ТӘУЕЛСІЗДІК БІЗГЕ НЕ БЕРДІ?

  • 30.11.2011
  • 10070 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақ халқының сан ғасырлық арманы болған Тәуелсіздіктің тағылымы мен тарихы жайында айта берсе әңгіме таусылмайды. Тәуелсіздік тек экономика мен саясатта ғана емес жеке адамдардың да өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс, жетістік әкелді.

Міне, сондықтан  журналдың Тәуелсіздікке арналған арнайы бетінде осы  жылдары еңбекте, ғылыми ізденісте және отбасы өмірінде жақсылық пен қуанышқа, жанұя бақытына кенелген жандардың тілек-лебіздерін жариялап отырмыз.

***

Қалдыбай Пірәлиев,

химия ғылымдарының

докторы, профессор

Тәуелсіздік бақыты немесе мемлекеттік сыйлық

Бұрыннан ғылым саласында еңбек етіп келе жатқан мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары докторлық диссертация қорғап, профессор атағын алып, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі атандым. Тәуелсіздік кезеңі – ғылым әлемінде менің жұлдызым жанған жылдар десем артық болмас. Өйткені менің ғылымда ашқан жаңалығым ерекше қолдау тауып, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа ғасырдың 2003 жылы менің есімнен мәңгі өшпейді. Осы жылы «Қазақстанның синтетикалық және өсімдік шикізаттарынан алынған жаңа бірегей отандық дәрілік заттарды әзірлеп жасау және енгізу» атты ғылыми жұмысым үшін маған Мемлекеттік сыйлық берілді. Қазақстан Республикасының ғылыми-техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлығы маған бұйырды. Тәуелсіздіктің арқасы ғой. Олай болса Тәңірден Тәуел­сіздіктің баянды болуын тілеймін. Тәуелсіздіктің маған берген жақсылығы мен бақыты жайында айта берсем – әңгіме таусылмас. Еңбегім өз алдына отбасы өмірінде де жақсылықтар жалғасты. Кенже балам үйленіп, немере сүйдім. Қазір үбірлі-шүбірлі немерелердің атасымын. Менің 70 жылдық мерейтойым Тәуелсіздік мерекесімен қатар келіп отыр. Бұдан артық қуаныш бар ма?

***

Бақытқан ДӘУЛЕТБАҚОВ,

профессор, экономика

ғылымдарының докторы

 

Еш нәрсеге алаңдамай еңбек еттім

Тәуелсіздік туралы сөз қозғалғанда менің есіме 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс түседі. Бостандық үшін арпалысқан Қарқара қазақтарының осы жолда құрбан болуы – түбінде бір болатын егемендіктің белгісін елестеткендей. Мен мектеп бітірген Шырғанақ ауылы сол көтерілістің нағыз «майдан даласы» болды. Қазақстан Тәуелсіздігін ал­ғанда ауыл ақсақалдары мен қартттары қуаныштан ерекше толқыды.

 Тәуелсіздік жарияланғанда мен Қазақ Ұлттық университетінде оқытушы едім. Желтоқсан оқиғасын көрген біз – ақыры бостандықтың қуанышына кенеліп, Тәңірге тәубе дедік. Тәуелсіздік маған не берді дегенде алдымен мен өзім ғалым болғандықтан ғылыми ізденістерімді еркін жалғастырдым. Докторлық диссертация қорғап біраз әлемдік ғылыми мәслихаттарға қатысып, сөз сөйледім. Қазір қарап отырсам Тәуелсіздік жылдары 130 ғылыми мақала, оның ішінде бес монография жазып, 15 оқу-әдістемелік оқу құралының авторы болыппын. Яғни, Тәуелсіздік менің ешнәрсеге елеңдемей тынбай еңбек етуіме мүмкіндік жасаған.

Тәуелсіздікке байланысты айрықша айта кететін ерекше оқиғаны еске алмасам болмас. Қазір атағы Қазақстанға белгілі Мойнақ су электр станциясы менің туған ауылыма жақын өңірде құрылысы басталған еді. Бұл сексенінші жылдардың ортасы болатын. Қазір оның жұмысы бітіп, Тәуелсіздіктің арқасында жуықта пайдалануға берілмек.

Тәуелсіздіктің ұлы құрылысына куә болған мен тағы да басқа осы сияқты бірегей шаруалардың жүзеге аса беретініне сенімдімін.

***

Өмірәлі ҚОПАБАЕВ,

Қонаев университетінің

ректоры

Білім ордасының жаңа ғимараты

Тәуелсіздік оқу, тәрбие және білім саласындағы жетістіктерге жетуге даңғыл жол ашты. Тәуелсіздік жылдары заман талабына сай біраз оқу орындары ашылды. Солардың бірі біздің  Д. Қонаев атындағы гуманитарлық университеті. Университет Тәуелсіздіктің баянды болуын тілеп өмірден өткен Димекеңнің көзінің тірісінде ол кісінің батасымен ашылды. Бір-екі жыл уақыт айырмашылығы бар оқу орны Тәуелсіздіктің құрдасы десек артық болмас. Сондықтан біз о бастан Тәуелсіздікпен бірге жасасып келе жатырмыз. Осы аралықта қанша мың жас оқу орнын бітірді. Оны санап білу қиынға түседі.

Тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерейтойы біздің жаңа оқу ғимаратына көшуімізбен тура келіп отыр. Бұл айтары жоқ жаңалық, мереке-той ұжым үшін жетістіктің көрінісі болса керек. Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында қиындықты жеңіп, кейінгі қаржылық дағдарысты елемей күндіз-түні жанкешті еңбектеніп, жаңа ғимарат салу оңай болған жоқ. Оны көзі көргендер жақсы біледі. Бәрінен бұрын Тәуелсіздік баянды, ел аман, жұрт тыныш болса екен деп тілейміз.

***

Көпсекбай ТӨЛЕБАЕВ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

«Алматыгипрогор-1» серіктестігінің директоры

«КЕРЕМЕТ» кешені немесе келін түсіру қуанышы

Қазақ халқы Тәуелсіздікті ерте кезден-ақ аңсады. Бұған  бостандық алу жолындағы ата-бабаларымыздың күрес жолы куә.

1991 жылы Тәуелсіздік жарияланғанда жүрегі жарыла қуанғандардың бірі едім. Тәуелсіздік мен істеген «Алматыгипрогор-1» серіктестігіне өз жақсылығы мен табысын әкелді. Бұған көптеген мысалдар келтіруге болады. Әсіресе, Астана қаласында құрылыс салуда біз ерекше жетістікке жеттік. Оның ішінде қазіргі Үкімет үйін, Парламент ғимаратын және жаңа циркті, тағы да басқа кешендерді өмірге әкелу – осы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жалғасты. Тәуелсіздік бізді рухтандырды, жігерлендірді және шабыттандырды. Сондықтан біз қиындықты жеңіп, кедергілерді елемедік. Ұжымда осындай жетістік болса – ал, өзімнің жеке бас отбасымда жақсылық болды. Мен келін түсіріп, қыз ұзаттым. Айтпақшы ұмытып барады екенмін Алматыдағы «Керемет» тұрғын үй кешенінің жобасын жасаған біз болатынбыз. Сондықтан керемет істер іске асып, келін түсірген Тәуелсіздік жылдары жөнінде ағынан жарылып айту мен үшін парыз. Алла Тағала Тәуелсіздікті баянды етсін.

Алдыңғы «
Келесі »