Түтінің түзу шықсыншы

  • 06.03.2014
  • 368 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Айман СЕЙІЛБЕКҚЫЗЫ, журналист

Ұлы болсын, қызы болсын, қай-қайсының да мына жалған дүниеде өмірлік серігін жолықтырып, отбасын құрып, ұрпақ сүюді армандамайтыны жоқ. Осындай асқақ арманға қолдары жеткенде бір-біріне жат, бір-бірімен мінездері сәйкес келмейтін (?), тіптен бөлек жандар болып шыға келетіндері бар. Сөйтіп, бұдан артық бір шаңырақ астында тұра алмайтындарын айтып, екі бөлек кетіп жатады. Ортадағы кінәсіз бала алғашында жүректі шымыр еткізер қимас, аянышты сезім сыйлағанымен, кейін ол да ана мен әкенің басын қосуға шарасыз болып қалады. Сот оларды заңды түрде ажыратып, баланың кіммен қалатынын анықтаған соң (көп жағдайда анасымен қалады), әке баланы көріп тұруға рұқсат алады. Алиментін төлейді. Ол осыған шүкір айтады да, «тұра алмас» отбасынан «босап» шығады. Сонда, әлгі бастарын қосқанға дейінгі «барлық қиындықта да, қуанышта да бірге боламыз» деген айнымастай серт жайына қалғаны ма дейсің. Жайына қалмағанда, бір-біріне өшіккен екеу ол кезде баяғы сертке мойын бұрып жатқысы келмейді де. 


Дерек көздеріне қарасақ, өткен 2013 жылы 43 мың отбасы ажырасқан екен. «Бұл еліміздегі әрбір үшінші некенің сәтсіз аяқталатынын білдіреді» дейді мамандар. Ал, 2012 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,4 пайызға артық екенін аңғартқан. Яғни, жыл өткен сайын ажырасу көбейіп келеді деген сөз. Мұны кейбірі «ұлт тағдырына төнген қауіп», енді тағы бірі «имансыздықтың кесірі» деп, дабыл қағып айтып жатқан жайы бар. Расында да, ойланарлық жағдай. 

Алғашында бір-біріне үйренсін
Егер, көпшілік мән беріп қараса, отбасының шайқалуы көп жағдайда бала дүниеге келгеннен кейін басталады. Десек те, отбасын құрғаннан соң бірнеше айдан кейін-ақ, айырылысып жататындар аз кездеспейді. Бұлардың сәтсіз отбасылық өміріне, көбінесе, туған-туыстың, бауырлардың, ата-ананың ықпалдары жеткілікті дәрежеде болады. Мұндайда, ең бастысы, «жаңадан шаңырақ көтерген екеуді өз беттеріне қоя берген дұрыс» дегенді айтар едік. Екеуі бір-біріне, мінездеріне, әдеттеріне үйреніп, толыққанды білісіп болмайынша оларға туған-туыстан бөлек, дос-жаранның да араласы артық болады дейміз. Тек уақыт қана бәрін орнына қоятынын ескерсек, сол бірнеше жылдың жүзі бір-бірін толық таныған жандардың енді қандай қиын-қыстау заманда да бірге бола алатынын алға тартады. Сол кезде ғана жарының мінезін жақсы танығын жолдасы туған-туыстың сөзіне де көп мән бере бермесі анық. Ал, дос-жаранның шынымен де дос болуды қалағандары іріктеліп, өздері алға суырылып шығатыны байқалады. Сондықтан, екі жасқа шын бақыт тілеген жан, біраз уақытқа дейін олардың өміріне араласпағанын нағыз ақыл деп білер едік. 

Таныс-білістің жеткіліксіздігі
Егер де, екеудің басы бір оттың басында сыйыспайтын болса, олар ешкіммен араласпай-ақ, өздерімен өздері отырып-ақ, бірі-бірімен шығыса алмайды. Бұл көп жағдайда олардың отбасын құрғанға дейінгі таныс-біліске аз уақыт жұмсағанының «жемісі» демеске амал жоқ. Тек үйленуді көздеген екеу, «барлық қиыншылықты бірге еңсереміз» деп сөз беріскенімен, өмір ағысы олар айтқандай, оңай көрінбейді. Өйткені, отбасындағы «мен бірінші боламын» дегенге іштей күрес, не болмаса жақсы таныс-білістің жеткіліксіздігінен жұптың бірінің спирттік ішімдіктерге жақындығы, сол сияқты жаман қасиеттері, жоқшылық, тапқан табыстың жеткіліксіздігі, не болмаса қызғаншақтық, мұның бәрі де отбасының құлдырауына әкеп соғады. Ал, мұндай қиын жағдайларға төтеп берер көп жағдайда, әйелдер қауымы, қайдам, азайып бара жатыр. Себебі, қазіргі қыздардың басым көпшілігі өз күндерін өздері көріп, ешкімге бағынышсыз өмір сүріп үйренгендер, көздері ашық, көкіректері ояу, мұндай қиын жағдайға төзуді азаптың азабы көреді. «Бір отбасын алып жүре алмайтын еркек – еркек пе еді, тәйірі» дегенге сүйенген олар ажырасуды ауызға көп алады. 

Көңілдің дұрыс бөлінбеуі
Тағы бір қиыншылық, бала туылғаннан соң басталады. Оған дейінгі жап-жақсы өмір бала дүниеге келгеннен кейін өзгеріп сала беретінін көптеген ер азаматтар қауымы жиі айтатынын естіп жүрміз. Мұны әйелінің тек баласының әуресімен болып, күйеуін естен шығаратынымен байланыстырады. Яғни, отағасы екінші орында қалып қояды деген сөз. Былай қарасаңыз, одан басқа қалай болуы мүмкін? Кішкентай сәбиді дүниеге әкелу де оңай емес, ал, оны жеткізу одан қиын. Жұмыстан шаршап келген жарының алдынан жүгіріп шығып, жалпақтап жүрген әйел жоқ, таңертеңгісін шығарып салып жатқан жоқ, ол кездің бәрінде де әйелі баласынан артылмай жатады, соның әуресімен жүр. Мұны түсінетін ер азамат та жоқ емес, бірақ, көпшілігі құп көре бермей, бұртыяды. Ал, шындығында бөтен емес, өзінің ұрпағының асты-үстіне түсіп жүргенін қалай ғана түсінбейді дейсің. Бұл жағдай да бір күні жайқалған ошақты шайпап өтері хақ. Онсыз да босанғаннан кейінгі кезеңдегі күйзеліс, абыржудан есеңгіреп жүрген әйел қит еткен қыңыр сөзді қалай елемей қойсын? Ұрыс та осындай жағдайды түсінбеушіліктен басталып, оның ақыры кәдімгідей отбасының күйреуіне әкеліп соғады. Осының орнына ер азамат әйелге деген ерекше көңілін бұрынғыдан да еселеп, ерлік көрсетсе ғой, шіркін, деп армандайсың. Сонда  бәрі де жап-жақсы өрілетініне сенім мол болар еді.

Кешірімшіл болайық
«Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп, біздің қазақ отбасындағы кез келген ұрыс-керіске үлкендер арқылы басу айтып, екеуді бітістіруге тырысқан. Бірақ, бүгінде «әйелге бір рет қол көтерген ер азамат ертеңгі күні тағы қол көтереді, сондықтан, оған сенім артудың керегі жоқ» деп, қол көтерген еркекке кешіріммен қарау қалып барады. Өйткені, ер азаматтың әйелге қол көтеруі оның әлсіздігі деген пікір қалыптасқан. Бұл жайында әйелдер мен ер азаматтарды табыстырып жүрген теледидар хабарларында да жиі айтылып жатады. Оны естіп-көріп жүрген ұрпақтың көкейінде осындай пікірдің пісіп-жетіліп жататыны хақ. Ажырасудың тағы бір себебі де, міне, осында жатқандай.
Мұндай себептерді тізбектей берсек, жетерліктей. Жаңа ғана үлкен өмірге қадам басқан екі жанның бақытына кері әсерін тигізер жайттарды айттық. Олардың жастығында, ақыл тоқтатқанында, қай уақытта бас қосқандарына қарамастан, тек, сыйластық, татулық, ең бастысы, кешірімшілдік болған жерде бақыт құсы қонатынына сенгің келеді. Өйткені, Жаратқан ием пендесінің күнәсін, жасаған кемшіліктерін кешіріп тұрғанда, бас игенге арланатындай біз кімбіз? 

 

Алдыңғы «
Келесі »