Елбасы 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады

  • 18.04.2014
  • 405 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамлеясының жылы деп жариялады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан-2050 стратегиясы»: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты күн тәртібімен өтіп жатыр.

Сөз арасында Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ата заңымыздың 20 жылдық мерейтойы атап өтілетіндігін айтып өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы барша халықты Конституцияға дауыс беруге шақырған тұңғыш институт болатын. Мен мұны еш ұмытпаймын, осыған дән ризамын. Сондықтан да келесі 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялаймын», – деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Елбасы еліміздегі 2015 жылы өткізілетін барлық шараларды осынау маңызды мерейтой аясында жүзеге асыру керектігін айтты. «Үкіметке Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, Ассамблеяның және Конституцияның 20 жылдығы мерейтойын өткізу бойынша ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырамын», – деді ҚР Президенті. Сондай-ақ Елбасы Астана қаласында Қазақстан халқының форумын өткізуді жүктеді.

Алдыңғы «
Келесі »