ЖҰМБАҚ ЖАН

  • 30.11.2011
  • 679 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Баймаханбет  АХМЕТ –  М. X. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әлем тілдері факультетін бітірген. Бірнеше жыр және әңгімелер жинақтарының авторы. Республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жүлдегері. Бүгінде Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет істейді.

 «Димекең өз заманының перзенті болған ірі тұлға…

Қонаев есімі Қазақстан халқымен бірге жасары анық,

ақиқат. Ол кісі бәрімізге ұстаз болған ұлы адам».

                Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қонаев әлемі бізге әлі де жұмбақ. Кезінде өзі бейнелеп айтып кеткен алып айдаһардаң үш басы сияқты қазақтың үш жүзі өкілдерінің – исі қазақ баласының қай-қайсысының да жүрегі түкпірінде осынау ұлы тұлғаға деген құрмет-ілтипаты жоғы кемде-кем. Сол «үш басты» халық бір-біріне өшігіп, шайнасып, жан-жаққа тартпайды. Кейде өзара алагөз болып, келісе алмайтын кездері болады. Үш бас бір дене, бір мойын омыртқада болғандықтан, қашанда берік тұтасып, ешқашан ажыраспайды. Қажет кезінде үшеуі бірдей «тілдерін ысылдатып», дұшпанына жұмыла сес көрсетеді. Құдай солай жаратқан айдаһардың үш басы сияқты қазақ бір-біріне сүйеу, бір-біріне тіреу, бір-біріне туыс болып, ұлан-ғайыр далада мыңдаған жылдар бойы жасап келеді. Қазақтан басқа «үш бірлікті» халық дүниежүзінде жоқ. Ақарыс, Бекарыс және Жанарыстан тарайтын бәріміз үш жүздің баласымыз. Біз үш басты айдаһарға ұқсаған сұсты ұлт, алып даланың адамдарымыз. Сондықтан бірлігімізге де бекембіз.  

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында кейбір зиялыларымыз арасында Димекеңнің бұл «тәмсіл-даналығы» айрықша кең таралған-ды. Қазақтың болмыс-табиғатын бүге-шігесіне дейін түгел түстеп таныған дегдар кісінің, ұлы кемеңгердің пайғамбарлық сөзі де еді бұл! Ал керісінше Қазақ Қонаевты әлі толық тани алған жоқ. Ол турасында басқаны қойып, өз ішімізде әр алуан пікірлердің  қалыптасуы да, міне, осындай танымның төмендігінен тамырын тартып жатыр. Қонаевтану ілімінің әлі де бір ізге-жүйеге түсірілмеуінен бәрі де…

Рас, Димекең жөніндегі кітаптар (оның бірсыпырасын өзі жазып қалдырды) мен естеліктер жинақтарының өзі бірқыдыру. Соның бәрін ерінбей-жалықпай жинақтар болсақ, салмағы кішігірім кітап сөресін қайыстырып-ақ жіберерліктей, тіпті. Бірақ, оның бізге – оқырманына берер дәні, мәйегі татымсыздау. Әрі кеткенде, Димекең өмірі мен қызметі, ата-тегі, отбасы, кімдермен араласқаны, әйгілі «бесжылдықтар» тұсында Қазақстанның өсіп-өрендеуі жөніндегі қатқыл деректермен бетпе-бет келерміз, көп болса. Сосын өзі билік еткен қырық жылдан астам уақыт ішінде сегіз жаңа Қазақстан пайда болғанын, Алматы мен Балқаштан басқа 43 жаңа қала салдырғанын, қылышынан қан тамып тұрған кеңестік империяның тұсында бірнеше облыстың Ресейге, біраз жеріміздің Өзбекстанға өтіп кетуіне жол бермей, табандылықпен тірескенін, өмірі тәлкекке түсіп, басына қара бұлт үйірілгенде талай ұлт зиялыларынының тағдырына арашашы, ұлтқа «үлкен әке» бола алғанын пайымдармыз. Міне, осылардың өзін ғана қанағат тұтып, қонаевтану ісін орта жолда доғарсақ, Димекең ғұмырының – мұхит бетінде оннан бір бөлігі ғана көрініп жататын алып Айсберг-Мұзтаудың тек «бетін ғана қалқыған» болып шығар едік. Аңыз-Адамға, Алатау-Адамға айналды Ол! Асқар таудың алыстаған сайын асқақтай түсетіні секілді. Айтпақшы, «Алатау» аталатын белгілі ән (әнін жазған Н. Тілендиев, сөзі – Н. Әлімқұловтікі) кезінде Димекеңе арналғанын біреу білер, біреу білмес. «Алып тұлға байсалды…» деп басталатын, міне, осы әннің әуенінде де, сөзінде де Димекеңнің асқақ тұлғасы, рухы атойлаумен тұр. Бастапқыда авторлар нотаға түсірген «халық көсемі Д. Қонаевқа арналады» деген сөзбен келіспей, оны мүлде алдыртып тастаған да басқа емес, Димекеңнің өзі екен. Өзі жөнінде жазылған І. Есенберлиннің романын («Мұхиттан өткен қайық», бертінде баспадан шықты) «көзімнің тірісінде мен жайлы кітап шықпасын» деп жариялатпай тастағаны ше… ол кісінің үш рет Еңбек Ері атағын, сегіз рет Ленин орденін омырауына қадағанда да асып-таспай, «Менің нағыз өз еңбегіммен алған марапатым – үлкен өндіріс, кеніште істеп жүрген инженер кезімде кеудеме арнайы тағылған медаль ғана. Ал қалғаны – халқымдікі» дейтінінің өзінде қарапайым кісіліктің кереметтей үлгісі жатыр емес пе?

Бұл Қонаев тағылымының тек бер жағы ғана ғой! Қалай болғанда да таныс та бейтаныс Қонаевтың алуан қырын шыншылдықпен шынайы ашып көрсетерлік бір толыққанды туынды керек-ақ еді. Жер бетінде зейін-зердесі, жады көнермес, асыл-жауһарларын әсте аяқ асты етпейтін «қазақ» дейтін текті халық барда, ұзына ғасырдың бір иінінде ерте ме, кеш пе ондай атты күннің туатыны да кәміл-ді. Міне, сондай «құйма алтын» – үлкен танымның же­місі Киелі кітап өмірге келді, әлеумет! Авторы – елі­мізге танымал журналист Ораз Қауғабай. Жұм­бақ жан – «Таңғажайып Қонаев» (кітап осылай аталады) барлық адами қасиетімен жарқырай ашылып, толыққанды сомдалған күйінде ортамызға келді! Бұл Ұлы ұстаздың өмірде қандай болса, дәл сондай күйде ортамызға қайта оралуы секілді. Аз ғана таралыммен шыққан бұл кітап кезінде Димекеңмен туыс, бауыр ретінде көп араласқан, қам­қор­лық, шапағатын да көрген  тәлімгер ағасына айрықша құрметінің белгісіндей етіп өзі туып-өскен Аманкелді (Талас ауданы) ауылынан «Д. Қонаев мешітін» тұрғызған Берден Байқошқаровтың қолына әлдеқалай түсіп қалған екен. Жақсы кітап жан азығы ғой қашан да! Бекең «ғажап дүние» деп әбден мақтауын да жеткізді, оның. Оқып шықтық. Рас екен! Автор (О. Қауғабай) өзінің осынау роман-эссесінде халқының қалтқысыз құрметі мен шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қарапайым кісілік, кемеңгерлік, тектілік, көрегендік қасиеттері мен ел-жұртына адал тілек­тес­тігі жайында кең толғап жазыпты. Халықтың оны неліктен 1101-ші қасиетті адам, әулие, дана, пайғамбар атағандығы жөнінде (бұрын да, қазір де) қисындар да шынайылығымен баурайды. Димекеңде тектің тазалығы, бір тылсым әулиелік қасиет заузатынан бар болып шықты! Бағзы бір кездері Азынабай бабасына кездейсоқ ұшырасқан жауырыншы-сәуегейдің «Сенің төртінші, не болмаса бесінші ұрпағың болар – бір бала Алатау етегінде нұрдың ішінде, елдің ішінде жүр. Баланы әулиелер мен періштелер қоршап жүр» деп болжам айтқаны дәлме-дәл келді де тұрды. Міне, осының өзі пайғамбарлар жөнінде айтылатын аңыз, сыры жұмбақ тылсымды көз алдыңа әкелетініне қайран қаласыз. Қазір де Оңтүстік түгел Димекеңді «әулие» деседі. Кемеңгердің Кеңсайдағы бейіті басына келіп, оның рухына тағзым ететін пенделер оны «киелі рух» санайды. Ал мұражайына келушілердің легінде толас жоқ.

Димекең өзінің өмірден өтерін (1993 жылың жазы) алдын-ала дәп он күн бұрын болжап білген ғой! Басшылық қызметте болған кездерінде «капитализмде тудым, капитализмде өлемін» деп те жүреді екен. Ерекше ырым-жоралғысын жасап, бата беріп, алдына келгендердің  болашақта қанша ұл-қыз көретініне шейін дәл болжап айтқан кездері де аз емес. Бір аңшылығы үстінде тотемдік жебеуші күштің бірі – өзінің «қызыл жолбарысын» қалың қамыс арасына еніп бара жатқан күйінде көріп қалған. Қалай десек те, таныс та бейтаныс Қонаев болмысы тым күрделі. Ол «заман зәйіліне қарай қызмет етсек те, Құдайдың бар екенін естен шығармай, жүректе бір Алла деп жүрдік» деп өзі айтқандай өмірде де маңайына рух пәктігі мен жан тазалығы, наным-сенімі бір адамдарды іріктеп жинай алды. Әкесі Алматыдағы бұрынғы ескі мешіттің тұрақты намазханы, атасы Жұмабай белгілі пірадар, өзі бекзат Димаш – Дінмұхамед бала кезінде қаладағы қари-молдалардан діни дәріс те алған. Сондықтан да діндарлық пен бекзаттық оның бойына жасынан сіңген-ді. «Йасин» сүресін жатқа білгенін, кейбір аяттарды араб жазуына қарап оқи алғанын, өмірінің соңына таман мұсылмандық парызының бірін – қажылыққа баруды өтеп қайтпаққа ниет етіп, нәпіл намазын оқып, біршама рухани тазарып дайындалғанын, айтпақшы, өз өмірі ішінде қызмет бабында және іссапары кезінде жеті рет қауіп-қатерге тап болып, «періштесі қорғауымен» аман-сау қалғанын көпшілік біле бермейді де.

Аталған кітапты парақтағанымызда, қазақтың жүз жылда бір-ақ туатын кемеңгер перзентінің шынайы болмысы сол күйінде көз алдымызға үйірілгендей болады.

ҚАЗАҚТЫҒЫ – сөйлеп кетсе, кейбір сөздері өзінен нақыл болып құйылып түсе қалатынынан, көп мақал білетінінен, нағыз от ауызды, орақ тілді шешендігінен, Шашубайдың, Мағжанның,  Мұқағалидың, басқа да көптеген қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа білгенінен ;

ҒАЖАПТЫҒЫ – қол жайып берген әрбір  батасының сол заматында  қабыл болып, ісі жүрмей қиналған азаматтардың жолын ашып, бір шаранаға зар болып жүрген он-сан отбасы иелерінің кешікпей ұлды, қызды болуына септесуінен, абыз аталарын түсінде көрген өнер, әдебиет өкілдерінің, қарапайым шаруа адамдарының үлкен жетістіктерге қол жеткізуінен, қай өңірге (әсіресе, қуаңшылық жайлаған) барса да, соңынан нұрлы жаңбыр ілесе жүретінінен;

АЗАМАТТЫҒЫ – Шәкәрімнің ұлы Ахат «халық жауының» баласы ретінде түртпек көріп жүргенде, сол кездегі идеологияның қаһарынан да ықпай, Семейдегі мұражайға қызметке орналастыруынан, әдебиет, өнер қайраткерлерін ұдайы назарында ұстап, жанашыр-қамқор бола жүретінінен, не көрсе де көппен бірге көру ұстанымынан – қарапайымдылығынан бір айнымай өткенінен;

АДАЛ, АҚТЫҒЫ – бір жолы елге келген Иран шахы Ризе Пехлевиден ата-бабалары үркіншілік жылдары елден кетіп, Иранға тұрақтап қалған қазақ қауымына жағдай жасауын өтінуінен, билік тізгіні қолында бола тұрса да, хрущевтік тар үйді қанағат тұтуынан, Брежнев «қатты тапсырған» соң ғана екі қабатты жаңа үй салдырып, онда да жал­ғыз өзі емес, Орталық Комитеттің оншақты лауазымды қызметкерлері отбасымен бірге тұруынан, ең әрісі өзінің атып алған аң, құстарының етін «ел жесін» деп, Алматыдағы «Саят» атты арнайы дүкенге өткізіп жіберетінінен, қызмет бабын асыра пайдаланушылармен, әстемсігендермен, жарамсақтармен, уәдешіл басшысымақтармен, өтірік пен өсекке үйірлермен  қосын бір тікпеуінен «мен мұндалап-ақ» тұрғандай!

Рас, кезінде әлдебіреулердің: «Қонаевтың түбі шикі. Ол қазақ емес» дегені де болған-ды. Міне, мұндай жағдайда Димекең сабырмен ғана: «Менің қазақ екендігіме күманданса, маған келсін, мен өзімнің ысты екенімді жеті атама дейін таратып түсіндіріп берейін» деген ғой! Шынында да өзінен бастап Ұлы жүз Ысты-Бәйдібекке дейін шежіре тізбесін жатқа да айтқан. Димекеңнің нағашылары – ежелден «хан сайлаған» қаңлылар болатын.

Міне, осындай жоғары интелект иесі, дана, кемеңгерге халықтың құрметі де ересен-ді. Әлі де солай. Орта буын өкілдері тоқсаныншы жылдары Д. Қонаевқа ашықтан-ашық қара күйе жағып, жалған ақпарат таратушылар көп болғанын ұмыта қойған жоқ. Одақтық бір басылым ұлы абызымыздың бір аңшылығы кезінде өзі атып алған құрбандығын – қабан шошқаны аяғымен басып тұрған суретін де жариялап жіберді. Осындай тосын фактілерді көбейткісі келді ме, тағы бір басылым бір ісі түскеніне бола Қонаевтың суреті басылған ақ матаны мыжғылауын өтінгенде, ғалым-жазушы С. Қышқашев: «Атып тастасаңдар да, мұны аяғыма таптамаймын!» деген ғой! Мінекей, қара халықтың ханына деген құрметі қандай! Мұндай мысалды көптеп келтіруге де болады. Сол тұста Ұлы ұстазды нақақтан-нақақ тағылған  айыптан арашалап, қиянаттан құтқару ісіне облыстық «Ақ жол» газетінің алғашқылар қатарында атсалысқанын да атап өткеніміз жөн.

Аталған кітаптан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д. А. Қонаевтың Америкаға, Францияға, Англияға, Үндістанға, Кореяға, Алжирге, Египетке, Иранға, тағы басқа елдерге ресми сапарларының тағылымдарымен де кеңірек оқып танысуға болады. Димекеңнің кезінде өзі араласқан көрнекті мемлекет қайраткерлері, ақын-жазушылар, әртістер, әншілер, қарапайым шаруа адамдары жөніндегі мөлтек сыр, маңызды мағлұмат та мол.

Осымен байланысты  ұлы кемеңгеріміздің адами  болмысы біршама ашылуына септесетін тағы бір кітаптың («Қазақстан – Отаным, атамекенім»)  кәсіпкер Берден Байқошқарұлының демеушілік етуімен жарыққа шыққанын атап өтсек дейміз. Кітаптың құрастырушысы – журналист  Абай Болатбеков. Онда негізінен Димекеңнің «Өтті дәурен осылай», «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітаптарынан, «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұқбатынан іріктелініп алынған нақыл сөз (афоризм), ұлы тұлғаның мінез-құлқына, адами қасиеттеріне және көп жылдар бойы атқарған жемісті қызмет­теріне байланысты ел басшылары мен қарапайым еңбек адамдарының ой-пікірлері, алғыстары топтастырылып беріліпті. Екі кітаптың да көтерген жүгі ауыр, діттегені – бір-ақ нәрсе: Қонаевтың былайғы жұртқа жұмбақтау болмысын қадери-қалдерінше ашып көрсету болған секілді. Қалай болғанда да «Таңғажайып Қонаев» өзінің осы миссиясын жемісті орындай да алыпты. Осы кітапта айтылатындай, Ұлы Абыздың үйі ауласына өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Еуропаның бір мемлекетінен биіктігі 60 метрге дейін өсетін, кемі 600 жыл жасайтын шамшат ағашын әкеліп отырғызып, «жерсіндіруі» жайдан -жай емес-ау. Ол осы бір ағашпен өзінің бол­мыс-бітімі, рухы арасында әлдебір ұқсастық барын әулиелікпен болжай білген шығар. Қазақ барда, соңында орман жұрты барда Қонаев рухы шамшат ағашындай күн санап өсіп, желегін кеңге жая да бермек.

Алдыңғы «
Келесі »