Діннің қоғам өміріндегі рөлі

  • 28.05.2014
  • 38441 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Дін – ерте замандардан бері-ақ адамзат баласымен бірге жасасып келеді. Түрлі ерекшеліктерге байланысты адамдар арасында түрлі наным-сенім формаларының туындауы және олардың  әр жерде әртүрлі деңгейде пісіп-жетіле отырып, дін ретінде қалыптасуы да өмір заңдылығы немесе рухани қажеттілігі еді. Адамзат тарихында бастан кешкен түрлі формациялар мен кезеңдерде діннің де формалары өзгеріп, халыққа қызмет етудегі рөлін жоғалтпай сақтап отырды. Адамзат баласы – ақыл-парасаттың, ғұлама ойдың және өзге де игіліктердің иесі. Ал, осы игіліктерге ие етіп тұрған – Жаратушы күштің барын адам ешқашан есінен шығарған емес. Осылайша, діннің қоғам өмірімен байланыстылығы өзгермей тұрмайтын құбылыс болғанымен, адам санасына әсер ететін, наным-сенім қалыптастыратын ерекше күш екендігі мойындалды.


Қоғам дегеніміз – әлеумет, яғни, адамдардың іс-әрекеттері мен бірігу формаларының жиынтығы. Міне, осы қоғамның және ондағы әлеуметтің дамуында діннің де атқарар рөлі зор.  «Әлеуметтану» жайлы ой қозғаған Огюст Конт та кезінде дін мәселесін айналып өте алмаған. Оның пікірінше, қоғамның әлеуметтік қайта құрылуы тек қана ағарту ісінің көмегімен іске аса алмайды. Ол іске асу үшін әлеуметтік байланыстардың қандай да бір рухани тірегі болуы керек. Мұндай тіректі ол «оң діннен», яғни, бұрын өмір сүрген, қазір өмір сүріп жатқан адамдардың және болашақ ұрпақтың орасан зор әлеуметтік ағзасының біртұтас ұлы тіршілік иесі сияқты адамзатқа табынуынан көре білді [1]. О.Конт (1798-1857) діннің рөлі және әлеуметтік тәртіптің негізінде не нәрсе жатыр деген сұраққа «тарихтың үш сатысы» жайлы заңында: Бірінші саты – діни немесе «теологиялық жағдай», онда адам санасында дәлелсіз ойға негізделген оқи­ғалар, субъективтік негізсіздіктер үстем етеді. Екін­шісі – философиялық «метафизикалық жағдай», онда абстракция, дөрекі дерексіздер шынайылық ретінде қабылданады. Үшінші – позитивті, ол жерде ғылымның көмегімен қолда бар жағдайларға дұрыс баға беруге қол жеткізіледі. Осы үш «сана жағдайының» әрбірі бүкіл әлеуметтік ұйымдастырудың негізін қалай­ды – деп жауап береді.
Діни функциялардың қоғаммен, оның ішінде әлеуметпен арадағы қарым-қатынастарын тарихи үдеріссіз, әлеуметтік-қоғамдық өзгерістерсіз бөлектеп қарауға болмайды. Өйткені, дін кез-келген мемлекеттің пайда болу кезеңінен бастап, қалыптасу кезеңдерінде, даму үде­рістерінде, сол мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлттардың ұйысуына оң ықпал етумен қатар, діндер арасында немесе қандай да бір діни ағымдар әсерімен тыныштық пен бейбітшілікті бұзып, тұрақтылықтан ауытқытып жіберу мүм­кіншілігі де жоқ емес [2]. Негізінен, әлемдегі адамзат мойындаған дәстүрлі діндер мен конфессиялар адамгершілік пен руханият құндылықтарына жетелейді. Адамдардың бойына, жүрегіне жылылық пен сүйіспеншілік ұялатады. Бұл ретте, дін кез келген ұлттың салт-дәстүрлерін де жоққа шығармайды. Қайта олармен үндесіп, тонның ішкі бауындай жарасымды түрде қоғам дамуына жетелейді. Сондықтан, дін – қазіргі кезеңде қоғамның әлеуметтік және рухани дамуының маңызды құралы болып табылады. Дін арқылы адамдар өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жалғастырып, жаңғыртуда. Бұл орайда, қоғамдағы түрлі саяси-әлеуметтік құбылыстармен қатар, мәдени-рухани даму үшін де діннің атқарар қызметі зор екенін айта кеткен жөн. 
Мәдениет саласында да оның ішіндегі діни наным-сенімдерге қатысты мәселелерді көңілден тыс, көзден таса қалдыруға болмайды. Мысалы, Қазақстан қаншама экономикалық және саяси жағынан дамыған мемлекетке айналып жатса да, мәдениетін өркендетуді доғарса, ол ешқашан өркениетті елдер қатарына қосыла алмас еді. Өйткені, қоғамда мәдениет пен адамгершіліктің ауылы алыстап, рухани жағынан кедей, жауапкершіліксіз, сүйіспеншілік сезімдерден ада адамдар қалыптасады да, даму үрдісі артқа кетер еді. Сондықтан да, дін мен салт-сананың бірлігі, тіпті, саясаттың да бірлігі кез-келген мемлекет үшін, қоғам дамуы үшін  таптырмас қажеттілік болып саналады. Яғни, дін – әлеуметтік-мәдени байланыстардың ажырамас бір буыны іспетті.
Бүгінде адамға ең қажетті нәрсе – тәрбие. Әсіресе, бұл қазіргі жастарға өмірдегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін өмірде өз орнын табуы мен жалпы тіршілік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмеушілік қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және немкетті қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келіп отырғаны шынайылық. Жастардың ұлттық тәрбиеге қырын қарауы, бұл батыстық тұтыну мәдениетіне еліктеушіліктен туындап отыр. Сондықтан, жастарға имандылықты, ұлттық дәстүрлерді насихаттап, сөзден іске көшу керек. Салт-санамыздағы тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында насихаттау үшін сөз бен іс-әрекеттеріміздің арасындағы сәйкестілік болу керек. Ұлттық рухтың уызын ұлттық құндылықтар құрайды. Ұлтына деген сүйіспеншілік тарихыңды, тіліңді, әдет-ғұрпыңды, дініңді білуден бас­талады. Қазақстан – 2050 Стратегиясында «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ен­де­ше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін-ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал» – көрсетілген. Әрине, ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық болмысы мен рухани дүниесінен, ата дәстүрімен, ана сүтімен сіңген тәлім-тәрбиені өмір бойы ұстанады. Ата-баба өсиеттері, адамды тәрбиелілікке шақырып, оны игі істерге жетелейтіні белгілі. Ұлттық тәрбиенің бір негізі діни мәдениетімізде және өнегелі тәлім-тәрбиемізде жатыр. Адамзат пайғамбары: «Мен жақсы істерді жалғастыру үшін келдім», – деген. 
Вебер, Дюркгейм және қазіргі заманғы көптеген әлеуметтанушылардың пікірінше, діннің негізгі қызметіне – «мағыналық пайымдау» қызметі жатады.  Яғни, адам өз өмірінің мағынасын толық дәрежеде түсініп және түйсініп өмір сүруі шарт. Дін қоғамның нормалары мен құндылықтарын насихаттай отырып, тұрақтылыққа негіз жасайды, яғни, әлеуметтік құрылымға пайдалы нормаларды орнықтырумен қатар, тұрақтандырушы функцияны да атқарады. Және адамның моральдық міндеттерді орындаудағы алғышарттарын қалыптастырады [3].
Діннің міндеті – қандай да бір нормалы заңдастыру емес, нормативтік тәртіптің өзін қабылдау. Сондай-ақ, бүгінде діннің кері интеграциялануы деген мәселені көтерушілер бар. Мысалы, экономика саласында, еңбекті ұйымдастырудың қазіргі заманғы әдістерін енгізуде кедергі келтіруі мүмкін. Яғни, діннің қандай түрі болса да атқаратын қызметтері қоғам үшін жағымды да, жағымсыз да сипатта мәнге ие болуы мүмкін. Дін интеграция мен тұрақтылық әкелуші ғана емес, кейтұстардағы кертартпа, дін бұзушы ағымдар арқылы қиратушы, жанжал әкелуші фактор ретінде де қарастырылады. Осыған байланыс­ты дін әлеуметтануы харизмалық жетекшілердің рөлі жайлы мәселеге ерекше назар аударады. Вебер харизмадан әлеуметтік тұрақтылықтың іргелі қарсы әсерін және өзгерістердің маңызды бастамасын көрді [4].
Дін қоғам тұрақтылығының факторы ғана емес, кейтұстардағы кертартпа, дін бұзушы ағымдар арқылы, сонымен қатар, әлеуметтік өзгерістердің қайнар көзі ретінде де қызмет етеді. Мысалы, Вебер протестанттық реформацияның шешуші рөлін «капитализм рухын» жасауда кальвинизмнің ерекшеліктеріне негіздеді. Нәтижесінде, Еуропа тарихында жаңа дәуір мен индустриалдық өркениеттің дамуына қарай тарихи алға басушылық байқалады. Сонымен қатар, қазіргі таңда дін батыс қоғамында өзінің позициясын жоғалту үстінде: адамдар шіркеуге жиі бармай, діни рәсімдер де жиі сақталмай жатыр. Көбісі өздерін агностиктер немесе атеисттер қатарына жатқызады. Тіпті, дінге сенетін адамдардың өздері де дінді басты орынға қоймайды.  Мемлекеттің экономикалық даму қарқыны жоғары болған сайын, елде діни адамдардың саны аз болатындығы байқалады. Осыдан келе, дін және қоғам өзара тығыз байланысты болғанымен, бұз өзгермелі үдеріс екенін байқаймыз. 

Фариза Борантаева, 
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Магистратура және PhD докторантура институтының 
2 курс магистранты

Алдыңғы «
Келесі »