«ОЯН, ҚАЗАҚ» – ұйқы дұшпан…

  • 28.05.2014
  • 1293 рет оқылды
  • 1

БәкірұлыӘбдірашит Бәкірұлы, 
философ

Қазақ «ұлттық арманын» 
іздеп жүрген халық
Әр  қоғам өзінің қай тарихи қалыптан шыққанын танып-білу арқылы өз болаша­ғының негізін қалайды. Бұл – белсенді қоғамдық сана көрінісі. Сондықтан, қоғам­ның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін қоғамды «оятып» отыру қажет.  Бірақ мәдени деңгейі кенжелеп қалған қоғамда бұны іске асыру тіптен қиын шаруа. Мысалы, өзімізге қатысты алар болсақ: «Оян, қазақ!» деп осыдан жүз жыл бұрын қалай ұран тастасақ − қазір де сол қалыпта тұрмыз деп те ойлайсың. Сонда, «бұл неғылған оянбайтын халық?» деген сұрақ туады. Ол сұрақты өз-өзімізге қарата қойсақ бір сәрі – өзгелердің де осылай ойлай бастағаны уақыт өткен сайын белгі бере бастады. Сөйтіп, тәуелсіз мемлекетке айналуымызға қарамастан өздерін өркениетті халықтар қатарына жатқызатын елдердің кейбір саясаткерлері мен зиялылары тарапынан бізге деген астамшыл көзқарас, үстемшіл әрекеттер көрініс табуда.  Біз өз алдына тәуелсіз дербес ел болып отырсақ та ондай «кермектің» ащы дәмін талай рет татып үлгердік: мысалы, әлемге кеңінен тарап кеткен сайқымазақ Борат деген «қазақ» журналисі туралы фильм біздің осы шалажансар күйімізді мазақ етіп тұрғандай көрінеді… Ал, бұрындары Солженицин, күні кеше орыс жазушысы Лимонов пен саясаткер Жириновскийлер «біз қалай сандырақтасақ та, онымызға қарсы шығар халық жоқ» деген сеніммен, еш күмәнданбастан,  біріншісі – «қазақтардың терістік жағын ойып алу керек» десе, екіншісі, тіптен, одан да сорақы – «бұл жерлер орыс мемлекетінің құрамындағы федералды округ болуы керек» деп басынды. Сөз астарында «мұнда ел деген атымен жоқ, бос жатқан жер ғана бар» деген ой жатыр…. Ал, бұның мағынасы «қазақтың орысқа бас иіп бағынуы – олар үшін мәртебе» дегенге келеді. Сөйтіп, қазақ олар болмаса құрып кетпек екен, құрамына алғанға алақайлап қуануы керек екен! Бұл – нағыз әзәзіл әжуа!  


Бұған біз «Әй, қап!» − дегеннен басқа ештеңе айта алмадық. Иә, бір жағынан, заң тұрғысынан алсақ, бұл − қатардағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу, бірақ, жоғарыдағы Лимонов пен Жириновскийдің сандырағы тұрғысынан алсақ, онда бұл – біздің санамызда «Отан», «Отанды қорғау», «ұлттық намыс» және т.с.с. ұғымдардың жоққа тән болып бара жатқанының көрінісі болып шығады. Сонда, шынында да, олардың ойындағы біздің «мәдениеті кенже», «өзіндік ұлттық намысы оянбаған», «санасы сірескен» халқымыз Отанын танудан  қалғаны ма? «Оян» деп өзімізге өзіміз ғасыр бойы айтып келе жатсақ та – оянбағанымыз ба?  Олай болса, бұл – нағыз қасірет. Себебі, бұл мәселеге назар аудармай-ақ қояйын десең − Отан жалғыз, тағдыр ортақ!  Бәріміз бір кеменің ішінде келе жатырмыз: құрдымға кетсек – бірге кетеміз, жаға шықсақ – бірге шығамыз. Енді, не істемек керек?  
Қалыптағы пікірде бүгінгі заманда халқымыз сауатты,  ғылымда, білімде, өнерде, мәдениет пен әдебиетте, спортта өзіндік жетістігі бар ел делінеді. Өзгелер олай ойлай ма, ойламай ма – онда шаруамыз жоқ, әйтеуір өзіміз бұған сенімдіміз. Ендеше, «ояна» алмай жатқан не нәрсе? Неге көрінген көлденең көк атты еш қымсынбастан бізге бастан асыра сөз айтуға қымсынбайды, жасқанбайды? Неге? …Сондықтан бізге «ояну» үшін де алдымен осы мәселелерді анықтап алған жөн секілді…
Жалпы, әр кездің өз талабы болатыны сияқты, бүгіндегі «оян» сөзінің мағынасы қандай? Мысалы, ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің аузындағы «оян» сөзі негізінен ғылым мен білімге, тәуелсіз даму жолына жетуді көздегені анық. Ал бүгінде «оян» дегеннің астарында қандай мағына жатыр? Соны анықтадық па? Егер біз бұрынғы Алаш қайраткерлері қойған талаптарды дәлме-дәл қайталап отырмыз  десек, онда ол қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақтар қоғамда ашық қойылмай отыр. Себебі, қазіргі заманда біз біршама ғылым-білімге қол жеткізумен қатар, ұлт ретінде біршама қалыптасып, өзіндік болмысымызды бірегейлеп, тәуелсіздігімізді де бір жаққа шығарып алдық. Бұл, әрине, толық ақиқат болмаса да, ақиқатқа жақын ақиқат екені рас − ұлт ретінде кеңестік дәуірден сан жағынан ойсырап шықсақ та, сапа жағынан шынығып-шыңдалып шыққанымызды ешкім терістей алмайды. Сөйтіп, біз тәуелсіздік кезеңге сауатты, оқу-тоқуы бар ел ретінде енсек те, бүгінгі ақпарат ағымында әлі де «оян, қазақ» ұранының маңызын жоймағаны − жалғасқан сенімге көлеңке түсіре бастады. Мынадай бір заңдылық бар − қай заманда болмасын халық күйзелісті жағдайға ұшырағанда ұлт санасында «Асанқайғы» сарыны белең ала бастайды. Мысалы, еліне «жерұйық» іздеген Асанқайғының мұң-зары, одан кейінгі «ақтабан-шұбырынды» заманындағы «Елім-ай» сарыны және осылай жалғаса береді…  Ал, бүгіндері ол сарын басқаша сипатта – «еңсесін көтере алмаған жұрттың күрсінісі» түрде көрініс тапты. Нәтижесінде «Асанқайғыдан» ажырай алмаған халыққа «ұйқыдан ояна алмаған халық», «құлдық санадан арылмаған халық» және т.с.с. жағымсыз қылықтар мен қасиеттер деуге тұрмайтын «қасиеттерді» таңу ұласты. «Бұл біздің халықтың маңдайына біткен соры» дейтін көзқарас пайда болды. Әдетте, бұрындары мұндай – «өзін-өзі қор санайтын» мінез ұлтынан тілдік, географиялық, мәдени тұрғыда жаттанған қазақтарға тән болушы еді. Енді,  бұл көзқарас қазақы болмыстан кіндігі ажырамаған қазақтардың да бойынан табыла бастағаны алаңдатады. Бұл «феноменнің» құпиясы не сонда? Біз неге әлемдік бәсекелестікке төтеп беруге қабілетті интеллектуалдық потенциалға, әлеуетке ие бола отырып, санамыз бен іс-әрекетімізде соншалықты күйзелісті-апатиялық күйге түстік?..  Кейде, тіптен, шарасыздық бойды алып, енді одан арылу мүмкін еместей көрінеді де! Шындық осы ма, әлде, оның түпкілікті мәні басқа жақта ма? Бүгін шама келгенше осы сұрақтарға да жауап іздеуге тырысып көреміз…
Әрбір қоғамның өмірі белгілі бір идеологиялық бағытпен тығыз байланыста болады. Әрине, ол идеология өмір сүріп отырған заманның нақты талаптары мен сұранысын ескереді: мысалы, қазіргі заман біздің алдымызға «тәуелсіздігімізді нығайту», «еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету», «көп ұлт өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекетте ұлтаралық бірлікті, татулықты сақтау» және т.с.с. көптеген іргелі де маңызды мәселелерді шығарды. Бірақ, өкінішке орай, осы мәселелердің бәрі де біздің санамызда «идеологиялық бағыттар» немесе «ұстанымдар» ретінде қалыптаса алған жоқ. Шындық солай!  Бұл күрделі сұрақ. Бірақ, оған жауап беру үшін алдымен «идеологияның негізінде ұлттық идея жатуы тиіс» деген қағидаға тоқталу қажет сияқты. Сонда түсініксіз болып келе жатқан көп мәселе нақтылыққа ие болады. Мәселен, кеңестік жүйеден шыққан тәуелсіз мемлекеттердің барлығы дерлік «ұлттық мемлекеттер» болып қалыптасты. Ал, «ұлттық мемлекет» дегеніміз құрамында қанша ұлт өмір сүріп жатса да, тарихи әділеттілік тұрғысынан алғанда «осы елдің егесі саналатын ұлттың мемлекеті» дегенді білдіреді. Сондықтан ондай мемлекетте, ең алдымен, мемлекет құрушы ұлттың көкейкесті халықтың арманына сай келетін «ұлттық арман», не, ғылым тілімен айтқанда – «ұлттық идея» пайда болады. Міне, дәл осы «ұлттық идея» ғана түпкілікті мағынасында мемлекеттік идеологияның қаңқасын құрайды. Ұлттық идеядан ада елде мемлекеттің қуатын арттыруға қызмет етерлік белгілі бір бағыттағы идеологияның өмірге келуінің өзі неғайбыл. Мысалы, Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы кеңестік Прибалтика елдері «ұлттық идея» қағидасын бұлжытпай ұстай алды. Содан кейін, аз уақытта ол мемлекеттер өздерінің болашақ жолын тез-ақ айқындап алды да, бұрыннан келе жатқан «ұлттық арманын» өте қуатты мемлекеттік идеологияға айналдырып жіберді. Ортаазиялық мемлекеттер арасында біршама «шатасудан» соң бұл жолға Өзбек және Түркімен мемлекеттері түсуге талпынуда. Ал, Қазақ, Қырғыз, Тәжік мемлекеттері ондайға бара алған жоқ.  Әсіресе, Қазақстан әуел бастан «көпвекторлы» саясат ұстанамыз деп жариялады да, не экономикасында, не ұлттық саясатында, не мәдени даму векторларында, не сыртқы елдермен қарым қатынасында нақты приоритеттерге (басымдылықтарға) қол жеткізе алмай қалды. Төменіректе ол мәселелерге жеке тоқталамыз, бірақ, өзін «көпұлтты» мемлекет жариялаған Қазақстан осы алтынға бергісіз уақытында «ұлттық идеядан» біршама ажырап қалғаны шындық. Сондықтан қандай шаруаны қолға алмасақ та −  барлығы да атүсті өтуде. Ал, шала-шарпы тірлік бізді әлі күнге дейін белгілі бір идеологиялық бағытқа қол жеткізе алмауға ғана емес, енді, ұлттық идеологияның болуының өзінен алыстата түсуде. Біздің тоқыраудың ең бастапқы себебі де осында! Уақыт болса өтіп жатыр − оны тоқтатарлық құдірет адам баласына берілмеген. Уақытпен бірге біз де «ұлттық арманға» негізделмеген «идеологияның» мемлекетке, елдің әрбір азаматына жолшырақ, яғни, даму бағытын анықтаушы ұстаным бола алмайтынын, одан қалса өзіміз орнатқан «идеологиясыз қоғам» ұлттық болмыстың шайылуына, ұлттық идеяның көмескіленуіне апара жатқанын − жанға ауыр тисе де байқап жатырмыз… Өкінішті, өкінгеннен не пайда!
Қазіргі біздің қоғамда «арман» жоқ. Алаш қайраткерлерінің алдында ол болды − олар алдына нақты мақсаттар қойғандықтан, сол үшін аянбай күресті.бүгінде біз «оянған қазақ» деп қандай жолмен болмасын әбден байып алған қазақты айтатын болдық. Бірақ «санасын тұрмыс билеген» ол бай қазақтың да оянғаны шамалы – әрі кетсе ақшасына үй салар, ресторан ашар, сауда жасар, не, капиталын офшор асырып шет елге − Швейцария-Лондонға кетер…  Сөйтіп, біздің «оянған жаңа қазағымыз» да тұрмысы үшін бәрін жасауға әзір, бірақ, ол Отаны үшін отқа-суға түспейді, Отаны үшін кәсіби шеберлігін шыңдамайды, адам ретінде кемелденбейді… Сондықтан, бүгінде «байлыққа қалай жету абзал?» деген имандылық сұрақ құнын жойды. Тек тоғышарлық тәбет пен эгоизм қалды. Мәселен, қоғамда бюджет ақшасын тонау қылмысы өршуі, оны тоқтату мүмкін болмай отырғаны осымен тығыз байланысты. Себебі, «отаншыл» сезім жоқ, яғни, жауапкершілік жоқ. Барлық пиғыл тек байлықта (тұрмыста) болып, «Отан», «Мемлекет» деген қастерлі ұғымдар жалаңаштанып қалуда.
Кез келген қоғам – «жетілген адам», саналы әрекет етуші субьект. Ендеше, қоғамның күнделікті дамуында және әрекетінде мүлде бөлек  принциптер жұмыс істеуі тиіс: қоғам өзіне дейінгі мәдениеттің, тәжірибенің «саналы» мұрагері ретінде тек «тұрмыстық жағдайға» байланып емес, жеткен рухани мұраны баспалдақ ете отырып, арғы қарайғы дамуын жалғастыруы тиіс. Мұнда − ескере кететін нәрсе − өткеннен жеткен мәдениет неғұрлым бай болса, қоғам да айтарлықтай табыстарға жетеді. Тарихты сабақтастыра отырып өзінің өмір сүру формасы –«рухани байлығын» жетілдірген сайын оның әрекеті қарқынды болып, табысы да қомақтала түседі. Мемлекет сол арқылы ғана қоғамның әлеуметтік жағдайын түзейді, өзінің  үздіксіз дамуын қамтамасыз етеді. Бұл – «сананың» өмір сүру формасы. Олай болса, мұндағы дамуды айқындаушы «тұрмыс» емес, тұрмысты үнемі жетілдіруге бағытталған «сана» болып шығады. Мұны елемеу, көрмеу, байқамау мүмкін емес! Нағыз саясаткер, қоғам қайраткері тек осындай көзқараста болғанда ғана – жұртын алға жетелей алады. Болмаса – ол өзі кертартпаға айналады!
«Сананың бастапқы екендігі» адамзат баласы қауымдасып өмір сүре бастаған кезден-ақ айқын көріне бастаған −  содан бермен қарай «тұрмысқа тәуелділік» сананың әлсіздігін, ал, қоғамға қатысты – «қоғамның мешеулігін» білдірумен келеді. Ал, «қоғамдық сана», жалпы мағынасында мәдениет − қоғамның даму деңгейін айқындайтын басты көрсет­кішке айналды. Ендеше, қоғамның дамуы үшін «алдымен экономика» деген принципті негізге алуды да «тұрмысқа тәуелділік» деп санау керек. Сондықтан оны адамзаттың  санасының өркендеген заманда «кері кетудің» белгісі санатына жатқызуға әбден болады. Бүкіл әлем «ға­ламдық сана» жетістігін емін-еркін қолдануда. Қазіргі кезде «тұрмыстық мәселелерді» шешу ғылыми тұрғыда, стратегиялық бағыттарда іске асуда. Ал, біздің Қазақстан сияқты қазба байлығы мол елде, жалпы сауатты, көзі ашық халқымен «тұрмыстық мәселені» осындай жолмен шешу әлдеқайда жеңіл болуы тиіс еді. Бірақ, біз соған қарамастан әлі де тұрмысымызды түзей алмаудамыз. Ол – біз үшін «майданға» айналды! Мұның бәрі осы – дамудың бастапқы принциптерін анықтай алмағандығымыздан болып отыр дер едім. Оны  «өрескел қателік» деп тұжырымдасақ – еш қателеспейміз. Егер, мұны философиялық бейнелі түрде айтсақ, онда  ол «қанаты қырқылған құс секілді, «материямен ауырланған»  сана да қалықтап ұша алмайды» дегенге келеді… 
Ал, интеллектуалдық әлеуеті жоғары, оянған, «саналы қоғам», алдымен, «адам капиталы» мәселесін алға шығарады, соның талабына сай экономикасын жетілдіруге ұмтылады. Яғни, бұл принцип үстем болғанда қоғамда адам шығармашылығының еркін бастаулары −  ғылым мен білім, іскерлік қабілет, денсаулық, салауатты өмір және т.б. көптеген адами қасиеттер дәріптеліп, үстемдікке ие болып, мемлекет шынайы азаматтық-құқықтық-демократиялық қоғамға қарай бет бұрады. Ондай мемлекеттің рухани тірегі күшті, экономикалық діңгегі мықты болады! Біз білетін «оян» сөзінің ақиқаты осы!  

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. 144 адам мақаланы ашып қарапты , қаншасы оқығанын білмеймін бірақ бір адамда өзінің көқарасын білдірмепті .Осының өзі біздің ұйқыда жүргенімізді білдіреді бұның маған қатысы жоқ ,ұлтпен басқалар айналыссын деген болулары керек.Мақала талданып өте дұрыс жазылған.Бірақ өкініштісі бұл мақаланы МЕмлекет басындағы адамдар оқымайды ғой. Редакция ҰЛТТЫҚ тақырыптағы материалдарды неге ПРЕЗИДЕНТ АППАРАТЫНА; СЕНАТҚА; ПАРЛАМЕНТКЕ; ҮКІМЕТКЕ МӘДЕНИЕТ МИНІСТІРЛІГНЕ ЖІБЕРІП ОЙЛАРЫН БІЛМЕСКЕ:МЕМЛКЕТ БАСЫ ҚАСЫНДА қазіргі уақытта ҰЛТЖАНДЫ қандай азаматтарымыз бар АТЫН АТАП ТҮСІН ТҮСТЕП БЕРЕТІН КІМ БАР:және сол азаматтар ҰЛТ үшін не істеді АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ АРҚЛЫ ЕСЕП БЕРЕ АЛАР МЕКЕН халыққа.

Пікірлерге тыйым салынады.