ТЫНЫМСЫЗ ІЗДЕНІС, ЖАНҚИЯР ЕҢБЕК ИЕСІ

  • 23.06.2014
  • 670 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мырзахан Ахметов, 
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универитеті
Ақпарат орталығының жетекшісі

«Темірхан Тебегенов, филология ғылым­дарының докторы, профессор». Күнделікті шығып жатқан мерзімді басы­лымдардың беттерін ашып қалсаңыз осы есіммен жиі кездесер едіңіз. Кездесесіз де бұл өзі неткен жазғыш, еңбекқор ғалым деп таңғаларыңыз сөзсіз. Өйткені оның қалам тартпайтын тақырыбы кемде-кем. Темірхан Тебегенов өзі үнемі айналысатын әдебиет мәселелерін ғана жазумен шектелмей, бүгінгі өміріміздің әр қырына қалам тербеп жүрген қаламгер-ғалым. 


Темекең 2008 жылдан бері қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлтық педагогикалық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасын басқарады. Бұл кафедраның тарихы оқу орнының тарихымен сабақтас. 1928 жылғы күзде тұңғыш Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) ашылғанда, оның құрамында «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы өмірге келген еді. 1935 жылы қазақ тілі кафедрасы өз алдына дербес отау тігіп (меңгерушісі профессор Қ.Жұбанов), қазақ әдебиеті мен орыс әдебиеті кафедрасы бір шаңырақтың астында топтасқан. Қазақ әдебиеті 1937 жылы өз алдына жеке кафедра болып бөлініп шықты. Оның алғашқы меңгерушісі Мұхамеджан Қаратаев болатын. Осы кезде қазақ әдебиеті кафедрасында ұлтымыздың зиялы тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлы (1928-1929), Молдағали Жолдыбаев (1928-1937), Өтебай Тұрманжанов (1928-1938), Сәкен Сейфуллин (1930-1937), Саттар Ерубаев (1936-1937), Мұхтар Әуезов (1937-1946), Сәбит Мұқанов (1937-1941), Хамза Есенжанов (1937) және басқа да ұлт зиялылары еңбек етті. Міне, осы кафедраны 2008 жылдан бері филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов жетекшілік етіп келеді. 
Профессор Темірхан Тебегенов басқарған 6 жылда Қазақ әдебиеті кафедрасы көптеген жетістіктерге жетті. Мұнда қазақ әдебиеті пәнін оқытудың ондаған жаңа инновациялық тәсілдері меңгеріліп, оқу үдерісіне енгізілді. Студенттерге қазақ әдебиетін оқытудың әдістемесі түбірімен жаңартылды. 
Кафедра меңгерушісі Т.Тебегеновтың басшылығымен мұнда көптеген жаңалықтар өмірге келді. Соның бірі ретінде үстіміздегі жылдың ақпан айында ғана екі оқу кабинеті ашылғанын айтсақ та жеткілікті. Осы заманғы талап деңгейінде көрнекі құралдармен, ақпараттық техникалармен, стендтермен, жаңа жиһаздармен жабдықталған сән-салтанаты бөлек бұл кабинеттердің бірі «Қазақ әдеби сынының тарихы», екіншісі «Қазақ әдебиеті» кабинеті деп аталады. Мысалы, «Қазақ әдеби сынының тарихы» кабинетінде «Қазақ әдебиетіндегі сыншылдық ойлардың дәстүрлі мәдени-тарихи негіздері» деген жалпы тақырыппен аса айрықша көркемдік талғаммен әзірленген стендтердің өзі әртүрлі тақырыптарға арналған. Айталық «Халықтық эстетика» деп аталатын стендте Асан Қайғы, Шалкиіз, Қазтуған жыраулардың портреттері мен еңбектері туралы мәліметтер бар. «Ағартушы-демократтардың әдеби-сыншылық ойлары» тақырыбындағы стендте Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаевтың портреттерімен қатар олардың сыни ой-пікірлері келтірілген. «ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзі және әдеби сын» бөлімінде ХІХ ғасырда шыққан «Түркістан уәлаяты» (1870-1882) мен «Дала уәлаяты» (1882-1904) газеттеріндегі, ХХ ғасыр басында жарық көрген «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті және басқа да басылымдарда жарияланған әдеби сын мақалалар, пікірлер туралы тың мәліметтер табылады. 
А.Байтұрсынұлының «Әдебиет таныт­қыш» (1926), М.Әуезовтың «Әдебиет тарихы» (1927) оқулықтары, С.Сейфуллиннің «Ескі әдебиет нұсқалары» мен «Батырлар жыры» жинақтары, «Қазақ әдебиеті» (1932) оқулық-хрестоматиясы әдебиет сынының дамуы мен мәдени мұраны игеруде маңызды қадам болды. Сонымен бірге «Абайтану» ілімін қалыптастыруда А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, І.Жансүгіров, Ғ.Тоқжанов, Б.Кенжебаев, Ы.Мұстанбаев еңбектерінің әдеби-танымдық маңызы зор болғанын да осы кабинетте жинақталған көрнекіліктерден білуге болады. 
Міне, осы кабинетті аралап шыққан әр адам әп-сәттің ішінде қазақ әдеби сынының тарихынан мол мәлімет алары сөзсіз. Бұл студенттер үшін дайын тұрған ілім-білім емес пе? Сондықтан біз осы пән кабинетіне арнайы тоқталып отырғанымыз бекер емес. Ал, енді «Қазақ әдебиеті» кабинеті де осыдан бір мысқал да кем емес. Осы пән кабинеттерінің ашылу салтанатына қатысқан С.Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің профессоры, белгілі сыншы Д. Ысқақов, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Г. Орда және басқалар еліміздегі жоғары оқу орындары арасында «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» кабинеті тұңғыш рет осы оқу ордасында ашылып отырғанын атап көрсетті. 
Мен қазақ әдебиеті кафедрасындағы осы жаңалыққа шұқшия тоқталуым – осы жобаның иесі профессор Темірхан Тебегеновтың ізденімпаздығын, жаңашылдығын көрсету еді. 
Шын мәнінде Темекең нағыз өз кафедрасына, өз шәкірттеріне жанашырлықпен қарайтын, болашақ мамандардың осы пән бойынша тиянақты білім алуына қамқор болып жүрген ұстаз екенін әлгі пән кабинеттерінен-ақ байқау қиын емес. 
Профессор Темірхан Тебегенов – ізденімпаз және еңбекқор ғалым. Ол «Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі» атты монографияның, «Әдебиет тарихы», «Әдебиет тарихының мәселелері», «Шетел әдебиеттері тарихы», «Халық ақындары», «Халық ақындары шығармаларын оқыту», «Әлем әдебиеті», «Қазақ әдебиетін оқыту мен зерттеудің іргелі орталығы» сияқты оқу құралдарының, 4 типтік оқу пәндері бағдарламаларының, әдебиеттану саласы бойынша 300-ден астам мақалалардың авторы. Ол «Халық ақындары» (1997) оқу құралында қазақ әдебиеті тарихының көрнекті тұлғаларының шығармаларын бере отырып, оларға кеңінен талдау жасайды. Мысалы, кітапқа 1663-1773 жылдар арасында өмір сүрген Қожаберген Толыбайұлының жыр-толғаулары, ән-өлеңдері, дастандары енгізіліп, автор бұл еңбектердің ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиеті дамуындағы мән-маңызына ғылыми тұрғыда баға береді. Қожабергеннің қоғамдық-әлеуметтік қызметі (жауынгер, би-шешен) мен ақындық-жыраулық мұраларының ұлт­тық-рухани мәдениет тарихындағы маңы­зына тоқталады. Оның «Елім-ай», «Баба тілі» дастандарындағы тақырыптық-идеялық, сюжеттік-композициялық, стильдік-көркемдік ерекшеліктері сараланған. Кітаптың Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) шығармашылығына арналған тарауында ақынның ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде діни-исламдық өркениеттегі сопылық-философиялық дүниетаным мен зар-заман поэзиясы тығыз ұштастырылғаны нақтылы мысалдармен зерделенеді. Шортан­байдың насихат, терме-толғау, арнау, жоқтау, айтыс өлеңдері, дастан жанрындағы шығар­малары арнайы талданады. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихының көр­некті тұлғасы Ерімбет Көлдекбайұлы (1844-1916) шығармашылығына да кітапта арнайы тарау берілген. Ақынның өмір жолы мен дидактикалық-философиялық толғау-термелерінің, жазбаша айтыс­тарының, дастандарының поэтикалық ерекшеліктері талданған. Аталған тұлғалар шығармаларының халықтық-эстетикалық сипатына, ұлттық әдебиетіміздегі көркемдік жалғастықтың даму барысына тарихи-поэтикалық заңдылықтар тұрғысынан баға беріледі. 
Филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов ұлттық әдебиетімізді ғана зерттеп қоймай, әлем әдебиеті өкілдерінің шығармашылығына да түрен салып жүрген ғалым. Оның 1996 және 2006 жылдары екі рет басылған «Шетел әдебиеті тарихы» кітабында ХІХ-ХХ ғасырдағы жаңа реалистік әдеби дамуы арнасындағы Түркия, Иран, Үндістан елде­ріндегі әдебиет үрдісінің даму кезеңдері мен оның сипаттары жан-жақты зерттеледі. Әлем әдебиеті пәнінің елімізде қазақ тілінде оқы­тылуын жүзеге асыруға арналған бұл оқулықта материалдар қазақша аудармасымен берілген. Кітапта Назым Хикмет Ранның (түрік әдебиеті), Әбілқасым (Ғасем) Лахутидің (иран-тәжік), Рабиндранат Тагордың (Үн­дістан) өмірі мен шығармашылығы арнайы қарастырылған. 
Профессор Т.Тебегенов құрастырған «Әлем әдебиеті (ХІХ-ХХ ғғ.)» хрестоматиялық оқу құралында түрік, парсы, қытай, жапон, үнді, моңғол, Африка (1-ші кітап), неміс, ағыл­шын, француз, поляк, венгр, америка (ІІ-ші кітап) халықтары ақын-жазушыларының шығармалары қамтылған. 
Профессор Т.Тебегеновтың «Әдебиет тарихының мәселелері» (1998) оқу құралын­дағы шығармалар қазақ және әлем халықтары әдеби мұраларының көркемдік жалғастық дәстүрі бойынша қарастырылған. Мұнда ислам өркениеті дүниетанымы негізіндегі классикалық әдебиет шығарма­ларының дидактикалық, лирикалық, этикалық сарындары жан-жақты зерттелген. ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті өкілдерінің әдеби мұралары арнайы қарастырылған. Мысалы, Абай шығармаларындағы діни-исламдық дүниетаным жалпыадамзатқа ортақ гуманистік-эстетикалық көзқарастар тұрғысынан байыпталады. Ы.Алтынсарин мұрасындағы діни-исламдық көзқарастар («Шариат-ул-ислам», «Мұсылманшылық тұтқасы»), Омар Шораяқұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуұлы, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, Асқар Тоқмағанбетов, Қалижан Бекқожин шығармалары жеке-жеке ғылыми очерктер түрінде енгізілген. Оқу құралы қазақ әдебиеті тарихының әр кезеңдегі көркемдік дәстүр сабақтастығын танытуға арналған. 
Ғалымның тынымсыз еңбекқорлығын оның басқа да еңбектерінен айқын көруге болады. Мысалы, дәстүрлі ақындық поэзияның көрнекті өкілдері Жүсіп Ешниязұлының (2003), Молдахмет Дабылұлының (2005) шығармаларын құрастырып, баспа­дан шығаруының өзі үлкен еңбек. Ал Т. Тебе­геновтың қазақ әдебиеті тарихының көр­некті өкілдері туралы жазылған ғылыми мақалаларының өзі ұшан-теңіз. Темірхан Сахаұлының Түркия, Ауғанстан, Қытай, Моңғол елдеріндегі қазақ әдебиетінің көкейтесті мәселелері, шетте өмір сүрген Ақыт Үлімжіұлы, Көдек Маралбайұлы сияқты қазақ ақындарының мұралары, әлем әдебиетінің көрнекті өкілдері Р.Тагор, Дж.Г.Байрон, А.С.Пушкин, Л.Соболев шығармалары хақындағы зерттеу еңбектері де оның білімдарлық, ғалымдық, ізденгіштік, еңбекқорлық қырларын танытса керек. 
Ал, оның мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тағдыры, студенттік педагогикалық практиканы өткізу, діни-исламдық ағартушылық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы жазып жүрген еңбектерінің өзі қыруар. Ғалымның ғылыми-зерттеу еңбектерінің бірқатары Қытай, Ресей, Татарстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің ғылыми басылымдарында жарияланып келеді. Бірнеше рет шет елдерде өткен ғылыми-практикалық конференцияларда ғылыми баяндамалар жасағаны да өз алдына бір төбе.
Темекеңнің қазақ әдебиетіне, оның болашағына деген жанашырлығы айрықша. «Бүгінгі қазақ прозасының беталысы қалай, қазіргі жазушыларымыз не жазып жүр, тың туындылардың көркемдік деңгейі қалай?» – деп толғанатын ғалым қазіргі әдебиеттің бағытын қалт жібермей қадағалап, өзінің сын-пікірлерін үнемі жариялап келеді. Жас әдебиетшілерге бағыт-бағдар беруден жалықпайды. Оны толғандыратын негізгі мәселелердің тағы бірі жоғары оқу орындарында қазақ әдебиеті пәнін оқытудың жайы. Айталық, бұл пән бүгінде ЖОО-ның филология факультеттерінде ғана оқытылғанмен, техникалық және басқа да кәсіптік мамандар даярлайтын оқу орындарында оқытылмайды. Осы да дұрыс па? Өзінің туған халқының әдебиетін білмейтін маманнан ертең өз елін, өз отанын сүйетін, ұлттың қадір-қасиетін, салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін білетін ұлтжанды азамат шыға қояр ма екен? Ұлттық болмысымызды жоғалтып алсақ «Мәңгілік Ел», «Қазақ елі» болып қалуымыз мүмкін бе? Ал халқымыздың бүкіл тарихи, мәдени, рухани құндылықтары, елдігіміз бен ерлігіміздің, ұлттық сипатымыздың асыл қасиеттері түгел-түгел біздің халықтық фольклорларымызда, ауызша және жазбаша әдебиетімізде тұнып тұрған жоқ па?! Сол әдебиетіміздің тұнығынан қана ішіп, сусындамаған жастардан ұлтжанды, патриот, жоғары адамгершілік иелері шығады деп үміттену бос әурешілік. Сондықтан профессор Темірхан Тебегенов жоғары білім беруге арналған жиындарда, конференцияларда еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында, барлық мамандықтар бойынша «Қазақ әдебиеті» пәні оқытылуға тиіс деп жар сала айтып келеді. Бұл пікірді қолдаушылар көп. Бірақ нақтылы шешім қабылдайтын орындар (Министрлік және т.б.) әзірше үнсіз. Дегенмен мен Т.Тебегеновтың осы бастамасының өзін ерекше патриоттыққа балар едім.  
Профессор Темірхан Тебегенов ең алдымен педагог-оқытушы. Оның дәріс оқу шеберлігі, сөйлеу шешендігі тыңдаушысын бірден баурап алады. Оның дәрістері айтар ойының тереңдігімен, тақырыпты жан-жақты қамтуымен ерекшеленеді. 2013 жылғы қазан және қараша айларында Темірхан Сахаұлы Тебегенов Қытайдың Іле педагогикалық университетінде «Қазақ әдебиеті тарихынан» дәріс оқып келді. Қытайдағы қазақ студенттерінің Темекеңнің таңғажайып дәрістеріне ұйығаны сонша, оны сабақтан тыс  уақытта да дәріс оқуға, қазақ әдебиеті туралы ой бөлісуге шақырып жүрді. Тіпті елге қайтар кезінде студенттердің онымен қимай қоштасқаны да оның ұстаздық асыл қасиетіне, білімдарлығына деген құрмет болатын. 
Арамызда осындай тамаша адамдардың жүргені қандай бақыт! 

Алдыңғы «
Келесі »