Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімесінің көркемдік көкжиегі

  • 29.11.2011
  • 7186 рет оқылды
  • 1

Гүлжаһан ОРДА – Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін бітірген. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, фило­логия ғылымдарының кандидаты, доцент. Бірнеше әдеби-зерттеу кітаптарының авторы және құрастырушысы.

 

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әңгімелерінің көркемдік деңгейін көтеруге Ш. Мұртаза, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов, Б. Нұржекеұлы, Т. Нұрмағамбетов, Қ. Түменбай, Ә. Тарази сынды қаламгерлер үлес қосты.

Ш. Мұртазаның шағын жанрды ұмыт қалдырмай, оған өзіндік үлес қосып жүргендігін «Алапар  мен Динго», «Бұршақ», «Тәуекел той» сықылды әңгімелері растайды. «Тәуекел той» әңгімесінің атының өзі айтып тұрғанындай, шығармаға қазіргі замандағы бәсеке тойы арқау болған. Бақталастық пен күндестіктің шегінен асқынғандығы сонша той десе жанын салатын қазақ бүгінде дәстүрлі тойларды жоғалтып, тойдың өзін бәсекеге айналдыра бастады. Даңқ пен дақпыртқа мастанған жандардың өзгеден асып түсу мақсатында тойдан кейін қарызға белшесінен батып жатуы бүгінгі күннің шындығы.

М. Мағауин роман-эссесінде бұл әңгімесін өзінің ең таңдаулы әңгіме деп санайтынын еске алатын болсақ, «Салах-ад-Диннің үкімі» атты әңгімесі жаңалығы мол дүние екені рас. Жазушы «Қаңғыбастар мен шағалалар», «Тортай шалдың есегі», «Бабаның оралуы» сынды әңгімелерінде үлкен ой қозғаған. «Қаңғыбастар мен шағалалар» атты әңгімесіне қайыршылық жолға түскен жандар өмірі, екінші әңгімеге кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ халқының ауыр тұрмысы негіз болса, соңғы әңгіменің айтары тіптен бөлек. Мұндағы зиратты қорлап, баба жілігін сындырған Алақайдың өмірі қазіргі жаңа қазақтарға ой салады. Ол «Құмырсқа қырғын», «Коммунистік реализм», «Қасқыр – Бөрі», «Қос ағаш» сынды әңгімелерінде құмырсқа, қасқыр, ағаш арқылы қазақтың кешегісінен хабар беріп, болашағын меңзейді. Қазақ халқының тағдырын көркем бейнелеген «Қос ағаш» әңгімесінен ұлттығымыздың жойылып бара жатқанын аңғару оңай. Бір ауылдың айбыны тәрізді көрінетін Қос ағаштың күйреп, тозып, ақыр соңында отынға айналуы бір жағынан уақыт дөңгелегінің толассыз домалауымен өмірдің озатындығынан хабар берсе,  екіншіден, сол уақытпен бірге ұлттық қасиеттерімізден айырылып бара жатқандығымыз жөнінде ой салады. Оның «Ұлт аралық жанжал» қазақ халқы тәуелсіздік алса да құлдық психологиядан құтыла алмай отырғандығын шынайылықпен бейнелеген әңгіме. Отарлау саясатымен қазақ жеріне басқа ұлт өкілдерінің көптеп қоныстанғандығын бүгіндері ғана айтып жүрміз. Әңгімеде ең жақсы қонақжайлық қасиеті өзіне сор болып жабысқан қазақтың өз елінде жүріп келімсектерге жалтақтап, солардан асып кете алмай, жетім баланың күйін кешіп жатуы ащы болса да ХХІ ғасыр шындығы. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере білген жазушының аталған әңгімелерінің негізгі өзегі – тәуелсіз қазақ халқының жері мен еліне өзі ғана ие болуы.

Қ. Жұмаділовтің «Жалдамалы күйеу»,  «Жемдеген қырғауылдар», «Құдайдың үйі», «Бір ғана ғұмыр», «Дөңгеленген дүние-ай», «Тіленші» (2000), «Бұқарбайдың  бұқасы» (2000), «Ит базары» (2001) секілді әңгімелерінің негізгі өзегі де бүгінгі күннің оқиғалары, кейіпкерлері жаңа заманның адамдары. «Жалдамалы күйеудегі»  (инженер) Баймырзаның өз бала-шағасын  тастап, басқа бір бай әйелге (Айсұлу)  кетіп қалуы өмірден алынған шындық. Сол секілді «Жемдеген қырғауылдардағы» аудан әкімі Нұрсаған Бектұрғановтың, «Құдайдың үйіндегі» Әкпар молданың, «Бұқарбайдың бұқасындағы» кәсіпкер Бұқарбайдың іс-әрекеттерін суреттеу арқылы  жаңарған қоғамның сыпатын, кескін-келбетін, тынысын ашып көрсеткен. «Тіленші» әңгімесіне ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы  қазақ халқының тығырыққа тіреліп, экономикалық құлдырауға душар болған кезіндегі күйі әнші жігіттің тағдырымен бейнеленген. «Бұқарбайдың бұқасы» атты әңгімесінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаңа қоғамды тосырқай қабылдаған жандардың қоғамның ыңғайына қарай бейімделе бастағандығы көркем бейнеленсе, «Ақынның ақырғы күндері» (2000) атты  әңгімесінде С. Сейфуллиннің трагедиялы өмірі суреттелген.  

Шағын жанрға үздіксіз  үлес қосып келе жатқан жазушы Б. Нұржекеұлының  «Мүденің қатыны» (2000) атты әңгімесіне б.з.б. ІҮ-ІІ ғасырларда өмір сүрген көшпелі түркі халқы мен олардың даңқты патшасы Мөде ханның қытай елімен қақтығыстарының бірі шынайы бейнеленген.  Жазушының «Бейтаныс әйелдің құпиясы» (2002) атты жинағындағы әңгімелердің негізгі тақырыбы – махаббат. «Бейтаныс әйелдің құпиясы» – әйел мен  еркек арасындағы құпия сезім сырларын паш ететін әңгіме. «Қа­мыт жағалы қоңыр көйлек», «Қыз сезім», «Құпия ма­хаб­бат», «Мұнтаздай Мұмтаз», «Қырғыз  келін­шек», «Өш алудан өршіген әдет», «Екі қырсық», «Күю» атты әңгімелердің де негізгі тақырыбы махаб­бат мәселесі болғандықтан жазушы еркек пен әйел арасындағы сезімдік байланыстарды ашуға ұмтылған. Әңгімелердің барлығы да махаббат мәселесін көтергенмен олардың бірі екіншісін қай­таламайтын соны дүниелер.

Шағын әңгімелерінде ауыл өмірінің көркем суреттерін жасаған Т. Нұрмағамбетовтің тәуелсіздік тұсында жазылған «Анасын сағынған бала» әңгімесі тоқсаныншы жылдардағы өмір шындығына негізделген. Шаруашылықтар тарап, ауылдағы ер азаматтардың бәрі жұмыссыз қалған тұста бала-шағаны асырау қамымен әйел-аналардың ала қапты арқалап қалаға ағылғаны белгілі. Қала кезген ана мен ауылда қалып, Алматыдан келген Есмағамбеттен анасының хабарын күткен Сержанның үш күндік әңгімесімен сол тұстағы ауылдың қайғылы халі көркем бейнеленген.

Ә.Таразидың «2999999+1» әңгімесінен отызыншы жылдардағы жаппай қудалаудың салдарынан ОГПУ қызметкерлерінің қазақ даласына жасаған қуғын-сүргінінің бір көрінісі елес береді. «Келін» әңгімесіндегі бір ауылды серілігімен дүрліктірген Танабай, бір сәттік сезімнің құрбаны болған Жауһаз, «Өлім» әңгімесіндегі Кірпішбайдың айрандай ұйыған отбасына іріткі түсірген досы Еркебұлан, оның серілігіне ерген Бәтиха сынды жандардың арамызда жүргені де жасырын емес. Осылайша жазушы таныс және бейтаныс кейіпкерлерін күнделікті өзімізбен араласып жүрген жандардың арасынан іздейді. Жаратылысы бөлек, ешкімге ұқсамайтын Сұлтанмен оқырман бірнеше әңгімеде кезде­седі. «Ауыл шетіндегі үйдегі» қарындасын құсқа сататын, «Жабы сәйгүліктегі» Көкала атты айғырларға талатып өлтіретін, «Сауал» әңгімесіндегі араққа тойып елге масқара болатын Сұлтан әпенділігімен оқырман есінде ұзақ сақталатын кейіпкер.

Тоқырау жылдарындағы және тәуелсіздік тұсындағы қазақ ауылдары мен қала тіршілігінің тұрмыс-күйі Қ.Найманбаев, Д. Досжан, С. Елубаев, С. Балғабаев, М. Асылғазин, С. Асылбеков, Н. Ақыш, Д. Әшім­ханов, Т. Мәмесейіт, т.б. жазушылардың әңгіме­леріне негіз болды. Аталған жазушылар ауыл қазақтарының трагедиялы хал-күйін нақты мысалдармен шынайы бейнелей отырып, жер асты байлығының қазаққа бұйырмай жатқандығына күйінді. Пейілі кең, көңілі дархан, қонақжай да бауырмал қазақтың ұлттық қасиеттеріне үңілу арқылы ұлттық характерлерге ерекше көңіл бөлді. Ауыл мен қала тіршілігін параллел суреттеумен бүгінгі ауыл өмірі мен қала тынысынан біршама хабар берді.

Кейінгі кездері әңгіме жанрына көбірек қалам  тербеп жүрген жазушы Қ.Түменбайдың «Көз» (1999) деп аталатын әңгімесіндегі сүрбойдақ атанып, жаңа  үйленген жас отаулардың терезесін аңдитын Дәуренбай есімді  жігіттің іс-әрекеттері еріксіз күлкі үйіреді.

Н. Ораздың «Терісағаш» әңгімесі М. Мағауиннің «Қисық ағаш» хикаятының жалғасы тәрізді. Жеткіншек бала өмірі мұнда жас шыбық ретінде бейнеленген. Теріс отырғызылған шыбықтың зәулім қарағашқа айналуы оның қалай отырғызылуында емес, бастысы ниеттің оң екендігін байқатады.

Н. Ақыштың тәуелсіздік жылдары мерзімді басы­лым беттерінде жарияланып, «Бейуақта жанған от» (2010) атты жинағына енген «Бейуақта жанған от», «Қадірсіз қоңыр», «Нағыз әже қайда?»,  «Бұрынғы бастықтың әйелі», «Мұңды жанардың сәулесі», «Дон-Жуанның қалыңдығы», «Көнбіс бәйбіше», «Жұмыс іздеген қыз» және басқа да көптеген әңгімелері көр­кемдік үдесінен шыққан шығармалар. Жазушы атал­ған әңгімелерде қоғам мен адам арасындағы ежелден келе жатқан үйлесімсіздіктердің сырларына жекелеген жандардың бастарынан өткен қызықты оқиғалар арқылы үңілуге тырысады. Кез-келген әңгі­месінде  адам тағдыры ішкі қайшылықтарымен, әлеу­меттік сипаттарымен дараланған. Тәуелсіздік пен демократия еркіндіктеріне ден қойған кейіпкерлердің өмір жайындағы ұстанымдары оқырманды тосын ойларға жетелейді.

Осындай белгілі жазушылармен бірге К. Рахымжанов, Н. Қами, Р. Мұқанова, Т. Ахметжан, Н. Ораз, Ә. Салықбай, А. Алтай, Д. Рамазан, А. Кемелбаева, Ж. Қорғасбек, Қ. Мұқаш, Д. Амантай  сынды бір топ жас қаламгерлер тәуелсіздік тұсындағы қазақ әңгіме­лерінің көркемдік деңгейін көтере түсті.

К. Рахымжанның «Қалғұты» (2007), «Қанатты жылдар» (2007), «Шилі өзен» (2008) атты әңгімелер жинағына тәуелсіздік тұсында мерзімді басылым беттерінде жарияланып, оқырман қауым мен сыншылар тарапынан оң бағасын алған әңгімелері топтастырылды. Жазушы әңгімелері бүгінгі замандас бейнесін суреттеуде олардың жаңа дәуірдегі қоғам ісіне белсене араласуы мен адалдық, достық сезімдерін, еңбек жолындағы күрделі ізденістерін көркемдікпен өмір шындығына сәйкес бейнелеуімен ерекшеленеді. 

Н. Қамидың «Кездесу» (2003), «Көк қақпа» (2010) жинағына енген әңгімелердің барлығы да тәуелсіздік жылдар әдебиетінің жемісі. Автор ХХІ ғасырдағы ел мен жер, адам мен оның жан дүниесін өзімізбен бірге өмір сүріп жатқан қазіргі замандастарымыздың тыныс-тіршілігімен көрсетуге ден қойған. «Көк қапа» әңгімесіндегі кейіпкердің түсінен қара домбыраның кетпей қоюынан көп сырды ұғуға болады. Хан Мөде құрған көшпенділер империясын он төрт ғасырдан кейін билеген Шыңғыс Қағандардың ХХІ ғасыр перзентін мазалап жүргені бүгінгі тәуелсіздіктің оңайшылықпен келмегенін ата-баба рухы ескертіп жүргендей әсер береді. Оны мына жолдардан аңғаруға негіз бар: «Ешкімге тәуелді болмай, айдарыңнан жел есіп, алшаң басып жүрер заманды жақындата түссем деп мен де талпындым, амал не, ақыры қолым жетпей, айға шапқан арыстандай мерт болдым, сол азаттыққа Алланың әмірімен өзің жеттің, енді соның қадірін біліп, қастерлей білсең кәнеки?» (267-б.).  (Қами Н. Көк қақпа: хикаяттар мен әңгімелер. – Алматы: Қазақ тарихы, 2010. – 272 б.) Қара домбыра елі мен жерінің азаттығы, бостандығы үшін күрескен көшпе­лі­лерден қалған бірден-бір көнекөз шежіре. Оның шанағына Мөде ханнан бергі көшпенділердің барша тарихы сыйып қана тұрған жоқ, ол сол тарихты ХХІ ғасырға жеткізіп тұрған аталар аманаты.

Бірсыпыра әңгімелерден кеңестік жүйенің ыдырап, кеңес адамдарының тығырыққа тіреліп, одан шығатын жол таппай, жаңа өмірге икемделе алмай, өмірден торығып, болашақтан үміт үзе бастаған жандар бойындағы психологиялық күйзеліс байқалады. Жаңа қоғамнан, өзінен жеріне бастаған адамдар өмірі әңгіме жанрына экзистенциалистік, постмодернистік арнадағы ой толғамдарға жол ашты. Осындай көркемдік ізденістер Р. Мұқанованың «Құбыжық» (2002), «Қаралы төбе», «Өзің», «Тұтқын» (2003), «Композитор», «Мұқағали»  әңгіме­лерінен байқалады.

Т. Ахметжанның  «О дүниенің қонағы» (2001) атты кітабында «Шәрбат», «Тұма», «Тергеу», «Төрт қанден», «Күнәһар», «Айқасқа» сияқты әңгімелері топтастырылса, 2006 жылы жарық көрген шығармалар жинағының 1 томына енген «Сынық қанат көбелек», «Қылбұрау» атты әңгімелері де өзіндік айтары бар шебер туындылар.

 Өз замандастарының ар-ұяттан безе бастағанын көрген жазушы әңгімелерінің барлығында дерлік адамгершілік мәселесі көтеріледі. «О дүниенің қонағы» әңгімесіндегі о дүниелік болып келген Қияқ бейнесі оқырманға ой салады. Өмір жайында философиялық ой түйген жазушы нарық заманындағы ақшалы азаматтардың мұңсыз өмірінен сыр шерте отырып имандылық мәселесін алға тартады.

Ар ілімін жоғары қойған жазушы «О дүниенің қонағы» (2000), «Күнәһар» әңгімесінде ар-ұят періштесі мен сайтандарды арбастыра отырып, адамшылық, имандылық мәселесін алға тартса, «Махаббат әуені» (2006) шынайы пәк сезімге құрылған. Жазушының барлық әңгімелерінің негізгі өзегі – ар ілімі.

Әңгіме жанрына тұрақты түрде араласып жүрген жазушының бірі – Асқар Алтай. Оның «АҚШ консулының тас лақаты» (2000), «Лайбаран» (2000), «Түсік» (2001), «Тараншы Жолбарыстың сатқындығы» (2001), «Кентавр» (2002), «Қызыл қасқыр» (2002), «Стақан» (2003), «Сібір офицері» (2004), «Альпинист» (2004), «Шаһид» (2006), «Салбурын» (2006), «Прописка» (2007), «Көзжендет» (2008) әңгімелерінен мазмұндық, түрлік ізденістер байқалады. Ұлттық танымға ерекше мән беретін жазушының мифке құрылған «Кентавр» әңгімесіндегі Басарыс атты «айғыркісі» мен «Салбурындағы» тотемдік таным қазіргі қазақ әңгімеле­ріндегі көркемдік ізденістердің мысалы.

ХХ ғасырдың соңындағы тарихи мәні зор 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қуғын-сүргінін көрген жазушының «Сібір офицері» мен «Прописка» әңгімесіне кеңестік жүйенің ыдырауына, қазақ елінің тәуелсіздік алуына алып келген Желтоқсан оқиғасын негіз етіп алған. Бірінші әңгімедегі кеңес офицері Бураханның тағдыр тәлкегіне ұшырауы қазақ жастарының көз жасының өтеуі болса, екінші әңгімедегі Арқаттың прототипі Асқардың өзі. Қазақстанның астанасы Алматыдан пана таба алмай сабылған Арқаттың өз елінде жүріп «өгей күй кешкен» қайғылы өмірі қазақ трагедиясы екені рас. 

Әңгіме жанрында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан жазушы Н. Ораздың «Аяқталмаған ертегі» әңгіме­сінде автор Алматыда тұратын Сағындық есімді ғылым кандидатының екі күндік өмірін суреттесе, «Оңаша арал» (2006) жалғызілікті әйелдер мұңынан сыр шертеді. Оның «Түнгі жалғыздық» (2008) әңгіме­сінің де сағыныш пен мұңға құрылғанын ескеретін болсақ, жазушы осындай қайғы мен мұңға толы әңгіме­лерінде адам жанына үңілуде психологизмді терең игергендігін байқатты. Ол «Біз, ол, «Мерседес» және махаббат» атты әңгімесінде ауылдың жайма шуақ өмірі мен қаланың тынымсыз тіршілігін бір-біріне қарама-қарсы бейнелеу арқылы олардың арасындағы айырмашылықты көрсеткен. Ауыл тұрғындарының аңғал, адал, еңбекқор болып, қала тұрғындарының безбүйрек, эгоист, дүниеқоңыз болып келуі олардың қоршаған ортаға қарай икемделуін аңғартады. Жазушының «Жылқының көз жасы» (2007) әңгімесі Семей полигонына арналған. «Жын жайлаған меңіреу өлкенің» трагедиялы күйінен хабар берген жазушы бүкіл адамзат баласын алаңдатқан Семей полигоны туралы әңгімелерге өз үлесін қосты. Бұл тақырыпта Р. Мұқанованың «Мәңгі­лік бала бейне», «Қаралы төбе», Д. Рамазанның «Соңғы дем» әңгімелері толықтырды.

Қазақ әңгімелеріндегі көркемдік ізденістер А.Кемелбаева әңгімелерінен де байқалады. Діни-философиялық негіздегі «Ғибадат» (2000) әңгімесінде публицистикалық сарын басым болса, бірінші жақтан баяндалған «Құс» әңгімесі философиялық ой-толғамдарға құрылған. Модернистік, постмодер­нистік ағымдарды жете меңгерген жазушының алғашқы әңгімесінде дін тақырыбы көтерілген. Ол қасиетті Құран сүрелерінен мысалдар келтіре отырып, жалғанды жаратушы Алланың ұлылығын мойындайды. Алла тағалаға жасалған құлшылық оған деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісі болса, бұл әңгіме  о дүниенің бар екендігіне сендіре отырып, ақырзаманнан Аллаға жасаған құлшылық қана алып қала алатындығын нанымды бейнелеген туынды.  Екінші әңгімедегі зулаған көлік астында тапталып жататын құс пен қаңғыбас иттердің өлексесіне көпшілік мән бере қоймауы мүмкін, алайда жазушы олардың да Алла тағала жаратқан тіршілік иесі екендігіне көңіл аудартады. Осы ой «Тобылғысай» әңгімесінде жалғасын тапқан. Автор тек қана жан-жануар емес, барша тіршілік иесін  бір Алланың жаратқандығына сендіреді. «Қоңыр қаз» әңгімесінде адам баласының дертіне құстардың арасынан шипа іздеген жазушы «Қияда» әңгімесінде Түсіпхан өліміне қатысты ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа көңіл бөлумен күнделікті өмірде кездесетін жайттардан өмір мен өлім жөнінде философиялық түйін жасайды.

Д. Рамазан «Көкжал» (2001) әңгімесінде адам мен қасқыр арасындағы тартысты бейнелеу арқылы табиғаттың тылсым күштерін бағындыру мүмкін емес екендігін еске салса, «Алланың елшісінде» (2008) дін тақырыбын көтерген. Д. Рамазанның «Көкжал» әңгімесі тәуелсіздік жылдарындағы «қазақ әңгімесінің көкжалы» ретінде танылған туынды. Қазақ әдебиетінде М. Әуезовтің «Көксерегінен» бастау алған қасқыр бейнесі тәуелсіздік тұсында Ж. Ахмадидың «Кезінгеннің кезі», «Ажал аузында», «Кие», А. Алтайдың «Қызыл бөлтірік», Д. Рамазанның «Көк­жал» әңгімелерінде жалғасты. Аталған әңгімелердің барлығында дала тағысын екі аяқты пенделердің бағындыра алмағандығы әр түрлі орта мен әр түрлі жағдайда жан-жақты бейнеленді. Жазушы екінші әңгімесінде «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Қазығұрттың басында кеме қалған» сынды белгілі аңыз-әңгімелерді қайта тірілткен. «Сағындым сен жанқалада» (2008) адам бойындағы бір сәттік сезімнен адамгершілік, ар мәселесін жоғары қоя білсе, «Сүйген жүрек» (2008) тек қана екі ғашық арасындағы емес, туған жерге деген махаббат қоса өрілген. Махаббат мәселесін бүгінде Отанына қайта оралып жатқан оралмандар тағдырымен ұтымды ұштастырған.

ХХІ ғасырда әңгіме жанрына тағы бір топ жас буын өкілдері келіп қосылды. Олардың қатарында мерзімді басылым беттерінде әңгімелері жиі жарияланып жүрген Қ. Аманжолұлы, Қ. Әбілқайырұлы, М. Омарова, Л. Қоныс, Ә. Қоспағарова, Б. Дәулетбаева, Л. Имашева, А. Мантаева, Ж. Мамырәлі, М. Мұқашев, Б. Сарыбай, т.б. қаламгерлерді атауға болады. Қ. Аманжолұлы әңгімелерінен психологизмді терең игергендігін байқасақ, Қ. Әбілқайырұлында мұң басым. Шабыт фестивалінде проза жанры бойынша үшінші орынды иеленген Л. Қоныстың «Ібілістің көңілдесі» (2002) атты психологиялық әңгімесінде дамыған технологияның адамзаттың санасын уландырғаны сыналса, «Құрқылтай ұясы», «Тиын» әңгіме­леріне қазіргі замандағы өмір шындығы негіз болған. Ә. Қоспағарованың «Ол» әңгімесіндегі ақын жігіттің өзін қоршаған ортадан, төңірегіндегі адамдардан жиреніп, шарқ ұрып тазалық іздеуі Р. Мұқанова әңгімесімен үндестікті байқатады. Шетел әдебиетіндегі мистикалық үрдісті үлгі тұтқан М. Омарова магиялық сарынға құрылған «Жұмбақ», «Жол үстінде» әңгімелерінде ұлттық таным мен модернистік ағым жүйесін ұштастыруға ұмтылған. Б. Дәулетбаеваның күнделік іспеттес, хат үлгісімен келетін новеллалық желімен жазылған  «Аспан әлемі» әңгімесінің де айтары мол. Мұнда автор күнделікті өмірде кездесетін кереғар жайттарды шенеп отырады.

Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары әңгіме жанрында қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік ізденістерге барды. Бұл жанр кеңестік дәуір тұсында тыйым салынған діни-философиялық, эротикалық, интимдік әңгімелермен толықты. М. Мағауин, Б. Нұржеке, Қ. Жұмаділов, Т. Ахметжан, Н. Ораз, т.б. жазушылар адам жанының ішкі иірімдеріне үңілуде психологиялық әңгімелер қатарын көбейтті. Дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі ағымдармен жалғасты. Сондықтан да қазақ әңгімелерінде модернистік, постмо­дернистік ағымдар пайда болды.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Тәуелсіздік жылдары қазақ жазушылары әңгіме жанрында қалыптасқан дәстүрді жалғастыра отырып, мазмұндық, түрлік ізденістерге барды. Бұл жанр кеңестік дәуір тұсында тыйым салынған діни-философиялық, эротикалық, интимдік әңгімелермен толықты. М. Мағауин, Б. Нұржеке, Қ. Жұмаділов, Т. Ахметжан, Н. Ораз, т.б. жазушылар адам жанының ішкі иірімдеріне үңілуде психологиялық әңгімелер қатарын көбейтті. Дәстүрлі ұлттық таным тәуелсіздік тұсындағы әңгімелерде батыс әдебиетінде қалыптасқан әр түрлі ағымдармен жалғасты. Сондықтан да қазақ әңгімелерінде модернистік, постмо­дернистік ағымдар пайда болды.

Пікірлерге тыйым салынады.