ЕЛБАСЫ және ел тәуелсіздігі

  • 30.11.2011
  • 3655 рет оқылды
  • 3

Мұрат МҰХАМЕДОВ – ҚР Парламенті  Сенатының де­путаты, саяси ғылымдар докторы,  профессор. ҚазҰУ-і мен Мәскеу МУ-ін  бітірген. Қызылорда және Қазақ  мем­лекеттік заң университетінде қызмет істеген.  Саяси және құқықтық білімдер тарихына арналған алғашқы қазақша оқулық авторларының бірі. Әртүрлі басылымдарда 280-нен астам ғылыми мақалалары жарияланған.

 

Қазақ елі өз тәуелсіздік ғасырының бестен бірін толтырды. Бұл мерзім адам өмірімен есептегенде де, тарихи тұрғыдан алып қарағанда да көп уақыт емес. Бірақ осы бір қысқа мерзімге қарамастан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық-әлеуметтік және саяси қиыншылықтарды еңсере білген қазақ елі әлем мойындаған мемлекеттер қатарына қосылды. Еліміздің саяси өмірі жаңартылып, түбегейлі өзгерістер жасалды. Мемлекеттіліктің барлық институттары құрылып, экономикамыз нарықтық жолға түсті. Халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді, әлеуметтік салада жаңа асулар бағындырылды. Мемлекеттік шекарамыз айқындалып, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі қамтамасыз етілді. Елбасының көрегендігі мен ерік-жігерінің нәтижесінде Қазақстан әлемде тұңғыш рет ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигонын жабуы бүкіл дүниежүзінің назарын өзіне еріксіз аударған болатын. Осы бір батыл қадамның нәтижесінде мемлекетіміздің тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне әлемнің іргелі мемлекеттері кепілдік берді.  Әлем елдерімен терезесі тең тәуелсіз мемлекет құрып, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы ұлы арманы мен мақсаты орындалды.

Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтеріп, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған – Елбасымыздың аз жылдың аясында туған елін әлемдік қауымдастыққа танытқандығына, өзгелермен бірге өзіміз де қайран қалып, тамсанамыз. Тарихтың қилы бір кезеңдерінде елге Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшының табылуын  халқымыздың бағы деп те түсінеміз. Биылғы жыл және де ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығы ғана емес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүкіл халықтық сайлауда айқын жеңіске жетіп, ел тізгінін өз қолына алғанына да жиырма жыл толады. 1991 жылы 1 желтоқсанда қазақстандықтар өздерінің Тұңғыш Президентін сайлап, сенім артты,  ел тәуелсіздігін аманат  етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, Халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына да осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.

Бәрі де есімізде. Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуге арналған салтанат сол жылдың, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында болған-ды. Президенттің қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ежелгі дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде бүкіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән салтанатты шапан жапты, президенттік айырым белгілерін тапсырды. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата берсе, көрнекті жазушы, публицист, Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаев ақ жол тілегін білдірді.

Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: –Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Айқайлап жүріп, ашаршылыққа ұрынып, ұрандап жүріп ұлт мүддесін ұмыт­қанымыз да ақиқат. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік бе­лестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дарқан еліме, ата-бабамның аруағына сүйенемін,–деп тебірене ағынан жарылды.

 Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде қазақстандықтар өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білді және де халық өздері сенім артқан Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, елді адастырмай,  дұрыс бағытпен алып келе жатқандығына да осы күндері көздері анық жетіп те отыр. Халықтың қателеспей сол бір кездегі дұрыс таңдау жасай білгендігіне осы күндері шүкіршілік те етеміз.

Президентке бүкіл халық атынан өкілдік берілгеннен кейін 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң» қабылданды. Екі күнге талқылауға созылған бұл Заңның төңірегінде де  дау-дамай болмай қалған жоқ. Қазақ елінің өз бетімен тәуелсіз мемлекет бола алатындығына күмән келтірушілер де табылды. Олар сол бір күдіктерімен егемендіктің осы бір Заңының әр тұсына негізсіз шабуылдар жасап та жатты. Тіпті, Қазақстанның дербес мемлекет болуын қаламағандар да, тәуелсіздігімізді жақтырмағандар да болғандығын не қыларсыз?! 

Тарих бізге 1991 жылдың 16-желтоқсанынан бас­тап Тәуелсіз мемлекет құрудың сыбағасын ұсынды. Сөйтіп, еліміздің тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары, азаттықтың арпалысқа толы ақ жолы басталып еді. Елбасы өзінің туған халқына деген сеніммен тәуекел деп тәуелсіз елдің іргетасын қалауды, оны нығайтуды қолға алған болатын.

Елбасы Назарбаев өзіне сенім артқан өз халқына ең бір қиын жылдардың өзінде орындалуы мүмкін болмайтын мәселеге байланысты ешқандай уәде бермеді. Халқының алдындағы беделі сонысымен де арта түсті. Егер уәде бере қалса, бәрін де орындады. Бойындағы туа біткен қасиеті және өмірлік тәжірибемен бекіген төзім­шіл­дігі, сабырлығы, ұстамдылығы бар Тұң­ғыш Президентіміз бүкіл қазақстандықтарды өзінің айналасына топтастыра алатын сая­саткер және дара тұлға екендігін танытты. Осы арада бір ақиқатты айтайық, Н. Назарбаевтың Ұлт Көшбасшысы екендігін  Парламент қабылдаған Конституциялық Заңнан көп бұрын-ақ халықтың өзі мойындап та қойған болатын.

 Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының ағылшынша нұсқасының алғы сөзінде Англияның 1979-1990 жылдары үкіметін басқар­ған және  кезінде «Темір Леди» атанған Маргарет Тэтчер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның Көшбасшылық рөл атқарғандығын мойындап, соған оң баға беріп: – Мемлекет­тердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өз­деріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Мәсе­ленің мұндай мәнісі олардың мемлекеттің аса маңызды сәттерінде оның басшылығында тұруымен, осылайша оларға дейін болғандарға немесе олардан кейін келетіндерге қарағанда әлдеқайда танымал тұлға болуымен байланысты.

Көшбасшының болмысы алда болатын оқиғаларды қандайлық деңгейде анықтайды? Оқиғалар көшбасшының болмысын қандайлық деңгейде танытады? Осындай сұрақтарға жауап іздеген тарихшылар тұтас томдарды жазып тастар еді. Алайда, мұндай көшбасшылар өздерінің соңындағы тарихтағы маңызды іздерін қалдыратыны даусыз.

Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қазақы қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни оның кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге  қол жеткізді,– деп жазған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырқына жығылмай, әліптің соңын баға сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлес­тіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі  даралығымен бірден әлем назарын аударды. Елбасы өзінің қол жеткізсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шығармаумен бірге, оған жету үшін де жалаң ұран көтеріп,  жақсы атақ алуға қызықпады. Қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкін­діктерді ғана түгел пайдаланып, эволюциялық жолмен тұрақты ілгері жылжи бергенді дұрыс санады. Дамудың қазақстандық жолын іздестірді, өзіндік бағытты тандады. Сол қазақстандық даму жолынан өзге даму жолдарының ешқайсысын да, тіпті бір­де-бірін жоққа шығарған емес, керісінше өзге даму жолдарының қажеттісін  алып та, пайдалана білді.

Елімізде дамудың өзіндік жолы таңдалса да, мемлекет тәуелсіздігінің мүдделері өзімен бірге шешілуі қиын мәселелердің де тұтас тобын алға тартты. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы басты кедергілердің бірі тоталитарлық жүйе кернеуінің тәуелсіз ел мүдделерімен қиыса бермей­тіндігінен де болып жатты. Бұрынғы жүйенің елесі мемлекет пен қоғам өмірінің көптеген қырларынан белгілі бір дәрежеде көрініс беріп те жатты. Мұның өзі шаруашылық жүргізу мен басқарудың ескі тәсіл­деріне бой ұрушылықтан ғана байқалып қойған жоқ, халықтың басым бөлігінің бойға біткен енжарлығынан, өкімет асырайды дейтін бұрынғы пиғылынан да танылып жатты. Көзге көріне бермейтін бұл кедергілерді де Елбасының байсалды саясатының арқасында жеңіп, еңсере білдік.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі кеңестік жүйенің жаппай ыдырауы мен идеологиялық бос кеңістік жағдайында Қазақстан да терең бір жартастың жағалауына таяп қалған еді. Бір сөзбен айт­қанда кеңес үкіметі орнықтырған тұтас қоғам бө­лініп-жарылудың аз-ақ алдында тұрды. Солшылдар, оңшылдар, неше түрлі ұлтшылдар – бәрі де елдің қоғамдық және экономикалық құрылымының қандай болуы керектігі туралы айтысты, өз дә­лел­дерін жеткізуге тырысты. Бәрі де әлеуметтік, ұлттық, экономикалық әділеттіліктің қалпына келуін талап етті. Солардың бәрі де өз айтқандарын ғана дұрыс санайтын. Тіпті олардың уәждері мен талап-тілектері де кәдімгідей иланымды естілетін. Дегенмен де бәрі қосыла келгенде әбден шатысқан және кереғар түйінге айналатын, ол түйін барған сайын тарыла келіп, жас тәуелсіз мемлекеттілікті тұншықтыру қаупін тудыратын. Қысқаша айтқанда бұл кезде саясат экономиканың алдына шығып кеткен еді. Осындай жағдайда Елбасы бәріне де сабырлықпен қарап, бәрінің де сөзін де, бөзін де тауып қоғамның жалпы ыдырауының, саяси көзқарастардың бөлшектеніп кетуінің алдын ала білді. Елбасы сенімді экономикалық негіз болмайынша кез-келген үндеу – шақырулардың елдің тығырыққа тірелуіне ғана алып келетінін басқалардан тереңірек түсінді. Нұрсұлтан Назар­баевтың сол жылдардағы ұстанған саясаты мен тиімді реформалары ғана еліміз­ді болжап білуге болмайтын құрдымнан құт­қарып қала алды.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің бетбұрысты кезеңдерінде Мемлекет басшысы ретінде әсіресе экономикалық және саяси дамудың үлгілерін талдау мәселесіндегі біліксіздікке қатаң қарсы тұра білді. Ешкімнің ойына келмеген және де бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ өміршең маңызы бар шешімдерді батыл қабылдап жатты. Елбасының өз кезінде: – Кейде адамдарды еркінен тыс қазір барғысы келмейтін, бірақ объективті түрде баруға тиіс жаққа жетелеуге тура келді, – деп айтқанын осы күндері еске ала отырып, яғни, билік үшін күрес­тегі батылдық пен билік басындағы батылдықтың екеуі екі басқа екендігін өз ісімен дәлелдей білгендігі еріксіз сүйсіндіреді.

Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін мемлекет саясатының басты қағидаты ретінде белгіледі. Ұзақ жылдар бойы өз жерінде қағажу көрген қазақ ұлтының  дамуы мен орыс және басқа да этностық топтардың құқықтарын сақтау саясаты ұлтаралық қарым-қатынастың тепе-теңдігін орнықтырды. Дегенмен де, Елбасының мейлінше салмақталған бұл ұстанымын жұрттың бәрі бірдей және бірден қабылдай да қойған жоқ. Алғашқы кездерде қазақ­тардың  да, сондай-ақ ұлтшыл-радикалдардың да қарсылықтарын еңсеруге тура келді. «Халықтар достығының лабораториясына» айналған, жергілікті халық – қазақтардың азшылыққа ұшыраған аумағында ұлтаралық қақтығыстардың орын алуы, оны әдейілеп  қоздырудың түрлі амалдары  да бар еді. Жүзден астам ұлт өкілдері тұратын республикада шиеленісті жағдайлар мен тұрақсыздық тудыруға әрекеттенгендер де, ұлтаралық фак­торларды пайдаланғысы келетіндер де табылмай қоймайды.  Мұндай жағдайға да Елбасы лайықты жауап таба білді. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, оны жетілдіру, оны басқа ел­дерге үлгі ету Н.Назарбаев қызметінің дана­лығының көрінісі бола алды.

Әлемдік тарихта мұндай жағдайды Сингапур мемлекетінің құрушысы атанған Ли Куан Ю тұлғасынан да көруге болады. Сингапурдың тәуелсіздік алған 1959 жылынан 1990 жылына дейін елді 31 жыл бойы басқарған Ли Куан Ю тағдыры Қазақстанмен ұқсас бұл мемлекетті таңғажайып табыстарға жеткізді. Елді ұзақ жыл басқарғаны үшін де, басқаларға ұнамайтын шешімдер қабылдағаны үшін де Ли Куан Ю жан-жақтан сынға ұшыраған еді. Сингапурдың Қазақстанмен ұқсастығы олардың отарлық тәуелділікте болуында ғана емес еді. Тәуелсіздік алған тұста Сингапур халқының негізін үш этнос: қытайлықтар – 77 пайыз, малайлар – 15 пайыз, және тамильдер – 7 пайыз құраған-ды. КСРО ыдырап, республикалар тәуелсіздік алған кезде қазақтар да өз жерінде азшылыққа (40 пайыз шамасында) ұшыраған болатын. Тіл мәселесі қа­шан­­да күрделі және  нәзік болып келеді, солай бо­лып қала береді де. Осының бәрінен бұрын дұрыс аңғарған және мүмкін болар салдарды болжай алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орыс тілінің ресми тіл ретінде бекітілуін батыл жақтады. Ли Куан Ю да малай тілін мемлекеттік тіл ретінде жариялай отырып, қытай және тамиль тілдеріне ресми мәртебе бергізді, ал ағылшын тілі қарым-қатынас және жұмыс тілі ретінде қолданылды. Бұдан малай хал­қы ұтылған жоқ, өз тілдерін жаңғырта отырып, ағылшын және қытай тілдерін білулерінің арқасында жаңа технологияларды меңгерді, әлемнің үздік оқу орындарында білім алды, осылайша өздерін де әлемге танытты. Малай тілі де қазір қолдауға ие болуда, үйренушілер саны өсуде, мемлекеттік тілге деген құрмет артып келеді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті,  қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Елбасының мұндай ұстанымы  мен әрекетіне қарсы шыққандар да табылды. Олар тисе терекке, тимесе бұтаққа деген сыңайлы орынсыз сындарын да  айтып жатты. Бірақ, Елбасы өзіне сенім артқан, жауапкершіліктің бар жүгін өзіне ғана артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды. Ең бір қиын сәттерде де халқына ғана жүгінді. – Сынға назар аудармаңдар! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге баға береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үстем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді, – деп айтудан танбаған Елбасы сол кезде өзінің серіктестерін жігерлендіріп, қанаттандырып отыратын.

Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа астананы тұрғызу бастамасы мен оны ақиқатқа айналдыруы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналды. Қазақстанның жаңа астанасы шын мәніндегі жаңа дәуірдің қаласы бола алды. 1994 жылы Н. Назарбаев астананы көшіру ойын алғаш рет алға тартқан кезде бұл жағдай қоғамда екі ұдай пікір туғызған-ды. Қазақстан Президентінің бұл шешімі мейлінше күтпеген жәйт болды. Ел өтпелі кезеңнің ауыр жағдайларын бастан өткеріп жатты. Экономикалық дағдарыс та жан-жақтан қыспаққа алып тұрды. Дәл сол бір қиын-қыстау кездері астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске және де амалың жоқ. Тіпті, дүние тарихында өз тәуелсіз мемлекеттіліктерін қалыптастыру кезе­ңінде бір де бір мемлекет басшысы  мұндай түбе­гейлі батыл қадамға барған да емес.

Жаңа астананың салынуы және көшірілуі рекорд­тық аса қысқа мерзімде өтті. Бұл қадам дағдарыс кезеңінде қазақстандықтардың әлеуметтік опти­мизміне қолдау жасау үшін өте маңызды еді. Астана елдің өткенінен болашаққа, жаңа дәуірге ауысуының нышандық оқиғасына айналды. Жас елдің мүмкіндіктері әлемге паш етілді. Астана саяси және экономикалық қана емес, сонымен бірге Назарбаевтың жеке, адами жобасына да, ұлттық тарихтың жаңа келбетіне де айналды.

Елбасының: – Қазіргі таңда біздің Отанымыздың елордасының атын – Астананы елдің барлық азаматтары жанына жақын тұтып кетті. Астана ауыстырғалы бері әрбір қазақстандық елде іргелі де қажетті шаруа қолға алынғанын сезініп өмір сүре бастады.

Әлемдік тәжірибеде астаналардың, саяси орталықтардың ауыстырылуы нәтижесінде түбегейлі өзгерістерге қарқын берген экономикалық-әлеуметтік даму серпіні және саяси жаңаруы туралы да аз айтылмайды. Осы тәжірибені растағандай біздің Астанамыз да қуатты да, өркенді және барша қазақстандықтарды біріктіретін, сонымен бірге халықты ұштастыратын ұлттық идеяға айналып келеді. Өйткені, Астана – жаңа Қазақстанның күш-қуаты, барлық қазақстандықтардың үміті мен болашаққа деген сенімінің символы бола алды. Астана – Елбасының қолынан шыққан туынды. Астана мен Елбасы есімі ел назарында егіз ұғым болып қалыптасты. Өйткені, жаңа дәуірдегі жаңа Қазақстанның жаңа астанасының салынуын еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасының қазақ мемлекетті­лігін өркенді дамытып, бүкіл әлемге таныту жолындағы дәуірлік ерлігі деп айтуға да толық негіз бар. Елбасымыз еңселеткен Елорда болғандықтан оған басқаша баға беру де мүмкін емес.

Елбасының әлемдік деңгейдегі қабілет-қарымына, саяси іс-қимылына, тиянақты шешіміне, құрдым­ға кете бастаған экономиканы алға жылжыту жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қа­рай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар өзінің тұңғыш Президентіне, тізгін ұстаған Елбасшысына әрқашан қолдау білдірді, қолдау білдіріп те келе жатыр. Тізгіннің сенімді қолға тиюі­нің арқасында ел жаңарды, дәулетіміз толыса түс­ті.

Мемлекет басшысы экономикалық тығырыққа тірелген, саяси дағдарысқа ұшырау алдындағы Қазақстанды жаңа дәуірлік жарқын күндерге жетелеп алып шықты. Өзіне сенім артқан елдің үміті ақталды. Ел мен Елбасы бір ұғымға айналды. «Елбасы» ұғымын алғаш рет Әбіш Кекілбаев 1991 жылы 10 желтоқсанда Н. Назарбаевтың тамаша жеңісінен кейін, ел тарихындағы тұңғыш инаугурация рәсімі кезінде өзінің Мемлекет Басшысына арнаған тілек сөзінде қолданған еді. Содан бері «Елбасы» атауы шынайы ұғымға, бүкіл халықтық атауға айналды. Шындығына келгенде еліміздің Тұңғыш Президентіне Елбасы атағын  еліміздің Парламенті емес, халық әлдеқашан-ақ берген еді. Ел Парла­менті оны заңды тұрғыдан ғана бекітті. Тәуелсіздік туының берік қолда екендігіне ел халқының сол кезде-ақ көзі жеткен еді.

Мемлекеттің, оның басшылығының қандай саясат жүргізуіне, қандай бағыт және жол таңдағанына  сәйкес саяси құрылым, саяси жүйе, саяси билік түрі орнайды. Аталған саяси жүйе мен билік түрі және елдің саяси бағыты жаңадан тәуелсіздік ал­ған елдердің таңдаған даму үрдісіне және сол елдің басшылығының жүргізген саясатына байланысты да қалыптасады. Сол сияқты тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толған Қазақстанның да жаңа мемлекеттілікті қалыптастырудан бастап өзіндік мемлекеттік құрылыстағы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы, елдің қоғамдық өмірінің кезең-кезеңімен демократияландыру бағытындағы қазақстандық жолы қалыптасты.

 «Назарбаевтың нұсқасы» деп аталған бұл стратегия шетелдік саясаттанушылар мен қайраткер­лердің оң бағасына ие болуымен қатар қазақстандықтардың да басым көпшілігінің қолдауына ие болды. Бұл қолдаудың дәйектілігі мен шынайылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің Тұң­ғыш Президенті ретінде де, тәуелсіз елімізді өт­­пе­лі кезеңнің ауыр қиыншылығынан алып шығуда және оның бұл бағыттағы жүргізіп отырған саясатымен байланысты болған Парламент және Президент сайлауларында айқын жеңіске жетуінен де көрініс тауып келеді.

 Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстанның өзіндік даму жолын таңдауы туралы бастамасы алғаш рет 1992 жылы мамыр айында «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясында» жария етілді.

Тәуелсіз еліміздің бағытын айқындауда, оқиғаны болжап білуде, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты стратегиясының қажеттігін баса көрсеткен Елбасы Н. Назарбаев аталған еңбегінде мемлекет алдында қойылып отырған нақты стратегиялық мақсаттарды белгілеп берді. Мемлекет басшысы еліміздің саясат саласындағы басым бағыты жас егеменді мемлекеттің күшті президенттік республика құру бағытына тікелей байланысты болу қажеттілігіне назар аудартты. Стратегияда: «Тәуелсіз Қазақстанның мемле­кет­тілігінің дамуы президенттік басқаруды іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етумен қатар жүретіндігі, Республика Президентінің Мемлекет Басшысы ретінде тиімді басшылық жүргізу үшін барлық қажетті тұтқаларға ие болуы керектігі, оның Үкіметті басқара отырып, жоғары атқарушы билік­тің жұмысымен байланысты мәселелерді шешіп, үкіметте кадрлық тағайындауларды жүргізіп, үкімет пен оның мүшелерінің жауапкерші­лігін белгілейтіндігі» атап көрсетілді.

Мықты президенттік басқарусыз өтпелі кезеңнің экономикалық, саяси және құқықтық қиыншылықтарымен қатар әлеуметтік сілкіністерді алдын алу және еңсеру мүмкін емес болатын. Сондықтан да Қазақстан басшылығы президенттік басқаруды барынша тез және оңтайлы шешуге әрекеттенді. 1993 жылдың соңында жергілікті және Жоғары Кеңестің өзін-өздері таратуы туралы бастамалары мен оның жүзеге асуы еліміздің жаңа Конституциясын қабылдау туралы мәселені күн тәртібіне қайта алып келді.

«Қазақстандық жол» туралы Елбасы Н.Назарбаев осы аттас кітабында: –Бүгіндері Қазақстандағы реформалар тәжірибесінің нәтижелі екендігін халықаралық сарапшылар ғана емес, сонымен бірге әлемдегі басты мемлекеттер лидерлерінің өздері де мойындап отыр. Қазақстанның көшбасшылығы сәтті таңдап алынған өтпелі дәуірдің саяси-экономикалық үлгісіне негізделген. Ол – күшті прези­денттік билік және оған қоса жедел де қарқынды экономикалық реформалар. Біздің үлгінің мәні мемлекеттік билікті әлсіретпестен, нарықтық экономиканың негіздерін жасауға және демократияландыруға бағытталған, сонымен бірге «естен тандырмайтын» түбегейлі реформалардың жиынтығына саяды.

Егер де «Қазақстан жолы» туралы айтатын болсақ әрине бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға ғана қатысты емес. Бұл – жалпы конституция­лық ережелерді ғана емес, сонымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтитын саяси да үлгі. Бұл аса бай ауқымды дүние және дәл осы мәселелерде Қазақстан үлгі аларлық мемлекет ретінде бүкіл әлемге әйгілі болды. Бұл табыстар дүниежүзінде және өз ішімізде аса жоғары бағаланып отыр,– деп жазды.

Ел тәуелсіздігінің баянды болуы мен болашақтың кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы Тұңғыш Президентке артылар жүк те ауыр болды. Артылған жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, әлемдік қауымдастыққа терезесі тең елдер қатарында болуды жү­зеге асыру одан да қиынырақ істерді атқаруды, батыл шешімдер қабылдауды қажет етті. Осы атал­ған аса маңызды мақсат, міндеттерді шешу тұрғысында Елбасы Н. Назарбаев бірден-бір дұрыс қадам жасай алды. Бұл қадам – тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен қалана бастаған Қазақстанның өзіндік даму жолы еді.  

Бұл жол тек экономикалық үлгіні таңдауға, жалпы конституциялық ережелерді қабылдауға, пре­зиденттік күшті билікті орнықтыруды ғана емес, со­нымен бірге саяси режимді, инфрақұрылымды және конфессионалдық қатынастарды қамтудың да саяси үлгісі болатын. Қазіргі уақытта бұл үлгі дү­ниежүзінде, беделді халықаралық ұйымдарда және республикамыздың өзінде де аса жоғары бағаланып отыр. Қазақстанда жиырма жылға таяу уақыт бойы этникалық және діни өзара түсіністіктің сақталуы көп жағдайда қазақстандық жолдың мәр­тебесін арттыра түседі. Бұл жолдың оңтайлы шешілуінің және тиімділігінің Қазақстан Прези­дентінің атымен байланыстырылуы да қазақстандық қоғамның Ұлт Көшбасшысының төңіре­гіне одан әрі топтаса түсу қажеттілігін айқындайды.

Елбасы Нұрсұлан Назарбаев қалыптастырған дамудың қазақстандық жолы ең әуелі тұрақты әрі әлеуетті экономика құрып алмайынша, қоғамдық-саяси дамудың баяу жүретінін және оның ауырға соғатынын бүгінгі күнгі кейбір елдердегі ахуал да дәлелдеп отыр. Саясаттың алға шығып кетуі экономикада және халықтың әл-ауқатын көтеруде қиыншылықтар келтіріп, халықтың жаппай наразылығын туғызғанын, елді тұрақсыздыққа әкеліп соқтырғанын және солай болатынын тарих та алға тартып келеді.

Ұзақ уақыт отарлық езгіде болған елдердің көпшілігінде тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда әртүрлі әлеуметтік топтар мен мүдделер және көзқарастар арасында қайшылықтар болатындығы белгілі. Оларға дер кезінде тоқтау қойылып, мәмілеге келмегендіктен, сонымен бірге дамудың дұрыс жолын таңдай алмағандықтан атал­ған мүдделер мен көзқарастар қақтығысқа ұласып, оның өзі мемлекет тәуелсіздігіне қауіп төндіріп, елдің өркенді дамуына кесірін тигізді. Азия мен Африканың кейбір елдерінде бұндай қақтығыс­тар мен жанжалдар әлі күнге дейін жалғасуда. Кек кекті тудырады дегендей, сол жылдары басталған әртүрлі қақтығыстар әлсін-әлсін қайталануда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұндай қақ­тығыстардың басталып кету қаупі біздің елде де болды. Оның алдын алу Қазақстанның өзіндік даму жолының нәтижесінде ғана мүмкін болды.

Африканың өткен ғасырдың 60 жылдарында тәуелсіздік алған оннан астам мемлекеті 2000 жылы өздерінің 40 жылдық тарихын саралап қорытындылағанда тәуелсіздіктен кейінгі жылдарды «мүмкіндікті пайдаланбаған уақыт» деп бағалауы олардың тәуелсіздіктен кейінгі дамудың дұрыс жолын таңдай алмағандығын мойындатады. Ал Қазақстан бұндай сәтсіздік бен тәжірибені қайталағысы келмеді, өзіне тән қазақстандық даму жолын таңдады.

Тарихты халық қана емес, ұлы адамдар да жасайды. Бұл қағидамен келіспейтіндер кемде-кем шығар. Қандай да бір тарихи оқиғаларды, өтпелі кезеңдерді, мемлекеттердің құрылуын, күшеюін, бұл мемлекеттердің орасан зор территорияға, өркениетке, дамуға ықпал еткенін оқи отырып, сол оқиғаны басқарған, жетекшілік еткен, соңына дейін жеткізген жеке тұлғалардың өмір сүргендігін, сол тұлғалар болмаса, айтылған оқиғалардың қалай өрбитіндігіне күмән келтіріп немесе жоққа шығаратындай күйде болатындығымыз рас. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның даму тарихын бізге өткеннен іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, біздің өзіміз тәуелсіз елімізбен бірге өмір сүріп келеміз. Тәуелсіздіктің қиыншылығын да, жемісі мен жеңісін де, тіпті әрбір қадамын өзіміз де бірге көріп, бірге ілгері жылжудамыз. Содан да болар елдің бүгінгі жетістігі мен табысы құдай берген несібе сияқты болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, әсте де олай емес­тігін, тәуелсіз елдің бүгінгі әлем сүйсініп отырған жетестігін біз  өзіміздің өткенімізбен және бүгініміз­бен салыстыра отырып, тәуелсіздіктің жиырма жыл­дық жолын еңсеру бізге оңайға түспегендігін, мұның сарабдал жолында Еласының даналығы мен көрегендігі жатқандығын айтқанымыз ләзім.

Ұлы адамдарды бұл дүниеге ана әкел­генімен, олар ержете, есейе келе тарихи қажеттіліктерді басқалардан гөрі айқын сезінеді, оларды уақытында іске асыру үшін күштерді дұрыс ұйымдастыра біледі, қиын сәттерден, қарсы күштерден қалай шығуды дөп басады, оларға басшылық етеді. Тарихта ондай жағдайлар көптеп кез­деседі­.

Бұл жағдайдың қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихынан да орын алғандығын әбден мойындауымыз керек. Ел тәуелсіздігінің басында тұрған, өтпелі кезеңнің барлық қиыншылығын еңсеріп, мемлеке­тімізді саяси, әлеуметтік, экономикалық дағдарыстарға соқтырмай, бүгінгі көз көрген ынтымақ пен жетістікке қол жеткізген еліміздің Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың жанкешті еңбегін, дұрыс таңдаған саясатын әлем жұртшылығы да мойындауда.

Айдын теңізге шыққан алып кеменің басқару тетігін өз қолына ұстаған Елбасы Н. Назарбаевтың сан қилы мемлекеттік қызметі мен стратегиялық шешімдерін, салиқалы саясатын тәуелсіз еліміздің шежіресі деп атасақ та болады.

Қазір тәуелсіз қазақ елінің тарихы жасалды. Бірақ оны қазақ елінің Көшбасшысы бола алған Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылы бүкіл халықтық сайлаудан кейін қолға алған басшылық қызметінсіз көзге елестету мүмкін де емес. Өйткені, тәуелсіздік  қарсаңындағы және тәуелсіздіктің сан қырлы соқпақты жылдарындағы оның тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы, оның тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарған қызметінсіз тәуелсіз ел тарихының парақтарын жазып шығу мүмкін де емес, Өйткені, бұл тарихта тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, керегесін керіп, оның әрбір уығын шаншып, шаңырағын көтерген, бар-жоғын түгендеп, іргесін кеңейткен, оны әлем елдері мойындаған мемлекетке айналдырған, онымен санасуға мәжбүр еткен Қазақстан Республикасының Президенті, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  қолтаңбасы, қабылдаған тарихи шешімдері, ұстанған саясаты, саяси қызметі, өзіндік дара жолы жатыр.

Батыстық саясаткерлер мен қайраткерлер де Қазақстанның бүгінгі табыстарын оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Солардың бірі ағылшын публицисі, саяси еңбектерімен белгілі Дж. Айткен мырза «Назарбаев және Қазақстанның қалыптасып дамуы» деген еңбегінде Қазақстанды әлемдік қауымдастықпен таныстырудың, оның жетістіктерін жеткізудің кілті Назарбаев тұлғасында екендігін мойындайды және аталған кітабын осы бағытта жазады. Қазақстанды қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, өркендеу жолындағы, жыл сайынғы өрлеу бағытындағы мемлекетке айналдыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты рөл атқарғанын әлемнің басқа саясаттанушылары да үнемі айтып жүр. Бұның өзі де еліміздегі мемлекет тізгінінің сенімді қолда екендігін еліміз ғана емес басқа елдерге де мойындатуды білдірді.

2011 жыл – Тәуелсіздік тарихының жиырма жылдығы. Бұл жыл аз ғана мерзімде қол жеткізіл­ген табыстар мен жетістіктерді, ғасырлар тоғысында, мыңжылдықтар межесінде Еуразия құрлығының ортасында орын тепкен әлемнің мықты елдерімен бәсекелесе алатын деңгейге жеткен Қа­зақ­стан атты мемлекетті әлемге тағы да бір танытатын жыл болмақ. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы мерекелік шаралар мен салтанат өткізетін жыл ғана емес. Бұл қазақ елінің жасампаздық пен тұрақтылықтың, әлемге үлгі боларлық тәжірибесі мен үлгісін, экономикалық өрлеуі мен әлеуметтік саясатының, қазақстандық өзіндік даму жолының дұрыстығын паш ететін жылы болмақ.

Мерекелік іс-шараларды дайындау, өткізу және оны көрсету Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, құндылығын, мән-мағынасын, табыстары мен жетістіктерін әрбір қазақстандықтың сезіне алатындай, патриоттық сезімі оянатындай, қазақ елі үшін мақтана алатындай сезімі мен әсері және тиімділігі болуы керек, солай болады да. Өйткені, оған еліміздің 20 жылда жүріп өткен қиын да табысты жолдары, беделі мен мәртебесі кепіл бола алады.  

1991 жылы 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында өткен митингіде Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың: –Тәуелсіздіктің біздің бәрі­мізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өз­ге ұлт өкілдеріне де жетеді. Тарих көші ұзақ. Асық­сақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін,–деп айтқан сөзінің бүгінгі күні шындыққа айналғанын көріп отырмыз. Тәуел­сіз­діктің алғашқы таңында айтылған бұл сөздің ақиқатқа айналуына да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық сеніміне лайық бола алу қасиеті мен берілген уәделерді орындауы және қажымас қайраты мен табандылығы, көреген саясаткерлігі себеп болғанын мойындағандар жетіп артылады. Сонымен бірге Қазақстан халқы еліміздің жасампаз бүгіні мен жарқын болашағының кепілдігін Елбасымен байланыстырады.

Тәуелсіздіктің бастауында болған Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев ел ертеңін де айқындады. Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі. Үш сөз. Бір біріне етене жақын, бір-бірін толықтыратын, өзара сабақтас сөздер. Тәуелсіздік десек, ең алдымен оның бастауында болған, оны нық сеніммен алға апарған, тәуелсіз ел мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде елді басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгінгі өркенді дамуға жеткізген Елба­сы мен Ел ертеңі тағы да алдымыздан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елбасы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басшылығын одан әрі қолға ұстауымен байланыстырылады.

Елбасының, Ұлт Көшбасшысының еңбегі мен беделін оның өткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы да Елбасының еңбегін осылай бағалайды.

Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өр­кенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан да Елбасы, Ел тәуелсіздігі, Ел ертеңі ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білуіміз парыз етіледі. Бұл біздің, ұрпақтарымыздың болашағы үшін қажет.

Өзіміздің ел тәуелсіздігінің тарихы және Елбасының ел егемендігіндегі рөлі жөніндегі ойымызды қорыта айтқанда, аз ғана уақытта Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілі­гімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғандығын бөле-жара атап көрсету қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін-өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең болатындығын дәлелдеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүр­гіз­ген бұл саясаты мен бағыты қазіргі уақытта «Қа­зақ­станның даму жолы» ретінде дүниежүзі қауымдастығынан мойындалды. Қазақстанның Тәуелсіз­дігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр.  

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Егемен болмай ел болмас. Махамбет
    Егемен ел – Тәуелсіз ел
    20 жыл бойы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі басқа мемлекеттердегідей жалпы халықтық көтеріңкі көңіл-күймен тойланған емес. Меніңше, бұның үш себебі бар. Біріншіден: Еуропалық жаңа жылдың көлеңкесінде қалуы. Екіншіден: Қызыл империяның қабырғасын сөккен дербестік жолында құрбан болған, асқақ рухты қазақ жастарының жадымыздан өшпес орын алуы. Үшіншіден: желтоқсан айындағы ауа райының қолайсыздығы. Оған 2012 жылдың желтоқсаны нақты дәлел бола алады. Осы жылы ауа райының өрескел аяздығына байланысты Қазақстан тереториясында Тәуелсіздік мерекесі тойланбай қалды. Бұл біздің ұлттығымызға, елдігімізге сын. Сондықтан, Тәуелсіздік күнін нақтылап өз орнына қойғанымыз абзал. Қазақ елі өзінің егемендігін 1990 жылы 25 қазанда қабылдағаны мәлім. Қазақ (Советтік Социалистік) Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы деклорация бұлай басталады. «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Советі Қазақстан халқының еркін білдіре отырып…
    Қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып,
    ізгілікті демократиялық, праволық мемлекетті құруға бел байлауды негізге ала отырып,
    Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігін жариялайды және осы Деклорацияны қабылдайды» – деп 17 бөлімнен тұратын құжатты бекітеді. Деклорацияда егемен ел ретінде, ел аумағының бөлінбес бір тұтастығы, мемлекеттік рәміздердің қастерленуі, тіпті егеменді мемлекет ретінде жаңа Конституциясының жүзеге асырылуы жайында нақтылы айтылады. Ал, 1995 жылдың 30 тамызында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 2-бабындағы 1,2 тармағында «Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» – деп көрсеткен. Осынау, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы Деклорация мен 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституцияда ТӘУЕЛСІЗ деген сөз бірде-бір рет қолданылмаған. Демек, Егемендік пен Тәуелсіздік – егіз ұғым. Махамбет бабамыздың «Егемен болмай ел болмас» – деуі тәуелсіз, дербес ел болуды аңсауы. Сондықтан, 25 қазан күнін Тәуелсіздік һәм Республика күні ретінде тойлауды, ал 16-17 желтоқсанды «Қазақ рухы» күні деп атап белгілеуді ұсынамын.
    Самат Сыпатайұлы

  2. мен 5 сыны оқушысымын маған бұл шығарма қатты ұнады.Тамаша,керемет

  3. Буны мен 3 4 рет оқып шыктым,маған қатты ұнады

Пікірлерге тыйым салынады.