлер, олардың ішінде 2 ғылым докторы, профессорлар, 2 медицина ғылымдарының кандидаты, 4 резидент, 1 докторант және 2 магистрант бар. Орталықтағы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары білікті кардиохирург  Жәлил  Шейшенов, магистр анестезиолог-реаниматолог Дәурен Нарбаев,  білікті дәрігер Ербол Өстеміров, ультра-дыбыстық зерттеу мамандары, дәрігерлер Әлия Әзімжанова, Рахат Айдарова сынды жастар елдің ерекше ілтипаты мен сый-құрметіне бөленіп, жұрттың алғысын алып жүрген жандар. Олар Түркия, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Чехия, Польша, Германия, Латвия, Украина  секілді елдердің алдыңғы қатарлы емдеу клиникаларында тағылымдамадан өтіп, біліктілігі мен шеберлігін шыңдап келеді. 
Соңғы жылдары ғылыми-клиникалық орталық Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық  қазақ-түрік, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттері мен Алматы дәрігерлер білімін  жетілдіру институтының ғылыми әрі оқу базасы  ретінде аталған білім ордаларымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп отыр. Мұнда жас дәрігерлерді тәжірибелік оқытумен бірге, жүрек ауруларының сан алуан өзекті мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын  жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Алматы мен Астананы айтпағанда, Орталықтың дәрігерлері Испания, Франция, Бельгия, Түркия сынды мемлекеттердегі өткізілген шеберлік сыныптарына, симпозиум-конгрестерге, конференцияларға, семинар-кеңестерге қатысып жүр. Қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен  жабдықталған орталық жүрек ауруларының диагностикасы (оның ішінде жүктілік кезеңіндегі шарананың өсіп-жетілуін бақылау), сырқаттың даму деңгейін айқындау, ем қолданудың бағыт-бағдарын анықтау, хирургиялық ем қолдану, жүректің туа біткен ақаулары, жүре пайда болған жүрек ақаулары, жүректің коронарлық ақаулары, кіші инвазивті шаралар (жүрекке косметикалық ықпал ету), соңғы үлгідегі мультиспиральді  компьютерлік томографпен қан айналымы жүйесінің ауруларын скринингті (профилактикалық) тексеру секілді медициналық қызметтің тағы басқа түрлерін көрсете алады. Ендігі жерде Орталық ұжымы бүгінгі заманғы ақпараттық технология жетістіктерінің мүмкіндіктерін, телемедициналық тәжірибелерді пайдалана отырып, онлайн конференциялар, дәрігерлік кеңестер, медициналық жетекші жоғары оқу орындарының резиденттері мен интернатура тәлімгерлеріне арақашықтықтан (дистанциялық) оқытуды, ірі кардиологиялық және кардиохирургиялық орталықтармен тікелей шығармашылық байланыс орнатуды, сондай-ақ, халықаралық университеттермен жасалған келісім-шарттар негізінде анестезиология, реаниматология, жасуша салу бойынша ағылшын, түрік тілдерін жетік білетін жас дәрігерлерді туысқан түрік елдерінде алты айлық, балалар жүрек хирургиясы бойынша Израильде бір жылдық тегін тағылымдамадан өткізуді, органдарды алмас­тыруды, ғылыммен айналысатын  білікті мамандар даярлауды жоспарлап отыр.
«Бірінші байлық – денсаулық» демекші, мен де 2009 жылы жүрегіме ота жасатып, асыл ағамыздың шипалы қолының шапағатын көрген жандардың бірімін. Сол жолы дәрігер ағамызбен танысып, жақын араласудың сәті түсті. Көрнекті ғалым, атақты кардиохирург жайлы, жалпы жүрек отасы жөнінде жан-жақты тоқталып жатқаным да сондықтан. Шыбын жанды қоярға жай таппай әбден қиналған шақта алдымен Қазақстанның жетекші кардиологтарының бірі – талантты ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, марқұм Орынғали Әдібаев ағамызбен, одан кейін ғаламтор арқылы Мәскеудегі академик А.Н.Бакулев, академик В.И.Бураковский атындағы жүрек-қан тамырлары институттарының, Ресей Орталық әскери-медициналық госпиталінің кардиохирургия орталығы мен Новосібірдегі академик Е.Н.Мешалкин атындағы Қан айналымы патологиясы институты ғалымдарымен хабарласып ақыл-кеңес сұрап, хирургиялық-медициналық көмектің жай-жапсарын білдім. Сосын, Израиль астанасы Тель-Авивтегі Нобель сыйлығының иегері Исхак Рабин Медицина орталығының кардиолог-профессоры, доктор Саса Яковишвили,  тағы басқалармен кеңестік. Олар:
– Өздеріңе, Қазақстанға жүрекке ота жасайтын жоғары санатты тәжірибелі маман, профессор С.Жошыбаев қайтып келді ғой. Қазір Тараздан кардиохирургиялық орталық ашты. Алысқа әуре болмай соған барғаныңыз мақұл…», – деп кеңес берді. Сөйтіп, «Германияға, Израильге немесе Қытайға барамын ба?» деп жүргенімде өз іргеміздегі көне Тараз шаһарынан ағамызды іздеп таптым.  «Адам – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше» дейді дана халқымыз. Сол айтқандай, әйгілі ғалым, атақты дәрігер өте қарапайым, кішіпейіл жан болып шықты. Артық сөзі жоқ, нағыз істің адамы екен. Сонан, тәуекел етіп 2009 жылдың 2-наурызында ота жасап, жүректің аорта құлақшасын ауыс­тырды. Ота сәтті өтіп, бүкіл уайым-қайғыдан, қауіпті сырқаттан құлан таза айығып, қатарға қайта қосылған жайым бар. Сөйтіп, жан азабынан да, тән азабынан да құтылдым. Ағамыз жайлы халықтың десе дегеніндей-ақ бар екен. Ел-жұрт жайдан-жай айтпайды ғой. Оған әбден көзіміз жетті. Әрине, бұл жайында әңгіме реті бөлек болады деген ойдамыз. Өткен жылы кезекті дәрігерлік тексерілуге барғанымызда клиникада Қырғызстанның Ош қаласынан қатты науқастанып келген өзбек азаматы Шамсуддин Ғапиров деген жасы жетпіске таяған зейнеткер ақсақалмен кездескенім бар. Ол: 
– Мен Жошыбаевтың атақ-даңқына баяғыдан қанық едім. Қырғызстанда жүректеріне ота жасатқан адамдар Сейіт­хан ағайдың алтын саусақты кардиохирург, құдайға қараған жақсы адам, өте өнегелі жан, иманды азамат екенін әлі күнге дейін айтып, тауыса алмай келеді. Онысы рас екен. Менің де оған көзім жетті. Шынында да инабатты кісі, үлкен адам екен ағамыз. Сондықтан да, мен бұл кісіні іздеп Бішкекке барып, сол жақтан Таразда тұратынын естіп, емделу үшін әдейі осында келдім. Ота өте сәтті болды. Жүрегімнің бес жерінен шунт қойды. Қазір жан азабынан да, тән азабынан да құтылдым. Тіпті, бірнеше рет жүрек талмасымен (инфарктпен)  ауырғанымды да ұмыттым. Атасына мың рахмет ағамыздың… Алла бұл кісіге халқының қуанышы мен бақыты үшін ұзақ ғұмыр берсін! Мұндай абзал адамға жағдай жасап, қамқорлық танытып отырған Елбасыларыңызға рахмет! – деп ағынан жарылып, көрнекті профессорға, Елбасымызға шынайы ризашылығын білдірген еді. 
Қырғыз Республикасына еңбегі сіңген  дәрігер, әйгілі кардиохирург  Сейітхан Жошыбаев ағамыз басқарып отырған ор­талық 2010 жылы медициналық көмек көрсетудегі жоғары жетістіктері мен жақсы нәтижелерге  жеткені үшін Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын алса, 2011 жы­лы «ХХІ ғасыр лидері» халықаралық имидж­дік бағдарламасы бойынша жоғары сапалық көрсеткіштер мен жетістіктерге қол жеткізгені үшін «Еуропалық сапа» алтын белгісіне ие болды. Ал, 2009 жылдың қорытындысы бойынша Елбасымыздың өзі еліміздің жоғары марапаты «Парасат» орденін С.Жошыбаевтың омырауына тақты. 2011 жылы Дүниежүзі кардиологтар қоғамының «Алтын жүрек», 2013 жылы Францияның медициналық «Sein» атты алтын медальдарымен, «Алтын скальпель» сыйлығымен марапатталды. Бұған қоса өткен жылы профессор С.Жошыбаев басқаратын орталық Ресей, Қазақстан, Украина, Беларусь мемлекеттері Ұлттық бизнес-рейтинг Одағы тарапынан Қазақстан аумағындағы шағын кәсіпорындар арасында «Міндеттер мен талаптардың көрсеткіштері» номинациясы бойынша «Сала көшбасшысы – 2013» құрметті атағына ие болып, мекеме жетекшісі ретінде Сейітхан ағамыз медицина саласына инновациялар енгізуге қосқан мол үлесі мен осы саладағы көп жылдық жоғары сапалы еңбегі үшін аталған елдердің арнайы шығарылған «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» төсбелгісін омырауына қадады.
Жоғарыда аталған жайттардан бөлек Сейітхан ағамыз Орталық Азия жүрек-қан тамырлары хирургта­ры қауым­дастығының төрағасы, көшбас­шысы  ретінде де бірқатар игілікті жұ­мыстар атқарып келеді. Ол аталған қоғамдық ұйымның барлық съездеріне мұрындық болып ұйымдастырып жүр. Мәселен, айтулы ғалым тікелей өзі бас болып,  қауымдастықтың  алғашқы съезін 2007 жылы  Бішкекте, екінші съезін 2008 жылы Душанбеде, үшінші съезін 2009 жылы Астанада өткізгенін бұқаралық ақпарат құралдарынан жақсы  білеміз. 
Сөз соңында айтарымыз, қайраткер ғалым, көрнекті кардиохирург, медицина саласының білгір маманы, денсаулық сақтау жүйесінің бірегей ұйымдастырушысы, академик, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Сейітхан Жошыбаев ағамыздың еселі еңбегі жайлы жылы сөздер, жақсы лебіздер азды-көпті жазылып та, айтылып та жүр. Алайда, жайсаң азамат, жақсы аға, ел жүрегінен елеулі орын алған танымал тұлға жайлы қалам тартқанды, пайымды пікір айтқанды  мақұл көрдік.

(Мақала кейіпкерінің суреті мұқабаның 2-бетінде берілген).

Алдыңғы «
Келесі »