ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ЖҮЙЕСІ: сапалық өзгерістер

  • 30.11.2011
  • 37425 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нәубәт Қалиев – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия 

ұлттық университетінің профессоры, саяси ғылымдарының докторы 

Тәуелсіздік жылдары елімізде қалыптасқан саяси жүйенің түбегейлі айырмашылығы неде? Осы жылдар  қоғамның саяси жүйесінің  табиғаты мен құрылымына, қызметіне әкелген негізгі өзгерістердің мәні мен мазмұны, сапасы неден көрінеді?  Бұл Тәуелсіз Қазақстанның мереке қарсаңында әр саясаттанушы мен саясаткерді ойландырары хақ.  Біз де осыған жауап іздеуге талпыныс жасадық.  

Тәуелсіздік жылдары  Қазақстанның жаңа мемлекетін  және оның  саяси жүйесін қалыптастыру оңай болған жоқ.  Бұл үрдіс өте қайшылықты, тартысты, қателіктер мен қатерлер арқылы жүргенін ашық айту қажет.

 Қазақстан мемлекеті нысаны мен табиғатын анықтауда ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында еліміздің саяси басшылығы мен интеллектуалдық күштері алдында  аса күрделі міндеттер тұрды.

  Сол тарихи да тағдырлы уақытта  дербес мемлекетті құру ісіндегі төтенше   жауапкершілікті өзіне алған Н. Назарбаев былай деп толғанады: «Қазіргі сарапшылар белгілі бір саяси режим жайында баға бергенде, оның мойнындағы міндеттерді ескермей, баға беруге тырысады. Ол мемлекетті қалыптастыру, бір экономикалық жүйеден екінші бір экономикалық жүйеге көшу, демократиялану процесін дамыту, әлеуметтік және ұлтаралық орнықтылықты сақтау және нығайту, сыртқы саяси бағыттар желісін тарту… Ұлттық жаңару, мемле­кеттікті қалпына келтіру әрдайым оп-оңай жүзеге аса бермейді»  [1, 128 б.].  

Тәуелсіз Қазақстан  мемлекетінің қалыптасу  кезеңі бұрынғы КСРО аумағында саяси, әлеуметтік экономикалық мүдделер мен қатынастардың ерекше шиеленісуі үдерісімен қабаттаса жүрді. Әлеумет­тік топтардың мүдделері мен қажеттерін бұрынғы саяси режим қанағаттандыра алмады. Оның ішіндегі ең өткір, шетін тұрғандары – азаматтардың саяси, экономикалық және әлеуметтік құқықтарын кеңейту, сөз бостандығы, ұлттар мен этностардың тіл, мәдениет саласындағы сұраныстарын мүмкін­дігін­ше қанағаттандыру, азаматтардың қауіпсіз­дігін нығайтып, азаматтық татулық пен қоғамдық тәр­тіпті нығайту еді. Қазақстанның болашақ мемле­кеттік дамуы туралы берік, сындарлы  тұжырымдама әлі қалыптаспаған еді.

Ол кездегі еліміз алдында тұрған ең күрделі проблема  мемлекетті қалыптастыру еді.  Мемлекет – саяси жүйенің аумақтық, заңды,  жария, егемен, легитимді, құқықты,  жоғары деңгейде  инсти­тут­танған, жалпыға бірдей әмбебап ұйымы. Ол  қоғамның  саяси жүйесінің бір бөлігі бола отырып, мақсатты, жария, ашық, заңды, ел мен халықтың  еге­мендігінің бірден бір көзі, субектісі  және егесі ретін­де қызмет істейді. Мемлекет саяси жүйенің бір бөлігі, ал ол сонымен бірге, оның  барлық кіші жүйе­­лері мен салаларын қамтитын, біріктіретін, заңдар аясында олардың бүкіл қызмет-тіршілігін реттейтін,   олар үшін біртұтас, ажырамас және бөлінбес  ұйым болып табылады.  Ғылыми әдебиетте мемлекеттің не­гізгі аса маңызды, сөзсіз, қоғамдық қатынастар табиғаты мен мүдделеріне жауап беретін және тиімді мемлекет құру мүддесіне сәйкес келетін белгілеріне отандық және шетелдік зерттеушілер дәлел­деуі бойынша мыналар жатады: аумағының; азаматтығы бойынша біріккен халқының; белгілі ішкі және сыртқы функциялары анықталған, бұларда саралап, ауқымы мен міндеттерін  анықтаған, қоғамдық қатынастардың барлық саласын реттеуге қабі­летті, қажетті адами,  материалдық және қаржылық ресурстарға ие тармақталған  басқару аппаратының болуы; халықаралық қауымдастық мойындаған шекарасы; елдің егемендігін, тұтастығын,  қорғанысын, азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұлттық армиясының, құқық қорғау органдарының (сот, прокуратура, милиция, арнайы қауіп­сіздік қызметтері және т.б.) болуы. Қазақстанда жиырма жылда осы аталған белгілер мен қасиеттерге сай келетін егемен, әлеуетті, әлем мойындаған және санасатын мемлекет қалыптасты. Ал елде қалыптасқан  мемлекеттік құрылыстың табиғаты, демократияның деңгейі оны саяси жүйесі қызме­тінен көрінеді. 

Саяси жүйе сөздің кең мағынасында  –  белгілі бір қоғамдағы билік қатынастарының іс жүзінде анықталынып, қабылданып, орындалуының тұрақты формасы. Ол – елдегі бүкіл саяси өмір, саяси қатынастардың және саяси институттардың жиынтығы.

 Бұл жерде транзиттік, өтпелі қоғамдардағы аса күрделі міндеттерді шешуге, күрделі қоғамдық қатынастарды реттеуге қызмет ететін жаңа саяси жүйені қалыптастыру күр­делі мәселе екенін еске ұстаған жөн. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында  жаһандану, ақпараттық қоғам, халықаралық байланыстардың күшеюі жағдайында саяси жүйе мен оның институттарының функциялары барған сайын күрделеніп, тармақталып, олар қамтитын құбылыстар мен қатынастардың ауқымы кеңейіп, олардың өзара сабақтастығы, өзара байланыстары күрделенген  уақыт болатын. Осы жаңа әлемге, оның күрделі саяси-экономикалық, идеологиялық қатынастарының дербес субъектісі ретін­де ұмтылып отырған Қазақстан, алдымен, өзін-өзі мемлекет ретінде анықтап, мемлекеттік-конституциялық құрылысын түбегейлі бекемдеу міндеті тұр­ғаны айдай ақиқат еді. 

Бүгінде, жиырма жылдық дербес дамудың биігінен еліміз бұл жауапкершіліктен абыроймен шықты деуге негіз бар. Әлемдегі, әсіресе, демокра­тиялық елдердегі саяси жүйелерді зерттеген, теориялық ой-толғамдарын әлем саясаттанушылары мойындаған  Толкотт Парсонс, Дэвид Истон,  Габриель Алмонд, Карл Дойч, Дж. Бингем Пауэлл және тағы басқа батыстық оқымыстылардың саяси жүйе және олардың негізгі институттары  функциялары туралы іліміне сүйенсек, Қазақстанның саяси жүйесі институттарының конституциялық өріс аясындағы қызметінің де өте күрделі, сан тарапты екендігіне толық көз жеткізуге болады.

 Аталмыш оқымыстылардың, сондай-ақ, ел ғалымдарының мемлекет құрылысы, саяси жүйе табиғаты мен қызметіне  қатысты ғылыми зерттеу­леріне сүйене отырып, қазіргі кезеңде еліміздің саяси жүйесінің қызметіне тән мынадай негізгі функцияларды атап көрсетуге болады:

– Конституцияға және басқа да заңнамаға сәйкес қоғамды қазіргі заманның табиғаты мен талаптарына сәйкес ғылыми басқару;

– қоғамның  алдындағы мақсат пен міндеттерді анықтау және соған сәйкес  бүкіл қоғамды және оның ресурстарын жұмылдыру;

– қоғам мүшелерін әлеуметтендіру;

– артикуляция –яғни, қоғамдағы әртүрлі таптардың, топтардың мүдделерін анықтау, бейнелеу және оларды саяси жүйе институттары қызметінде еске алуына жетісу және тағы басқалары.

Бүкіл халықтық референдумда 1995 жылғы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің саяси жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастырды. Осы жылдан еліміз саяси жүйесі дамуының жаңа кезеңі басталды. Ал, еліміз­дің осы жылдардағы конституциялық дамуы оның іргелі негіздерінің беріктігін, өміршеңдігін, оны құраушы  институттық құрылымдардың міндеттері мен басқару мүмкіндіктерінің дұрыс анықталғандығын дәлелдеді.    

   Еліміздің саяси жүйесі құрылымындағы жаңаша   түбегейлі «анатомиялық» түзілу мен түрленудің мәні мен мазмұнын жиырма жыл деңгейінен  жинақтай айтсақ, біздің пікірімізше,  негізінен мыналар­ға келіп саяды:

– ең алдымен, еліміздің саяси жүйесінде бұрын болмаған Президенттік институт, қос палаталы, кәсіби негізде жұмыс істейтін Парламент, көппартиялылық, азаматтық қоғам институттары   Қазақстан халқы Ассамблеясы тәрізді принципті жаңа саяси құрылымдардың түзіліп, қалыптасуы және қызмет жасауы;

– қоғамдағы демократия мен сөз  бостандығының даму деңгейі мен пәрменділігінің басты көр­сеткіштерінің бірі тәуелсіз, беймемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының дербес те әлеуетті жүйесінің пайда болуы;

–  Қазақстанда бұған дейін болмаған, қоғамдық өмірдің барлық салаларын кеңінен қамтитын жаңа азаматтық институттардың қалыптасып, дамуы және олардың қызметіне қажетті ұйымдық-құ­қықтық негіздердің нығаюы;

–  халықаралық танымал демократиялық институттар негізінен біртіндеп  мойындаған еліміздің жаңа сайлау жүйесінің қалыптасуы;

– биліктің негізгі үш тармағының: Президент, Парламент және Үкіметтің біріккен еңбегінің нәтижесінде еліміздің саяси жүйесінің барлық құрамдас  бөліктері  қызметінің құрылымдық, ұйымдық-құқықтық және өзара қарым-қатынасы  мәселе­лерін жан-жақты реттейтін, еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнату бағытында әлеуметтік-экономикалық дамуын  қамтамасыз ететін заң жүйесінің жаңадан түзіліп, қабылдануы және бұл үрдістердің қоғамдық қатынастардағы қажеттіліктерге байланысты үнемі жетілдірілуі.

Бұл – қоғамдық қатынастарды, әлеуметтік топтарды, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдарды қамтуының ауқымы, жалпы табиғаты жағынан терең де, көп қырлы, сапалық өзгерістеp. Президент, Парламент институттары, әлсіз де болса, көп­партиялық жүйе осы өзгерістердің ең маңызды да, мәндісі  бағалаған жөн.     

Сөз жоқ, жаңа тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесіндегі  ерекше орында, бұрын болмаған жаңа құрылым – Президент институты тұр. Еліміздің мем­­ле­кеттік басқару жүйесінде Президент лауазымы Қазақ ССР-і Конституциясына енгізілген 1990 жылғы 24 сәуірдегі өзгерістерде анықталды.  Сол уақыттан бері халқымыз осы ең жоғарғы мем­лекеттік саяси лауазымға Н. Назарбаевты  бірнеше мәрте сайлап келеді.   

1995 жылы қабылданған Конституция, оған 1998 және 2007 жылдары  енгізілген өзгерістер мен толықтырулар еліміздегі бүкіл билік жүйесінде  Президент институтын үнемі нығайту бағытында. Ең алдымен, еліміздегі басқару жүйесі «Прези­денттік басқару  нысанында» деп сипатталады. 1995 жылғы Конституцияның жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобын басқарған академик Ғ.Сапарғалиевтың пікірінше, бұл белгілі бір деңгейде даулы түсінік [2 ].  

  Ғылыми әдебиеттерде «басқару нысаны» деп республика немесе  монархия есептеледі. Осылай атау әбден  қалыптасқан, ғылыми ортада бекіген түсініктер.  Ал «президенттік басқару нысаны» деген түсінікті Конституция авторларының төл шығармашылдығы, қазақстандық конституциялық теориядағы ізденіс, басқару нысанын анықтаудың қазақстандық нұсқасы деп түсінген абзал. Бұған ресейлік белгілі мемлекеттанушы-ғалым В. Е. Чиркин кезінде назар аударып,  уақыттың басқару формалары туралы түсініктерге өзгеріс енгізетіндігін, Қазақстан Конституциясы «президенттік республика» деп ешқандай екіұштылықсыз, тура атайтындығын  арнайы атап көрсеткен болатын [3].  

Конституцияда президентализмнің демократия институты ретіндегі саяси жүйедегі орны, мәртебесі өкілдіктері көрсетіліп, 40-шы бапта: «Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституция мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының рәмізі әрі кепілі», – деп нақты көрсетілген.

Саяси жүйенің құрамдас бөлігі болып табылатын – Президенттік институттың қалыптасып, дамуы, оның бедел алуы ұзақ, күрделі процесс. Сөз жоқ, президенттік институттың қоғамның саяси жүйесіне етене, икемді, ажырамас құрамдас бөлігі ретінде кірігіп кетуі, саяси бейімделуі бедел алуы уақытты, тәжірибені, үлкен заң шығарушылық қыз­метті қажет етеді. Бұл процестер біздің елімізде терең саяси тартыстарсыз, саяси сілкіністерсіз, эволюциялық жолмен  өтті.

Президенттік институт саяси жүйедегі ерекше институт және барлық партиялар мен қоғамдық-саяси ұйымдар қызметінің кепілі болғандықтан, ол бүкіл саяси жүйеге немесе оның басым көпшілігіне сүйенгенде ғана саяси жүйеде топтастырушы, байланыстырушы рөл атқарады. Бұндай тірек-сүйенішсіз президенттік институттың әлеуметтік-саяси базасы әлсіз болуы мүмкін.

Назар аударарлық бір мәселе – Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы кеңестен кейінгі барлық елдерде президенттік немесе жартылай президент­тік билік жүйесі пайда болды. Бұл саяси жүйе дамуындағы, ел алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің күрделілігіне байланысты. Билік тармақтары, әсіресе, Парламент пен атқарушы билік арасындағы текетірес пен шиеленісті, толассыз талас, елдердің саяси мәдениетінің ерек­шелігі президенттік институтты өтпелі қоғамдар, ке­зең­дер алдында тұрған міндеттерді шешудің тиімді билік нысаны ретінде таңдау – ұтымды жол.

Қазақстандағы осы саяси-мемлекеттік институттың қызметіне келсек, жиырма жылдан астам уақыт  президенттік институттың ұтымды жақтарын көр­сетіп берді.

Біріншіден, Президентті бүкіл халықтың сайлауы, бүтіндей алғанда, саяси жүйенің демократиялық легитимділігін көрсетеді, өйткені, Президент қызметі  қашан да көпшілік сайлаушылардың мүддесін білдіреді.

Екіншіден, билік тармақтарының аражігінің анықталып, президенттік институттың қызметі демократиялық саяси жүйедегі әртүрлі шектеулер мен өкілдіктер арқылы саясат таразысын тең ұс­тауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, бүкілхалықтық сайлау арқылы сайлаушылар саяси жүйенің бүкіл қызметіне принципті, жанды өзгерістер енгізе алады, саяси құндылықтар мен  басымдықтарда сабақтастықты қалыптастырады.

Осы жылдары жаңадан қалыптасқан, кеңестік жүйеде болмаған  биліктің  маңызды тармағы –  қос палатадан тұратын  Қазақстан Республикасының заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы қос палаталы Парламент болды. 

Қазақстанның кәсіби парламентаризмге келер жолы күрделі де қайшылықты, саяси шиеленісті, бұралаңды  болды. Осы  тартысы көп, қиын жолда бұрынғы  Конституциялар бойынша (1978 және 1993 ж.) сайланған Республика    Жоғарғы  Кеңесінің 1990 жылы сайланған он екінші, 1994 жылы сайланған он үшінші құрамдары саяси себептерден өкілділік мерзімі аяқталмай, мерзімінен бұрын таратылды. Соңғы құрамы бір жылдай ғана жұмыс істеді.     Елімізде парламенттік демократия, парламентаризм көптеген қиындықтармен, саяси тартыспен, қайшылықтар арқылы, біртіндеп қалыптасып келеді.

Ел Парламентінің 1995 жылғы Конституция және «Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық Заңының негізінде он бес  жылдан астам уақыт  ішіндегі белсенді заң шығарушылық,  өкілді және саяси қызметінен   белгілі бір тарихи-саяси, демократиялық  қорытындылар шығаруға болады.    

Біріншіден, Парламент негізгі саяси  және әлеуметтік күштердің, ірі этнос өкілдерінің мүддесі тоғысқан, белсенді қызмет жасаушы коллегиялық органға айналып, маңызды мемлекеттік институт ретінде қалыптасты. Парламентсіз елімізде шынайы демократия, құқықтық мемлекет орнату мүмкін еместігіне бүкіл қоғамымыздың көзі  жетті.

Екіншіден, конституционализм талаптарын сақтай отырып, өзінің сан-салалы заң шығарушылық қызметі арқылы Парламент заңдардың күр­делі архитектоникасын анықтап, бүкіл мемлекеттік құрылысты   заңнамалық нығайтудың әлеуетті кепіліне айналды.  Қазақстан Парламенті он  бес  жылда Конституция негізінде және оның қағидаттары мен талаптарын қоғамдық қатынастардың түрлі салаларында жүзеге асыру және реттеу   мақсатында 2 мыңға жуық заң қабылдап, еліміздің саяси экономикалық және әлеуметтік рухани  жаңаруын заңнамалық тұрғыдан кешенді де түбегейлі  қамтамасыз етті. Бүгінде Парламенттің заң шығарушылық қызметінен тыс қалған, мүдделері еске алынбаған  бірде-бір  маңызды қоғамдық сала немесе әлеуметтік топтар жоқ деп айтуға толық негіз бар.     

Үшіншіден, Парламент пен парламентаризмнің  демократиялық  және құқықтық-заңнамалық,  бай танымдық, тәрбиелік  ұлағатынан өткен депутаттар корпусы   ұлттық элитаның қатарын, жоғарғы мем­лекеттік органдарды жаңа,  тың күштермен толықтырудың  жемісті саяси мектебіне айнала бас­тады деуге  толық негіз бар.   Әрине, Парламент саяси  элитаны қалыптастырудың бірден-бір мектебі емес. Олар Президент Әкімшілігі жүйесінде, ғылыми ұжымдарда, Үкімет құрамында, облыстық әкімдіктердің жоғарғы буынында, саяси партиялар жүйесінде де  қалыптасады. Алайда, саяси жариялылық пен ашықтықтың, билік легитімдігінің мек­тебі болып табылатын, бүкіл тіршілігі халықтың көз алдындағы парламентшілердей басқа топтар әлеуетті, саны жағынан көп емес.     

Парламенттің нығаюымен бірге, парламентші­лердің өздері де  өсіп, саяси, демократиялық, интеллектуалдық  құқықтық, рухани тұрғыдан толысып, кемелденді. Олар парламентаризм мектебі аясында  елдегі күрделі қоғамдық қатынастардың  табиғатына үңіліп, зерделеп, ондағы қайшылықтарды, заңмен реттелмеген проблемаларды көріп,  талдауды, елдегі кезек күттірмейтін, халықты алаңдатып отырған әлеуметтік-экономикалық, рухани өзекті мәселелерді Үкімет алдына қойып, шешілуін талап етуді  игерді.   

Еліміздегі 1998 және 2007 жылдары өткен конституциялық өзгерістердің екі толқыны да, ең алдымен, негізінен, Парламенттің Президентпен, Үкімет­пен өзара қарым-қатынасын, құзыреттерін және оның  депутаттарын сайлаудың ұйымдық-құқықтық  мәселесін қамтыды

Соңғы конституциялық өзгерістердегі парламент институтының рөлін көтеруге жасалған қадамдар белгілі бір  мөлшерде парламентаризм институтын нығайтуға бағытталғанымен, біздің пікіріміз­ше, ол әлі жеткіліксіз. Ол парламентаризм институты беделін нығайтудың түбегейлі мәселелерін шешкен жоқ.  Ал, өкілді органның пәрменді де, көпсалалы қызметінсіз қазақстандық жаңаруға қажетті құқықтық өрісті қамтамасыз ету, мемлекеттік құрылысты, кадр саясатын жетілдіру, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді күресу, елді демократиялық басқару стилін қалыптастыру мүмкін емес.

Бұл реттегі ең басты мәселелердің бірі – Парла­мент­тің бақылау функцияларын кеңейту. Парламен­таризмнің мәні – мемлекеттік билік жүйесіндегі Парламенттің белгілі бір үстемдігі және атқарушы билік қызметіне оның тарапынан нақты бақылаудың болуы. Бұл екі талап тұрғысынан келгенде де, еліміз Парламентінің қызметі шынайы толыққанды парламентаризмге қойылатын талаптарға толық сай келмейтіндігі белгілі.

Конституциялық дамуымыздың келесі сатысында Парламентке бүгінгі конституциялық өрісте белгілі бір бақылау функциялары берілуі керек деп есептейміз. Нақты бақылау функциялары жоқ Парламент – халық өкілеттігі мен билігін пәрменді жүзеге асыра алмайды.

Осы ретте конституциялық теория саласындағы белгілі неміс ғалымы В. Гессеннің: «Нағыз демократиялық мемлекеттің парламенттік болмауы мүмкін емес, парламентаризм конституциялық режимнің тәжі болып табылады» [4] деген тұжырымын еске салғымыз келеді. Қазақстанның да конституциялық режим мен конституциялық жетілуі жолындағы аса маңызды қажеттілік, ең алдымен, Парламенттің, әсіресе, Мәжілістің құзыреттерін кеңейту.

Республика саяси жүйесіндегі келесі бір елеулі өзгеріс – әлжуаз, әлсіз де болса, көппартиялылықтың қалыптасуы. Бұл үдеріс  елімізде қайшылықты, күрделі болды. Саяси партиялар да қалыптасудың, дамудың «балалық ауруын» өз бастарынан кешті.

Олай болу табиғи да заңды еді. Біздің халқымыздың да, оның саяси лидерлерінің де саяси және идеологиялық әр алуандықта өмір сүру, дербес мемлекетті басқару тәжірибесі жоқтың, барлығы дерлік кешегі СОКП-ның саяси мектебінен шыққан жандар еді. Оларға тәуелсіз, көпұлтты, халқының саяси және әлеуметтік жіктелуі аяқталмаған мемлекеттің жаңа саяси жүйесінде жаңа бағдарламаларға негізделген саяси партиялық құрылысты қалыптастыру оңайға түспегені белгілі.

Қазақстанның партиялық жүйесінің қалыптасуына 1996 және 2002 жылдары Парламент қабылдаған «Саяси партиялар туралы» Заң қажетті құқықтық-ұйымдық өрісті қалыптастырды.   

Дамыған демократиялық елдерде партиялар саяси инфрақұрылымының әлеуетті, саяси дербес, белсенді құрамдас бөлімі болып табылады. Азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасындағы саяси делдалдық, дәнекерлік рөл атқара отырып, олар қоғамдық пікірдің қалыптасуына, азаматтардың позицияларына шешуші әсер етеді.  Кемел, толыққанды партиялық жүйесі бар мемлекеттердегідей, біздің елімізде де саяси партиялар мынадай   аса маңызды функцияларды жүзеге асыруға тұрақты  ұмтылып келеді:    

а) халықтың қоғамдық саяси белсенділігінің стихиялық түрлерін бақылау мен ықпалдастыруға болатын институттандырылған нысандармен алмас­тырып,  азаматтарды саяси өмірге қатысуға ынталандыру;

ә) халықтың әлеуметтік жіктері мен топтарының шынайы мүдделерін анықтап, оларды сұрыптап, жинақтап, шоғырландыру және өзінің көп векторлы қызметі арқылы соларды қорғап, жүзеге асыруға ұмтылу; 

б) елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани ахуалды, олардың даму үрдістері мен бағыттарын үнемі жіті талдап, өзгеру перспективаларына,  өзгерістері мен мүмкіндіктеріне болжамдар жасау;

в) азаматтардың саяси мәдениетін жетілдіру және олардың саяси кемелденуі мен азаматтық позициясын қалыптастыру жөнінде тұрақты да мақ­сатты жұмыс жүргізу;

г) билік органдарына сайлау кезінде кандидаттар ұсыну және оларды қолдау, өкілетті және ат­қарушы билік органдары мен жергілікті өзін-өзі бас­қару құрылымдарының қызметіне қатысу және тағы да басқалай.

Қазақстандағы  демократиялық үдерістерді тереңдетуге, саяси партиялардың қызметін жандандырып, олардың мемлекеттік билікті жүзеге асыруға қатысуына кең құқықтық өріс ашуда. Қазақстан Парламенті 1998 жылғы 7 қазанда қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының орны ерекше болды. Заң – ең алдымен, Парламент Мәжілісіне 10 депутаттың партиялық тізім­дер негізінде сайланатынын анықтап, Парламентке барлық саяси партиялардың өз өкілдерін жіберуіне және сайлаушылардың өздерінің саяси еркін, толығырақ және баламалы таңдау негізінде жүзеге асыруына мүмкіндік берді. Осы демократиялық қадам барлық саяси партиялар өміріне үлкен қозғалыс әкелді. Парламентке 1999 жылғы сайлау кезінде елдің саяси жүйесі серпінді қозғалысқа келіп, саяси партиялар өмірі жанданып, олар өз қызметіне электораттың назарын аудару, олармен жұмыстың әр түрлі нысандарын пайдалану, БАҚ-пен жұмыс, әртүрлі әлеуметтік топтардың мүд­делерін қамтып, өзінің әлеуметтік базасын, қатарын кеңейту  жөнінде ілкімді де икемді шараларды жүзеге асырды.  Бұл ретте, әсіресе, Коммунистік  партияның сайлау кезіндегі  жұмыстары қайсыбір жергілікті ресми билік тарапынан көрсетілген біршама тосқауылдарға қарамастан, еліміздің электораты санасынан өз орнын тапқанын атап өту әділеттілікке жатады.  1999 жылғы сайлау қорытындысында депутаттар құрамындағы жаңару нәтижесінде ел Парламентіне – саяси элитаға жаңа толқын келді. Парламенттің жаңа саяси-партиялық құрамының ықпалымен оның бүкіл қызметінде көп мүдделі, алуан үнді, сан пікірлі қазақстандық электораттың шынайы дауысы, позициясы естіле бастады.  Қазақстан Парламенті еліміздегі әлі де әлсіз саяси әр алуандылықтың, әлжуаз оппозицияның ұстанымдары мен пікірін де қамтып, жария демократиялық трибуна ретінде қалыптаса бастап  еді. Өкінішке орай, бұл процестер Парламент Мәжілісіне 2004 жылғы күздегі сайлаудың барысында тоқтап, сол келеңсіз саяси ахуал 2007 жылғы сайлауда да жалғасты. Ресми солшыл оппозиция да (коммунистер) және ұстамды оңшыл оппозиция да («Ақ жол» партиясының өкілдері) Парламентте бірде-бір орынға ие болған жоқ. 

  Бүтіндей алғанда, «партия» деп аталатын көп­функционалды әлеуметтік-саяси феномен талаптарына толық сай келетін партиялардың қалыптасуына қажетті сындарлы және берік  конституциялық, заңнамалық негізінің болуына қарамастан, біздің пікірімізше, елімізде қайшылықты, созылмалы сипат алды. Оның әртүрлі объективті және су­бъек­тивті себептері болды:

– партиялардың, олардың лидерлерінің негізінен бірпартиялық, бір идеологиялық жүйеде тәрбиеленіп, шыңдалуы жаңа әлеуметтік- экономикалық, саяси-идеологиялық кеңістік пен шындықта қызмет жасауға дайын еместігі, кейде  тіпті дәрменсіздіктері;

– жеке лидерлердің саяси өркеуделілігінен (амбиция) туған саяси бағдарламасы жағынан  қайсыбір ұсақ партиялардың да пайда болуы, олардың көпшілігінің жастардың, интеллигенцияның арасында беделінің төмендігі;

– халықтың саяси мәдениетіндегі олқылықтар, партиялардың саяси-ағартушылық, халықты  саяси әлеуметтендіру, әртүрлі мүдделерді артикуляциялау, агрегациялау сияқты партиялардың өз­деріне тән ең маңызды функцияларды толық игере алмауы немесе олардың маңызын  жете бағаламауы, бұқарамен жұмыстың бүгінгі заманғы әдістері мен техникасын игере алмауы.

Қазіргі партиялық өрісте әртүрлі саяси-идеологиялық, ақпараттық-технологиялық ресурстарды  еркін де тиімді пайдаланып, өзінің саяси лидері Президент Н. Назарбаевтың мол беделі мен басқару тәжірибесіне сүйеніп отырған «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы саяси кеңістікте үстемдік етуде. Әрине, бұл жерде партияның әкім­шілік ресурстарды пайдаланып отырғандығын ешкім теріске шығара алмайды. Кейінгі кезеңде  партиялық кеңістікте «Әділет», «Ақ жол» партияларының кейбір шағын бастамалары мен саяси мәлімдемелерінің өзі елімізде стагнациялық жағдайда тұрған партиялық құрылысқа сәл болса да, қан жүгіртіп, қозғалысқа келтірді. Өзінің құрамына интеллигенцияның бір топ шоғырын біріктірген   «Әділет» еліміздің саяси жүйесін жетілдіру туралы  мынадай нақты ұсыныстар айтуда:

– елімізде билік институттары арасындағы теже­мелік және тепе-теңдік жүйесін жетілдіріп, Парла­менттің функцияларын кеңейту, Парламент депутаттарын сайлаудың тәртібіне ішінара өзгерістер ен­гізіп, Ассамблея ұсынған  депутаттыққа кандидаттарды  Президенттің Сенат депутаты етіп тағайындауы;

– сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіріп, оның партияларға кедергілер қоймауына жетісіп, Парла­менттің өкілдік функциясының толығуы процесін жандандыру;

– барлық партияларға аймақтық және республикалық БАҚ-қа еркін шығуына мүмкіндік беріп, елде әр алуанды ақпараттық кеңістік қалыптастырып, Қоғамдық телеарна құру және тағы  басқа да нақты ұсыныстар [5]. Партияның саяси лидері М. Нәрікбаевтың Қазақстанның қазіргі  кезеңдегі партиялық жүйесі саяси жүйенің болымсыз  тетікшесі (придаток) ғана деген тұжырымы – осы саладағы ахуалға  «Әділеттің» аузымен айтылған әділетті баға.           

«Ақ жол» демократиялық партиясының  Орталық Кеңесінің кеңейтілген Төралқа отырысы 2009 жылдың 21 ақпанында «Қазақстан Республикасын саяси модернизациялаудың бағдарламасын» мақұлдап, жария еткені белгілі.  Партия елдің саяси жүйесіндегі ахуалға сыни тұрғыдан өткір баға бере келіп, модернизация аясында  Қазақстандағы билік тармақтарының  арасындағы тежемелік және тепе-теңдік қағидатын жетілдіру мақсатында мынадай нақты да түбегейлі ұсыныстар жасады:

– Қазақстан  бір палаталы Парламент – Мәжіліске ауысып, ол елдің ең жоғарғы өкілетті және бірден-бір заң шығарушы органы болуы керек те, Мәжіліс депутаттары санын 150 адамға дейін көбейтіп, оның жартысы пропорционалдық жүйемен, қалған бөлігі  сайлаушылар саны бірдей бір мандатты округтардан сайлануы тиіс;

– Мәжіліске заңдарды түсіндіру құқының берілуі;

– Президент Премьер-Министрді депутаттық фракциялар ұсынған кандидаттардан іріктеп  ұсынғаннан кейін ғана Мәжіліс   бекітеді   және  Мәжіліс Үкіметтің құрылымын бекітуге өкілетті болады;

– бүгінгі Сенаттағы кадрлық тағайындау жөнін­дегі  барлық өкілеттіктер  Мәжіліске ауысады, ол  нақты бақылау өкілеттіктеріне ие болады және тағы басқалары.

Осындай даму, өсуі қиыншылық, әрі тартымды  саласы. Саяси партиялар мен қозғалыстардың елдегі сан алуан әлеуметтік топтардың, әсіресе, жастардың әлеуметтік және саяси мүдделері мен бағдарларын, қызығушылықтарын нақты білудің және солардың негізінде өз қызметінде серпіліс жасаудың биік талабы тұр. Олар әр саяси мүмкін­дікті, әр саяси науқанды ұтымды  пайдалануы керек-ақ. Олар бұл мәселеде жиі қателіктер жібереді деп есептейміз. Соның бір көрінісі  – 2011 жылдың 3-ші сәуірінде өткен Президент сайлауына бірнеше, кейде оппозициялық деп аталатын партиялардың қатыспауы, бойкот жариялауы. Бұл партиялардың билік үшін, электорат үшін, оған ықпал етіп, оны өзінің саясатының арнасында ұстап, соған тартуы, өз саяси бағдарламасын түсіндіріп, биліктің қызметі­не ашық баға беруі үшін осындай сәтті, кең, жария мүмкіндікті пайдаланбауы – стратегиялық тұрғыдан кең ауқымды  қателік  болды деп бағалауға болады.  

Қазақстанның егеменді мемлекет кезеңінде саяси жүйенің құрылымдық  дамуындағы сапалық өзгерістердің бірі – оның құрамдас бөлімі ретіндегі бұқаралық ақпарат құралдарының (БАҚ) жаңа, өскелең рөлі.   Еліміздің саяси жүйесіндегі БАҚ-тың  институттану үдерісі тегеурінді жүріп жатыр. Ол аса маңызды көпсалалы, көпқырлы әлеуметтік-саяси, ақпараттық, қоғамды топтастыру және әлеумет­тен­діру, танымдық және білім берушіліқ, қоғамдық пікірді  қалыптастыру функцияларын атқаратын, демократиялық, азаматтық, саяси және идеологиялық әр алуандықты білдіретін институт ретін­де түзілуде деп айтуға толық негіз бар.

Сонымен,  бүгінде БАҚ –  саяси жүйеде ақпарат көзі ғана емес, ол көп функционалды, саяси рет­теудің, саяси тұрақтылықты бекітудің,  әлеумет­тік инновацияның тегеурінді де қуатты тетігі. Қазақстанның демократиялық саяси жүйесін бүгінде БАҚ қызметінсіз елестету мүмкін емес. Мына бір деректер елімізде бұл саладағы өзгерістерді толық сипаттай алады. Егер, 1990 жылы  елімізде 10 респуб­ликалық мемлекеттік газет  пен журнал басылып, эфирге 251 теле- және радио канал шыққан болса,  қазір Қазақстанда – 7281 БАҚ жұмыс істейді, олардың 1170-і газет, 460-ы журнал, 158-і теле- радио компаниялар, 15-і ақпараттық агент­тіктер.

Қазақстандағы  қазіргі кезеңдегі  саяси үрдістер­де қоғамдық өмірдің БАҚ араласпайтын  саласы жоқ. Әр қырынан, әр саладан, әр деңгейден көрі­неді: саяси және әлеуметтік, экономикалық-нарықтық, этносаралық, дінаралық қатынастар, білім, ден­саулық, тіл саясаты, төтенше оқиғалар, үлесші­лер мүддесі, жарнама, сыртқы қатынастар  –   осылардың ешқайсысы да  қазақстандық БАҚ назарынан қалған емес. Қазақстандық БАҚ-да әлемдегі демократиялық елдердегі осындай институттардың  әр түрлі, көпсалалы функцияларының барлығын дерлік атқаруда.

БАҚ бойындағы демократиялық әлеуеттің екінші бір құрамдасы – бизнес немесе  билік құрылымдарының, әлеуметтік институттардың іс-әрекетте­рін­дегі заңдардан, қоғамдық моральдан ауытқудың  қандай да болсын көріністерінің бүкіл халықтың хабардар болып, бұндай жатымсыз құбылыстар төңірегінде ымырасыз, сыни қоғамдық пікір қалыптастыруында жатыр. 

Бүгінде еліміз Конституциясының 20-шы  бабына сәйкес  цензураға тыйым салынғанда, кім және не туралы болса да  бәрін айтуға болатындай ахуал қалыптасты. Бүгінде жария саясат бұрынғыдан да кең түрде жария бола бастады.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қалыптасқан жаңа  саяси жүйесі эволюциялық процестер, экономикалық реформалар мен дағдарыстар, қоғамдық-саяси санадағы күрт өзгерістер, жылдар бойы қалыптасқан идеалдар мен саяси құндылықтардың, бағдарлар мен сенімдердің күрт өзгеруі жағдайында өтті. Оның даму болашағы кең демократиялық өрісте болады деп есептейміз.

Саяси жүйе қызметін жетілдірудегі алдағы саяси кезеңдегі ең басты проблема, біздің ойымызша, – он құрамындағы  орталық және жергілікті өкілді органдардың ролін нығайтып, билік тармақтары арасындағы шынайы,   тежемелік, әрі тепе-теңдік механизмді жетілдіру. Бұл ретте біз Қазақстандағы саяси транзиттің және саяси жүйенің даму перспективаларына өз зерттеулерінде сындарлы талдау жасаған М. Әшімбаевтың «биліктің үш тармағы арасындағы өзара қатынастардың келесі кезеңі, сірә, өкілді биліктің күшеюімен сипатталатын болады. Басқа сөзбен айтқанда ел Парламенті орта мерзімдік перспективада үлкен  өкілетті және функционалдық толық салмаққа ие болады деп күту керек» [5, 28 б.] деген болжамы дұрыс және қо­ғамымыз дамуының терең мүдделеріне сай келеді деп есептейміз. 

Президент Н. Назарбаев 2011 жылғы президент­тік сайлау алдындағы бағдарламасында және ұлықтау рәсіміндегі сөзінде еліміздің саяси жүйесін демократияландыру, Парламенттің өкілдіктерін кеңейту және оның құрамына бірнеше партиялар өкілдерінің сайлануы мәселесін көтерді. Парламент­тің мемлекеттік бағдарламалардың (мысалы: индустриялы-инновациялық, білім, денсаулық және т. б. ) орындалуына бақылау жасау керектігін айтты. Бұл, біздің пікірімізше, келешекте Парламент өкіл­діктерін кеңейту жөнінен заңнамалық өзгеріс­терге  батыл баруды қажет етеді. Демек, бұл шаралар келешекте халық билігін демократияның мә­ні, мақсаты ретінде нығайтудың сара , өрісті жолы бо­лады деген сөз.

Алдыңғы «
Келесі »