ҰЛТ БОЛЫП ҰЙЫСУ ӘЙЕЛ – АНАДАН БАСТАЛАДЫ

  • 28.05.2014
  • 10110 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Б, СмановБақтияр Сманов,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
ҚазҰПУ-нің проректоры

Қай ел, қандай қоғам болсын оның қан­­ша­лықты өркениеттілігі әйелдерге, ана­­­ларға жасалған қамқорлығынан, сый-құр­­метінен байқалады. Мұның дұрыс­тығын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Шы­ғыс халықтарының арасында, жал­пы мұсылман әлемінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты ерек­ше қадірлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ… Қазақ қыздары мен аналары өз жүрегінің от-жалынымен, мейірім-шапағатымен қа­зақ халқының ұлттық сезім-түйсігін, мәдени-рухани біртұтастығын елеусіз ғана шыңдап отырған» (1), – деген сөз­дері растай түскендей. Шындығында да солай. Өйткені, жалпы адамзат баласының тыныс-тіршілігін, оның өсіп-өніп, дамуын әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес. Мұхаң (Мұхтар Әуезов): «Адамдықтың негізі – әйел, ертеде әйел­ден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық қорғансыздықтан анасының айна­ласында үйіріліп, үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын енгізген», – деген берік байлам жасайды. Енді бірде ұлы жазушы: «…Әйел – ана. Әйелдің адам баласының ұрпағын өсіретін қарызы бар. Және қазақтың түсінуінше әйел үй ішінің жарастығы, үй ішінің ұйытқысы. Онсыз еркектің өмірі – гүлсіз өмір»(2), – деп түйіндейді. Өте орынды айтылған сөз. Мұның растығын барша еркек зәузаты атам заманнан мойындап қойған десек қателес­пейтін шығармыз. 


Жер бетіндегі кез келген халықтың өз алдына ұлт болып ұйысуына, жеке халық, егемен ел, дербес мемлекет болып қалыптасуына әйел-аналардың сіңірген еңбегі орасан зор деп айтуға болады. Ай­талық, тарих қойнауына назар салып көрсеңіз – баяғы Тұмар ханым, Роксана, Ұмай ана, Зарина, кешегі дастан-жыр­лардағы Гүлбаршын мен Құртқа, Ақжүніс пен Назым, Қыз Жібек пен Баян Сұлу, Айман-Шолпан, бертіндегі Айша бибі мен Абақ ана, Домалақ ана мен Қыз ене, өткен өміріміздің қатпарларындағы Хорезмшахтың әйгілі қайраткер анасы Түркен хатун, Қасым ханның анасы Жаған бике, Тәуке хан мен Есім ханның аналары Жақсы бике, ұлы Абай тәрбиесін көрген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай ханым, ел билеген Айғаным, Ұлпан секілді т.б. аналарымыздың есімдері ел өмірінде алтын әріптермен өрнектелген. Аттары аталғаны, аталмағаны бар әзиз аналарымыз бүкіл ұлтымызды тәрбиеледі. Халықтығымызды қалыптастырып, бү­гін­гі күллі әлем мойындаған дербес мемле­кеттігімізді баянды етуге мол үлес қосты. Бұлардың игі дәстүрін кейінгі ізбасар ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді.
Өткен ғасырдың  жиырмасыншы жыл­да­рының басында халқымыздың рухани көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейханұлы «Еңбекші қазақ» газетінде «8 наурыз мейрамы мен қазақ әйелі» атты құттықтау мақала жариялап, онда: «Бұл күнге дейін қазақ әйелі әйелдер күнін естімеген болатын. Бұ күннен бастап тегісінен біліп, түсініп, араласып кетеді деп те тамағымыз іспейді. Бірақ «тамшы тама-тама тас теседі дегендей», бара-бара мақсұттың орындалатынына да күмәніміз жоқ… қазақ әйелінің көзін ашып, қазақ әйелін шаруашылық, саяси құқықта барына ие қылып, мына, жалпы әйелдер күнінің  не екенін түсіндіріп, жер жүзінің әйелі болып көтерген тудың астына кіргізу – адамшылық борышымыз»(3), – деп жазған болатын. Дархан даланың дара данышпанының осынау асыл арманы еліміздің егемендігі, мемлекетіміздің тәуелсіздігі тұсында жарқырай жүзеге асып, көпшіліктің көңіліне ерекше қуаныш нұ­рын ұялатты. Бұл, әрине, халқымыздың бұрынғы өткен тарихында әйел затын қадірлеп-қас­терлеуге тиісті дәрежеде көңіл бөлінбеді деген сөз емес. Қайта керісінше, халқымыз ананы айрықша құрметтеген, ардақ тұтқан. Оның атын Отан, Тіл, Жер, Табиғат секілді қасиетті ұғымдармен теңестіре атаған, әспеттеп ұлықтаған. Атам қазақ асыл да аяулы жары құрсақ көтергенде: «Ұл туса – ұрпағым өседі, қыз туса – ұлтым өседі», – деп қыз баланың дүниеге келуін ерекше қуаныш көрген. Осы қанатты сөз арқылы халқымыз пейілінің ақтығы мен сезімінің пәктігіндей қырдың қызыл қызғалдағы іспетті перзентінің өмірдегі, ұлт болашағындағы алатын орнын, оның тарихи мәнін анық аңғартқан.
Бүгінде қазақ әйелі елімізде болып жат­қан барлық жағымды жаңалықтарға, қо­ғам­дағы өміршең өзгерістерге, идеялық-саяси, әлеуметтік-мәдени, халықаралық-дипломатиялық жұмыстарға, мемле­кеті­міздің бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене ара­ласып отыр. Демографиялық мәлі­меттерге сүйенсек, біздегі жалпы мем­лекет­тік қызметшілердің тең жартысынан астамы әйелдердің үлесіне тиеді екен. Бұл – үлкен көрсеткіш, жоғары нәтиже, жақсы­лықтың нышаны. Еліміз Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия өз жұмысын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Ол әйелердің елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси үрдістерге, экономикалық жаңа­лықтарға белсене қатысуы, әйелдерді тұр­мыстағы зорлық-зомбылықтардан қор­ғау, олардың денсаулық және отбасы жағдайын жақсарту секілді маңызды мәсе­ле­лерді өз жұмысының негізгі өзегі етіп алған. Осылайша, елімізде әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігін арттыру­ға бағытталған құқықтық-нормативтік құжаттар қоры жасалып келеді.
Әйел-ана, қыздар тәрбиесі тақы­ры­бының қыр-сырын насихаттауға мер­зімді басылымдар, радиотеледидар арналары ерекше назар аударып отыр. Тіпті, бұл салаға арнайы басылымдар – «Қазақстан әйелдері», «Ақбосаға», «Ақжүніс», «Ақтоты», «Аружан», «Егемен Қазақстанның» «Сырғалым» атты қосымшасы т.б. ақпараттық-бағ­дар­ламалық жобалар, хабарлар, насихат құралдары қызмет етеді. Әйел-ана, қазақ қыздары жайлы әңгіме еткенде «қазақ қыздарының шамшырағы» (М. Әуезов) атанған Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті жайлы айтпай кетуге болмайды. Сонау, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында өмірге келген оқу орны – өмірдің талай-талай өткелдерінен сүрінбей өтіп, өз міндетін абыроймен атқарып келе жатқан бірден-бір қарашаңырақ білім ордасы. Осы білімнің құтты мекені ашылар кезеңде Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған ұлтымыздың қайраткер тұлғасы Нұртас Оңдасынов ағамыз: «Халыққа қызмет етеміз деп біраз шаруа бітірдік-ау деп ойлаймын. Қазақ КСР  Ғылым Академиясының, Опера және балет театрының іргесін көтердік. Қыздар педагогикалық институтын ашу үшін шын мәнінде Орталық Үкіметпен біраз шайқасуға тура келді. Өйткені, қыздарды бұлай бөліп оқыту басқа республикалардың бірде-бірінде жоқ. Ал, менің ішкі мақсатым – ауылдағы қара көз қыздар келіп жоғары білім алып, қайыра ауылға барса, бала оқытып, білім санамыз биіктесе екен деген арман. ЖенПИ алғаш ашылып, алғашқы мамандар ауылға аттанғанда менің қуанышымда шек болған жоқ. Ол сезімім, ол қуанышым өзіме ғана аян бұл күнде», – деп ағынан жарылып еске алады. Расында да, ойлап қарасаңыз, жетпіс жылға жуық уақыт (биыл 2014 жылы күзде толады) ішінде осынау оқу орнын бітірген қаншама мыңдаған қазақтың қыздары білім нәрінен сусындап, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырын игеріп шықты. Ал, сол ұстаздардың алдынан қаншама жүздеген мың жас жеткіншектер тәрбие алды. Әрине, бұл үлкен игілікті іс.
Қыздар университеті түлектерінің алды бүгінде еңбек ардагері, ардақты әже атанып, немере-шөбере сүйіп отырған, ұстаздық еңбектің зейнетін көріп, халықтың сый-құрметіне бөленген жандар. Біразы еңбек майданында ел тәуелсіздігінің нығаюына үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаздар. Білім орны түлектерінің енді бірқатары жалпы елімізге, қалың жұртшылыққа танымал есімдер болды. Олардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Р. Нұртазина, Р. Мақатова, Қазақстан ҰҒА-ның академигі, педагогика ғы­лым­­дарының докторы, профессор К. Құнантаева, халқымыздың қайраткер қыздары – білім ордасының кешегі басшысы Ш. Беркімбаева, З. Қадырова, М. Жүй­ріктаева, Г. Тәңірбергенова, қоғам қайраткерлері А.  Османова, О.Асанғазы,  көрнекті ақын А. Бақтыгереева, белгілі сыншы Ә. Бөпежанова, филолог-ғалым, әдебиеттанушы-профессор А. Ісмақова сынды  тағы басқа көптеген  әпкелеріміз бен қарындастарымыз  бар.
Оқу ордасы туралы сөз қозғағанда біздегі әрбір қазақ азаматының өмірі осы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық универ­ситетіне қатысы бар десек артық айтқандық болмас. Өйткені, біріміздің мектеп қабыр­ға­сындағы немесе жоғары, арнаулы оқу  орнындағы ұстазымыз, екіншіміздің  жа­қын-жамағат, туған-туыс, танысымыз, енді біріміздің қызметтес дос, жолдасымыз, енді біріміздің асыл жарымыз – әйтеуір ет жақын адамдар осы жерден түлеп ұш­қан түлектер екендігі сөзсіз. Қазіргі ел ағасы болып жүрген азаматтарымыздың бір­қатарының өмірден өз орнын тауып, таңдаған мамандықтарының иесі атануына, олардың азамат ретінде қалыптасуларына да осы оқу орнын алғашқы жылдары бітірушілердің – аяулы ұстаздарымыздың, ақылшы апаларымыздың ықпал-әсері, үлгі-өнегесі мол болғаны әркімге де белгілі. Бұлай болуы заңды да. Шын мәніндегі қастерлі ұя, қуатты мекен, оқу-білімнің еңсесі биік ақ ордасы, ел аузында «ЖенПИ» деп қарапайым ғана аталып келген ежелгі оқу орнымыз. Есімдері алты алашқа әйгілі жазушыларымыз М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Нұршайықов т.т. институттың мәні-маңызы жайлы әр жылдары игі тілек, жылы лебіздер білдірсе, Ғ. Қайырбеков, М. Мақатаев, С. Асанов, Ө. Нұрғалиев сынды біраз арқалы ақындар өздерінің өлең өрнектерімен, поэзия тілінде оқу орнын жарқыратып әспеттеген. Ақын Серік Тұрынбекұлының:
Асыл әуен араласа шың-құзды,
Жасыл бақтың тыныштығын 
            түн бұзды.
Ғафекеңдей болам ба деп ЖенПИ-ден,
Мына мен де іздеп таптым 
бір қызды(4),– деп жырға қосқанындай, Қыздар университетінің терезесіне телміріп, босағасын күзетіп жүріп өз бақытын тапқан кешегі бозбалалар – бүгінгі ел ағалары, ақын­дарымыз бен жазушыларымыз, басшылар мен қосшыларымыз, ғалымдарымыз бен кәсіпкер-нәсіпкерлеріміз, белгілі мәде­ниет және қоғам қайраткерлері екендігі  көпке аян.
Қазақстанның халық жазушысы, көр­некті қаламгер Ә.Кекілбайұлы өзінің жас­тық шағында студент-ақын Ақұштап Бақтыгереева туралы былайша сыр сабақ­тайды: «…Ол мектепті 1961 жылы бітіріпті. Дәл сол жылдың күзінде Алматыда өткен әдеби кеш есімде қалыпты. Қыздар институтының бір топ талапкер жастары сахнаға көтеріліп, өлең оқыды. Арасында әлгі суреттегі баданадай тістерін тегіс ақситып күлімсірей қарайтын аққұба бойжеткен де болған-ды. Мөлдір қара көйлегіне омыраулай құлаған қоңырқай ұзын бұрымына  көзім түскен. Көйлегі қаншалық шымқай қара болса, өзі соншалық уыздай аппақ екен» (5). Оқу орны, оның шәкірттері туралы мұндай жылы сөздерді, ыстық ықыласты естеліктерді көптеп келтіруге болады. Жалпы, қазақ қыздарының қасиетті мекені, іргелі білім ордасы бүгінде де өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Қазіргі кезеңде оқу орны өзінің жетпіс жылдық мерейлі мерекесін атап өтуге қызу дайындық үстінде деп толық сеніммен айта аламыз.
Өмірдің негізі – қыз балалардың жақсы оқып, білім алуы, ғибратты тәрбие өнегесін көруі аса сауапты әрі анағұрлым жауапты іс дейтін болсақ, ол ұлт болашағы, елдің кемел келешегі үшін мемлекетке қажетті өте маңызды шаруа болуға керек. Өйткені, әрбір үйдің ұйытқысы, отбасының берекесі, өмірді жалғастырушы, елдің әні де сәні де – ана. Ал, қыз бала – болашақ ана. Сондықтан, ғасырлар бойы қыз баланың тәлім-тәрбиесі, білім алуы күн тәртібінен түспей келеді.
«Алып – анадан туады» демекші, 124 мың пайғамбар, 128 мың әулие, сахабалар, сан миллиондаған ел билеген көсемдер, елбасылар мен қолбасылар, төрелік айтқан билер мен шашасына шаң жұқтырмас шешендер ананың ақ сүтінен нәр алған, әйелдің бауыр етінен жаралған. Кез келген ұлттың бойындағы бар игілікті қасиеттерді – тілін, дінін, ділін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық ата-дәстүрін жеткізуші, дарытушы, дамытушы, әрине, әйел – ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген аталы сөз осыдан туса керек. Ана – батырлықтың, батылдықтың, шыдамдылықтың, тұрақтылықтың, дана­лық­тың, инабаттылықтың, парасат­тылық пен ақылдылық, сезімталдық пен әсем­діктің көзі. Олай дейтініміз, аталған игі қасиеттер, адам бойындағы  рухани құндылықтар ананың ақ сүтінен нәр алып, ұлағатты тәрбиесінен одан әрі берік жалғасады. Қазақта, әдетте, жаңа жерге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, барлық рухани-моральдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған  босағаның игілігіне, қала берді бүкіл сол бір қауым елге сіңірген. Бұл жақсы үрдіс, ғибратты әдет сайып келгенде бүкіл ұлттың бірлігіне, рухани болмысына игі ықпалын тигізген. Сондықтан, ата-ана қызына: «Барған жеріңнің бағын ашам деп бар» деген тілек білдірген. Өйткені, қызы келін боп түскен отбасының бағы ашылса, оның өзінің де бақытты өмір сүретінін сезген. Осы ретте ел Президенті өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында да аналардың, қыздардың қоғамды қалыптастырудағы алатын орнына ерекше мән бергенін, оны айрықша қадап айтқанын атап өткен орынды. Бұл орайда Елбасы мәселені отбасында ата-анасының оң босағасында отырған қыздар тәрбиесінен бастады: «Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге байланыс­ты. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, ша­ңырақтың шырақшылары… Біз Қа­зақ­стан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет… Халқымыз «қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы – қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамымыздың тең құқылы мүшесі, ал, ана – оның ең ардақты тұлғасы. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз» (5), – деді ол. Мұнда Н. Ә. Назарбаев еліміздің қыздарының сапалы білім, саналы тәрбие алып, жақсы жұмысқа орналасуы, тәуелсіз болуы, өзіне-өзі жағдай жасайтындай, осы заман талабына сәйкес болуы, халқымыздың ата салты мен ұлттық дәстүріне, мәдениетіне сай жүріп-тұруы, басқа халықтардан, діндерден көрген-білген нәрселеріне еліктеп-солықтамай, тұм­­­шаланып оранып-қымтанбай өзіміздің ұлт­тық қалыптағы немесе классикалық үлгідегі киімдер киіп бой түзеуі секілді маңызды жайттар жайлы ақылға қонымды әңгіме өрбітті. Тарихи мәні зор жолдауда – аналарға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта жандандыру, оларды мемле­кеттік қызмет және қоғамдық басқару істеріне белсене араластыру, шағын және орташа бизнеспен айналысуына мүмкіндік жасау, жалғызбасты аналарға қамқорлық көрсету, олардың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызу секілді іс-шараларды атап,  бұл асқаралы міндеттерді жүзеге асыруды қолма-қол Үкіметтің орындауына тапсыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Бұл айтылған келелі мәселелердің, ордалы ойлардың барлығы түптеп келгенде он сегіз мың ғаламның жаратушысы Алла тағаланың соңғы елшісі Мұхаммед Мұстафа салаллаһу  ғалейһи уассаламның хадис-шарифіндегі: «Ей, иман келтірген пенделер! Сендер жаннатты алыстан іздемеңдер, ол ананың табанының ас­тында», – дегеніне саяды. Ол енді бір сөзінде: «Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтердің бәрі де) уақытша берілген. Ондағы нығметтердің ең абзалы – салиқалы әйел»(7),  – дейді. Ал, одан бұ­рын ғұмыр кешкен Иса (Иисус Хрис­тос) пайғамбарға түскен қасиетті кітап «Інжілде» (Библия) «О, женщина! Велика вера твоя; да будет тебе по желанию твоему»(8), – деуі де жайдан-жай емес. Бұл да әйел-ананың қадір-қасиетін, биік мәртебесін шексіз жоғары бағаландық. Демек, бұдан шығатын қорытынды – аналарға қамқорлық, қыз балалардың тәлім-тәрбиесі қазіргі қазақ қоғамы үшін аса жауапты да өте cауапты міндет. Мұндай игілікті істі бүкіл қоғам болып қолға алып, жұмыла шешкен абзал.
Сөз соңында айтарымыз, қазақтың қаракөз қыздары, аналары жайлы жақсы сөз, игі тілектер әлі де жалғаса түсетіні, олардың абырой-беделі күн санап биіктей беретіні анық. Оларға осынау жарық дүниедегі барша жақсылықтарды тілей отырып, Отанымыздың аспаны әманда ашық, күні нұрлы болғай демекпіз.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы: «Атамұра», 1999 ж. – 43.
2. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Алматы: «Ана тілі», 1991ж., –50 б.
3. Бөкейханов Ә. 8 наурыз мейрамы мен қазақ әйелі // «Еңбекші қазақ», 8 наурыз 1923 ж.
4. Тұрғынбекұлы С. Алматыда көшесі бар Гогольдің… // «Егемен Қазақстан»,  26 тамыз  2003 ж.
5. Кекілбайұлы Ә. Айдында жүзген ақ желкен // «Егемен Қазақстан», 21 тамыз 2004 ж.
6. Назарбаев Н. Жолдау. «Айқын», 15 желтоқсан 2012ж.
7. Хадистер жинағы (риядус-салихин).– Алматы: «Көкжиек», 2012ж. –137 б.
8. Библия. Новый завет: Библейское общество, Москва, 1993г. С –18.

Алдыңғы «
Келесі »