Ұлттың ұстазы

  • 06.03.2014
  • 1249 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жана БайтелесоваЖанат Байтелесова, 
филология ғылымдарының кандидаты, доцент

ХХ ғасырдың басындағы қа­зақ интеллигенциясы көсемінің ең­бегін қытай жұртшылығы Ахмет Бай­тұр­сыновты зерттеуші  Жанат Бай­теле­сованың «Қазақ интеллигенциясы саң­лақтарының жа­рық жұлдызы» атты қытай тілінде жарық көрген кітабы арқылы танысты. Автордың алғаш рет қытай тіліне аударылған бұл еңбегі – заманауи ахметтануға қосылған зор үлес. Бұл кітапқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, қытайтанушы, тарих ғылымының докторы Набижан Мұхамедхан рецензия жазған.


Бұл кітап орыс тілінде 1998 және 2004 жылдары екі рет басылып шықты. Ахмет Байтұрсыновтың кітаптары қытай қазақтарының көзін ашып, білім алуына септігін тигізіп отыр. Бүгін қазақтың интеллектуалдық өмірінде өшпес із қалдырған ұлы тұлға жайындағы филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жанат Байтелесованың мақаласын назарларыңызға  ұсынуды жөн көрдік. 
Егер, әрбір ұлт ең алдымен тілімен ерекшеленеді десек, онда әрбір адам қай ұлттың өкілі екендігіне қарамастан, өзінің ана тілін біліп, құрметтеуі тиіс. Өйткені, туған тіл – әркімнің рухани байлығы. Туған тілде ұлттың ар ұяты мен рухани құндылығы жатыр. 
Қазақтың жазу өнері мен әдебиетіне Ахмет Байтұрсыновтың сіңірген еңбегі орасан зор. Оның «Әдебиеттануы» (1926) қазақ әдебиетінің тарихын тереңінен  зерттеген тұңғыш ғылыми зерттеу болды. Қазақ балаларын туған тілге үйрететін оқулықтардың көбісі Ахмет Байтұрсыновтың қаламынан шыққан. Олардың ішінде «Оқу құралы» (1912),  «Тіл бойынша оқу құралы» (1914), «Әліппе»  (1924), «Жаңа әліппе» (1926-1928) және «Баяншы» әдістемелік құралы (1926) бар. Сондықтан, біз қазақ әліпбиінің пайда болуы мен қазақ тілінің дамуы туралы сөз қозғағанда, тілдің дамуына, жазу өнеріне үлес қосқан тұлғаларды атағанда ерекше дарын иесі, тағдырдың тәлкегін көп көрген Ахмет Байтұрсыновты бірінші орынға қоямыз. Ол – 1912 жылы Орынборда жарық көрген тұңғыш қазақ әліпбиінің авторы ғана емес, сонымен қатар қазақ тілінің әрбір дыбысының дыбысталуын нақтылаған қазақ грамматикасын анықтайтын ғылыми терминологияның құрастырушысы. Ол қазақ жазуын рефор­малағанда интеллигенция арасында қолдау тауып, 1924 жылы қазақ әліпбиі ресми түрде қабылданды. Бұған дейін қазақтарда әліппе болмағанын атап өткен жөн. Ахмет Байтұрсынов қазақша дұрыс жазуға кедергі келтірген әрі қажеті шамалы он екі араб әрібін қолданыстан шығарды. Сондықтан, қазақ әліпбиі қазақ халқының мәдени дамуында ерекше орын алды. Академик В.Радлов тілі бай әрі көркем қазақтарды Батыс Азияның француздары деп атаған. Кезінде «Байтұрсынов әліпбиі» деп аталған қазақ әліпбиі қазақ ұлтының арасында ғана емес, барша түркітілдес халықтың арасында танымал еді әрі жазуды реформалауда аса қажет болды. Ал, шетелдегі қандастарымыз әлі күнге дейін «Байтұрсынов әліпбиін» қолданады. 
1912 жылы Ахмет Байтұрсынов құрастырған әліппе «Жаңа еміле» деген атау алды. Араб графикасын пайдаланатын Қытай, Пәкістан, Ауғанстан, Таяу Шығыстың өзге де мемлекеттерінде тұратын қандастарымыз «Жаңа еміле» әліппесімен білім алып, оқу, жазуды үйренеді. Арабша жазуда мағынасы жоқ кейбір дауысты дыбыстар түркі тілінде кедергі келтіретіні жасырын емес. Ахмет Байтұрсынов араб әліппесін реформалаудың өзге түрін ұсынды. «КСРО-дағы түркі жазуының гра­фикалық революциясының негізгі формалары» атты еңбегінде атақты лингвист, КАМИ (САГИ) профессоры Е. Поливанов Ахмет Байтұрсыновтың идеясын «даналық идея» деп атаған. «Егер, қазақ жазуы көршілес халықтардың графикасымен санасып, уақыт пен кеңістікте шешілмесе, онда мектептері 1924 жылғы «орфаграфиямен» оқып, дамитын еді» деп жазды Е. Поливанов. Өкінішке қарай, Байтұрсынов әліппесінің ғұмыры қысқа болды, КСРО-дағы түркі халықтары алдымен латинизация (1928), онан соң кириллизацияны (1940) бастан кешірді. 
Бірақ, дәл сол кезеңде ортақ латын әліпбиіне көшу қазақ ұлтының рухани бірлігін қалыптастыруға бағытталған қадам еді. Әйткенмен, кейін кириллицаға көшу үрдісі басталды. Тарихи себептерге байланысты әлемдегі қазақтар үш түрлі әліппені пайдаланады. Бұл өз кезегінде қазақтардың бір-бірінен алшақтауына ықпал етіп отыр. Сондықтан, бүгінде ортақ қазақ тілін дамыту мақсатында әрі заман қалпына сәйкес латын әліпбиіне көшу мәселесі талқылануда. 
Қазір Қытайда қазақ жастары бірден үш әліппе арқылы білім алады. Қытай тілінің аз ұлттың тілдерінен үстем болып отырғанын ескерсек, қазақ жастары үшін араб әліпбиін меңгерудің өзі қиын. Қытай билігі араб әліпбиін латынға аударуға қарсы болмауы тиіс.Кезінде түріктер Мұстафа Кемал Ататүріктің жетекшілігімен түрік тілінің болашағы үшін тілді реформалағаны сияқты бізге де қазақ әліпбиін реформалау керек. Әйтпесе жер бетіне тарыдай шашылған қазақтар бір бірінен алшақтай береді.
Қазақ әліпбиін реформалап, ортақ ету үшін қазақтың тілі мен мәдениетін дамытып, тек қана өз елімізде емес, әлемнің әр бұрышындағы қазақтар үшін де маңызды болған «Байтұрсынов әліпбиімен» қош­тасуға тура келеді. Бірақ дәл қазір қазақ­тардың бір емес, үш әліппені пайдалануы қауіпті. Не істемек керек? Ең алдымен әліппені реформалау ісін Қазақстан қолға алуы тиіс. Біздің пікірімізше, Қазақстан жиырма жылға созылған пікірталасқа нүкте қойып, нақты іске көшуі керек. Тек сол кезде ғана араб әліппесімен оқып отырған қытай мектептерін, кириллица негізінде тәлім алатын моңғол мектептерін бұл үрдіске тартуға болады. Түркиядағы қазақ мектептері онсыз да латын әліпбиімен оқиды. Сондықтан шешуші сөзді ғалымдар, тіл жанашырлары һәм билік өкілдері айтуы тиіс.
Тіл – ұлттың басты байлығы. Тілсіз ұлттық құндылық пен ұлттық мәдениетті елестету мүмкін емес. Сондықтан Қытай­дағы қандастарымыздың қазақ тілін меңгеруі – Аспанасты елі мен қазақ жерінің сан жылдар бойғы достығының жемісі. 
Қытайда қазақ қоғамының құрылуы – тарихи оқиға. «Қытай қазақтары» түсі­нігі ХІХ ғасырдың ортасынан бас­тау алады. Ресей отарлауынан қашқан қа­зақтар шығысқа қарай бет алады, сонан соң Цин империясына тиесілі жерлерге қоныстанады. 1864 жылы Ресей мен Қытай арасында екі мемлекеттің шекарасын айқындаған Шәуешек келісімінен соң, Цин империясы қазақтарды «Қытай азаматтары» деп санаған. 1916 жылдың қазан айында Жетісудың патшалық Ресейге орыс армиясының жазалаушы акцияларынан соң 300 мың қазақ  ресей-қытай шекарасынан өтеді. Кеңес Үкіметінің құрылуы мен Қазақстандағы азаматтық соғыс қазақтардың Отаннан жыраққа миграциялануының алғашқы қадамы болды. Қазақстан үшін ХХ ғасырдағы трагедиялық оқиғалардың бірі 1928-1932 жылғы заңсыз ұжымдастыру өз кезегінде қазақ халқына қарсы жасалған геноцид еді. Содан кейін  1931-1932 жылдардағы ашаршылық та қазақтың қабырғасына батқан трагедиялық оқиға еді. 
Осындай оқиғалардың салдарынан шет­ке кеткен қандастардың саны көбейді. Синьцзянның солтүстік аймағында 1,5 миллион қазақ бар. Бұл – 1996 жылғы санақ. СУАР-да үш автономды қазақ ауданы бар. Қазақтар мекендеген аймақтарда қазақ мектептері бар. Үрімшіде бір орта, екі бастауыш мектеп және екі педагогикалық институт бар. Қазақ жастары СУАР мен Қытайдың 26  жоғары оқу орнында білім алады. 2006 жылға дейін Қытайда төрт жүзге жуық мектеп қазақ тілінде білім беретін. Бірақ қазақ тілі мен әдебиетінен басқа барлық пәндер қытай тілінде оқытылатын болды. Қытай билігі қазақтардың емін-еркін өмір сүруге бөгет болған емес. Сондықтан соңғы бір жарым ғасырдың ішінде Қытайдағы қазақтар туған тілі мен дәстүрлі дінін ұмыт қалдырған жоқ. Қытайдағы мерекелерге қатысты заңға сәйкес мұсылмандар Ораза айтта бір күн, Құрбан айтта үш күн демалады. Қазақ рухының сақталуына мұндағы отбасылық мерекелер де септігін тигізіп отыр. Қазақ балалары көзін іңгәлап ашқалы бері Бесік той, тұсаукесер, тілашар сынды мерекелерді көріп, бойына қазақтың салт-дәстүрін сіңіріп өседі. Сонымен қатар ірі мемлекеттік мерекелерде Қытайдағы қандастар ұлттық ойындарды, дәстүрлі ақындар айтысын ұйымдастырады. Мұның барлығы Қытайдағы қандастарымыздың ұлттық құндылықтарды шет қалдырмай, сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуіне зор ықпал етіп отыр. Әрі Қытай мектептерінде балалардың туған тілін меңгеруі де ұлттан жырақтамаудың нық қадамдары. Қытайда қазақ тілінің өркендеуіне бір ғасыр шамасында «Байтұрсынов әліпбиі» сеп болды. «Байтұрсынов әліпбиі» шетелдегі қазақтар үшін көмекші болғаны жасырын емес. 
Ахмет Байтұрсыновтың бүкіл саналы ғұмыры қазақ ұлтының рухани дамуы, білім мен ғылымның, мәдениеттің өркенлдеуіне арналды. 1923 жылы М.Әуезовтің Байтұрсыновты «қазақ интеллигенциясының көсемі» деп атауы тегін емес. Ахмет Байтұрсыновтың Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресті ілім-ғылымсыз жүргізу мүмкін еместігін ұғынып, өмір бойы қазақ балаларын оқытуда аянбай еңбек етті. Ешбір кедергіге мойымады, түрмеге қамады, бірақ ол қамыққан емес. Қазақ балаларын оқытып, ұстаз атанды, газет шығарып, қараңғы ұйқыдағы қазақты оятуға тырысты. Ол кез келген қызметін ұлттың мүддесін қорғаудағы күрес деп қарастырды. Ахмет Байтұрсыновтың жан жақты таланты оның қаламына күш бітірді. Ол поэзияда да, публицистикада да, ғылымда да, мәдениеттің өзге салаларында да өшпес із қалдырды. Ол – тек ғалым ғана емес, сонымен қатар этнограф, аудармашы, ақын. Ахмет – ұлттың Ұлы ұстазы. Ол – қазақ ғылымы мен мәдениетінің өшпес сәулесі. 
Тоталитарлық жүйе Байтұрсыновтың есімін ұлт жадынан өшіруге талпынды. Саналы ғұмырын ұлтқа еңбек етуге арнаған Байтұрсыновты халық жауы деп санап, аяусыз атып жіберді. Алайда шындық шырылдап шықты, әділдік орнады. 1989 жылдың қарашасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов ақталып, оның аты мен абыройы, әдеби һәм ғылыми зерттеулері халқына қайта оралды. 
Бүгінде Қытай мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Ұлы дала мен Қытайдың арасында мәдени қатынас үздіксіз жалғасып келеді. Қытайда қазақтың дара тұлғасы – Ахмет Байтұрсыновты зерттеуге деген қызығушылық мол. Ұлы ғалым қазақ тілі мен эстетикасына, әдебиетіне орасан зор үлес қосып қана қоймай, барша түркі әлемінің мәдени дамуына ықпал етті. Ол  ортақ әліппе арқылы әлемдегі барша қазақты байланыстырып, Қытайдағы қазақтардың жазу мәдениетін қалыптастырды. Ахмет Байтұрсынов барлық қазақты, түркі әлемін бір арнаға тоғыстырып, мәдениет интеграциясына әсер етіп, барлық ғалымды, оның ішінде қытай ғалымдарын да ортақ халықаралық мәдени һәм ғылыми кеңістікке жинады. 

Алдыңғы «
Келесі »