ҰЛАҒАТТЫ ОРДАНЫҢ ДАҢҚТЫ ҚЫЗДАРЫ

  • 09.04.2014
  • 475 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сауле МерекеСәуле Мереке,
 «Ақтұмар» музейінің меңгерушісі, мәдениеттанушы

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – Қазақстанда ғана емес, ТМД елдері арасында тек аруларға арналған жал­ғыз жоғары оқу орны. Әлемдегі мұндай төрт-ақ білім ордасының бірі де бірегейі Қыздар университетіне биыл құрылғанына 70 жыл толып  отыр.
Оқу ордасының табалдырығын аттаған әрбір аруға сапалы білім берумен қатар, ұлттық құндылықтар негізінде саналы тәрбиенің дәнін себуді басты негізге алған Қыздар университеті 70 жыл бойы бұл үрдістен таймай келе жатыр. Күні бүгінге дейін республиканың түкпір-түкпіріне мұғалім дайындап отырған оқу ордасы әрбір түлекті отбасының ұйытқысы, отанасы болады деген үкілі үмітпен ұшырып отыр. Университеттің өткен тарихы, жүріп өткен жолы, бүгінгі жай-күйі мен болашақ бағдары туралы айтар сөзіміз шексіз. Университет өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында, заман тудырған талапқа сай, ауыл мектептері үшін жоғары білімді мұғалімдер  дайындау мақсатында 1944 жылы шаңырақ көтерген-ді. 


Қазақ халқының Ұлы классик жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың ақ батасын алған киелі шаңырақ бүгінде дәстүрі қалыптасқан, өзіндік бет-бейнесі айқындалған, «Қазақ қыздарының парасат мектебі» ретінде білім ордасы болып отыр. Осы 70 жыл ішінде университет қабырғасынан  халқымыздың мақтанышы болған көптеген ұлағатты ұстаздар, белгілі ғалымдар, мемлекет қайраткерлері мен өнер жұлдыздары шықты.
Қазіргі кезде университет дәрежесін алып отырған осы білім ордасынан:  Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі, т.ғ.к. Б. Ысқақова, « Отличник народного образования СССР» З.А.Искакова ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Ү. Субханбердина, Социалистік Еңбек Ерлері: Р. Нұртазина мен Р. Махатова, ҰҒА академигі К. Құнантаева, мемлекет және қоғам қайраткерлері Ш.К. Беркімбаева, З. Қадырова, халық  ақындары: А. Бақтыгереева, Ә. Беркенова, ұстаздар: О. Қарабалина, М. Каналиева, А. Осман, ҚР Еңбек сіңірген әншілер: М. Ералиева, Ұ. Айнақұлова, ҚР Мәдениет қайраткері, аспаптанушы-этнограф З.С. Жәкіш, Р.Абдірасіл  т.б. секілді түлектер ұшып шықты. Алғашқы оқу жылдарында: институттың тұңғыш директоры болған Қ. Оспанов,  институттың тұңғыш ректоры болып он төрт жыл еңбек еткен Т. Мырзабекова, Қазақ ССР Ғылым академиясының академиктері: Ә. Марғұлан, А. Жұбанов, Т. Тәжібаев, Н. Сауранбаев, О. Жәутіков, ғалым-ұстаздар Ә. Тұрсынбаев,  С. Толыбеков, З.Ахметов, Ә. Мәметова, Ж. Жолаева, Ұлы Отан соғысының батыры Қ. Сұрағанов  және басқа да  ғалымдар мен ұстаздардың университет түлектеріне дәріс беріп, еңбек еткені университет шежіресінде мақтанышпен жазылған. Бұл дәстүр бүгінде республикаға әйгілі түлектерден шыққан ғылым докторларымен жалғасуда. Мәселен, университеттің алғашқы түлектерінің бірі – Ү. Субханбердина қазақ баспасөзі мен басылымдар тарихының қалыптасуы мен дамуын зерттеп осы саланың өркен жаюына зор үлес қосқан ғалымдардың бірі болды. Ол 1870-1882 жылдар аралығында Ташкент қаласында жарық көрген «Түркістан уалаяты» басылымын қайта жаңғыртып, қазақ библиографиясын ір­гелі еңбектермен жетілдіріп, жаңа деңгейге көтерді. Ал, бүкіл өмірін ұстаздық жолға арнап, сан­даған шәкірттер тәрбиелеген Р. Нұртазина университет түлектерінің ішінде алғашқы болып Еңбек Ері атағына ие болса, бар өмірін ұс­таздық жолына арнаған О. Қарабалина «Ұстаз бақыты» аталатын кітабында: «…Өмірімнің есте қалғандарының ішінде институттағы төрт жыл – өз алдына бір төбе. Жанымызды жадыратып, жастығымызға шырай берген жылдар ол…», – деп институт қабырғасындағы өмірін сағынышпен еске алады.
Тәуелсіз елімізді нығайту жолында еңбек етіп, күш салып жүрген айтулы тұлғалардың ұстаздары да университет түлектері екенін атап өту парыз. Бүгінде университеттен бірнеше Социалистік Еңбек Ерлері, академиктер, ғылым докторлары,  әр саладан қорғаған ғылым кандидаттары, бес мемлекет қайраткері, екі министр, ҚР  Парламент  Мәжілісінің екі депутаты, екі ҚР Халық әртісі, он ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Қазақстанның ха­лық ағарту ісінің озық қызметкерлері», бір дүние жүзілік чемпион секілді түлектер шығып, еліміздің әр саласында еңбек етіп отыр. Еліміздің білімі, ғылымы, өнері мен мәдениетінің өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген аяулы қыздар мен институт түлектері әр кезде де қоғамның қозғаушы күші бола білді. 
Кешегі кеңес кезеңінде де уақыт талабына сай еңбек етіп, қоғам тынысына үн қоса білген талай қыздардың ерен ісі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Сондай асыл жан­дардың бірі – қазіргі Қазақ Мемлекеттік қыз­дар педагогикалық университетінің түлегі, уни­верситеттің қалыптасуы мен дамуына күш салып, оның ректоры қызметін он алты жыл бойы атқарған, қазақ әйелдері арасында педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін бірінші қорғаған, ҰҒА академигі, РФ Білім академиясының мүшесі болған К. Құнантаева. Ол оқу ордасының білім беру жүйесіне ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік және рухани-мәдени өміріне де аса мән бере білді. 1968 жылдары институт қабырғасынан әйгілі «Айгүл» ән-би ансамблі ұйымдастырылып,  ансамбльдің құрылуы – студент-жастардың рухани мәдениетін көтеруде, ұлттық музыка мәде­ниетін дамытуда институт  тарихына алтын әріппен жазылды…
Университетке басшылық жасаған ректор­лардың ішіндегі төртеуі  институт түлектері. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева осы білім ордасын бітірген түлектердің бі­ре­гейі саналады. Ол мемлекеттік және қо­ғам­дық қызметтерде бола жүріп, өзі білім алған оқу орнымен үнемі байланыста болды. Ұлттық педагогиканың, оның ішінде ауыл мек­теп­теріндегі білім беру жүйесінің дамуына еңбек сіңірген Ш. Көпбайқызының еңбек жолы студент-қыздарға үлгі-өнеге.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2010 жылы  осы білім ордасына келіп, бүгінгі – студент, ертеңгі – ұстаздар өмірімен танысуы университет өмі­рін­­дегі тарихи оқиғалардың бірі болды. Олай дейтініміз – 1948 жылы институттың алғашқы түлектерінің бітіруіне сол кездегі Қазақстан үкі­метінің басшысы Жұмабай Шаяхметов келген болса, осыдан 61 жыл өткен соң тәуелсіз елі­міздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың келуі – университет арқылы барша қазақ қыздарына көрсетілген құрмет, білім саласына көңіл бөлген қамқорлығы екені даусыз. Елбасы университет тарихымен таныса келе: «…Алпыс алты жылдан бері бұл шаңырақтан елу мыңнан аса маман тәрбиеленіп шықты. Мен сондықтан бұл оқу орнына «университет» деген дәреже бердім… Біздің барлық ар­қауымыз, діңгегіміз – ауыл. Ауылдың білімін түземесек, қазақтың болашағы болмайды. Болашақ педагог болатын сіздерді ауылдың бі­лімін көтеруге атсалысуға шақырамын… [1].  …Мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру саласына ерекше көңіл бөлу керек. «Балапан» бағдарламасы жасалды, тәрбие деген баланың кішкентай кезінен басталады», – деп атап өтті [2].
Тәуелсіз Орта Азия мемлекеттері арасын­да қыздар ғана оқитын осы білім ордасы құрыл­ғанына жетпіс жыл ішінде елу мыңнан аса пе­дагог мамандар дайындап шығарды. Олардың ара­сында  білім, ғылым, өнер саласымен қоса,  мемлекеттік деңгейде жауапты қызметтер ат­қарып жүрген қазақтың дана қыздарының үлкен бір тобы қалыптасты. Университеттің оқытушы-профессорлары мен білікті ұстаздары магистратура, аспирантура және докторантурада оқитын жас ғалымдарды даярлауда зор жұмыстар атқарды. Даланың дана қыздары университеттің әрбір кафедрасында табысты да жемісті еңбек етуде. Мәселен, 1961 жылы ұйымдастырылған химия кафедрасының өз алдына жеке кафедра болып ашылуы ҚР ҰҒА академигі Ш. Батталова, С. Дүймағамбетова секілді білікті ұстаздардың ерен еңбегі арқасында мүмкін болғанын бүгінде университет студенттері  мақтанышпен еске алады. Бұл дәстүрді М. Жадрина, Р. Жарменова, А. Көпбаева, Қ. Жетпісбаева секілді университет түлектері одан әрі жалғастырып, жемісті  еңбек   етіп   ғылымға  елеулі үлестерін  қосты.  
Алғашқы ашылған үш факультеттің біреуі тарих факультеті болған. Ұзақ жылдар ішінде  факультет түлектерінен айтулы ғалымдар шықты. Олар академиктер К. Нұрпейіс, Т. Тұр­лұғыл, профессор А.Ш. Алтаев, Б. Ыс­қақова сынды ұстаздардан тәлім алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен  айналысты. Факультет Анкара, Грекия, Ресей Педагогика академияларымен байланыса отырып, оқулықтар жасауда мол тәжірибе жинақтады. Тарихшыларды дайындау кафедраларында,  білім беру ісінің үздік  ұстаздары т.ғ.д. Л.Т. Қожакеева,т.ғ.к. Ж.Б. Аширбекова,т.ғ.к  С.М. Түменова сынды тарих мамандары білім береді.   
1960 жылы ашылған шет тілдері кафедра­сының ұстаздары Британ кеңесімен, Гете инс­титутымен, АҚШ ақпарат орталығымен т.б. ты­ғыз байланыста жұмыс жасайды. Сол сияқты  қазақ әдебиеті, қазақ тіл білімі кафедраларының түлектері  ұстаздық жолында табысты еңбек етіп, қазақ тілінің өркендеуіне өз үлестерін елеулі қосып келеді. Университеттің Педагогика және психология факультеті болашақ тәрбиешілер мен мұғалімдерді даярлауды жетілдіру және педагогикалық-психологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарының деңгейін көтеру мақсатында үздіксіз педагогикалық білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда табысты еңбек етуде. Бұл істе Х.Т. Шериазданова, Қ. Аймағамбетова, Г.М. Қасымова, Қ.Ү. Шайжанова т.б. қатарлы ғылым докторлары мен кандидаттары дәріс оқиды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетінен түлеп ұшқан ғалым қыздар, отандық, әсіресе, гуманитарлық ғылымдардың дамуына өз үлестерін қосты. Университеттен М. Жадрина, Ж.Ж. Қожантаева, Р.Ә. Шаханова, Ж.Н. Сулейменова, Т.Ермекова, А. Биярова, А. Ісмақова, А. Сатбекова, Р. Зайкенова, А. Ершина, Қ.Меңдаяқова, т.б. ғылым докторлары  шықты. Бүгінде  университеттен шыққан үш жүздей ғылым кандидаттарының  ішінде Алматы қаласы Білім басқармасының бастығы, ҚР білім беру ісінің үздігі Р.С. Шимашева және   Алматы қаласының мектептерінде  директорлық қызмет атқарып отырған түлектер, ҚР Білім және ғылым министрлігінде қызмет істеп жатқан түлектеріміз баршылық .
Университет түлектерінен  қаламы ұшқыр,  қазақ журналистикасының ауыр жүгін ар­қа­лаған «Алаш» сыйлығының иегері Ә. Бө­пежанова сынды мәдениеттанушылар баспа, газет-журнал, радио-теледидар салаларында еңбек етті. Университет қабырғасынан шық­қан педагог-ақындар бұрын да болған, қазір де баршылық. Өз жырларына жастық  шақ, махаббат, ана, ұстаз, туған жер, отан, табиғат тақырыптарын арқау етіп, тебірене толғанған ақын-түлектерден А. Бақтыгереева, М. Шәріпқызы, Б. Батырбекқызы, М. Мұқан­қызы, бүгінгі буыннан Ш. Тол­қыновалар бар. Университеттің «Өнер және мәдениет» факультетін бітірген түлектеріміз  бүгінде қазақ өнерінің дамуына зор үлестерін қосуда. Әйгілі «Айгүл» ансамблінің мүшелері әнші-музыканттар Г. Қарамолдаева, А. Исағұлова, Г.К. Бегалиева, М. Ералива, Ұ. Айнақұлова, ал, «Айгүл» ансамблінің белгілі әншісі Г. Қара­молдаева осы оқу ордасында қырық жылдай ең­бек етіп көптеген өнер саңлақтарын  тәрбиелеп шықты. ҚР Еңбек сіңірген әртісі Айнақұлова,  ҚР мәдениет қайраткері опера әншісі Д. Хамзина, Г. Өмірбаева, Ұ. Белғозиева, Т. Асар, М. Арапбаевалар  бүгінде елге танымал болған өнер қай­раткерлері. Ал, институт түлегі, әнші-сазгер А. Исағұлова талантты шәкірттер тәрбиелеумен қоса, халықаралық «Майра Уәлиқызы» атты фестивальдің ұйымдастырушы ретінде талай әнші қыздардың бағын ашқан  ұлағатты ұстаз. Ал, әйгілі Д. Абиров  негізін қа­лаған хореография кафедрасы бүгінгі таңда қазақ биінің дамуына үлес қосып  жүрген тү­лек­терімен белгіленіп отыр. Осы салада би өне­рінің майталмандары З. А. Кастеева, Л.М. Кремер, Р. Б. Сабдалиева, Б.Д. Тұрғынбаева сын­ды мамандардың шәкірттері халықаралық бай­қаулардың жүлдегерлері. 
Қазақ әйелі – ана ретінде қоғамның алтын діңгегі, бойына ізгілік қасиет дарыған адал жар, айнымас серік. Бұл қағиданы   студент қыздар  «Қыз Жібек» эстетикалық клубынан,  кездесу-сұхбаттардан бойларына қалыптастырады.  Айтулы тұлғалардың өмірлік серіктері бол­ған, Халық жазушысы Ә. Нұршайықовтың «Мәңгілік махабат жыры» атты толғау-кіта­бының кейіпкері  Халима Өзбақанқызы, академик З. Қабдоловтың  жары Сәуле Қабдолова, Халық ақыны Ғ. Қайырбековтің «Алматыда көшесі бар Гогольдің» атты өлеңі арналған Бә­­деш Хамзина секілді институт түлектерінің   еңбек жолдары ұрпаққа өнеге. Ұлттық сана – намысты қыз тәрбиесі жақсы жолға қойыл­ған. Бүгінгі жаһандану заманында университетте  қосдипломды білім беру қолға алынып отыр. Талапты студентке Англияның Лондон Ме­неджмент және Ғылымдар Академиясымен, АҚШ-тің Миссиссипи университетімен жасалған келісімшарт негізінде Қазақстандық және шет елдік дипломға қолжеткізу  мүмкіндігі туды. Академиялық ұтқырлықты дамыту бойынша шәкірт алмасу, студенттер мен оқытушылардың тағлымнамадан өтуі тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ашылған кезеңнен бері үш мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етілген арулар озық техникалармен жабдықталған кітапханадан білімін толықтырады. Том-том кітаптар «Куденс» сканерінің көмегімен электронды оқулықтарға айналып отыр. Компьютермен жабдықталған залдар шәкірттердің оқуға деген ынтасын арттыратыны да белгілі. Мұның барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекеттік саясаттың табиғаты қорғауды қажет ететін нәзік қыздарға деген қамқорлығы.
Елбасы өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында білім беру мәселесіне кеңінен тоқталып, заман талабына сай бәсекеге қабілетті даму үшін атқарылуы тиіс шаруалардың басын ашып бергені анық. Онда мемлекет басшысы «Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет» деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай заманауи озық құралдармен – интерактивті тақта орнықтырылып, компьютерлермен жабдықталып, жаңа зертханалардың ашылуы әрбір студенттік білім сапасын арттырары сөзсіз. Сонымен қатар, барлық жатақханаларда сымсыз желілер (WI-FI) іске қосылып, ашылған интернет залдар студенттердің пайдалануына берілуі сандық технология негізінде ақпарат алмасуға үлкен септігін тигізіп отыр. 
Қыздар университетінің студенттері Қа­зақстандағы бұқаралық спортты дамытуда қалыс қалып отырған жоқ. Әрбір жатақ­ханаларда ашылған фитнес залдар осының куәсі. Заманауи озық жаттығу құралдары әрбір арудың сымбаты мен сұлулығын сақ­тауға, шынығуына көп көмегін тигізеді. Екі дүркін әлем чемпионы Майя Манеза да осы университеттің дипломын алады, ал, Айзада Мұхитова ҚР Президенті  жүлдесінің Әлем кубо­гоның кезеңдік додасының қола жүлдегері. Болашақтың тұтқасы болар ұрпаққа сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман дайындау Қыздар университетінің басты мақсаты. Осы мақсатқа жету үшін, биік белестерді бағындырып, Тәуелсіз Қазақстанды Мәңгілік Елге айналдыру жолында атқарылып жатқан істер университет рек­торы п.ғ.к. Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаеваның  бас­шылығымен орындалып келеді. Себебі, Н.Ә.Назарбаевтың «Бір қызды тәрбиелеу бір ұлт­ты тәрбиелеумен бірдей» деген сөз Қыздар уни­вер­ситетінің қызметін айқындап отыр. 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1 Есали А. Қыз тілегі – қастерлі // Егемен Қазақстан. 18 қараша 2010.
2 Елбасы ҚызМУ-де болды // «Ақтоты-ақпарат» № 11 (76) 2010.
3. «Ақтұмар» музейінің  қор бөлімі.  1944-2014жж.
 4.  Д.Ж. Нөкетаева. «Келешегі кемел қара шаңырақ». Қыздар  университеті газеті. №5. №8.   2013ж.

 

Алдыңғы «
Келесі »