ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫ ҚАЛАЙ КОСМОПОЛИТТЕНДІ?

  • 28.05.2014
  • 832 рет оқылды
  • 1

Кожа АхметХасен Қожа-Ахмет,
композитор, өнертанушы

Қазақ халқының музыка саласында да «ұлтшыл емес, интернационалист» екендігін дәлелдейтін мұндай тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Мақаланың келесі тарауында солай етуге тура келеді де. Дегенмен, қазақтың ұлттық иірімдерін қолданбай ән шығаруды өзгелерден ертерек «өзіндік қолтаңба» еткен екi композитордың шығармашылығына арнайы тоқталу керек сияқты.
Қай елдердiң әуендерiнiң құрандысы екенiн анықтау қиын С. Байтерековтiң «Әлия» әнiн Р. Рымбаева орындап халықаралық жүлдеге ие болғанда, неғұрлым қазақша емес музыка жазсаң даңқың шығатын заман орнағаны айқындалған едi…Ендi, осы композитордың «Дос туралы жыр» әнiнiң басқы төрт жолын И.Дунаевскийдiң «Моя Москва» әнiмен, «Өмір, өмір» әнiн украин композиторы П.Майбораданың «Рушничек» әнiмен, «Ақ тілек» әнiн дағыстандық композитор М. Кажлаевтың «Кубачин білезігінің жұмбағы» фильміне жазған «Все слова любви» дуэтімен, «Жаңбырлы түн» әнін А. Зацепиннің: «Есть только миг между прошлым и будущим» – деген қайырмасы бар, «Санников жері» фильміндегі әнiмен салыс­тырып көрiңiз!..Әсiресе, күллi түрiктектес халықтар рухани астана санап құрметтейтiн Түркiстан қаласы туралы әуенi де, сөз ек­пiндерi де қазақшадан жұрдай (1960-жылдары айтылған «Вериш – не вериш» әні сарынындағы) «Түркiстан» шлягер-әнiн есту ыңғайсыз-ақ. (Ал аталған орыс әні М. Равельдің «Антикалық менуэтінен» алынғанын айта кетейік).


Осындай екiншi композиторымыз Т. Мұ­­ха­меджановтың «Құс жолы» әнiнің қайыр­масын М.Магомаевтың «Салтанатты ән» қайырмасымен, ал «Ақ желкен арман» әнінің соңғы үш жолын орыстың ескі әні «Выхожу один я на дорогу» әнімен («Клим Самгиннің өмірі» фильмінен ести аласыздар), ал, «Iңкәрiм-ай» әнiн К.Молчановтың «Не улетай» әнiмен салыстырыңыз (тек, өлшемiн вальстен, екiлiкке ауыстырған).
Осы композиторлардың «қазақ әнін ұлтсыздандыру» ісін одан әрі жалғастырып, ән әуені түгіл қазақ тілінің сипатын бұзып мылжыңға айналдырған Жеңіс Сейдоллаұлы, Сейфуллин Жолбарысов т.с.с.» жас буын» композиторлардың шығармаларына ұлттық сипат тұрғысынан баға берер болсақ – бықыған қателерден аяқ алып жүргісіз болғандықтан мұғалім қызыл сиямен дәптер бетін бір-ақ сызып «1» қоятын олақ оқушының жазбаша жұмысы еске түседі. Г.Әлімбекованың шығармашылығын да қазақ әніндегі солақай құбылыстың бірі дер едім… 
Осыған орай: «Өз шығармашылығын бөтен халықтардың музыкалық сарын, иірімдеріне құрып, қазақ музыкасын ұлттық сипатта дамытуға еш үлес қоса алмаған жандарды «қазақ композиторы» деп атау жөн бе?» – деген сұрақ туады…
1985 жылы жазған «Бұлақ көзi лайланбасын» деген мақаламда («Қазақ әдебиетi» газетi, 14.07.1989 ж.), бiр тойда орыс жiгiттерi ансамбльмен поляктiң «Сұлу қыз» әнiнiң әуенiн ойнағанда, сонда отырған егде жастағы қазақтар: «Ой, бәрекелдi, мыналар қазақша әндi де ойнай алады екен!» – дегендерiн айтқан едiм. Сондықтан поляк әнiн әлдеқашан «өзiнiкi» етiп алған қазақ жоғарыда мысалға келтiрген әндердi де «нағыз қазақша» деп санасына сiңiрiп алғандықтан, менiң пiкiрiммен келiспей «өре түрегелерi» анық. Өкiнiштiсi, аталынған «қазақ әндерi» мен олардың шетелдiк «түпнұсқасын» оқырман салыстыра алатындай, ноталарын қоса жариялайтын басылым елiмiзде жоқ. Сондықтан әннiң қазақша я қазақша емес екенiн тексерудiң мынадай жолын ұсынамын: өзiңiз «қазақша» деп есептеп жүрген «жаңа» ән әуенiн, өлең жолдарындағы буын саны онымен бiрдей дәстүрлi әннiң сөзiмен орындап көрiңiз. Мысалы, С.Байтерековтың, өлең жолы 11 буынды: «Iздегенде табылатын қасыңнан», т.б. делiнген «Дос туралы жыр» әнiн «Елiм-ай» әнiнің сөзімен: «Қаратаудың басынан көш келедi»…– деп, төрт жолын шырқап көрiңiз. Немесе Т.Мұхамеджановтың «Ақ желкен арман» әнiн, оған жолдары да, жолдардағы буын сандары да сәйкес Абайдың «Сегiз аяқ» әнiнiң мәтінімен орындап байқаңыз… Қалай, қазақша ма екен?!..
Осынау келтiрiлген, Қазақстан ком­по­­зи­­торларының қазақша емес сияқты әндерiнiң барлығы КСРО кезiнде Көр­кемдiк кеңестерден өткен және эфирден насихатталу үшiн таспаға жазылып, Қазақ КСР теле-радио мемлекеттiк комитетiндегi Кiшi көркемдiк кеңесте тыңдалып, «Алтын қорға» қабылданған! Ендеше: «Көркемдiк кеңес мүшелері әлгi, композиторларымыз «жиендiк» жасап қойған әйгiлi шетел музыкалық шығармаларынан хабарсыз болғаны ма? Шығармада қазақшаның бар-жоғын ажырата бiлмесе, қазiр Кеңес құрғаннан не пайда?!– деген заңды сұрақ туады.

6. ТҰЗ БҰЗЫЛСА НЕ ТҮЗЕЙДІ?

Ұлттық музыкамыздың жай-күйін бағамдай алған азаматтар 1980 жылдары, қазақшасынан гөрі шетел әуендеріне тән иірімдері молайған әндеріміз туралы: «Сө­зі­нен басқа қазақша түгі жоқ» – деп сын айтсадағы, дегенмен, 1970-1980 жылдардағы космополиттік сарындағы әндерімізде ұлттық сипат беретін қасиеттердің бірі – әуен ырғақтарының қазақтың сөйлеу тілі екпінімен бірлігі, негізінен, сақталынған еді. Соңғы кезеңдегі қазақ әндерінің түсініксіз быды-быдыға айналуы себебі – оның осы, соңғы тірегіне нұқсан келтірілуінен – ән мәтініндегі сөздердің екпіндері дұрыс түсірілмей, шатастырылуынан болып отыр. Әр халықтың дәстүрлі әні түгіл, аспаптық музыкасындағы әуен ырғақтары да сөйлеу тіліндегі ырғақпен тығыз байланыста болатындығы дәлелденген құбылыс. Қазақ күйлерінің «сөйлейтіндігін» Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол!» күйінен өзге де шығармалардан байқауға болады. Сүгірдің «Ыңғай төк» күйінің әуенімен Ақтамберді жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» жыры, Қазанғаптың «Көкіл» күйінің әуенімен Қазтуғанның «Алаң да алаң, алаң жұрт» – деп басталатын жыры орындалып жүрсе, ал бұрын Тәттімбеттің «Қосбасарының 3-ші түрі («Зар қосбасар») – деп, кейінгі жылдары бірде Т.Момбековтікі, бірде Сүгірдікі делініп жүрген (шын мәнісінде, қобызбен орындалатын «Қорқыт», «Абыз толғауы» күйлерінің негізінде шығарылған) күйдің әуенін С.Мұхамеджанов «Ғасырлар үні» ораториясының 3-бөлімінде хор орындауына пайдаланған («Төнді түнек зар заман»,т.б.). Керісінше, әннен – күйге айналдырудың мысалы ретінде Үкілі Ыбырайдың «Қалдырған» әні негізінде шығарылған А.Жұбановтың «Би күйін» атауға болады).
Қай халықтың да дәстүрлі музыкасы (әні, аспаптық музыкасы) формалық құры­лымы жағынан дәстүрлі поэзиясындағы шығармалардың жол саны, жолдағы буын санымен байланысты болған. Кейінгі қазақ поэзиясында дәстүрлі 7-8 буындық жыр және 11 буынды өлең формасынан өзгелері де пайда болғанымен қазақ тіліндегі айқын ерекшелік – екпіннің, негізінен, сөздің соңғы буынына түсуі бұлжымай сақталуға тиіс. Болмаса, қазақтың әні ғана емес, көп ретте, қазақ тілі де бұзылмақ. Егер ән әуеніндегі екпін (ұзағырақ нота түрінде) сөздегі өзге буынға түсер болса – композитор ол әуенін сөйлеу тілі қазақ тілінің ырғағынан мүлде өзгеше бір халықтың музыкасына еліктеп шығарғаны. Сөзіміз дәлелді болу үшін осындай, ырғағы жат әуенге қазақ сөзін зорлап қосақтаудан тіліміздің бұзылуы орын алған тұстары бар бірнеше белгілі әндерден мысалдар келтірелік. (Осы әндерде екпін түсуден созылыңқы болған ноталардың орындалуына ұқсату үшін сөздерінде екпін қате түсірілген буындардағы дауысты дыбысты (әріпті) қайталап екі рет жазып, астын сыздық. Екпін түскен буыннан соң сөз, негізінен, аяқталуға тиіс қазақ тілінің заңына сәйкес, кейбір мысалдарда екпінді буыннан соң ән авторларынша, «сөзді аяқтап», одан кейінгі буындарды «жеке сөз» ретінде жазып көрсеттік. Ал шын мәнінде екпін түсуге тиіс болған буынды жалғыз қара әріппен белгіледік):
Маа хаббатым нәр берген,
Жүү регіме, жаныма. 
Ғұұ мырыма гүл ектің…
Ііз дегенім сен екен…(М.Ілия­сов» Мерекем сен»);
Аай налдым сұлуым,
Жаай дарлы сұлуым.
Маа хаббат жылуың… (М.Ілия­сов.»Сұлуым»);
Маа хаббатым менің,
Жүү регімді менің,
Тыың даймысың жаным…(Әнші Аян орындайтын «Махаббатым» әні).
Екпін сөз басындағы буынға түсірілген­діктен «Қаа зағымның даласындай» делініп, жолы үш сөзден тұратындай естілетін Ж.Тұяқбаевтің «Айналдым сенен, атамекен» әнінің бұл тұсына француз композиторы М.Равельдің «Павана» атты шығармасының «салқыны тигені» байқалады. Әрі қарай да әндегі екпіндер:
Аар ман қуған күүн дер-ай, 
Жұұл дыз аққан түүн дер-ай, – деп қате түсіріліп кете барады. Ал, ақын Ш. Сы­маханұлының қазақ тіліне сүйіспен­шілік оятар «Анамның тілі – аяулы үні» атты өлеңіне Ә.Тінәлиев 1930-40-жылдардағы популяр тангоның әуенін пайдаланып шығарғандықтан, керісінше, қазақ тілі мынадай күйге ұшыратылған:
Өө мірге келдім,
Аа намды көрдім…
Аа намның тілі,
Аай быным менің…
Меек тепке келдім,
Ұұс тазды көрдім
Тыың дадым сөзін 
Таа бынып сүйіп…
Осы композитордың «славяндық» кіші секста (к.6.) интервалымен басталатын «Желтоқсан желі» әнінде де қазақи пентатоникалық иірімдер мүлде жоқ. Өйткені, бұл ән де, бұрнағы жылдарда жиі орындалған, европалық «Траурлық марш» иірімдеріне құрылған.
Қазақша сөз екпінімен бірлігі жоқ ырғақтағы әуендеріне қосу арқылы сөздегі екпін орнын алмастырып алу кәсіпқой композиторларымызда да кездеседі: Екпін сөздің бірінші буынына түсіп «Қаа зақстаным менің» – деп айтылғандықтан М.Маңғытаевтың «Қазақстаным менің» әнінің қайырмасы С.Туликовтың «Родина» әнінің «Дай мне любое дело»…–делінген қайырмасына ұқсап кеткен. К.Күмісбековтың «Аяулы мекенім» әнінде де екпін сөздің бірінші буынына түсіп «Саа ғыныш құсы өзіңе қанат қағады»… болып шыққан. Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсындағы Ахмет пен Қамардың 1-акт, 1-көрінісіндегі дуэтінде екпін басқы сөзінің бірінші буынына:
Аа яулым, жан құрбым сүйенішім                 жалғыз ғана.
Ааң саған арманым сенерімсің, асқар панам.. т.с.с. түсірілсе,
«Таң самалы» әніндегі:
«Аас паным ашық, көңілім биік» – деген тұсында да солай. 
Б. Байқадамовтың «Кел, достар» әні қайырмасындағы:
Махаа ббатпен,
Салтаа натпен… – деген жолдары екпінінің де қазақша еместігін байқамастан, кезінде жаппай шырқадық. Осы композитордың «Су тасушы қыздың әнінің»: 
Еду, еду қашықтан,.. 
Мөлдір су бар, достар-ей,
Кому надо поскорей, – деген қайыр­масында әуен «Еду» деген орыс сөзіне арнап шығарылғандықтан үшінші жолдағы қазақ сөзіне екпін қазақша емес «Мөөлдір» боп түскен. Ал, орыс тілінде екпін орнының ауыс­палы келетінін ескермегендіктен «Кому» болып айтылуға тиіс сөз «Коому» делініп бүлдірілген
Ал Б.Дәлденбаевтің «Ақ қанат ән»-інің:
Мыы нау жарық жалғанда, 
Өө мір, бейне, ойлы өлең, – т.б.делінуі, ән әуенінің А.Пахмутованың «Олимпиада-80» фильміне жазған Увертюрасынан алынғандығынан. Ал Пахмутова бұл Увертюрасына Дж.Вердидің «Тағдыр күші» («Сила судьбы») операсының музыкасын пайдаланған. Егер Дәлденбаев «түпнұсқаны» (Дж.Верди музыкасын) пайдаланғанда – әнінің екпіні әлдеқайда қазақша болып шығар еді…
Ш.Қалдаяқовтың «Сағынышым менің» әніндегі:
Жеел біреген гүүл дей,
Жее ке шыққан күүн дей…
Қыыр қасынан қыыр дың,
Аа расынан нұұр дың,
Еер кетайым сее ні 
Көө ріп қалдым ба? – деген екпіндерді естігенімде «Мұнысы несі?!» деп жүрген едім. 1994 жылы Мәскеу–Нью-Йорк бағы­тындағы ұшақта орындыққа орнатылған тыңдағыштан берілген симфониялық оркестр орындаған, менің жеке күйтабақ қорымда (фонотекамда) жоқ шығарманы естігенімде, осы әндегі қазақша емес екпіндердің пайда болуы төркінін түсінген едім. (17 жыл іздестіріп жүріп, бұл әуеннің француз композиторы Ж.Бизенің 1855 ж. шығарып, тек 1935 ж. алғаш орындалған До-мажорлы симфониясының 2-бөлімі екенін анықтадым). 
Ал, осы «Сағынышым менің» әні Ә. Бей­сеуовтың «Ауылым» әніне ықпал еткені: 
Аа сыр сап оой нап,
Еер келеп өөс кен ауылым, – т.с.с. екпіндер түсірілуінен байқалып тұр. 
Осы мысалдарды жазғанымда авторитарлы санадағы оқырмандардың наразы күңкілі құлағыма келгендей болды. Сондықтан әннің қазақша, я қазақша емес­тігін тексерудің тағы бір қарапайым жолын ұсынайын – осы және жоғарыдағы келтірілген өзге де әндердің сөздерін әуенсіз, бірақ әндегідей екпіндерін сақтап дауыстап оқып шығыңыз… Қалай?..Қазақ осылай сөйлеуші ме еді?!.
Алматы түү ні,
Алматы түні… – деп (Д.Сүлеев) ежелден айтылуы да, мағынасы да бір «түні» деген сөзге ән шығарғанда екі түрлі екпін түсірген! Дәл біздердей  ана тілін ойланбай бұзар өзге халықта композиторлар жоқ шығар-ау!
Осынау келтірілгендер – негізінен қазақ­шасы бұзылған ән әуенінің әсерінен екпіні орын ауыстырған сөздердің өлең жолының ең басқы буынында кездесуі мысалдары. Ал, жалпы, дәстүрлі қазақ әндерінде өлеңнің басындағы бір буынды сөзге қолданылған жалғыз дыбыс (нота) ешқашан созылмаған. Ән басында созылатын жалғыз дыбыс кей әндерде кездескенімен ол: «Ей, Ау, Ал, Оу» деген сияқты, негізгі өлеңнен тыс, ай­қын мағынаға ие емес дыбыс ретінде ғана қолданылған (Мысалы, Біржан салдың «Адасқақ», «Теміртас», Жаяу Мұсаның «Көгершін» әндерінің басы). Европа музыкасында кең таралғандай, әннің басында жалғыз, созылыңқы дыбысты әуен шығарып қойғанын түсінетін қазақ композиторы, мұнысын жасыру үшін, әдетте әнінің әлгі тұсына ақыннан өлеңінде жалғыз буынды сөз жазуын сұрайды. Бірақ бұл қазақ тілін бұзбаудың жолы болғанымен, әннің әуені қазақшаға тән емес болып қала бермек. Мысал ретінде И.Сапарбаевтың «Жүрекке жүрек тіл қатар» әнінің қайырмасындағы:
Сен қызғалдағымсың, 
Сен ізгі арманымсың.
Сен өмір гүлісің,
Сен көңіл нұрысың, – деген тұсын айтуға болады. А.Глазуновтың «№1 концерттік вальсы» ықпалынан туған Е.Хасанғалиевтың «Нұрлы таң» әніне де ақын осындай себептен:
Таң аялы аспан, 
Кең құшағын ашқан. 
Таң ақынның жыры … – деп өлең жазып берген.
(Ж.Қыдырәлиев «Егіз лебіз» әнінің қайыр­масында сөздің бірінші буынына түс­кен екпінді «заңдастыру» үшін екі буындық «келші, қоншы» деген етістіктерді қолданады: 
Келші бағыңа,
Қоншы қолыма…)
Ән әуендеріндегі ырғақ арқылы тіліміздің екпін заңын бұзу – шетел музыкасынан енген Синкопа әдісін қолданудан да болды. Әуендегі екпін түсуге тиіс емес орынға екпінді әдейі ауыстыратын синкопа әдісі Европа композиторларының оркестрлік ірі шығармаларының кей тұсында арнайы, кульминациялық күшейту үшін (мысалы, Л.Бетховеннің №3 симфониясының 1-бөлімінде, П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінің 4-актісінде,) сондай-ақ биге арналған әуендерге жеңілдік беру үшін де сирек, ретімен қолданылып келген еді («Евгений Онегин» операсының 3-актісіндегі «Экосез» биінде, Л.Боккерини – «Мэнуэт», М.Глинка – «Иван Сусанин» операсынан «Краковьяк», М.Мусоргский – «Борис Годунов» операсының 3-актісі, 1-көрінісіндегі Қыздар хоры, т.б.). Ал М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсының 2-актісіндегі Алтынайдың ариясындағы үш буынды сөздерде екпін, синкопалау әсерінен, ортаңғысына түсіріліп отырған:
Болыыстың қатал кесіімі,
Асыырмай іске тынбаайды…т.т. 
С. Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні» оратаориясының 3-ші бөлімінде де синкопалаудан екпін:
Төнді түнек зар заа ман,
Қалың жұрт зарлаа ған… – болып, өзге буынға түскен.
Музыкадағы дәстүрлі екілік және үштік өлшемдердің ішкі ырғағының қалыптылығын бұзатын Синкопа әдісі ХХ-ғасырдың басынан Америка, Европа құрылықтарындағы шарапхана, көше әуендерінің («тобырлық музыканың») тұла бойында қолданылып ән, би, т.б. ұсақ жанрларға делебе қоздырар жеңілтектік, даңғазалық «дарытқан» еді. Олармен радио, кино, күйтабақтар арқылы 1960 жылдардан әбден таныс болса да қазақ жұртшылығы синкопаланып, жүрісінен ақсаған әуендерді шетел музыкасына ғана тән нәрсе деп санаған. Алғашқы беташарын «Той жыры» деген келеңсіз космополит әнімен (анықтай айтсақ, орыс әнін пайдаланып шығарған) бастаған «ДосМұқасан» ансамблі осы және қазақтың халық әні «Құдаша», т.б. әндердің тұлабойын синкопалап қақалдырып «жаңашалауда» үлкен еңбек сіңірді. Нәтижесінде, ол әндердің сөзіндегі екпін қазақ тілі заңдылығына сәйкес келмейтін болып шықты. Жастардың көңілінен шығуға тырысқан өзге композиторлар да бойға желік беретін синкопаланған әндер шығаруға кірісті. Әуендегі синкопадан сөзіндегі екпін шатастырылғанын мына әндерден көреміз: Д. Сүлеевтің «Той жыры» әні шумағының барлық жолдарындағы соңғы сөзге (бір сөзге) екі рет екпін түсірілген: 
Махаббаттың құдірет күші әәл-дилеп,
Екі жастың табыстырған жүү-регін, т.б. Осы ансамбль синкопалап «өңдеген» халық әні «Құдаша» да солай, бір сөзіне екі рет екпін түсірілген:
Келші, келші, бермен келші, құдаа – ша,
Бір сөз айтам көңіліңе ұнаа – са. т.т.
Дәл осындай мәселені Н.Тілендиевтің «Қызғалдағым» әнінде:
Балаау-са көктеем-де қызғаал-дақ гүл жарғанда, т.с.с. 
Ал Н.Тілендиевтің «Алатау» әнінің қайыр­масындағы жолдарда екпін алғашқы (үш буынды) сөздердің үнемі екінші буынына түсіріліп, ал соңғы сөздерге, синкопа әсерінен, бір буынға екі рет екпін түсіріліп отырады: 
Шыңыы на көз жетпе-ес,
Басыы нан қар кетпе-ес, т.т. Осы композитордың «Өз елім» әнінің мә­тінінде: «өз елім, өзегім, ажары, базары, назары, түлегі», т.б. болып түсуге тиіс екпіндер, синкопалау әсерінен, әнде:
«Өз еелім менің,
Өзеегім менің,
Түлеегі сендер,
Тіреегі сендер,
Назаары сендер,
Базаары сендер»…– болып шыққан. 
«Қызғалдағым» әнінде де екпіндер:
Балаау-са көктеем-де қызғаал-дақ гүл жарғанда…– т.с.с.кете барады.
Көптеген әндерде ырғақ синкопаланып қақалдырылғандықтан сөз екпінінің осылай, қазақша болмай қалғандығын қазір, ол әндерге құлағымыз үйреніп кеткендіктен, байқамайтындаймыз. Болмаса, сөздегі екпіні бұзылғандықтан құлаққа: «Жайнаашы, жаныымда, жабыықпашы», (И.Сапарбаев, «Ғажайып танго»), «Өткен күндер баақыытым да» (Т. Сарыбаев, «Өткен күндер»), «Көзіімнің қарасындай» (Ж.Тұяқбаев, «Атамекен-ай»), «Жыырласпасақ, сыырласпасақ, біірер апта»… (Н.Тілендиев, «Күндер-ай»), «Аттаанған аспанға қыыран отандастаарым»… (Ш.Қалдаяқов, «Бай­қоңыр»), «Аққу құстың бейне бір балаасындай» (С.Байтереков, «Әлия»), «Қас қияқтай қаасы,..Құлпырады тоотыдай»… (Ә.Бейсеуов, «Аспан қызы»), «Сол бір сезім қаайда?» (К.Дүйсекеев, «Еркеледің, сен»), «Қара бауыр қасқаалдақ қайда ұштың пыр-пыырлап» (І.Аманов, «Қасқалдақ»), «Аауылға, ауылға, аауылға»,..(Т.Мұхамеджанов, «Ауылға») болып естілетін әндерден мысалдар жетіп артылады.
Қазақтың мыңдаған халық әндерінің ішінде әуені тіліміздің екпін заңын бұзатыны кездеспей ме екен десек, ойға әншілер әр түрлі етіп орындайтын «Япурай» әні тү­седі. Бұл ән кей әншілердің орындауында (Р.Абдуллин, Б.Тілеухан, т.б.):
Жаз боолса жарқырааған көлдің беті,                     ау,
Көгееріп толқындайды, япуурай, алыс шеті, ай, – болып естілсе, Н. Нүсіпжанов әнді «ау, ай» деген артық қыстырмалардан арылтқанымен, сөздердегі екпінді ол да осылай орындайды. Ғ.Құрманғалиев үнтаспада, ал Е.Серкебаев «Тақиялы періште» филь­мінде осы әннің бірінші (және үшінші) жолын:
«Жаз болса жарқыраған көлдің беті»– деп, екпінді сөздердің соңғы буынына түсіріп, дұрыс орындаған (Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсында да осылай қол­данылған). Бірақ, әрі қарай, әннің өзге жолдарында, осы әншілер де екпінді «қазақша емес» етіп түсіреді. Әншілердің әрқайсының қазақшаға жақындатқан варианттарын ескере отырып, «Япурай» әнін толық түзеп орындаған жөн болар еді.
Сондай-ақ, Ж. Омарова орындаған «Ақбөпе» әнінде де: 
Айнаалайын қараағым қандай едің,
Жел шаайқаған балауса талдай едің…– делінген, қазақша емес сияқты ек­пін­­дер, лигаланған бірнеше дыбыс­пен орындалғандықтан құлаққа жат естіле қоймайды. Әйтсе де, Сауытбектің «Ақбөпесінен» мүлде бөлек бұл әнді, евро­палық әуен тыңдаған, өзге адам шығарған болуы керек…
«Қыз Жібек» операсындағы Қамқаның әнінің әуені қазақ сөзі екпініне сәйкес келмейтініне қарағанда, Е.Брусиловский бұл жолы халық әнін пайдаланбай, әуенді өзі шығарды ма екен?:
«Ей! Өзеннің көөр- кі тал болар-ай,
Жігіттің көөр- кі жар болар-ай.
Жар қаа – дірін біл, білмеген-ау,
Жар сүюге зар болар-ай». т.б.
Кейбір әншілер Біржан салдың «Бурылтай» әнінің басқы буынын созып: 
Тааңбасы жоқ, ені жоқ….– деп орындап жүр. Жинақта бұл әннің басқа түрі, керісінше, қысқа дыбыстан басталған. Сондықтан, әннің қазақ сөзі екпінін бұзатын осы түрін ұлты өзге этнографтардың әу баста нотаға қате түсіруінен деп есептеген жөн.
Тіліміздегі екпін заңын бұзу арқылы сөздерді түсініксіз, қазақша емес ететін әуендер өзге халықтың музыкасымен жа­қын­дасып,еліктеуден туатын құбылыс бол­ғандықтан Абай әндерінің кейбіріндегі екпіндерге назар аударалық: «Татьяна сөзі» әнінің әуеніне П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті Интродукциясының музыкасы қолданылғандықтан, әрине, ол әуенге қосқан сөздердегі екпін қазақ тілі заңдылығына сәйкес болмай шығатыны түсінікті: 
Тәәңірі қосқан жар едің сен,..
Таалақ етіп бұл ғаламды,
Боолды мәлім кеткенің.
Кіінәсі жоқ жас адамды … т.б. 
немесе екінші түріндегі мәтінмен:
Аамал жоқ қайттым білдірмей,
Яяпырау, қайтып айтамын… т.б. болып, бірнеше екі буынды сөздерде екпін соңғы буынға емес, алғашқы буынға түсіп отырады. «Қор болды жаным» әнінде де екпін үнемі өлең жолдарының бірінші буынына түсіп, дыбыс созылып отырады:
Саай – рай бер тілім,..
Бүү- гілді белім,..
Саа-ғындым сені… т.т. 
Ал, «Ата-анаға көз қуаныш» әнінде әр шумақтың басқы екі жолындағы сөздердің бірін-ші буындарына екпін былайша, үнемі түсірілген:
Аата – анаға көз қуаныш,
Аал-дына алған ееркесі,..
Оо-қытарсың моолдаға оны,
Үүй-ретерсің әәрнені… т.т.
Әйтсе де, ХХ ғасырдың ортасынан бе­лең алған «қазақ сөзінің екпінін бұзатын қазақ әндерін» дайындаған, ХІХ-ғасырдың аяғындағы Абай әндерінен гөрі, Кеңес үкіметі кезеңіндегі европалық, «моторлы»: вальс, марш жанрындағы ән, әуендер сияқты. «Европалық вальс» деу себебім – үштік өлшемдегі қазақтың халық әндерінде («Сәулем-ай», «Дедім-ай, ау», «Әй, угай» т.б.) дәстүрлі 11 буынды өлең жолының алғашқы төрт буынды сөзінің соңғы буынына жеткенде ғана екпін түсіп, дыбыс созылады. Ал, сөздегі одан өзге буын созылған жағдайда ол буын әуенде бірнеше дыбыс­пен (лигамен біріктірілген ноталармен) орындалған. Бірақ, композиторларымыз, алғашқы дыбысына екпін түсіріліп созылатын, сөйтіп, қазақ сөзін бұзатын, ырғағы қазақша деуге келмейтін «европалық вальс» әндерді мол шығарғанын көреміз:
Тоо-ғайда бұлбұл, көлде аққу, қаз да 
Саай-раса, біз жастар да нақ 
            солардай,
Баа -қытқа бөленеміз,сауық-назға. (Л. Ха­миди, «Қазақ вальсі»).
Сее-нің нұұр-лы жүү-зіңнен,
Көө-рем баа-қыт өө-мірді…(Ғ. Жұба­нова, «Жыр жазамын жүрегімнен»).
Түн жамыы-лып кее-леміз,
Аай-сыз аа-шық аа-спан…(Ә. Бейсеуов, «Сырласу вальсі»).
Бірақ, вальс лирикалық жанр болған­дықтан және сөз басындағы немесе орта­сындағы буынға қате түскен екпіндер сөз аяғындағы дыбыстың да созылуы ар­қылы «теңестірілгендей» болып, екілік өлшемді әндердегідей емес, қате екпін «жұм­сартылатындықтан» тілімізге нұқсан вальс жанры арқылы байқалмай жасалынады. Бұл, бірақ, қате түсірілген екпін тым ұзақ нотамен жорта созылғанда айқын білініп қалады, мысалы: 
Тойыы – ңа гүл алып,..
Жүзіі – ңе нұр толып,
Кетіі – псің құлпырып,
Бір баа -қыт сәулесін сепкендей.
Сен туу-ған күн,мерее-кеміз…т.т. (М. Ша­ханов, «Туған күн кешінде») (Дұрысы: «тойыңа, жүзіңе, туған, мерекеміз», т.б.болар?!)
Егер композиторларымыз қазақ тілі­нің заңдылықтарын білмегендіктен ақын жазған мәтінге космополиттік әуенін қосып бұзды десек, ал, өз өлеңіне өзі ән шы­ғарған әйгілі ақын адамдардың екпінді қате түсіріп қазақ тілін бұзуы, сондай-ақ, осы мәселені еліміздегі «мүйізі қарағайдай» тіл мамандарының айтпай келуі, түсініксіз нәрсе!
Марш жанрындағы әндерді де: алғашқы буынына екпін түсетін «европалық» (мысалы: «Әәлем сүйген саалтымыз бар»,..т.б. делінген Ә.Еспаевтың «Бейбітшілік сақталады» әніндегідей) және екпіндері сөздеріндегі соңғы буындарына түсірілген «қазақша марш» (Ш. Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің қайырмаға дейінгі тұсы, Е. Хасанғалиевтың «Атамекен» әні, т.б.) деп сұрыптасақ болады. 
Сөз екпіндері шатасқан қазіргідей қазақ әндерінің пайда болуына ақындардың дәстүрлі қазақ поэзиясынан тым алшақ формаларда, сондай-ақ, әндерге көп буынды сөздері бар өлеңдер жазуы да ықпал еткенін байқаймыз. Мысалы, И.Сапарбаевтың:
Келші бағыма әлдеқайда ұшпай, келші                 жаным,
Қоншы қолыма арман-аппақ құс-тай, қоншы жаным…деген өлеңін немесе М.Шаханов өлеңдеріндегі: «Құстың қос қанатындаймыз», «Мен саған өкпелемеймін» деген, жаңылтпаштай сөздері бар әндерді тыңдағанда екпін туралы ойлауды ұмытып, «залалсыздандырылмағандықтан» деген сөзге музыка шығарылмағанына тәуба дейсің. 
Ақындарымыздың да өз өлеңдерін дауыс­тап оқығанда, дәл А.Пушкиннің орысша өлеңі екпініндей етіп: «Қаарлы бооран көөкті жаапты»,..– деп, қазақ сөздерінің екпіндерін жорта бұзатын әдет қалыптастырғандарын айтпасқа болмайды… Қазірде аға, орта буын саналатын композиторлар мен әншілер баспасөзде (кейбірі, жоғарыда мысалға келтірілген қазақшасы бұзылған тұстары бар әндердің авторлары мен орындаушылары), кейінгі кезеңдегі қазақ әндері туралы өздері де сын пікірлер айтып жүр. Бірақ, «Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік» – дегендей (А.Байтұрсынұлы ), осы келтірілген мысалдардан бөгде жұрттар музыкасына еліктеу арқылы көп композиторларымыздың әр кезеңдерде қазақ әнінің ұлттық сипатын жоюға «өз үлестерін» мысқалдап қосып келгенін байқаймыз. Әлі де, мұндай ондаған әндерді атауға болар еді. Бірақ оларды әр композитор өз шығармаларына, әншілер өз репертуарына назар аударып, талдау жасап анықтар деп, өздеріне тапсыралық.
Ондаған жылдар бойына еуропалық халықтардың иірімдерін «өзінікі» етіп санасына сіңіріп алған қазақ (бұл да кейбір қандастарымыздың орыс тілін «ана тілім» дегеніне бара-бар келеңсіздік) әлі де өз негізіне бұрылар түр танытпай келеді. Соңғы жылдары бетімізді енді, Шыңғысхан сөзімен айтқанда, «сартауыл» жаққа бұрғандаймыз. Мұны қазақ көп баратын «Тамаша» әзіл- концертінің лейтмотиві ретінде орындалып жүрген тәжік биіне ұқсас ән мен сол іспеттес салдыр-гүлдір бірқатар әндерден байқауға болады. Мысалы, Л. Жолдасовтың орындап жүрген «Сағымбысың сен» әнін 1960-жылдарда орыс тіліне аудару арқылы КСРО көлемінде белгілі болған тәжіктің «Гүлнара» әнінің «екінші түрі» деуге келеді. Мұндай «сарттанған» әндер қатарына К.Дүйсекеевтің «Ғашықтар жыры», Т.Бақтыгереевтің «Ғашықтар сенімі» әндерін қосуға болады. 
Осы тарауды оқып біреулер: «Хасен, бірқатар композиторларды космополиттігі үшін сынай отыра, өз әндерінен де неге мысалдар келтірмеген?» – дер. Жоғарыда мен, негізінен, жұртқа танымал деп есептейтін әндерді мысал ретінде талдайтынымды ескерткенмін. Ал, өз әндеріме: «мынаусы танымал еді» деп өзім баға бере алмадым. Болмаса, жат әуен жайлап алған мемлекетте өзге композиторлармен қатар өмір кеше жүре, менің де музыкалық шығармаларыма космополиттік вирус­тардың енбеуі мүмкін емесі белгілі ғой. Және ол шығармаларымды жазған ке­зім­де мен де қазақ музыкасына ұлттық сипат беретін қасиеттер туралы зерттеулер жасамаған едім.
Әрине, өзгелер байқай қоймайтын нәрсені, мысалы, бөтеннің музыкасының бірер иіріміне ғана «жиендік жасап», қалай «жаңа» шығарма тудыруға болатынын аңғару үшін композиторлық тәжірибенің көмегі тиетіні рас. Бірақ, адам әдебиет сыншысы болуы үшін өзгелерден де мықты жазушы болуы шарт емесі сияқты, музыкаға сын айту үшін де композитор болу шарт емес, музыкалық жад (память) және шығармаларды салыстыра білу де жеткілікті. Сондықтан мәселе – менің қандай композитор екендігімде емес (музыкалық шығармалардың танымал болуы, я болмауының сыры өз алдына, бөлек тақырып), қазақ музыка өнерінде апатты жағдайдың бар екендігінде. Көп болып толғана талқылар мәселеміз осы болуға тиіс. 
(Ескертер жай: осы мақалада мысалға келтірілген кейбір әндердің нотасы қолда болмағандықтан оларға пікірімізді радио, теледидар, күйтабақтан әншілердің орындауына қарай айттық. Егер әндегі сөз екпіні, иірімдік, т.б. бұзылулар орындаушылар тарапынан жасалған болса, композиторынан ғафу өтінеміз).

7. НЕ ІСТЕЙМІЗ?

Мақала басында «адамдардың ұлт болып құрылуы, бірлігінің нығаюы үшін тілі мен мәдениеті, т.б. рухани нәрінің ортақтығы міндетті түрде қажет екендігі» туралы бірқатар дәлелдер айттық. Шынымен де, адам осы қасиеттерінің ерекше сипатта болуы арқылы өзін-өзі ұлт ретінде таниды және өзгелерге де танылады. Әрине, «Ана тілі – ұлттың төлқұжаты» дегенімізбен, тіл ұлттық болмысты сомдаумен қатар, адамдар арасындағы байланыс, ақпарат алмасу құралы да болып табылады. Мысалы, орыс қазақтың тілін білгеннен қазақ халқының патриоты бола қалмайды. Сол сияқты, қазақ та орысша сөйлей білгеннен (егер бұл тілді «ана тілім» деп санамайтын болса) орыс патриоты болып кетпейтіні белгілі. Себебі, бұл жағдайда олар бөтен тілді болмысымен (ішкі жан дүниесімен) емес, тек «сыртқы» қатынасу құралы ретінде ғана пайдаланады. Адамның жан-дүниесінің нәзік қылдарына тым терең бойлай, ұлттық сезіміне әсер ете болмысын сомдап тұрақтандыруда, меніңше, ұлттық музыка өнерінің маңызы тілден де ықпалды (Тумысымнан қазақ тілінде сөйлегеніммен тек 1970-ші жылдан қазақтың халық музыкасын тым көп тыңдағаннан соң ғана ұлт-азаттығы үшін радикалды түрде әрекеттерге кірісіп, саяси тұтқын болып түрмеден бір-ақ шыққаным бұған дәлел). Қазақтың ұлттық мүддесіне қарсы шығып жүрген кейбір қандастарымыз туралы «Домбыра үні жүрегіне сіңбегендер» дейтінім содан. Музыканың ұлт болмысындағы біріншілігін ақын Қадыр Мырза-Әли: «Қазақ қазақ емес, домбыра – қазақ» деп дәл айтқан (1970-80-ші жылдары саяси тұтқындағы кездерімде колонияларда бір-бірімен қазақ тілінде дауласып, жауласып жүретін жігіттер, жұмыстан кейін барақтың бір түкпірінен домбыра үні естіле қалса, сол араға жиналып, моп-момақан болып ұйи қалғандарын сан рет көрген едім).
Ұлттық музыканың ұлт тағдырындағы ерекше маңызын білгендіктен отаршылдар, әрине, боданындағы ұлттарды «бейбіт жолмен жою» үшін оның музыкасын ашық та, астыртын да ассимиляциялауға күш салады. Тарихымыздан мысал келтірсек, ұлттық музыканы шығарып насихаттағаны үшін әйгілі қазақ композиторы Үкілі Ыбырайды және басқа өнерлі азаматтарды Кеңес үкіметі «халық жауы» деп ату жазасына кескенін білеміз. Өз басымнан мысал келтірсем, 1975 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның компо­зиторлық бөлімінде оқып жүргенімде ұстазым А.Бычковтың маған «музыкаңды ұлттық сипатта жазуға тырыспай-ақ қой» – деуі, менің саясатқа мүлде бет қойып, оқудан өз өтінішіммен кетуіммен тынған еді.
Кеңес үкіметі белсенділері қазақтың жүздеген әндерінің мәтіндерін саяси идеологиясының ыңғайына бұрып «репрессия жасағаны», музыкалық аспаптарымызды «жетілдіріп» ұлттық үндік сапасына, дәстүрлі орындаушылыққа нұқсан келтіргені туралы кейіндері біршама айтылғанымен, әлі тарихшылар жеткілікті зерттемегендіктен бе, музыкамыздың ұлттық сипат беретін әуендік иірімдеріне ашық тыйым салып, жоюға бағытталған мысалдарды аз білеміз. Сірә, отаршылдар қазақ әуенін бірте-бірте ассимиля-циялап жоюды бөтен халықтар (негізінен, европалық) музыкасын шексіз мөлшерде насихаттап, қазақ санасына сіңдіру арқылы-ақ жүзеге асыру тәсілін таңдаған. Өкінішке қарай, сол мақсаттарына жетті де. Күллі қазаққа бөгде музыка жаппай насихатталу арқылы, оның үнінен қашып құтылар орта қалдырмастай жағдаймен санасына сіңірілсе, ал, ұлттық музыкамызды дамытуға тиіс мамандар даярлайтын музыкалық оқу орындарында тек Батыс Европа және орыс музыкасы ғана оқытылды. Сондықтан, оқу бітірген композиторларымыз да «жасында қандай музыкамен тәрбиеленсе, өскенде дәл сондай сарында шығармалар жазары» түсінікті ғой. Әрине, жат музыка сарындарын санасына мықтап сіңіріп, оны өзінің төл музыкасы деп санайтын ахуалға ұшыратылған бүгінгінің қазағына өзінің космополиттік вирус құрбаны болғанын түсіндіру оңай шаруа емес. Соңғы жиырма жыл көлемінде, (әсіресе, кейінгі бес жылдағы) пайда болған «қазақ әндерін» есіткенде анау бір жылдары, күйеуі қазақ, өзі орыс әйелдің тіл алмаған баласына: «Как дам по басу, сразу вылетишь за есик!» – деп ұрысқаны есіме келеді.(«Басыңнан періп жіберсем, бірден есіктің арғы жағына ұшып кетесің» – дегені ғой). Шын мәнісінде, әлгі әйелдің бұл сөздерінде «басу, есик» деген, онда да бұрмаланған екі сөзден өзге қазақша жоқ болғанымен орыс тілін білетін сіз бен біз үшін оның айтқандары түсінікті, әрине. Бірақ, мәселе оның сөздерінің түсініктілігінде емес, қазақша еместігінде ғой. Міне, 20-30-жылдан бергі космополиттенген көптеген қазақ әндері де осы сияқты, бізге «түсінікті ән» болғанымен, қазақша емес.
Иә. Ұлттық сипатынан жұрдай болып айрылған қазіргі кезеңдегі музыкалық өнеріміз «ұлттық ортақ рухани нәр» болып қазақты ұйыстыру міндетін атқара алмасы белгілі. Сөйтіп, шынымен-ақ, қазақ халқын сан ғасырлық тарих шырғалаңдарында ұлт ретінде ұйыстырып, жойылтпай бүгінгі заманға жеткізуде маңызы орасан музыкалық өнеріміздің ақыры осылайша – жателдер әуендеріне еліктеумен тәмам болғаны ма?! Қазақ енді не істеуі керек? «Бәрін бүлдіріп кеткен – отаршылдар!» – деп, өткен тарихқа жауып, жағдайымызды түзеуге кіріспей ренжіп, бүлінген күйі бүк түсіп жата беру, түбі, қазақты ұлттық суицитке әкелетіні анық. Сондықтан, тағы да жат елдің отарына түспей, тәуелсіз мемле-кеттігін сақтай алардай бірлігі бар ұлт болып қалғымыз келсе, ұлтты ұйыстырып, тамырын бекем етуге аса қажет рухани құндылықтарымыздың зақымдалғанын түзетіп, ұлттық негізіне қайтаруды жедел қолға алуға тиіспіз. Әрине, кешелері №1-интернационалист болғанымызға мақтанған әдетімізбен бүгін «жаһанданады екенбіз!» деп тағы да өзге халықтардан бұрын ұлттық қасиетімізден айырылуға құлшынушы қандастарымыз да табылар. Олар: «Күллі адамзат «жалпыәлемдік мәдениетке» ұмтылып, бірігіп жатқанда, музыкамызды ұлттық сипатына оралтудың қажеті қанша?!» – дер. Өйткені олар «әлемдік музыка» деп тыңдап жүрген музыкалық шығармалардың өзі, шын мәнісінде, өзге ел композиторларының өз ұлттық музыкасын негіз еткен туындылар екенін біле бермейді. Бұл туралы орыстың ұлы композиторы Н. Римский-Корсаков та: «В сущности всякая музыка, которую мы привыкли считать за общечеловеческую, есть музыка национальная» – деген (Ал ұлтсыз, «тобырлық мәдениет» аталатын порно-ритмдерді музыка деп атауға да боламайды). Сондықтан «шалбардың балағын түріп алып» өзгелерден бұрын «жаһандануға» асығушылық – сол халықтың ұлттық ерекшелік қасиетін қорғау иммунитетінің сырқатқа душар болғандығының белгісі екенін түсініп, ұлттық сауығуға бет бұрғанымыз жөн. Сондай-ақ, енді біреулер: «Мұншалықты деңгейде космополиттенуге ұшыратылған музыкамызды, халқымыздың «құлағын» енді сауықтыру мүмкін емес-ау?!» – деген де күмән айтар. Осы орайда орыс музыкасы тарихында орын алған жағдайлар еске келеді. Өйткені, Батыс Европа елдерінде музыкалық білім алып, неміс, итальян, француз музыкасына еліктегендіктен 17-18-ғасырлардағы орыстың кәсіпқой композиторларының шығармалары мүлде орысша болмаған.Тек 19-ғасырдың 30-шы жылдарынан, әсіресе, М.Глинка шығармалары арқылы орыс музыкасы ұлттық сипатына орала бастаған ғой. Бұл бағытты өздерін «глинкашылар» атаған «Могучая кучка» атты ұйымға біріккен композиторлар жалғастырған… Біздің қазіргі жағдайымыздан ерекшелігі – орыстың оқыған, «кәсіпқой» композиторлары космополиттікке ұрынғанмен, сол кезеңде, халық ортасындағы музыкасы ұлттық сипатын өзгертпей сақталған еді. Ал 19-ғасырдың ортасынан Ресейде сыған әуендерінің тым көп орындалуынан пайда болған орыстың «Қалалық романс» аталған ән жанры, шын мәнісінде, сыған халқының музыкалық иірімдеріне құрылды. 
Осыған орай, мынадай феноменге назар аударған жөн – өз Отаны, тұрақты дамытатын экономикасы да жоқ бола тұра сыған халқы тек ұлттық руханиятын (тілін, дәстүрін, әсіресе музыкасын) сақтау арқылы ғана мың жылдан астам уақыт бөтен халықтардың ортасында жүрсе де жойылып кетпеген, керсінше, өзінен әлдеқанша есе көпсанды халықтардың музыкасын ассимиляцияға ұшыратқан. Бұл – ұлт тағдыры үшін рухани құндылықтар маңызының материалдық байлықтан әлдеқайда жоғары екендігін дәлелдейді. 
Тегінде, Батыс Европа музыкасында «көпдауысты полифониялықтан, бір дауыс үстемдік ететін гомофониялыққа көшуге байланысты, оны сүйемелдеуші аккордтар арқылы 17- ғасырда қолданысқа енген» делінетін гармониялық минор жүйесі де, шамасы, осы, сыған әуендерінің әсер етуінен пайда болған сияқты. Орыстың әуесқой композиторларының «Қала романстары» арқылы орыс ән жанрын жайлап алып, ғасырға жуық үстемдік еткен сыған әуені Кеңес үкіметі кезінде, 1920-1940 жылдары, біршама тежеліп, орыс композиторлары ұлттық сипатта шығармалар жазуға бет бұрған еді. Бірақ, 1960-шы жылдардан жеңіл музыканың етек алуына байланысты «сығандық үлгі» қайта көріне бастады. Орыстың «цығанданған» әндеріне еліктеген қазақта да дәстүрлі «ахау, әридай, әгигай, угай» орнына сығанның «һоп, һоп-па, тра-ля-ля, лай-лайы» қолданылған әндер кездесіп қалады.
Орыс музыкасында осылайша, әр ғасырда болған мысалдар жойылуға бет қойған ұлттық музыканы қайтадан ұлттық сипатына оралтып, оңалтуға болатынын көрсетеді. Тек, бұған «ұлт болып сақталуға тиіспіз!» деген патриоттық ниет пен жігер, мемлекеттік саяси ұстаным қажет екен. Сондықтан қазақ та, өзінің ұлттық ғұмыры ұзақ болсын десе –музыкасын космополиттік қойыртпақтан арылтып, ұлттық негізіне оралтып, халқымыздың бірлігін нығайтатын рухани қаруына айналдыра алады екен. Бұл үшін Мәдениет және ақпарат министрлігінде «Ұлттық музыка департаментін» ашып, қазіргі «Мәдениет туралы заңның» ұлттық өнерді дамыту жөніндегі тармағын негізге ала отырып мынадай шараларды іске асырса: 
1. Астанада және Алматыда, сондай-ақ, Қазақстан композиторлар одағы бөлімшелері бар басқа да қалаларда қазақтың ұлттық музыкасының теориясынан білімі жеткілікті музыка зерттеушілері, композиторлар, орындаушылардан Көркемдік кеңестер құрып, олар: 
– композиторлардың жаңа шығарма­ларын тыңдап, ұлттық сипаты барларына ғана радио, теледидар, концерттер, үнтаспа, т.б. арқылы насихаттауға авторларға жолдама берсе; 
– орындалып жүрген космополиттік әндерді, мәтініндегі екпіні қазақ тілінің заңын бұзатын әндерді қайтадан сұрыптаудан өткізсе, редакциялауға келмейтіндерін насихаттауға тыйым салуға шешім шығарса;
2. Музыка департаменті және Білім министрлігі бірлесе отырып:
– жалпы білім беретін мектептерде сапалы бағдарлама жасау, т.б.шаралар арқылы қазақтың ұлттық музыкасының оқытылу деңгейін көтерсе;
– еліміздегі барлық арнайы орта және жоғары оқу орындарында музыка мен басқа да өнер саласынан жалпы мағлұмат беретін қосымша пән енгізілсе;
– арнайы музыкалық оқу орындары үшін қазақ музыкасының теориясы (европалық теорияның аудармасынан өзге), тарихы, т.б.оқулықтар шығарса;
– оқу бағдарламасына әлемдік классиктермен қатар, қазақ композиторларының шығармалары 50 де50 көлемінде енгізіліп, орындалуы заңдастырылса.
Иә. Дәл бүгінгі күнгі ән жанры түгіл «нағыз қазақ»– домбырада орындалатын күй жанрымыз да жат әуендер ықпалынан құтыла алмапты. Оны Ә.Хасеновтың «Қоңыр», Қ.Тастановтың «Би», Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлеріне еніп кеткен гармониялық минор жүйесінен байқаймыз. А.Жұбановтың қобызбен орындалып жүрген «Ария» пьесасы да солай. Сондықтан білікті музыка мамандары ғылыми жиын өткізіп, қазақ музыкасына тым еніп кеткен жат ел музыкасының элементтерінен қаншалықты мөлшерде тазалану, я қолданыста қалдыру мәселесін талқылап, шешімге келсе жөн болар еді.
Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жариялан­ғаннан кейін елімізді мекен ететін азаматтарда «қазақстандық ортақ менталитет» қалыптастыру туралы пікірлер айтылуда. Бірақ мұны, 1989 жылы мемлекеттік мәртебе берілгеніне қарамастан орыстілділер тарапынан қарсылықтан, Қазақ тілі арқылы жүзеге асырудың реті келмей отырғанын білеміз (Және, тіл үйренудің адам болмысына әсерінен гөрі қатынас құралы екендігін ескерейік). Дін жағынан да халықтың ала-құла болуы, әр ұлттық диаспора өзінің, я болмаса КСРО кезінде белгіленген мерекелерді мейрамдауынан, т.б. себептерден ортақ дәстүр қалыптастыру да оңайға түспесі белгілі болды. Міне, дәл осы, «ортақ менталитет» қалыптастыру міндетін ың-шыңсыз қазақ музыкасы атқара алады. Өйткені, музыканы қабылдау, бөгде тілді үйренгендей емес, арнайы уақыт, күш жұмсауды керек етпейтінін, оны адам өзі байқамай қабылдап қоятынын мақала басында айттық. Қазақ музыкасының иірімдері санасына еш қиындықсыз сіңірілген өзге ұлт өкілі де оны аңсап, сағынатын болады. Сөйтіп, қазақ музыкасының ұлттық иірімі тек қазақтардың бірлігін ғана емес, еліміздегі барша ұлт өкілдерін де біріктірер пәрменді құралға айналар еді. Сондықтан бұл мәселе мемлекеттік саясат деңгейінде қолға алынып, жоғарыда айтылған шараларға қоса, жедел түрде мынадай жұмыстар істелінуі қажет: 
– көпшілік орындарда (концерт, автокөлік, ұшақ, пойыз, вокзал, дүкен, көше, алаң, т.б.) тек қазақ музыкасының ұлттық сипатқа ие үлгілері ғана орындалуға тиіс;
– телеарналар мен радиолардың ұлттық сипаты бар шығармаларды эфирге жібермей, тек «кейінгі буын» қазақ композиторларының афро-американдық, т.б.космополиттік үлгідегі шығармаларын насихаттауы әдетіне тыйым салу қажет; 
– шетел музыкасының тек уақыт сынынан өткен, классикалық үлгілері насихатталып, ал адамды «зомбилауға» бағытталған космополиттік, делебе қоздыру мақсатындағы «тобырлық музыкаға» мейлінше жол жабылуға тиіс.
Егер қазақ халқы Жер бетінде толыққанды ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатпасын десек, қисайса да құлай қоймаған оның рухани тұғырының бірі – ұлттық музыкамызды түзетуді ел болып қолға алайық. Бұл үшін:
Барша қазақ патриоттары! Жателдік қоқыстан сананы тазарту үшін қазақтың ұлттық сипаты бар музыкасын тыңдауға көшіңіздер!
Қазақ композиторлары! Халқыңның алдындағы жауапкершілігіңді ұмытпай, ұлттық сипаттағы музыка жазып, Біржан сал, Ақан серілердің аманатын орында. Әлемдік музыкадан тәжірибе алсаң да, оны санаңда қорытып, қазақша етіп қана халыққа насихатта!
Қазақ әншілері! Талғам жоғары болсын! Не болса, соны орындай бермей, шығармада ұлттық негіздің бар-жоғын зерделеп алып қана әнді халқыңа жеткіз.

Оқырманға құлаққағыс: Мен осы мақала­ны, әлдекімдер айтқандай, біреулерді мұқату үшін жазған жоқпын. Мынау, жатпай-тұрмай ақша, банкті насихаттап жатқан заманда адамзатқа «боқ дүниеден» әлдеқайда жоғары – «Өнер» бар, осы, адамды адам етіп тұрған  «өнердің» кешегісі мен бүгінгісін зерделеп отыратын жандар бар екенінен хабардар болсын деген ниет қолға қалам алғызды.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Осылай тіл де, музыка да және т.б. бұрмаланып кете береме, неге бізде сыншылар жоқ деген көптеген сұрақтарыма жауапты енді оқып отырмын. Рахмет сізге. Сынды дұрыс қабылдаса нұр үстіне нұр болар еді.

Пікірлерге тыйым салынады.