ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ ҰЛЫ ЖОЛЫ

  • 06.03.2014
  • 8304 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Серік Пірәлиев, 
Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 
ректоры,  педагогика ғылымдарының докторы, 
профессор

Қазақстан Республикасының  Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050:  Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты үсті­міздегі жылғы Жолдауын Қазақстан ха­л­­қы  асқан қуаныш сезіммен, зор ықыласпен қарсы алды.  Еліміздің тарихында  өте үлкен саяси оқиға болып отырған бұл Жолдау Елбасы көрсеткен барлық шаралардың өте маңыздылығымен ерекшеленуде. Аталған шараларды  халқының жүзеге асы­­ратынына  кәміл сенген Елбасымыз биылғы он сегізінші  Жолдауының алтын діңгегі, темір қазығы етіп «Мәңгілік ел» идеясын ұсынып отыр.  Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрген 22 жыл ішінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағынан тұрақты түрде  қарқынды дамып келе жатқан ел екенін бүкіл әлем мойындады. Мұндай аса үлкен жетістіктерге жету  тек алдына ұлы мақсаттар қоя білген  ғасырлар тоғысындағы  аса көрнекті  саясаткер Елбасының ақылы мен терең білімінің, кемеңгер басшылығының арқа­сында ғана жүзеге асырылды. 


1997 жылдың аяғында Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев 2030 жылға дейінгі еліміздің даму бағдарламасын қабылдаса, араға 15 жыл салып,  2012 жылдың аяғында, қалыптасқан мемлекеттің Қазақстан – 2050  Стратегиялық бағдарламасын жариялады. Әркімді заман билеп арпалысып, айқасып жатқан кезеңде  бар сезімді ақылға салып, өткен дәуір мен жаңа кезеңді салыстырып,  саралап жол сіл­тейтін, осындай аласапыран уақытта халықтың арман-мұратын, қажыр-қайратын жасампаз арнаға қарай бұру Елбасымыздың алдында тұрған алыстан болжағыш аса маңызды міндеті іспеттес. XX ғасырдың басында алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынұлы «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп айтпақшы, Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған Стратегия болашаққа  бағдаршам болары анық. 
Тіпті, әлем тарихына ой жүгіртіп, па­рақтап көрсек, Юлий Цезарь, Александр Македонский, I Петр реформалары, Наполеонның «Қайта жаңғыртуы», Ататүріктің «Түрік экономикасы», Дж. Вашингтонның республикалық басқаруға көшуі, Дэн Сяо Пиннің «Қытайша социа­лизмі» экономикасы дамымай, ұлттық өндірісі тұралаған мемлекеттерді әлем сах­насына қайта шығарған тура жол, сарабдал саяси шешімдер болып саналады. Ал, біздің Елбасының «Қазақстан – 2030» және «Қазақстан – 2050» Стратегиялары сол ұлылықтардың  бүгінгі заңды жалғасы іспеттес. Елбасы осыдан 15 жыл бұрын: «2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қа­лып қоймайтын елде өмір сүретін  болады», – деген еді.  Бүгінгі күні осы меже орындалды. «Қазақстан – 2030» тоталитарлық жүйенің санаға сіңірген, қорқыныш ұялатқан қанды тегеурінінен елді аман алып шығып, уақыт талабына орай өркениетті өмірдің заңдылықтарына сай ұлт тәрбиелеу, тұрмыс, экономика, мәдениет, өнердегі өресін өсіруге бағытталса, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекетті  одан әрі жетілдіріп, әлемнің көшбасшы елдерімен иық тірестіре  алатындай  жағдайда өмір сүретін болашақ ұрпаққа арналған бағдарлама және 2012 жылғы желтоқсан айындағы  он жетінші Жол­даудың стратегиялық мақсаты мен оның саясаты  ең бірінші кезекте  жастарға ар­налған еді. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы қалыптасқан мемлекет алдына  алдағы жылдарға қатысты айқын міндеттер қойып,  бұл міндеттердің орындалуы үшін  нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде Мемлекет басшысы айтқан 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемдегі  бәсекеге аса қабілетті  30 елдің қатарына  кіруін айрықша айту керек. Осы ретте Елбасының  Жолдауында атап көрсетілген негізгі тапсырмаларды  жүзеге асырудың  жолдарын қарастыру  әрбір ұжым үшін  үлкен міндет. Шындығында, Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы  «Қазақстан – 2050»  Стратегиясы – келешегіміздің  кемел  де кемеңгер  жоспары  болып табылады.  Президенттің жыл сайынғы  Жолдаулары  бір-бірімен тығыз байланыста  әрі әрбір Жолдаудың өзіндік ерекшелігі бар екендігі заңдылыққа айналған. Осы тұрғыдан ал­ғанда биылғы жаңа Жолдаудың кейбір ерек­шеліктеріне көңіл аударуға болмайды.  Ендеше, Жолдауды оқығаннан кейінгі көңілге жылы тиіп, жүрекке әсер еткен кейбір сондай мәселелердің бірнешеуіне тоқталайық. 
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Стратегия – күннен-күнге,  жылдан-жылға еліміздің қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты прак­тикалық істер бағдарламасы. Бірақ, нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің мін­деті – осыған барлық жағдайды жасау.  Мен әлемнің озық  елдері арасындағы  Отанымыздың лайықты болашағы ғана қазақстандықтарды мәңгілікке бірік­тіретініне сенемін» деп атап өткеніндей, қазақстандықтар да Елбасының зор сенімін ақтау үшін  жан аянбай еңбектенетінін ереше мақтаныш сезіммен білдіруде.  Бұл бүкіл қазақстандықтардың жүрегіне жол тапқан жыл сайынғы  жолдаулармен тығыз байланыстағы жаңашыл, тұжырымды Жолдау болды. Бұл байланыстардың барлығы да еліміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегия­сына, Қазақстанның жаңа саяси бағытына келіп тоғысқандай. Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай  мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға  ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам  құру екендігін жариялаған Прези­дентіміз халықтың көкейіндегі  мәселелерді тап басып, алдағы міндеттерді көрегендікпен айқындап,  келешегіміздің кемел көкжиегін көрсетті. Сонымен қатар, ол көпшіліктің көкейінде  жүрген сұрақтардың  бірқатарына жауап берді де. Мысалы, Қазақстанның мәңгілік тәуелсіз ел болып қалуының бағ­дарламасын айқындап, осы мақсатқа жету үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықша жұмылып қимыл­даудың  стратегиясын жасап берді. Бұл мақсатқа жету үшін  өте ауыр жолдардан өтуіміз керек екенін басып айтты. «Біз 2050-дің мақсатына қарай күрделі  жаһандық бәсекелестік жағдайында ілге­рілейміз. Алдағы онжылдықтарда біз қазірдің өзінде біліп отырған сын-қатерлер, жаһандық нарық пен әлемдік саясаттағы бол­жаусыз жағдайлар, жаңа дағдарыстар аз кездеспейді. XXI ғасырда «жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды» – деп қадап айтқан Елбасының сөзі үлкен қуанышпен  қатар пәрменді  жауапкершілікті де жүктері анық. Бұл Жолдауда қазақ ұғымына аза­маттық ұғым ретінде қарауға  бет бұру керек екені байқалады. Жалпы, «біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай  қайда болғымыз келеді?» – деген сауалдардың нақты жауабы осы.   
Жолдауда 1997 жылы жарияланған «Қа­зақстан – 2030» бағдарламасының негізгі қо­рытындылары шығарылды. Егемендіктің ар­қасында   ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып,  керегесі кең елге айналдық. Тұрақтылық пен келісім салтанат  құрған тәуелсіз Қазақ елінің бағындырмайтын қамалы, алмайтын асуы жоқ екені белгілі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі қоғамдық тұрақтылықты, ұлтаралық бірлік пен келі­сімді нығайтушы күш болумен бірге, татулықтың ерекше үлгісі мен рәмізіне айналып отыр. Елбасының сөзімен айтқанда «тыныштықтың арқасында қазіргідей  мақтанатын халге жеттік». «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп дана халқымыз бекер айтпаған.  Тек ауызбіршілік  пен ынтымақ жарасым тапқан елде ғана берекелі тірлік орнайды. Бұл тұрғыда Қазақстан тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саяса­тының арқасында ауызын айға білеген алпауыт елдерге Бейбітшілік пен Келісімнің салтанатты үлгісін  көрсетіп келеді.  Ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздігіміз бүгінде толыққанды  орнығып, қазіргі таңда қазақ елін бүкіл әлем таныды.  Қазақстанның бүгінгі бет-бейнесі, экономикасы мен халқының әл-ауқатының артуы елімізде жүргізіліп отырған саясаттың нақты нәти­жесі екендігі сөзсіз. 
Егемендік алғалы бері Елбасы көпжақты  мемлекетаралық қарым-қатынастарға ай­рық­­ша мән беріп, саяси, әскери және сауда-экономикалық әріптестікті дамытуға әрі интеграциялық  бастамаларды  іске асыруға және  ең бастысы, жаһандық және ай­мақтық қауіпсіздіктің  тұрақтылығына кепіл болып отырған Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ),  Еуропадағы Қауіпсіздік және Ын­тымақтастық Ұйымы  (ЕҚЫҰ), Еуропа Ода­ғы (ЕО), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ),  Кеден Одағы (КО), Еура­зия­лық Экономикалық Қауымдастық (ЕурАзЭҚ) және Ислам Ынтымақтастық Ұйы­мы (ИЫҰ),  Ұжымдық Қауіпсіздік Шар­ты Ұйымы (ҰҚШҰ), Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) сынды  ірі халықаралық  ұйымдарымен өте тығыз байланыс орнатты. Мысалы, Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымына  (ЭЫДҰ) әлемнің 345 елі  мүше екенін айта келе Президентіміз: «Мен Қазақстанда ЭЫДҰ-ның бірқатар қағи­дат­тары мен стандарттарын енгізуді міндет етіп қойдым» деп атап өтті. Бүгінгі таңда Қазақстан жоғарыда аталған абыройлы халықаралық форумдардың толыққанды мүшесі ғана емес, өзінің ұтымды бастамаларымен олардың жұмысын жандандыруға да барынша атсалысып келеді және   олардың кейбіріне төрағалық жасап та үлгерді. «Қа­зақстан – 2030» Стратегиясы ұзақ мерзімді жоспарлаудың  ең сәтті шыққан үлгісі болды. Себебі, бұл жоспар Еліміздің стратегиялық саясатының өзегіне айналған Елбасының жыл сайын халыққа арнайтын Жолдауларының да іргетасы. Бүгінде мемлекеттің басқару жүйесі толықтай өзгеруде, басқарудың жаңа институттары өмірге келді. Мемлекеттік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам да өркен жайды. Саяси реформалар да сәтті өтіп,  билік бұтақтары да орнықты. Өмірге көп партиялы  Парламент келді. Бүгінгі  күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты, Қазақстан – 2050 Стратегиясының міндеттері орындалуда» – деп айта аламыз. Бұл – бірліктің, табандылықтың және қажырлы еңбектің нәтижесі.  
Еліміз қазір тұрақты даму жолына бағыт алды, ел экономикасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Ұлттығымыздың ұлы шаңырағы  Астананың қарыштап дамуы, өркендеуі Қазақстанның мәртебесін асқақтатып отыр. Елорда – ел өркендеуінің негізі, саяси тұрақтылықтың, экономикалық өрістеудің орталығына айналды. Осыған қоса, дүниежүзі дін басшыларының басын бірік­тіріп, татулықтың символына  айналған Дәстүрлі діндер съезі адамзаттың өзекті мә­селелерін   шешудегі діни конфессиялардың рөлін айқындап, халықтардың өзара үйле­сімді дамуына  септігін тигізуде. ЭКСПО – 2017 Халықаралық көрмесін өткізу мен ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастыру да –  ел алдындағы  жауапты іс, әрі  Астананың  мол мүмкіндігінің тағы бір көрінісі. Елорда­мыз – Астананың күн санап көркейіп, өсіп, сәулеттенуі –  бәріміздің мерейіміз.  Шы­нында да, еліміздің Астанадай асқақ жүрегі болмаса, дәл мұндай әлемдік маңызды міндеттер жүктелмеген болар еді. Бұл біздің еліміз Қазақстанға деген құрмет, Елба­сымыздың әлем алдындағы биік абырой-беделі. Осы тұрғыдан келгенде Елбасы Жолдауындағы негізгі бағыттар әрқайсымызға үлкен міндеттер жүктейді. Бұл 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтыған Жолдаудың әрбір бағытында айтылған тапсырмаларды орындау – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. 
Елбасы атап өткендей,  «біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз». Дегемен де, еліміз нарықтық экономикаға, азаматтық және құқықтық қоғамға бет бұрғанымен, тіпті, белгілі дәрежеде табысқа жетіп жатқанымызбен, әлемдік бәсекелестікке төтеп беру оңай шаруа емес. Осы тұрғыдан келгенде  ұлы мұрат пен елдік мүддені  көздеген маңызды Жолдаудың қазақстандықтарды алыс бола­шаққа бастайтыны ақиқат. Түгел қамтитын экономикалық прагматизм саясаты негізінде  бүгінгі таңдағы  көз­қарастар мен ұстанымдарды  түбегейлі өзгертуіміз керек.  Онда жаңа кадр саясаты, бюджет, салық, ақша-кредит саясаты Ұлттық Банк пен Үкімет жұмысының  ең өзектілері  болуға тиіс. Табиғи ресурс­тарды басқарудың  түбегейлі жаңа жобасын енгізу, шикізат тұтынудағы  технологияны өзгерту, Ұлттық қор арқылы үшінші  индустриалдық революцияның  нәтижесінде пайда болатын  секторларды ескере отырып, болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыру, энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамыту Стратегиясын жасау керек.  Отандық тауарлар бәсекеге қабілетті болуы тиіс.  Біз сонда ғана   болашаққа нық сеніммен қарай аламыз, біз жаңаша дами түспекпіз және бұл үшін,  ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылық бар, Қазақстанның жарқын болашағына қызмет ететін жастарымыз бар. 
Еліміз әлеуметтік-саяси жағынан кемел­деніп, экономикасы өсіп, жылдан-жылға қуаты артып келеді. Ол онымен шектеліп қалмауы керек.  Алдыда тұрған жақында орын­далуға тиіс міндеттердің басы ашық  көрсетілуі, Қазақстанның үдемелі даму екпінін жоғалтпауға сілтеуі бұл Жолдаудың салмағын  арттыра түседі. Осы орайда, 2013 жылы құрылған  «Жасыл көпір» халықаралық ұйымы, Алматының маңында құрылған  төрт серіктес қалада Green4 жобасын іске асыруды бастау ұсынысы, ел дамуының «жасыл» жолына көшуіне  Астанадағы ЭКСПО-2017 шындығында  үлкен серпіліс берері рас.   Жас мемлекетіміздің буыны бекіп, қабырғасы қатайып, өз алдына дербес, тұғырлы ел болуына қазақ халқының  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.  Еліміздің алдында жаңа өршіл мақсаттар тұр. Олардың ең бастысы – әлемдегі барынша дамыған мемлекеттердің қатарына кіру. 
Елімізде жастар арасында жаңа Қазақстандық  патриотизмді  қалыптастыру Жолдаудың басты тапсырмаларының бірі. Елбасы: «Әсіресе, жастарымызға  мы­­наны айтамын. Бұл Стратегия сіз­дерге арналған.  Оны жүзеге  асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұ­мыс орындарыңызда отырып, осы жұ­мысқа әрқайсыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлық танытпаңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жаса­ңыздар!»  деп жастарға ерекше тапсырма берді. Миллиондаған отандастарымызды бір-біріне байлап тұрған, бөлінбес бір Отан, ұлтқа біріктіріп тұрған патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік.  Сол үшін ұлтымызды ұйыстырып, бірлігімізді сақтап тұрған патриотизм біз үшін өте маңызды, басты мәселе. Бірақ, патриотизм жасанды емес,  шынайы болғанда ғана  өз жемісін береді. Патриотизмнің объектісі, қайнар көзі – Отан. Ал, мұның мазмұны табиғаты, оның байлықтары, жері, тарихы, тілі, т.б. Сондықтан, біздегі патриотизмде  ұлттық мазмұн болуы шарт.  Бүгінгі күні патриотизм мәселесі жаһандану, интернационализация, мемлекетаралық, ай­мақтық және әлемдік  ықпалдастық жағдайында жаңаша мәнге ие болуда.  Шынайы патриотизмді интернационализм мен космополитизмге  қарсы қоюға болмайды.  Өз халқын басқа ұлттар мен этностарға  қарсы қоюға бағытталған патриотизм шынайы емес, ол асыра ұлтшылдыққа және шовинизмге ұласып кетуі оңай. Ал, ұлттық және ұлттық-мемлекеттік нигилизмге негізделген ин­тер­национализм мен космополитизм жал­пыадамзаттық мүдделер мен құн­дылықтарға қайшы келеді. «Өз Отанына салқын адам бүкіл адамзатқа  да опа бермейді» – деген кезінде орыстың ұлы ағартушысы  Н.Г.Чернышевский. Елдік мұрат  жолындағы ұлы ерлік  әр­қашан аталарымыздың бойынан та­былған.  Мысалы,  елімізде өмір сүріп жат­қан  өзге диаспоралар  Абылайхан, Бөген­бай, Қабанбайды, Ахмет, Әлихан, Мұстафаны Отанын қорғаған батырлар ретінде  тануы және өз қаһармандары ретінде қабылдаулары керек. Себебі, өзге диаспоралар өмір сүріп жатқан Отан үшін құрбан болғандар олардың да батырлары болып қабылдануы қалыпты жағдай. Сол себепті, Қазақстанды мекендеген барлық ұлттарды Елбасы ортақ бір мүддені жүзеге асырып, елдегі татулық пен ынтымақтастықты аялап сақтауға шақы­рады. 
Патриотизм халықтың табиғатына жа­қын, өмір сүру салтымен ұштасқанда ғана сіңімді әрі әсері мол болады. Бұл Отанның иесі қазақ деген халық кеше ғана пайда болған жоқ. Халқымыздың сан ғасырлардан бергі тарихы, қалыптасқан салт-санасы бар. Патриотизм сонымен үйлескенде ғана Қазақстан жетістікке жетеді. Жастар шындығында ескі жүйе қирап жатқан кезде саяси-әлеуметтік, эконо­микалық реформалар тұсында өскен жаңа ұрпақ. Ал, тәуелсіздіктің құрдастары ХХІ ғасырдағы мемлекетіміздің болашағын анық­тайтын ұрпақ. Ата-бабаларымыздың патриоттық даңқы ешқашан өлмейді. Біз тек қан арқылы беріліп келе жатқан патриоттық рухымызды қайта оятып, асқақтата алсақ болғаны. Шын мәнінде әлем патриотизмді бізден үйренуі керек деп ойлаймыз. Оған сандаған мысалдар келтіруге болады. Елбасының сөзі­мен айтқанда «Бабалардың ерлігі, аға буынның ерен істері және жас ұрпақ жасампаздығы арасындағы сабақтастық болса ғана біз Мәңгілік Ел боламыз». Жаңа қазақстандық патриотизмнің не­гі­­­зінде осы стратегиялық мақсат ұлт­тық идеяға ұласуы тиіс. Бұл идея жү­зінде қалып қоймай ақиқатқа да айналуы тиіс. Нағыз патриот болу үшін әр қазақстандық тіл мен тарихты терең білуі тиіс. Өйткені, бұл екі егіз ұғым халықты биікке алып ұшатын құстың қос қанаты секілді қасиетті дүниелер. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қа­зақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ ті­лінде білім алатындардың саны жыл өт­кен сайын көбейіп келеді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», – деп қадап айтуында үлкен көрегендік пен зор мағына бар. 
Биылғы жылы Елбасы Жолдауы кө­ңілге үлкен сенім ұялатқан болашағы айқын барлық буын өкілдерінің басын біріктіретін, ұрпақтар сабақтастығына үн­дейтін тарихи мәні зор құжат. «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәң­гілік Ел – жалпықазақстандық ұлт­тық идея, бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел бо­ла­шағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжі­рибесі», – деді Елбасы. Осы тұрғыда этрус­тықтар өркениеті туралы еске түсіруге болады. Б.з.д. І мыңжылдықта Орталық және Солтүстік Италияда олар римдіктерге дейін қала-мемлекеттері федерациясын құрып, сәулет өнерін дамытты. Этрустықтар рим цифрын жасады, латын әліпбиінің шығуына да осы этрустықтардың қосқан үлесі бар. Латын әліпбиінің Еуропаның басым бөлігі мен әлемнің көп елдерінде тарауына ықпал етті. Осы этрустықтардың ықпалымен әлем мәдениеті мен өркениетінің астанасына айналған Рим қаласы өмірге келді. Б.з.д. ІІ мыңжылдықтың орта шенінде Рим рес­публикасы Жерорта теңізіндегі ең мықты мемлекет болып, эллиндік әлемнің мәдени орталығына айналады. Нәтижесінде, Ежелгі Грециядағы эллиндік кезеңде Египетті Рим жұтып қойды. Сондықтан да, біздер мынау бәсекелестік заманында соған төтеп бере алатындай этрустықтар сияқты ұлттық салт-дәстүріміздің негізінде мәдениеті дамыған ұлы елге айналуымыз керек. «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәң­гілік Елдің іргетасын қаладық», – деген Президентіміздің оптимистік рухтағы сөздері бәрімізге үлкен серпін берді. Сон­дықтан да бұл Жолдаудағы Мәңгілік Ел болу идеясының орны мен рөлі ерекше. 
Мәңгілік Ел болу үшін оның іргетасы ұзақ уақыттан бері тыңғылықты қаланып, өлшенбес еңбек етілгендігін естен шығар­мауымыз керек. Осы тұста Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы мен 2013 жылы 3 қыркүйекте Астанадағы Назарбаев Университетінің қабырғасында өткізген «Қазақстан білім қоғамы жолында» тақырыбы бойынша өзінің интерактивті дәрісінде отандық білім беру мен ғылымның даму жолын тағы да бір саралап оның бас­ты бағыттарын белгілеп берген, қойылған талаптардың іске асуы да осы Жолдаудың аясында қаралуы тиіс. Елбасының: «Тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен де, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәу­ел­сіздігімізді көздің қарашығындай сақ­тай білуіміз керек. «Қазақстан – 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айны­майық, қадірлі халқым!» – деуі бекер емес. Елбасы білім қоғамына жетудің ең тиімді жолы еңбектену, ащы тердің өзіндік құны, әсіресе, бәсеке ғасырында өте жоғары екенін жастарға барынша мұқият түсіндірді. Жастайынан қызыл оттың алдында құрыш қайнатып шыныққан адамның сөзі құрғақ ақыл емес екені белгілі. 
Ұзақ мерзімге арналған көп нысаналы бұл құжат Үкіметтің осы уақытқа дейін сатылап іске асырып келе жатқан, сондай-ақ, болашақта іске асыратын қоғамның барлық салаларын қамтитын бағдарламаларына негіз болмақ. Мәңгілік Ел болудың жаңа межесін белгілеген бұл құжат келешегіміздің кемелдігіне көз жеткізгендей әрі түпкі төркіні де Қазақ елін дамыған үстіне дамыта түсу, қарапайым халықтың әл-ауқатын мейлінше арттырып, жаңа дамыған қоғам құру екені мәлім. 
Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогикалық университетінің сту­денттері мен ұстаздар қауымы Қа­зақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­­ұлы Назар­баевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты Қазақстан халқына Жолдауын аса зор ынта-ықыласпен, қо­­­ғамда терең өзгерістер әкелетін жақ­сы­лыққа толы хабар ретінде қарсы алды. Университеттің барлық институттары мен факультеттерінде, кафедралар мен басқармаларында, ғылыми-зерттеу орталықтарында, студенттер дә­рі­ханаларында Елбасы Жолдауы қызу талқыланып, онда көрсетілген талаптар мен міндеттерді жүзеге асырудың жолдары қарастырылуда. Жолдауда көр­сетілген іс-шараларды орындау үшін белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстары күннен-күнге қарқын алуда. Әсіресе, Президентіміздің білім беру мен ғылым саласына байланысты Жолдауда айт­қандарын терең талдап, Елбасының ұстаздар қауымы мен оқушы жастарға деген әкелік қамқорлығына шынайы ризашылықтарын білдіруде. 
Сөз соңында айтарымыз, Елбасымыздың Жолдауы – Қазақс­танның әлеуметтік-эко­номикалық, саяси және мәдени дамуының барлық қырларына терең талдау жасайтын аса маңызды тарихи құжат. Біздің бәріміз талай рет жүгінетін, шешуі қиын санқилы сұрақтардың айқын жауаптарын таба алатын, жарқын болашақтың сара жолын көрсетіп беретін маңызды құжат. 

 

Алдыңғы «
Келесі »