Бедел – ұлттық және отбасы тәрбиесінің өзегі

  • 06.03.2014
  • 877 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әбдірашит Бәкірұлы, саясаттанушы

Қазақ халқы тәуелсiздiк алумен бiрге ұлттық тәрбиеде ұлттық және әлемдiк педагогика жетiстiктерiн ұштастыра қолдану мүмкiндiгiне ие болды (Ұлттық тәрбие бұрын да болды, бiрақ, өзге идеологиялық сарында). Сондықтан, ұлттық педагогика жүйесiне классикалық педагогикада сынақтан өткен, бүкiладамзаттық құны бар қағидалар мен ережелердi сыналап енгiзу – қазіргі заманның басты мiндеттерінің бірі саналады. Өйткені, біз замана көшімен ілесіп, ұлт ретінде де өзгеру үстіндеміз. Мұны мойындамау – қателік болар еді. Міне, сол қатарда тұрған мәселелердің бірі − «бедел» мәселесi. Бұл ұрпақ тәрбиесінде маңызды орын алады. Классикалық педагогика оны қоғам дамуының барлық уақытында қарастырып отырған. Әрине, заман өзгерген сайын құндылықтар басымдылықтары (приоритет) да өзгерiп отырады. Бiрақ, қай заман келмесiн, бала психологиясы және онымен ата-ана қатынасы түбегейлi өзгерiстерге ұшырамайды. Әрине, технологияның дамуына байланысты ұрпақ арасындағы қатынаста жаңа мүмкiншiлiктер пайда болды. Бірақ, бұлар сыртқы форма ретiнде қабылдануы тиіс. Ал, тәрбиенің ішкі өзегi мәңгілік мағынасын жоймайтын, өзгермейтiн ережелер ретінде қала бермек. «Ата-ана беделi» де осы теориялық маңызды сұрақтар қатарында қала беретіні сол себептен. «Беделдің», әсіресе, қазақ ділі мен тәрбие діңгегі ретіндегі маңызы өте зор. Себебі, біздің халық қашанда үлкенді сыйлаған, ақсақалды аталары мен әжелерін алақанға салып аялай білген халық. Бірақ, урбанизация біздің осы ұлттық қасиетіміздің іргесін шайқалта бастаған сыңайлы. Бұл, сөз жоқ, қоғамда алаңдатушылық туғызады. Әрине, күнделікті өмірде көп ата-ана өз беделі туралы ойлана бермейді. Себебі, баланың ата-анасына ұмтылуы алдымен табиғи инстинктер бойынша қалыптасады. Бірақ, соған қарамастан, әрбір ата-ана өзін осы мәселеде теориялық тұрғыдан дайындаса – ұрпақ тәрбиесі одан да зор жемісті боларына еш күмән болмас еді. Бізде осы олқылықтың орны толмай, үңірейіп тұр десек – артық айтқанымыз емес.

 
Тәрбиеде ата-ана беделi маңызды рөл атқарады: беделi болмаса балалар әке-шешенi сыйламайды (Жалпы «бедел қалай қалыптасады? Неден туындайды?» деген сұрақты бала тәрбиелеп отырған әрбiр ата-ана өздерiне үнемi қойып отыруы керек). Балаларын тыңдата алмайтын кейбiр ата-ана: «Беделдi болу талантқа байланысты. Ондай талантты құдай бермеген соң, амал нешiк?» – деп шарасыздық танытып, айналасындағы жарасымды отбасыларына қызғанышпен қараумен шектеледi. Бiрақ, олар қатты қателеседi! Өйткенi, бала алдында беделдi болуға әрбiр ата-ананың мүмкiншiлiгi бар. Және де ол тiптен қиын да шаруа емес. 
Өмiр – әр алуан, түрлi-түстi. Онда, адамдар арасында – соның iшiнде ата-ана мен балалары арасында да – жал­ған беделге құрылған қатынастар жиi кездеседi. Мысалы, кейбiр ата-анаға баланың сөзсiз бағынуы – бұлжымайтын қағида саналады. Мұндай отбасыда иерархиялық сатыдағы бағыныштылық тәрбие мақсатына айналған. Баланың болашағы тұрғысынан ойласақ – бұл зор қателiк. Өйткенi, бедел де, тiл алғыштық та (бағыну) өздiгiнен тәрбие мақсаты бола алмайды.  Тәрбие мақсаты – дұрыс тәрбие беру! Ата-ана тек осы мақсатқа ұмтылуы тиiс. Ал, өмiрде мұндай мақсат қоя алмаған ата-ана, керiсiнше, жоғарыда айтқанымыздай, жасанды беделге бой ұрып, балалардың еркiндiгiн мейлiнше шектеуге тырысады. Себебi, бұндай отбасында бала әкенiң не шешенiң кез-келген бұйрығын «қалт жiбермей» мүлтiксiз орындап отырса ғана, үлкендер бiрден-бiр дұрыс тәрбие берiп жатырмыз деп ойлайды. Бұдан, тәрбие мақсаты шексiз бағынуға құрылғанын аңғару қиын емес. Бiрақ, бұл «жарасымдылық» көпке созылмайды. Жасанды бедел бала өскен сайын жойыла бередi.  Ақыр соңында одан жұрнақ та қалмайды. Баланың жан-дүниесi әйтеуiр бiр уақытта «көтерiлiс» жасайды, сөйтiп, ол «терроршыл» ата-анасын сыйлауды доғарады. Бiрақ, ең зияндысы – осындай тәрбие негiзiнде өмiрге бейiмсiз, ынжық, жасық, не дөрекi, тоңмойын адамның тәрбиеленiп шығатындығы. Мiнеки, осылай, ата-ананың педагогикалық шектеулiгi – оларды өздерi күтпеген терiс нәтижеге әкеледi. Мұндай жалған беделдердiң түрлерi көп. Оларға арнайы тоқталуды жөн көрiп отырмыз: 
Бағындыру беделi.  Бұл – аса зиянды демесек те, зардабы мол бедел. Оған көбiне ата-ананың бiреуi бейiм келедi. Егер, әкенiң (шешенiң) үйде ашуы қатты болса, болар-болмасқа айбат шегiп, әр қылығы үшiн балаларды жазалауға бейiм тұрса, қабағы қарс жабылып, бала сұрақтарына дүрсiлдеп жауап берсе – онда мұндай жағдайда бағындыру беделi қалыптасады деп нақты айта аламыз. Әке (шеше) терроры тек балаға ғана емес, бүкiл отбасына әсер етедi. Бұл отбасыда екiншi жақтың беделi жоққа тән, ол – қызметшi ғана. Ендеше, мұндай жағдайда толыққанды тәрбие туралы айтудың өзi артық. Балалар деспот әкеден (шешеден) аулақ болуға тырысады, жазаға ұшырай бермеу үшiн өтiрiкке де үйрене бастайды. Оның психикасына шамадан тыс салмақ түсетiн болғандықтан, бала мiнезiнде қорқақтық пайда болады. Бала өсе келе, қорқақтық қаталдыққа ұласады. Зорлық-зомбылыққа бейiм адамдардың табиғатында қорқақтық жататыны да сондықтан. Немесе осындай «бедел» бар жерде ержеткен бала аузынан сөзi түскендей жасық, болмаса, бақытсыз балалық шақтың өтеуiндей – тоңмойын адам болып та қалыптасуы мүмкiн (Бұл беделдiң орнауы, көбiне, өре, iшкi мәдениет шектеулi ортада орын алатындығын атап өту керек). 
«Алыстан сыйласу» беделi.  Кейбiр ата-аналар балаларымызбен қарым-қатынасты неғұрлым шектесек, соғұрлым сыйлы боламыз деп ойлайды. Олар көсем сияқты жөн сiлтеп отырғанды жөн санайды.  Бұндай беделге «зиялы қауым» деп аталатын, оқу-тоқуы мол интеллигенция ұмтылады. Ондай отбасыда әкенiң жеке өз кабинетi бар. Ол кабинетiнен сирек шығатын болғандықтан, тамақтануы, уақыт өткiзуi және басқа жұмыстары бала назарынан тыс өтiп жатады. Сөйтiп, ол бала тәрбиесiне белсендi араласпайды. Ондайда үй шаруасы шешенiң мойнында болады. Кейде баланың шешелерi де осындай әдiске жүгiнедi. Онда бала тәрбиесi мiндетi әжелерге, не тәрбиешiлерге аударылады. Бұндай тәрбиеде ұйымшыл, бiр-бiрiне жанашыр, тiреу болатындай отбасының негiзiн қалау мүмкiн емес. Бала тәрбиенi негiзiнен сырттан (көшеден) алғандықтан, уақыт өте келе, ата-ана да өз баласын түсiнуден қалады. 
Тәкаппарлық беделi.  Бұл – «алыстан сыйласу» беделiне жақын, бiрақ, оған қарағанда қауiптiрек. Өмiрде әркiмнiң де қандай да бiр жетiстiгi болады. Бiрақ, кейбiр адамдар өз жетiстiктерiн, оның үлкен-кiшiсiне қарамай, өте маңызды, кере­мет деп санайды. Және де, сол «жетiстiгiн» сырт көзге көрсетуге құмар. Ретi келсiн-келмесiн паңданып, өздерiнше маңызды бола қалады. Әрине, бұл бала назарынан тыс қалмақ емес. Әке-шешесiнiң мақтанышқа толы сөздерiн күнде естiп, паң мiнезiн көрiп өскен бала да мақтануға, паңдана менменсуге ерте үйренедi. Бұл сырттан қарағанда күлкiлi жағдай сияқты болғанымен, бала болашағы үшiн өте зиянды құбылыс. Ондай отбасындағы балалар әке-шешесiнiң қызметiн, үйдегi байлығын айтып мақтануын алғашқы орынға шығарады. Барлық адамгершiлiк қасиеттер солардың көлеңкесiнде қала бередi. Нәтижесiнде, кеуденi керiп бара жатқан iшкi мақтаныш сезiмi мен атына заты сай емес паңдану, менмендiк – бала санасын тұмандандырып, ақылын орап алуы мүмкiн. Ол «менiң әкем осындай да осындай» деп мақтанумен өседi. Кейiн, бала ер жеткенде, оған қандай да бiр ортаға сиысу қиынға соғары анық. Және де, паңданған әке мұрын астындағыны да көрмейдi. Баласының қандай адам болып өсiп келе жатқанына назар аудармайды. Бiр қызығы, бұл «ауруды» баланың шешесi де оңай жұқтырады екен. Сөйтiп, жылтырақ дүниелерге (лауазым, киiм, машина, қымбат ресторандар т.с.с.) қызығу – тәрбие өзегiне айналып кетедi. Бұл – дүниеқоңыздық пен бақталастықтың,  тоғышарлықтың бастауы болатын зиянды нәрсе. 
Педанттiлiк (әрiпшiлдiк) беделi. Бұл жағдайда – ата-ана бала тәрбиесiне жеткiлiктi назар аударады. Бiрақ, олар оған бюрократ шенеунiктер сияқты қарайды. Олар өздерiнiң  сөздерiн балалары ерекше ықыласпен тыңдайтынына сенiмдi. Сондықтан, балаларға бастық сияқты бұйыра сөйлейдi және әр сөзiн заңға парапар санайды. Олардың қорқатыны – баланың үлкендер қателесiп отыр деп ойлап қалмауы. Қалай да үлкендердiң «ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс» болып шығуы тиiс. Мұндай жағдайда бала нақақтан нақақ жазаланып, артынан кiнәсiз болып шыққанның өзiнде, үлкендер жағы өз қателiктерiн мойындамайды. Өйткенi, қалыптасқан тәртiп бойынша осылай болуы тиiстi. Ондай ортада баланың әрбiр қадамы қалыс қалдырылмайды. Қадағаланып отырады. Күн сайын жаңа тәртiп орнатылып, баланың жан дүниесi, сезiмi, арман-қиялы ешкiмдi толғандырмайды. Олар өздерiнiң бюрократиялық әдiсiнiң қалқасында жаңа адамның өсiп келе жатқанын көруге қабiлетсiз. Әрине, «бастық» болған соң көрмейдi де! Кiнәмшiл, кекшiл, өкпешiл, бұйығы, тұйық мiнездер осындай ортадан қалыптасып шығады. 
Ақылгөйлiк (резонерлiк) беделi. Бұл жағдайда ата-ана таусылмайтын  «өсиеттерiмен» баланың әр қадамына араласып, ақыл айтумен баланың зықысын шығарады. Баланы бiр ауыз сөзбен тыңдататын жерде, оны отырғызып қойып ұзын сонар ақыл айтуға көшедi. Олар үшiн бұл әдiс педагогиканың шыңы. Мұндай отбасындағы сәбилерде қуаныш пен күлкi аз. Ата-ана баланың алдында ақылды, мейiрiмдi көрiнуге тырысып жүрмiз деп ойлағанымен, ол мақсаттарына жетпейдi. Себебi, бұл жерде баланың жеке өмiрi, ойын әлемi, өзiндiк тану шеңберi назардан тыс қалып қойған. Балалар болса үлкендер сияқты терең толғанысқа бара бермейдi және оның оларға қажетi де жоқ. Ондай қасиет өсу барысында қалыптасады. Ал, әзiрше, олардың өз әлемi бар. Үлкендер сол әлемдi құрметтей алуы тиiс. Ақылгөйлер осы құрметтен ада. Оларға салсаң, бес жасар балаға «Абай жолын» оқытуға бар. Сондықтан, олардың еңбегi еш деуге болады. Нәтижесiнде, балалар олардың ақылын есте сақтамайды. Өсе келе ақпақұлақтар осындай беделдiң арқасында пайда болады.
  Сүйiспеншiлiк беделi. Бұл – беделдiң ең көп таралған түрi. Ол  табиғи нәрсе. Өйткенi, әрбiр ата-ананың ұрпағына деген сүйiспеншiлiгi қасиетi тiршiлiк иелерiнiң бәрiне ортақ, истинктi түрде қалыптасқан. Сондықтан, ата-ана ұрпағын шексiз сүйiспеншiлiкке бөлеген сайын, балалар тарапынан да сондай жауапқа, яғни, сый-құрметке ие боламыз деп санайды. Өмiрде осылай болып та жатады. Бiрақ, әруақытта олай емес. Әрине, ұл-қызыңнан сүйiспеншiлiк күту үшiн сен оған өз сүйiспеншiлiгiңдi дәлелдеуiң керек. Дегенмен, өмiр үнемi бiр жағымен туатын ай емес. Ендеше, шексiз махаббаттың да көлеңке тұсы бар. Мысалы, кейбiр ата-ана балалары тыңдамағанда: «сен папаңды (не мамаңды) жақсы көрмейсiң бе?» деген сұрақтың астына алады. Сол себептi, олар баланың көзiн бақылап отырады. Айналасына «олар бiздi өте жақсы көредi» деп айтудан жалықпайды. Ал, кiшкентай баланың әке-шешесiне ұмтылуы табиғаттың заңы. Оны саналы түрде қалыптасқан адамгершiлiк қатынас ретiнде көрсету – пайдасынан зияны көп нәрсе. Сүйiспеншiлiк – жауапты сезiм. Сондықтан, ата-ана талап ететiндей сүйiспеншiлiкке баланың нәзiк психикасы шыдай алмайды. Ол сәл нәрсеге торсылдап өкпелей қалады. Осылайша айтқанын орындатады.  Мұндай отбасында тәрбиеге қатысты көп мәселелер назардан тыс қалады. Отбасы мүшелерiнде өзiне деген сүйiспеншiлiк басым болып, эгоизмнiң негiзi қаланады. Ойланар болсақ, әрине, бұндай мiнез қалыптасқан адамға өмiрде оңай болмайтыны анық: ол – өзгелердi сүйе алмайтын, өзгеге шамадан тыс талап қойғыш, өзiне салмақ түссе тайғанақ және т.с.с. қылықтарға толығымен ие болып тәрбиеленiп шығады екен. Бұл эгоизмнiң алғашқы таяғы ата-ананың өзiне бiрiншi тиетiн болады… 
Мейiрiмдiлiк беделi.  Бұл – нағыз тиянақсыз бедел. Мұндай жағдай ата-ана баланың тiлегiн қалтқысыз орындағанда ғана қалыптасады. Үлкендер балаға қарсы шығудан қорқады. Кез келген тiлек орындалады. Әйтеуiр, тыныштық болса болғаны…  Нәтижесiнде, бала үлкендердi сыйлауды тоқтатады. Үлкендер балаға тәуелдi, оған бағынышты болғандықтан, бала өзiнiң қандай да пiкiрiн әдiлдiк пен шындықтың шыңы санауға қалыптасады. Соның арқасында, ол өзге пiкiрлермен санасуды үйренбейдi. Мұндай «диктаторлар» өмiрде «менмен» келедi. Достары аз, топбасы (лидер) болуға ұмтылыс болғанымен, пiкiралмасуға бейiмi болмағандықтан ешқашан лидер бола алмайды.
Достық беделi. Кейбiр ата-ана балаларымен достастық қатынаста болуға ұмтылады. Әрине, баламен ондай қатынаста болу қажет те. Бiрақ, қаншама дос болғанымен, үлкеннiң аты үлкен, кiшi – кiшi болып қалуы керек. Өйткенi, олар әлi – тәрбиеленушiлер, ал, бiз – тәрбиешiлер болып қала беремiз. Ендеше, «терезесi тең достық» туралы әңгiме болуы мүмкiн емес, ал кейбiр жағдайда достыққа шек қоятын кез де болады. Олай болмаса, керiсiнше, бала өз ата-анасын «тәрбиелей» бастайды. Өзiмiз еститiн «бiздiң мамаша (папаша)» деген атаулар осының жемiсi. Нәтижесiнде, бала үлкендерге дөрекiлiк көрсетуге дейiн жетедi. Бұл жерде достық деген атымен жоқ. Себебi, достасу дегенiңiз екi жақтың өзара сыйластығын бiлдiрмей ме?! 
Саудаласу беделi. Беделдiң iшiндегi ең зияндысы. Үлкендер баланы тыңдату үшiн ашық саудаға барады. «Егер, менi тыңдасаң, мен саған ананы-мынаны алып беремiн» деп, баланың сезiмiн затқа (байлыққа) байлап қояды. Ал, зат (байлық) болмай қалған кезде, баланың ата-анасына деген ықыласы мен жылы сезiмi өзiнен-өзi жойылады. Әрине, мұны баланың жақсы оқығаны үшiн берiлген сыйлықпен шатастырмау керек. Ол сыйлық балаға еңбегi үшiн берiлген.  
   Мiне, бiз, беделдердiң түрлерiн атап өттiк. Бірақ, мұның ерекше ескеретін бір жағы бар: егер ата-ана осы бедел түрлерінің бір жағына басымдық берер болса, ол «жалған беделге» айналады. Ал, өмірде ата ана әрбір жағдайға байланысты осы беделдердің барлығын орын-орнымен ескеріп отыруы тиіс. Тек сонда ғана бала психологиясын бір ғана қалыптағы қысқашқа қысып тастаудан сақтанамыз. Сөйтіп, оның болашақта толыққанды адам болып қалыптасуына ықпал етеміз. Қазiргi қоғамда жеке адамның ролi арта түсуде. Аренаға үздiксiз жаңа идея туындатып отыратын азамат келбетi шықты. Сондықтан, ондай азаматты қалай тәрбиелеуде ұлттық және классикалық педагогика арасында байланысты және қазақи таным-ұғымдар мен оның философиясын педагогика жүйесiне кiрiктiру мәселесiн дер кезінде шешіп отыру міндет. Бұл мақала сол мақсатқа жасалған қадам.

Алдыңғы «
Келесі »