Қарымды қаламгер еді

  • 28.05.2014
  • 510 рет оқылды
  • Пікір жоқ

БердибекҚазақтың  қабырғалы  қаламгері атанып, атақ-даңқы алысқа кеткен жа­зушы Бердібек Соқпақбаевтың өмір­ден озғанына  да жиырма екі жыл болыпты-ау. Ағынды судай арындап өтіп бара  жатқан өмірдің артта қалған ізіне қайырылып бір қарасаң, талай тамаша талант иелерінің кескін келбеті, сөйлеген сөзі көзге елестеп, қиялыңды қиянға же­телейді. Са­ғы­нышпен еске алатын сондай асыл ағалардың бірі – даңқты жазушы Бердібек еді дер едім. Есімі елге ерте таныс болған қаламгермен тіршіліктің жо­лақ-жолақ жолдарында жиі ұшырасқан жоқпын. Бұл біріміз қалада, біріміз далада ғұмыр кешкендіктен болар деймін.
Б. Соқпақбаевтың шығармаларын бала жастан басымызға жастанып оқып, есімін ерте кезден еске ұстадық. «Жүз естігеннен, бір көрген артық» демекші, даңқы дардай жазу­шыны тұңғыш рет көргенім бүгінгідей есімде.


Алматы облысындағы Райымбек (бұ­рынғы Нарынқол) ауданындағы Сарыжаз ауылында Оралбек Шамырханов дейтін азамат осындағы орта мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Мамандығы биолог болғанымен, әдебиетке үйір, әңгімешіл, ақжарқын адам еді. Өлеңді де өндіртіп жазатын.
Бір ауылда тұрғандықтан екеуміз етене араласып, бір-бірімізге жазған өлеңдерімізді оқитынбыз, пікір алысатынбыз. Марқұм Оралбек ағамыз осы ауданның Сүмбе ауылының түлегі еді. Сөз арасында «Сүмбе» орта мектебінде Бердібектің жо­ғарғы класта оқығанын, алғыр ойлы оқушы болғанын айтып отыратын. Орекең бір ұшырасқанында таяуда үйіне Бердібектің келетінін айтты. Арада үш-төрт күн өткенде жазушы Бердібек Соқпақбаевпен танымал суретші Сахи Роман екеуі Оралбектің үйіне келіп түсті. Танымал талант иелерімен дастарқан басында жүздесіп, таныстым. Бұл 1964 жылдың қараша айы еді. Жасы жаңадан қырыққа ілінген Бердібек ағамыз бет әлпеті қоңырқай, дөңгелек жүзді, қою қара шашын желкесіне қарай қайырған, қаршығадай қағілез, жинақы киінген жігіт ағасы екен. Жазушы бұл сапарында « Балалық шаққа саяхат» деген шы­ғармасының болашақта кинофильмге түсірілмек жоба-жоспарымен жүр екен. Осылай басталған таныстығымыз ара-кідік болса да, Бекең өмірден өткенше үзілген жоқ. Анда-мұнда кездесе қалғанда сырласып, сұхбаттасып жүрдік.
 Осы арада жазушы ағаны алғаш рет көрген күні болған бір оқиға ойыма оралып отыр. Дастарқан басында отырғанда Бердібек аға үй иесі Оралбектен:
– Осы ауылдағы колхозың бал өндірумен айналыса ма? – деп сұрап алды да: Оралбекке орайы келсе бес килограмм бал алып бер, міне, ақшасы деп өтініш жасады. Колхоздың қоймасында бал сатылатынын білетін едік. Кідірмей Оралбек аға екеуміз колхоздың қоймашысы Бекетайға келдік. Орекең қой­машыға мән-жәйді түсіндіріп көріп еді, көнбеді. «Жазушы Бердібек Нарынқолдық болғанымен бұл колхозға қатысы жоқ қаламгер ғой. Оның атын алдыма көлденең тартқаныңмен маған көрпе болмайды» деп» қабақ түйді қоймашы. Салымыз суға кетіп,салбырап кейін қайтқанымызда қарсы алдымыздан колхоз төрағасы Атамқұл Шындалиев ағай ұшыраса кетті.
Автокөлігінен жерге түскен төраға бізбен жылы амандасты.Орекең мән-жайды айтып еді, ол кісі сөзге келген жоқ,бізді кеңсесіне бастап барды да, әлгі қоймашыға қаратып тілдей қағаз жазып берді. Келген ізімізбен кері қайтқан біздер жаңа ғана меселімізді қайтарған қоймашыға келдік. Төраға берген бір жапырақ қағазға көз жүгірткен қоймашы үн-түнсіз ғана ұсынған ыдысымызға бес килограмм балды құйып беріп, ақшасын алды. Бердібек ағама бес килограмм бал бергісі келмеген қоймашы Бекетайды бертінге дейін көріп жүрдім.Алайда атақты қаламгерді қадірлей алмағаны үшін оған іштей реніште болдым.
Нарынқолда ұзақ жыл ғұмыр кешіп,жасы 90-ға толғанда дүние салған байырғы қаламгер Әлнұр Мейірбеков ағамыз Бердібекпен берік достық орнатқан,бір-бірін қадірлеп өткен жандар еді. Әлнұр аға сұрапыл соғысты  бастан кешкен, қарымды қаламгер болатын. Ұзақ жыл Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетін басқарды. Талантты жандарды баулыды, қаламын ұштады. Өзі де бірнеше кітап жазды. Қасіретті соғыстың салған ауыр жарақаты жанына маза бермеді білем, Әлнұр ағамыз 55 жасында еңбек демалысына шықты. Ауылдағы ағайынына, қаламдас серіктеріне арнап той жасады. Сол тойға Бердібек аға арнайы барып қатысты. Әлекең қызметтен кеткенімен аудандағы шығармашылық ортадан қол үзген жоқ. Анда-мұнда бас қосып, сырласа қалғанымызда ескі досы Бердібек жайлы әңгіме тиегін ағытатын.
 Әлнұр ағамыздың айтуына қарағанда Бердібектің туған әкесі Ыдырыс қайтыс болады да, соған орай жазушы әкесінің қазасына қатысады. Бұл тұста Бекеңнің кіші әкесі Сымағұл егде тартып зейнетке шығады. Осы кісінің үйінде отырғанында жазушының жақын туысы биыл орта мектеп бітіргелі отырған баласына Бекеңнің көмек беруін өтініп, сөзін сабақтайды. Сонда, өзінің шығармашылық өмірін өлеңмен бастаған Бердібек ағамыз табан астында әлгі інісіне:
«Жалғыз ағам бар еді мен сүйенер,
Оның өзі бұл күнде пенсионер.
Қолым қысқа болғанмен жүзім                 жарық,
Жасқанбағын бетімнен кел, сүйе бер», – депті.Бердібек ағамыздың табан астында тауып айтатын өрнекті өлеңдерін бізде білетін едік.Қазақы қалжыңға қамшы салдырмайтыны әдемі бір әңгімеге арқау болары ақиқат.
Жазушының соңында көшкен елдің жұртында қалған тас ошақтай болып, том-том кітаптары қалды. Сол кітаптарды көргенде асыл ағаны іздеген көңіл құлазып сала береді.
1977 жылдың маужыраған маусым айында Алматыға келдім. Қазақстан Жазушылар одағының мекен-жайына жайғасқан «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына  кіріп шықпақ ниетпен үшінші қабатқа қарай көтеріле бергенімде қарсы алдымнан Бердібек аға шыға келді. Аман-саулықтан соң, мұнда не шаруамен жүргенімді сұрап, бетіме барлай қарады да:
– Ауылдан әкелген өлеңдеріңді мына бірінші қабатта отырған «Жалын» журналына ұсын. Мен сол журналдағы ақылдастар алқасының бірімін, – деді де, аталған журналдың сол кездегі бас редакторы,атақты ақын ағамыз марқұм Тұманбай Молдағалиев отырған бөлмеге бастап барды. Есік ашып ішке кіргенімізде, отырған адамдар тік тұрып, Бекеңе қол беріп амандасты.Аға жазушының жайдан-жай жүрмегенін іштей сезген Тұмекең бұйымтай сұрады. Сонда:
– Мына жігіт менің жерлесім, азын-аулақ өлең әкеліпті, оқып көрші, жарайтын болса жарияларсың, – деді Бердібек аға.Тұманбай ақынның қолына ұстатып кеткен әлгі өлеңдерім журналдың сол жылғы қараша айындағы санында жарық көрді. Асыл ағаның алғашқы жасаған сөз көмегі төбемді көкке жеткізгендей болды.
1985 жылдың жазында Бердібек аға Нарынқолға атбасын тіреді. Немере қарын­дасы Несіпхан Аманбаеваның үйіне түсіпті, барып сәлем бердім. Кешке тұрым Байынқол өзенін жағалап сейілдедік. Сонда өзінің 1950 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың тіл-әдебиеті факультетін бітіріп келіп «Нарынқол» орта мектебінде мұғалім болғанын, Рамазан Жауынбаев деген кісінің шатырсыз аядай аласа үйінде тұрғанын баяндап берді.Сөз арасында мұндағы мұғалімдік қызметім екі жылдан аспады деген де, оның себебін сұрап едім, жазушы ағам жалт етіп бетіме қарады да: 
– Мен 1924 жылы 15 қазанда осы аудандағы Қостөбе ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым жоқшылықпен өтті. Біреуге жарамсақтанғанды, жақсы кісі көрінуді қаламай өстім. Сүт пен сүйекке біткен мінезден қайда қашып құтыларсың. Мұны айтып тұрғаным, – деді Бердібек аға сөзін қайта сабақтап. Сол кезде осы ауданның оқу бөлімінде О.Манабаев дейтін орта жастан асқан адам қызмет атқарды. Жоғары білімі болмаса да,сүйеніші мықты еді.Оған қоса өзі ішімдікке үйір, дау-жанжалға жақын жүретін жан еді. Бір сыпыра бейкүнә мұғалімдерді жалған жаламен жылатты.Оның осындай қылығын көзіммен көріп жүргендіктен шындықты айтпауға шыдамым жетпеді. Сөйтіп «Манабаевтың масқара қылықтары» деген фельетон жаздым.Ол аудандық «Советтік шекара» газетінде жарық көрді.Осыдан соң іле-шала мені қудалау бас­талды.  Манабаевтың жақтастары жаныма тыныштық бермеді. Ақыры Алматыға қоныс аудардым. Қалада үйсіз-күйсіз күн кешсем де, өкінгенім жоқ. Өйткені, әдеби ортаға келіп, дүние танымым кеңейіп, шығармашылықпен шұғылдануыма жол ашылды. «Бұлақ»атты жыр жинағымды да шығардым, – деді Бекең басынан өткен өмір суреттерін алға тартып.
1991 жылдың жазында ақтаңгер ақын Мұқағали Мақатевтың 60 жылдығы туған ауылы Қарасазда аталып өтті. Дүркіреген дүбірлі тойға атақты жазушы Бердібек те қатысты.Той-думан аяқталғаннан кейін жазушының Қарасазда тұратын құдасы Нұрғали Изенбаев атамыздың дастарқаны басында жазушыны тағы да ортаға алып, әңгіме-дүкен құрдық.
Бердібек ағамыз әдебиет әлеміне ақын болып қадам басқанын айтып отырды да:
«Жазып та көрдім, мен де         өлең,
Жазып та көрдім, қара         сөз,
Ерте ме,кеш пе, менде         өлем,
Өлмейтін тек дана сөз», – деген жыр жолдарын жатқа айтты. Бұл өлеңді сол сәтте қағазға түсіріп алған едім. Жазушының осынау шап-шағын жыр жолдарында қаншама ой-арман бір-бірімен ұштасып, ұшқын атып жатыр десеңізші.
Жаны нұрлы жазушы ағамен ақырғы рет тілдесіп отырғаным ол күні ойыма да келген жоқ еді. Арада бір жыл өткенде таулы өлкенің тамаша перзенті мәңгілікке көз жұмды.Қаламгер ағамыз өмірден озған соң, туғанына 70 жыл толғанына орай Нарынқолда ат шаптырып, той жасалды. Жазушының туған топырағында отырған қара ормандай қалың елі оның атын ардақтаудан сырт айналған емес. Қазір Нарынқол ауылындағы бір мектеп пен бір көше жазушының есімімен аталады. Мектептің алдындағы алаңқайға мәрмәр тастан қашалған мүсіні орнатылған, шағын музейі бар. Жазушы ағамыз өткен ғасырдың 54-56 жылдары Мәскеудегі М. Горький атындағы әдебиет институтының 2 жылдық курсын тамамдап келіп, «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарған. Кинофильм­дерге сценарий жазумен шұғылданған.
Бердібек аға бір қарағанда сырты суық, тәкаппар көрінгенімен, жақын ара­ласқан адамды бауырына тартып, бағалай алатын сезім­тал, сергек жан еді. Оның шыншыл шығармаларымен оқушысын тапқан санаулы таланттардың бірі екенінде дау жоқ. Жазушының аңызға айналған атақты «Менің атым – Қожа» атты шығармасының өзі-ақ әлі талай жас ұрпақтың рухани жан азығына айналатынына дау жоқ.

Мінуар Әкімханов,
ақын, Қазақстан 
Жазушылар 
одағының  мүшесі.

Алдыңғы «
Келесі »