Қазақ тілтануының жиырма жылдық жетістігі

  • 30.11.2011
  • 622 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жантас Алтайұлы – Қарағанды мемлекеттік уни­верситетін бітірген.  Осы университетте қызмет істеген. Қазір Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор. 

Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткен жиырма жылда ғасырлық тарих жолын жүріп өткенін ел де, әлем де мойындап отыр. Иен далада қалғандай күй кешкеніміз кеше ғана сияқты еді. Мұнан жиырма жыл бұрын ғылым да осыны бастан кешкен болатын. Шайқалған шаңырақты көтеру ғылымға мойын бұруға шама да келтірмеді. Алайда елдің тәуелсіздік алуы рухани қуатты тірілтті. Рухани дүние жандана бастады. Рухани әлемнің басты тірегі ғылым екендігі белгілі. Ғылымдардың ішінде ұлт рухына тікелей ықпалы бар, ұлт рухының ұстыны тілдің, тіл туралы ғылымның орны тіптен айрықша. Тілтанудың бұл өзгешелігі осы бір жиырма жылдық таупиқты жолда айқын танылғандай.

Кеңес дәуірінде қазақ тілі мамандарын сегіз жоғары оқу орны ғана дайындайтын түлектерінің жалпы шамасы 300-дің ар жақ бер жағында ғана болушы еді. Тәуелсіздік жылдарында бұл сан он еседей көбейді (жеке меншік оқу орындарын қоссақ, бұл мөлшер тағы екі еселенеді) облыс орталықтарындағы университеттер мен институттарда түгелдей қазақ тілі кафедралары ашылды. Бұл қазақ тілінің оқытылуына ғана емес зерттелуіне де мол күш берді.

Қазақ елінің еркіндігі қазақ тілтануына да кең жол ашқанын, кейінде қалған жиырма жылда қазақ тілін зерттеудің басты бағдарлары мен бағыттарын шолып шықсақ та, анық байқауға болады.

Тәуелсіздік кезеңінде рухани болмысты дүр сілкіндірген оқиға Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш тілтанушыларының қайта оралуы болды. Батыс пен Шығыстың ғылым-білімімен қаруланып, туған тілдің уызымен өскен бұл ғалымдардың еңбектері туған тілге ерекше зейін қоюға қозғау салды. Қазақ тіліне қазақ ойымен, қазақ ділімен зер салудың өнегесін көрсетті.

Маркстік-лениндік философияны әдістанулық тұрғы еткен кезде тілді әлдебір субстанция деп түсінетін болғанбыз. Оны әлдебір «қоймада» тұрған зат ретінде қабылдадық. Қоймадағы зат – тілді алып пайдаланып, қайта орнына салып қоятындай көрдік. Тілтанушылар «Тіл базис пе, қондырма ма?» дейтін өнбес дауға тап болды. Шындығында, тілді материалистік тұрғыдан зерттеп, оқытатын едік. Мынау сыртқы болмыс пен сөздің арасында ештеңе жоқ болып саналды. ХХ ғасырдың соңын ала қазақ тіл ғылымына болмыс пен сөздің арасында адам тұратыны, зат пен құбылыс адамның санасынан өтіп барып сөзге айналатыны белгілі болды. Сөйтіп, қазақ тілтануына антропоцентризм деген үрдіс келіп қалыптасты. Бұған зайырлы қоғамымыз­дың жеке адам мүддесін көздейтіндігі септігін тигізді. Конституциямыздағы «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген басты бап (1-баптың 1-тармағы) тілге барар ғылыми сапарда темірқазықтай болды. Қазір антропоцентризмге сүйенетін психологиялық тіл білімі, танымдық тіл білімі, коммуникативтік тіл білімі қазақ тілін зерттеудің дербес салалары болып қалыптасып қалды.

Жаңалық «өз сорпасында қайнаудан» шықпайтыны – ғылымтануда дәлелденген шындық. Соңғы 20 жылда қазақ тілін басқа саламен, басқа ғылымдармен түйістіре зерттеу ісі қолға алынды. Тілтанудың бұл салаларының айналымға түсуі осы істің нәтижесі болды.

Қазақ тілтанушыларының алдындағы заманауи бір міндет – тіл заңдылықтарын компьютермен етенелестіру. Әзірше бұл бағытта А.Жұбановтың бірер еңбегінен басқа зерттеулерді айғақтай алмай отырмыз. Осыған орай, жеткен жетістіктің өзі алға ұмтылыстың жолы екенін ескерсек, қазақ тілтануының алдында тұрған көкейтесті бір мәселе туралы айта кеткен жөн.  

Егер ақпараттану мәселелерінен үмітіміз болса, қазақ тілін дамытуға лайықты көңіл бөлуге тура келеді. Бұл үрдістерді, әрине, елемеуге де болар еді, бірақ ол көптеген ақпараттық үдерісті автоматтандыруға елеулі ықпалын тигізеді де Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуға деген талпынысына тосқауыл болады.

Қазақ тілтануында қазір ресурстық-технологиялық қолдау шамалы болып тұр. Мәселе мәнісі сонда, лингвистика сөйлеу материалдарын, яғни, мәтін атаулыны, қарастырмай дами алмайды. Лингвистер мұнан аз уақыт бұрын әр түрлі мәтіндерді қолмен өңдеді, қажетті тілдік айғақтарды карточкаларға енгізді, сөйтіп өз зерттеулері үшін материал жинады. Сөздіктер мен грамматикалық құралдар түзуге олардың ондаған жылы кететін, кейде бүкіл ғұмыры. Соңғы кезде біз иық теңестірмек болып отырған, бәсекеге анағұрлым қабілетті елдерде, тіпті, бәсекеге қабілеті аз елдерде де, лингвистер сөйлеу материалын Тілдің ұлттық корпусынан – мәтіндердің электрондық жинағына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйелерден алады. Мұндағы ақпаратты өңдеу мен қажет мәліметтерді алудың жылдамдығын қолмен істейтін жұмыспен салыстыруға болмайды. Әлемнің ірі тілдерінің көбінде өздерінің ұлттық корпустары бар, мұның озық үлгісі – Британ ұлттық корпусы (BNC).

Ұлттық корпустардың пайда болуына орай лингвистер үшін мәтіндерді жаппай және шұғыл өңдеу мүмкіндігі туды. Ендігі жерде тілдердің граматикалық құрылысының шын ғылыми сипаттамасы, кез келген тілдің академиялық сөздігі осы тілдердің корпустарына негізделуі тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанның, Ресейге қарағанда, өзіндік Ұлттық корпусы жоқ. Ал бұл болса мемлекеттің мемлекеттік тілге деген индикаторы және қазақ тілінің әлемдегі мемлекеттік және ресми тілдер қауымдастығындағы бет-бейнесі ғой. Ал Қазақстанда бұл іс саусақ санындай ғана ғалымдардың айналысуымен шектеліп тұр.

Қазақ тілші-ғалымдарының қолдауынсыз ақпараттық технологияларды лингвистикалық жабдықтау туралы сөз қозғауға да болмайды. Тіл білімі, шын мәнінде, білімнің аса дегдар түріне жатады. Қандай да бір елеулі жаңа нәтиже алу үшін тіл зерттеуші ғалымнан әрқашан түпсіз терең зерде, ой жетпес байқампаздық пен ауыр да ұзақ еңбек талап етіледі. Лингвистикалық білімнің дегдарлығы бұл саладағы «адам капиталы» туралы мәселенің өткір қойылатынын көрсетеді. Сондықтан, мерейтойлы жылымызда Ұлттық корпус жасаудың мемлекеттік жобасын, бағдарламасын қолға алсақ, қандай жақсы болар еді!

Тіл – мемлекеттің рәмізі, қоғамды ұйыстырушы рухани дүние екені белгілі. Осыған орай, соңғы 20 жылда күн тәртібіне өткір қойылған мәселе мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілі мен онымен теңдесе ресми түрде қолданылып жүрген орыс тілінің функциясы туралы болды. Бұл салада, ең алдымен, қазақ тілінің мәртебесі Заңда тұрақтап бекігенін жетістікке балаймыз. Осы күнгі жазарман, айтарман ағайынның қазақ тілінің «мәртебесін өсіру» дейтін тіркесті қолданып жүргені – білместік. Қазақ тіліне «мемлекеттік» мәртебеден артық мәртебе керек те жоқ. Қалай қолданып жүрміз? Мәселе сонда. Жұрттың да айтқысы келетіні осы болса керек. Тілді қолданатын адамдар ғой, олай болса, тілдің емес, тілді қолданатын адамдардың мәртебесін өсірген жөн болар. Бұл орайда тілтану­шылар мұның ғылыми барыстары мен құбылыстарын қазіргі деңгейде талдап беріп отыр.  Елбасымыз айтқан «Қазақ тілі – бірлік тілі» қағидасына сонда ғана кең жол ашылады.

Кеңес дәуірінде академик Ә.Қайдар бастаған қазақ этнолингвистикасы кең өріске шықты, тереңдеді. Қазақ тілі мен қазақ мәдениетінің тамырластығы өз бейнесін тапты. Ана тіліміз ұлт пен болмыс арасындағы өзгеше бір дәнекер, ұлттық дүниетанымның көрінісі екені дәлелденді. Батыс ғалымдарының «тіл адамның танымдық мүмкінші­ліктерін шектейді» дейтін болжамдарының болашағы жоқ екеніне қазақ этнолингвистерінің зерт­теулері арқылы айқын көз жеткізуге болады.

Тілдің ішкі құбылыстарын зерттеудегі жетіс­тіктерге де тоқтала кеткен жөн. Бұл саланың тәуел­сіздік кезеңіндегі дамуындағы бес үлкен түйінді атап көрсетуге болады. Оның бірі сөзжасамның қазақ грамматикасына дербес сала болып енуі;  екіншісі, дәстүрлі грамматикаға сүйене отырып, функционалдық грамматиканы зерттеу жолдарының анықталуы; үшіншісі – терминтанудың лексикологияның бір тарауынан ұлғайып, салаға айналуы; төртіншісі – лексикографиялық еңбектер (сөздіктер) көптеп жариялануы (әзірше бұл тарапта бірізділік жоқ екенін мойындауға тиіспіз, бірақ санның сапаға жеткізетініне сенеміз); бесіншісі – қазақ әдеби тілі тарихының зерттелуінің өнімді түрде жалғасуы (әдеби тілдің әр замандық ескерткіштерінің мәдени мұрамызға қосылуымен, қазақ диаспорасы тілінің назарға алынуымен байланысты жанданып отыр).

Осы орайда ерекше көрсетер бір мән-жай – мәтіннің тіл нысаны ретінде орнығуы. Мәтін құбылысы кешенді құбылыс екені белгілі, сондықтан онымен философия (герменевтика), психология, семиотика (таңбатану), логика, құқықтану, әдебиеттану т.б. ғылым салалары айналысады. Қазақ мәтінін зерттеуде басқа ғылымдардан тіл ғылымы озық тұрғанын атаулы 20 жыл белесі айқын көрсетіп отыр.

Бұл жолы біз тармақтап талдаудан бас тартып, түйіндеп беруге талпындық. Бір жайға сенімдіміз: көрсеткен жетістіктер мен міндеттердің барлығы дәлелденетін уақыт аса алыс емес.

Тәуелсіздік тарихы баянды болсын! Сонда тіліміз бен діліміз де, оны зерттер ғылымымыз да баянды болмақ.

Алдыңғы «
Келесі »