ТӘЛІМІ ТЕРЕҢ, ТӘРТІБІ ТЕМІР – ТЕМЕКЕҢ

  • 28.05.2014
  • 858 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Омирхан АбдимановӨмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і  
журналистика факультетінің 
деканы

Тәлімін көрген, тәрбиесін алған азамат жайлы естелік жазып, еске алу – жүгі ауыр жұмыстың бірі. Оның себебі көп-ақ. Ең негізгісі – адамды тауыса танып – білу мүмкін еместіктен, артық айтып, кем түсіп қаламын ба деген қауіп. Өзің құрметтеген адам жайлы сен жасаған байламдарға  өзгенің келіспеуі де мүмкін. Кесіп-пішіп пікір айтатын «сен кім едің?» деген күдік те кейде көкейде тұрады. Бірақ, көргенің рас, білгенің шын болса неге айтпасқа?! Жақтырмағандар өз арына жүгінсін… Ендеше «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нұрлы нұсқауды алға ұстап, тәуекел етейік. Көкейдегіні шама келгенше жүректен тербеп, көңілден өлшеп, ақылмен екшеп жазуға тырысып көрейік.


Өзім танып-білген сондай аз жақсының ішіндегі орны ерекше тұлғаның бірі – Темағаң, Темірбек Қожакеев еді. Ол кісімен біз «тонның ішкі бауындай» жақындықта да, бас изесіп өте шығар көп таныстың бірі де болған жоқпыз. Біріміз жақсы аға, біріміз ізетті іні деңгейінде адал ниет, ақ көңілден сыйластық. Бұған жас айырмашылығымыз да, қызмет бабындағы дәреже-атақтың алшақтығы да, уақыт таңба салған «салқындық табы» да әсерін аз тигізбеген болуы керек. Бірақ, бір-бірімізді жақсы білдік. Рухани үндестік таптық деп білем.
Темірбек Қожакеевтің есімін біздер бала кезден естіп өстік. Ауданымыз шекаралас, еліміз аралас болған соң, ондай даңқты адам туралы естімеу мүмкін емес еді. Елдегі үлкендердің ана ауданнан анау, мына ауданнан мынау шыққан деген әңгімелері тұсында Темекеңнің атын да құлағымыз шалып қалатын. Жақсының аты кімге жат. Көкірек түкпіріндегі бала қиялды қанаттандыруға бұл есімнің де әсері аз болмағаны шындық. Кітап құмар, шығарма жазғыш (мектептегі), тілші бала атанып, оған әжептәуір ісіп-кеуіп жүрген шағымызда, журналистерді баптайтын сондай адам бар дегенде, қалай елеңдей қоймайсың. Бірақ, бізге құдай ҚазМУ-дың журналистика факультетіне түсуді жазбады. ХХ ғасырдың 70-жылдары армандаған ҚазМУ-дің филология факультетінен бірақ шықтық. Бір-біріне жақын факультеттер болған соң, оған қуанбасақ, ренжи қойған жоқпыз. 
ҚазМУ-де оқыған үш жылда өзін жақын білмесек те, Темірбек Қожакеевтің атына әбден қанықтық. Дайындық курсында бірге оқып, журфакқа түскен курстастарымыз Жайлаубек Қазиев, Әшірбай Еркебаев, Дүрәлі Дүйсебаев, Жұмабек Кенжалин, Мейрамбек Төлепбергенов, Болатбек Орманов т.б. Темекең жайлы талай-талай қызықты әңгіме айтатын. Оның оқыған лекциясын, мінезінің қаталдығын, адамгершілік қасиеттерін арасын «тұздықтай» отырып айтқанда, айызыңды қандыратын. 
Бірде атына қанық, сырттан танитын адамның, сөзін тыңдау бақытына ие болдық. 
Ұстазым Сұлтанғали Садырбаев бас­қаратын университеттегі М.Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің мүшесімін деп, дардай болып жүрген кезім. Бір күні Сұлтекең «Бірлестік өткізетін бір кешті бүгінгі қазақ сатирасының жай-күйіне арнаймыз, бас баяндамашы профессор Темірбек Қожакеев болады» деді. Кешті ұйымдастыруға кірісіп кеп кеттік. Әне-міне дегенше, кеш болар күн де келіп жетті. Киров (қазіргі Бөгенбай) пен Масанчи көшелерінің қиылысындағы математика факультетінің үлкен залы жұртқа лық толды. Көбі жастар. Осы жерде айта кеткеннің айыбы жоқ шығар, ол бір студент қауымы кездесу, кеш десе ішкен асын жерге қоятын, ақынын ардақтаған, әншісін көкке көтерген, ғалымын пір тұтқан тамаша кезең еді ғой. Көбіне соның ұйытқысы М.Әуезов атындағы әдеби бірлестік болатын.
Кеш басталды. Сұлтанғали ағайы­мыз төрден орын алған ақсақал, қара­сақалдарды таныстырып болған соң, сөзді бас баяндамашыға берді. Мінбеге мығым денелі, маңдайы жарқыраған кісі шығып, қағазын жайып, көзілдірігін іліп сөйлей жөнелді. Дауысында сәл білінер-білінбес қырыл бар. Бірақ, сөздері анық шығады. Шешен әр сөзіне мән бере нақ-нақ айтатын, төгілтіп сөйлейтін кісі екен. Кейбіреулерге ұқсап кібіртіктеп бастамай, бірден ағылта жөнелді. Алдындағы қағазына мысал, дәлел-дерек қажет кезінде ғана болмаса, көп үңіле бермейді. Өзін еркін ұстайтын, еркін сөйлейтін, өз пікіріне өзгенің қалай қарайтындығына көп көңіл бөле бермейтіндей жан боп көрінді маған.
Көп «мыжыңның» бірін емес, өткір сөзден өрілген, отты баяндама тыңдап, жұртшылық бір көтеріліп қалды. Өзіміз әзіл-сықағын жаттап өскен талай сатирик ағаларымыз қатысып отырған, біразы Темекеңнің сынына ілінді. Бірақ, мен олардың жүзінен ренішті байқай алмадым. Қайта «бүйтпесе Темекең бола ма!?» дегендей, айналасындағы таныстарына көз қысып, қалай-қалай сөйлейді дегендей төрді меңзеп иек қағысып отырды. Соған қарағанда, сын – шын болғанға ұқсайды. Бұл кезде лекция оқу, баяндама жасау дегеннің шама-шарқын, баға-парқын ажыратып қалған кезіміз. Алғашқы жүздесуден қатты әсер алдым. Ертесінде алған әсерімді Сұлтан ағама айтып едім, әлде, мені баласынды ма, әйтпесе, көп сөзге ерінді ме, әйтеуір «өй, ол ағаң мықты ғой!» деген бір ауыз сөзбен баға берді. 
Бұдан соң Темірбек Қожакеевпен 4-5 жылдай жүз көрісе алмай қалдық. Өйткені, мен сол жылы ҚазМУ-дегі филфактан МГУ-дегі журфакқа ауысып кеткен едім. Мәскеуден соң Жезқазған бардым. Одан Алматыға оралғанша 4-5 жыл өтіп кеткен. Темекеңмен танысуды аңсап жүрген уақытта, бір күні өзімнің сүйікті ұстазым Рахманқұл Бердібаев алып барып таныстырды. Рахаңмен ғана шүйіркілесіп, маған онша көңіл бөле қойған жоқ. Кісіге жылы шырай білдіріп, елпілдей қоймайтын адам ба деп қалдым. Адамға сынай қарайтын, суықтау жан болып көрінді. Алғашқы таныстық көңілді су сепкендей басты. Менің де бір басыма жетерлік Құдай ұрған «қырсық мінезім» бар еді, қайтып алдына бармадым. Бұл 1983 жылдың көктемі болатын. Сол жылы күзде белгілі журналист жазушы Әбіқұл Ибрагимов мені Темекеңе екінші рет ертіп барды. Несін жасырайын, бұл жолы журналистика факультетінде ассистенттік орынға конкурс бар деп, соның жайын білмекке келген едік. Мені білетінін, Рахманқұл ағаны қатты сыйлайтынын айтып, Темағаң бұл жолы жылы қабылдады, конкурс жайын кафедра меңгерушісі Марат Барманқұловпен сөйлесуге жөн сілтеді. Адам болған соң ілтипатты кім жек көрсін, ішім жылып қалды. Сол жылы күзде мен ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқытушы болып жұмысқа кірістім. Міне, осы тұстан бастап мен Темірбек Қожакеевке өте жақын адам болмасам да, ол кісі – бастық, біз – қызметкер дегендей аралас-құралас бола бастадық. Темекеңді қарапайым адам ретінде, басшы ретінде, ұстаз-ғалым ретінде осынау бірге істеген жылдары жете танып, мінез-құлқын, қадір-қасиетін бір кісідей біле алдым десем, артық айтқандық емес. Ол кездегі журфак филфактан жеке отау алып шығып, өз алдына ел болған кезеңнен еңбек етіп келе жатқан біраз ардагерлер қызмет атқаратын, үлкені киелі, кішісі ізетті, көшбасшысы көшелі берекелі қауым, бірлікті ұжым болатын. 
Таныс емес ортаға түскен адамның алғашқыда абдырап қалатыны шындық. Сол бір күндерде алдынан дәріс алмасам да, жақын тартып, ақыл-кеңестерін аямаған әруағыңнан айналайын аяулы ағаларым Тауман Салықбайұлы Амандосов, Хабижан Паңгерейұлы Құсайынов, Марат Кәрібайұлы Бар­манқұловтарды үнемі құрметпен еске алып, ризалығымды білдіріп отырамын. Қазір денсаулығына байланысты зейнетке шыққан Әбілфайыз Ыдырысов ағаммен жыр қылып айтар талай оқиғаны бастан өткеріп едік. Ол да бір берекелі, мерекелі жылдар екен. Жоғарыда аты аталған ағаларымның ішінен Тауман Салықбайұлын бұрыннан білетінмін. Ол кісімен Мәскеуде кездесіп қалып, бір-екі ауыз сұхбаттасқаным бар. Таныса, білісе келе жақсы араласып кеттім. Көп көмегі тиді. Бір байқайтыным, жоғарыда аты аталған кісілердің Тауман ағадан басқасының Темірбек Қожакеев туралы пікірлері өте жоғары болатын. Тәукең мен Темекең арасына баяғыда бір «қара мысық» жүгіріп өтсе керек, бір-бірін аса жақтыра қоймайтын. Сөйтіп, өзім армандаған оқытушылық жұмысқа да кірісіп кеттік. Қасиетті қара шаңырақ ҚазМУ-ге қайтып оралғанмен, басқа ортаға түсіп қалып, филфактағы З.Қабдолов, Т.Кәкішев, С.Садырбаев, С.Ордалиев сияқты ұстаздарымның жылы алақанын аңсап жүрген уақытта, бір күні бастық – декан Темірбек Қожакеев өзіне шақырды. Сәлемдескен соң, жағдайымды сұрап, педагогикалық жүктеменің жайын, кафедра қандай сабақтарды беруді шешкенін, қай топқа куратор болғанымды біліп алды да, біраз кеңестер берді. Осындағы өзі тәжірибесі мол, білікті маман санайтын ұстаздарды атап, солардың сабағына қатысып, үлгі алуымның қажеттігін айтып, сонан соң факультеттегі жұмыстың жағдайын, қалыптасқан тәртіп жүйесінің жөн-жобасын түсіндірді. Кетерімде «Мәскеуде оқыдым деп кейкиме, сендейлердің талайын көргенбіз» деп, әзіл-шыны аралас сес те көрсетіп қойды. 
«Алды қатты» деп есептейтін адамның жайма шуақ күйі, жайдары қабылдауы көңілге медеу берді. Басқа ортаға түсіп, өгейсіп жүрген басым, көңілім өсіп, еңсем көтеріліп қалды. Темекең өзінің керемет сезімталдығымен менің жағдайымды байқап жүрген болса керек, әйтпесе, факультетке жұмысқа алынған әрбір адаммен сөйлесіп жатуға ол кісінің уақыты бар деймісіз. Әрі-беріден соң, ол кафедраның ішкі шаруасы. Міне, осылайша біз де Темекеңнің «темір тоқпағына» тап болған едік. Одан жаман болған жоқпыз. Тәлім алдық, тәрбие көрдік. Көп нәрсеге көз үйреттік. Мен Темірбек Қожакеевпен үш жыл бірге қызметтес болдым. Одан кейін аласапыран уақыт келіп, азаматтың арына сын заман туды. Бірақ, осы үш жылда Темекеңнің ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым, іскер де әділ басшы, азаматтық тұлға екеніне көзім толық жетті.
Алдымен ұстаздығы жайлы көрген­дерім мен көкейге түйгендерімді, өзін­дік байқауларымды ортаға салайын. Жо­ғарыда бұл кісіден шәкірт болып дәріс тыңдамағанымды ескерткен едім. Ал, әріптес болып қызмет істей бастаған тұста әдістемесінен үлгі алмақ үшін бірнеше сабағына қатысуға тура келді. Бұл кезде менің әрбір оқытушыны «Америка ашқандай» қабылдайтын ашық ауыз балаң шәкірт емес екенім белгілі. Әрі Мәскеудей ортадан білім алып, «Шетел журналистикасын» Я.Засурскийден, «Журналистика тарихын Б. Есиннен, «Әдебиетті» А. Бочаровтан т.б. айды аузына қаратқан білгірлер мен шешендерден тыңдаған мен бұл жердегі сабақтарға сын көзбен қарап, көңілім толмай жүрген. Темекеңе дейін өз кафедрамдағы оқытушылардың сабақтарына қатысқам. Тек профессор М. Барманқұловтан басқасының дәрістері көңілімнен шыққан жоқ. Темекең бөлекше екен… Алдында әріптесім Айтқазы Бай­дәулетовтың: «Бізде лекцияны ең мықты оқитын Темекең, сенің Мәскеуіңді жолда қалдырады» дегенін жай мақтау ғой, Темекеңнің құлағына жетсін деп айтып жүрген шығар деген күпірлік кү­дікпен қабылдағанмын. Жоқ, олай емес екен… 
Менің ұғымымда жақсы ұстаз – ең алдымен, жақсы «лектор» деген бағамен астасып тұрады. Ол бәрінен бұрын өз пәнінің керемет білгірі болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Темекеңнің дәрісі несімен ерекшеленеді? Дәріс оқудағы шеберлік сыры неде? Темекең жайлы естеліктерде шәкірттік көңілдің лебімен «тамаша», «керемет» деп тамсанулар бар да, тану жоқ. Мақтау бар да, мәнін ашу жоқ. Біз шамамыз жеткенше, осының сырына бойлап, мәйегін тапсақ деген мақсат ұстанып отырмыз.
Дәрісхана – білімнің қасиетті құт­ханасы. Онда әрбір ұстаздан өзінің балаң ойын жетілдірер, жанына рухани азық берер деп үміт күткен келешек отыр. Сондықтан, оған қалай болса солай, ойыңа не келсе соны айту үшін емес, үкілеген үмітті ақтау үшін кірген жөн. Аудиторияға кіргеніңнен шыққаныңа дейінгі әр қимылыңнан, әр ісіңнен өнеге, үлгі шашылып, әр сөзіңнен шәкірт санасына шапағатты нұр құйылуы керек. Әйтпесе, дәрісханаға жолаудың қажеті шамалы. Темкең – осыны терең түсінген, жете ұғынған жан. Меніңше, ұстаз деген ұлы ұғымға сай болуы үшін, осы жолды мұрат тұтушының бойында бірін-бірі толықтырар үш қасиет тоғысуы шарт. Біріншісі – білім, екіншісі – білік, үшіншісі – кісілік. Міне, осы үшеуі бар жерде ұстаз бар, жоқ жерде жоқ. Темекең бойында осы үш қасиет біте қайнасып, бөлінбес бүтіндік құрайтын. Бірге жүріп, қатар еңбек еткен жылдарда біз бұған әбден көз жеткізгенбіз.
«Ұстаз деген өз уақытын аямау, өзгенің жанын аялау» деген қанатты сөз – Темірбек ұстаздың жанымен рухани үндестік тапқан ұғым. Ол кісі шәкірттерге сабақ оқыған сәттерде өзгеше бір рахат күй кешетін. Жүзі нұрланып, көзі оттай жайнап, жаны жадырап, шабытты шаққа еніп, дүниені ұмытып кететін. Берілген 90 минутта (дәрісті бөлмей, үзіліссіз оқитын) ол кісі өзгеше әлемде жүруші еді. Ондай бақытты сәт кез келгенге бұйыра бермейді. Ұстаз ағыл-тегіл төгіліп тұр. Таптаурын болған, кітаптан-кітапқа көшіп жүрген жауыр тіркес, жадағай тұжырымдар емес, иі қанған, июі келген қисындар, өзгелердің ойына келмес өзіндік түйіндер. Сұрыптаудан өткен, талғап алған, таңдап әкелген талғамға өзек, ойға дөп мысалдар. Міне, студенттің санасын байытып, көкейіне қонып, жүрегіне ұялап, жанына дәру болып құйылып жатқан білім нәрі дәрістегі осындай қасиеттерден  қанып шығар еді. Темекеңнің әрбір сабағы қызықты өтетін. Ал, бұл – білікті ұстаз белгісі. Тереңнен тепсініп шығар бұрқылдаған қайнардай қуатты ой туғызып, оны тыңдарманға төкпей-шашпай жеткізу оңай шаруа емес. Қызыл тілден сөз сауғанның бәрі лектор емес. Сөз бар да, оны тыңдарманға жеткізу бар. Әрбір қажетті пікір, назар аударар ой дәл жетіп, санаға ұялау үшін оған оңтайлы қимыл-қозғалыс, мың сан ишара-ым қажет-ақ. Шынын айтсақ, ұстаз-лектор – өзінше бір театр. Мұны мойындаған жөн. Темекеңнің сонау кездегі лекция оқу сәтіндегі қимыл-қозғалысы әлі көз алдымда. Дәріс сағатында ұстаздың сол қолында қажет кезінде көз жүгіртіп отырар қағазы, оң қолында керегінде құлағына іліп, керек емесінде қолында айналдырып жүретін көзәйнегі болушы еді. Сол көзәйнек маған бейнебір дирижердің сиқырлы таяқшасы іспетті көрінетін. Бір құлағынан айналдыра жүріп, кенет ұстаз көзәйнекті алға тік ұстап, тоқтай қалғанда, дәрісхана сілтідей тынатын. Мәнді де мағыналы, керекті де қажетті сөз дәл осы сәтте айтылатын. Көзәйнектің бір құлағының ұшын ұстаз ерніне жақындатып, тістегендей болған сәтте іштен толқыған күрделі ой лықсып шығып, пәрменді пікір ортаға тасталар еді. Темекең дәрісті бір орнында тұрмай, теңселе жүріп, тебірене оқитын. Сергек қимылы шәкірт зейінін серпілтіп, зердесін ояу ұстайтын. Оның әрбір сөзі кеудеңе қонақтап, терең ойдың иіріміне тартып, ұйытып-ақ тастайтын. Дәріс қызған бір тұста Темекең кейде тоқтай қалып, басын сол жағына қарай сәл қисайтып алып, өтіп жатқан тақырыпқа қатысты өте бір қызықты әңгіме немесе тапқыр әзіл-қалжың айтып, аудиторияны дүр еткізетін. Өзі мұны «ұйқы ашар» деуші еді. Қанша дегенмен екі сағат езіліп отыру оңай емес. Әсіресе, жаныңды маужыратар жаз айларында өте қиын. Оның үстіне студент деген қауымның ойын-сауығы таусылған ба?! Әлгі «ұйқы ашар» осындайда әбден-ақ қажет. Темекең өзіне тән табиғи сезімталдықпен әр студент мінез-құлқындағы «ерекше қасиетті» дәл танып, дөп басатын. Сабақ арасында әлгі «қасиетті» әзілге айналдырып, кейде мысал ретінде ұсынып, жұртты қыран-топан күлкіге батыратын. Шәкірттерді қиюын тапқан қисынды әзілмен бір дүрліктіріп алып, тақырыптың жаңа бір қиырына тартып кететін. Тағы да сан рет екшеліп, електен өткен толымды ой өз тереңіне тарта жөнелетін. Міне, Темекеңнің дәріс оқуы осындай шеберліктер жиынтығынан тұратын. Темағаң сабақ өткізудің өзіндік мектебін қалыптастырған ұстаз еді. Студенттер мүмкіндігінше ұстаз сабағын жібермеуге тырысатын. Қорыққандықтан емес, қызыққандықтан!
Әрине, ұстаздық тек дәрісханадағы сабақпен шектеліп қалмайды. Ұстаз – шәкірт бақытының бағдаршамы. Шәкірт кеудесіндегі үміт отты жаға білген оқытушы ғана нағыз ұстаз. Темекең шәкірт бойындағы жылт еткен көмескі ұшқынды көре білетін ұстаз еді. Ол шәкіртті аялай да, жазалай да, бағалай да білетін. Ұқыптыны ұнатып, зеректіні әлпештейтін. Қыңыр мінездіге қырсығып қалып, кер жалқауды жаны жаратпайтын. Несін жасырайық, көп ұстаздың лекциясын оқып, сабағын беріп, одан өзге іске мойын бұрмайтыны рас. Темекең ондайлар санатынан емес. Шәкірт баулу ісінің қандайынан болмасын тыс қалмайтын. Бәріне қатты көңіл бөлетін. Талабы да қатаң еді. Көбіміз аса мән бермейтін сырттай бөлімнің бақылау жұмысын тексергенде, әрбір студентпен жеке-жеке жұмыс істеп, кемшілігін көрсетіп, жетістігін бағалап отыратын. Курс жұмыстарының ғылыми сипатына аса ыждағаттылықпен қарайтын. Студенттік жұмыстың тіліне, стиліне, сөз саптауына жете мән беретін. Темекеңнің бір әдеті, журналистік шеберлікті өзінен өтетін студенттерден ғана емес, декандығын «пайдаланып», бүкіл факультет студенттерінің жұмыстарын қадағалайтын еді. Ол кісінің рұқсатынсыз бір оқытушы «журмастерство» қоя алмайтын. Өз басым кезінде мұны басы артық қазымырлық көретінмін. Уақыт өткен соң ой тезіне салсам, олай емес екен. Ұстаздың факультетте кімнің кім екенін, кімнің қолынан не келетінін білуге құштарлығы екен бұл. Талантты танып, дарынның жайын біліп, оқу мен өндірістің арасындағы алшақтықты жою мақсатынан туыпты ол шешім. Таңғаларлығы барлық «журмастерство» материалын оқып шығуға қалай уақыт табады десеңізші! Темекең ұстаздық міндетіне адал азамат еді. Мұның бәрі, бір қарағанда жай ғана нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ, факультет басшысы ретінде күнделікті сан-салалы шаруаның басын қайырып жүрген уақыты өлшеулі деканның қатардағы оқытушы атқарар іске үлкен мән беріп, бұлжытпай орындауын қалай түсінуге болады. Ассистентіне арта салуына мүмкіндігі бола тұра, өзіне тиесілі істен қашпауы – біле білсек, Темірбек Қожакеевтей шәкірт жанын аялай білген ұстаздың қарапайымдылықпен астасқан даналығы.
Темекең бастық кезінде еш уақытта бірдеңені сылтау қылып, не мемлекеттік емтиханға, не диплом қорғауға қатыспай қалған емес. Қашанда уақыт тауып, аяғына дейін отыруға тырысып бағатын. Мұнда ұстаздың шәкірттеріне деген жанашырлығы, бағалауда әділеттілік орын алуына себепкер болу мақсаты жатыр. Ол әрбір жақсы шәкіртін қызғыштай қорып, жаңылысқан жауабына кешіріммен қарауға шақырып отыратын. Ал нашар оқыған студенттің тамыр-таныстық, жеңұшынан жалғасқан қулық арқылы өтіп кетуіне жол бермейтін. Әділ бағасын қойғызатын. Дүние күйіп кетсе де, өз пікірінен қайтпайтын. Ол әділеттілік сақшысы еді. Ақты ақ, қараны қара деп, қасқайып қарап отыратын. Диплом қорғау кезінде де солай болатын. Өз дипломшыларының да адал бағасын беріп отыратын. Кейбір жандайшаптар, орта қолды жұмысты әйтеуір Темекеңдікі ғой деп жағына сөйлеп, мақтай жөнелгенде, «ой-хой!» деп, дауысын бір көтеріп алып, «Әй, қой, мұның жеткен жері сол үшіңнің айналасы» деп, әділін айтар еді. «Менікінің бәрі «бес» болсын» деген өзіне тартып тұратын өзімшілдік ол кісіде жоқ еді. Өзі қорғатар болымсыз жұмысты мақтаса, мардымсып отыратын «болмаған Белинский, толмаған Толстой» бастықтар арамызда толып жүргені өтірік пе?..
Темекеңнің бағаға әділдігі туралы студенттер арасында небір аңыз әңгімелер жүретін.  «Қожакеевтен өтсең, журфакты бітірдім деп есептей бер» деген сөз де, сол бағаға әділдіктен қалған-ды. Студенттер арасындағы Темекеңнің бағаға әділдігі туралы бір әзіл әңгімеге тоқтала кетейік. Бірде сырттай оқитын бір студент сабаққа қатыса алмай (өзі журналист екен, бастықтары сессияға қарамай «срочно» іссапарға жіберсе керек), емтиханға бір-ақ келіпті. Темекеңді ол бұрын көрмеген екен. Түрін танып қалайын деп, есікті ашып қараса, Қожакеев зачеткаға баға қойып жатса керек. Темекең жазуды әріптерін солға қарай жантайтып жазатын. Сондықтан да, жазу жазған сәтте басын сол иығына салып алып, столға кеудесін жатқыза жазушы еді. Есікті апалақтап ашқан студенттің көзіне Темекеңнің стол үстіндегі үлкен басы ғана көзіне түссе керек, есікті жартылай жаба салып, «Қожакеев, Қожакеев дегенге сонша қорықсам, стол үстінде жатқан дәу бастан басқа түк жоқ қой» депті, курстастарын ду күлдіріп. Әлгінің айтқанын құлағы шалып қалған Темкең сыртқа атып шығып, кім айтқанын сұрапты. Үрейі ұшқан студенттер не дерін білмей тұрғанда, жағдайдың насырға шауып бара жатқанын сезген кінәлі студент басқаларға кесірім тиіп кете ме деп, ләж жоқ «мен едім» деп мойындапты. Темекең әлгі жігітті дәрісханаға ертіп кіріп, билет алдырып, жақсы жауап берген соң бестік бағасын қойып, «сенің әлгі айтқаның нағыз сатира» деп арқасынан қағыпты. Әзіл айтам деп пұшайман болып, зәресі ұшқан студент жағдайының беті бері қарағанын көріп қатты қуанып, ұстаз әділдігіне риза болса керек. Басынан сөз асырмайтын, қатал бастықтың студентінің тауып айтқан әзіліне риза болуы, әзіл-қалжыңды «азық еткен» ғалымның өз пәніне деген құрметінен туған деу керек.
Темекеңнің ғұлама ғалымдығының куәсі – оның том-том зерттеу еңбектері мен оқу құралдары, оқулықтары. Шын ғалымның шынайы ізденімпаз екендігі әдебиет пен журналистикадағы тың тақырыпқа түрен салып, өзі тапқан сүрлеуін даңғылға айналдыруында. Ғылымдағы Темекең «бақшасының жемісі» талай ұрпаққа нәр болары анық. Ол – терең ізденіспен келген маңдай тер мен адал еңбектің жемісі. Сондықтан оның ғұмыры ұзақ. Темірбек Қожакеевті ғалым ретінде ғылыми жұртшылыққа алғаш танытқан іргелі зерттеу еңбегі – «Қазақ Совет фельетоны» атты кітабы. Мұнда зерттеуші жанр табиғатын ашуда өзіндік батыл тұжырымдар жасап, қазақ журналистикасындағы осы жанрдың сыр-сипатын, алар орнын айқындап, теориялық анықтамасын жасады. Темекеңнің бұдан кейінгі еңбектері оның өте еңбекшіл, аса ізденімпаз, ғылымға адал ғалымдығының нақты дәлеліндей. Ғалым қаламынан туған «Қазақ сатирасы», «Сатира және дәуір», «Адам. Қоғам. Сатира», «Сатиралық жанр», «Сатира – күштілер қаруы», «Сатира негіздері» т.б. салиқалы еңбектері қазақ әдебиеті мен журналистикасында бұрын ешкім кеңінен сөз қыла қоймаған тақырыптарды алғашқы болып игеріп, рухани мұрамызда өзіндік орны бар сатираны әдебиеттану ғылымының игілігіне жаратып, ғылыми айналымға енгізуімен құнды. Темекең ізденісінің ерекшелігі – тақырыпты тек бетінен қалқымай, тұңғиықтан тартып, қопара жазатындықтан зерттеудегі қисындық, қағидалық тұғырнамасының тамыры тереңде болып келуі. Сондықтан да, ғұлама ғалым еңбектері сатирадай сан сырлы құбылыстың  құпиясы қырын ашып, жанрларының жігін ажыратып,  оның рухани өміріміздегі орнын айқындап беруімен қымбат. Талғамы биік, танымы терең Темекеңдей зерттеушінің бұл еңбектері болашақта әдебиеттанудың сатираға қарасты қырын қарастырамын дейтін талай жас талаптың ғылым жолындағы адас­тырмас темірқазығына айналары хақ. Оның салиқалы ғалымдардың сапалы ізденістерінде де пайдаға асарына күмән жоқ. Бұған Ахмет Байтұрсынов мұрасы жайлы еңбек жазғанымызда көзіміз әбден жеткен. «Ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөздің мәні осында жатса керек-ті.
 Темірбек Қожакеевтегі азаматтың асылдығының бір белгісі – жас жетті, қайрат қайтты деп отырып алмай, пайғамбар жасынан асқан соң шабытты үдете түсіп, әдебиет тарихы мен журналистика тарихын «ақтаңдақтардан» аршып, ұлттық санадағы дертке дауа іздегені дер едік. Оның соңғы жазған «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» т.б. еңбектерінің маңызы ұлтымыздың ар-ожданына айналған арыстарымызды жұртымен қайта қауыштырып, олардың шығармашылығындағы ұлтжандылық рухын ашуында. Ғалым алаш қайраткерлерінің көрінгеннің көзіне түсе бермейтін пуб­лицистикалық мақалаларын архив қой­науларынан, қолжазбалар қорынан тірнектеп жиып, шаншыла оқып, көз майын тауыса жүріп жарыққа шығарды. Бар ғұмырын ұлтының кешегісі мен бүгінгісін, бары мен жоғын түгендеуге арнаған аяулы аға ұрпақ алдындағы борышын өтегендей. Елім, жұртым деп жүріп, жазықсыз жапа шеккен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Н.Төреқұлов, Б.Сүлеев, Ә.Бірімжанов, Т.Рысқұлов, С.Қожанов т.б. алаш ардақтыларының әруағы Темірбек Қожакеевке риза. Темекең ұлылардың «ұрпаққа хатын» сараптап-талғап, байыптап-бағалап, түсініп-талдап, бүтіндеп-түгендеп, төкпей-шашпай болашаққа аманаттады. Ғалымға бұдан артық бақыт бар ма, бақ бар ма?! Бұл тұрғыдан келгенде, Темекең ғасырлық ғылымдағы қос буынның арасын жалғап тұрған алтын көпір іспетті. Ғылымға деген адалдығына қылау түсірмей өткен ғұлама, өзі пір тұтқан ағаларымен пейіш төрінде табысып жатқан-ақ шығар. Ләйім солай болғай!
Өзім куә болған жылдарда Темірбек Қожакеевтің ұжымын сүттей ұйытқан басшы екенін көзіміз көрді. Мен журналистика факультетіне келген тұста, ұжым бұрынырақта болған айтыс-тартыстар, күңкіл сөз, күпсіген өсектен арылып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» дегендей, бір кісідей жұмыла жүк көтеріп, абыройы артып тұр екен. Декан Темірбек Қожакеев басшы, өзгелер қосшы болып, бәрі бірлесе еңбек етіп, тиянақтылықпен іс атқаратын. Кафедра меңгерушілері де өңкей беделді, журналистикада өзіндік орны бар азаматтар болатын. Ең бастысы, олар жұрт білетін, зиялы қауым ортасында белгілі жандар еді. Тауман Амандосов, Медел Арғынбаев, Марат Барманқұлов, Файзолла Оразаевтар өз салалары бойынша ел мойындаған ғалым-журналистер болатын. Осынау берекелі ұжымдағы бар жаңаның бастаушысы, жақсы істің ұйытқысы Темекең еді. Жалпы, ұжымға жетекші болуға талаптанған адамға төрт құбылаң іспетті – төрт қасиет қажет. Біріншісі – басшы болар ұжымның кәсіптік бағдарын жете білу. Екіншісі – әріптестеріңнің сенің біліктілігіңді мойындауы. Үшіншісі – ұжымдағы бар істің басында жүрер ұйымдастырушылық қабілетің. Төртіншісі – жоғарыдағылардың алдында жорғаламайтын, ұжымды қорғайтындай мінезді беделіңнің болуы. Міне, сонда ғана ел сенімін арқалаған билік сенің қолыңа қонады. Әйтпесе, серігің – жоғарыдағының сүйеуіне сенген бос әурешілік. Темекең бойынан осының төртеуі де табылатын. Солардың арқасында ол кісі ұзақ жылдар бойы ұжымын уақыт түсінігі тұрғысынан алғанда алға сүйрей білді. Темекең тұсында журналистика факультеті ҚазМУ-де алдыңғылардың қатарында саналды. Бұл – желеп-жебеуден, қолдан жасалған дүние емес. Темекеңнің қажырлы қайраты, бұлжымас талабы, темірдей тәртібі, турашыл билігі арқасында қол жеткен жеңіс. Ол – талай ұйқысыз өткен түндердің, мазасыз күндердің нәтижесі. Былайғы өмірде жаны жайсаң, мінезі жайдары болғанымен, Темекең қызмет барысында өте қатал басшы еді. Кім болса да, кемшілігін мәймөңкелемей тура бетіне айтатын. Өр мінезі – өткірлігін танытып, ол өршіл рухқа ұласып жататын. Сондықтан, берекесіздіктен, жауапсыздықтан жіберілген қатені еш кешірмейтін. Өзі жауапкершілікті қалай сезінсе, өзгеден де соны талап ететін. Факультеттегі бар іске өзі тікелей басшылық жасап, қалыптасқан тәртіпті қатты қадағалайтын, айтқанын бұлжытпай орындататын. Бірақ осының бәрін әділдікке жүгіндіретін. Әділет – Темекеңнің адамгершілігі мен ізгілігінің айнасы. Оның қаталдығының астарында әділдік барын мойындайтындар көңіліне көп кірбің ала бермейтін. Темекең ашуын ақылға бағындыра білетін биік азаматтық парасат иесі еді. 
Жалпы, Қазақстандағы журналистика кадрларын дайындау мәселесінің түбегейлі шешілген тұсы – Темірбек Қожакеев факультетті басқарған жылдар. Бүкіл оқу жоспарының сапалы да жүйелі өзгеріске ұшырап, кафедралардың мамандыққа сай қайта құрылғаны да осы кез. Темекең тұсында өзі бастап, оқу құралдары мен оқулықтар жазу жедел қолға алынды. Т. Қожакеевтің, Т. Амандосовтың, М. Барманқұловтың, Ә. Ыдырысовтың, М. Арғынбаевтың, С. Қозыбаевтың, М. Дмитровскийдің, Л. Кукановтың, Ю. Крикуновтың оқу құралдары мен оқулықтары сусап отырған студенттер қолына Т. Қожакеев басшылық жасап отырған уақытта тиді. Сол жылдарда оқытушылардың МГУ-де мамандық жетілдіру шаралары жүйелі түрде жолға қойылды. Факультеттегі радиостудия, телестудия осы түста жабдықталып, профессор М. Барманқұловтың басқаруымен сапалы жұмыс істей бастады. Студенттердің журналистік тәжірибеден өтуі әдістемелік тұрғыдан осы «қожакеевтік» кезеңде жетілдіріліп, нақты тәжірибе алуға жол ашылды. Факультетте сағаттық төлеммен сабақ беруге газет, баспа, радио, телевизияның тәжірибелі журналистері тартылып, оқу мен өндіріс арасында тығыз байланыс орнады. Тәжірибелік сабақтарды өндіріс орындарында (баспа, радио, телевизия) өткізу тәжірибесі қалыптасты. Бұл жаңашыл әдістемелер өз нәтижесін беріп, жас журналистердің қажетті біліктілікті тез меңгеруіне, қажетті техникалық жабдықтарды жылдам игеріп кетуіне орасан зор ықпал етті. Ресей және өзге ұлт республикаларының журналистика факультеттерімен тәжірибе алмасу шаралары орнықты. Қазақ топтарындағы студенттерді Москва, Ленинград университеттеріне ауыс­тыру осы жылдары қолға алына бастады. Қазақ топтарындағы озат студенттердің, талантты журналистертердің МГУ-да, ЛГУ-да білім алуына мүмкіндік туды. Олар­дың көбі бүгінгі қоғамдық өмірімізде елеулі еңбектер атқарып жүр. ҚазМУ-дың жур­налистика факультеті Орта Азия республикалары ішіндегі журналистика кадрларын дайындаудың көш басшысына айналды. Міне, іскер басшы ретінде декан Темірбек Қожакеев журналистика факультетін осындай биіктерге жетелеген болатын. Оны жоққа шығарғысы келгендердің бүгінде өздері «жоққа» айналды. Аты да, заты да белгісіз. Жым-жылас жоқ. 
Темірбек Қожакеев өз ұжымының қажеттілігі үшін неден болса да тайынбайтын, ұжым жоғын жоқтаған, ұжым арын арлаған адал бастық ретінде танылды. Жоғарыдағы басшылар алдында жығылып-сүрініп, құрақ ұшып, елпеңдеп жүру ол кісі үшін жат мінез. Жалпы, жағымпаздықпен қаны қас адам болатын. Өзіне де, өзгеге де жағымпазданғанды суқаны сүймейтін. Не істесе де адал көңіл, ақ  ниетпен істейтін. Осыған бір мысал келтіре кетейін. 70-80-жылдардағы ректор, академик Өмірбек Жолдасбеков КазМУ-дегі беделі өте жоғары, іскер басшы еді. Университеттегі жұмыстың ат­қарылуын сағаттың жүрісіндей етіп қой­ған Өмекең көп нәрсені өз қалауынша шешетін. Сондықтан, ол кісіге қарсы келу, пікір таластыру қиынның қиыны болатын. Ө. Жолдасбековтің кезінде ұзақ жылдар қолданбалы математика факультетінің деканы болған менің бажам, марқұм Есентай Рахимовтың айтуынша ректорат мәжілісінде өз факультетіне қатысты маңызды мәселелер талқыға түскен уақытта, Өмекеңмен пікір таластырып, кейде айтысып та қалатын жалғыз декан осы Қожакеев екен. «Өзгеміз бұғып отырғанда, қасқайып қарсы тұрып, әйтеуір Өмекеңді өз факультетінің жағдайына қарай бет бұрғызатын Темекең болушы еді. Батылдығына таңғалып, әділдігіне сүйсінетінбіз» дейтін, Есағаң сол күндерді еске алып. Ол Темірбекті жүректі адам деп отырушы еді. Темірбек Қожакеевтің басшы ретіндегі болмысына алып-қосары жоқ шындық осы. Иә, Темекең батыл да, қайсар тұлға еді. Бұл қасиеттерін басына күн туған күндерде де дәлелдей алды.
Қазақ тарихына азаттықтың күрес жылы, азамат тағдырының қаралы жылы болып енген – 1986 жыл талайды сынға салып, сергелдеңге түсірді. Аумалы-төкпелі заман басталды. Темірбек Қожакеевтің басына да қара бұлт осы тұста үйіріле бастады. «Өзінің басындағы отты көрмей, өзгенің басындағы шоқты көретіндер» қашанда болса табылады. Факультеттегі жұмыс жандана түсіп, ауқымды іс-шаралардың атқарылып жатқаны, оқу процесін жетілдіруге оңтайлы жағдай тууы, студенттер жатақханасының алтын ұяға айналуы кейбір бақталастардың өзегіне өрт түсіріп, «қызғаныштың қызыл итін» үргізе бастады. Әсіресе, мұнда кеудесіне нан пісіп, өзінен басқа ешкім бар деп білмейтін «аға» ұлт өкілдерінің шабалаңдауы қатты болды. Кезінде олардың талай «еркеліктерінің» езуін тілген Қожакеев, алғашында құр көкірек, кеудемсоқ мақтаншақтықтан басқа түгі жоқ, беделінің кете бастауын білім таяздығынан емес, бастықтың қатаң талабынан, қатал тәртібінен көрген әріптестерінің әлсіз әрекетіне есеп бере қоймағанмен, кейіннен жоғарыға сүйенген олар әл бермей кетті. Сопкин, Сова деген кандидаттықтарын ілініп-салынып жүріп зорға қорғаған, соған қарамай біреуі «бозбалашылық» жасаймын деп, Темекеңнің «тоқпағына» түскен, біреуі қазақты иттің етінен жек көретін қылығымен Темекеңе жақпай қалып, жоғарыға сыпсыңдап өсек тасимын деп талай ескерту алған қулар, республика басшылығына қайта-қайта арыз айдап, сондағы, Москвадағы таныстарын араға салып, істі ушықтыра түсті. Сөйтіп жүргенде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің комиссиясы сау ете қалды. Екпіні қатты, жебеушісі мықты (З.Камалиденов) комиссия ақыры дегеніне жетіп, Темірбек Қожакеевты декандықтан да, кафедра меңгерушілігінен де алып тынды. Темекеңдей арлы азаматтың орнына В.Козьменко деген «талай төбеге отырған» қуаяқты әкеп қонжитты. Док­торлығын біреуден көшіріп қорғаған (ол туралы кезінде марқұм Сәбетқазы Ақатаев арнайы мақала жазған болатын) бұл тарихшысымақтың журналистикадан хабары шамалы еді. Ғылымында береке, ісінде тиянақ жоқ бұл сумаң-суқит кейінірек факультеттен сүтке тиген мысықтай болып қуылып кетті. Темекеңді төмендетіп, басымызға шығарған сол Козьменко бүгінде қайда?.. Не бары, не жоғы білінбейді. Ол кезде дүрілдеп тұр еді. Жанындағы орыс-қазақ жандайшаптарының басшысы, бас кеңесшісі – кезінде Темекеңе орынбасар болып, жылпың қаққан Крикунов деген атына заты сай, усойқы.
Темірбек Қожакеев өзінің жазықсыз жазаланғанын айтып, азаматтық арын арашалап айтысып-тартысып жүргенде, 86-ның ызғарлы желтоқсаны да келіп жетті. Онсыз да қоқиланып жүргендер күніміз тудыға санап, бөріктерін аспанға атты. Желтоқсан оқиғасына байланыс­ты ҚазМУ-ге келген «ұлы идеолог» З. Камалиденовке «Қожакеев туралы» сұрақ қойып (П.Сопкин), «добро» алған қарсыластар тіптен күшейіп, ақыры факультетте 30 жылдан астам қызмет істеп, еңбегі сіңген ұстазды жұмыстан шығарттырып жіберді. Бірақ, аққа қара жағудың қиын екендігі ол кезде олардың ойы түгіл, санасына кірмеген-ді.
Әрине, мұның бәрі кезінде жазылған, көп сөз болған мәселелер. Менің айтпағым өзім куә болған жәйттар еді. Сол бір қиын кезеңде Темірбек Қожакеевтің кісілік келбеті, азаматтық тұлғасы көзге айқын шалынды. Биіктегілерге илікпей, күншілдерге беріспей өзі үшін, адами ары үшін Темекең жалғызбын деп жасқанбай, аянбай-ақ алысты. Қиын-қыстау күндерде жанындағы сырты дос, іші қас «жандайшаптар» «а» деп, ауыз ашу түгілі халін сұрап, хабар алуға шамасы келмеді. Темекеңді айнала жұртқа таба қылып, «түкірігі жерге түспей тұрған» Козьменконың құйыршығына айналды. Енді соны мақтаса ғана жаны қалатынын жақсы сезінген олар қалайда көзге түсуге, өзін Қожакеевтің жауы етіп көрсетуге тырысып бақты. Кеше ғана Қожакеевты құдайдай көріп, жер-көкке сыйғызбай мақтап жүргендер, енді, бұрынғы басшының бойынан жаман мінез-құлық, іс-тірлігінен керметтей кемшілік тауып, соны көрінген ортада көсемсіп айтып, көзге түсетін. Қайран бұлаңқұйрық заман-ай десеңші! Темекеңе ең ауыры қазақ ағайынның жаласы болды. Кезінде «Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқаны, атқаны, Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» деп, Ахаң – Ахмет Байтұрсынов туғаннан көрген қорлығына күйінген екен де! Бірақ, Темекең боркеміктік танытпады, майыспады, шыдап бақты. Ер екен, тағдыр салған талқыны мойымай көтеріп, табандылық танытты. Өзге біреу болса, жүйке тамырын тоздырып, жүнжіп кеткен болар еді. Темекең «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» деген Абай тәлімін қағидаға айналдырды. 
1986-87 жылдары ҚазМУ-ден Қазақ ССР Ғылым академиясының 1 корреспондент-мүшесі, 5 профессор жұмыстан қуылыпты. Солардың ішінен тек Темірбек Қожакеев қана шығармашылық қабілетін сақтап, ғылыми еңбектер жаза алды. Өзгелері үгіліп түсті. Бірі тағдыр соққысын көтере алмай, жүректен дүние салса, қалғандарының көбісінің ҚазМУ-де қызмет істеуге денсаулығы жарамай, ал қайта оралғаны ұстаздықпен де, ғылыми еңбекпен де мандытып айналыса алған жоқ. Белсенділігі жайына қалып,  «шықпа жаным, шықпамен» көптің бірі болып күн кешті. Ал, Темекеңнің жөні бөлек еді. Жаулары мен «достары» оның «балтырын» ғана қанатып, жүрегіне сызат түсіре алған жоқ. Ол кісі мына баянсыз жалғанның құбылмалылығын шын ұққан қасқа-қас, досқа-дос болаттай берік жан болатын. Қиын кезеңде өзіне ғана сенді, өзінің білімі мен білігіне сенді. Талмай тартысып, тартынбай айқаса жүріп, қолдың бостығын, бос уақыттың молдығын пайдаланып, ғылыммен беріле айналысты. Жанына жұбанышты содан тапты. Тағдыры тағдырына ұқсас асқақ ағаларының сарғайған қағаздағы «хатына» үңіліп, солармен сырласты. Соларға іштей мұң шағып, жүректегі запыранның уытын басты. Әділет жолының ауырлығын мойындай түсіп, қайрат жинап, жігерін қайрады. Әйтеуір еңсесі түсіп, еңкеймеді.
Темекең баяғы күнделікті жұмыс кестесін сол кезде де бұлжытпай орындайтын. Күнде таңертеңгі 10.00-де Орталық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына келіп, 15.00-ге дейін тапжылмай отырып, ескі газет-журнал, сирек кітаптарды ақтаратын. Кейіннен сол жылдары жинаған бай материалдар негізінде кітап соңынан кітап шығарды. Талай тылсым дүниенің сыры ашылды. Сол тұста бізге де көмегі тиген-ді. «Қазақ» газеті сандарының өшіп қалған, жыртылып кеткен жерлерін шығара алмай отырғанда, көмегін аямайтын, тез ажыратып жылдам оқитын. Көзі талғанда, «ауа жұтып» жүріп, сырласатынбыз. Менің Темағаңмен көп сырласқан тұсым, жанына жақын жүруім сол күндерден басталды. Алдында қиын кезде қолдауға жарамадың дегендей реніш білдіріп жүрді. Көп жағдайды түсіне келе, кешіріммен қарай бастады. 
«Ары тазаның – жаны таза!». Қайтейік, кейде аққа да күйе жұғуы мүмкін, бірақ, тазалануы тез. Тағдыр тәлкегіне ұшыраса да ар-намысын таптатпаған Темекең ақы­рында ақталды. Әуелі Желтоқсанның ызғарында Өмірбек Жолдасбековті, Те­­мір­бек Қожакеевті университет партбюросында шырылдап қорғаған жалғыз қазақ, қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасы, академик Зейнолла Қабдоловтың шақыруымен қазақ әдебиеті кафедрасына, кейінірек өзінің журналистикасына оралды. Ұстаздың оралуы деп, алақайлап қуандық. Елі ардақтаған азамат тұлғаның басын сергелдеңге түсірген зұлматты жасқанбай көтеріп, қайыспай жүргізген күресі жеңіспен аяқталды. Журфак орналасқан қабат арқа-жарқа қуанышқа кенелді. Әрине, бәрі бірдей емес, дегенмен шәкірттер шаттыққа бөленді. Жаулары тоз-тоз болып кетті, сайда саны, құмда ізі қалмады. Біреулерінің факультетте тұрып қалуға дәті шыдамаса, екіншілері Ресейге зытты, үшіншілері журналистикадан мүлде кетіп тынды.
«Екі күймек, бір жанға әділет пе? Қаны қара бір жанмын жаны жара» деген Абай күңіренісінің мәнін осындайда түсінесің. Иә, Темекең адалдықтың ақ арғымағын ерттеп мінсе де, қысқа ғұмырында қапияда екі рет күйді. Алғашқысынан соңғысы ауырлау соқты. Темірбек Қожакеевке саналы ғұмырының 50 жылын өткізген, ұстаздық пен ғалымдықты қатар қанаттастырып, азаматтық биігіне көтерілген қасиетті қара шаңырақ – ҚазМУ-мен еріксіз қоштасудан ауыр жаза жоқ еді. Оны қарсыластары жақсы білетін. Енді, олар «балтыр» емес, «басқа» жармасты. Темағалап жүріп, алып тынды. Бұған күлесің бе, жылайсың ба?.. Бұл жолғы күншілдіктің соққысы ауыр тиді. Қан жылаған жүрек қан қысымын көтерді, денсаулықтың кенеуі кете бастады. Сөйтіп, темір мінез Темекең морт сынды. Өз замандастарының алды болып, дәуірге лайық өнегелі өмір сүрген Темекең бүгінде ортамызда жоқ… 
Темағаң «өз мінезіне көз салмаған» жан-тұғын. Құдай жаратқан мінез-құлқын өз бойына жарасымды ұштап, өкінбей ғұмыр кешті. Ол кісі «Еріксіз түскен ылдидан, еркімен шығар өрді артық» көрген азамат болатын, еңкеймей өтті, илікпей кетті. Талабы қатаң, тәртібі қатал, тәлімі терең, болаттай берік қайран Темірбек аға! Тағылымды ғұмыр кешкен сіздің адами әлеміңіз мың иірімнен тұратын, рухы өзгеше құбылыс еді. Темағаңды  мен шын мәніндегі бақытты жан деп білемін. Артында басқан ізін қасиет тұтар ұрпағы бар. Күш-қайратын сарп етіп жазған том-том еңбектерінің сан мың шәкірттер жанына сан ғасыр шырақ жағары сөзсіз. Халқына мәңгілік мұра қалдырған адамда арман болушы ма еді?! Иә, Темірбек Қожакеұлының есімі болашаққа бет алған ұрпақ көшінің алдында ұран болып жүрерінде күмән жоқ.

 

Алдыңғы «
Келесі »