Ғылымның тыңына түрен салған тұлға

  • 06.03.2014
  • 751 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Гулжахан Орда СагатбекСағатбек Медеубекұлы, 
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің 
Баспа ісі және дизайн 
кафедрасының меңгерушісі

«Иә, бала..?» «Иә, бастығым, қал қа­лай?», «Орныңызды жоқтатпай отырмыз ғой орныңызда…»
Бүгінгі таңда кез келген сөзін әзілмен бастайтын, ойы ұшқыр, қиялы қанатты, қисыны қырық қатпарлы жасы жетпістің бесеуінде, ал,  көңілі он бестегі ақылды баланың көңіліндей таза,  өмірге құштар, білуге ынтық, айтуға шебер, істеуге іңкәр абыз ұстаз Абдул-Хамид Файзоллаұлы Мархабаевтың есімін сарыауыз балапан кезімізден білеміз. Білетін себебіміз, үл­кенге де, балаға да білім мен еңбектің құпиясын ашатын, әлемдегі ғылыми жа­ңалықтарды қазақы тілмен әр қазақтың отбасына ай сайын апаратын «Білім және еңбек» журналының бетінен   оның аты жөні түспейтін. Білетін себебіміз, бас­қа да ақпарат құралдарында жиі-жиі жарияланып тұратын қиялыңа қуат сыйлап санаңа  серпіліс беретін, ғажайыптар әлемін шарлататын фантастикалық әңгі­­мелерін қызыға оқып алып, өзіміз де қай-қайдағы планеталарды оймен шарлап кететінбіз де  алақандай ауылға сыя алмай жүретінбіз. Бала күннен құлағымызға сіңісті болған қиял-ға­жайып ертегілердің кейіпкерлері мен олар бастан кешкен оқиғалардай емес, заманы басқа, заңы жат, тұрмысы бөлек, мінезі өзге жат планета адамдар парасатына таңданып, таң қалып, іштей тілдесіп, сырласып жүргенімізді өзіміз де білмей қалатынбыз. Тағы да  білетін себебіміз, студент атанған шақтан оның аты жөнін әр студенттің аузынан ести­тінбіз. Аты аңызға айналып кеткен осы бір адамның  жүзін бір көруге ынтызар болғанымыз да  шындық. Адал арман алдамайды екен, бала күннен аңсаған «журналистика» мамандығы ақыры сол тұлғамен қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы  Қазақ ұлттық университетінің киелі босағасында таныстырды, табыстырды. Міне, сол адаммен он алты жыл бойы бір шаңырақтың астында, кейде әке мен баладай, кейде аға мен інідей, ұлт ұрпағының келешегі үшін тонның ішкі бауындай ұстаздық етіп келеміз.


Ол кісімен арамызды тұп тура 20 жыл бөліп тұр. Менің жасым үлкен деп шалқайғанын көрмедік, менің қызметім төмен деп еңкейгенін көрмедік. «Шал­қайғанға шалқай, ол құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей ол  адам­ның құлы емес» деген халық мәтелі оның  бойына ата қаны, ана сүтімен сіңіп қалған, сірә. Қашан көрсең де еңсесін тік ұстап, шалқақ денесінің асқақ қалпын төмендетпей қарсы алдындағыға қасқая қарап тура жүретін Абдул-Хамид Мархабаев туралы білгенімізден білмегеніміз көп әлі. Біз оның өмірбаянымен ғана там-тұм таныспыз.. Ал, өнербаянын, ғылыми өресін әлі зерттеген жоқпыз. Оған Ағамыздың қиялынан да жүйрік қиял, ғаламды барлай алатын ақыл кеңдігі , парасатын пайымдай алатын таным тереңдігі керек. 
Өмірбаян демекші, қадірлі Хамаң өз сөзімен айтсақ, Арал теңізінің, қайран Қалағаңның (ұлы драматург Мұхамеджанов) сүйікті сөз-мақалы – «жыланның тіліндей» Көкаралдың батыс шекесіндегі Ауан ауылында Жюль Верннен, 110 жыл «кешігіп» дүниеге келген. Әкесі Файзулланы Мыңжылдық Рейхтың фашистерін «баудай түсіруге» майданға алып кетеді. Содан, әрине, аман оралған жоқ. Оның есесіне аналары Сұлтан қызы Сәби шаңырақ иесінің жоқтығын білдірмеді.     Күйеуінің орнын басып, нанбайшы болып қалған ана соғыстың соңғы және одан кейінгі жылдары ауылдың жұртшылығының жасы кішісіне – «Сәби апа», үлкеніне «Сары кемпір» атанды. Өзі «он бір жылдық» мектепті екі түрлі «стильмен» бітірген. Оны Хамаң «Рахат Бисенбинге дейінгі» және «Рахат Бисенбиннен кейінгі» дәуірлер деп бөледі. Ал, біздің кейіпкерге, әсіресе, «Қазақстан пионерінде» «Демалыс сағатында» деген айдармен соңғы беттеріне басылатын кроссворд, чайнвордтар ұнайтын. Ол кісі ұлы Мұхтар Әуезовтің алдын көрді, Ақжан Машановтан тәлім алды, Бейсенбай Кенжебаевтардан үлгі тұтты. Қайыржан Бекхожиндерден дәріс тыңдады. Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Белгібай Шалабаев, Марат Барманқұлов секілді ұстаздар тағылымын көрді,  Әбілфайыз Ыдырысов, Шерияздан Елеукенов Намазалы Омашевтардың әріптестік әсерін сезінді. Осындай тұлғалардың  тағылымы санасына орныққан,  жүрегіне сіңісті болған Хамаң өз ортасында оза шапқандардың алдыңғы қатарында болды. Өйткені, шабысы мүлдем бөлек еді. Бөлек болатыны – оның бәйгесінің түрі басқа. Ол – фантастика еді. Математика, физика, химия, астрономия секілді іргелі ғылымдарды ерекше жақсы көргендіктен де оның  танымы мен түйсігі, ойлау машығы басқаша қалыптасты. Сондықтан да, ол «Ғарыштағы қымыз» деп аталатын алғашқы фантастикалық әңгімелерінен бастап фантаст-жазушы  деген атқа ие болды да тек осы саланың жілігін шағып, майын ішкен бірден бір әрі тұңғыш бірегей маман-майталман ретінде биікке көтерілді. 
Шындығында, қазақ фантасти­касы­ның туу, қалыптасу және даму  сатыларын алғаш ғылыми негізде зерттеп хатқа түсіріп, тасқа басқан ғалым ретінде Абдул-Хамид Мархабаевтың есі­мі тарих бетіне тайға таңба басқандай анық  та айшықты жазылды.  Қазақ фан­тастикасы «жазба әдебиеті келген соң, оның үстіне кеңестік  сана сара жол салып берген соң ғана дүниеге келді» деген бір жақты қасаң пікір, қате тұжырымды А.-Х.Мархабаев жоққа шы­ғарып, қазақ фантастикасының тамыры көне дәуірлерден бастау алатынын, оның мәуелі бағы қазақ фольклорында жатқандығын, ауызша әдебиет нұсқаларында кең көрінетінін дәлелдеді. Сол тарихи тамыры тереңде жатқан қазақ фантастикасының даму жолында қандай кезеңдерден өткенін де ғылыми таным тұғырынан барлап зерттеп, зерделеп берді. 
Ауызша әдебиет дегенде, Асан­қайғы мен Махамбеттерден бері өтіп Жамбылдың жырларындағы қиял қи­сын­­дарының көркем кестесін ай­қын­­дап алып, солардың енді жазба әдебиетіндегі жалғасын Абай, Ыбырай  шығармаларынан бері қарай Мұхтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Донентаев, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин  Саттар Ерубаев туындыларынан дәл тауып, олардан серпін алған шығармашылық ізденістер кейінгі буындар жаратындыларында  одан әрі өркендегенін ғылыми теориялық тезге салып саралайды. А. Машанов, М. Сәрсекеев, Сыздықов, Т. Сұлтанбеков, Ш. Әлімбаев, Т. Сүлейменов, Б. Ырысбеков, Т. Шаханов, Ш. Әбдіраманов, С. Қыш­қашев, З. Сақиев,  т.б. қиялгер жазушылармен толыса келе  бүгінгі күнге сабақтасқан қазақ фантастикасын тұңғыш рет ғылыми-теориялық айналымға қосады. 
Фантастика даму жолында ішкі сипаттары және сыртқы тұрпаттарына қарай әдеби-көркем фантастика, ғылы­ми фантастика, әлеуметтік фантас­тика, экономикалық фантастика, бері келе фентези болып бөлшектеніп кете беретінін  нақты мысалдармен  дәлелдейді. Әсіресе, ғылыми  фантас­тика мен әлеуметтік фантастиканың қазақ әдебиетінде ерекше даму сатысына көтерілгенін айқындайтын    теориялық  ғылыми тұжырымдар жасайды. Қазақ фантастикасын жалаңқат өз тоны, өз шекпенімен шектеп сарапқа салмайды ғалым, ұлттық әдебиеттегі қияли қисындардың  көркемдік жүйесін әлемдік әдебиетте бар фантастикалық таным көкжиегіне көз сала отырып, тарихи типологиялық салыстырулар арқылы  ұқсастықтар мен ерекшеліктерді екшейді. Ол Пушкинның қиялы орыс ертегілерінен нәр алғандығын, Г.-Х. Андерсеннің  қиялы дат ертегілерінен, Ш. Перроның фантазиясы француз ертегілерінен бастау алғандығын, Ф.Крей­цвальдың ойының ұшқыр бо­ла­тыны эстон ертегілерінен су­сын­да­ғандығынан екендігін, латыш халық ертегілері А. Пумпурды шабыттандырғанын дәйекті түрде дәлелдей келе, солардың да фан­тастикасының негізі фольклордан тамыр алғандығын айта келіп, қиял-ғажайып қисындардың,  ұғым-түсініктердің сабақтаса, жалғаса келе ғылыми тұжырымдар мен қорытындылардың тууына себеп болғандығын дәлелдейді. Тіпті, кей тұста кейбір әлем фантастарының  қисындары  қазақ ертегілеріндегі са­рындармен сабақтасып жататын­дығын меңзеп кетеді. Бұл, әсіресе, көзге бадырайта көрсетілмесе де, ой қисынымен орынды айта кететін тұста анық байқалады. Қазақ ертегілерінде айтылған «Ұшар ханның баласы»  «бір өнерпаздан аспанға ұшу өнерін үйре­неді» деген бір ғана сөйлемнің ар жағына үңіле қарасаңыз, бұл елде сыртқы күштің көмегінсіз аспанға ұшу өнерінің дәстүрі барын аңғарасыз. Өйткені, бұл елде бір өнерпаздың  келесі  өнерпазға үйрету әдебі мен әдеті орныққан. «Өзі ұшатын адам» идеясы Александр Гринде қайталанады. Ол «адам  баласы машинасыз өзі ұшатын болады» деп айналасын сендіруге ұмтылады. Оның бұл  ойын В. Ветров қуаттайды. Кирил Андреев Бредберидің Питер Пен деген кейіпкерінің ұша алатындығын таңдана ауызға алады. Александр Бе­ляевтің Ариэль деген кейіпкері де баяғы қазақ ертегісіндегі Ұшар хан секілді өз бетімен ұша береді. Мұндай ұқсастық, шендестік, қатарластық сипат «адамзат санасы жетілуінің белгілі бір кезеңінде бола беретін құбылыс» дегенді мойындасаң да  «біреу біреуден үйренді», «біреуден біреуге ауысты»  дегенді де жоққа шығаруға болмайды. Мархабаев өз зерттеуінде осыған сыпайы ғана көңіл аудара кетеді.  Демек, Мархабаевтың өз ұлтын құлай сүйген санасы қазақ деген халықты ешбір ұлттан кем көрмейді, керек десеңіз кей тұста өз фантазиясының жүйріктігі арқылы озып кеткен  тұстарын нақты мысалдармен дәлелдегісі келеді.  Тайбурылдың шабысы, космос кемесінің ұшуымен бара бар, Шалқұйрықтың шапқан салмағына шыдамай қара жер қақ айырылады. Тайбурыл да сөйлейді, Шалқұйрық та сөйледі. Қазақ тұл­парында қанат бар. Суытқанда бірін сүтке, бірін суға малып суытады. Ағаш ат – қазіргі ұшақ. Мұндай шендестірулер Мархабаев танымында ұлтына деген сүйіспеншілік ар­қылы әлемдік мысалдармен қатар тізбектеле өріліп  отырады. 
Біздікі сырттай бағалау ғана, ал, енді, ол кісінің ғылыми еңбектерін бүге-шігесіне дейін оқып, танып барып пікір білдірген аузы дуалы абыз ғалымдарымыздың ойларын  келтіре кеткен орынды деп білемін: Ақжан Машанов ақсақал былай дейді: «Ол фантастикаға кездейсоқ келген адам емес: өзі де сол салада қалам тартып жүрген жазушы».
ҚР ҰҒА академигі Зәки Ахметов былай тарқата айтады: «Автор өз обьектісін  «өткен шақ-осы шақ-келер шақ» тізбегінде зерттеуімен  біздің алдымызда халқымыздың арман-ті­легін әуелі-ауыз әдебиетінде және кейінірек ақын, жазушыларымыздың сол идеялары кәделеріне жаратқан жазба әдебиетінде, ақыр соңында бүгінде кемелденген толыққанды жанр боп қалыптасқан ғылыми-фан­тас­тикалық әдебиеттің тұтас­тай картинасын кескіндеген».Академик Се­рік Қирабаев: «…оның бойында екінің бірінде ұшыраса қоймайтын тағы бір қасиет бар. Ол – қазақ әдебиеттану тарихында қиялгер-жазушылығы өз алдына, сонымен қатар тұңғыш ға­лым-фантастикатанушы деп біле­мін…» Профессор Шәмишиддин Абра­ма­нов: «…Белгілі ғалым, жазушы, ұс­таз Абдул-Хамид Мархабаев қазақ әдебиетіндегі фантастиканы кейінгі 30-40 жылдың туындысы дейтін үс­тірт көзқарасты үзілді-кесілді теріске шығарып, бұл жанрдың түп бастауы сонау ауыз әдебиетінде, қиял ғажайып ертегілерінде екенін көз жеткізіп дәлел­дейді» – дейді.
Абдул-Хамид Мархабаевтың ұстаз­дық-педагогтық еңбегі де елулі. Ол 1967 жылдан бері  үздіксіз қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы, осы  университеттің журналистика фа­куль­­тетінде  ұлтымыздың ұлы мен қызы­на журналистика саласынан дәріс беріп келеді. Әр жылда кемінде екі-ақ шәкірт тәрбиеледі дегеннің өзінде, ол кісінің 46 жылда 92 маман даярлап өмірге қанаттандырғаны аян. Бірақ, журналистика факультетінде оқыған Ха­маңның алдын көргеннің көбі оны өзінің сүйікті ұстазы санайды. Ендеше, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген  студенттердің бәрін де оның шәкірттері деп толық айтуға болады. Осыдан-ақ, оның педагогикалық-ұстаздық еңбегінің өлшеусіз екенін білеміз. Журналистика саласын тілге тиек етер болсақ,  қазақ ақпарат құ­рал­дарында белді де беделді, абыройға ие болғандардың  бәрін тізіп жату мүмкін емес, егер ғылым мен педагогика саласында жүргендерді ғана ауызға алсақ, ғылым докторлары Намазалы Омашев, Сағымбай Қозыбаев, Кәкен Қамзин,  Шәрбан Нұрғожина, Сәуле Барлыбавалардан бастап, бүгінгі Бауыржан Жақып, Бауыржан Омаровтармен сабақтаса келе Гүлмира Сұлтанбаева, Нәзгүл Шыңғысовалармен жалғасып кете береді.  Фантаст-жазушы санатында да соңына шәкірт ілестірген тәлімгер-қаламгер, мысалы, Шоқан Әлімбаев, Сейілбек Қышқашев, Зұлқайнар Сақиев, Төлеу Шаханов секілді  жазушылар да қазақ әдебиетінің  фантас­тика жанрының дамуына өз  үлесін қосқан дарындылар. 
Осындай ұстаздық-педагогтық еңбе­гі үшін де ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің  «Үздік оқытушысы»  атағы мен төс белгілерін иемденген болатын. Ол сондай- ақ, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» деген атақты да осы еңбектері үшін алған. Бір ғұламаның айтқаны бар еді: «Әке  көп болса, жүз жыл өмір сыйлар, ал ұстаз мәңгілік ғұмыр сыйлайды» – деп. 
Шындығында, Хамаң – өз ұлтының сандаған ұл-қызына мәңгілік ғұмыр сыйлап жүрген  қайталанбас тұлға.   

 

 

Алдыңғы «
Келесі »