ҚОШ КЕЛДІҢ, НАУРЫЗ!

  • 06.03.2014
  • 969 рет оқылды
  • 1

Жер жүзіндегі жұрттардың бәрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мәселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді. Өзгелерді былай қоя тұрып, өзіміздің сыбайласымыз орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: «Орыста мейрам көп, қазақта айран көп».


Біздің қазақ айранға бай болға­нымен, мейрамға жарлы екендігі осыдан да көрінеді. Жалпы мұсылман жұрттарына ортақ жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-кырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз.
Наурыз қазақтың шын мағына­сындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрт­тарының көбі, мәселен, Үнді­стан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркіс­тан­дықтар да мейрам етеді. Бірақ, бұлардың бәрін салыстырғанда Нау­рызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-нда, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды, жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды.
Тіршіліктің арқауы алдыменен та­мақ. Дүние жаратқаннан бері жанды-жансыз­дың бәрінің талас-тартысы, шы­нын айтқанда, тамақ үшін, күн көруі – алдын­дағы айдап өсіріп жүрген малының аман­­дық, жамандығымен байлаулы. Өнері, кәсібі, зауыты, фабрикасы бар, табиғатты қолданған мәдениетті елдер қыстың қысымын қазақтай көрмейді. Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай туғанына шейін қазақтың зор мағына беруі әшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр я жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса құт, ауыр болса – жұт болатындығын байқаған тәжірибеден шыққан нәрсе.
Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын ша­руашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне калайша өзге­лерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды қалайша мейрам етпесін.
Соңғы жылдар қазақтың шаруасын күйзелтіп, байтақ елі ашаршылыққа ұшы­рап, ойын ойнап, тойын тойламақ түгіл, барар жер, басар тау таба алмай дағдарған еді. Енді, шүкір, аздап заман түзеліп, шаруасы оңалуға айналғаннан кейін, оның үстіне биылғы қыс әр жерде жеңіл болып, жұрт алдырмай-шалдырмай аман-есен жазға жетіп отыр. Сондықтан, бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып күлісіп, жанның бәрі дүнияға жаңа келгендей мәз-мәйрам болса керек.
Мұнан былайда, бұ күнгі күнді жыл сайын осындай қуанышпен қарсы алып, ойнап-күліп өткізу үшін қазақ елі ерінбей еңбек сіңіріп, мезгілін өткізбей егін егіп, пішен шауып, күн ілгері қамыңды же. Сонда ғана былтырғы, бұрнағы жылдардай қан жыламай, алдағы Наурыздарды да шын мейрам, шын шаттықпен өткізесің.
Қуанышты күнің, Жаңа Жылың құтты болсын, қазақ!
Дүниеге көрік берген, шырайы жылы жыл басы – Наурыз, қош келдің!

Мадияр, «Еңбекші қазақ», 1923 ж. № 75.

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Қазір қандай өнер саласында болмасын, «жаңа тақырып жоқтың қасы…» сынды пікірлер көбейіп кеткені рас. Мен бұнымен толық келіспеймін. Біздің бүгінгі күнделікті өмірімізде үлкен орын алып жатса да, тиісті дәрежесінде не бұқаралық ақпарат құралдарында, не шығармашылық өрісте көрініс таппай жатқан тақырып баршылық.
    Шамамен 15 жыл бұрын «электроника кезеңі» деп атауға келетін ғасыр да емес, тұтастай бір мыңжылдық, бүтін бір дәуір басталған тұғын. Бүгінгі «Нетбук» сынды ықшам компьютерден бастап, ең жаңа планшетке дейін қаншама ақпараттық-техникалық жаңалықтар бізді өз саналуандығымен жылдан жылға қуантып келуде. Тіпті, кеше жақын ғана таңсық болған «интернет» деген ұғым бүгінде «микротолқынды пеш» немесе «теледидар» сияқты үйреншікті заттардың бірі болып кетті. Қазіргі таңда, осындай өмір сүрудің формасының көбінесе жағымды жақтарын атайды. Ол, ең алдымен, жылдамдық пен ыңғайлылылық. Алайда, бұл біз ойлағаннан немесе ойлағымыз келгеннен әлдеқайда терең әрі нәзік мәселенің екінші тұсы да бар. Кез-келген құрал (әсіресе бүгінгі жаһандану аясындағы қуатты ақпараттық-электронды жүйе) өткір пышақ іспеттес. Оны сақ пайдаланбаса қауіп туғызуы мүмкін.
    Менің айтқым келгені, өнерде болсын, баспада болсын әділетсіз түрде назардан тыс қалып жатқан бір тарихи ақиқат бар. Ол 90-шы жж. бірінші жартысында Қазақстанда туылған ұрпақтың (жаһандық үрдіске ілескен елдер арасындағы) «электронды емес» дәуірді көріп үлгерген «соңғы буын» екендігі. Неліктен осы маңызды жайт өнер саласында оригиналды шығармалар мен тың идеялар ретінде көрініс таппай жатыр? Сюжеттердің көбісі таза мелодрамалық немесе «батыстық» үлгідегі экшн сарынына еліктеу бағытында болып тұр.
    Құрдастарым еске түсірсе, біздің балалық шақ әлдеқайда табиғи және баяндырақ еді. Осыдан 15-20 жыл бұрынғы есік алдар ине шаншар жері жоқ автотұрақтан гөрі саялы баққа немесе балабақша алаңқайына көбірек ұқсас болатын. Ол кездің жастары қазіргідегідей ғаламтордағы дайын өнімді ойланбастан көшіре салмай, қажетті ақпаратты сөредегі оқулықтардан зейін сала іздеуші еді. Ал рухани азықты 100-ден астам «коммерциялық» арнасы бар теледидардан емес, көбінесе ата-анасы сақтаған көркем әдебиеттен іздеуші еді. Жалқылыққа және «қанішерлікке» баулыған виртуалды ойындардың орнына таза ауадағы салауатты ойындар мен үстелде ойнайтын интеллектуалды ойындар пайдалы да қызықты еді. Әрі ұжымда қарым-қатынас жасауға және достыққа тәрбиелеуші еді. Уақыт-сағатымен ғана бағдарламалар көрсететін бар-жоғы 5 арнада бір күнде бір рет кеңестік болса да, «мейірімді» мультфильм көрсетуші еді. Ешқандай «ұсқынсыз әрі ақымақ теңіз өсімдіктерін» кейіпкер етіп алған шетелдің 24 сағаттық арналары әлі жоқ болатын. Бос уақытта және мерекелерде ата-әжеге, туыстарға және барлық көршілерге қонаққа немесе солармен бірге қыдыруға бару сияқты жақсы «дәстүрлер» болатын. Міне, осындай «виртуалды емес» өмір болған кезең, сол кезде болған адамдар неліктен бүгінгі өнерден тақырып ретінде әлі толық табылмай жатыр?..
    Ең бастысы, ол кезде адамның (әсіресе, жастар мен балалардың) жеке уақыты мен кеңістігі, жеке назары мен қызығушылығы өзінің ғана «меншігі» іспеттес болатын. Ал қазір сол «меншіктің» көп бөлігін электрондық-ақпараттық техникалық құралдар: ұялы телефондар, интернет, әлеуметтік желілер, спутниктің телеарналар, айфондар және т.б. «ұрылауда». Және бұл мәселе күшеюде. Демек, біздің замандас адамның бейнесі 15 немесе 20 жыл бұрынғы адам бейнесінен гөрі ой-сана, психикалық (тіпті физикалық) және ақпараттық иммунитет жағынан әлдеқайда әлсіз және қорғансыз болып көрінетіні түсінікті. Осының барлығы болашақ әдеби, драматургиялық, театр немесе кино сюжеттер үшін аса құнарлы өріс.
    Соынымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: әзірше бұл мәселені шеше алмасақ та, уақытты артқа жылжыта алмасақ та, лажы болмаса осы шындықтарды негізге ала отырып, тақырып ете отырып, өнер туындыларын неге жасамасқа!? Және неғұрлым қызықты, нақты және ерекше жағынан неге осы ойды жеткізбеске!? Тілшілер айтар… ұмытылар. Саясаткерлер айтар… ұмытылар. Өнер адамдары айтар… мәңгі бақи ел есінде қалар

Пікірлерге тыйым салынады.