ТҮРІК ҚАҒАНАТЫ

  • 23.06.2014
  • 5298 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Түріктер туралы  алғашқы  дерек  542 жылдан бастап Қытайдың  жазба дерегінде  кездеседі. VI ғасырда түріктер Алтай тауының теріскей бетін мекендеген көшпелі тайпалар еді. Олар осы кезде Монғолиядағы Жужан (авар) хандығына  бағынып алым-салық төлеп тұрды [1].
546 жылы Орта Азияны мекендеген теле тайпасы  жужандарға қарсы жорық  жасайды. Осыны пайдаланып ашина  тайпасынан шыққан Бумын теле тайпаларына шабуыл жасап, 50 мың үйлік телені  өзіне бағындырды. Осыдан кейін түріктер күшейіп, бұрын өздері тәуелді болған жужандарға қарсы шығып, жужан қағаны Анағұйды өлтіреді.


552 жылы Бумын  өзін «ел қаған» деп жариялайды. Бумын 553  жылы қайтыс болды. Ол өлген соң таққа оның інісі Қара-Еске отырады. Қара-Еске  Орхон өзенінің жоғары жағындағы жужандарды екі рет жеңеді. Қара-Ескеден кейін оның кіші інісі Мұқан қаған таққа отырады. Мұқан қағанның тарихта ел билеген кезі 553-572 жылдарды қамтиды. Ол жужан хандығын біржолата жойып, аз уақыт ішінде (553-554) шығыста кайларды, қидандарды және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енисей қырғыздарын өзіне бағындырады. Батыста эфталиттерді талқандап, Орта Азиядағы мемлекеттерді өзіне қаратады. Мұқан қаған тұсында  түрік қағанаты күшейеді. Монғолия мен Орта Азияны мекендеген түркі тілдес тайпалар мен ұлыстар түрік қағандығына бағынады. Алтай тауынан Каспий теңізіне  дейін ұлан-байтақ жерлерді мекендеген тайпалар түрік қағандығының қол астына қарайды [2].
553-576 жылдар аралығында Бумынның тағы бір інісі Естеми қаған Батысқа  жорық жасады. Естемидің қол астында 10 шад басқарған жүз мың әскер болды. Ол батыс өлкені бағындырып, өзін «қағанмын» деп жариялады. Оның қол  астындағы тайпалар «он оқ будын», яғни «он тайпалы ел» деп атайды. 563 жылы Естеми қаған Каспий теңізінен екінші шеті  Солтүстік үнді ойпатына дейінгі орасан зор территорияны алып жатқан эфталиттерді оңай жеңе алмайтынын түсініп, Иран шахы Хусрау I Анушурванмен одақ құрады. Келісім бойынша Хусрау I шах өзінің әскерлерін Тохарстанға аттандырып, 564 жылы оны эфталиттерден тартып алады. Осыдан соң Естеми қаған 567 жылы Эфталит мемлекетін талқандайды. Ендігі түрік қағанатының шекарасы Каспий теңізінен  солтүстік Үндістанға дейін  және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатты [3].
Түрік қағанаты мен Иран шахының арасындағы одақтастық ұзаққа созылмады. Түріктердің Ұлы Жібек жолын иемденуі Иран шахының наразылығын туғызды. Оның үстіне түріктер Византия мемлекетінен тікелей сауда байланысын орнатпақ болды. Ал Иран мемлекеті бұған кедергі жасады. Сондықтан 568 жылы соғды көпесі  Маниах түрік елшілігін Иран арқылы емес, Кавказ тауы арқылы Константинопильге алып барады. Онда екі ел арасында сауда байланысы жайында келісім және Иранға қары шарт жасады. Осыдан соң түрік елшілігіне Византия  елшісі Земархты қосып аттандырды. Византия  елшісі Земарх түрік  қағанының астанасы Суяб  қаласында қабылданды. 
571 жылы түріктердің  қағаны Естеми қаған Солтүстік Кавказ жерін басып алып, Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Естемидің баласы Түріксанф Керчь түбегін басып алып, Қырымға жорық жасады. Естеми қаған өлгеннен соң түрік қағанатында билік үшін талас басталды. Өз ішіндегі алауыздықтар, қайшылықтар түрік қағанатын қатты әлсіретті. Елде ашаршылық, індет орын алды. Осыны пайдаланып Қытайдың Сун әулеті (581-618 жыл) түрік қағанатына шабуыл жасады. Бұл оқиға түрік қағанатының 603 жылы батыс және Шығыс қағанаттары болып екіге бөлінуіне алып келді. 
Батыс Түрік қағанатының орталығы Суяб ( Жетісу)  қаласы болды. Батыс Түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол Қаратаудың шығыс баурайынан Жонғарияға дейінгі жердің бәрін алып жатты. Қағаннаттың негізгі этникалық ұйтқысы– « он тайпа» мекендеген жері де осы ара болған. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Самарканд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары тұрды. Батыс Түрік қағанаты Шығыс түрік қағанатына қарағанда біршама саяси тәуелділікте болды. Онда  өкімет билігі түріктердің қаған руы ашиналардың қолында болды. Түріктерде билеушіні «қаған» деп атаған. Батыс түрік қағанаты  ежелгі үйсін жеріне орын тепті. Ол Қаратаудың баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерлерді алып жатты. Қағанаттың негізгі этникалық саяси ұйытқысы «он тайпа»  мекендеген жерлер осы болатын. Шу өзенінің шығыс жағында түріктердің ең ірі бес тайпасы, ал батыс жағында ірі бес тайпасы мекендеді. Қағанның жазғы ордасы Мың булақ (Түркістан қаласының маңында) деген жерде болды.
Жегуй қағанның (610-618ж.ж) мен оның інісі Түнжабғы қаған билеген кезде түрік қағанаты күшейді. Тохарстан мен Ауғаныстанға жасалған жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік батысына дейін кеңейтті. Түнжабғы  қаған кең байтақ жерді берік ұстап тұру үшін саяси  реформалар жүргізді. Түрлі айла-тәсілдерді де пайдаланды. Мәселен Орта Азиядағы  Самарқанд қаласын өз қол астында ұстау үшін қаған қаланың билеушісіне өзінің қызын әйелдікке берді. Шығыс Түркістан мен Орта Азияның  билеушілеріне «шад» деген лауазым беріп, оларды өзінің орынбасары етіп тағайындады. Түрік қағанатында ақсүйектер және оларға бағынышты  тайпалар өмір сүрді. Қаған  жердің де, әскердің де, халықтың да, иесі болды. Тақ мұрагерлік жолмен жүрді. Қаған  қолында шексіз билік болды. Барлық лауазымды оның туыстары атқарды. Қағаннан кейінгі екінші адам «ұлық» деп аталынды. 
Қағанаттағы жоғары лауазымдар: ябғу, шад және елтебер қағанның туыстарына тиесілі болды. Сот қызметін бұйрық берушілер мен тархандар атқарды. Қағанаттың негізгі халқы «қара будун» (қара халық) деп аталған. Батыс түрік қағанатында үй жұмыстарын атқаратын құлдары болған. Бұлар көбінесе соғыс тұтқындары еді. Халық бұқарасы түрік шонжарларына ауыр алым-салық төлеп тұрды. Өзен жағасындағы шұрайлы жерлер шонжарлардың иелігінде болған.
Батыс түрік қағанатындағы ру-тайпалар бірыңғай түркі тілінде сөйледі. Осы кезде олардың арасында Орхон жазуы кең тарап, жазу мәдениеті қалыптаса бастады. «Күлтегін» жыры да тас жазуы арқылы бізге жетті. Бұл ескерткіштер әдеби жанры жағынан қазақ әдебиетіндегі батырлар жырына ұқсайды.
Жалпы түріктердің мәдениеті көп халықтарға қарағанда жоғары болғандығын осы тарихи жазулар дәлелдейді. Түрік қағанаты ерте феодалдық мемлекеттердің қатарына жатады. Түрік қағанаты өз заманында мал және егін шаруашылығымен шұғылданды. Оларда негізгі экономиканың көзі мал шаруашылығы болды. Іле, Шу, Талас өзендерінің алқаптарында Алатаудың баурайында егіншілік шаруашылығы басым болды. Олар көбінесе тары мен бидай екті. Халықтың бір бөлігі бау-бақшамен айналысып, жүзім, жидек өсірді. Тайпалар арасында патриархалдық қатынас үстем болды. 
Қытай мен Византия (Византия қазіргі Түркия,  түрік жері) арасындағы Ұлы Жібек жолы Түрік қағанатының жерін басып өтті. Бұл жол сауданың өркендеуіне, Ұлы Жібек жолының жолындағы қалалардың көркеюіне  ерекше ықпал жасап отырды. Жетісуды мекендеген  тайпалар қолөнер мен егіншілікпен және сауда-саттықпен айналысты. Елдің халқы – түріктер де, соғдыларда бәрі бірдей сауда-саттықпен айналысты, егіншілік және мал өсірумен айналысқан. Осының нәтежесінде түрік қалалары өркендей бастады. Қалаларда сауда-саттық кеңінен жүргізілді. Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласына Орта Азия және Қытай жеріне  неше түрлі заттар әкеп саттатын болды [4].
Сыртқы сауда айырбасы да, ішкі сауда айырбасы да, ақша айналысын шығарды, сөйтіп Батыс түрік қағанатының қарамағындағы шет аймақтарының  да, орталығының да халқы осы айналысқа көшті. Түрік халқы қолөнермен де шұғылданып, өмірге қажетті әсіресе, үй тұрмысына керекті заттарды және қару-жарақтарды жасап пайдалана білді. Сауда мен қолөнердің дамуы Жетісу қалалары мен Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік шығыс аудандарына  үлкен әсерін тигізді. Олардың VI- VIІІ ғасырларда Жетісуға қоныс аудару себебі, Орта Азиядағы араб жаулап алушылары мен және ондағы әлеуметтік қысымшылықтармен байланысты еді. 
Согды көпестері көшіп келгенннен кейін Батыс Түрік қағанаты жерінде саудамен, соның ішінде жібектерін өткізумен кеңінен айналысты. Олар Жетісудың егіншілік және қала мәдениеті тарихында елеулі із қалдырды. Сонымен қатар, түркі тілдес соғдылықтар жергілікті халықтардың тіліне,  мәдениетіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне көшті. Соғдылықтадың келуімен байланысты түріктер Жетісуда теңге жасауды игерді. Теңгелерді соғдылықтар түрік қағандары атынан соққанмен олардағы сөздер соғды тілінде жазылды. Сондайақ соғдылар өміріне түріктердің тигізген әсері де аз болған жоқ.
Сауданың өркендеуіне байланысты ақша айналымы пайда болды. Орта ғасырлық қалалар күннен-күнге дамып гүлденді. Олар: Құлан, Тараз, Мерке қалалары еді. Қытай дерегіне жүгінсек, Суяб  қаласының батысында түріктерге қарайтын он шақты қала болған. Қала  тұрғындарының бір бөлігі жер өңдеумен, ал екінші бөлігі саудамен айналасады делінген. Ұлы Жібек жолының керуендері осы аталған қалаларда аялдап, жібек мата және жоғары сапалы мақта, алтын, күміс бұйымдар, хош иісті иіс сулар және тәтті тағамдарды  сатып, өздерінің керуендерін қыш құралдармен, теріден жасалған аяқ киім, тон, бас киім секілді заттармен толықтырып отырған.
Сауда мен қол өнердің дамуы, Орта Азиядан соғды тайпаларының Жетісуға жиі қоныс аударуына алып келді. Олар Жетісу аймағының тарихында өзіндік із қалдырды. Сонымен қатар түркі тілдес ортаға түскен соғдылықтар жергілікті халықтардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйренді.
Соғдылардың келуімен түріктер Жетісуда теңге жасауды меңгерді. Теңгелерді соғдылықтар түрік қағандарының атынан соқты. Алайда теңгедегі сөздер соғды тілінде жазылды. Осылайша  түріктер мен соғдылар арасында  өзара қарым-қатынас осындай жолдармен дамып отырған. Алайда Батыс түрік қағанатының ғұмыры аса ұзақ бола қоймады. 
Түнжабғы қағанның қаталдығы мен озбырлығының арқасында  он оқ будун халқының және  әскер басыларының наразылығын туғызды. Оны 704 жылы Құлан (Луговой) қаласында түркештер  өлтіреді. Қағанатта қаған тағы  үшін жалпы айтқанда билік үшін талас екі тайпаның Дулу және Нишаби  тайпаларының арасында басталды. Осындай қағанат ішіндегі өзара тартыс, дау-дамай он алты жылға (640-656ж.ж) созылып түрік қағанатының халқын әбден әлсіретті. Осыны пайдаланып Қытайдың Тан империясы Жетісуға басып кіреді.  Түріктердің Тан империясының басқынышылығына қарсы күресі қағанат ішінде түркештердің күшейіп саяси билікке келуіне алып келді. 
704 жылы Батыс түрік қағанатының орнына Түркеш қағандығы құрылды. Бұрын Батыс түрік қағандығына қараған ұлан-байтақ өңір мен онда өмір сүріп жатқан тайпалар түркеш қағандығының құрамына қосылды [5].
 Бота Айтуарова,
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті cоциология ғылымдарының кандидаты, доцент

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Барманқұлов М. Тюркская вселенная. Алматы, 1996. 
2. Чапай М. Қазақстан тарихы, Алматы, 2008. 
3. Бартольд В.В. Очерки истории семиречья. Алма-Ата, 1965. 
4. Зуев Ю.А. Китайские известия о суябе. – «Изв. АН КазССР, сер. Ист. Археол и этногр», 1960, вып 3. 
5. Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники как источник по истории средний Азии. М., 1964. 

The  article considers the history and culture of  Turkic khaganates which were the first  state in the territory of  Kazakhstan.

Алдыңғы «
Келесі »