• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Ақпарат
  • >
  • Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысының төрағалығымен Әдебиет және өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысының төрағалығымен Әдебиет және өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті

  • 05.06.2014
  • 414 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Отандық мәдениет жан-жақты дамып келе жатыр. Елбасы бұл салаға әрқашан қолдау көрсетуде. Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық осыған дәлел. Биыл комиссия қарауына көптеген туынды түсті. Конкурсқа қатысушылар елге танымал адамдар. Бірақ, мемлекеттік сыйлық үш аталымда беріледі. Сондықтан, комиссия үздік еңбекті таңдауы қажет. Таңдау барысында тәуелсіздікті және ел дамуын насихаттайтын еңбектерге назар аударылуы керек. Бұл — бәрімізге үлкен жауапкершілік. Отырыста шығармаларды жан-жақты талқылап, әділ бағасын берейік», — деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков.

Отырыс барысында комиссия мүшелеріне 2014 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығын алу үшін ұсынылған жұмыстар, олардың тіркелуі, қаралуы және алғашқы сараптамадан өтуі туралы ақпарат берілді.

Бұдан кейін еңбектерді талқылау және жасырын дауыс беру процесі 3 секцияда: Әдебиет, музыка, театр және кино, Бейнелеу өнері және сәулет секцияларында жалғасты.

Секцияларда жалғасқан талқылаулардың, жасырын дауыс берулердің, одан кейінгі жалпы отырыстың қорытындысы бойынша байқаудың келесі кезеңіне жіберілетін шығармалар туралы шешім қабылданады.

«Мемлекеттік сыйлық әдебиет пен өнер саласындағы новаторлық еңбектердің қатарына жатқызылған, қоғам тарапынан мойындалған, халықтың мәдение-рухани мұрасына айналған туындылар үшін берілуі тиіс.  Мемлекеттік сыйлық жайлы шешім Президенттің Жарлығымен бекітілетін болады. Сыйлықты Президенттің өзі табыстайтын болады. Бұл лауреаттарға деген құрметтің белгісі», — деп атап өтті Ә.Жақсыбеков.

Қалыптасқан ережеге сай іріктеуден өтіп, келесі кезеңге жолдама алған жұмыстар тізімі қоғамда кеңінен талқылану үшін «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланатын болады.

Алдыңғы «
Келесі »