ТІЛ БІЛІМІ АНТОЛОГИЯСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КІТАПТАРЫ ЖАЙЫНДА

  • 09.04.2014
  • 473 рет оқылды
  • Пікір жоқ

КойшыбаевБейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

«Қазақ тіл білімінің антологиясы» деп аталған жаңа ғылыми жоба ауқымында алғашқы екі кітап жарыққа шықты. Антологияны «Қазақ тіл білімінің мәселелері» деген атпен тұңғыш рет бір жинаққа топ­тастырылған әйгілі еңбектерімен ұлы ұс­таз Ахмет Байтұрсынов ашқан екен  (Бай­тұрсынұлы А. «Қазақ тіл білімінің мәселелері». Құраст.: Ғ.Әнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 213. – 640 б.). Қазақ кәсіби лингвистикасының негізін салған, аса көрнекті ғалым Құдайберген Жұбановтың өз заманындағы тіл құрылысына қатысты ізашар зерттеулері мен күні бүгінге дейін маңызын жоймаған құнды еңбектері антологияның екінші кітабын құрапты (Жұбанұлы Қ. «Қазақ тіл білімінің мәселелері». Құраст.: Ғ.Әнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 213. – 640 б.). Ұлттық тіл білімінің бастауында тұрған, бірінің ісін бірі жалғастыра еңбек еткен,  саяси қуғын-сүргінге ұшырап, «үлкен террор» құрбаны болған қос тұлғаның  баға жетпес мұралары осындай жолмен оқырман назарына ұсынылып отыр. Құнды жәдігер, мазмұнды ескерткіш. Әрқайсысы 40 баспа табақтан тұратын сүбелі ғылыми басылымдар. 


Біз өз кезінде халқымыздың ар-ожданы ретінде бағаланған ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының жинағымен танысып отырмыз. Жинақты филология ғылымдарының докторы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес құрастырған екен, ол кітапқа алғысөз жазып, топтастырылған еңбектерге түсініктер беріпті. Мұнда Ахаңның тарихи мұрасы төрт бөлімге жүйеленіп орналастырылғанын көреміз. Алғашқы бөлімнен оқушы үш кітапшадан тұратын «Тіл-құралмен» танысады. «Тіл-құралдың» авторы кіріспеде – «Сөз басында» – адам өміріндегі тілдің маңызын айта келіп, «…әр жұрт баласын әуелі өз тілінде жазуға үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін» ғана басқа тілдерге оқыта бастайтынын, сол тәрізді, «…тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізде оқытып, сонан соң бас­қаша оқыту» орынды болмағын атап өтеді. Сондықтан да, бастауыш мектептерде «басқа білімдермен қатар қазақ тілінің дыбыс, сөз, сөйлем жүйелерін де үйрету» қажет деп көрсетеді ұлы ұстаз еңбегіне берген алғысөзінде. Сол қажеттікті өтеу үшін Ахаң «Тіл-құрал» деген атпен қазақ тілінің грамматикасын жасады. «Тіл-құралдың» бірінші кітабында қазақ тілінің фонетикасын, екінші кітабында  – морфологиясын (этимологиясын), үшінші кітабында – синтаксисін тұңғыш рет түзіп, түрлеп, талдап, ұғындырды. 
Бәріміз білетіндей, Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор мұғалімдер мектебін бітіргеннен кейін, Дала өлкесінің түрлі елді мекендеріндегі ауылдық, болыстық мектептер мен қалалық орыс-қазақ училищелерінде ұстаздық етумен шұғылданған болатын. Содан соң, өз сөзімен айтқанда, «14 жыл бала оқытып аңғарған, сезген, білген, іс көргендігі» нәтижесінде, қазақ жазуын реформалауды қолға алды. Араб әріптерінің таза қазақы дыбыстарды беретіндерінен артығын алып тастап, қазақ тіліндегі жіңішке дыбыстарды сөздің алдына белгі (дәйекші) қою арқылы жазуға болатын жаңа емле жасап шықты. Қазақ тіліндегі «43 дыбысты 25 белгімен», яғни, 24 араб әрпі және дәйекші қолданып таңбалау жолымен қазақ жазуына орфографиялық революция жасады.  Сөйтіп, ұлы ағартушы жоғарыда аталған «Тіл-құралға» дейін, 1912 жылы, «Оқу құралы» деген атпен «қа­зақша алифба» – қазақ әліппесін, әліпбиін үйрететін кітап шығарған еді. Бұл оқулықтың революцияға дейін де, революциядан кейін де – Ахаңның әуелі республиканың ағарту халық комиссары, сосын, Академиялық орталық басшысы, қазақ университетінің филология профессоры болып жүрген кездерінде – әлденеше рет қайта басылымы болғаны мәлім. Яғни, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ балалары сауатын осы «Оқу құралымен» ашты. Бұл ретте Ташкент мұғалімдер семинариясын бітіріп, Қарнақ мектебінде ұстаздық қызметте жүрген Қоңырқожа Қожықовтың Түркістан өлкесі оқу бөлімінің рұқсатымен осы 1912 жылы шығарған «Әліппе» кітабын да айта кету орынды. Жәдидшілер қозғалысының өрістеуіне орай, құранды үйретуге негізделген мектеп-медреселерде, ауылдардағы мешіттер мен мектептерде қазақ балаларының іс жүзінде қазақша сауат ашуына жәрдемдесу үшін жазған сонау кітабында Қ. Қожықов бір дыбысты бір әріппен белгілеу әдістерін жүйелеп көрсеткен және «қазақ әліппесінен соң құран әліппесін оқыса», балалардың «осы екі әліппе арқылы басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі ұлғаятынына сенім артқан. «Әліппенің» хрестоматиялық бөліміне әркім білуге тиіс түрлі мағлұматтарды, әңгімелерді, өлеңдерді топтап берген. Алайда, зерттеушілер бұл оқулықтың сол кезгі ағартушылық істерде алған орнын  қарастырып көрген жоқ.  Және бір жылда жарық көрген осынау жаңашыл қос еңбек – Байтұрсыновтың «Оқу құралы» мен Қожықовтың «Әліппесі» өзара салыстырылып зерттелген емес. Оны айтасыз, «төте жазуын» әлем та­ныған Ахмет Байтұрсынұлының тіл­тану саласында алатын орны зор ең­бектері түбегейлі зерттелмек тұрмақ, әлі күнге дейін түгенделмеген  көрінеді. Жиналғандарының өзін көпшілікке танытуда, антологияны құрастырушының пікірінше, көптеген олқылықтар, ең бас­тысы, «мұраға деген шыншыл көз­қарастың болмауы, зерттеушілердің асыл түпнұсқаға сүйенбеуі» орын алып тұр. Ол осы өзі құрастырып отырған антологияда да «ғұлама ғалымның қазақ тілі хақындағы ғылыми танымға төңкеріс жасаған «Тіл-құралын» ерекше форматта – салыстыра, сараптай отырып, ғылыми басылым ретінде» жариялай алмағанына өкініш білдіреді. 
Ахаң аталмыш еңбектерін революцияға дейін жазған. Қазақ республикасы ша­ңырақ көтерген жылдары түзетіліп, то­лық­тырылып, бірнеше мәрте басылып шыққан. Антологияға «Тіл-құралдың» 20-шы жылдардың ортасындағы басылым­дары енгізілген екен. Бұлар, жоғарыда айтқанымыздай, жинақтың бірінші бөліміне енген. Ал, «Оқу құралы» мен оны балаларға оқыту үдерісін жеңілдетуді көздейтін, мұғалімдерге арнап жазылған методикалық «Баяншы» кітабы және «Тіл-құралды» оқып-үйренуге көмекші болмақ, «сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын… «Тіл-жұмсар» еңбегі «Әліппе. Емле. Әдістеме» атты үшінші бөлімді құрап тұр. Құрастырушы «өн бойында ғұлама тілшінің тілдік түсінік-пайымы басым» болғандықтан, ұлы ұстаздың «Әдебиет танытқыш» атты зерттеу кітабын да осы «Қазақ тіл білімінің антологиясына» кіргізген екен. Ол жинақтың екінші бөлімінде. Төртінші бөлімге Байтұрсынұлының жазу мәселесіне байланысты мақалалары, сөздері мен латын емлесіне көшу мәселесін талқылаған өз республикамыздағы және Бакудегі (бірінші бүкілодақтық түркітанушылық) құрылтайларда араб әліпбиін жақтап жасаған баяндамалары топтастырылған. Сонымен, аталмыш антология ұлттық тілтану ғылымының іргесін қалаған ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының басты еңбектерін алға тартып отыр. Иә, бұлар – қазақ балаларының әлденеше буыны сауатын ашқан, ана тілінің табиғатын танып, түйсінген, ұлттық рухта тәрбиеленген тарихи оқулықтар. Ахаң 1929 жылы жаманатты болғаннан кейін, түрі өзгерген. Бірақ  мазмұны, асыл тіні ұлы ұстаздың түзген қалпында қалған. Қазіргі қазақ тілі грамматикасы оқулығының тамыр тартқан ізашары. Тіліміздің ғылыми жүйеге түсуі бастауындағы ескерткіштер. Сондықтан да бұлардың түпнұсқалығымен қымбат жәдігерлер екені анық.
 Ахаңның жаманатты болуы дегеннен шығады, репрессияға ұлы ұстаздың өзі ғана емес, оның халық болашағы үшін жасаған еңбектері де, яғни, осынау антологиялық жинаққа кірген туындылардың да  ұшыратылғаны мәлім. Тоталитаризм жылдары сауат ашқан сан мың бала қазақ дыбысының, сөзі мен сөйлемінің жүйесін және түрлерін Ахаң түзген ілім негізінде жазылған грамматика бойынша таныды. Бірақ, ұлы ұстаздың есімін де, еңбегін де білген жоқ. Бұл жәйт шәкірттер түгіл, жалпақ көпшілікке де  беймәлім болды. Оның  есімін тек зерделі азшылық қана білетін, алайда саяси репрессия науқандары шегендеп қойған тыйым салушылыққа көндіккендіктен,  білетінін ашық айта алмайтын. 
Көрінбейтін жазалағыш семсері төбеден төнген қасаңдық дәуірлеп тұрған жылдары сол азшылықты елең еткізген бір ғаламат оқиға болды: қас-қабағына емінткен қаһарлы орталықтан «Отандық түркітанушылардың биобиблиографиялық сөздігі. Қазанға дейінгі кезең» атты анықтамалық жарық көрді. Сол кітап революциядан бұрынғы жылдарда қазақ тілін ғылыми жүйеге келтірген, алайда қазақ елінде «халық жауы» атандырылып, аты біржолата ұмыттырылғандай болған ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсыновты тіл білімі тарихында ерекше орны бар тұлға ретінде атап көрсетті. Бірақ, еңбектері қапасқа тығып тасталған Ахаң сынды ұлы ұстаз жайында ауыз ашатын адам қазақ білімпаздары арасынан табылмады. Біздің жасқаншақ элитаның бұндай қадам жасауына аталмыш биобиблиографиялық анықтамалықтың дерегі аздық ететін. Тіпті, оны жасаған, жинастырып, редакциялап ұсынып отырған А.Н. Кононов – беделді орыс лингвисі, түркі грамматикасы саласынан әлденеше еңбек жариялаған әйгілі зерттеуші-шығыстанушы, түркі­танушылардың Кеңестік комитетінің тө­р­ағасы,  КСРО Ғылым академиясының академигі болса да. Әліптің артын баққыш оқымыстыларымыздың әділет туы астына жиналуына билеуші партияның қайта құру саясаты да, партконференцияның тиісті қарарлары да аздық етті.  Оларға республикада жаңа саясат арайында  арнайы  комиссия құрылып, оның тиісті қорытынды жасауы қажет-тұғын.  Содан кейін ғана ұлы ұстаздың керексіз деп шашып тасталған ғылыми-құнды мұрасын жинастыру басталды да, тәуелсіздіктің бірін­ші жылы ішінде алғашқы жинақ шы­ғарылды. Бірер дүниесі одан бергі жыл­дары басылып жатты. Ақыры, міне, қолымызға арнайы ғылыми жоба ауқымында жүйеленіп жарық көрген сүбелі жинақ тиіп отыр… Жоғарыда көрсеткеніміздей, тіл білімі анто­логиясының тұңғыш томы ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы Байтұрсыновқа тисе, одан кейінгі томды өзінің ғылыми-шығармашылық мұрасымен  Құдайберген Жұбанов алып отыр. 
Құдайберген Ахаң түзген «Оқу құра­лымен» ауыл мектебінде сауат ашқан ұр­пақ­тардың алғашқы толқыны қатарына жатады. Сонымен қатар, ол ауыл мешітінде құран тілін үйренген. Одан Електе орыс-қазақ училищесін, Орынбор қаласында «Хұсайыния» медресесін тамамдаған. Мектепте, педагогикалық техникумда мұғалім болған. Ленинградтан (Санкт-Петербург) шығыс тілдері институтын бітіріп, КСРО Ғылым Академиясының Шығыс тілдері институты мен Тіл және ойлау институтының аспирантурасында түркі тілдері және жалпы тілтану мамандықтары бойынша оқыған. Өз қолымен толтырған анкеталық жазбаларына қарағанда, ол араб, парсы, неміс, түрік, грузин, чуваш, коми, моңғол, орыс және түркі тілдерін еркін меңгерген. Профессор Қ. Жұбановтың тіл ғылымы саласында істеген нақты еңбек жолы бес-алты-ақ жылмен өлшенеді екен. Ол 1928-1929 оқу жылында Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде Салыстырмалы түркітану кафедрасының ғылыми қызметкері болған. Одан, Мәскеу аспирантурасынан оралған соң, 1932 жылдан бастап 1937 жылғы қара­шада тұтқындалғанға дейін ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогика университетінің) профессоры, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметінде істеді. Бұған қоса ғалым бірнеше қоғамдық лауазым міндеттерін атқарды. 1933 жылдан – Ағарту халық комиссариатының алқа мүшесі, әдістеме, бағдарламалар және оқулықтар секторының меңгерушісі, сондай-ақ Мемлекеттік терминологиялық комиссияның төрағасы әрі «Мемтерминком бюллетенінің» бас редакторы болды. 1936 жылдан – КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы лингвистикалық секторының меңгерушісі, Ғылыми кеңесінің мүшесі, Төралқасының мүшесі және «Қазақ тілінің академиялық сөздігі» басылымының бас редакторы еді. Ал 1935 жылдан – Қазақстан ұлттық мәдениет институты ғы­лы­ми кеңесінің мүшесі және жаңа (латын) емлесінің Бүкілодақтық орталық коми­тетінің мүшесі болып жүрген. Осындай жау­апты жұмыстарды атқара жүріп, ғылыми ізденістерін еш бәсеңдетпеді. Ол қазақ кәсі­би лингвистикасының негізін салған аса көр­некті ғалым болды. 
Құдайберген Қуанұлының ғылыми-шығармашылық мұрасын антологияның арнайы томына жинақтап беріп отырған филология ғылымдарының докторы Ғ.Әнес «оның тіліміздің фонетикасы мен грамматикасын жаңаша сипаттаған, толық аяқталып бітпеген еңбектерінің өзі бү­гінгі ХХІ ғасыр ғылымының биігінен қара­ғанда тылсым-тұнығы кез келгенді бойлатпас классикалық туындылар» деп бағалайды. Ғұлама ғалымның ғұмыры «орыс және әлемдік лингвистиканың озық дәстүрлерін толық игеріп, қазақ тіл білімі мен түркологияда жаңалығы мол кемел зерттеулер жазып жүрген шағында» үзілді. «Үлкен террор» науқаны тілтану профессорының өзін құрбандыққа шалуы аздай, күллі мұрасын жоқ етті. Бүгінде қолданыста жүргендері, құрастырушының ойынша, Құдайберген Жұбановтың өзі көзі тірісінде, емле, терминология, методология салаларынан әртүрлі басылымдар беттерінде жариялап үлгерген жұмыстар ғана. Солардың өзі «теориялық және практикалық маңызы зор тілдік мұралар» ретінде, қазіргі таңның өзекті мәселесін – мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту, латын емлесіне көшу сынды міндеттерді орындау қызметіне қойыла алады. Осы уақытқа дейін орыс, қазақ тілдерінде бірнеше рет басылған ғылыми мұраны анто­логия томына топтап құрастырушы бұ­рынғы басылымдарда жол берілген «олқылықтардың орнын толтырып, мұ­раны асыл, табиғи қалпына келтіруді» алдына қойған басты мақсаттарының бірі ре­тінде атайды. Мұра төрт бөлімге (І. Қазақ ті­лінің грамматикасы. ІІ. Алфавит. Ор­фография. Терминология. Методика. ІІІ. Әдебиет. Мәдениет. Өнер. ІV. Соңғы жылдары табылған еңбектер) жүйеленіп, түсініктермен жабдықталған. Бесінші бөлімге қосымшалар ретінде профессордың өмір жолы мен еңбектері жайындағы түрлі деректер берілген.
Құрастырушы Ғ.Әнес қазақ тілта­нуының дамуын антологияның екі томы­ның авторлары атымен шартты түрде екі кезеңге бөлген.  Оның пікірінше, Ахмет Байтұрсынұлы байырғы алашордашы ретінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1929 жылы ОГПУ түрмесіне жабылысымен, тілтану саласында «Байтұрсынов кезеңі» аяқталды. Сол жылдан бастап «ұлы ұстаз, ағартушы-ғалымның нұрлы ілім-біліміне зорлық-зомбылықпен тыйым салынды». Одан кейін тарих сахнасына ұлт коммунистерінің жаңа буынымен қанаттаса, 1932 жылы Құдайберген Қуанұлы шыққан.  «Жұбанов кезеңі» (1932–1937 жж.) де ғылымның өркен жаюына септесе қоймайтын идеялық айтыс-тартыстарға толы болды. 1934 жылы ГУЛАГ жүйесінің лагерінен босанып, Алматыға Ахмет Байтұрсынов оралды. Алайда, Алаш азаматтарын жау көруден танбағандар Ахаңның ілім-білім саласында қызмет істеуіне де, ғылымдағы өзіне тиесілі орнын алуына да мүмкіндік бермеген. Құрастырушы сол дәуірді еске салады. Сонау қиын шақта профессор Жұбановтың тағдыр талқысына ұшыраған ұлы ұстазға материалдық және моральдық жәрдем көрсетіп тұрғанын айта келіп, кей жұмыстарында оның еңбектеріне берген артық-кем бағасына сол заман тұр­ғысынан түсіністікпен қараудың, бұл екі тарланның ұлттық мүдде жолындағы са­бақтас, тілектес тірліктеріне көбірек көңіл бөлудің жөн болмағын алға тартады. Сондай-ақ, құрастырушы қайта қал­пына келтіріп антологияға енгізген Жұ­банов мәтіндерінен «Марр ілімінің» әсері байқалуы ықтималдығын ескертеді.  «Осы екі мәселеге ойлы көзбен қарай білген оқырман, әсіресе жас буын зерттеушілер ғұлама ғалым мұрасының тереңіне бой­лай алмақ», – дейді ол. Құрастырушы ескертіп отырған екі мәселенің алғашқысы өте түсінікті, оның жолын, үстем саяси ахуал­ды ескеру керектігі орайында, өзі атап көрсеткен. Ал, екіншісін дәл ұғу үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. 
Жұбанов студент және аспирант кез­дерінде КСРО Ғылым академиясының ака­демиктері – шығыстанушы В.В. Бартольд, түрколог-шығыстанушы А.Н. Самойлович, тілтанушы А.В. Щерба, шығыстанушы, кавказтанушы, филолог, тарихшы, этнограф және археолог Н.Я. Марр, лингвист және археолог И.И. Мещанинов, сондай-ақ, академияның корреспондент-мүшесі лингвист В.А. Богородицкий, лингвист, түрколог-шығыстанушы С. Е. Малов, лингвист,  шығыстанушы, әдебиеттанушы  Е.Д. Поливанов, т.б. белгілі ғалымдардың біразынан тікелей дәріс алды, енді бір­қатарының еңбектерін зерделеп оқыды. 
Академик Самойлович революцияға дейін студент Мұстафа Шоқайды ғылыми жұмысқа тартқан, Мұстафаға сирек кез­десетін түркістандық фольклор үлгілерін жинатқызып, оларды өзінің қазақтың ер­лері мен әйелдеріне қатысты жазған ғы­лыми мақалаларына пайдаланған ғалым. Құдайберген Жұбанов оның түркологиялық семинарында оқыды. Самойлович – «үлкен террор» құрбаны. Ал  академик Бартольд революцияға дейін Түркістан өлкесіне жаса­ған зерттеушілік сапарында Самарқанда жергілікті чиновник әрі ориенталистикамен шұғылданушы Серәлі Лапинмен танысып, одан белгілі дәрежеде шығыс тілдерінен сабақ алған, екеуінің арасында едәуір қызу ғылыми айтыс туып, ақыры, кейбір артық кеткен тұсы үшін Серәліден кешірім сұрауға мәжбүр болған адам еді. Революциядан кейін Қазақстан үкіметіне Алматының (Верныйдың) көнетүркілік  аты Алмату екеніндігін жазып берген ғалым. 1934 жылы қайтыс болды. Осы жылы академик Марр да дүниеден өтті. Күллі кеңестік тіл ғылымына, тиісінше, белгілі дәрежеде Жұбанов көзқарасына да ықпалын тигізген ғалым.
1923 жылы Н.Я. Марр ғылыми жұртшы­лыққа өзі жасаған «Тіл туралы жаңа ілім» жайын жария етті. Онда тілдердің шығу тарихын қозғайтын, тіл тамырын генетикалық емес, әлеуметтік-таптық құбылыстардан іздейтін, сол кездегі ғылым қарастырмаған, дәлелі жоқ қисындар көп болатын. «Жаңа ілімді» кеңестік ағарту саласының А. В. Луначарский, М. Н. Покровский секілді беделді қайраткерлері қолдады. Тіпті ақын Валерий Брюсов оны өзінің соңғы өлеңдерінің біріне қосты. Ал Мәскеу университетінің ректоры, кейін бас прокурор болып, «қылмыскердің жасалған қылмысты өз мойнына алуы – дәлел біткеннің төресі» деген құқықтық қисынымен кеңестік түрмелердегі қинаулар мен азаптауларға шамшырақ болған А. Я. Вышинский 1927 жылы «Тіл туралы жаңа ілімді» оқу үдерісіне енгізуді талап етті. Академикке Бас хатшы И.В. Сталиннің өзі қолдау көрсетіп, партияның ХVI съезінде ғалымдар атынан сөйлеушілер қатарына қосты.  
Марр теориясы «шынайы марксистік» деп табылды. Жекелеген қарсылықтарға қарамастан, «марризм» тіл білімінің зерттеушілері арасында кең қанат жайды. Тіпті осынау ілімнің авторы дүниеден өткеннен кейін де, тілтанудағы бірден бір дұрыс бағыт ретінде, он бес жыл бойы, марризмнің айдарынан жел есіп тұрды. Сондықтан да, қазақ тілшілерінің, оның ішінде осы академиктен де дәріс алған Жұбановтың 30-шы жылдары  кей жұмыстарында «Марр ілімі» ауқымында пайымдауға баруы мүлдем табиғи жәйт болатын. Академик Марр Сталиннің 1950 жылы шыққан «Марксизм және тілтану мәселелері» атты еңбегінде тұңғыш рет ресми түрде қатаң сынға ұшырады. Сөйтіп, бір кезде өзі бас боп мемлекеттік қолдау көрсеткен «Тіл туралы жаңа ілімнің» концепциясын көсемнің өзі жоққа шығарды. Ол Марр «жан-жүрегімен марксист» болғысы келді, бірақ, бола алмады деп мәлімдеді. Сталин бұл академиктің ойлауды тілден бөліп қарайтынын, адамдар қарым-қатынасты тілсіз-ақ, ойлаудың көмегімен жасауға болады деп есептейтінін сынады. Алайда, ойлауды тілден бөліп тастаймын деп, Марр «идеализм батпағына» белшесінен батқан деп қорытты. «Марризм» тіл білімі төріндегі орнынан осылай, оның авторы өмірден өткеннен соң араға он бес жыл салып барып ысырып тасталды. Ал, содан жиырма шақты жыл бұрын, ғылымдағы өзге бағыттардың бәрі күштеп жойылып, лингвистерден «Тіл туралы жаңа ілімді» толығымен мойындау талап етіліп жатқан шақта, бұл жалған ілімге қарсы шығуға батылдық еткендер саусақпен санарлық еді.  Сол санаулылардың бірі кеңестік әлеуметтік-лингвистиканың және тарихи фонологияның негізін салушылардың бірі, шығыстанушы және  лингвист Н.Я. Поливанов болатын. Ол 1929 жылы Коммунистік академияда баяндама жасап, академик Марр ілімінің дәлел-дәйегі жоқтығын және мүлдем қате ұғымды дәріптейтінін сенімді түрде ашып көрсетті. Артынша жаңа ілімнің басты  насихатшыларының бірі лингвист В. Б. Аптекарь мен академияның жаңа ғана сайланған толық мүшесі, әдебиеттанушы әрі өнертанушы В. М. Фриче бастаған марр­шылардың әшкерелегіш жауап-сынына ұшы­рады. Тыңдаушылар арасында тілшілер аз, саясатшылдар көп болғандықтан, Поливанов жеңіліске ұшырады. Содан бастап, оны мақсатты түрде қудалау өрістеді. Ақыры, сол 1929 жылы, Поливанов Орта Азияға кетуге мәжбүр болды. Самарқанда, Ташкентте, Бішкекте жұмыс істеді. Марризм сарбаздары оған еш жерде тыныштық берген жоқ. Сөйтіп, 1937 жылы репрессияға ұшыратып тынды. 
Поливанов 18 тіл білген, солардың ішінде қазақ тілін де меңгергенін өзі растаған. Ол түркі жазуларындағы емлелік революцияның негізгі түрлерін қарастырған ғылыми жұмысында Ахмет Байтұрсыновтың «төте жазуын» өте жоғары бағалап, оны данышпандық жоба деп атаған еді. Алайда, баршамызға мәлім, бұл данышпандық жобаның ғұмыры қысқа болды. Саяси құбылмалы ойындар жүргізіліп, аз жылда түркі тілдерінің жазулары латындандырылды. Одан, тілтанушылық ірі кезеңдердің басты тұлғалары болып табылатын Байтұрсынов, Жұбанов сынды тілші-ғалымдарға «халық жауы» қара таңбасы басылғаннан кейін, кирилдендірілді… 
…Қазақ тіл білімі антологиясының қолға тиген алғашқы екі кітабы оқырманды артта қалған осындай күрделі белестерге ойлана қарауға жетелейді. Өткенімізді байыппен саралай отырып, қазіргі таң мен келешектегі міндеттерімізді айқындауға септеседі. Жақын болашақта тағы да емле ауыстыру науқаны қарсаңында тұрған қазақ халқына  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұсынып отырған бұл қос томның берері көп. Оларды осындай қалыпта, танымды етіп шығаруға күш салған филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнестің еңбегі үлкен құрметке әбден  лайық.    

 

Алдыңғы «
Келесі »