«МИЛЛИОН МӘСЕЛЕЛІ МИ» немесе митану тақырыбы

  • 09.04.2014
  • 496 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Абдул-Хамид 
Мархабаев, 
фантас-жазушы

Тұңғыш Қазақ совет энциклопедия­сындағы анықтамасы: Адам организмінің эволюциясы Мидың дамуына аса тығыз байланысты. Сондықтан, адам пайда болу мәселесінде оның ертедегі әлін біткен тегінің Миын зерттеудің маңызы үлкен… Мидың біртұтас ішкі әрекеті әлі де толық анықталмаған. Осыған байланысты Мидың құрылысы мен қызметі жер жүзінде көптеген елде ғылыми-зерттеу лабораториялар мен клиникаларда физио(логия), психологиялық, клиникалық, биотехнолог(иялық), биофиз(икалық), клиникалық, мор­фол(огиялық), кибернетикалық, т.б әдіс­термен зерттелуде. Ал, осы жеті және т.б «… лық» әдістерді тізгенімен, ми мәсе­лесінің «образын» айқындайтын басты «реактор қазандығы» бар деп білемін. Ол – бәрінен бұрын көркем әдебиет, оның ішінде де, фантастика жанрының «сиқырлы таяқшасы». Одан да нақтылай түссем, биология-медицина саласындағы «митану тақырыбы»…  


Қазақ қиялгер-қаламгерлерінiң туындыларына зер салсақ олардың көпшiлiгi адамның табиғат берген мүшелерін жетілдіруге тырысады екен. Оның ішінде ең күрделі, ең нәзік нәрсе – ми төңірегінде ой жүгірткендері жиі ұшырасатынын аңғарамыз. Ол, мүмкін, мидың құпияға толы болғандығынан шығар. Басқа жұртқа қарағанда миының салмағы бір жарым есе жеңіл болса да, Анатоль Франс ұлы шығармалар жазып қалдырды. Жас кезінде-ақ қан құйылғандықтан миының жартысы еріп кеткенмен, кейінірек тамаша жаңалықтар аша білген Луи Пастер бар… Мұндай мысалдардың талайын келтіруге болады. Алайда, солардың бар­лығы да  бір қызықты сұрақты төңі­ректеп жүре береді. Ол  сұрақ – қарамы қос жұдырықтай бып-былқылдақ масса-мидың нендей керемет сиқыры бар? Міне, біздің қиялгер-жазушылар  да осы сұрақты қояды. Сөйтеді дағы, өздерінің шығармашылық шама-шарқына, біліктілік дәрежесіне, болжамының серпініне, бәрінен бұрын қабілетінің қарымдылығына қарай әртүрлі жауап іздестіреді. Кісінің бір іші жылитын жері – олар әрқайсысы гипотезаларын бірін екiншілері қайталамай өз беттерінше ұсынады. Олардың бір алуаны мидың табиғатын, оның жұмыс істеу қабылетінің құпиясын «ол былай ғой» деп бізге айтып бергісі келеді. Солардың бірі – Ш. Әлімбаев. Оның «Данышпандық субстанциясы»  ғылыми-фантастикалық әңгімесінің бас кейіпкері  психофизика докторы Альфа Эркандус ерекше «Гениак» аспабын жасайды. Ол әлі табылмаған, қиялдағы ультракалиан сәулесін шыға­ратын болса керек. Миға екі-үш рет осы сәу­лені дарытса, ол бұрынғы-соңды бойы­на жиған мәліметтерінен айыры­лады. Яғни, творчестволық жұмыс істеу қабылетінен жұрдай болады. Қазір ғылымымыз мақтан тұтатын ардагерлер өз жаңалықтарын жасамай тұрғанда, осы ультракалиан сәулесін дарытқанда, біздің цивилизациямыздың күні не болар еді… 
«Данышпандық альфасында» новелласында да сол ми проблемасы, дарын­дылықтың пайда болу проблемасын көте­реді. Оны профессор Қарағұлов іздес­тіреді. Қаршадайынан тамаша суреттер сала біл­ген Қайсардың дарынының құдыретін мидан іздестіреді. Бала миындағы белгісіз бір сұрғылтым сұйықты құтыға құйып алып зерттейді.  Ол, әдетте, мидағы болуға тиісті он қышқылдың бір де біріне ұқсамайды. Даналық мәйегі тап осы екеніне профессордың көзі жетеді. Оны «Вампир қышқылы» деп атайды. Ал, беймәлім сұйықты сорып алғасын, даналығының материалдық негізінен айырылған бала ұзамай қайтыс болады.
Бұл бір-бірімен кіндіктес екі шығар­маның фантастикалық идеясынан оқырман не ұғады? Мұны алғашында автор адам «миындағы мәліметтерді сырттан әсер жасап өшіруге болады» деген пікірді жақтайды. Ал, соңғысында қандай да абс­трак­тылы дана дарын болмасын, олардың барлығы материалдық денеден (бұл жерде – Вампир қышқылы) бастау алады деп біледі. Айтылмыш шындықтан тыс идеяны не қолдап, не жоққа шығару қиын. Ш. Әлімбаев талантқа байланысты ұлы адамдарда болған тарихи деректерді көбірек келтіре береді дағы, нағыз миға байланысты ғылымға тереңдеп ене қоймайды. Былайша айтқанда, нақтылы ғылыми деректер жетпей жатыр, жоқтың қасы. Оның жанында Т. Сұлтанбековтың «Мидағы жазу» әңгімесінде ғылыми топшылаулар бар. Мұнымен бұл жерде «Данышпандық субстанциясын» салыстырып отырғанымыз – екеуі де дарынның жаратылысын болжалдайды. Алайда соңғысы ғылыми-фантастикаға тісін басыңқырап батырып-батырып алады. Ол адамның миын магнитофон таспасымен теңестіреді. Ал, білімді миға түскен іздермен байланысты деп біледі. Оларды кәдімгі магниттің күшімен-ақ жоюға болатын деп көрінеді. «Менің ойымша, адам миына сырттай, механикалық жолмен әсер етіп, оның жұмыс істеу қабілетін арттыруға болады, – дейді шығарманың бас кейіпкері. – Суретші неге суретші, композитор неге композитор… Бұл екеуі де – тікелей мидың  қасиетінен туған қабілет. Ми анализаторларының, синапстардың (сыртқы әсерді қабылдайтын жасаушанын көрші жасаушаға хабар беретін дәнекері. – А.-Х. М.) дұрыс жұмыс істеуі бұл! Бәріңіз де білесіздер ғой. Біздің Жер алып магнит емес пе?.. Тірі жәндікке оның қандай әсері бар?.. Мүмкін көзге көрінбес магнетизм дүниесінде құпия сыр бар шығар. Магниттің әсерінен адам бойындағы электр тогының потенциалы өзгерер… Мұны ғалымдар жоққа шығармайды».
Автордың бұл айтып отырғандарының бәрі адам миындағы ақпаратты жоюмен тыну емес. Ол мұнымен шектеліп қалмайды. Жазушыда белгілі мақсат бар: адамға қажетсіз мәліметтерден миды тазарта отырып, оның орнына нағыз мұқтаж дүниелерді жазу. Осы пікірді автор қызық ұластырып алып кетеді. «…Миға жазу түсіру ісін осы күнгіше беталды жібермеуге тиіспіз. Менің гипотезам – он бес жылдық жоғары білімді, әрине он жылдық ортаны қоса, адам баласы миы әбден толысқан кезде, бір-ақ жылда немесе одан да аз уақытта игере алады». Ертелі осы әңгіменің бас кейіпкері – Сапаровқа тәжірибе жасатқанда, зерттеу жүргізгенде, диссертация қорғатқанда, барлығы мидың ақпарат қабылдау жұмысын жүйеге түсіру – автордың арманы. Бұл – үлкен аңсау, күнделікті өмірде қажетті арман. Оның ақыры он бес жылдық білімді ең қысқа мерзімде бере алу мүмкіндігін тудырады. Демек, уақыттан ұтыс болады деген сөз. Ал, адамзат алдына қойған мақсаттарының бастысының бірі – уақыттан ұту болса керек.  Уақыттан озбайынша, прогресс, алға жылжу атымен жоқ. Міне, «мидағы жазу» ғылыми-фан­тастикалық дәйектемелерін былай қой­ғанда, осы мәселені де қозғап отыр. Ал, Раушанбек Бектібаев «Ыстықкөлдегі қар адамы» хикаясында аталмыш мәселеге басқа жағынан келген. Ол «ми проблемасын» баспасөзде «анда көріпті, мында көріпті» деген қауесеттен басқа, күні бүгінге дейін «жыға танып», қолға түсіре алмай жүрген (мақұлық па, адам ба?) «қар адамы» төңірегінде шешуге оқталған.  «…Зерттеудің бірі оның қабылдаған биотолқынының видимагнодағы нейтрино бөлшегінің толқын фазасымен сәйкестігін көрсетті… «Қар адамы» көрші галактика тұңғиығынан жіберілген «нейтрино бөлшегін» қабылдайды екен… Бізге керегі «қар адамының» толқынды қабылдау механизмін зерттеп, соған ұқсас қабылдағыш түрін жасау. Осы күнге дейін қыруар ақша жұмсап, дүниеде қаншама сынақтар өткізіп, нейтриноның ең басты сиқырын түсінбей келіппіз… Ғалымдар алдында көрші галактикамен байланыс түрін, соған жеткізетін нейтриноны қайтадан сол планетаға жіберу жағын табу мәселесі тұрды. «Қар адамы» қабылдаған хабарламаларды адамның миы неге ұстай алмайды? Оның ми құрылысының адамдыкінен айырмашылығы неде? Бұл сұрақтар ғалымдарды адам миының толық пай­даланылмай келген бір бөлшегінің құ­пиясын ашуға жетелері сөзсіз».
Несі бар? Қай қырынан қарасаң да, тек қана құпиядан тұратын осы бір қос жұ­дырықтай сарғыш қоймалжың мас­саның үнемі қиял нысанында болатыны әбестік емес. Енді, міне, тағы бір автор – Р. Бек­тібаевтың осы объектіге қалам тарт­қанын қолдар едік. Оның үстіне тіпті миды «қолға тұрмайтын», «елгезек», «су жұқпас» нейтрино ұсақ бөлшегімен сыбайластырып қарастырғанын тек құптаған жөн…
Ертеректе баспасөзде жарық көрген Намаз Алтаевтың «Ми теңдеуі» деген әңгімесі де осы төңіректі шалып жүр. «Адам көр­генде не есіткенде миға информация, яғни, хабар беріледі. Нәтижеде информация әсеріне, шамасына байланысты мидың молекулалық құрылысына өз­геріс енеді, яғни, түсінікті тілде мида із қалдырады». Демек, «адам мен жануар­лардың миына сырттай әсер ету арқылы керексіз артық информацияларды миынан өшіруге болады». Осы пікірді басшылыққа алып, рак ауруына шалдыққан адамның миының сол бөліктерін электр магниттік, лазерлік, биологиялық нәзік сәулелермен сырттай әсер беріп, биофизика профессоры науқасты емдейді. Мұндағы басты мақсат – миға жазылып қалған «рак ауруына шалдықтым» деген сенімді өшіру. Автор: «Ол өшірілді, науқас айығып кетті», деп те бізді сендіреді. Мақұл, нанайық. Алайда біз шығармалардың ғылыми-фантастикалық компоненттерін қарастырып отырмыз. Сондықтан «Ми теңдеуіне» осы тұрғыдан келсек, оқырманның көңілі қо­ңыл­тақсып жатады. Себебі: автор жұртты елең еткізетін ерекше, күрделірек амал із­деп, ешкім күтпеген тұстан шын мәніндегі ерекше фантастикалық идея айтып жіберсе ғой, тәнті болып қалар едік. Жоқ, ол жоқ. «Миының сол бөліктеріне электр магниттік, лазерлік, биологиялық нәзік сәулелермен сырттай әсер етеді» деумен тынады.
«Мен мидың тұйықталған жүйесінде есте сақтау каналы барын аштым, яғни, мидың биотоктарын, былайша айтқанда, каналдарда сақталған тітіркеністерді кәдімгі энерго жүйесіндегідей-ақ өзіме керек бағытқа жіберуді, жұмсауды аштым». Бұл – Медеу Сәрсекеевтің «Түнгі қонақ» әңгімесіндегі белгісіз мей­ман­ның жаңалығы. «Алайда жазушы ми құрылысының, оның жұмыс істеу құ­пиясын тереңдей айтпағаны несі?» деп кінә таға алмаймыз. Оның көкейіндегісі бұл емес. Шығармадағы басты идея – біз мидың құпиясын бүгін болмаса, ертең не арғы күні ашармыз-ау, бір мидағы мәліметті екіншісіне ауыстыра алармыз, алайда бір нәрседен сақтанайық: ғылымның жетегіне көзсіз еріп кетпейік, ғылымның күні ертең қауіп төндіруі мүмкін жаңалығын бас-көзсіз асқақтатып, фетиш тұтпайық, Адамның адам екенін, оның басқа өлі және тірі табиғаттан жоғары тұратынын әрдайым есте ұстайық. Міне, жазушы мидың қиялына барғанда, осыны айтқысы келген. Сондықтан да, оның ғылыми гипотезасы тапшылау деуге болмайды. Автор діттеген творчестволық нысанасына дәл жеткен.
Қазақ фантастикасында мидың өзін толайым операция жасап, бір бастан алып, екіншісіне  салу бар. Алайда ондай операцияның құпиясына тереңдеп бармай, Шәмшиден Әбдіраманов «Профессордың өлімі» әңгімесінде дәрігер Тапаловтың миын басқаға салғанын жол-жөнекей айта кетеді. Автордан бұдан артық көбірек айтылмақ мәлімет тіпті басқа. Егер, ми операциясы төңірегінде әңгіме көбірек болып кетсе, шығарманың композициясын бұзар еді.
Рая Ыдырысова айтылмыш тақырыпқа «Қалпақтағы ми» әңгімесімен басқа жағынан келеді. Автор зақымданған мидың бұрынғы әдетінше жұмыс істей беруін армандайды. Ол үшін көмекші нәрсе – «жасанды ми» ойлап табу керек. «Әрине, ми талшықтарын біз білетін жартылай өткізгіштен жаса­дық деп топшылағанның өзінде, біздің миымыздың ауданы он шаршы метр, биіктігі жүз метр мұнара болар еді. Оған кететін қуат мөлшері миллион киловатт-сағат, ал ой сигналдарын алмастыруға бүкіл Жер планетасындағы лампалар мен транзисторлар шақ келмес еді». Сондықтан да, қиялгер нейтронды пайдаланады. Сол нейтрондардан «техникалық ми жасауға болады» деп біледі. Ондай «ми зақымдалса, тыстан көмек жасау керек» деген ниеті жақсы; «техникалық миды нейтрондардан жасау керек» деген ұсынысы да құлаққа ілерлік. Оның қаншалықты кәдеге асатынын енді келешек өмір көрсетер. Осы тәріздес бір ғанибетті адамдар мидың жақсы істеуі үшін айла-амалдарын пайдаланып бақса, екінші біреулер оның нәзік жерлерін тауып алып, жеке басына пайдалануға тырысады. Талап Сұлтанбековтың «Қара музыка» әңгімесіндегі Мицио солардың санатына жатады. Ерекше ультрадыбыс шығаратын «оны» аппараты үрейлі атом бомбасынан да күшті ғой. Бұл адамды қырмайды, өлтірмейді. Тек оның миындағы жазуды, түсінігін өзгертеді. Қабілетінен айырады. Білгенін ұмыттырады». Жапон азаматының бұл аппаратын АҚШ әскери орындары қолдарына түсірмек болады. Бірақ, Мицио оған көнбейді: өзі де өледі, аппаратын да қиратып тастайды. Бұл жерде ізгі ниеттен емес, арам пиғылдан туған өнертабыстың өрісі тар екеніне көзіміз жетіп отыр.
Айт-айтпаса да, біз байқаған қызықты бір нәрсе бар. Ол – қолына қалам ұстаған қазақ қиялгерлерінің барлығы да дерлік адам бойындағы бірден-бір маңызды мүше – ми мәселесіне соқпай кетпеген екен. Оған, міне, Мақаш Жұмағалиев те «сүйкеніп» өтіпті. «Шипа» атты әңгі­месімен. Ондағы басты қаһарман – Мұрат Асфандиярұлы өзінің жаңалығын былай деп мәлімдейді: «Медицинаның қаз тұрып, қадам басқан шағынан бас­тап, талай замандар бойы шөп, пы­шақ, дәрі секілді үш-ақ қаруы болғаны бәріңізге белгілі… Қасиетті шөптің, сол шөптен алынған құдіретті дәрінің табылуы бақытты кездейсоқтық қана емес, ежелгі дүниенің ежелгі мұрасына деген зор сенімнің нәтижесі болып отыр… Табылған дәрінің негізгі шикізаты – көп жылдық жусан – ми клеткаларын қалпына келтіру қасиеті бар өсімдік болып отыр…»
Ел арасында досың түгіл, жауыңа тілемейтін бір ауру – адам миының ауы­суына, айықпас науқасқа әзірше ешқандай ем қонбайтынын білеміз. Ол ту­расында қаншама қиялгерлер қыруар болжал идеялар ұсынды. Ал, мына автор­дың ойы – солардың ішінде, меніңше, ерекшеленіп тұр. Әзірше қыр-сырына толық бойлай қоймаған өзіміздің қасиетті жусанымыздың бойынан жазушы әлі де Ибн Синаның ақиқат ізбасарлары –  қазіргі провизорларға таптырмай жүрген емдік дәріні қарастырады екен. Әңгімені осынысы үшін-ақ қадірлесек керек!..
Жақында бір газет: «Бәрімізге де мәлім секілді ми соңғы кездері өзінің тағы бір «қиғылығын жасап» отыр. Бүгінде ғалымдар есейген адамдарда мидың жаңа клеткалары пайда болатынын аңғарса керек. Бұл жағдай ми қызметінің біздің ұғымымызда қалыптасқан ой-пікірімізге қайшы келетіні белгілі. Алайда шындыққа айналған ол жаңалық, яғни, қайтадан «жанданған клеткалар» бұрын зақым­данғандарының орнын басатын көрі­неді.
Жаңа нейрондар мидың есте сақтау және танымдық қасиеттерге ықпал жа­сау бөліктерінен табылған. Аталмыш сезім талшықтары қандай қызмет ат­қаруы тиіс екені әзірше беймәлім. Бірақ, оқымыстылар олардың бір қасиетін анықтапты. Жаңа табылған нейрондар маскүнемдік, Паркинсон науқасы, инсульт секілді ауруларды айықтыра алмайтындай күйде ми ішіне орналасыпты. «Жаңа нейрондар қажетті жерінен табылуы үшін ғалымдардың ұтырлы әрекет жасауға қауһарлары жетер ме екен? Мәселе осында», – деп жазған-ды. Ал, жазушы-қиялгер Сарман­бай Исақов осы мәселеге басқаша тұсынан келіпті. Оған автордың «Ақталған үміт» повесі куә. Мұнда қазіргі заманның кесе­пат індеті – нашақорлыққа қарсы әрекет уақиғаның өзегіне айналған. Ол турасында шығарманың басты кейіпкері – қара жұмысшы Том Лау өз досы Ервиске құпия мәлімдейді. «Ервис, мен жынданған адамдарды, маскүнемдерді, соның ішінде ең соңғы сатыдағы нашақорларды емдеудің жаңа әдісін таптым», – дейді.
Міне, біздер куә болып отырғандай «миллион мәселелі ми» турасында қазақ қиялгерлерінің қалам сілтемегендері жоққа жақын. Ал, қолымызда бар дүниелерде нерв жүйесінің «операторы» – миды өздерінің шығармаларында айласын тауып, пайдаланып» қалған­дары жөніндегі сыни пікірлеріміз – жоғарыдағыдай. Авторлардың өздерінің гинотезалық идеяларында сәтті шыққан тұстары қиялгерлерімізден алда күтер үмітіміз «шүкіршілік» деп есептер едім.   

 

Алдыңғы «
Келесі »