ТАҒЫ ДА ӘЙЕЛДЕР ЖАЙЛЫ НЕМЕСЕ КҮРДЕЛІ ЕСЕП

  • 09.04.2014
  • 339 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сықақшы
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫНЫҢ әзіл-оспақ беті

«Әйел – үйдің көркі, еркек – түздің көркі» деген мақал ескірді. Ескірмейтін махаббат бо­­луы мүмкін, ал, ескірмейтін мақалдың болуы, әй, мүмкін емес. Қазір керісінше, еркек – үй­дің көркі. Себебі әйел базар аңдып, сыртта қыдырады, еркек қазан аңдып, үйде отырады. Әйелдің түздің көркі болғанын өзім қалаймын, жақтаймын, әрине ол сенің әйелің болмаса. Сон­дықтан мен сіздерге әрқашан құрметпен қараймын. Еркіндіктің, теңдіктің не екенін сіз­дер білесіздер!
Айтпақшы, түрмеден қашқан еркекті ұстап ап, сол түрмесіне әкеп қайта жабады. «Неге қаштың?» деп, себебін сұрайды. Сонда әлгі бейшара:
– Еркіндікке шығып, рахаттанып, бостандық алып, үйленгі -і-і-м келді, – дейді.
Байғұс бала еркіндіктің не екенін, бостан­дық­тың не екенін тіпті басқаша түсінген ғой. Үйленіп көрмеген бейшара әйел алсам, бостандық алам деп ойлаған-ау шамасы. Бәрі­міз де үйлендік. Үйленгенде саусаққа алтын сақина, білекке алтын сағат салды. Алтын ба­лық ұстап алғандай «Алтын тақтық» деп мәз-мей­рам болдық. Ол алтындардың қолға түскен кісен екенін кейін ұқтық қой. 
Мойынға алтын алқа тақты. Ол мойынға түскен құрық екенін сезді дейсің бе біз бей­бақ? 
Қысылғанда еркек тез ақыл таба алмай қа­лады. Ал, «Қапияда қатын ақыл табады» деген ес­кірмейтін және бір мақал бар. 
Кеселденіп пе, еркелеп пе жүрген әйелдің бірі дәрігерге бармай ма?! Ол әйелді қарап бол­ған соң:
– Саусыз. Құлан-тазасыз. Еш жеріңіз ауырмайды. Жалқау боп кеткенсіз. Тек, таза ауада кө­бірек жүріңіз, қыста қалыңырақ киініңіз, – деп кеңес береді.
Мазасызданып отырған күйеуі:
– Не болды? – деп сұрамағанда ақыл тапқыш әйелі:
– Көп кеңес берді. Жазда теңіз жағалауында демалып күтініп, қыста құндыз ішік киіп, жұ­тынып жүріңіз деді, – дейді.
«Ер айласы – бір, әйел айласы – мың» деген осы­дан қалса керек. Ашықауыз еркек үйіне кешігіп келгенде де оңдырып өтірік айта алмай­ды ғой. Әйелін бір рет алдаса, мың күн мақ­та­нады. Ал, әйелдің еркекті бір күнде мың рет ал­дап соғып жүргенін әйелдердің өздері ғана бі­леді. Жа­ратқан ием оларға сондай артықшылық бе­ріп қойған. Сол артықшылықтарын барынша пай­даланып жүр.
Осы әйелдер қызық өзі – біртүрлі;
Кейде сенің билеп алып ырқыңды
Еркелетіп сыйпалайды шашыңнан,
Енді бірде жұлуға әзір мұртыңды.
Осы әйелдер қызық өзі – таң қалам;
Түсіндік деп айтатұғын бар ма адам?!
Магниттей тартып тұрып өзіне
Кері теуіп жібереді жалма-жан.
Алақұйын, алай-дүлей қылығы;
Қарап тұрсаң мөлдір көлдің тұнығы.
Қазығыңды кейде ұстатса қолыңа,
Кейде сені тырп еткізбес құрығы.
Ашуланар десең сылқ-сылқ күледі,
Ондай кезде қақ жарылар жүрегі.
Ал күлетін сәт туғанда назданып,
Долылықтың етек-жеңін түреді.
Келмей қалсаң үйге бір күн тергейді,
Айтқаныңа сенбейді де көнбейді.
Далаға да шықпай қойсаң кей-кейде
«Үйкүшік» деп қарап тұрып «жерлейді».
Үндесетін бер жағы мен ар жағы,
Қыз кезінде керемет қой талғамы;
Еркін, 
сері, 
қыз қызығар, 
қолы ашық
«Нар жігітке тисем» дейді арманы.
Міне осындай нар жігітті сүйеді,
Сүйеді де сол жігітке тиеді.
Тиіп алып, қармағына түскен соң
Өзгереді, басқашалау күйеді.
Күйеді де от боп лаулап жанады;
Еркіндікке темір кісен салады.
Серілікке жол бермейді ешқашан
Сері болсаң – тарс айырылар талағы.
Қыз қызықса қызғаныштан өртенер,
Өртенер де аласұрып жер тебер.
Қолың ашық бола қалса біреуге
Ұрыс-даудың Қорқыт-күйін шерте бер!
Мың құбылып жүретұғын, мың күліп – 
Тек әйелге тән екен-ау бұл қылық.
Еркін, 
сері, 
қыз қызығар, 
қолы ашық
«Нар жігітті» ұстайды енді құл қылып!
Иә, әйелдің бостандық қой – күлгені,
Ал, ашуы елестетер түрмені.
Түсіне алмай еркектер де шаршады – 
Әйел, әйел – есеп екен күрделі!
Бүгін былай дәлелдейді білімді ой:
Әйел деген жанға шипа, Қырым ғой.
Ұлы ойшылдың өзін салған тәлкекке
Әлі ешкім игермеген ғылым ғой.
Қызуы шоқ жарқыраған күннен де,
Құпиясы көп қараңғы түннен де.
Ажары да ай құлатып аспаннан
Жұлдыз болып шыға келер бір демде.

Қораз  бен  Еркек…

Екеуінің айырмашылығы
Аңыз бен ертек.
Қораз, мәселен, кез келген
Көрші мекиендердің жүрегін өртеп,
Мінез көрсетіп тентек
Қыдырғысы келсе қыдырып,
Ұрынғысы келсе ұрынып,
Бөтен қораға 
Бұрылғысы келсе бұрылып,
Шөжелердің артынан жүгіріп,
Бірде тұрып, бірде жығылып,
Кешке өзінің қорасына
Қалың мекиендерінің арасына
Түк болмағандай қоқиланып,
оңын-соңын шоқыланып,
Қайтып келеді.
Еркек сөйтсінші…
Әйел қаһарға мініп,
Жалмауыз кемпірдің кейпіне кіріп,
Өткеннің тарихын қозғап,
Жіпке тізгендей айтып береді.
Қырық жыл бұрынғы 
Жігіт кезінде ұсынған махаббатын
Жүнін жұлған тауықтай ғып қайтып береді.
Соны білетін ол байғұс
Үйіне қайтіп келеді?
Алпыс аңызын, қырық өтірігін
Батырлар жырын айтқандай
Аңыратып айтып келеді.
Келеді деймін-ау…
Келтірмейді.
Өлтіруге жақындатады
Бірақ өлтірмейді.
Әйел еркекті
Ешқашан олай жүргізбейді,
Сирағын сындырып,
Ауыздықтап, тізгіндейді.
Жүргенін білсе
Үйге кіргізбейді.
Қайран, Еркек…
Қораздың бұл өмірін
Күнде іздейді,
түнде іздейді. 

Алдыңғы «
Келесі »