Шығармашылық байланыстар шектелмейді

  • 04.04.2014
  • 403 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде республикалық «Экономика» газеті күні өткізілді. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағында бас қосқан басылымның редакциялық ұжымы, ұстаздар мен студенттер қауымы дөңгелек үстел басында газеттің бағыт-бағдары, атқарар рөлі төңірегіндегі ой-пікірлерін ортаға салды.

Ел экономикасы екпінді өзгерістерге толы. Күн сайын өмірімізге сан-қырынан енетін күрделі құбылыс – экономика десек, ол ішкі жағдайларға, сыртқы әсерлерге байланысты өз әмірін, шексіз шарттарын жүргізіп отырады. Қым-қуат тіршілікте экономикадағы қандай да бір өзгерістерден, жаңалықтардан хабардар болуға әрқайсысымыздың мүдделі болатынымыз сондықтан. Осы ретте мемлекеттің тиімді экономикалық саясаты мен оны жүзеге асырудың оң нәтижелерін немесе түйткілді тұстарын талдауда, ғылыми сараптамаларға, тәжірибелерге негізделген тұжырымдар жасауда республикалық «Экономика» газетінің өзіндік көтерер жүгі бар.

Шығармашылық байланыстар шектелмейді«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры – редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин атап өткендей, ақпарат айдынында өз орнын алып, қалыптасқан «Экономика» газеті бүгінде бәсекелестік ортаға бейімделіп үлгерді. Оқырман үшін ыңғайлы, қолжетімді болуы үшін ақпаратты берудің жаңа, тың әдістеріне көшті. Бұл ретте газеттің сайтында үздіксіз жарияланып жатқан оқырмандардың пікірлері мен тілектері, ұсыныстары мен өтініштері редакцияның ұдайы назарында.

Болашақ журналистердің университет қабырғасынан бастап нақты бір салаға машықтанып, оның қыр-сырын игеруі таңдаған тақырыбын терең талдауға, тәжірибесін шыңдауға ықпалын тигізбек. Осы тұрғыда журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманов факультетте бұл үрдіске айрықша мән берілетініне, студенттердің аға буын өкілдерімен – белгілі басылымдарда түрлі тақырыптарға тұрақты қалам тербеп жүрген журналистермен бас қосып, олардың тәжірибелеріне қанығудың маңыздылығына тоқталды. Осы мақсатта «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сынды аға басылымдардың өкілдерімен тұрақты кездесулер өткізіп тұру жоспарланған.

Бірлескен басқосуда сондай-ақ «Экономика» газетінің бас редакторының орынбасары Аманкелді Шопан, ақылдастар алқасының мүшесі Жетпісбай Бекболатұлы, журналистика факультетінің ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова, факультеттің аға оқытушысы Серік Жұмабекұлы сөз сөйлеп, екі мекеме – басылым мен факультет арасындағы өзара тиімді байланыстар бағытында, газет бетіндегі тұрақты айдарлармен берілетін мақалалар жайында жан-жақты ой-пікірлерімен бөлісті. Сөз өнеріне қызмет ететін болашақ мамандарды қызықтыратын сауалдар төңірегінде газет басшылығы кеңінен түсініктеме берді. Осылайша, ортақ мақсатқа біріктіретін басқосу шығармашылық әріптестік, достық ауанында өрбіді.    

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

Алдыңғы «
Келесі »