БАРТОҒАЙДА

  • 30.11.2011
  • 529 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мамытбек Қалдыбай – Филология ғылымдарының кандидаты. Шымкент  педагогика институтын  бітірген. Ауыл мектептерінде мұғалім, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде,  «Мәдениет және тұрмыс» журналында, ҚазҰУ-де қызмет істеді. Қазір еңбек зейнетінде. Бірнеше кітаптың авторы.

Зейнеткер Сағыныш Есбергенов аға – орта бойлы, қараторы өңді, келбетті келген кісі. Отыз жыл совхоз директоры боп істеген. Биыл сексен төртте. Жүріс-тұрысы, сөз сөйлесі әлі ширақ, шымыр. Алматының Таулы қырат деп аталатын мөлтек ауданындағы екі қабатты жеке меншік үйде тұрады. Қажылыққа барып келді, намаз оқиды. Ол кісі әр жолыққан сайын Димекең туралы сыр шертуден жалыққан емес.

– Жас кезім. Өзімізше ырым жасап, сәрсенбінің сәтті күні 25-30-шақты жұмысшыларды, қызметкерлерді жинап, бригадир Лян Валентин, бас агроном Николай Маркович екеуін болашақ совхоз орталығына бастап барар  ұзын жолдың екі басына қойып, өзім трактордың  арық қазатын соқасының үстіне отырып, сызықты түзулеп тартуға кірістім. Жоба бойынша жолдың көлденең ені 6 метр екен. Мен жауапкершілікті өз мойныма алып,  халқымыз «өлсең, көрің кең болсын» деген  деп оны 16 метрге  дейін ұзарттым.

Жұмыс киімін кисек те, жүзіміз жарқын, тойға жиналғандаймыз. Бұрын аудан көлемінде жауапты қызмет істеген, қазақшылығы мол зейнеткер қартымыз Серікбаев кішілеу төбе үстінде бізді жеңіске шақырғандай қызыл жалау ұстап тұр. Күн ыстық. Жаңа ірге көтерген аулымызға кіре берістегі жолдың екі шетінде отыз шақты адам тынбай ағаш көшетін отырғызып жүрген. Солардың жанына 7-8 жеңіл машина кеп тоқтапты. Келгендер Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, КОКП Орталық партия Комитетінің  Саяси бюро мүшесі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, аудан басшылары екен. Кегеннен Алматыға бет алып, Шелек ауданы аумағына енгенде, Димаш Ахметұлы:  «Асанбай, жаңа құрылған «Сөгеті» совхозы қайда?» – деп сұраса, Асекең: «Осы маңда» – депті.

– Онда бұрылып, көре кетейік, – деп келген беті екен.  Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хұсайын Бижанұлы Димекеңді бізге барады деп  жоспарламаған.

Димаш Ахметұлы машинасынан түсіп, жігіттермен амандасқан соң:

– Директорларың қайда? – деп сұрапты. «Директорымыз а-н-ау трактордың тіркеме соқасы үстінде жолымыздың сызығын түзу сызып бара жатыр» – депті.  Бір жігіт ентіге жүгіріп келді.

– Сізді Димаш Ахметұлы шақырады. «Ой, ол кісіні келеді деп ешкім айтқан жоқ еді ғой» – деп сасқалақтап қалдым. Үстімде ескі, жаман купәйке, аяғымда керзі етік, үсті-басым, бет-аузым шаң, топырақ. Үйге барып жуынып, киініп келуге уақыт жоқ. Жас кезім. Димекеңе қарай  құстай ұштым. Келсем, ол кісі жолдың арғы шетінде тұр екен, мен жолдың бергі шетіне іліккенімше, аттап-бұттап, қасыма кеп үлгерді. Сәлемімді алған соң: «Әй, батыр, сені  біз тракторшы етіп емес, директор етіп жібермеп пе едік?» – деп әзілдей күлді.

– Аға, жолымыз түзу шықсын деп әрекеттеніп,  өлшеп жүр едім.

– Оның өз мамандары бар емес пе?

– Бар ғой. Сонда да қисық жасап қоя ма деген хауіппен сызық-белгіні өзім жасағым келді, Димаш Ахметұлы.

– Асанбай, қарашы мына директордың істеп жүргенін? – деп қасында қатар тұрған Асанбай Асқаровқа күлімсірей қарады. Жүзінен маған деген ризалық сезімі  білініп тұрды.

– Димаш Ахметұлы, Алматы облысын басқарып жүрген мені ел мүмкін ұмытар, ал мына Сағынышты  ұмытпайды. Өйткені бұл жаңа совхоз құрып жатыр, – деді Асекең әр сөзіне салмақ сала сөйлеп.

– Асанбай, дұрыс айттың. Бұл сондай құрметке лайықты жігіт, – деп Димекең біраз ойға батып, жол жиегіндегі ағаштарға, одан кейін маған қарап, күлімсіреді.  «Қарағым, сен жұмысты жол салып, ағаш тігуден бастапсың. Менің батам, сен көгересің, көгер» – деді. Мұны сол маңда тұрғандардың бәрі естіді.

     Кішкентай кеңсем бар еді. Оған Димекең, Асекең, тағы екі-үш адам ғана сыйды. Қалғандары далада тұрды.  Димаш Ахметұлы жағдайдың бәрін сұрады.

– 400 балаға арнап мектеп салуға көмектессеңіз? – деп едім:

– Жоқ, ауылың өседі, келешектерің бар. Мектепті 650 балаға арнап салдыр. Тағы не керек? – деді. «Өз күшімізбен үйлердің іргесін көтеріп жатырмыз. Үкіметтен көмек болмай тұр. Көмек болады. Алдымен мына жолыңды, мектебіңді бітір».

Жарты сағаттай әңгімелескен соң, бізбен қоштаса бастады. Есік алдында қалған машинамның ішінде меске құйылған үш литр қымызым бар еді. Не істерімді білмей: «Димаш Ахметұлы, айыпқа бұйырмаңыз, жаңа қоныспыз. Машинамның ішінде үш литр қымыз бар еді. Ауыз тиіп аттансаңыздар қалай болады?» – дедім  аптыға, абдырай сөйлеп. «Ой, жақсы, ауыз тиейік». Үстел үстінде  бір графин, екі стакан тұрған.  Парторг Оспанов Алданға:

– Тез үйден шыны әкел, – дедім. Ол жүгіріп кетті. Киіз үйім  бірсыпыра жерде еді, ол келгенше қымызды алдырдым. Димекең: «Сен қымызды местен құя білесің бе?» – деді. Сасқалақтап, тосылып қалдым.

– Сен қысылма. Мына графиннің екі стаканы бар екен ғой? «Иә». «Осы екі стаканға құй». Құйдым. Бәрі екі-екі стаканнан ішті.

– Ой, қандай тамаша қымыз?! – деді Димекең тамсанып. Асекең де, басқалар да: «Ой, жақсы екен» – десті. Парторгім Алдан үйден шыны әкелгенше ол кісілер аттанып кетті. Местің түбінде бір литрдей қымыз қалған екен. Адамдарыма ырым етіп, бір қасықтан үлестірдім. «Димаш Ахметұлының сарқытын іштік» – деп бәрі қуанды.

Жолда, «Қаратұрық» совхозының шаруашылығын аралап көрген Димекеңе совхоз директоры Саттаров: «Димаш Ахметұлы, үйімнен тамақ ішіңіз» – десе Димекең: «Рақмет, біз «Сөгеті» совхозынан тамақтандық» – депті. Сондағы ішкені екі стакан қымыз.

   Ертеңіне хатшымыз бәрімізді аудандық партия комитетіне жинап, Димаш Ахметұлының тапсырмасымен таныстырды. Құрдас жігіттер: «Мына Сағыныш КОКП Орталық  Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысының өзіне екі стакан қымыз ішкізді. Мұнымен ойындарың келмесін» – деп әзілдеп, мені біраз қақпақылдап, ортаға алды. Кейін ол әңгіме жұртқа тарап, көпке дейін айтылып жүрді.                           

Димекеңе тамақты дәрігері тексеріп беруі керек екен. Димаш Ахметұлы біздің қымызымызды дәрігеріне тексертпей ішті. Бұл  сенгені, бізді жақсы көргені болса керек. 

 – Ол кісімен кейін де  кездестіңіз бе?

– Көп кездестім. Димаш Ахметұлы Қонаев Бартоғай  канал-плотинасына әр жетіде, демалыс сайын келіп, егіс даласын суландыру жұмысымен айналысты.  Бір күні сәлем берейін деп, сағат таңертеңгі он бірде   бардым.

 – Сағыныш қарағым, мынау үлкен су қоймасы болады. Таныс. Келешек балаларға айтуыңа жақсы. Оның үстіне Бартоғай сенің совхозыңның аумағына қарайды. Айтпақшы, маған сәлем берем деп жұмысың ақсап қап жүрмей ме? – деп әзілдей күлді. – Білместіктің, қаскөйліктің кесірінен туған асыра сілтеу кезінде халқымызға талай қиянат жасалды. Енді оны қайталамауымыз керек. Шүкір, қазір ал­ған бағытымыз дұрыс. Ел ертеңді-кеш алаңсыз, мамыражай тірлігін істеп, ұрпағын өсіріп жатыр. Біздің міндетіміз сол көген көз халықтың жоғын тауып, барын құнттап, молшылыққа кенелтіп, қуантқан үстіне қуанта беру. Міне, жапан түзде, мына тау сағасында, білсең, біз сол мақсат жетегінде жүрміз. Алматы үлкен каналын іске қоссақ, мыңдаған  гектар жер суландырылып, мол өнімге, әсіресе тонна-тонна көкөніске қолымыз жетеді. Алматы қаласы тұрғындары канал жағалай суға шомылып, күнге қыздырынып, мәре-сәре күй кешеді, денсаулығын түзейді. Бейнеттің – зейнеті деген осы. Кеше күні бойы бір топ жергілікті мамандармен ақылдасып, алда істелінетін жаңа істердің жобасын жасадық. Бүгін түс қайта Москваның атақты ғалымдары осында келмек. Мені біреулер канал басында демалып жатыр деп ойлауы да мүмкін. Олай емес. Жүзеге асырар жоспар көп…

Димекең жаяу жүруді ұнатушы еді. Екеуміз әңгімелесіп, Бартоғай жазығы жақтағы төбеге шықтық. Мен: «Димаш Ахметұлы, мына жер үлкен бейіт, адамдар қойылған. Мұндағы тұрғындар соғыс жылдары Шелекке, Қаратұрыққа көшірілген. Енді бұл бейіт су астында қала ма?» – деп едім:

–  Ой, жігітім, мұндағы марқұмдар сүйегі алынып, басқа, адам аяғы баспайтын орынға қойылады. Есіңде болсын, аруақтар жатқан жерге ерекше көңіл бөліну керек. Өйткені, олар дәрменсіз, дәрменді – тірі адам, – дегенде мен «су астында қала ма?» деп айтып қалғаныма іштей қатты ұялдым.  

– Сен аулыңдағы бейіттерді қоршаттың ба?

– Қоршаттым, Димаш аға, – дедім тез көңілді күйге еніп. – Аулымдағы бейітті цемент-таспен қоршатуға  біраз адамды бөліп, оның жұмысына өзім  тікелей қатысқан едім. Соны Димекең біреулер арқылы біліпті. Енді өз аузымнан есітіп:  «Е, дұрыс. Байқап, көріп жүрген боларсың, Алматыға дейінгі бейіттердің бәрі қоршалды. Қандай жақсы?! Осы жаққа келе жатқанда көрдім, сен ауылыңның сыртындағы ана  Қара батырдың  ескі күмбезін де қоршатыпсың. Өте жақсы! Тірі адам міндеті – бейітті күтіп, таза ұстау» – деп ризалығын білдірді. Ұлы адамның сөзі де ұлы-ау деп өз өзімнен толқи түстім…

– Сағыныш, сенің мектеп оқушыларына арнап бассейн салдырғаныңа тәнтімін. Тауда өскен балалар малтуды білмейді. Ондай қиындықты мен де бастан  кешкем, – деп өз  балалық шағын есіне алды.

–  Димаш Ахметұлы, сол бассейн үшін Москваға да бардым емес пе? – деп едім:  «Қиындықсыз іс біте ме?» – деп күлді.

– Ол қандай қиындық? – деп мен Сағыныш ағаның көңілін өзіме аудардым. 

– Сен оны естімеп пе едің?  «Жоқ». « Е, онда тыңда. Майданға кеткен әкемнің інісі – кіші әкем Досбергеннен 1943 жылы хат келді.  «Днепр өзенінің жағасындамыз. Оқ төбемізден күндіз-түні жаңбырша жауып, бас көтертер емес. Біз өзеннен арғы бетке өтуіміз керек. Бұйрық солай.  Екі күн болды, тосылып тұрмыз. Ұзақ аялдауға  жағдай көтермейтін сияқты. Қазір қалтылдаған қайық үстінде сіздерге хат жазып отырмын.    Насихан, Нәзім, Сағыныш! Арғы жағаға бүгін өтпекпіз. Күндіз өте алмасақ, түнде сөз жоқ өтеміз. Өздерің білесіңдер, мен тауда өскен қазақпын. Малти алмаймын. Егер осыдан суға түсіп кетсем, жағаға жүзіп шығуға мүмкіндігім жоқ. Хат бармаса, қош, сау болыңдар. Елі, жері үшін, балалардың келешегі үшін ғайып болды деңдер. Кім кетпей жатыр? Жалғыз-ақ, соңында тұқымы қалмағандарға обал. Келешек жастарға жақсылық болса екен. Тілегім, келешек балаларды малтуға үйретіңдер. Таулы жерде өсіп, малтуды білмегендіктен маған қиын боп тұр. Досберген».

Бұл хат ылғи менің ойымда жүрді. Өкінішке толы арман ғой. Өзімше талаптанып, жаңа совхоз құрдым. Алдымен мектеп-интернат, мәдениет үйін салдық. Олардың бәрінің спорт залдары бар. Ендігі жерде маған бассейн салсам деген ой келді. Оған түрткі болған кіші әкемнің әлгі хаты. Мамандармен кеңесіп, жоба-есеп жасап, аудан, облыс басшыларына, Ауыл шаруашылық министрлігіне өтініш-хат жазып, өзім сан мәрте бардым.

– Әй, айналайындар, аулымызда үш спорт залы, жазғы алаңдар  бар. Осылар жетпей ме? Ендігі салынатын жаңа мектептің спорт залы орнына балаларға суда малтуды үйрететін бассейн салайық, – десем ешқайсысы құлақ аспады. Ауыл шаруашылық министрінің орынбасары Соколовқа үш рет бардым.

– Бассейн салуға 180 мың ақша керек. Оны біз қайдан аламыз? – деп аузын қу шөппен сүртті. Ыза болғанымнан:  «Мен білдім, соғысқа сен де бармағансың, әкең де бармаған. Егер екеуіңнің біреуің  майданда болғандарыңда, мына  маңызды мәселе оң шешімін табар еді. Сен, міне, жақсы, жайлы орында отырсың. Ана біздің ауылдағы балалардың тағдырын ойлағың, көмектескің келмейді.  Егер түсінсең, бассейн маған емес, елімізге келешек солдат дайындау үшін керек! – деп есігін тарс жауып, кетіп қалдым. Анаған, мынаған барып, әбден титықтадым. Бір білгір жігіт:

– Ақыр қолға алған екенсіз, мектеп салынып бітпей, мүмкіндігіңіз болса, тура Москваға барыңыз. КСРО  Ауыл шаруашылық министрлігінің қар­жы  бөлімі бар. Соның меңгерушісіне  жолығып, жағдайды түсіндіріп айтсаңыз, мүмкін көмектесер, – деді.  «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей тіке Москваға ұштым. Ондағы қаржы министрлігіне барған едім: «Біздің міндет – жоспарлау. Сіз ақша сұрап жүрсіз. Ол үшін Ауыл шараушылық министрінің орынбасарына немесе сол министрліктің қаржы бөлі­міне  барыңыз» – деді.

Екі-үш күн сандалып, бөлім меңгерушісіне жолықтым. Ол елуден асып кеткен, толық денелі Анна Васильевна деген орыс әйел екен. Жағдайымды түгел айттым. Ол сөзімді мұқият тыңдады. «Жаңа орнап жатқан совхоз. Ол жерде су жоқ. Мен бассейнсіз  балаларды малтуға қалай үйретем? Бассейн салдырмасам, 1200 баланың обалына қалам. Олардың келешегіне балта шапқанмен бірдей болам. Оны салдырайын десем, маған ақша бөлмейді.  Соғыста малтуды білмей  қайтыс болған кіші әкемнің мынандай хаты бар» – деп кіші әкемнің орысшаға аударылған хатының мәтінін қолына ұстаттым.

Анна Васильевна  хатты оқып шығып, орнынан тұрып кетіп, қайта отырды.

– Қандай оңбағандар?! – деп ашына, қатты айқайлап жіберді. Көк көздері ашу-ызадан шатынап, ызғар шашып, өңі сұрланып, тіпті жаман боп кетті. Әлден соң, өзіне өзі келіп, ашуын басып, орнына жайғасты да, Қазақстанның бір басшысына телефон соқты. Менің өтінішімді айтып келіп: «Мына совхоздың директоры бассейнді өзі үшін емес, балалар үшін салғызбақ. Не деген тоңмойынсыңдар?! Қанша мың тұрса да, 180 мың емес, 800 мың тұрса да, бассейнді саласыңдар! Бұл кісінің ары, бері жүрген жол шығынын да төлейсіңдер!» – деп бұйрық берді.

     Қуанғаннан әлгі әйелдің бетінен сүйіп ала жаздадым. Орнымнан ұшып тұрып:  «Басссейн салынбаса да, сізге рақмет» – дедім.

    – Бассейн салынады. Сөз жоқ салынады! Қандай оңбағандар бар?! Егер олар тағы анау, мынау деп қиқалаңдаса, тіке маған телефон соқ, – деп телефон номерін берді, жол шығынымды қолма-қол төлетіп, жылы қоштасты.

Алматыға келсем, бәрі өтірік жалпаңдап қапты. Соколов: «Сіз неге Москваға барасыз?» – дейді ренжіп. «Неге бармаймын? Алдарыңа талай келдім».

– Жоба-есеп жасаңдар, бассейнді салыңдар, – деп  Ауыл шаруашылық министрі  мамандарға тапсырма берді. Министрліктен шығып, Алматы облыстық партия комитеті  құрылыс бөлімінің меңгерушісі Стақан Белқожаевқа барып, қуанышыммен бөлістім. Ол: «О, аға, тегі үлкен шаруа тындырдыңыз» – деп   қолымды алды. Бұрын оған да бірнеше рет барғам. Ол мені түсінген еді, ауылдың баласы ғой. Түсінгенмен көмектесуге шамасы жетпеді.

Алматы облыстық атқару комитетіне де барғам. Әйтеуір  ашпаған есігім жоқ.

Осы екіаралықта Алматыда республикалық бір жиналыс болды. Оған  Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қатысып отырды. Мен жарыссөзге шығып, қазақша сөйледім. Жоғарыдағы басымнан өткен мехнаттың бәрін, жалпы бассейн салу мектеп жобасында өмірі көрсетілмегенін, көрсетілмейтінін айттым.

– Димаш Ахметұлы, кіші әкемнің менде мынандай хаты бар, – деп оны дауыстап оқыдым. – Қан майданнан қайтпай қалған ол кісінің «мүмкін болса, балаларды суға малтуға үйрет» деген аманат-арманын орындау үшін мектеп жанынан бассейн сап, балаларды малтуға үйретейін десем, ешкім рұқсат етпеді. Безбүйректік деген осы. Содан, амал жоқ, Москваға бардым. Менің совхозда жұмыс істеуім, әлде алыс қалаға сапар шегіп, сандалып, әр есікке бір кіріп жүруім керек пе? Бұл жақтағылар бірнеше ай әуре-сарсаңға салған  мәселені Москва бір сәтте-ақ шешті. Онымен тұрмай барған, қайтқан жолақымды төледі. Менің мәселемді Қазақстан өзі шешсе, Москваға әуре боп барып не жыным бар? – деп мінбеден түстім.

Зал қозғалып, толқып кетті.  Президиумда отырған Дінмұхамед Ахметұлына қарап едім, ол кісі қатты күйзеліп, орнында отыра алмады. Кейін маған көмекшісі келіп: «Ол мәселеңізді шешпеген кім?» – деп сұрады. Ауыл шаруашылық министрлігі деп шынымды айттым. Кейін біреулерден естідім, Димекең: «Білдей совхоз директорының 180 мың ақшаға бола Москваға барып жүргені не деген масқара?! Егер мұны біреу-міреу  орталық газеттер­дің біріне жазып жіберетін болса, бүкіл Қазақстанды күлкіге қалдырар еді. Біз осы күнге шейін халықпен араласа алмай жүрміз.  Халықтың көкейінде не барын әлі білмейміз» – деп Ауыл шаруашылық министрін қатты сынапты.

Сол бассейн салынып,  маман жаттықтырушылардың басшылығымен 1200 бала бірінші сыныптан бастап малтуды үйренді. Мұны  мен өмірімдегі ең үлкен жеңісім деп білем.

Кеңес үкіметі құлап, колхоздар, совхоздар таратылғаннан кейін бассейн істен шықты. Бір жолы барсам, мектеп директоры орнына спорт зал сал­ғалы жатыр екен, дереу тоқтаттым. «Онша, мұнша тозған, сынған жерлерін жөндетсең, дайын бассейн ғой.  Келешекке, өмірге керек» – десем, мектеп директоры:

– Соның өзіне қаржы жоқ, – дейді. Мұны аудан әкіміне бір-екі рет айттым. Үнемі айта беруге жағдайым  көтермейді. 84-жастағы қартпын. Қаңырап, бос тұрған бассейнді көргенде жылағым келеді.  Оны қайта іске қосу жөнінде облыс әкіміне  айтсам деп талпынып, жете алмадым. Біреулер:

– Өзіңіз қарт адамсыз. Мәселені оң шешпесе, ренжіп, қиналып қаласыз, – деп те ақыл айтты. Сол бассейнді қайткенде іске қайта қосу қай-қайсымыз­ға да парыз, – деп көзтаныстарымның бәріне құлаққағыс жасап жүрмін. Бір жаман жері қазір қайсыбір әкім  мәселені  шешу үшін   пара сұрайтын көрінеді.

Пара демекші, мәскеулік тергеушілер қайткен күнде де Димекеңді түрмеге қамаймыз деп  тіміс­кілеп, қанша әрекеттенді. Бәрі бір титтей қылмысты іс таба алмады. Димекеңнің адалдығы таң қаларлық  деп аяғым жеткен жердің бәріне жария етіп,  айтудан жалықпаймын, – деді Сағыныш аға тебірене сөйлеп.

– Бартоғай қия-жотасында серуендеп жүрген­деріңізде Димаш Ахметұлы не жайында сөз қозғады?

– Ой, ол сәтті күнді мен ешқашан ұмытпаспын. Ди­маш аға көп сыр шертті. Әсіресе:  «Әкемнен кейін мені   адалдыққа, еңбекке  тәрбиелеген кісі – нағашы Байыр атам» – деп, нағашы атасы туралы не бір жан тебірентер жақсы сөздер айтты.

–  Аға, өтінем. Асықпай әңгімелеңізші?

– Нағашы атамды  жақсы көрдім, айтқанын екі етпейтінмін, – деп Димекең ойға шома адымдай түсіп, былай деді:  

– Қысқы он күндік демалысымда өзіне тезірек жетсем деп алып-ұшып, асығып тұратынмын. Нағашы  атам ылғи есекке мініп жүрді. Аздаған малы болатын.  Ауылының төңірегінде қасқыр, түлкі дегендер көп еді. Өрісте қалып қойған бірлі-жарым тана-торпақты жеп кететін. Атам олардың жүретін жолына қақпан құратын.  Қасқыр қақпан, түлкі, қоян қақпан деген қақпандары болатын.

Ол кісі тері де илейтін. Оны  саудагерлерге қант-шайға айырбастайтын. 

Өзі етікші де еді. Дәу дөңбек томар ағашты есік алдына көтеріп әкеп, оны шотпен, қашаумен ойып, ер жасайтын.  «Атамның бір өзінде қанша өнер бар?» – деп мен ішімнен масайрай мәз болатынмын.

Жазғы екі айлық демалысымда атама тағы асығып жетем. Ол кісі жерді аудармай, өзі жасаған ағаш тырмамен тырмалап, тары себетін. Әр барған сайын нағашы атамның «айналайын, дәу жігіт болдың ба» деп мені аймалап, бетімнен, маңдайымнан сүйгені, шашымнан иіскегені есімнен кетпейді.          

Төртінші сыныпты бітірген жылым. Атам қарбыздың тұқымын матаға орап,  жерге көміп, 4-5 күн өте аршып алды. Таң қалғаным, жерге көмілген дәнге кәдімгідей мұрт шығыпты.  Таңертең мені ұйқымнан оятып, есегіне мінгестіріп, ауыл сыртындағы терең өзектің табанына әкеп, білегін сыбанып, іске кірісті. Жерді кетпенімен екі ұрды да, маған: «Балам, ойылған шұңқырға қарбыздың дәнін бір-бірлеп тастап тұр, – деді. Мен мұрт пайда болған дәнді тастап жіберем, атам кетпенмен бетін жаба қояды. Біраз күннен кейін барып қарасақ, қарбыз екі құлақ боп шығып тұр.  «Алақай, алақай! Көп ұзамай қарбыз жеймін» – деп сол сәтте қатты ай­қайлап, алақанымды шапалақтап жібердім.

– Бұл жердің қарбызы тіліңді қуырардай  тәтті болады, – деді атам да қуанып. Ол кісі істің көзін таба білетін. Жерді күрекпен аударып әуре болмайтын. Кетпенмен екі ұрады да, мен тастаған дәннің бетін жаба қоятын. 

Бір күні: «Ата, ана өзеннен арық тартып әкеп, қарбызды суғармаймыз ба?» – деп едім: «Балам, бұл жер бұрын су жатқан көлшіктің орны.  Сол себепті  суғарып, әуре болудың қажеті жоқ. Ал тары егісін жақында суғарамыз. Сенің әр нәрсеге осылай мән бергенің маған ұнайды. Тәуба, өзіме тартыпсың, балам, – деді мені мақтап.

– Атам қандай білгір, диқаншылық еткені қандай жақсы, – деп төбем көкке жеткендей қуандым. Уақыт өте келе  қарбыз пісті дейсің! Әрқайсысының құшақ жетпестей  үлкен боп өсуіне, ертеңді-кеш ерінбей арам шөбін өлтіріп,  мен де үлес қостым. Тәтті болғанда қанттан да тәтті. Атам өзі жасаған күрке ішінде  жамбастай жатқан күйі: «Балам, демалып, асықпай же. Біздің қарбыздың дәмін татқан да арманда, татпаған да арманда. Айтшы, бұл неге ерекше тәтті?» – деді маған ұзақ, қадала қарап.

– Ата, су ішпегендіктен тәтті шығар?

– Ой, балам,  асығыс жауап бердің. Мұның жарамайды, ойланып жауап бер. Қанша талпынып, әрекеттенсем де, берген жауабымның бірде бірін  атам жаратпады. Ең соңында амалым таусылып: «Ата, ататай, өзіңіз айтыңызшы?» – деп жалындым. «Бұл қарбыздың тәтті болуының себебі екеуміздің маңдай теріміз сіңді емес пе? Қазақ атаң  «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деп бекер айтпаған. Қарағым, қайда жүрсең де, осы мақалды ұмытпа. Адам болам десең,  ұмытпа» – деді арқамнан қағып. «Мақұл, ата». «Уәде бересің ғой?»  

– Уәде берем.

– Айналайын, еңбекті сүй. Еңбекті сүйсең,  елге сыйлы, жақсы адам боласың.

Атам қай жерге қандай дақыл егуді, оны қалай баптап күтуді  маған күнде үйрететін. Үйретуден ерінбейтін. Екі рет су ішкен тарымыз да бітік өсті. Дәнін көтере алмай басын ізетпен төмен иген оған сүйсіне, ұзақ қарап қалғанымды көріп, атам: «Өзіңмен тары жарықтық  сырласып тұр-ау. Не дейді, естіртіп айтшы?» – деді жымиып. Мен іркілмей: «Ертелі-кеш ерінбей баптап өсірген атаңа шын жүрегімнен риза боп, рақметімді айтып, басымды иіп тұрмын дейді» – деп едім, ол кісі даланы басына көтере аха-ха-халап күліп, мені құшақтай ап, екі бетімнен кезек-кезек шөпілдетіп сүйді. Омырауын жапқан күмістей ақ сақалы, ақ мұрты бетімді қытықтап, күлкімді келтіре жаздады. Өзімді әзер ұстап бақтым.

Атам ұзын бойлы, денелілеу келген, қыр мұрынды сұлу кісі еді. Анам ылғи: «Сен  атаңа аумай тартқансың. Үлкейгенде диқаншы боласың» – деп отыратын.

–  Болсам, болам, диқаншылық маған ұнайды. Бала­ларыма қарбыз егіп берем, – десем:  «Ниетіңе жет, айналайын, – деп анам көзі жасаурай құшақтап, бауырына қысатын.   

Атам немерелерім жесін деп аздап қауын да егетін. Біздің қауынды таласып-тармасып, рахаттана жеп отырғанымызды көріп, жымыңдай күліп, мәз болатын.

Алдыңғы «
Келесі »