Актер – уақытын «жоқ драматургтің», «жоқ режиссердің» қойылымдарына жұмсауда

  • 28.05.2014
  • 303 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Аманкелді МҰҚАН, 
өнертану кандидаты, 
театртанушы

Бүгінде әлем, қоғам, адамдар жыл санап, ай санап, тіпті күнде өзгеріске түсуде. Алға дамудың басты шарты да осы тұрақты қозғалыс, жаңару болса керек. Сырт қарағанда үлп еткен жаңалықтың бәрі өздігінен, қалаған уақытында болып жатқандай көрінгенімен, кез келген қимыл-әрекеттің себепсіз, салдарсыз, жәйден-жәй болмайтынын көне заман ғұлама ойшылдары тарапынан дәлелденген пәлсапалық тұжырым. Дана халқымыздың «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайды» деген қанатты сөзін де осындайда айтса керек. Қазіргі қазақ театр өнеріне соны леп керек! Ұлт театр өнерінің сілкінісіне негіз болатын желді қай тараптан күтеміз?Біздіңше, бір сарынды мимырт тірлік марғаулыққа серпіліс әкелер «самал желді» әкелетінжасампаз күш сырттан емес өз ішімізден, театрдың жаңа қойылымына азық болатын сапалы драматургиядан басталуы керек. Ғылым мен білім, мәдениет саласындағы ғаламат өзгерістер заманында өмір сүріп жатқан біздің қазақ қоғамының театрлары да сол жаңалық көшінен кейіндеп қалмау, өмірдің барлық бағытында әлемнің алдыңғылар қатарына сап түзеуге ұмтылу бүгінгі күннің негізгі темірқазық ұстанымы. Бұл мәселенің маңыздылығын терең қарастыру, әркім өз саласында жүзеге асыруға талпыну қазіргідей мемлекетіміздің үлкен асқаралы ел болуға бағыт ұстаған кезеңінде ерекше айшықтала түсетіні белгілі.

Бүкіл әлемді театр өнерімен, ал, адамдары оның актерлері ретінде тікелей де, жанамалай да байланыстыра қарастырған реннесанс дәуірі ойшылының пікірі өзінің өміршеңдігін әлі күнге дейін жойған жоқ. Театрдың бүгінгі сынаптай сырғыған әлемде, қоғамда, адам бойында болып жатқан өзгерістерді көркем бейнелеу құралдарымен айнытпай беріп жатқандығы да бұл өнер түрінің қоғам мен адам өмі­рінде, оның әрбір даму сатысын танып білетін, зерттейтін маңызды құралы екендігін көрсетеді. Осындай, өмірді – театр, театрды – өмір деп тонның ішкі бауындай астастыра қарастырғанда, бұрқ-сарқ қайнаған өмірді сахна алаңына алып шығу арқылы адамды, қоғамды өзін өзіне танытатын теа­трды құрайтын негізгі компонент ұғым­дардың алғашқысы драматургия – қазақ кәсіби театрының негізгі шикізаты көзі, репертуарын, көркемдік келбеті мен бағытының деңгейін айқындайды. Қазақ театрын тануда, оны бағалау барысында қазақ драматургиясын көтермелеп мақтаушылар да, сын айтып даттаушылар да баршылық. Осы саланың бүгінгі тынысы қалай? Халі нешік? 
Қазақ театрындағы драматургия жайы, ол туралы айтылатын пікір өзінің алдыңғы жылдардағы үйреншікті әуенінен жаңыла қоймаған. Театрды драматург – режиссер – театр сахнасына алып шығатын актер өнері құрайды. Осы, бірінің – екіншісісіз, екіншісі – үшіншісіз күні қараң болатын «махаббат үшбұрышы» өзінің жүрек соғысы мен қалыпты жүрісін реттеп дұ­рыс жолға қоюда бірқалыпты аяңға түсе алмай-ақ келеді. Мүмкін өнер мен шығармашылықта нәтижесі кері құ­былыс – тоқырауға апарып соғатын «үй­реншікті аяңға түсудің» керегі жоқ та шығар. Қайткенде де режиссер – сахнаға қоятын пьеса жоқ, драматургтер – пьесамызды қоятын режиссер немесе театр жоқ деп сөз семсерін жарқылдатып безеуден танар емес. Ал, сахнаның падишасы – актер үнсіз, тістеніп қойылатын пьесадан өз еншісіне тиген ролін орындауды місе тұтқаннан әріге бара алмай, сахнада жарқырап көрінуге қамшының сабындай ғана қысқа кесілетін алтын уақытын «жоқ драматургтің», «жоқ режиссердің» қойылымдарына жұм­­сауда. Театр сыны айтудан танба­ға­нымен, есітерге құлақтың болмай «баяғы жартас, сол жартас» қалпын өзгертпеуде. Нәтижесінде, театрда жарқ еткен жаңалық, селт еткізер құбылыс болар қойылым, айналасына жарқылдап от шашар, әр рөлімен көрерменін толғандырған актерлік ойыны жоқ. Басқа да себептен туындаған салдарларды жалғастыра беруге болады… Осындай қазақ театрының қадамын тұсайтын драматургиядан бастау алатын мәселесін республикалық деңгейде әрі жалғастырар болсақ, бұл:
 республиканың театрларын(алпысқа жуық)жаңасапалы драматургияға қол жеткізуге, бұл театрлардың қажет­тілігін өтеудің мүмкіндігі болмауы;
 өнер ұжымдары сахнада қойылған жекеленген сәтті туындыларды, аударма пьесаларды, жергілікті авторлардың шала-шарпы жазылған шығармаларымен жемделуін жалғастыруы;
 көптеген ұлттармен ұлыстардың туған жері, ата мекені болған Респуб­ликамыздың театрлары картасында өзіндік келбеті мен реңі бар өзге эт­нос­тардың мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған бес тіл­де сөйлейтін театрларына кәсіби жазылған қазақ авторларының сапалы пьесасын тұрақты қоюды, олардан қазақ авторларының немесе ұлттық материалға негізделген жылына бір заманауи спектакль талап ете алмауы;
 орыс тілді театрлар басшыларының «қазақшадан орыс тіліне аударылатын пьеса сапасысын көтермейді, қоюға жа­рамсыз, пьеса жоқ» деп салатын орын­ды байбаламын тыңдауды әрі қарай жалғастыру;
 республикада жанрлық бағыты ай­қындалған арнайы театрлар (опера, музы­калық комедия, мюзикл, балалар мен жасөспірімдерге арналған, қуыршақ театры)бола тұрып осы өнер ұжымдарының ерекшеліктеріне есептелген жекеленген салалардың драматургиясын (либретто) дамыту, арнайы шығармалар жазылуы жайын әліге дейін арнайы әңгіме тақырыбы болмаған салаларды одан әрі жабулы қазан күйінде қалдыру.
Әрине, театр қазіргі бағытында үй­реншікті, сыналған жолымен бар драма­тургиялық материалды қанағат тұтып, осы сылбырт аяңымен де өмір сүруге болатынын қазіргі халіміз көрсетіп жүр. Мемлекет тарапынан театрдың күн көрі­сіне арнайы бөлінетін қаражаты бар (аз ба көп пе ол бөлек әңгіме тақырыбы), жаны тыныш, жұмысы жүріп жатса басы ар­тық жан қиналысына түсіп қайтеді.Театр репертуарының басым бөлігін бұрын жазылған материалдармен толтырып, қалғанын режиссер өзі жазып, оны өзі қойып та «әләуләйін айтып» күн көруінеде әбден болады екен. Ұлы Абайдың «Сегіз аяқ» әнінің адамға қарата айтылатын әйгілі жолдарын театрға қарай бұрмаласақ: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар қазақ театрын» де­ген­нің кері. Әрине, жақында Үкімет бас­шысының қатысуымен талқыланған қазақ театрының хал-жайы, министрдің, өзге де мамандардың айтуынан ұлт театры шылқыған май шелпекте отырмағанын көрсетті. Байқауымызша театрлардың жұмыс істеуіне мүмкіндігінше жағдай жасалған. Алайда, бұл бүгін мен ертеңгі қазақ театрына қажетті, замана талабына сай спектакль әкелетін, көркемдік белеске көтеретін жол емес. Бұл саздауыт батпаққа белден байқамай кіріп, жұтылып бара жатқанын сездірмейтін тұңғиыққа тартар тылсым күштің екі өкпеден қысатын өлара шағын еске салады. Не өшірмейді, не өршітіп лаулатпайды. Қазақ театрының да салып тастаған көз тартар театр ғи­мараты, труппасы, аты мен заты, азды-көпті жұмысы бар. Бірақ, уақыт талабынан шығатын, көрерменнің соңында ілбімей оны алға сүйрейтін, қоғам мен адам жанын ашатын құбылыс бо­ларлық көркемдік деңгейі биік спектакль  жетіспейді. Біздің төл материалда жазылған қойылымды жасы мен жасамысы бар көрермендеріміз қауымдасып келіп көріп қызу пікір таластыратындай, оны кез келген елге апарып ұялмай көрсететіндей, сөйтіп, қазақ драматургия­сы, қазақ режиссурасы, қазақ актерлік өнері, жалпы заманауи қазақ театрының бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазаны жайлы кәсіби театр мамандарының тарапынан толағай пікірлер айтылатындай, спектакльдермен өзгелерге танылатындай деңгей жоқ. Бұл әзірге осылай болса екен деген біздің арманымыз, ой ниетіміз ғана. Іс жүзінде бұл тақырыптағы әңгіме басқаша кеңістікте, өзге мысалдармен өрбуде. 
Қазіргі қазақ театры заманауи ұлттық материалға зәру, сахнасы аударма, ауыс-түйіс туындылармен толып, төл авторы мен төл репертуары жетімсіреген хал кешуде. Халқымыздың «өзім дегенде өгіздей қара күшім бар» деген қанатты сөзін жеке басқа байланысты қолдануға әбден болғанымен, дәл қазақ театрына, оның ұлттық репертуарын дамытуға байланысты айтудың ретін таба алмай қиналарымыз анық. Бұл шеті мен шегі көрінбейтін лабиринт секілді өзара реніштер,айыптаулар, түсініспестіктер қай кезден де бар мәселе десекте, шешімін табатын, тамырына тереңірек үңіліп қисық жерін түзететін уақыт сәті келген секілді. Осындайда тарихқа аса тереңдемей-ақ, өткен бірер жылдар драматургиясындағы хал-жайға көз жүгіртсек қызықты деректерге кезігеміз. Қазақстан жазушыларының Х сьезіндегі драматургия жанры бойынша сөз алған баяндамашы Сәкен Жүнісов «пьесаны үлпілдетіп асырап сақтаған – қалыңдық қызға, драматургті – оның тілекшіл әкесіне» теңеген екен («Қазақ әдебиеті» 22.09.2005 ж.). Баяндамашы ағымдағы хал-жайға баға бере келе: «Бүгінгі күні театрлардың пьесаға құдалыққа түсіп, қалың беруі де азайып кетті. Сор маңдай әкенің әр театрдың есігін қағып, «қалыңдықты» ала гөр деп, қызын өткізе алмай жүргендері де жиі ұшырасады» дегені бізге ерекше әсер етті. Қазақ драматургиясының сол кездегі мүшкіл де сорақы жайын келісті әрі көркем берген.
Кейін, араға бірнеше жыл салып 2009 жылы Мәдениет министрлігі алғаш жа­рия­лаған «Тәуелсіздік толғауы» бәйге­сінің қарауына жаңа 46 пьеса түсіпті. Қандай сандық көрсеткіш, қаншама еңбек жасалған. Бірақ, бір тойда екі бірдей қалыңдық болмайтыны секілді, оның үздік деген 5-6 туындысы жеңімпаз деп танылып бәйге алды.Қазылардың назарына жақсы деп іліккенмен, орын жетпей сырт қалғаны қаншама. Сол пьесалардың басым бөлігінің көркемдік деңгейі ала-құла, сахнаға емес көсемсөз бен көркемсөз оқуға жазылғандай болып қазылар алқасының сүзгісінен өтпеді. Ондағы оқиға желісінің жүйелі дамуы, образдардың сомдалуы, сахнада әрекет етуден гөрі асықпай отырып пәлсәпа соғуға ыңғайланған кейіпкерлерімен жүйелі шешімдері ақсап жатты. Көп санды жазушы-драматургтеріміз пьесаны алдымен кімге? Не үшін? Қай театрға? арнап жазғанын дөп басып анықтап алмай, шала пісірген күлшедей асығыс домалатқан күйі алып келіп бәйгеге қоса салған секілді болып көрінді. Еңбегі дұрыс бағаланбады деп ренжіген авторлар қаншама?Музыка саласы бойын­ша өткізілген бәйге жәйі одан да қиын болды. Желтоқсан айының ортасында аяқталған бәйге нәтижесі келесі жаңа жылдың басында да жарияланбай композиторлар сарыла күтті, композиторлар толқыды, гу-гу әңгіме қызды.Иә, бәрі өтті, бәрі кетті, бұл кешегі күн бо­латын.
Міне, сол жаңа өнер туындыларын туындататын бәйге өткізу тұрақты жалғасын тауып дәстүрге айналғанымен, оған жаңа шығармаларын ұсынушылар саны соңғы бірер жылда қарқыны мүлдем бәсеңсіп қалған секілді. Өткен 2013 жылы ҚР Мә­де­ниет және ақпарат министрлігі та­ра­пынан балалар мен жасөспірімдер театры репертуарына арнайы назар аударып жариялаған үздік пьеса бәйгесінде драматургия қоржынына келіп түскен пьесалар саны мен сапасы осының айғағы. Жалпы, «Тәуелсіздік толғауы» конкурсы драматургияға оң бағыт берген жақсы бастама болды. Бұған дейін үш мәрте осындай атаумен өнер шығармаларының жазылуына қозғау салынып драма, музыкалық театр, қуыршақ театрлары репертуарына арналған бәйге жарияланып жеңімпаздар анықталды. Қазақ театрының сахнасына жаңаша қызықты тақырыптарды көтерген талантты туындылар келіп, қазылар алқасы қай шығарманы жеңімпаз етіп жариялауын білмей біраз қиналған сәттер де болды.Бұл заманауи ұлттық драматургияның жаңа серпілісін, мүлдем құрып кетпегенін көрсетсе керек. Театр осы аралықта біраз қоң жиып сүбелі спектакльдер көрерменге қарай жол тартты. Нәтижесінде бүгінгі бас театрлар мен басқа театрлар сахнасында табыспен жүріп жатқан тарихи, әлеуметтік тақырыптағы салмақты қойылымдардың бір бөлігі осындай бәйгеден озып келген жеңімпаз дүниелер құрады.
ІV Республикалық «Тәуелсіздік тол­ғауы» конкурсының негізгі мақсаты мен міндеттері заман талабына сай қоғамдық маңызды жаңа драмалық, музыкалық және бейнелеу өнері шығармаларының жазылуына жол ашу, отандық авторларды қолдау, республикалық театрлар мен концерттік ұйымдардың репертуарларын, музей қорларын көркемдік деңгейі жоғары жаңа туындылармен толықтыру, өнер туындылары арқылы қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын мәдени өнімдерді жасауға ниетті. Бұл конкурсты өткізудің тәртібі және шарттарына келсек Конкурс бірнеше өнер саласының біраз номинациялары бойынша өткізілді. Ірі және кіші көлемді музыкалық шығармалар, опера, оперетта, балет туындыларымен бірге жалпы драматургия саласында бір төбе болып оқшауланатын балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік драмалық шығармаларды дүниеге әкелуге қозғау салған. Бұл жолы «Балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік драмалық шығарма» номинациясы бойынша – балалар мен жасөспірімдерге арналған театрлардың ерекшелігі ескерілген  драма­лық шығармасы мәнінде арнайы тақырып болып бәйге жарияланды. Бұл сала арнайы назарда болмағалы қаншама уақыт өтті. Бізде жастар мен балалардан тұратын қалың көрермен бар екенін, олар ертеңгі күні саны мол ересектерге арналған театр­лардың тұрақты көрермені болатынын мүлдем ұмытып кеттік пе деп жүргенде, осы саланың қажетін еске алып арнайы бәйге жариялау Мәдениет министрлігі тара­пынан өте орынды әрі дер кезінде жасалған шара болды.  
Конкурсты дайындау және өткізу мәсе­лелерін шешуге бағытталған жұмыс­тарды Ұйымдастыру комитеті уақытымен жасағаны белгілі. Конкурсты уақытында жариялау, оны республикалық бірнеше газеттер бетінде қайталап басу, т.б. түскен пьесаларды олардың құжаттарын жинақтау, қазылар алқасын түзіп олардың нәтижелі жұмыс жасауына қажетті жағдайлар жасалды. Ұйымдастыру жұмыстары ойдағыдай, көңілден шық­қанымен негізгі әңгіме өзегі, талқыға түсетін шикізат – пьесаның (қалыңдықтың) аздық етуі бізді ойға қалдырды. Жыл бойы жасалған жұмыс қорытындысының нәтижесі, бар жоғы он-ақ шығарма бәйгеге түсіпті. Пьесалардың жартысы конкурс талаптарына сай болмауы онсыз да санаулы туындылар қатарын сирете түсті. Авторлар жіберген дүниелерін рәсімдеудегі кейбір болмашы кемшіліктерін назарға алмағанның өзінде негізгі тақырыпты, «жастар мен балаларға арналған» деген бағыт-бағдарын есте ұстамаудың өзі,осы біздің қалам ұстайтын драматургтеріміз назар аударып бірдеңе оқудан қалып бара ма деген дүдәмәл ойға жетеледі. Болмаса жас мөлшері, аудиториясы, тақырыбы арнайы қарастырылатын, өзіндік ерекшелікпен жазылатын шығармалардың кейіпкерлері, олардың ортасы, көтеретін мәселелері де өзіндік бөлек үлгіде болуы керек еді. Осы жолы біз балаларға арнап жазатын автор қалмаған екен, жоқ екен деген ой түйіндеуге мәжбүр болдық. Себебі, балалар әлемі, олардың жүрек соғысы мен ой-армандарын көрсететін туындының өзіндік ерекше атмосферасы болу керек кесек туындыны көре алмадық. Оны сезінетін,  жазатын автордың ерекше сезімталдық қабілеті, тілі, жүрек лүпілі өзінше бөлек әңгіме тақырыбы. Қиындығы мол, көп еңбектенуді талап ететін жұмысқа кез келген «мен драматургпін!» деп кеудесіне нан пісірген авторлардың бармауы да осыдан болар. Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармаларды бағалаудың критерийлері ретінде пьесаның жоғары көркемдік деңгейі, жанрлық ерекшеліктері, тақырыпты ашудағы өзінділігі, автордың шығармашылық даралығы және шеберлігі, шығарманың көркем тілмен баян етілуі басты назарда ұсталды.
 Конкурсқа келіп түскен шығармаларды қазылар алқасының құрамы зер сала қарап танысып шығуы нәтижесі көңілдегідей болған жоқ. Қазақ театрының балалар аудиториясы үшін ауадай қажет бүгінгі күн тақырыбын қозғайтын, өзіне қажетті серпіліс беретін толыққанды туындыларды жеткілікті көлемде ала алған жоқ. Авторлардың еңбегі еленбей келген кешегі күн емес, дәл қазір қаламақы мәселесі оң жолға қойылып авторларды ынталандыратын материалдық жағынан елеулі сома бөлінгендігіде белгілі. Үш жүлделі орынға жақсы қаламақысы бар, жеңімпаз шығармалар республика театрлар сахнасына қойылу құқығына ие болатын жақсы да жағымды шарттары бола тұрып жаза білетін мүмкіндіктері мол авторлар армиясының қызығушылығын оятпауына бізді таңдандыра отырып ойға қалдырды.Демек, драматургиядағы біздің көптен күткен серпіліс, алға өрлеу мәселесі қаламақыда болмағаны? Жыл бойы мақсатты жасалған жұмыс нәти­жесі балалар мен  жастарға арналған толыққанды көркем шығарма туындата алмаса, бұл дабыл қағатын кездің келгенін көрсетеді. Театрға қажет заманауи драматургияны тудыру мен жаңа драматургтерді белсенді тарту жұмысын басқаша жолмен ұйымдастыруды қажет ететіндігін көреміз. Мұндай шығармашылықпен айналысатын авторлардың селқос көзқарасы тек қана драматургияда ғана емес, басқа да мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін өнер жанрларын (музыка, сахна, бейнелеу т.б.) алға дамытудағы ортақ мәселе деп білгендіктен, бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажет. 
Әрине, автор жанын жеп жұмыс жасамаса көңілдегідей оңды дүние тумайтыны белгілі жәйт. Көше сыпырушы, аяқкиім жөндеушіден бастап адам жанының инжинері есептелетін ой қызметінің қайраткерлеріне дейін толық беріле жұмыс жасауды қажет етеді.Осы жерде соңғы бірер жылдықта 150 жылдығы кеңінен тойланған А.П.Чеховтың пьеса жазу шеберлігі жайлы Ресей Театр қайраткерлері одағының төрағасы, актер, режиссер А.Калягиннің орамды ойы еске оралады.  Ол: «Простые вещи, о которых говорит Чехов, и из которых  слагается каждая человеческая жизнь, должны быть рассказаны простыми средствами. Это безумно трудно, иногда кажется, что так сыграть почти невозможно, но, на мой взгляд, это и есть концепция решения  чеховской драматургии, самая сложная для воплощения.  «Хорошая погода, то ли чаю попить, то ли повеситься». Сахна практигінің классикаға айналған драматургтің пьеса жазу шеберлігі жайлы оймақтай ойының дәлдігі, тереңдігі біздің драматургтеріміздің де ойын қозғап, оларды сарсаң ізденіске салар деген пікірдеміз. Мұндай олқылықтың орнын қайтіп, қашан, қандай жолдармен толтыруға болады? Ойлана келсек, дәл қазір балалар мен жастарға арналған пьеса жазуға қайтадан бәйге жарияласақ та мәселенің түйінін шешу қиын. Себебі, жаңа пьесаны осы күнге дейін жүріп келген үйреншікті сүрлеумен авторларымызға жаздыра алмаймыз. Автор театр таби­ғатын білмейді, ал, жазылған пьесаны қоятын режиссер сүймейді. Сондықтан, пьеса жазудың, сахнаға арналған туындыны өмірге әкелудің  басқаша жолын, жаңа механизмдерін іске қосу керек. Ол үшін:
жарияланған бәйге туралы әрбір қолына қалам ұстаған жазушы, ақын, дра­матург білетіндей болуы керек. Ол үшін осы жанрда, осы бағытта жұмыс істейтін жастар мен балалар театрын (әрине олар қызығушылық танытса), ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысы бар қалалық, облыстық, аудандық үкіметтік емес ұйымдарды, қызу жұмыс шеңберіне тартылуы керек. Әрине,бұл машақаты мол жұмыс. Қоғамның нақтылы әлеуметтік тобымен, саласымен тікелей айналысатын ұйымдарды, топтарды жақындастырмаса, өзара шығармашылық негізде біріктірмесе әркімнің жеке-жеке тартқылағанымен бәрімізге ортақ жүк орнынан қозғалмақ емес. Және белгілі әдебиет классигінің мысалындағыдай бірі суға, бірі нуға, бірі көкке бағыт ұстаған бүгінгідей тырбаң әрекеттен нақтылы нәтиже көруіміз екіталай шаруа болмақ.   
бұл жұмысқа жергілікті жердің қоғамдық ұйымдары мен театрлар әдебиет бөлімі меңгерушілері немесе театрдың пьеса жазатын авторлары белсенді араласқаны жөн. Жергілікті белсенді авторларды пьеса жазушылар қатарына ендіруі арқылы театр процесінің барысына қызу араластыруымыз керек. 
бүгінгі заманауи театр мен заманауи драматургия жасау жолында көрші ресейлік әріптестердің ұжымдасып, жұмыла жұмыс жасау жолын біз де белсенді ендіруіміз керек. Бүгін сахнаға арналған заманауи туындыны жалғыз автор – драматург жазып шығады деу, дүниеге шала туған ертеңі бұлыңғыр баланы әкелумен бірдей. Тарихшы мен драматург, режиссер мен жазушы, ақын мен актер, жалпы қаламгерлер мен сахна қайраткерлері бірлескен одағымен шеберлік шыңдау қазақ театры үшін тұшымды дүниелер әкелуге болады деген ойдамыз.
театрларға өз авторларымен жұмыс жасауда ерік берілгені жөн. Театр­лар өздері драматургтерге тап­сырыс беру арқылы бұл саланы жан­дандыруға белсенді ат салысуы керек. Келіп түскен шығармамен әдебиет бөлімінің меңгерушісі, режиссер, актерлер бірігіп бірнеше мәрте талдау, тал­қылаудан кейін пісіріп барып сахнаға шығару жолын қарастырған жөн.
министрлік жанынан реперту­арлық-редакциялық топ жұмысы жандана бастады. Республика бойынша жаңадан жазылған пьесаларды сараптап, талдап, тұщымдыларын сахнаға қоюға болады деген арнайы сертификаттармен театрға ұсыну, өзге этностардың театрларына аударып қою мәселелерін қатар алып жүруді, тұрақты назарда ұстау керек. 
бәйге қорытындысын шығарар кезде насихатталу жұмысына ерекше мән берілуі керек. Жеңімпаздарға берілетін соманың мөлшері, алған адамдардың еңбегі, жазған қоғам өмірін алға бастыруға қосқан үлесі аталынып, баса назарда болуы керек.
Қорыта келгенде, қазақтың балалар мен жастар театрының репертуары (қуыршақ театрынан бастап) театр қайраткерлерінің, соның ішінде жасы мен жасамысы бар ұлт драматургтерінің ерекше назарында болатын шаруа.Бұл сала әлі жеке дараланып аяғына тұрмаған, бағыт-бағдары  толық ашылмаған сала. Оған осы бағытты арнайы ұстанған Қазақстанның жастар мен балалар театрлары қызығушылық танытпаса, онымен жер-жердегі ересектермен жұмыс істейтін театрлар бел шешіп, білек сыбана араласпаса жас ұрпақтың рухани саулығы, отансүйгіштігі, елінің азаматы болып өсуі екіталай шаруа болмақ. Бүлдіршіндердің ақыл-ойы мен санасының нағыз азамат болып қалыптасар кезін Уолт Дис­ней­дің анимациялық, Голливудтың боевик фильмдерінің, Ресейдің өз ұлт­тық құндылықтарын уағыздаған туын­­дыларының еншісіне беріп отыра бер­мекпіз бе? Сонда тығырықтан шығар жол қайда? Етек-жеңімізді жиып ішкі рухани әлемімізді түзеп, бала тәрбиесіне, жасөспірімдер сана-сезіміне ерекше назар аударатын кез әлдеқашан болған. Театрдың бұл саласындағы қордаланған мәселені шешу бүгін мен болашақтың күн тәртібінің көш басынан көреміз. Сондықтан, бізге жан-жақты ойластырылып кешенді жасалған іс-әрекет жос­пары мен жігерлі өзгерістерге баратын батыл қадамдар керек. Баланы дүниеге әкелгесін белі берік қатып, еңсесі биік, қайратты да саналы азамат етіп тәрбиелеу немесе ойы мен бойына иелік ете алмайтын былқ-сылқ күй кешкен жігерсіз, рухы әлсіз етіп өсіріп топырлаған тобырлардың тобына айналдыру да өзіміздің қолымызда. Қатып бекімеген баланың назарын ерекше тартатын бұл өмірдің қызылды-жасылды «қызықтары» үй есігінен аттап шықпай-ақ шырмап алуға дайын. Оған қиын-қыстау ғасырлар тоғысындағы өтпелі кезеңде қараусыз, бағу-қағусыз бой түзеген тұтастай бір ұрпағымыздың бүгінгі өмір-салты мен театрға деген көзқарасы дәлел. Кешегі аумалы-төкпелі кезеңнің театрсыз, рухани құндылықтарға ықылассыз тәрбиеміздің нәтижесін бүгін көріп жатырмыз. Бүгініміз осы болса ертеңіміз қалай болмақ?
Алматы қаласындағы «ЯНОТ» студия­сының арнайы жүргізген әлеуметтік зерт­теулері нәтижесіне көз жүгірте отырып шұғыл дабыл қағу керектігіне тағыда көз жеткіземіз. Ел ертеңін сеніп тапсырар театрсыз, мұражайсыз өз бетінше өсіп жетілген жас ұрпақтың ойы айдалада жүрген секілді. Мәдени астанамыздың жастар пікіріне құлақ түрсек:«16-25 жас ара­лығындағы жастардың 80 пайыздайы театрды бос уақытты мазмұнды етіп өткізетін орын емес деп санаған».Немесе «…қаладағы мәдени мекемелерге, көрмелерге, мұражайлар мен галереяларға, негізінен, орта жастағылар немесе одан асқандар барады екен» («Алматы – достастықтың мәдени астанасы болуға лайық қала» //Алматы ақшамы № 10. 21.01.2014ж.) деген көрсеткіштерден оқу, көру, пікір бөлісу секілді интеллектуалды ой-өрісті дамытатын ақпарат алудың көзін қожыратып алғандығымызды көреміз. Осындай келеңсіз статистикалық мәліметтен кейін болашақ ұрпақтың рухани әлемін сауықтыру ісіне тек министрлік, тек жекеленген адамдар ғана емес жалпы қоғам болып жұмыла атсалысу керектігі өз-өзінен белгілі шаруа. Елбасымыздың келешекке аманат етіп жария еткен «Мәңгілік ел» болу идеясы қоғамды, ондағы адам капиталының апасына, елдің зор үміт артар келешегі – балалар мен жастарды туған жері мен отанын сүйетін патриот етіп тәрбиелеуді, тәуелсіз Қазақстанның рухы мықты саналы да ойлы азаматтары етіп өсірді бүгінгі күннің басым бағыты етіп алдыңғы шепке шығарды емес пе?
Бізге де театр мен драматургия ауыл­дарынан «Той болады!» деген сүйін­шілеген хабар әлдеқашан келіп қойған.Қуаныштан алып ұшқан жүрек дүрсілін орнына түсіруге «сап сап көңілім, сап көңілім…» дей отырған  шақта ша­қырылған қымбатты қонақтардың дәрежесі тең, көңілі жайлауда отырып той тойлағанын көру қазақ театры, оның кө­рермендері үшін ғанибеті мен рухани алар азығы мол шын мәніндегі мереке болмақ. Бірақ, әзірге үлкен той-мерекеден хабар жоқ, кейінге шегерілумен келеді…

Алдыңғы «
Келесі »