«Желтоқсан» кітаптары осылай жарық көрген

  • 30.11.2011
  • 394 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ – ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.  «Қазақстан пионері», «Халық кеңесі» газеттерінде, Қазақ  радиосының «Шалқар» редакциясында, «Арай»  журналында қызмет істеді. 1997 жылдан «Тоғанай Т» ЖШС-ін құрды. Сонымен бірге «Жыл – он екі ай» әдеби-та­ным­дық күнпарағын шығарып келеді.

      …Сексен алтыншы жылы желтоқсанда алаңға балаларды ар-намысы алып шықты. Есіңде болсын, қазақ ешқашан «қарным ашты» деп көшеге шыққан емес. Шықпайды да. Қазақтың намысына тимеу керек. Тидің екен, ол – қара бура, тоқтата алмайсың. Желтоқсан оқиғасы соның бір дәлелі.

Н. Оңдасынов

Расында, солай. Қазақ – мінезді халық. Өте көнбіс, кеңқолтық, қонақжай. Барын мейманына береді, төріне оздырады. Сөйтіп, өзі қиянат көреді. Содан мәселе әбден асқынып, төзгісіз жағдайға келгенде бір-ақ жарылады.

1986 жылы желтоқсанда Алматыда басталған үлкен дүмпуге горбачевшіл орталық жай бір оқиға деп баға берді. Бірақ, оның күллі сипаттары көтеріліс деген ұғымға сәйкес келетінін зерттеуші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер он бес жылдығы кезінде Ғылым академиясында өткізген ғылыми конференцияда жан-жақты дәлелдеді. ХХ ғасырдағы тарихи мәні зор үлкен оқиға – көтеріліс деп баға берді. Көтерілісті ә дегеннен-ақ Орталық басқаша сипаттауға жанықты. Оған қатысқандардың бәрі «ішкіш», «бұзақылар», «нашақорлар» деді. Ұрды, соқты, соттады, аямай жазалады. Есепке алғысыз адамдар ретінде қарады. Өкініштісі, сол түсінік әлі күнге дейін түзеле қоймаған секілді. Қанша адам қатысқаны, қаншауы өліп, қаншасы үшті-күйлі жоғалғаны жұмбақ қалпы жалғасып келеді…

Әрине, өкінішті!..

Желтоқсанның жолы ауыр болды. Ақиқатын айттырмады. Тіпті КПСС Орталық Комитеті «қазақ ұлтшылдығы» туралы арнайы қаулы қабылдады. Тұтастай бір ұлтты өстіп масқаралаудан өткен қорлық бола ма? Бірақ, уақыт, тарих қашан да әділ таразы ғой. Бәрі-бәрін орнына қояды. Халқымыздың қайраткер азаматы, әйгілі ақыны Мұхтар Шаханов басқарған Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Алматы қаласында 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі Комиссиясының жұмысынан кейін сең қозғалды. Жинақталған материалдар негізінде жазылған мақала, сұқбаттар қазақ, орыс тілдеріндегі мерзімді басылымдарда жарық көре бастады. Сол күнгі көтерілістің ащы ақиқаты айтылған «Комсомольская правда», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Ленинская смена» және басқа да газеттер қолдан-қолға өтті. Ел көздеріне жас алып оқыды. Артынан іздеушілер, сұраушылар көбейді. Міне, осы тұста маған сол материалдарды жинақтап, кітап етіп шығару туралы ой келді. Қалай дегенде де кітаптың аты – кітап қой.

Қазір ақшаң болса, кітап шығару түк емес. «Ол нендей кітап, ішінде не бар?» деп, қас қақпай қадағалайтын, әрбір сөзін аңдитын лито жоқ. Ал ол кезде, көтеріліске қатысты қай мақала да зордың күшімен, әрең жарық көретін заманда, кітап шығару ешкімнің ойы түгілі түсіне кірмеген шығар. Қағазды қайдан аларсың? Қандай кітапқа деп сұрарсың?..

Міне, осы кезде өзіміз қызмет ететін Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы «Аударма» алқасының төрағасы Ғаббас Қабышұлы ерлікке барабар тірлік жасады. Ойымызды құптап қана қойған жоқ, қолұшын берді. Кітапқа «Алматы 1986 Желтоқсан» деп ат қойған да сол кісінің өзі. «Орыстардың да қолына жетсін. Әйтпесе олардың ішінде желтоқсан оқиғасы жөнінде теріс ойда жүргендер аз емес. Кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы қалай болса, орыс тіліндегі басылымы да дәл солай болсын», – деді. «Бұл ойдан шығарылатын шығарма емес, шерлі шежіре. Книга-хроника. Айғақ-кітап дейік», – деп ойымызға ой қосты алқа қызметкері, ақын Жарасқан Әбдірәшев.

Не керек, бұрын көп жылдар «Жазушы» баспасында заңгер болып қызмет еткен, баспа ісінен хабары мол Тойболды Зейнәбілов екеуміз «Жалын» журналы редакциясына бардық. Мұхтар ағамыз КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Алды мұң-зарын айтып келуші желтоқсаншылардан бір босамайды. Бізді де қабылдады. Ойымызды естіді. «Мыналарың өте оңды шаруа екен. Алайда мен қандай материал беремін, соны ғана енгізесіңдер, әтпесе рұқсат етпеймін», – деді айтарын қысқа қайырып. Айтқанын жасадық. Он баспа табақ көлемдегі материалды құрастырып, 1990 жылдың аяққы күндерінің бірінде алдына әкелдік.

Иә, кітап құрастыруға онша қинала қойған жоқпыз. Ең ауыр тигені қағаз бен қаржы мәселесі болды. Басымыз қатты. Сол тұста Еділжан Құлсартов туралы естідім. Ол «ЦентрКредитБанктің» төрағасы болатын. «Азамат дейді ғой, бізге де бір азаматтығын жасар. Несиеге ақша бердірсе, оны сөзімізде тұрып қайтарармыз. Не де болса, тәуекел етейік» деп, Тойболды ағаны ертіп қабылдауына бардым.

– Ниеттеріңді қуана құптаймын. Сұраған 200 мың сом ақшаны елге ұсынатын өсіммен бергізейін. Бірақ, оны ұзақ мерзімге емес, алты айға ғана есептейміз. Өйткені, бізге де қойылатын талап солай. Өтінішім, қаржыны кітап басылып біткен кезде ғана, қажет мөлшерде босатамыз. Сонда қайтарылатын өсім алынған ақша бойынша есептеледі, – деді шынайы жанашырлық көрсетіп.

«Ал, Тойаға (Тойболды Зейнәбіловті солай құрметтеуші едім), айғақ-кітабымыздың қазақшасының материалдары дайын, орыс тіліне Нәрбін Кенжеғұлова аударып жатыр. Құдай қаласа, ол да бірер айда басуға әзір болады. Енді оған керекті қағазды қайдан аламыз?» – дедім сыртқа шыққаннан кейін. «Мен түстен соң бір кісіге жолығып келемін. Өткенде «Әлем» альманағын шығарамыз деп министрлікке де, республикалық Жоспарлау комитетінің басшысына да хат жазған едік. Бір жөні болар, саспа, бала», – деді. Ол кісі мұндай нәрселерге жетік еді. Келесі күні Ғаббас ағаның алдына барып, «біздегілер ауыздарын қу шөппен сүртіп, жолатқылары келмейді. Сол себепті Талғат екеумізді Мәскеуге жолсапарға жіберіңіз. Кеше КСРО Жоспарлау комитетінің қағаз бөлімінің бір кісісімен телефон арқылы сөйлесіп, жағдайымызды айттым. Келіңдер, сөйлесейік деді. Бізге газет қағазы жарайды ғой, Ғабеке», – деп отырған үстінен шықтым. «Онда, – деп жүзімізге бір қарап алды бастығымыз, – жаңа жылдан кейін барыңдар. Поезбен саңдалмай, ұшып барып-қайтудың қамына кірісіңдер. Керек десеңдер, Жазушылар одағының басшысының атынан да хат бергізейін».

Сонымен, 1991 жылдың 8 қаңтары күні Мәскеуде болдық. Ертеңінде Жоспарлау комитетіне бардық. Алматының әуес дәмі ғой деп бір сөмке апорт алмасы мен екі шыны «Қазақстан» коньягын ала барған едік. Мәскеуге келсеңдерші, сөйлесейік деген Николай Николаевич Николаев Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер екен. Зейнеткерлік демалысқа шығуына екі-ақ ай қалыпты. Жүзі сондай жылы көрінді. Тойаға сөзге бар адам, «Аударма» алқасы жаңадан құрылған мекеме екенін, ашылған аз уақыттың ішінде әлем әдебиетінен де, орыс қаламгерлерінен де көптеген кітаптарды аударумен айналысқанын, енді соларды насихаттау үшін қазақ, орыс тілдерінде «Әлем», «Алем» дейтін альманах шығаруға қағаз таба алмай отырғанын майын тамызып жеткізді. Сөзінің арасында газет қағазы да жарайтынын айтқанда:

– Ал енді қанша қағаз керек дейсіңдер? – деді ол кісі.

– Елу тонна жетіп қалар.

– Көп емес пе?

– Одан да көбірек сұрауға батпай тұрмыз, егер мүмкіндік болып жатса… – деп күлді Тойаға.

– Мен соны алып бере алсам, қуаныңдар, – деді де, телефон құлағын көтеріп Алматыдағы қажетті нөмерін тере бастады. Республикалық Жоспарлау комитетінің қағазбен айналысатын бөлімінің жауапты адамымен байланысқан болу керек. Жағдайымызды айта келе, «Аударма» алқасына 50 тонна газет қағазын босатыңдар деді. Мәскеу босатып жатса, болмайды дей ме? Біз де мәзбіз. Тойағаның қатты разы болғаны сондай, жанында тұрған үлкен сөмкедегі исі мұрын жара аңқыған апортты төрқалтасымен көтеріп үстелге шығарды. Сол-ақ екен, Николай Николаевичтің түрі бұзылып:

– Әй, достар, мен енді екі айдан кейін зейнеткерлікке шығамын. Бірақ дәл осы күнге дейін біреуден бірдеңе алған емеспін. Егер мыналарыңды тағы да тықпалайтын болсаңдар, онда әлгі қағаздың бір грамын да бергізбеймін, – деді.

– Бізді кешіре көріңіз. Николай Николаевич. Еш болмаса осыдан екі-үшеуін ғана алыңызшы. Алматының алмасы ғой, Николай Николаевич, – деп Тойболды аға сөмкесінің аузын жабарын да, жаппасын да білмей бір сәт кідіріп қалды.

– Жарайды, дәмін тату үшін екі-үшеуін үстеліме қойыңдар. Ал қағаздарыңды Алматыға оралысымен, кешіктірмей республикалық Жоспарлар комитетінің қағаз бөліміне барып білесіңдер. Бір проблемалар болып жатса, жалтақтамай бірден өзіме телефонмен хабарласыңдар, – деді.

Бізге сол қағаздың отыз бес тоннасы ғана бұйырды. Қалғаны қайда, неге олай болды деп сұрамадық та. Себебі алдымызда айғақ-кітаптарды қалай шығарамыз деген сауал тұрды. «Аударма» алқасы баспа ретінде тіркеуден өтпеген. Бірлесіп шығарайық деген ұсыныспен баспалардың біразына бас сұқтық. Алайда шығаратын кітабымыздың атын естісімен-ақ басшыларының бәрі де ат-тондарын алып қашты. Осы кезде Ерік Нуршин «менің баспамның белгісін мұқабаға шығарып бассаңдар, онда мен келісемін» деп өзі ыңғай білдірді.

Қазіргі уақытта кітап шығару жеңілдеді. Ол уа­қытта қолжазба баспаханада айлап-жылдап кезек күтетін. Сыртында «Аударма» алқасы мен «Алтын орда» баспасының белгі таңбасы (грифі) қатар берілген «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітап­тарының бірінші томдары әне-міне жарық көреді деп жүрген күндердің бірінде Мәскеуде Тамыз төңкерісі бұрқ ете түсті. Елді үрей биледі. Бізден де маза кетті. Мұхтар ағаға барсақ, тура май ішкендей болып отыр екен. Бірдеңе деп қояды деді ме, бізді көзі шалысымен дәлізге атып шықты.

– Бізде бәрі тыңдалады… Ана жаққа жүріңдер, ана жаққа, – деп ұзын дәліздің екінші басына қарай бастады. «Кітаптарың не болды? Соншама создыңдар. Енді не болады? Бір данасы болса да бүгіннен қалдырмай шығарып қалыңдар, әйтпесе…», – деді.

Міне, оқырман, сол күндер де алыстады-ау. Төңкерісшілердің дегені болмады. Демократия күш алды. Содан соң «Желтоқсан» кітаптарының кідіріссіз жарық көруіне мүмкіндік молайды. Бірақ… Иә-иә, осының бәріне жол ашқан, Желтоқсан көтерілісінің айғақ-кітаптарын шығарған «Аударма» алқасының қырық шақты қызметкері жұмыссыз қалды. Онда да тәуелсіздік таңы атқаннан кейін, үкімет қаржы тапшылығын сылтауратып бюджеттен қысқартып тастады.

«Желтоқсан» кітаптарын шығарғанымыз үшін қысқартты», – дейді Ғаббас аға.

Әрине, олай деп өздері ешқашан айтпайды ғой, солай жасайды…

Мен көтерілістің жиырма жылдығы кезінде «Желтоқсандықтар, үн қатыңыздар!» деген үндеу­мен жұмыс істеп, әрқайсысы отыз баспа табақтан тұратын айғақ-кітаптың үш томын елге ұсындым. Оның біріншісіне 1991-92 жылдары жарық көрген баяғы үш кітабы енсе, екінші томына содан кейінгі жылдарда жинақталған материалдарды енгіздім. Ал үшінші томын әлгі акцияны өткізу кезінде жаз­ған, газет-журналдарда жарық көрген естеліктер­ден құрастырдым. Ызғарлы желтоқсанның былайғы ел біле бермейтін қаншама құпия әңгімелері айтылды. Әттеген-айы, ұл-қыздарымызды ерлікке ұмтылдыратын, ұлтты сүюге баулитын құнды дү­ние­лері мол кітаптар небары үш-ақ жүз данамен шы­ғарылды. Онда да өзімнің күш салуыммен, шашылып-шабылуыммен, қаржы іздеп қиналуыммен әрең жарық көрді.

Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының тарихында айрықша орны бар және ел тәуелсіздігі үшін болған қанды шайқастардың ең соңғысы дейді зерттеуші ғалымдар. Алайда әлі күнге дейін оған саяси баға берілмей, қатысушыларының қалтарыста қалуы қай-қайсымызды да өкіндіреді. Ең әуелі баға беретін едік. Әлемдік тарихтағы еншілі орнын анықтау үшін биылғы ширек ғасырлығын пайдаланып, үлкенді кішілі әртүрлі шаралар өткізіп, оларға басқа елдерден де тарихшы-ғалымдар мен саясаткерлерді шақырып, келелі жиындар жасағанымызда жөн болатын еді. Әттеген-айы, бұл жағынан ұятты болған жайымыз бар. Десе де әрекетсіз қалмайық деген ниетпен өз басым бастаған шаруамды ілгерілеттім. «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының төртінші және бесінші томдарын, аз таралыммен болса да, елге ұсындым. Оларда қантөгіс оқиғалар мен қарсылық шерулердің, жиындардың республика астанасы Алматыда ғана емес, басқа да көптеген облыс, аудан орталықтарында, тіпті қазағы қалың орналасқан ауылдық жерлердің өзінде де өтіп, ел санасында өшпес із қалдырғанын айғақтайтын естелік материалдар көптеп қамтылған. Сондай-ақ, оқырмандар бұл еңбектерден Желтоқсан тақырыбын зерттеуші ғалымдар мен кезінде көтерілістің ақиқатын ашу үшін құрылған комиссия құрамында болып, азаматтық парызын ардақтай білген қалам қайраткерлерінің де мақала, сұқбаттарын оқи алады.    

Алдыңғы «
Келесі »