Құран Кәрімдегі астарлы мажаздар

  • 23.06.2014
  • 782 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әлемдегі ең көне тіл – «Араб тілі». Араб тілінің негізгі діни тілге айналуына Құран Кәрімнің араб тілінде түсуі себеп екені сөзсіз. Соның нәтижесінде Ислам діні тараған көптеген елдердің тілдеріне араб сөздері кеңінен қолданысқа енген. Тіл мамандарының болжауынша шамамен он мыңдай араб сөзі қазақ тілінде қолданысқа ие.  
Араб тілі шешен, бай тіл болып саналады.Араб тілі өзге тілдер сияқты өз ішіне бір қатар ілімдерді қамтиды. Ол сарф ілімі (морфология), наху ілімі (синтаксис), балаға (шешендік өнер) сияқты ілім түрлерін қамтиды. Бұл аталған ілімдердің өз алдына жеке ережелері, жүйелері бар, жеке-жеке талдауды, зерттеуді, оқытылуды қажет етеді. Араб тілін білген әрбір адам араб балағасын (шешендік өнер) түсіне бермейді. Сондай-ақ араб тілін білген кез-келген адамныңда Құран Кәрімді де түсіне бермесі анық. Өйткені күнделікті, жалпы ауыз-екі қолданыстағы тілді түсіну бір басқа, ал ғылыми тұрғыдан, діни тұрғыдан ұғынып, түсіну бір басқа. 


Біз қарастырғалы отырған мажаз (астарлап жеткізу) балаға іліміне (шешендік өнерге) жататын ілімдердің бірі. Араб тілінің негізі, қайнар көзі, сүйенетін тірегі – Құран Кәрім және Пайғамбарымыздың хадистері әрі исламнан алдыңғы жаһилиет дәуіріндегі араб әдебиеті болып табылады. 
Араб тілі, екі ұғымда қолданылады, яғни шариғаттағы мағынасы және араб тіліндегі қолданысы (яғни негізі, асылы). Мысалы «салаһ» деген сөз араб тілінде дұға деген ұғымды білдірсе, шариғатта намаз деген ұғымды білдіреді. Сондықтан кейбір діни немесе тілдік терминдер араб тіліндегі қолданысы және шариғаттағы қолданысы деп екі ұғымда түсіндіріледі. Оның себебі Ислам келгеннен кейін, исламнан алдыңғы қолданыста болған кейбір сөздер діни терминге ауысып негізгі мағынасында емес жаңа мағынасында дамып, жаңа терминге ауысқан. Яғни қазір «салаһ» десе намаз деп түсінеді, дұға деп ешкім тікелей тілдік ұғымында түсінбейді. Бірақ қанша дегенмен, намаздың өзі дұғалардан тұрады.
Мажаз, яғни астарлап жеткізу Құран Кәрімде көрсетілген. Ондағы мақсат сөзді көркем мағынада жеткізу хикметі. Яғни кейбір аяттар тікелей тілдік негізгі қолданысындағы ұғымда емес, қандай да бір мақсат үшін астарлы ұғымда берілген. Кейбір қателесуші топтар өз ұстанған бағыттарын қуаттау мақсатында Құран Кәрімде мажаз келмеген, қандай сөз келсе, соны тікелей, яғни астарламай қолдануымыз керек деген сияқты тұжырымға барады. Бұған ешқандай негіз жоқ. Құран Кәрім араб тілінде түскен, сондықтан араб тілінің қолданысында бар ереже немесе астарлап жеткізу сияқты нәрселер Құранда да бар. Жалпы сүннет жұрты және жамағаты Құран Кәрімде келген мажаздың барлығын мойындаған. Басқа тіл араб тілінің орнын баса алмағандықтан және де Құран Кәрім араб тілінде түскендіктен Құранды басқа тілге тікелей аудару мүмкін емес. Сондықтан да Құранның мағынасы немесе тәфсірі деп түсіндірме береміз. Өйткені Құран Кәрім араб тілінде түскен мұғжиза, ал, араб тілінің ерек­шеліктерін басқа тілдер толық бере алмайды. Тіпті, араб тілінде бар кейбір әріптер басқа тілде мүлдем жоқ. Сондай-ақ бір түрлі әріптің әр түрлі махражда оқылуының өзі араб тілінің ерекшеліктері.
Мажаз балаға ілімінің ішіндегі «Илмул баян» деп аталатын бөліміне жатады. Бұл бөлім өз ішіне мажаз бен қатар бірнеше ілім түрлерін қамтиды.  Баян (яғни баяндау, жеткізу, ашықтау) деген ұғымды береді. 
Баян дегеніміз – көркем сөзбен керекті мақсатты жеткізу, яғни тілмен бірге (яғни сөйлей білумен қатар) түсінікті, зеректікті қажет ететін өнердің бірі. Көркем жеткізудің әртүрі жолдары бар, міне баян ілім осы жеткізу, ашықтау түрлерін қамтыған. Жоғарыда айтқанымыздай мажаз ілімінде, осы жеткізу ілімінің ішіне кіретін ілімдердің бірі. 
Баян жасаудың жолдары әртүрлі болады. Мұндағы мақсат мағына бір, бірақ сол мағынаны жеткізу жолдары әртүрлі болады. Мысалы Ахмад – арыстан сияқты десек. Әлгі адамның мықты, күштілігін жеткізу керек болғандықтан, ташбиһ (яғни екінші біреумен теңеу), мажаз (яғни астарлы мағына) арқылы, оның күшін, мықтылығын жеткізуді айтады, жеткізу әртүрлі жолмен болуы мүмкін яғни мажаз бола ма, ташбиһ бола ма, бірақ мағына бір, яғни әлгі адамның мықтылығын көрсету, жеткізу, ашықтау мағыналарына саяды. 
Осыған орай «Баян іліміне» жататын ілімдердің бірі «Мажаз» ілімі. 
Мәжаз сөзі – мафғал уәзнінде тұрған сөз, яғни «жәзә әш-шайә» десе, бір нәрседен өтіп кету деген ұғымды береді. Ол дегеніміз – сөздің негізгі мағынасынан шығып кетіп астарлы бір мағынаға өтіп кетуді айтады. Мысалы қолы ашық адам екен дейміз, осы жерде қол деген сөз негізгі асли мағынасынан өтіп кетіп астарлы мағына жомарт, береген деген ұғымды білдіріп жатыр. Міне, осындай қолданысты мажаз дейді. Сондықтан әрбір мажаздың астында ақиқаты, яғни негізгі қақиқи мағынасы бар екені анық. Жаңағы мысалдағы берген, жомарт деген астарлы, мажаз сөздердің астында қақиқи мағынасы бар, бірақ негізгі мағынасынан шығып астары екінші бір ұғымға қолданылып жатыр. Міне осыны мажаз дейміз. Сұрақ туындауы мүмкін сөзді негізгі мағынасынан шығарып, астарлап, мажаз қылуда қандай мақсат бар деген? Жауап: ондағы мақсат естушіге қандайда бір нәрсені ойлауына, зерделеуіне мүмкіндік туғызу. Мысалы Зайд батыр десек немесе Зайд арыстан десек, бұл екі сөзді түсіну екі түрлі болады, себебі Зайд батыр десең, батыр екен ғой деп қоя саламыз. Ал егер Зайд арыстан десең, естіген адам ойлай бастайды. Міне осы мақсатта кейбір сөздер мажаз мағынасында қолданылады. Бұл араб тілінде бар, кеңінен қолданылған ережелердің бірі. 
Жалпы балаға ілімінде болсын, басқада мажазға қатысты тақырып болсын, ол жерде мажаз бен қақиқат қатар түсіндіріледі. Мажаз қақиқаттың бір тармағы болып саналады. Себебі сөздің қақиқаты алғашында қандай мағынаға қойылған болса, соған дәлел болады. 
Ақиқат терминдік қолданысы жағынан төрт бөлікке бөлінеді.Ақиқат деп жатқанымыз сөздің әуелде қандай мақсатқа қолданылған болса, сол мағынаға қолданылуын айтамыз. Мысалы, «көз» десек, көретін, қарашықтан тұратын көзге айтылады. Міне, осыны ақиқат деп атайды. Сөздің ақиқаты мынадай болады:
1. Тілдік ақиқаты:
Тілдік ақиқаты дегеніміз – тілдің алғаш қол­дануы, яғни алғаш қолыптасуда берген мағы­насы. Мысалы, адам, ат, тау, ағаш, гүл, аспан, жер, т.б. 
2. Діни ақиқаты:
Діни ақиқаты дегеніміз – діндегі қолданысы. Яғни шариғат мамандарының діни қолданыста белгілі бір мағынада қолдануын айтамыз. Мысалы, «салаһ» намаз, «закат» зекет, «сужуд» сәжде тағы басқа осы сияқты діни ұғымда қолданылған сөздер жатады. Негізі «салаһ» сөзінің алғашқы тілдік қолданысы «дұға» деген ұғымда болса, кейіннен діни терминге айналып «күніне бес уақыт, белгілі бір ережелермен орындалатын құлшылық» түріне қолданылды. 
3. Жеке қолданыстағы ақиқаты:
Жеке қолданыстағы (әдеттегі) ақиқаты дегеніміз – жеке бір қолданыстағы, яғни әдеттегі қолданылатын мағынасына дәлел болған сөздерді айтамыз. Мысалы, «мүбтада» бастауыш, «хабар» баяндауыш, «фиғл» етістік деген сияқты. Сондықтан осы сөздердің негізгі қақиқи мағынасы осы терминдер болып кеткен. Егер «мүбтада» десе, ешкім оның негізгі мағынасын түсінбейді, керсінше терминдік «бастауыш» деген мағынасын түсінеді. Сондықтан осындай сөздердің терминдік мағынасы қақиқаты болып кеткен.
4. Жалпы қолданыстағы ақиқаты:
Жалпы қолданыстағы (әдеттегі) ақиқаты дегеніміз – жалпы бір қолданыстағы, яғни әдеттегі қолданылатын мағынасына дәлел болған сөздерді айтамыз. Мысалы, «Дәббә» сөзі, көпшіліктің сөзіне айналып кеткен, күнделікті пайдаланатын жануар түріне қолданған. Яғни «Дәббә» десе кез келген қызметке жарайтын ат, есек, түйе, сиыр сияқты жануарларды білдіреді. Негізі «дәббә» сөзінің тілдік мағынасы жер бетіндегі әрбір тіршілік етушіге айтылған. Бірақ осы мағынасынан шығып, көпшіліктің қолданысына еніп, қызметке жарайтын жануарларға қолданылып кеткен. Сондықтан «дәббә» сөзінің қақиқаты осы, яғни көпшіліктің қолданысындағы ұғымы болмақ. 
Дегенмен, мажаз (астарлы мағынадағы) сөзіміз негізгі қақиқи сөздің мағынасынан алыстап кетпеу керек. Демек, мажаз (астарлы) қолданып жатқан сөзіміз негізгі қоданыста тұрған сөздің мағынасынан ауытқып немесе алыстап кетпеу керек. Мысалы, бір адамның батырлығын айтқымыз келді. Сөйтіп бәленше түлкі сияқты деп тәшбиһ арқылы жеткізсек немесе бәленше бір қолды деп мажаз арқылы жеткізсек дұрыс баян болмай қалады. Себебі бірінші мысалдағы түлкі сөзінің батырлыққа еш қатысы жоқ, яғни күшті, мықты деген мағынаны бермейді. Ал, егер арыстан сияқты десек, күштілікті білдіретін мағына бар. Екінші мысалда да бір қолдың батырлыққа еш қатысы жоқ, яғни бір қолы бар десе күштілікті білдірмейді, керсінше әлсіздікті білдіреді. Ал егер мың қолы бар десек, күштілікті білдіретін мағына бар. Сондықтан қосымша беріп жатқан сөзіміз негізгі сөздің мағынасынан ауытқып немесе алыстап кетпеу керек.
Сөзімізді қорыта келе көріп отырғанымыздай Құран Кәрімде мажаздың көптеген түрлері әртүрлі мысалдармен берілгендігіне көз жеткіздік. Сондай-ақ Құран Кәрім араб тілінің негізгі қайнар көзі, балағасының шыңы болып саналады. Тіпті, араб тілінің тіл болып тұруының өзі осы Құран Кәрімнің арқасы. Әрине мажазға қатысты Құран Кәрімнен жүздеген, тіпті мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Бірақ Құран Кәрімде мажаз бар деп, әркім өз алдына мажаз жасап түсініп кете беруіне болмайды. Мажазға қатысты, араб тілі балағасында арнайы тақырып қойылып баян ілімі деп кеңінен оқытылады. 
Құлмұхаммед МАХАНБЕТ,
«Нұр-Мүбарак» университетінің 
магистранты.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Абдулқаһир әл-Журжани «Асрар әл-балаға», мәжәлләту куллиятил-әдәб, ІІ, Искендерия, 1944.
2. Ахмад Матлуб «Фунун әл-балаға», Кувейт, 1975.
3. Әлғизз бин Ғабдусалам «Әл-ишарату илә ижаз»,  михраб баспасы, Алмания 1991.
4. Әлғизз бин Ғабдусалам «Мажаз Әл-Құран», тахқ. Мухаммад Хусейн Әз-Зәһәби, дәрун-нашр, Каир, 1999  әл-Қазуини, Жәләлуддин Әбу Абдилләһ Мухаммад,  «Әл-Идах фи ғулум әл-балаға», дәру ихияил-улум, 4-ші баспа, 1 том, Бейрут 1998. 
5. Бухари, Әбу Абдилләһ Мухаммед бин Исмаил, «Әл-Жәмиус-Сахих». Бейрут, 1907.
6. Ғаббас Махмуд әл-Ғақад «Әл-луғат әш-шариға» атты еңбегінде.
7. Доктор Бәсиуни Абдулфаттахтың «Ғилмул баян» атты еңбегі.
8. Доктор Мұхаммед Хусайын Али әс-Сағир «Мажаз Әл-Құран»   атты еңбегінде.
9. Ибн Құтайба, Әбу Мухаммад, «Тәуил мүшкил Әл-Құран», дәрут-Турас баспасы, Каир 1973.
10. Ибн Манзур «Лисан әл-ғараб», дәру ихияит-турасил-араби, Бейрут ж.ж.
11. Тирмизи, Мухаммед ибн Иса «Сахиху Тирмизи»- Каир, 1934.
 12. Халифа Алтай, «Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі» Сауд Арабиясы, 1991. 

Алдыңғы «
Келесі »