«Көші-қонның бүгінгі жағдайы» атты дөңгелек үстел жиыны болып өтті

  • 06.05.2014
  • 392 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Алматыдағы       Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Көші-қонның бүгінгі жағдайы» атты дөңгелек үстел жиынын өткізді. Жиынға  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінен және ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы департаментінен арнайы өкілдер шақырылды.

 Шараға сондай-ақ, көші-қонға бейжай қарамайтын қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және түрлі қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынды өткізуге  22-сәуірде Астанадағы  Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингтегі ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенованың мәлімдемесі түрткі болды.

2013 жылғы 10-желтоқсанда бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес оралмандарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін берілетін болған еді. Ал  8-сәуірден бастап Үкіметтің «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» №248 қаулысы бойынша  Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге өңірлерге келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру тоқтатылған болатын.

Көші-қон мәселесі бойынша 22-сәуірде өткен Үкімет отырысынан кейін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрамына барлық құзырлы орган өкілдері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан төрағаның орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев кіретін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оралмандар мен  олардың отбасы мүшелерін бейімдеу және ықпалдастыру тетігін жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы  Қазақстан заңнамалары мен нормативтік-құқықтық актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы өз ұсынысын министрлікке 5-мамырға дейін табыс етуі тиіс болған еді. Енді бұл мәселе Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының осы жиынынан кейін, 15-мамырда Министрліктер үйінде өтетін жұмыс тобының отырысында талқыланатын болады.

Алдыңғы «
Келесі »