ТАРИХ ТАРАЗЫЛАНБАЙ ТАНЫМ ТҮЗЕЛМЕЙДІ

  • 06.03.2014
  • 355 рет оқылды
  • 3

Жарылқасын БоранбайЖарылқасын БОРАНБАЙ, 
«Алаш» ғылыми-зерттеу институтының қызметкері

«Біздің тарих, ол деген – 
қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы…»
                                                                                 Қадыр Мырза-әлі.

Батыстың  бір журналисі  Қытай Халық Республикасының ұзақ жылдар бойына премьер-министрі болған Чжоу-Эн-лайдан арнайы  сұхбат алып отырғанда: «Сіз 1848 жылғы Ұлы француз революциясы туралы қандай пікірдесіз?» – деп сұрағанда,ол ойланып жатпастан: «Қарағым, одан бері көп уақыт өткен жоқ қой.Сол се­беп­ті адамзат баласының тарихы да оған деген пікірін әлі қалыптастырып үлгірген жоқ. Кешірім өтінемін,ол туралы мен не айта алуым  мүмкін…» – деп жауап қайтарған екен. Ал, Үнді елінің ұлы перзенті, Жаухарлал Неру: «Тарихты тек басқыншылар жазады. Олар өзі құлдыққа түсірген қоғамды уысында ұстау үшін сондай әрекетке жиі барады» деп тұжырымдама жасайды. Қазақ тарихшысы Ә.Тәкенов те соны қуаттайтындай: «… Партиялық идеологтар тарих ғылымын қатаң ба­қы­лауға алды. Ал, өмір талабы идео­логияның ырқына көнбей жатты. 1941 жылдың қысында Алматыға бір топ эвакуацияланған орыс ғалымдарының келуі бұдан бұрын оқу-ағарту Халық Комиссариаты белгілеген Қазақстан тарихын жазу ісін тездетті. Бұл істің бас-аяғында комиссариаттың қызметкері, 1937 жылы Воронеж педагогтік институтын бітірген, жас тарихшы Ер­мұқан Бекмаханов жүрді. ҚК(б)П Орталық комитеті соғыс жағдайында тарих­тың патриоттық тәрбие берудегі орнын ескере келе қолдау жасап, академик Панкратова және Орталық ко­ми­теттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов «Қазақ ССР тарихының» редакторы болып бекіді. Оны жазуға Греков, Дружинин, Вяткин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье сияқты орыс ғалымдары атсалысты. Қазақстандықтардан Әуезов, Марғұлан, Покровский, Мұқанов, Мү­сірепов, Ис­майылов, Кенжебаев қатысты. Тез қар­қынмен жазылған қазақ тарихы ерте дүниеден сол кезге дейінгі уақытты қамтыған еліміздің тұңғыш тарихы еді. Оны оқырмандар да үлкен ықыласпен қабылдады. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы бұл кітапты Панкратовадан алып, пікір айтып, жанашырлық көрсеткен екен. Өз халқының тарихын оқу қай қазаққа да баға жетпес қуаныш емес пе?» – деп жазды.


Бір ескеретін жай, бұл – «егемен кеңес республикаларының» ішінде жеке республика тарихына арналған тұңғыш кітап екен. Бірақ, тап осы жай кейбіреулерге күдік туғызса керек. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы сараптан өтіп, мәселе түпкілікті шешілер кезде бұған сенімсіздікпен қараған КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі А.И.Яковлев болды. Бұл кісі кеңес тарихының негізін салушылар: КСРО тари­хының оқулығын жазған Панкратова, Тарих институтының директоры академик Греков, академик Дружинин, «Қазақ ССР тарихы очеркінің» авторы, қазақ тарихының маманы Вяткинге немесе бүкіл қазақ ғылымының қаймақтарына – Әуезов пен Марғұланға қарсы шығатындай қазақ тарихының маманы да емес. Әңгіме білуде емес, бұл сыншының саяси көзқарасында болып шығады. Оған кітаптың әр жеріндегі он шақты беті, дәлірек айтсақ авторлардың тұжырымдамасы ұнамайды. «Мемлекеттік теория» тұрғысынан келген Яковлев оның себебін: патшалық Ресей өзінің құрамына кірген (жаулап алынған) халықтар үшін прогресс пен мәдениет әкелді, сондықтан, оған қарсы күресу реакциялық сипат ретінде бағалануы тиіс, – деп түсіндірді. Әрине, орыс пат-шаларын дәріптеген сталиндік көзқарасқа бұл тезис сайма-сай келді. Оның КСРО тарихының оқулығы туралы: «Орыс мек­тептерінің барлық оқулықтары орыс­тың ұлттық оқулығы болуы тиіс. Бұл мазмұнға тағы да 100 халықтың мүддесін сыйғызуға болмайды»,– деген пікірі Яковлевтің республикалар тарихына қарсы позициясын нығайта түсті. 1944 жылы айтылған бұл пікір тек 1988 жылы белгілі болды (Письма Анны Михайловны Панкратовой – «Вопросы истории», 1988, № 11, 54-79-беттер). Біз пір тұтып жүрген Ахмет Байтұрсынов былай дейді:
«Биыл 22 апрельде әлемге аты шыққан, істеген ісі жер жүзіне жайылған, Рос­сия шаруаларының қолын теңдікке жеткізіп, асты-үстіне шығарып Октябрь төң­кері­сін жасаған Ленин жолдасымыз және бас­шы­мыздың дүниеге келгеніне 50 жыл толды.
Ленин Симбир губерниясының қара­шекпен затынан шыққан адам.
Лениннің тұтқан жолы жоғарыны тө­менге түсіріп, төменді жоғарыға шыға­рып теңгестіру. Зорлық қылғандардың зор­лы­ғын жоғалту, қорлық көргендерді қор­лықтан құтқару, адамзат баласының ара­­сын­дағы туыс жағынан болсын, түскен жік­терді жоғалтып, алыс-жақын дегенді қой­ғызып, бәрін бір адамның баласындай ету.
Сөйтіп білімі, өнері көп, көзі ашық Европа мен Америка жұмысшылары әлі күнге дейін құлдықтан құтыла алмай отырғанда білімі кем, өнері аз Россия жұмысшылары құлдықтан құтылмақ түгіл, мемлекет тізгі­нін қолына алып, іс жүргізіп, дәурен сүріп отыр.
Жер жүзіне өнеге боларлық іс етіп, ойдағы үмітті көзге көрсеткен Ленин жол­да­сымыздың өмірі ұзақ болсын.
Ахмет Байтұрсынов. «Ұшқын» газеті.1920 11 май, №22.

Енді, қазақ тарихының «Геродоты» атанып жүрген Е.Бекмаханов былайша ағынан жарылады:
ҚАЗАҚСТАН КП ОРТАЛЫҚ КОМИ­ТЕ­ТІНІҢ СЕКРЕТАРЫ Ж.ШАЯХ­МЕ­ТОВКЕ:
«Қиырдағы Сібірдің күртік қарын ке­шіп, өзімнің мерзімімді өтеп жатырмын. Мерзімімнің бітуіне әлі 23 жылдан астам уақыт қалып тұр. Қандай қиын ауыртпалықты кешпейін, қандайлық қатал жаза шекпейін, сонда да мен ақыр аяғына дейін өз Отанымның адал азаматы болып қаламын. Адамның барлық моральдық және рухани қасиеттеріне ұлы сыншы – Уақыт. Егер, ерте ме кеш пе, өз мамандығыма оралу мүмкіндігі туар болса, ақ ниетті адамдардың бұған көзі жетер.
Мен өзіңіздің көз алдыңызда өстім,менің өткенімді де, қазіргімді де жақсы білесіз.Мені қолдан жау етіп шығару кімге керек? Мен өзімнің қателіктерімді адал мойындадым және партияның әділ сынына іспен жауап бердім. «ХІХ ғасырда Қазақстанның Россияға қосылуы» атты монография (кө­лемі 30 баспа табақ) жазып шықтым.СССР Ғылым Академиясының ғалымдары Панкратова, Дружинин, Кучкин және басқа­лар оны мақұлдады. Монографияны Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік минис­трлігінің сарапшы комиссиясы арнайы қарап шығып, одан ешбір бұрмалау мен елеулі қате тапқан жоқ (комиссияның қортынды тұжырымы менің ісіме қоса тіркелген).
Қатал сынақ маған көп нәрсені үйретті.Ақылым толысты. Ендігі жерде менен тәп-тәуір тарихшы шығар еді-ау деп ойлаймын. Менің бостандық алуыма, сөй­тіп партия мен Отан алдындағы кінәмді іспен ақтауыма жәрдем етуіңізді тағы да өтінемін»
Е.БЕКМАХАНОВ. 4 октябрь, 1953 жыл. Адресім: Иркутск облысы, Бодайбо қа­­ласы. 
Бұған 30-ыншы жылдардағы М.Әуезов пен 70-інші жылдардағы «АзиЯ» кітабына байланысты Олжас Сүлейменовтің  «үкімет пен партия» алдында кешірім сұрауын  және «іспен» жауап беруге құлшынған  әре­ке­тін қосуға әбден болады. Расында да,  қазақ тарихшылары әлі күнге дейін «орыс» мәселесіне келгенде көбіне айналып өтуді дұрыс көреді. Мәселен, мынадай халықтың рухын көтеретін деректі оқулықтан таба  алмайсыз: «Тоқтамыс 1381 жылы Алтын Орданың ханы болып сайланады. Тоқтамыс хан мен Едігенің біріккен  ке­зінде Алтын Орда бәрін біріктірген көр­шілері үшін айбынды мемлекет болды.
 «1382 жылы Мәскеу князі Дмитрий Донскойды  тәубесіне келтіру үшін өзі бастап жорыққа аттанады.1382 жылы тамыздың 23-інде Кремльге ат басын тіреп: «Дмитрий осында ма?!» деп айғай салады. Қаланы жамсатып сап,қайтып кетеді. Дмитрий Донской қаланы өлік­тен тазарту үшін әрбір сексен өлікке 1 сом күміс ақша беріп көмдіреді». Осыны көрнекті орыс тарихшылары Соловьев пен Карамзин өз жазбаларында қазынадан төленген барлық күміс ақша 20 мыңдай болды деп тәптіштеп тұрып көрсетеді. Бұны біздің «кәсіпқой» бір де бір тарихшыларымыз жаза алмайды. Неге екенін өздері ғана біледі… Ең болмаса қазақ тарихшыларының көзіне түсіп жүрсін деп мына мәтінді жариялағанды жөн көрдік: «В то время Москва был третьим (после Новгорода и Пскова) городом Руси.Фактическая власть в городе перешла в руки пьяной толпы..В вот результат:сгоревщи город и 24 тысяч трупов» (Ш.К.Ахметшин. «Потомки татарской знати на русском престоле».ХVІ-первая четверть ХVІІ века.Санкт-Петербург.2008. 43-бет).
Алтын Орда мемлекетінің Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Құмкент әкімшілігіне қарасты «Жылыбұлақ» дейтін жерде жатқан Бабай  Түкті Шашты Әзіздің  үрім-бұтағы болып саналатын өзінің сүйегі де сол жерде жатқан қоңырат-маңғыт-маң­ғытай жұртына жататын Едігенің ық­палында болғанын да біздің тарихшылар назардан тыс қалдыра береді.Міне, оқып көрелік: «Темір-Құтлық 1400 жылы қайтыс болды. Бұдан соң Едіге мырза оның орнына інісі Шәдібекті, бұдан кейін оның ұлы Поладбекті, одан соң туысқаны Полад-Темірді хан сайлады.
Алтын Ордадағы хандардың жиі алмасуына орыстар мән бермейді, әрбір жаңа ханның ғұзырына келуді, салық төлеуді қояды. Бұған төзбеген Едіге оларға бір шара қолдану мақсатымен Мәскеуге шабуыл жасау жөнінде қарар қабылдайды. Сөйтіп, 1408 жылы Полад-Темірді хан сайлаған соң, әскерін алып Мәскеуге аттанады. Мәскеу князы Василий мұны естіп, әскер жиып, соғысқа дайындала бастайды. Сөйте тұра, бала-шағасын алып Мәскеуден Кострома қаласына қашып кетеді. Осы сәтті пайдаланған ұры-қарылар, Мәскеуді талауға салады. Едіге Переяславль, Ростов, Дмитриев, Серпухов, Кир қалаларын жаулап алады. Қарашаның отызыншы жұлдызында татар әскері Мәскеу түбіне жетеді. Едіге Коломна қаласын қыстап шығуды жоспарлайды және Мәскеуді ашықтыру жолымен бағындыруды көздейді. Алайда, біраз күннен соң Едіге Мәскеуліктерге салық алатынын білдіреді. Мәскеуліктер бұл ұсынысты қуана қабылдап, Едігеге үш мың сом ақша береді. Осыдан кейін Едіге бүкіл әскерін ертіп, 1409 жылы желтоқсанның 21- інде Ордаға қайтады. Мәскеу халқы Едігенің неге бұлай істегенін, одан қалайша оңай құтылғандарын түсіне алмайды. Мұның шын сыры былай еді. Осы кезде Сарайда әскер жоғын білген бір шаһзада Ордаға шабуыл жасағандықтан, хан Едігені кері шақыртқан еді. Едіге Ордаға қайтып келе жатып, Василийге хат жазып жібереді. Хаттың мазмұны мына төмендегідей: «Едігеден Василийге, шаһза­даларға және князьдарға сәлем! Ұлы хан қазіреттері мені әскеріммен саған жіберді. Өйткені, сен Тоқтамыс ханның балаларын өз жеріңде сақтап отырсың. Біздің саудагерлерімізге және басқа адамдарға Тоқтамыс тұқымы жәбір көрсетуде. Тіпті, орыстар бұрынғы әдеттерінше салықтарын да уақтылы төлемейтін болды. Құрмет көрсету дегенді ұмытты. Сен қарттардан сұрашы, бұрын осындай ма екен? Салықты уақытысында тапсыратын. Елшілері Ордада қонақ болатын. Ал, сен өзің бізбен қалай байланыс жасауды білмейсің. Темір хан дүниеден өтті. Сен оның жүзін де көрген жоқсың. Енді Поладтың хан тағына отырғанына үшінші жыл. Мұның да ғұзырына келейін деген ниетің жоқ. Федор Кошка бояр заманында ісің дұрыс сияқты еді. Сен ол кезде ханның назарында едің. Енді, төрелікке лайықсыз болып тұрсың. Қазынашы, әрі сенің досың Иван не айтса, соған сеніп жүрсің. Қарт  земскийлердің сөзін тыңдамайсың. Сенің бұл амалың еліңнің кедейленуіне себепкер болды. Егер, жақсы князь болып тұрғың келсе, қарт боярлардан: Илия Иванның ұлын, Петр Константин ұлын, Иван Никита ұлын және басқаларын шақырып алып, олардың ақылдарын тыңда. Содан соң көнеден қалған салықтарды Жәнібек хан тұсындағы сияқтандырып, әлгі боярлардың біреуінен жібер. Өзіңнің билігіңнен айырылып қалып жүрме! Хан қазіреттеріне «Халқымыз кедей. Салық жиюға мүмкін емес» деп жазған хаттарың өтірік. Біз қазір орыстарды көріп-білдік. Тиісті мағлұмат алдық. Әрбір отбасы соқа басына бір сомнан жиған. Ол неге жетер дейсің? Егер, христиандардың тұрмысы жақсарсын десең, салықты толық төле. Қожасынан қашқан құл сияқты болма! Есепте! Ойла!» Бұл хат 1408 жылдың ая­ғында, яғни, 1409 жылдың басында жазылған. Мұнан көріп отырғанымыздай, Қазақ хандығы құрылатын 1456 жылдан жарты ғасыр бұрын  орыстардың да халінің мүшкіл болғанын білдіру еді.Екіншіден, соларға соншалық үрей туғыза хат жазатын адам біздің бауырымыз, асыл ағамыз,ұлық батырымыз, тұғырлы тұлғамыз, Ер Едіге  болатын. Бұл аз десеңіз жарты әлемді жаулап алған Әмір Темірдің өзіне қалай айбат шегеді десеңізші. Міне, бір құжатпен танысайық:
Тебриз.1400 г.
…Между тем военачальники превращали Тебриз в плацдарм для развер­тывания боевых действий на западе, а Карабахскую степь-в пастбище для та­бунов лошадей.
Сам Тимур занялся письмами.
В частности, он написал письмо тюркскому хану, правившему в русских степьях-некоему Идику. (Едіге)
От него эмир получил необычайно откровенный ответ:
«Государь Тимур, – писал Идику, – ты упоминал о дружбе. Двадцать лет я находился при твоем дворе и отлично изучил твои трюки. Дружить с тобой мы можем только мечами в руках». Бұл баһадүр батырдың, азуы алты қарыс ұлы бидің, Ал­тын Ордаға 15 жыл билігін жүгізген мем­­лекет қайраткерінің  бойында қазақтың қаны бар екенін біздің тарихшыларымыз әлі топшылай  алмай келеді.
Ніл дариясының басында,
Құмкент қаласының қасында,
Мені сонда Бабай Түкті Шашты 
            Әзіз атам.
Тауып алып,
Едіге деп ат қойғаны өтірік,
Күнінде Едіге атым құрысын!   («Едіге» жырынан)
Мұнан бөлек «Едіге батыр» жырында Сыпыра жырау Тоқтамыс ханға қызмет етіп жүрген баланы сынамақ болып:
– Табақ тартқан, жас бала, 
Аты-жөнің кім? – дейді. 
Сонда, Едіге тұрып сөйлейді:
– Атам атын сұрасаң, 
Аңшыбайдың баласы!
Шашты Әзіздің баласы – 
Парпария сұлтан хан еді.
Өз әкемді сұрасаң,
Құттықия бек еді.
Менің атым – Едіге. 
Ендігі жерде оның сүйегі қайда жатыр дегенде сөзді шежіреші-тарих­шы, халқы­мыздың қадірменді ұлы, көзі тірісінде «Мәш­­һүр»  атанған Мәшһүр Жүсіп Көпеевке берелік: «Сол жерде (Созақта, Құмкент қаласының қасында, «Жылыбұлақтың жағасында) Бабай Түкті Шашты Әзіздің барлығын Ер Едіге  айтыпты.
Ол екеуінің сол жерде екенін Жалаңаяқ Әздер айтыпты.
Жалаңаяқ Әздердің барлығын арық Қоңырбай айтыпты.
Арық Қоңырбайдың дәл сол жерде екенін, міне, біз айтып отырмыз.
Осындай біреуден біреуге мирас қалып келе жатқан сөз…»
Қазақ баласына еңсесін тіктеуіне аса қажет мұндай ұлы жаратылыстың мектеп оқулығына кіре алмай жатқанын не деуге болады?! Өзбектер Әмір Темірді, орыстар Александр Невскийді,башқұрттар Салауат Юлаевты құрмет тұтып жатқанда қазақтарға не боп қалды деп ойланатының бар. Бірақ, Едіге ескерусіз емес, оған әлемде жоқ таудың аты берілген, тұтас дастан «Ер Едіге» деп аталады. Оны 1927 жылы Қаныш Сәтбаев Мәскеуде бастырып шығарған. Ол қолында билік барда Алтын Ордадан бөліп ап кейіннен Қазақ хандығының алтын табалдырығына айналған, Ноғайлы ұлысын құрған, «Ноғайлы жырлары»,  «Қырымның қырық батыры» циклының  ең басты қаһарманына айналған біртуар жан.
Біздің тарихшылардың танымының тереңдемей жатқанының тағы бір белгісі- біздің мемлекетіміздің бастауын  Мырза Хайдар Дулатидің Үндістанда, Кашмирде 1541-1546 жылдар аралығында жазылған  «Тарих-и-Рашидиге» жүктей салып,жай қарап отыруы дер едік. Бұл «тарихи» кітап­тың кемшін тұстарын әр парағынан саусақпен шұқып көрсетуге болады. Се­бебі, сол айдалада, тым кеш әрі үстірт жазылғаны бірден байқалады. Оны автор білмейді емес, біледі.Сол себепті «Мұның шындығын бір Алла біледі» деп мойындап отырады. Міне, өзіне ең жақын Жүніс хан туралы жазғанын оқып көрелік: «Оның туған жылын мен естімесем де, өлген жылы және өмір сүрген уақтысына қарап оны 819(1416-1467) жылы туған деп санауға болады. Алла жақсы біледі». Әрине, мұнысына да рахмет. Бұл кітап автордың өзі: «…қазіргі уақытта могол ханы Әбді-Рашид хан болғандықтан, «бұл тарих соған арналып,соның құрметіне құрастырылып отыр» – деп ашық айтқандай,  қалай болғанда да Қазақ хандығының тарихын дөп баспайды , қайта  біздерді,қазақтарды, іштей жақтырмайтынын еш жасыра алмайды.Ол үшін кітаптан бір-екі мысал келтірелік: 
«Әбілқайыр хан Дешті Қыпшаққа түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қап, оны орнынан тайдырмақ болды. Керей хан мен Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып Моголстанға келді» (305-бет). 
«Алайда, Қасым хан Қыпшақты түгелдей өзіне қаратып алғаны сонша­лықты Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты мұндай билікке қол жет­кізген емес. Мысалы, әскерінің саны мың-мыңнан (миллион) асатын еді. Ақырында 924 (1518) қайтыс болды. Қазақ сұлтандарының арасында тартыс басталды. Таһир ханның бауыры Буслаш хан таққа отырды. Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан, міне, төртінші жыл болып барады, ешбір жерде із қалмапты» (306 бет). Осыны оқығанда: «Апырай, кейіннен Әз Тәуке, хан Абылайлар қайдан шықты?!» – дегіңіз келеді емес пе?!
Қазақ тарихшылары басына жастанып жататын «Тарих-и-Рашиди» кітабы біздің мемлекеттігіміздің бастауын тым өрескел баяндайды. Тіпті, күлкілі десе де болады. Қараңыз: «Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек пен Керей хан одан қашып, Моголстанға кетіп қалған еді» (110-бет). Мұндағы өрескел сөз: «Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек пен Керей одан қашып, Моголстанға кетіп қалып еді» деген тұ­жырым. Бұл мәтінге иланар болсақ, «Жошы ұрпағының сұлтандары Жәнібек пен Керейге жорық жасаған» болып отыр емес пе?! Содан кейін, әрине, олар Моголстанға қашып кеткен боп шығады. 1456 жылы Көк-Қашан түбінде Үз-Темір тайшы мен Әбілқайыр арасындағы қиян-кескі шайқастың болып өткенін, сол содан Керей мен Жәнібекке ерген жұрттың Моголстанға қоныс аударғанын «Тарих-и-Рашидидің» авторы мүлдем білмейді де.
1983 жылы «Қазақ ССР тарихы» кі­табы 5 том болып шықты. Соның 2- томы «Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталады. Осы аса құзіретті кітаптың, 188-бетінде «Әбілқайыр ханның әскерлері мен Үз Темір тайшы басқарған ойрат­тар­дың шайқасы «Көк-Қашан» (Сыға­нақ төңірегінде) тұсында 1456-1457 жы­лы болды» деп айшықталып жазып қойыл­ған. Оны (107.Тарих-и-Абу-л-Хайр-хани, л.336б-339а, МИКХ,с.168) 170. Бартольд В.В. Абулхайр, с .490.Ахмедов Б.А. «Государство кочевых узбеков,с.64-65») деп ап-анық етіп қайдан алынғанын көрсеткен. «Осы жеңілістен кейін Әбілқайыр хандығының көшпелі халқының бір бөлігі бөлінді де, Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен Могол­станға көшіп, Шу мен Қозыбас өзенде­рінің жазығына қоныс тепті», – дейді тағы да. Осыдан кейін 109(гриф) тұспал санмен: «Таварих-и-гузида-ий-нусрат-наме», л,66 б.МИКХ,с.17, Ахмедов Б.А. «Го­су­дарства кочевых узбеков» с.67 – деп анықтама береді. Мұнан соң «Әбілқайыр 1468 жылы Моголстанға жорыққа ат­тан­ған тұста кенеттен қайтыс болды» – дейді. Одан әрман Махмут ибн Уәли (МИКХ,с.361) ханның жорығы мен өлімінің мерзімі ретінде «тышқан жылын» – (1468 жылды) келтіреді деп тағы да анықтама береді. Мұның растығына белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков: «Қобыланды батыр» эпосының, зерттеушілер айтып жүргендей, Әбілхайыр ханның ұлысы екіге бөлініп, халқымыздың тарихында шешуші рөл атқарған 1456 жылғы Қазақ хандығы құрылар алдындағы ұлысаралық өзара қақтығыстарды бейне­лейтін және осы кезеңде туып қалыптасқан аса құнды эпикалық туынды екендігі даусыз» – деп тарихтың 1456 жылын тағы да тілге тиек етеді. 
Кешегі КСРО кезінде «Изотовшылар қозғалысы» атты жұмыс істеу тәсілі болды. «Стахановшыларға» ұқсас еді. Сол себепті, оны көтермелеп, Ленин орденін берді.Оны Кремльде Калинин ақсақалдың өзі тапсырды. Кенет адамның миына симайтын оқиға болды. Калининнің көмекшісі  Указды оқығанда, Изотов қарсылық жасады. «Мен Никита Изотов емес, Никифор Изотовпын, есімімді жаңылыс айтып тұр! – деді Ал, Бүкілодақтық староста кірпігін де қақпастан: «Жас жігіт, ештеме етпейді, Сізге ендігі жерде құжат ауыстыруға тура келеді! – деді омырауына Ленин орденін қадап жатып. Бұл, әрине, күлкілі боп көрінер, дегенмен де қазіргі қазақ тарихи әлемінің құлағын ұстағандар мүмкіндігінше осылай істеп жатқанын көріп-біліп отырмын.Мәселен, жақында ғана  Көкшетауда 48 жыл хан болған Абылайды екі жасқа жасартып, «құжатын ауыстырып», 1713 жылы туды қылып, 300 жылдығын дүркі­ретіп тұрып тойлап тастады. Бірақ, сол Көкшетау халқы 1991 жылы Үш жүзге сауын айтып,Алты Алашқа ат шаптырып, тіпті, ТМД-ны теңселдіріп Хан Абылайдың 280 жылдығын ырғап-жырғағаны бар еді.Бұл ұлы жиын туралы: «Шүкір биыл тойға кенде емеспіз. Жер шоқтығы Көк­шетауда сексен көлдің аясындағы (Бұқар жырау) Абылай ханның 280 жыл толуына орай дабысы алты алашқа жайылған үлкен той болып өтті… Осы тойда Шот-Аман-Уәлихан: «Абылай бабамыз бүгін ғана саяси тұтқыннан оралып отыр!» –дегенде бүкіл халық теңіздей толқып: «Ассалаумағалейкөм, ұлы баба! Әруағыңнан айналайын, ұлы баба! Қош келіпсіз! Өзіңіздің хан тұғырыңызға қай­та көтеріліңіз!» – демеді ме тебірене» – деп тайға таңба басқандай етіп жазылып қойылды да (Ақиқат.1991 жыл. №12. «Даланың даңқын асырған» Болат Ба­бақов.26-бет).
Иә, содан бері небәрі 23 жыл өткенде сол Көкшетау халқы 2011 жылы жым жырт қалып, кенет 2013-те шалт та, шұғыл әрекетке көшкенін көргенде ептеп таңырқап қалғаным рас. Ең болмаса Ұлттық энциклопедияны ашып көрсе нетті дегенім де рас…Өкініштісі сол, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Алмас Әбсадықов бір мақаласында Абылайдың қалайша 1713 жылы дүниеге келгенін өзінше  дәлелдемекші болды. Ол үшін «Абылайдың атасы Абылай мен әкесі Уәли Ташкентті билейді» деп те жібереді.Жарайды Уәли Тәшкенді билесе Төлеби бабамыз қайда қалады? Ыңғайсыздығы сол, Алмас Әбсадықовтың  Бұқар жырау Қалқаманұлының «Әй, Абылай, Абылай» деген толғауын  оқымағаны болды.
– Ай, Абылай, сен онбір жасыңда,
Әншейін-ақ ұл едің.
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің,
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді,
«Сабалақ» атпен жүр едің.
(«Ай, заман-ай, заман-ай». 1-том.Бес ғасыр жырлайды). Қазақ ССР Ғы­лым Академиясы М.О.Әуезов атын­дағы әдебиет және өнер институты шы­­ғарған. Алматы Қазақ ССР Баспа­сөз жөніндегі мемлекеттік комитеті Бас редакциясы бекіткен. 1991 жы­лы шық­қан Құрастырушылар – М.Ма­ғауин. М.Бәй­ділдаев. Пікір жазған Х.Сүй­ін­шә­лиев. Редакция алқасы С.Қи­рабаев, Қ.Найманбаев, М.Базарбаев, С.Мұ­рат­­беков, Р.Бердібаев, С.Иманасов, М.Қаратаев (94-95-беттер). Дәл осы мә­тін­­ді («Абылай хан» кітабы да айнытпай қайталайды (Алматы.»Жазушы» 1993 жыл 41-бет). Сонда қалай Әбілмәнсүрді Бұқар  жырау таниды да,Төлеби танымайды және оған әлемде жоқ «Сабалақ» деген ат қояды. Сонда ұлы би Ташкенді атасы және әкесі билеген балаға басқа ат таппай қалғаны ма? «Он үште отау иесі» дегендей  ханның баласына өз қолынан бір шүйкебас әпере салуға құдіреті жетпегені ме? Әлде жұрт жылқы, түйе бағу дегенді ермек көре ме?! Жауын-шашын күні хан баласына бір түн далада қонудың не екенін Төкеңнің түсінбегені ме?!   Аса өкініштісі сол, тарихшы  мәтінге мән бермейді… Мысалы, әлгі Абылайды 1713 жылы тудырмақшы боп жүрген тарихшыға  Бұқар жырау  өз көзімен көретін 11 деген жас өте қолайсыз сан. Мәселен, 1713 деген санға әлгі Бұқар жырау куә боп отырған 11 санын қоссақ тарихтың 1724 жылы шығады. Бұл уақытта қанша көреген, данышпан болса да Бұқар жырау Абылайды Түркістаннан жолықтыра  алмайды. Себебі, қала қалмақтардың қо­лында болатын. Демек, тарихшылар уақыт­ты  екі жылға кейін шегеруге мәжбүр болады. Сонда ғана Бұқарекең Абылайды 1722 жылы 11 жасында көре алады.
Ай, Абылай, Абылай,
Сен мен көргенде,
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің.
Әбілмәмбет патшаға,
Қызметкер боп тұр едің.
Қалатақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле билердің,
Түйесін баққан құл едің.
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде,
Ақ сұңқар құстай түледің.
Егерде, біз мәтінге мән берсек, Абылай­дың Түркістанға келгенге  дейін Төле биге ұшырасқанын көреміз.
Міне, тағы да оқып көрелік:
Он бес жасқа келгенде,
Арқада Әбілмәмбет төренің,
Түйесін баққан құл едің.
Абылай атың жоқ еді,
«Сабалақ»  атпен жүр едің…
Міне, байқадыңыздар ма, Бұқар жырау: «Абылай атың жоқ еді,Сабалақ атпен жүр едің» дейді. Ал, қазақ тарихи шежіресі ұлы ханға «Сабалақ» деген атты Төлеби бабамыз бергенін мойындайды. Міне, Жетісудың жел жетпес жүйрігі Сүйінбай Аронұлы былай дейді:
Үш жүзге би Төле еді,
Заманында сол Төле,
Тәшкенге бір күн келеді.
Сенің атаң Абылайды,
Әбілмәнсүр атанып,
От жағып жүрген жерінде,
Шайханадан көреді.
Сол құлдықтан құтқарып,
«Сабалақ» деген ат қойып,
Төле би алып кеп еді..»   («Хан Абылай» кітабы.- 60-бет.)
Алмас Әбсадықовқа салса,Тәшкенді атасы билеген, болса да әкесі билеген Хан Абылайды Төлеби «от жағып жүрген жерінде, Шайханадан көріп, болса да құлдықтан құтқарып»,үйіне ертіп әкеліп «Сабалақ» деген ат қойып, түйесін бақтырып қояды.
Сонда, бұл қай жылы болады? Профес­сордың айтуынша бала 10 жаста.Төле би белі қатпаған балаға қалай және қай кездері  түйесін бақтыруы мүмкін?.Болса да елді қалмақтар шауып,дүние астаң-кестең боп жатқан кез емес пе?! Мәселен, осы аласапыранды өз көзімен көрген Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында: 
«Қоршауға түспей көшіп Төле кетті,
Соңынан біраз ауыл ере кетті.
Ит қалмақ бізді бүгін жеңгенімен
Түбінде жауды қазақ жеңер депті» – дейді («Үш пайғамбар», Құрастырған А. Ны­сана­лы. «Дәуір» баспасы.1992 жыл.179-бет). Төле­би бабамыз осындай хал­де белін бекіт­пеген 10 жасар балаға қалай түйесін бақ­тырып қоюы мүмкін?!
Ақыры Төле би бабамыз туралы сөз боп жатқан соң айта кетейік, 2013 жылы Ұлы бидің 350 жылдығы Таразда тойланды. Барлық дерекнамаларда Төле би 1663-1756 жылдар аралығында өмір сүрді делінеді. Бірақ, қытайдың Фудэ деген әскербасысы 1458 жылы қоңыр күзде Жоңғар хандығының аман қалған ең соңғы көсемдерінің бірі Қасақшираны іздестіріп Ташкентке келсе, о, тоба, 1756 жылы қазақтың тарихшылары о дүниеге аттандырып салған Төкең 83 жаста тірі болып шығады («Қазақстан тарихы туралы «қытай деректемелері» ІІІ-том. Цин патшалық дәуірінің мұрағат құжаттары». Алматы қаласы. 2006 жыл). «…14- күні күтіп едік, Төле би келмеді, 15-і күні біз Моңғолдай мен Хешан екеуміз Төлебидің тұрған жеріне барып,Төлебиге болған ахуалдың мән жайын түсіндіріп бердік.Сол күні Төлеби екеумізбен бірге аттанып,түн ортасында Ташкент маңына жеттік. 16-сы күні қазақтардың Әбілез ханы мен Төлеби,Қойгелді және Сасық би сынды батырлары Ташкент қаласында бас қосып, сонан соң олар қаладан шығып келіп бізбен сөйлесті: «Біз ұлық патшаға барып сәлем беріп,онымен жүздессек деген ойдамыз. Алайда Төлебидің жасы 83-ке келді,Қойгелді болса,ол да 70 жасқа толған, сондықтан, олар ұзақ жол жүре алмайды» – деп айтты деген сөз құжатқа түсіріледі. Сонда,  жай  ғана есеппен алғанда  бар қазақтың Төбебиі болған – Төлеби бабамыз дүниеге 1675 жылы дүниеге келген боп шығады. 1680 жылы таққа Әз Тәуке отырғанда, ол небәрі 5-ке келеді.Біздің қазақ тарихшылары Әйтекені 1700 жылы жарық дүниемен қоштастырғанда  Төкең  бар болғаны 25 жаста болады. Сонда, Астана қаласындағы Жо­ғарғы сот ғимаратының алдындағы ескерткіште бейнеленгендей  өңшең  қаба сақалды үш биі қай кездері, қалай ғана сұхбат құрып отыруы мүмкін?!
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Дана­ларға» (1881 жылы жазған)деген өлеңінде:
Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,
Әлдибек, Айтпай, Майлы шешен 
                өткен.
Жолы үлкен, жасы кіші Төлебидің,
Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен» деп жазыпты. Демек, Мәшһүр Жүсіп бірдемені білген болды ғой.
Сөз соңында айтарымыз, қай қайсымыз болсақ та тарих таразыланбай таным түзел­мейтінін біле отырып, өткенімізді сараптарда өзгелерге алаңдамай әрі солар ұстанған бақыт-бағдардағы «концепциялармен» таза тарих жазылмайтынын ескерсек еді… a

Алдыңғы «
Келесі »

3 Пікір бар

  1. Жарылқасын БОРАНБАЙ мырза.Сіздің мына сөздеріңіз – Біз пір тұтып жүрген Ахмет Байтұрсынов былай дейді: Енді, қазақ тарихының «Геродоты» атанып жүрген Е.Бекмаханов былайша ағынан жарылады:- Мұхтар Әуезовке, т/б – неменеге керек. Егер мықты ғалым болсаңыз дүниеден өтіп кеткен бұл кісілерге түкіремей ақ көп іс тындыруға тырыссаңызшы. Келер ұрпақ, бүгінгі жас буын күліп жүрмесін, аталарының сақалына жармасқан көп шуылдақтың бірі деп. Ренжімеңіз.

  2. Қоңыраттарға қатысты жазған тараудан менің аты-жөнімді сызып тастап ХІХ ғасырдың мықты тарихшысы болып алдыңыз ба? Сіздің ХІХ ғасырды түсінуге шамаңыз да жетпейді ғой.Тұнып тұрған мұрағат материалдарына ие болып алыпсыздар ғой. Ұялмай қалай жүрсіз. Алаш орталығы шығарған “Қоңырат” деген кітаптың Алматы, 2014 жылы, 5-6 тарауын мен жазған едім, ол жерде сіз неге қыдырып жүрсіз. Сотқа жүгінсем де мен өзімнің жазғанымды дәлеледеп шығамын, жинаған мұрағаттық құжаттарыңызды дайындай беріңіз. Екі көрсетілген тарау менің докторлық диссертациямда да кездеседі. Сайфулмаликова С.С. т.ғ.д. Күлкілі тарих ғылымдарының докторы жазған еңбектен оны сызып тастап әртүрлі плагиатшылар өздерін жазып қойыпты, оның ішінде сізде жүрсіз, мықты болсаңыз осы уақытқа дейін қайда жүрсіз, ұрылар

  3. 2014 жылы “Қоңырат” деген кітаптың 5-6 тарауын мен жазған едім. Алаш орталығы мені сызып тастап бұл тарауға жазуға қатыспаған адамдарды жазып қойыпты. Оның ішінде сіздің де аты-жөніңіз бар. ХІХ ғасырдың тарихымен айналысқаныма 20 жыл болса да, сізді сирек қорлар бөлімінде, мұрағатта көрмеппін. 2008 жылдан бастап Ташкенттің мұрағаты жабық еді,менің жазған тарауларымнан сызып тастап өздерінізді жазып қойыпсыздар, мұндай ұрлықтың көкесін бірінші рет көріп отырмын. Мұрағат құжаттарыңызды жинай беріңіз. Тарих ғылымдарының докторы жазған еңбекке өздеріңізді жазып қойып ұрлық жасайсыздар. Ұятсыздық… Менің жазғандарымды пайдаланып, тарихшы болғыңыз келді ма, сұмдық-ай Сайфулмаликова С.С. т.ғ.д.

Пікірлерге тыйым салынады.