ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІН ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР НЕГІЗІНДЕ ҚАЛЫПТАСТЫРА АЛМАДЫҚ

  • 06.03.2014
  • 771 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мекемтас Мырзахметұлы, жазушы, филология ғылымдарының докторы, 
профессор

Отбасы тәрбиесі ғасырлар бойы өзінің қалыптасқан қалпымен қазақ тарихының өн бойында XIX ғасырға дейін Абай заманына қаймағы бұзылмай жетті. Қазақ болмысының, күнделікті тұрмысының өзегі ауыл – бір шалдың кіндігінен таралған балалардан тұратын. Бір ауылда үш-төрт баладан, оннан астам баладан аспайтын шағын ауыл өзінің атажұрты қыстауында, жазда жайлауында мал жайлататын. Отбасы тәрбиесі атасы мен әжесінің қолында бүкіл қазақ атаулы салт-сана, әдет-ғұрып ата дәстүрі қатаң түрде атадан балаға, әкеден немереге бұлжымай барлық ұлттық дәстүр сақталатын. Ауыл адамдары бір атаның баласы болу себепті, бүкіл мал дәулеті ортақ болғандықтан бір-біріне, малды бағып көбейту әрқайсысының азаматтық міндетіне жататын. Мұндай ауылда туыстық сезім, рулық намыс өте күшті болатындықтан жетім-жесір шетке шашылмайтын. Б.з.б. заманнан XIX ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ отбасы үй тәрбиесі бір қалыпта өзгермей сақталып келді. Бұл бүкіл қазақ атаулының ұлттық салт-санасы, әдет-ғұрпы, діні, ділі, тілі, дүние танымы көшпелі тұрмысқа бейімделген аса берік болып қалыптасты. Осы ерекшелік пен бетпе-бет келген Қытай барлаушылары қазақты күштеп бағындыруға болады, бірақ, оның ұстаған дәстүрлі қазақы әдет-ғұрпын, салт-санасын бұзып өзгерту – мүмкін емес деп қараған. Соғыс бола қалған жағдайда ұран салып бір сәтте қалың қарулы сарбаз қарсы тұра алған. Әр отбасында жауынгерлік заманда бір ұл бала болса, ұрпақтың үзіліп қалмауы үшін қалдырып отырған. Бірнеше отбасы бір ауылды құраған. Ауыл қазақ халқының өзегі (ядросы) ретінде саналған. Ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып осы ауыл тұрмысында ата дәстүрі ретінде отбасын жатқызып тұрғызатын рухани күшке айналған. 


Сыртқы күштер, әсіресе, Орыс және Қытай империясы бұл құбылысты көрді, танып білді. Қазақ жерін жаулап алғанда бұл халық дәстүріндегі рухани салт сананы, ұлттық дәстүрді жойып құртпайынша, халықты мәңгілік бодандықта ұстау мүмкін еместігін, қиындыққа соғатынын білді.
Отбасы тәрбиесі, әрине, қоғамның саяси-әлеуметтік болмысымен тікелей байланыста тұратын күрделі құбылыс болуы себепті, онда болып жатқан өзгерістің ықпалы тимей тұра алмайды. Осы құбылысты өмір ағысынан анық сезінген дарынды ақын С. Торайғыров
Бұқар түсі қазақтың бүлінгені,
Күнбатыстан суық жау көрінгені…
Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны, –  деген ой толғанысында осы жағымсыз жағдайдың ықпалымен қазақ отбасында өзгерістердің орын алу себептерінде көре алмақпыз. Қазақ ақын-жыраулары шығыстан ызғырық болып соққан Қытай қаупі  мен батыстан боран болып соққан Ресей империясының елді отарлап мәңгі бодандыққа салу мақсатын ерте сезінді. Сезінді де келер ұрпаққа жау ниеттің қайдан келерін ескертті. 
Бұхар жырау заманы Ресей мен Қытай империясы қолдап, «жабайыларды жабайылардың қолымен қырып», олар жайлаған жерді босату мақсатымен оларға қалмақты айдап салып, зеңбірекпен қаруландырып қазақтардың үштен екісін қырып салды. Ақыры қалмақтардың өзі де қырылып елінен, жерінен, мемлекетінен айырылды. Екі империя ұйымдастырған бұл соғыс шын мәніндегі қазақ пен ноғайды жер бетінен сыпырып жоюды мақсат еткен ашық геносидтік саясат болып шықты. Қазақтың орта жүзі мен кіші жүзі бодандық бұғауына түсті. Хандық құрылысты жойып Ресей билігіне қолайлы сұлтан-правитель, аға сұлтан билігін орнықтырды. Яғни,  «ұзын арқау, кең тұсау» саясатын ұстанды. Ұлы жүзді жаулап алған соң, қазақ жерін тұтас иеленген Ресей енді «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» саясатын ұстану үшін территориялық принципке негізделген ел билеудің болыстық жүйесін 1867 жылы ендірді. Қазақ елін билеу деңгейі ауыл шеңберінде ғана қалды. Міне, болыстық ел билеу жүйесі қазақтың өзегі болған ауыл үлкен өзгеріске ұшырады. Осы өзгерісті ерте сезінген С. Торайғыров «Абай тұсы қазақтың бұзылғаны» деп анықтама берді. Бұрын қазақ ауылдары бірімен бірі ағайын-туыс, бірін-бірі қорғау жау тиіссе бәрі бірге шабуылға шықты. Бұлардың арасында таптық талас тартыс түбірімен болған емес. Ал, енді болыстық билік осы қандас бірлікті, ағайындас ынтымақты елді, яғни, ауылмен ауылды болыстық билікке таластырып, ауыл басы партиягершілік таласқа түсіп, қазақтың мінез құлқы бұзылу себепті, бұл таласқа әр отбасының тікелей араласуынан кейін, қалыптасқан отбасылық салт-сана, әдет-ғұрып дәстүріне жік түсті. Бір ауызды сүттей   ұйып отырған отбасының өз ішіне алауыздық түсті. Партиягершілік талас тартыстың өзі ағайынды туыстың арасын ажыратып  алауызды мінез құлық орныға бастады. 
Отаршыл үкімет енді елдің рухани әлеміне қол сала бастауы – Ресей империясының шоқындыру, орыстандыру сияқты ашық түрде жүргізе бастаған мемлекеттік деңгей­дегі миссионерлік саясатынан анық көріне бастады. Миссионерлік саясат біздің елді­гімізге, жерімізге, дініміз бен ұлттық дәстүрімізге құрылған тұзақ болатын. С. Торайғыровтың:
Елдігіне, жеріне, һәм дініне,
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан, – деуі отаршылдық саясаттың жауыздық ниетпен жүргізіліп отырған айла-тәсілдерін көріп, танысып, білген соң осындай қоры­тынды сөзін айтуға мәжбүр болған. Миссионерлік саясаттың басты мақсаты – қазақ елінің тарихи жадын жою, дінінен тайдырып басқа дінге шоқындыру, тілін бүлдіру, дүниетанымын өзгерту арқылы мәңгүрттенген тобырға айналдыру арқылы мәңгілік рухани құлдықта ұстау ғана болатын. Мемлекеттің саяси айла-тәсілі осы жолға жұмсалып келді. Тастай болып қалыптасқан қазақ отбасындағы тәлім-тәрбие, яғни, кешегі отбасы тәрбиесі, ата-дәстүрі біртіндеп өзгеріске ұшырап ыдырауға бет алды…
Кеңестік билік қазақтарды күштеп отыршылды елге алып келді. Ата-бабаның отбасылық тәрбиесі, әсіресе, қазақтың өзегі (ядросы) болған ауылдық негізі біртін­деп өзгеріске түсіп, колхоздастыру, совхозға айналдыру арқылы бұзылып, бастағы табиғи қалпынан ауытқыды. Отбасы болмысы қаншалықты өзгеріске ұшыраса да, ата-баба қалыптастырған халықтық салт-сана, әдет-ғұрып жаны сірілік көрсетіп, әліде болса табиғи болмысы сақ­талып келеді. Мысалы, үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, ағайын-туыс­қа қайырымдылық жасау, сырттай некені ұстану, құда түсу, қыз ұзату әсіресе, қаншама өзгеріске түсіп сілікпесі шықса да жеті атасын білу, руын ұмытпау т.б. бүгінгі отбасылық өмірде өзіндік орын алып отырғанын ешкім де терістей алмаса керек. 
Ру – қазақтың феномені. Бірақ, рулық ұғымның саясат сілікпесін шығарып, оны жек көрінішті ете бастады. Кеңестік билік те руды теріс жағынан қарап өз пайдасына пайдаланғаны бар. Қазақ арасында ру намысы бар кезінде ел ішінде бүгінгідей жетім-жесірді қаңғырту, қыз баладан теріс қылық шықпайтын, кедей-кепшігіне ағайындары жабыла көмектесіп қатарға қосып отыратын. Мәселе рушылдықты бұрынғы қалпына келтіруде жатыр. Оның бетін оң қаратып пайдалану керек. Отбасы тәрбиесіне де рулық тәрбие қажет. Өйткені, ру тарихи қажеттіліктен туындаған бірегей құбылыс. Білместікпен бұнымен алысқанша оның өзіндік ықпалын пайдалану қажет. 
XIX ғасырдың бірінші жартысына дейін қазақ отбасы болмысын өзіндік қалпын сақтап келді де ел билеу жүйесі болыс­тық биліктің енуімен «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» саясаты отбасы болмысының табиғаты бұзылуына алып келді. Ал, бүгінгі тәуелсіз заманымызда отбасы жағдайы кешегі отбасы ұшыраған ауыр жағдайдан кері кетпесе алға жылжыған жоқ. Өйткені, отбасы бұзыла түсуіне жан-жақтан қаптай жауып келіп жатқан әр түрлі жау ниетті рухани шабуылдар толастар емес. Осымен күресіп бетін қайтарар біздің ұлттық идеологиямыз әлсіздік танытып, тіпті, оның кейбір өкілдері доллардың құлақкесті құлына айналып кеткеніне жұртымыз құлақдар. Сыртқы күштер жүргізіп келген саяси идеологиялық іс-әрекеттердің негізінде қазақ халқы әрқилы рухани жағынан жіктеліске түсіп тілі, діні, жазуы жағынан іштей үшке бөлініп кеткені жасырын емес, шындық. Мысылы, орыстандыру саясатының әсерінен қазақтар ада-қазақ, шала-қазақ, таза-қазақ атанып ыдырағанын ешкімде терістей алмас.  Ал, діні жағынан да жіктеліп, ыдырау үстінде. Діндегі ата-дәстүрін ұстап келе жатқан қазақтарды ислам дінін жамылған жат ағымдар вахабистер, кришнаидтар т.б. іштей рухани жағынан бөлшектеп ыдырату әрекеті дін туралы алынған заңға қарамай астыртын қызу әрекетте. Діни насихаттарын айтып, астыртын тарату жолынан қайтар емес. 
Халқымыз күнделікті тұрмысында пайдаланып отырған жазу таңбасынан да үшке бөлініп, бірін-бірі оқи алмай, рухани тұтастығы бұзылу үстінде. Мысалы, біздер орыс жазу таңбасында болсақ, қытай қазақтары араб жазу таңбасында, ал, шетелдік қазақ латын жазу таңбасын пайдаланып, бірін-бірі оқи алмай рухани тұтастығы бұзылуда. Міне, бүгінгі қазақ отбасының күні де осы құбылысқа ұрынып, бір отбасы мүшелері бір-бірімен өз ана тілінде сөйлесе алмай сағы сынып іштей сынуда. Тәуелсіздік замандағы бүгінгі әрбір отбасының ішкі рухани әлемі тұтасып шоғырлана түсудің орнына ыдырауға бет алған қалыпта. Мысалы, отбасында ажырау үдеп барады. Осыдан тірі жетімдер саны да артуда. Қыз бен ұл отбасы ырқынан шығып батыстың мінез құлқының азғындаған алдамшы жарқылдақ мәдениетіне еліктеу жағы басым түсіп барады. Мұның үстіне идеологиялық құралдың теңдесі жоқ түрі теледидар мен интернеттің жағымсыз әсері де отбасына  әсер етуде. Дәл мұндай аласапыран заманда ертеңгі отбасы туралы болжам айту қиындап барады. Әр отбасы – мемлекеттің жанды клеткасы. Ондай мемлекет мықты, қуатты мемлекет болу үшін оның клеткасы, яғни, отбасыда қуатты, өміршең болуыда шарт. Мұндай қуатты, жан-жақты жетілген келешек отбасы деңгейіне жету үшін қазақ тағыда өзінің дана ұлы ойшыл Абайдың:
Әділетпен ақылға, 
Сынатып, көргенін, білгенін.
Білгізер алыс жақынға,
Солардың сөйле дегенін, – дейтін өсиетіне құлақ түріп жетінші қара сөзінде аса терең философиялық таным тұрғысынан айтылған: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жан болмай, хайуан жаны болады. Әзерде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» деген даналық сөзін ойға қондырып ғылыми таным жағына назар аударайық. 
Европа қоғамы дүниенің көрінген сырына жете көңіл аударып, бізді қоршаған әлемнің көзге көрініп тұрған сырын танып білуге шешуші мін бере қарады. Ғылыми зерттеу нәтижесінде бүгінгі қоғамның материалдық игілігін ғылымды пайдалану арқылы жетер биігіне жеткізді. Адамзат баласының тұтуына қажетті зат атаулының бар түрін өндіріп, байыған үстіне байи берді. Ғылымның бар қуатын осы жолға бұру арқылы осы өркениетке жетті. Бірақ, біржақты сынар аяқ болып жетті. Себебі, олар ғылымның жетістігін имансыздық жолға салып адамзат баласын қынадай қыратын қару-жарақ жасау жолына бағыттап жіберді. 
Олар дүниенің көрінбеген сырын,  яғни, адамзат баласының рухани әлемінің сырын ашып, танып білуден саналы түрде бас тартып атеистік, матералистік танымды ұстанды. Түп иені терістеуі себепті ана дүние жоқ. Неде болса осы дүниенің қызығын көріп, рахатына батып қалудың жолы – қарын қамы үшін байлыққа құнығу, қанағатсыз дүниеқоңыздық мақсатқа, индивидуализмге ұрынды. Бұлардың басты арман-мақсаты не екенін ақын Мағжан Жұмабаев XX ғасырдың басындағы(Пайғамбар) деген өлеңінде:
Европаны қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда 
            лақпаған.
Білген емес иман деген не нәрсе
Қарын деген сөзді деген бастаған, – деп көрегенділікпен таңбалаған болатын. Европалықтардың отбасы тәрбиесі де индивидуалистік идеалдың болмысына орай қалыптасып, жеке бастың мүддесі алға шықты да біз білетін ағайын-туыс деген сезімдерден алыстап кетті. Ал, Абай өзінің өмір жолында дүниенің көрінбеген жұмбағының сырын ашуға, адамның рухани әлемін танып білуге ұмтылуы арқылы түп иені танып білу жолында жантану ілімінің негізіне сүйенді. Адамды рухани жағынан тазарту жолында толық адам ілімінің негізін қалады. Бас шәкірті Шәкәрім «ар ғылымы оқылса» деп Абай дәстүрін дамыта жалғастыру жолында дүниенің көрінбеген сырын танып білу үшін ұзақ жылдар бойы ізденуден кейін өзінің «Үш анық» деп аталатын еңбегін жазып қалдырды. Бірақ, заман қырынан келіп кеңестік билікте европалықтар ұстанған затшылдық жолымен кетті. Қазақ отбасы тәрбиесі де осыған илануы себепті рухани дағдарысқа ұрынудың ықпалынан шыға алмады. Бүгінгі қазақ отбасы ғасырлар бойы қалыптасқан ата-баба отбасы тәрбиесінің салт-сана, әдет-ғұрып дәстүрімен байланыса жебеп тұрса да, мақтарлық күйде емес. Мемлекет Абай айтқан дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын танып білуге ұмтылып екеуін үйлестіре саясат жүргізсе, бүгінгі отбасы тәрбиесін ұлттық дәстүр негізінде қалыптастыра алмақ. Ал, европалықтар сияқты дүниенің көрінген сырына басымдық беріп, рухани саланы танып білуге жатырқай қараса, отбасы тәрбиесі «көн қатса қалыбына» деген күйге түсуі анық. 
Осы салада ойланарлық бір мәселе бар. Ол – педагогика ғылымының бүгінгі жағдайы алдағы тағдыры жайлы мәселе. Себебі қазіргі педагогика ғылымы атеис­тік материалистік танымды ұстанған дүниенің көрінбеген сырынан хабарсыз, бүгінгі мінез-құлық жағынан барынша азғындап бара жатқан елдің болмысынан туындаған ғылым. Осыдан болса керек жоғарғы оқу орындарында оқылатын, отбасының оңалуына әсері жоқ «өлі ғылымға» айналып бара жатқан сияқты күйді бастан кешіруде. Бәрібір бұл салада ең көп ғылым доктарлары мен кандидаттары, магистрлер мен докторанттар саны қоғамдық ғылымдар саласынан мол болса да, соны бағыты, жаңалығы жоқ (наука образный) ғылымға айналып бара жатқаны саналы жанға байқалып-ақ тұр. Осы себепті бұл ғылымның рельсі өзгеруі керек. Өзгергенде оның рельсі ұлттық шығыстық рельске түспегі керек. Мұның себебі, Абайдың отыз сегізінші сөзінде «Малменен ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ, ол өнер ғадаләттән шықпасын, шарғыға(шариғатқа) муафих(үйлес) болсын» деген ойының төркіні қоғамдық ғылым оның түрлі саласы өнер, ғылым дүниенің көрінбеген сырын танып білетін танымның әділеттен шариғаттан шықпай оған үйлесімді болсын деген талабында көп мән мағына жатыр. Педагогиканың ұлттық, шығыстық рельске түсуі ғана осы талапқа сай келеді.

 

Алдыңғы «
Келесі »