ҒЫЛЫМҒА ҮЛЕС ҚОСҚАН – БІЛІКТІ БІЛІМ ОРДАСЫ

  • 23.06.2014
  • 931 рет оқылды
  • Пікір жоқ

 Қазақстан Республикасының Прези­денті  Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына  арнаған  «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кезекті Жолдауында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу жолындағы нақты міндеттерді айқындап берді. Мемлекет басшысының бұл Жолдауы жаңа бастамаларға толы және еліміздің дамуына, Мәңгілік Ел идеясына бағытталған нақты бағдар деуге болады.
Президентіміз осы Жолдауында айтыл­ғандай елімізде сапалы да бірегей білім беру жүйесі  дамып келеді. Барлық сатыдағы білім беру мекемелері жаңа әдіс­темеге көшуде. Десек те, ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын әлі де жақсарта түсу қажет.     
Білім мен ғылым саласына тікелей қатысты бұл бағдарлама мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарында дәріс беретін оқытушы-профессорлардың алдына маңызды міндет жүктейтіні белгілі. Ұрпақ тәрбиелеу, білім беру саласында қызмет атқарып жүрген азаматтар үшін Жолдауда көрсетілген  бағыттардың әрқайсысы да жауапкершілігі зор міндет деп білеміз. Өйткені, қай заманда  өркениетке жету жолы, қоғамдық даму үдерісі білім мен ғылымның сапалы деңгейі арқылы ғана жүзеге асады.


Біздің елімізде ұрпақ болашағын қамтамасыз ету кең жолға қойылған. Ендігі мақсат – білім мазмұнын жаңартып, ұлттық құндылықты ескере отырып еліміздің даму үрдісін жеңілдететін білімді ұрпақ дайындау. Міне,  Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті осы мақсатта жемісті еңбек етіп келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі.
Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің жоғары білікті профессорлар мен оқытушылар құрамы 300-ден аса оқытушы, 20-дан аса ғылым докторы, 150-ге жуық ғылым кандидаттары мен магистрлары дәріс береді.    
Қазіргі заман талаптарына сәйкес еліміздің білім беру ордаларында кре­диттік оқу жүйесі енгізілген. Біздің уни­вер­ситетімізді де осы оқу ордаларының қатарына қоса аламыз. Өйткені мұнда да кредиттік жүйе арқылы білім беру стандарты іске асырылады. 
Бүгінгі көзқарасқа, берілген бағалар мен ғылыми тұжырымдарға қарағанда, кредиттік технология білімгерлер өзін­дік ойлау қабілетін дамытып, өз бетін­ше ізденісі арқылы білімін байытады, ғылыми зерттеу жүргізу дағдысын қалыптастырады. Осы айтылғандарға қол жеткізу, әрине, оқытушының дұрыс бағдар беріп, тапсырманы тиянақты қадағалау, талап ету аясында ғана жүзеге асады. Қазіргі кезде білімгерлер сессия кезінде ғана емес, бүкіл оқу жылы бойы жүйелі түрде оқу дағдыларын меңгереді.
Қазір заманауи ақпараттық технологияларынсыз, интернетсіз сапалы білім алу да, табысты жұмыс істеу де мүмкін емес. Осыған орай біздің университеттің барлық бөлімшелері бірыңғай ішкі желіге қосылған, компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Оқу кабинеттерінің көпшілігі компьютермен, техникалық оқыту құрал­дарымен жабдықталған. Сабақтарда техникалық құралдар мен интерактивтік тақталар кеңінен пайдаланылады. Университетте білімгерлерге білім алуына мүнкіншіліктер жасалған. Сабаққа қажетті лекция тезистері, оқу бағдарламалары электронды түрде компьютерге сақталған.     Университеттің кітапханалары, оқу залдары оқу құралдарымен әртүрлі ғылыми әдебиеттермен,  газет-журнал  тігінділерін оқытушылар мен білімгерлер кез-келген уақытта пайдалана алады.
Университет негізін қалауына, оның Республикадағы бәсекеге қабілетті, өз даму жолы және дәстүрлі бар жоғары оқу орнына айналуына университет ректоры,  экономика  ғылымының кандидаты, профессор Еуразия Халықаралық экономикалық акедемиясының мүшесі Жомарт Қошқаров айрықша үлес қосқан тың басқаруы мен оқу ордасында жылда Елбасының дәстүрлі Жолдауын  білімгерлер ортасында талқылай отырып, Президент күнін, Тәуелсіздік күндерін, семинарлар, дөңгелек үстел өткізіліп тұрады.
Оқытушылар мен білімгерлердің арасында ғылыми конференциялар мен әртүрлі кездесулер өткізіліп тұрады, кездесуде қарастырылған мәселелер бойынша өз ойымызды ортаға салуға мүмкіндік берілген және тәжірибелі ғалымдардың, білікті мамандардың ғылыми еңбектерін  жинақтап кітап етіп шығаруға,  журналдарда жариялауға  жағдай жасалған.
Университет АҚШ халықаралық даму агенттігі,«CARANA»корпорациясы, «CAMAN» Орталық Азиялық менедж­ментті дамыту қоры секілді шет елдік және халықаралық ұйымдармен Г. В. Пле­ханов атындағы Ресей экономикалық академиясымен, Орта Азияның жетекші университетімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Данияның, Литвияның, Бело­руссияның және Қазақстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасалған. Облыс пен қаланың «Оңтүстік» қоғамдық қоры, «Жас­тар орталығы», «Көгершін», «Жамбыл Жастары», «Жасыл Ел» жастар ұйымдары, СҚО облыстық штабы, достық үйі сияқты көптеген қоғамдық ұйымдарымен берік те, жемісті байланыстар орнатылған.
Өткен жылғы 6-7 желтоқсан аралығында «Қазақстан-2050: Қоғам, Тарих, Дін» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Тәуел­сіздігі күні қарсаңында өткізіліп отырған шараға Астана, Алматы, Қы­зылорда, Орал, Түркістан қалалары мен еліміздің өзге өңірлерінен елімізге танымал ғалымдар қатысып, бүгінгі күні қазақ тарихын қайта жазу, оның өзектілігін жоғары деңгейде көтеру керектігін айтты. Екі күнге созылған конференцияда ғалымдар негізінен жылдам өзгеретін тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстанның қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси курсын талдау, ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатерінде Қазақстанның заманауи экологиялық, экономикалық және әлеуметтік бағыттағы рөлін нығайту, білім және кәсіби машықты жетілдіруге заманауи білім беру жүйесінің қадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары ретінде баса назар аудару, жастардың қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық және басқа да өміріне ықпалдасуына жәрдем жасау мәселелеріне талдау жасады.
Университеттің өзінің спорт кешені бар. Онда спортпен шұғылдануға мүмкіндік бар және білімгерлер мен оқытушылардың денсаулығын түзеуге арналған универ­ситеттің өзінің санаторийі бар. Сонымен қатар біздердің ой өрісімізді кеңейту үшін университет тарапынан әр түрлі туристік сапарлар ұйымдастырылады. 
Университет қызметінің ең басты көр­сеткіші – білім беру сапасы. Оның сапасын жоғарылату үшін сабақтарды, лекцияларды және семинарларды өткізу деңгейіне үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады, оқыту тәжірибесімен алмасу қамтамасыз етіледі, студенттердің білімдерін бағалау әдістемелері жетілдіріледі, дипломдық және курстық жобалардың сапасын жоғарылатып, оқу үдерісін жетілдіру жұ­мыс­тары үнемі жүргізіледі.
    Елбасының  жоғары оқу орындарының аға буын өкілдеріне, білімгерлеріне оқыған дәрісі барысында білім мен ғылым саласына айрықша көңіл бөлді. Себебі, тәуелсіз мемлекетке жас ғалымдар қажет екендігі айқын. Ғылым әлеміндегі бәсекелестіктің маңыздылығын түсіне отырып, білім саласында ілгерілеуіміз керек. Болашақ кілтін ұстағалы тұрған жастарымыздың біліктілігі мен білімділігі кемелді келе­ше­гіміздің баянды болатындығын айқындайды. Жыл сайын студенттік ғылыми-практикалық конференциялар өткізіліп тұрады. Университетіміздің студенттері республикалық және ай­мақ­тық конференцияларға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Яғни бұл студенттердің егеменді Қазақстанның өркендеуі үшін ғылыммен айналысуларына жол ашады.
Білім-ғылым айдынына құлаш ұрған жастар үшін биылғы Жолдаудың жаңалығы ғылымды қаржыландыру көлемі біртіндеп арттырылатындығы болып отыр. Яғни, ғылыммен айналысатын ізденушілерге мейлінше қолдау көрсетілмек. Алдағы уақытта ғылыми жаңалықтар ашып, патенттерге ие болғандарға көрсетілетін қаржылай көмек көлемін дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жоспарлануда.
Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде мамандарды даярлау жүйесі 2 білім беру баспалдағы бойынша жоғары негізгі білім (бакалавриат) және магистратура. Университетке қабылдау мемлекеттік білім гранты, облыс әкімінің гранты, ректор гранты мен ақылы негізінде жүзеге асырылады. Ең бастысы пайыздық жеңілдік жан-жақты қарастырылған. Оқу орны құрамында бакалавриатта-29 мамандық, магистратура-12 мамандық бойынша даярлайды.
Сонымен қатар ең бастысы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университеті бекітілген ережеге сәйкес дәстүрлі олимпиада өткізеді. Олимпиада 2010 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Олимпиада 6 пән бойынша тест сұрақтарымен беріледі. Олимпиада кезеңнен тұрады. І кезең Жамбыл облысы аудандарында өткізіледі. Ауданнан іріктелген оқушылар университеттің өзінен ІІ кезеңге өтеді. Екі кезеңнен өткен оқушы грант иегері атанады. Ал, олим­пиадаға қатысқан оқушылардың барлығына жеңілдік беріледі.
Біздің университетте дарынды жас­тарды қолдау үшін барлық жағдайлар жасалған. Оларға жақсы үлгерімдері үшін төлемақыдан 20 пайыздан 100 пайызға дейін жеңілдіктер беріледі. Ал жақсы оқуымен қатар университеттің қоғамдық жұмыстарына белсенді қаты­сатын, оқу-тәрбие жұмысына өзінің нақты үлестерін қосатын білімгерлерге оқу жылының нәтижелері бойынша ректор­дың стипендиялары және гранттары тағайын­далады.
Елбасы өз сөзінде еліміздің болашақтағы даму жоспарын айта келіп, жастарды тәрбиелеуге байланысты мәселелерге де тоқ­талды. Жастар соны жүзеге асырудың бел ортасында жүруі тиіс. Ал, біз жастарға рухани-мәдени тәрбие беріп, олардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына ықпал етуіміз қажет.
Қорыта айтқанда, Елбасы Жолдаулары – жасампаздыққа бастайтын даңғыл жол, өркениетке жеткізетін айқын бағдар. Онда тұжырымдалған кешенді мәселелердің барлығы еліміздің болашақтағы әлеу­меттік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына бағытталған. Біздер – оқытушылар мен ғалымдар одан ешқашан да сырт қала алмаймыз. Өйткені, еліміз өсіп-өркендесе, білім мен ғылым да қанатын кеңге жайып, жан-жақты дами береді.

Мақсұт ДАУТБАЕВ,
Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің аға оқытушысы

Алдыңғы «
Келесі »