ЕСІМДЕРІ АҢЫЗ БОЛҒАН…

  • 09.04.2014
  • 1071 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Марқұм Ғафу Қайырбеков: «Бір тай­паның соншалықты ұрпақтары ел аузында аңыз болуы айтарлықтай ғажап нәрсе, тарихта сирек кездесетін  құбылыс» деп таңдайын қағып,  айтып отырушы еді.  Айтса айтқандай екен. Ғафаңның бабасы Мергеннен тараған ұрпақтар туралы ел  аузындағы аңыз әңгімелерді біз де жаңғыртуды жөн көрдік.
Торғай өңірі  қазақ тарихында айтарлықтай іздері   қалған айтулы  батырлары, шешен -билері көп аймақ. Ал,  бірнеше ғасырларға жалғасқан бір рудың көптеген ұрпақтарының  ел ішінде есімдері аңыз болып кетуі  тарихымызда сирек кездесетін   құбылыс.Торғай өңірін жайлаған сондай рулардың бірі – Мерген. Мергеннің азан шақырылып қойылған есімі Теңізбай екен. Теңізбай  қалмақ шапқыншылығында талай ерлік көрсеткен батыр болыпты. 18-ғасырдың бас кезінде  Ұлы жүзде, Жетісу бойында үш жүздің басын қосқан  ұлы асқа сол Теңізбай  батыр қатысып, мергендердің сайысында  садақпен елу қадам қашықтықтан алтын жамбыны атып түсіріп, үлкен сый-сияпатқа ие болыпты. Содан Теңізбай Қойгелді батырдың (Сатұлы Асыл атты қарындасына құда түсіп, елге үлкен сән-салтанатпен оралған екен.Сол уақыттан бері Теңізбайды  Мерген батыр атап кетсе керек (Шежіреде жазылған.)  


Мерген  батыр ол кезде Түркістан бойын  мекен етіпті. Одан тараған ұрпақ содан бері мерген атанған деседі. Қазақ елі қалмақтарды біржола жеңіп, қазақ жерін жаулардан тазартқаннан кейін, Шақшақ Жәнібек тархан арғын-қыпшақтарды, Бабастан тараған руларды, оның ішінде  осы мергендерді Торғай өзенінің бойына қоныстандырған екен. Сол Мерген тархан Шақшақ Жәнібектің қалмақтарға бірге шапқан батыры, әрі досы болған. Бірде Мергеннің қайнағасы Қойгелді батыр орыстардың керуенін талан-таражға түсіріпті. Сол кездегі Кіші жүз елі мен Орта жүз еліне билігі жүрген губернатор Неплюев орыс керуенінің мүліктерін қайтаруды талап етіп, Шақшақ Жәнібек пен өзінің өкілі Миллерді Қойгелді батырға жіберген. Шақшақ Жәнібек «себі тиер» деп Ұлы жүздің Қойгелді батырына күйеу Мерген батырды осы жолға алып шығыпты.Сол себеп болып, Қойгелді батырмен елшілер келісімге келіпті. Мерген батыр бұ дүниеден өткеннен кейін, мүрдесі Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне Шақшақ Жәнібектің жанына қойылған. Мергеннен алты ұл тарайды, оның ішінде ортаншы ұлы Баймырзаның аты ел ішіне жастайынан тарай бастаған. Баймырза он үшке толып, бозбала атана бастаған шағында, оның ағасына байланысты  ел арасында үлкен бір дау туындайды. Сол дауды шешуге қатысқан билер «жан беруге»  үкім шығарады. Оның мәнісі қарсы даугер жақтың батырымен Баймырзаның ағасы  жекпе-жекке шығу керек екен.  Бозбала Баймырза билерден ағасының орнына жекпе-жекке жіберуге қолқа салыпты.Ағасы көнгесін, билер оған келіскен екен. Баймырза әкесі Мерген батырдың сауытын киіп, қару жарағын асынады. Сол жолы досым арғын руынан шыққан Үркімбай деген би өзінің аты шыққан Ақмоншақ деген жүйрік атын Баймырзаға жекпе-жекте мінуге беріпті. Ақмоншақ жүйрік туралы «қусаң жетесің, қашсаң қара үзіп кетесің, жауға жаныңды алдырмайтын жылқы» деседі екен жылқы танитындар. Сонымен, Ақмоншақ жүйрікті мінген Баймырза   қарсы жақтың батырымен жекпе-жекке шығу үшін Қараша төбенің басына найзасын сумаңдатып шыға келеді. Оны көрген  даугер жақтың бір қариясы «Баймырза аруақты жан екен, оны шілтендері қолдап тұр екен, анау шаншылған найзасының түбінде қарсыласына  шапшығалы жолбарыс жатыр, қан төгіспей-ақ, бітімге келісейік» дейді. Оған ағайындары тоқтамапты. Баймырзаны аруақтары жебеп, қарсы жақтың үш батырын аттан түсіріпті. Даугер жақ осыдан кейін амалсыз бітімге келісіп, тарасыпты.  Баймырза содан кейін батыр атанып кеткен екен. Баймырза аса бай болмаса да, қолы ашық, мырза болыпты. Ел арасында «Баймырзаның сабасындай берекелі екен»  деген сөз қалған. Баймырза үлкейгенде әулие атанған. Торғай өзенінің бойындағы  Баймырза қорымы алыстан көзге шалынады.  Оған тәуеп етіп барушылардың саны осы күнге дейін  ешқашан азайған емес.
Баймырзадан Аңшы, Бекше, Сүттібай туады. Сүттібайдан – Төке. Ол Сүттібайдың қартайған шағында туса керек. Бесікте  шақадай болып жатқан баланы көріп, «Осы бала сендерге қорған болып, береке әкеледі» депті. «Неге олай дедіңіз»  деп сұрапты  қасындағылары. Сонда Сүттібай «Көрмейсіңдер ме, шақадай болып, қимыл-қозғалысының өзі бөлек» деген екен. Сүттібай әулиенің айтқаны келіп, Төкесінің істері  әлі күнге дейін ел арасында аңыз болып айтылып жүр.Торғай бойында билік еткен Төке мен Құлжан билер Құнанбай мен Алшынбай билермен замандас. Торғай  дуанында үлкен жәрмеңке, той-думан ұйым­дастырылыпты. Соған Батпаққара маңы­нан барып келген қараман Тайшықара дегеннен ауылындағылар «Дуандағы тойдан не көр­діңіз» – деп сұрағанда,  «Ойбай несін ай­тасың, екі бұзық, екі қызық, бір жүзік, бір масқара көрдім» деген екен. «О, не деге­ніңіз, түсіндіріп айтып берсеңізші» – дейді ғой  әңгіме тыңдағысы кеп  отырғандар. «Тойдағы аламан жарыста Төке би  мен Құлжан би қосылмаған аттарына бәйге  сұрады – екі бұзығым сол, Сейдахмет пен Есенжол деген ақындар екеуі екі үйде отырып, жұртты аузына қаратты, бұл  – екі қызығым , біздің туысымыз Елғон деген «құрым сал» атанамын деп, үстіне құрым киізден киім киіп тойға барды – бір масқарам осы» депті Тайшықара. Сол тойдағы дауда ел арасында беделді шіли Баймұрат «Қой Төке, қой Төке, қой Төке»  деп үш рет айтып Төкені сол дауда  тоқтатқан екен деседі. Соңынан Баймұрат «Жасы үлкен аға еді, топ алдында бетін қайтарып едім, айыбым болсын»  деп екі  шұбар ат жіберген екен. Оны қабылдаған Төке – Баймұрат «Қой Төке» деп үш рет айтып еді ғой» – депті. Оны естіп, сөзге тоқтаған Баймұрат  тағы бір ат жіберіпті. 
Бұзық би атанған Төкенің  жас кезінде-ақ  есімі ел аузында болған. Ол кезде мергендер ауылы кедейлеу болыпты. Жоқшылықты да, таршылықты да бастарынан талай өт­керген. Сондықтан, Төке он төрттен он бес­­ке қараған шағында-ақ, бас көтерер ауыл жігіттерінің басын қосып, өте алыс­тан табын-табынымен жылқы тартатын болыпты. Әкелінген жылқыларды ауыл адамдары  бір пәлеге қаламыз деп алмай бас тартатын көрінеді. Содан Төке бір түні  айдап әкелінген  жылқыларды  бауыздап, әр үйдің ошақтарының басына тастап кете беріпті.  Осындай  тентек  істерімен жасынан аты шығып жүрген Төке  он сегізге толғанда үйленбекке бекініп,  арғын -қыпшаққа  үлкен ықпалы жүріп тұрған атышулы батыр, әрі би Сары Қошқардың ауылына келеді.Бесіннен ауып, кеш болып қалған мезгіл екен, Төке үйге сәлем беріп, кіріп келеді.  Сары Қошқар бидің алпыстан асқан кезі, қапсағай жауырынды ірі денелі,  қабағы көзін жауып тұратын  кісі екен,  батыр мен оның  қасында қоршап отырған  ауыл ақсақалдары  жас жігіттің сәлемін алысады. 
– Уағалейкүміссәлем, қай бала бола­сың?
– Мына Торғай бойындағы мерген руынан болам, атым Төке.
– Е, е, әлгі елді шулатып жүрген Төке сен боламысың, төрге шық – деген екен.
Төке Сары Қошқар батырдың оң жағын ала  төрге шығып отырыпты.Төкенің денесі орта бойлыдан да аласа екен, батырдың жанына отырғанда  бүркіттің жанындағы торғайдай болыпты.
Қонақ бала жайғасқасын, батыр одан:
– Ала кеуім кезде жеделдетіп жүрген жүрісіңе қарағанда жәй жүрмеген шығарсың, балам, шаруаңды айта отыр, – деген екен.  Сонда Төке де кідірмей, екі көзі оттай жанып:
– Ел сыйлаған батырымыз да сіз, биіміз де сіз, мен де жасымнан атым елге тараған жігіт едім, сіздің екі қызыңыз бар деседі, соның бірін айттыра келдім, – депті. Сары Қошқар батыр біраз уақыт үндемей, сосын дәу саусақтарымен Төкенің басын бұлай бір, бұлай екі бұрап, иығына, мойнына қолын салып көріп:
– Апырмай, саған менің қыздарымның бірі де қатын болуға жарамайды екен, – деген екен.
Қасында отырған ақсақалдар таң­данып:
– Батыреке-ау, о не дегеніңіз, – десе керек.   
– Сендер мұның өткір көзі, бойындағы жігері, дікілдеген дауысы кішкентай бойына сыймай тұрғанын байқамай отырсыңдар, бұған өзінен екі есе үлкен  дәу қатын алу керек, сонда ғана бұл ұр­пағын жаңғыртады. Өзім ертең кіші жүз еліне жол жүргелі отыр едім, жолда арғын ішіндегі аю руынан Сейіл дегеннің  «өгіз тартқан»  деген аты  шыққан қызы  бар дейтін еді. Оны отырып қалған қыз деп кәрісінбе, түбінде артыңда арыстай ұрпақ қалдыратын лайықты әйел болады, мен соны өзім құда түсіп алып берейін – депті Сары Қошқар.
Қанша тентек болса да бұл жолы Төке аузы дуалы Сары Қошқар бидің  бұл сөзіне қарсы дау айта алмай қалады. Ертеңіне Сары Қошқар батырдың қасындағы кісілерге Төке де жігіттерімен ілесіп, Торғайға бет алады. Бұлар бара жатқан Сейіл Тосын құмын жарып өтетін Торғай өзенінің бойында балық аулап күн көретін кісі екен. Өзен жағалап орналасқан шым үйлердің шетіндегісі Сейіл  балықшынікі. Шағын ауылдың күнделікті бейғам тіршіліктегі кезі ғой. Кейбір ошақтан сызылып шығып жатқан түтін байқалады. Керілген шытпаларда кептіруге ілінген ба­лықтар көрінеді. Әр жерде жайылып жүрген бірер қозы-лақ. Осындай бір тылсым уақта шеттегі үйден  шапан жамылған әйел заты  шығып, әндем жердегі бір топ шеңгелді пана еткендей боп, жалп етіп отыра кетеді ғой. Осы сәтте дәрет сындырып отырған қызын көрген шешесі:
– Кісілер келіп қалды, тез тұр, – деп ойбай салған екен. Қыз денесіне орай, салмақты да болса керек, «келген дүниені қайда тастайын» деп отыра беріпті. Ойда жоқта құмды қыр астынан шыға келген қонақтар жақындап қалғанда қыз да орнынан тұра беріпті. Келе жатқандар қыздың да бойы атты адамның иығымен теңескендей, аузы апандай, саны бурадай екенін байқапты. Сары Қошқар би қасындағы серіктерімен жаңағы қыз  кіші дәрет отырып кеткен  жерге келіп, кідіріп:
– Әй, Төке, мынаны ошақтай қылып ойып тастаған жерден талай мықты ұл туады, осы қызды қайтсең де  ал – депті.  Оған Төке көніп, Сары Қошқар би құда түсіп, Сейілдің  «өгіз тартқан» атанған қызын оған алып беріпті. Одан Нұрмағанбет, Ормағанбет, Оспан және Смағұл туады. Оның бәрі де Сары Қошқар би айтқандай, шешесіне тартқан  ірі тұлғалы, әкесіне ұқсаған  көрікті жігіттер болады.
Төкенің жігіт ағасы жасына келген тұста, Кенесары үш жүздің ханы атанып, бірақ, орыс әскерінің сығымдауынан Көкшетаудан Қостанай маңына, одан ығысып, Торғайға қоныс аударған кезі болса керек. Содан кейін Жетісуға беттемек болып, жергілікті болыстардың келісуімен жасағына  торғайлық  жігіттер қосылатын болады. Ол жігіттердің  қата­рында Төкенің де аты аталады. Ауылдың көріпкелдері «Сен Жетісуға барма, одан тірі оралмайсың» депті Төкеге. Содан, Төке Кенесары ханға ермеуге бел буады.  Кенесары хан Жетісуға бет алатын күні  Наурызбай батыр Төкенің үйіне келеді ғой.  Киіз үйдің жанында үйген шөмеледей  болып Төкенің бәйбішесі тұрады, үй ішінде балалары ғана бар. Наурызбай батыр жанындағылармен  Төкені айнала іздейді, тінтеді, таба алмайды. Наурызбай  әйелден «күйеуің қайда» деп сұраса, ол «білмеймін, мана атқа мініп, кеткен» дейтін көрінеді. Содан Наурызбай шарқ ұрып іздейді, таба алмағасын кетіп қалады. Сөйтсе, бозторғайдай шағын денелі Төке Наурызбай батыр іздеп келгенде бәйбішесінің  етегінің астында тығылып тұрыпты. Сөй­тіп, Төке аман қалған деседі.
Төкенің ортаншысы  Оспан  жас кезінде-ақ аты шыққан палуан болады. Бір ірі аста Оспан ортаға шыққан палуандардың бәрін жығып дес бермепті. Содан тойдың буына қызған жұрт «Саған тең келетін палуан бұл маңда жоқ екен, сен енді мына тайыншаны көтеріп, жұртты таң қалдыршы» деседі.  Оспан белді бір атқа мініп, тайыншаның құйрығынан ұстап көтеріп әкеткен екен. Сол кезде ат салмақты көтере алмай, сүрініп, үстіндегі Оспан құлағанда мойны үзіліп, мертігіпті. 
Нұрмағанбет те тұлғасы алпамсадай, көркем жігіт болыпты.Сол туралы айтайын деп отырған оқиға Сүлеймен төренің Торғай уезінде салық жөніндегі уәкілі қызметін атқарып тұрған кезінде болса керек. Сүлейменді төре тұқымы болғасын  елді аралаған кезде оны жұрт «ханекем» деп қолпаштайды екен. Сүлеймен төре салықтан елге жөнді-жөнсіз қысым көрсете беретін болыпты. Әсіресе, онсыз да күндерін әрең көріп жүрген мергендер көп зардап шегіпті. Сүлеймен төренің мергендерге тізесін батырғанын кек сақтаған Төке би ұлы Нұрмағанбетті жұмсап одан кек алмақ болады. Содан, ол ауыл ақсақалдарын жинап алып, Нұрмағанбетті Сүлеймен төреден кек алуға жіберіп отырғанын айтып, олардан бата сұрайды. Сонымен, Нұрмағанбет әкесінің ақылымен Сүлеймен төренің  жазғы қонысына  бет алады ғой . Ауылға келген бетте  төренің сегіз қанатты ақбоз үйіне  сәлем беріп, кіреді.
– Уа, қай баласың, – депті Сүлеймен төре.
– Асыл текті хан ием, мен сонау кіші жүз­дің ішіндегі жақайым руынан боламын, ел арасында тараған сіздің атақ-даңқыңызды естіп, сізге қызметші, бала болайын деп келіп едім, – депті Нұрмағанбет.
Сонда жігіттің сыпайы мінезіне, атандай ер тұлғасына, келісті келбетіне риза болған  арқалы  төре:
«Қанжар қас, орақ мұрын, 
            отты көзді, 
Тұлғасы тау құлатар өр мінезді,
Бұл жігіт кімді іздеп енді келді» – деп өлеңдетіп жіберген екен деседі.
Содан жігіттің ер тұлғасына  сай мінезі мен ақылына көңілі толған төре оны  қосбасы  қылып тағайындаған екен. Аз уақытта арғы­мақ мінген өнерлі жігіт ауыл адамдарына да жағып үлгереді. Ел мақтаған жігіттің даңқы Сүлеймен төренің жалғыз сұлу қызына да жетсе керек. Ауыл жастары жиналатын бір алтыбақанда  қыз Нұрмағанбетті көріп, оның ел арасында сирек кездесетін тұлғасы  мен сымбатына көңілі толған екен. Оны байқап қалған Нұрмағанбет қызға жеңгесі арқылы сөз салады.
«Мен де өз ауылымның белді адамының баласы едім, сені іздеп әдейі келдім, қала­саң, қосылайық» дейді ғой. Қыз әрі ойланып, бері ойланып, Нұрмағанбеттің алып қашуына келісімін беріпті. Содан, Нұр­мағанбет төренің жылқыларының ішінен үш арғымақты таңдап, сәті түсті деген түні  бір атқа салынған екі қоржын алтыны мен көп ақшасы бар  қызды елге қарай алып қашады. Нұрмағанбет пен  төренің қызы ауылға жақын жердегі қопаға келіп тоқтайды ғой. Жігіт қызды қимай сол қопада екі күн түнейді. Үшінші күні: «Мен үйге барып жағ­дайды біліп келейін» деп, алтын мен ақша са­лынған қоржындарды алып кетеді. Төке  бір қоржын алтын мен ақшаны жасырып, қал­ғанын алдына қойып, ауыл ақсақалдарын жинайды. 
– Мына Нұрмағанбет Сүлеймен төреден кегімізді алып, қызын алып қашып келді. Мынау төренің  салыққа жинаған алтыны мен ақшасы,  оны хұкіметке тапсырмаған, соны гүбернаторға жеткізуіміз керек – дейді. Ақсақалдар ақылдасып, сол жерде Габибуллин деген татар писарьге гүбернатордың атына хат жазғызады. Оншақты күн ішінде гүбернатордан солдаттарымен тексеретін адам  келіп, Сүлеймен төрені қызметінен алыпты. Қопада қалған төренің қызын артынан қуып келгендер қайтадан алып кетіпті. Қызметінен қуылып, қызын алып қашып, айдалада қалдырып, масқараға ұшыраған  Сүлеймен төре  заң бойынша енді Төкені жеңе алмайтынын білгесін, сол кездегі Торғай өңіріндегі ең беделді би Уәйске  жүгініпті. Сонда Уәйс би:
– Төре, осы елде билігің жүріп тұрғанда мергендерге көп қысым жасапсың. Төкенің мұнысы соның қарымы ғана ғой. Осы елге келгенде бар болғаны бір арбамен келіп едің, еліңе енді төрт арба жүкпен оралып барасың, сол да олжа емес пе, – деп Сүлеймен төрені қолдамапты.
Заңнан да, билерден де беті қайтқан Сүлеймен төре басқа жолмен Төкеден кек алуды қарастырады. Өзінің төлеңгіттеріне Нұрмағанбетті аңдытады. Олар  сөйтіп жүріп, Нұрмағанбетті  аң аулап жүрген кезінде ұстап алады. Сүлеймен төре кісі өлтірді деген сөзге қалмас үшін оны тірідей байлап суатқа  салып кетуді бұйырыпты. Қақаған аязды, қыстың күні екен. Таңертең Жанатай деген мерген баласымен қамыс шабуға бет алып, суат басына келсе, адамның басы қылтиып суаттан шығып тұр екен. Бажайлап қарағанда оның Нұрмағанбет екенін таниды. Ол алып денелі Нұрмағанбетті суаттан  тартып шығарып, қол-аяғын байлаған арқанды шешіп,  кеудесін тыңдап, жүрегі соғып тұрғанын байқап, үйге  дейін шанаға салып жеткізеді.  Бірақ, бүкіл денесін, өкпесін түні бойы аязды суыққа алдырған Нұрмағанбет бір күннен кейін бақилық болады. 
Төкенің  бәйбішесінен туған ең кенжесі Смағұл еді. Ол өз замандастарының алдын­дағы сауатты, ақылды, парасатты, ел арасында өте сыйлы, қадірлі  азамат болған. Бірде Смағұл әкесі екеуі бір сапардан келе жатып, жолда өз ауылының жылқыларын көріпті.
– Смағұлжан, жылқыларды ауылға айдай кетейік, – дейді.
– Кімнің әкесі жаман болса, сол айдасын, – деп баласы жүріп кетіпті.Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген Төке  Смағұлға ештеңе дей алмай қалыпты. Смағұл әділдік іздеген қара халыққа қолынан келгенше қолдау мен қамқорлық көрсете білген. Ол ХХ-ғасырдың басында  Шұбалаң болысында он үш жылдай болыс болған. Жалпы, Торғайдағы  монархияға қарсы алғашқы бүлік 1913-жылы басталған. Ол Торғай жәрмеңкесі қызып тұрған кезі екен. Бүлікті туындатушылар Хакімбек Токин, Омар Тынымов пен Амангелді Иманов болады. Сол  жәрмеңкедегі бүлік  кезінде бір полицей қайтыс болады. Содан  сот Хакімбек Токин мен Омар Тынымовты  он бір жылға Сібірге жер аударады.  Оларды ақтап алу үшін  Смағұл Токин мен Амангелді Иманов Петерборға барады. Олар атақты адвокат Плеваконы жалдап, Хакімбек пен Омарды ақтап алады. Смағұл елге оралып келе жатқан бетінде, оны жандармдар Орынборда ұстап түрмеге отырғызған, сонда қайтыс боған деген  сөз бар… Оның есімі Қазақ энциклопедиясына енген.
Хакімбек Төкенің екінші әйелінен туған ұлы. Хакімбек 16-жылғы Торғай бойындағы көтерілістің әу басында-ақ Амангелдімен бірге болады. Мергендердің көп­шілігі осы Хакімбектің соңына еріп, көте­ріліске қатысқан. Амангелді мен Жангел­диннің жағында болған, сондықтан, олардың мекенін  ел «большевик ауылы» деп атап кеткен.Көтерілісті басуға  келген патша әскерінің бұл ауылға көрсетпегені жоқ. Басы қылқиған еркекті атып, қыз-келіншектерін зорлап кеткен. 18-жылы  Торғайдағы үкімет басына алаштықтар келгенде Амангелді, Хакімбекті бір топ жолдастарымен тұтқындап, түрмеге жабады. Көп ұзамай оларды жергілікті соттың үкімімен Торғайдың жанындағы үлкен сайда атқан.  Ол сай бүгінде «партизандар сайы» деп аталады. Сонда құрбан болғандардың құрметіне кейін Торғай поселкесінде ескерткіш тұрғызылған. Ал, қазақтың дарабоз ақыны Ғафу Қайыр­беков Мергеннің ортаншысы Баймырза батырдың ұрпағы. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, отыздан астам  жыр жинақтары республикаға ғана емес, бүкіл кеңес одағына мәлім. Ол сонымен бірге шешендігімен, айтқыштығымен де ел есінде. Оның кезінде айтқан сөздері  бүгінде ел арасында аңыз болып  жиі айтылып жүреді.
Соның бірерінен  мысал келтіре кетсем артық болмас. Бірде Ғафаң Павлодар қаласында өткен Жаяу Мұсаның жүз елу жылдық мерейтойына бір топ жазушылармен барған екен.  Бұл ішімдікке тыйым салынған үкімет қаулысының  жаңа шыққан кезі. Мәжілістен кейін қонақтарға арналған дастарханда  ішімдік атаулы қойылмапты.  Қонақтарға бірнәрсе жетпей тұрғандай көрінеді. Делегацияның жетекшісі  болып барған О. Сүлейменов Ғафаңа әзілдеп, мына дастарханға бірнәрсе  дей аласыз ба  депті. Соны күтіп отырғандай, Ғафаң:
«Жаңбырдай қайран көңіл 
                 жауып болды,
Наркескен сілтеуіме қауіп болды,
Кешегі шарап құйған хрустальдар ,
Бүгінде күл салатын сауыт болды» – деп бір ауыз өлеңді ағыта салыпты. Оны естіген жергілікті басшылар  амалсыздан жетпей тұрған дүниені әкеліп қойған екен деседі.
Тағы бірде Ғафаң Сыр бойын аралапты.Сәті түскенде олар бір топ жігіттермен құс атуға шыққан екен. Бір кереметі Ғафаң атқан сайын құстарды құлата берсе керек. Өмірі құс атып көрмеген Ғафаң бұл қасындағы жігіттердің әрекеті екенін іштей сезіпті. Кешке орай ауылға оралғаннан кейін,  ауыл ағасы  Ғафаңнан олжа қалай деп сұрайтын көрінеді, сонда  ақын:
«Бұл жігіттермен араласаң су бойын, 
Құстардың атып аласың любойын» – депті.    
Бірде ақын өзінің туған жері Торғайға машинамен  бара жатқан кезінде бір самолет жанамалай ұшып соңдарынан қалмапты. Ғафудың жанында келе жатқан ақын інісі.
«Ғафа, мына самолет бізден оза алмай келе жатыр- ау» – дегенде, ақын ағасы:
«Жігіттің домаласа өрге тасы,
Самолеттен озады машинасы»  – деген екен.
«Ғафаң айтқан екен»  деген  ақынның артында қалған осындай шешендік сөздер көп. Жоғарыда келтірілген мысалдар солардың бірері ғана.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ,
журналист, тарихшы, 
әдебиеттанушы

Алдыңғы «
Келесі »