• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Келбет
  • >
  • Қызыл тіл жанның мияты Филология ғылымдарының докторы, профессор Зұфар Сейітжанұлы туралы эссе

Қызыл тіл жанның мияты Филология ғылымдарының докторы, профессор Зұфар Сейітжанұлы туралы эссе

  • 06.03.2014
  • 480 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жанат Ахмади,
жазушы

Алдымызда «Қос қанат» және  «Ерулік» жыр жинағы… Әрі ғалым, әрі ақын Зұфар Сейітжанұлының шығармашылығы жайында айтардың алдында осы бір өзгеше нысанның жеке бас, яғни, туылыс-жаратылысы туралы ойға қалатыныңды жалпақ жұртқа жария еткің келеді. Қазақта «бойжеткен қыздай» дейтін сөз бар. Әрине, уылжып піскен жемістей жақсыны атағаны. Бірақ, қазіргі бойжеткендерді көзалдыңызға елестетіп көріңіз. Олар­дың көбінен еркек басымен Зұфар ибалы. Қаракөз қарындастарыңыздың кейбіреуі, әсіресе, өзге ұлттарша тәрбие алып өскендер өздерінің аты аяулы «қыз» екендерін де ескере бермейтін сияқты. Оның үстіне «бала өз заманына тартып туады» деген тағы бар. Қазіргі жас буын осыдан біраз жылдар бұрынғы жастарға салыстырғанда айырмашылығы аз емес. Егемендігімізге нарықтық экономика араласа келді де: «Саудада сыпайылық жүр­мейді», «саудада достық жоқ», «алып­сатарға ақша таппаған баласынан жұмыртқа тапқан тауығы артық», «сауда сақал сипағанша», «ұрыда иман жоқ, арын сатады, саудагерде иман жоқ, барын сатады» деген сияқты адамды қаталдыққа тәрбиелейтін базар нарқы пайда болды. Біздің қазақ Орта Азиядағы қала жайлаған кейбір ұлттардың мөлдіреген қыз-келіншектерінің бақбай сау­да жасап тұрғанын көргенде іштей бей­бақ­тардың беттің арын белбеуге түйіп тұрғандары-ай дегендей мүсіркеп ойлайтын (Өз басым сөйтетінмін). Өйткені, ұялу, ұялмау бір басқа ондай сауда жасаушылар маңдайалды орынға тиын санауды қоятыны анық қой. Оның жан-жақтылы парасаттылыққа мүмкіндігі де жоқ. Ол енді өз басымызға келді. Қыз-келіннің бірталайы базарда. Жаздың ми қайнаған аптабында, қыстың бет қаратпас қызылшұнақ аязында ешқандай бой жасыра алмай қадалып тұрған адамда өзгенің көңіліне қараудан, өзгені сыйлаудан гөрі жан күйіттеу көбірек болмай ма? Ендеше, оларға не сын арта аласың және жылдан жылға оның пейілі қатая түседі. Әрі олардың үйдегі бала-шағасы күйзеліп өмір сүрген ата-анасын көріп өседі. Қалғанын ойлай беріңіз. Енді, бір ширек ғасырда сауда төңірегіндегі отбасылар рухани жақтан бұрынғы қазақтан басқашалау болуы мүмкін. «Қазағым, қалың елім, қайран жұртым» дегеннің көкесі сонда болады. Түп қазықтан ауытқыған жоқпын, бұл сөздің бәрі біздің кейіпкеріміз Зұфар Сейітжанұлына байланысты айтылып отыр. Зұфардың мінезділігі жөнінде шығып отыр. 


Ең алдымен Зұфар Сейітжанұлының   ашусыз жаратылған адам екеніне таңыр­қайсың. Да­нышпан қазақ: «ашушаңның анты бол­майды, ашуын жұтуы у жұтумен бірдей» деген. Тағы айтсақ «ашушаңдық бір қырсыққа жетелемей тұрмайды» немесе «досың аз, дұшпаның көп болса жер боласың, ақылыңнан ашуың көп болса қор боласың», «ашу ақылдың дұшпаны» дегенді неге айтқан. Әлгі қырсыққа жетелейтіні – ашушаң аяғынан қор болатыны, әйел ашушаң, көкбет болса, ерінен ажырайды. Еркек ашушаң, дүт болса отбасынан, бала-шағасынан арылып тынады. Тағы «ашу – ақылдың аяқтаған жерінен шығады», «ашуға шайтан кепіл», «ашу ұятқа жол қалдырмайды» деген нақылияттар біз сияқты ашуына ие бола алмайтын адамдардың шекесін қыздырып тұрған жоқ. Ашушаңдарды ұрмай-соқпай бетіне сыдырғы таңба қарып басқандай. Біздің дінімізде «мұсылманда ашу болмауы керек» деген тұжырым бар. Мынадай заманда атасының басы ма. Және де қазекеңнің «ашу қысса көзің қызарады, ашу басылған соң бетің қызарады», «ашу үстіндегі сабыр алтыннан қымбат» дейтіні не деген ұлылық! Не деген кемеңгерлік ой! Бұл жөнінде қысқаша айтқанда ашушаңдар екі бұзып, бір түзеп, құдайға жазып, әуреленіп жүргенде шынайы көркем мінезді Зұфар анадан пәк туған қалпы, шырайынан мейірім нұрын шашып, бейқам, тыныш, рахат өмір сүріп жатады. 
Мен өз басым Зұфар Сейітжанұлының бір де бір дұшпаны жоқ шығар деп білем. Ол іздесе тек дос іздейді. Дүниеден мамыражай жақсылық іздейді. Адамдарға сәулесін түсірер достық, махаббат іздейді. Данышпан қазақ: «жүз жолдас көптік қылмайды, бір дұшпан аздық қылмайды» десе немесе «ешқашан дос­тық та, махаббат та іздемеген адам сол екеуін басынан кешкен адамнан мың есе сорлы» десе, бұл сөз жақсыларға ғана тиесілі жұмақтан есетін жұпар иісті қоңыр желдей, жұмақтың қоңыржай пейішіндей жанға жайлы айтылып тұр. Көкейге түйсік бере айтылған. Олай десек, бұл сөздер әдейі арналған  аяулы азаматтың елін сүйген, өзін сол еліне сүйгізген абзал жаралған адамнан құдайшылық сөзімізді аямауға тиіспіз. Айтарымызды көзі барда, қатарымызда жүргенде айтуымыз керек. Зұфар мінезділігінің тағы бір қыры – ол біреуге өзін тықпалауды, басы симас жерге денесімен сұғынуды үйренбей келе жатқан пенде. Өзі бір типке жатады десек артық кетпейміз. Өзге біраз пірадарларымыздай кінәратын замана, уақыт «ауруымен» ауырмаған. Оның мінез ұстамдылығына, ауыз беріктігіне келсек, тіпті, біреулерді ішінен ұнатыңқырамай тұрса да, бір де біреуге артық сөз айтып көрмеген шығар. 
Қазақ «тіліңді бақсаң құның сақталады» «қызыл тіл қыршын бас­ты сергелдеңге салады», «сүйексіз тіл сүйек тісіңді сындырады», «тыюсыз тілге тізілген тісіңді тиек ет», «тіліңді ноқталасаң басың сақта­лады» деген нақылдарды неге айт­қан? Осының барлығы тұла бойы тұнып тұрған жақсылыққа толы, бар тұр­па­тынан қайырымдылық-дегдарлық мейі­рімі байқалатын Зұфарға оң бағасын бергізгендей. Ол пенде баласын алаламай, ешкімді бөлмей, өзімнің қазағым деп қарап және кімнің кім екенін, адамдарды ішінен танып, бағалап жүреді. Әркімге мән беріп, екшеп те алады. «Кісінің парқын білмегеннің кісіге парқы болмайды» деген рас. Жақсы ас тән семіртсе, жайдары көркем мінез жан семіртеді. Айналасын ізгілікке, мейірімділікке шақырады. «Кеме жасаушы кебіс тіккенге тамсанады» демекші Зұфар өзі сонша биік парасат иесі бола тұра, әлде біреудің жылт еткен жақсылығын көрсе соған тамсанып жүреді. Қазіргі заманымызда баюдан өзгені көрмейтін кейбір шенеуніктер «аспандағы құсты ұятқа қалдырған жердегі жем» демекші, жұлығынан май кешем деп, тобығынан қан кешкендей болып темір тордың арғы жағына тоғытылып жатады. Ондайлар басы сау күнінде Зұфар Сейітжанұлындай ғалымдарды, ақын-жазушыларды, жал­пы қалт-құлт өмір сүрген зиялы қауым­ды әлдебір дәруіштер орнында көруі мүмкін. Оларды заман, уақыт солай етіп қойды. Өйтпей қайтсын, қалтадан доллардың буы тесіп бара жатса. Бірақ, олар жинаған дүниесі дүниенің өзінде қалатынын білмейді. Ешкімге қимаған, қараулықпен жинаған байлығы жаназасына бұйыратынын білмейді. «Алтын өзі шірімесе де, талай басты шірітеді» демекші, сандығындағы алтыны, өз басын шірітіп, артында қалатынын ойламайды. Тегінде пасықтың күлкілі биігі жаман, басыңды бағаламайтын күйігі жаман. Елге тұтқа болады деген әкім-қаралардың кейбірі сені зорға қабылдап, айтып отырғаныңды өтірік тыңдаған болып шығарып салғанда, батшағарды қарғағың келеді. Бірақ, айналасын бөгеп алған бедел тоны бар, тіпті, сы­бызғы тартып отырып талқан жесе де қақалмайтын ондайларға қарғысың да жүрмейді. «Шөлдің құмы алтынға айналса, тілемсектің көзі тоймайды» деген болып, аспандағыны арбап, жердегіні жалмап өледі. 
Хош, енді, негізгі тақырыбымызға оралайық. Ақын Зұфар Сейітжанұлының 2011 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Қос қанат» атты жинағындағы өлеңдер автор жаралысының айна-қатесіз өзіндей, өз болмыс, өз мінезінің көрінісіндей сезім парасатына әрі ойлылыққа құрылады. Қарапайым дана ойлар оның жан-рухының тірегі. Мәселен, бірден оның беташар өлеңі «Қайырлы таңды» жайлап байқаңыз:
Алаулаған жарқын нұрға жердің беті                     боялып,
Ақ маңдай таң керіледі ұйқысынан 
                оянып.
Көкжиектің ақ пердесін ашып еді 
                     күн шығып,
Күн – арудың жанарынан дүние – 
                    жігіт жалын ап,
Басталды да жүре берді думаны мол                             тіршілік.
Күлді ерекше кәрі жер жас сәбидей 
                     жадырап.
Қайырлы таң!
Қарсы алыңдар бар адам,
Қайырлы таң!
Ей, дүние! Сау-саламат бол аман! [3, б.]
Кітаптың осы бас жағынан қатарынан екі-үш өлеңді алайық. «Адамдар»: 
Жолықтырып өмірдің бір қиынын,
Қамыққанда таппай көңіл түйінін.
Ақ жаныммен ақтарылам, адамдар,
Сендерсіңдер адастырмас биігім.
Ойларыңнан шыға алмаспын бәріңнің,
Бірақ, сендер алтын арқауы әнімнің.
Жүректерге жол тапқанға не жетсін
Қажет болса, отын берем жанымның.
Көңіл – айдын,
Адалдықты жүздіріп,
Мен сендерге сыйға тартам ізгілік.
Жалын барда жанымда жырлап өтем,
Сенім гүлін солдырмасын күзгі бұлт [4 б.]. 
«Мамыр»: 
Қош келіпсің, жайнаған мамыр айым,
Жаным елтіп қасыңнан табылайын.
Қырқа белден қыс көшіп жер                     құлпырды,
Еңсе басқан менде жоқ сары уайым.
Жарық күнді сыйлаған мамыр айым,
Жанарыңнан жап-жасыл наз ұғайын.
Қауышамын жылына бір-ақ рет,
Жабырқамай, шаршамай жадырайын.
Туған айым бұл менің мамыр деген,
Өлшенеді мамырдың мәні немен?
Тоты құстай түрленткен дүниені,
Барлығынан осы айды тәуір көрем.
Көргеніме аман-сау қуанайын,
Шашақ тақты қанша рет бұла қайың.
Жұмсақ самал тербеген бесігімді
Қымбаттысың мен үшін шуақ айым [5 б.].
Зұфар Сейітжанұлының өлеңдерін осылай арт-артынан тізе берсең, жалықпай оқылатын тұнық ойларға, мүлтіксіз әдемі суретті ұйқастарға кездесіп отырасыз. Ойлауын әбден жеткізіп барып өз жаны әбден тұшынған кезде ғана шалағай, дүмбілез тіркес қалдырмай жазады. Өзі қанығып, оқырманды қанықтыра жазады. 
Енді, кітаптың орта тұсына таман жылжитын болсақ, бұған дейінгі сан алуан тақырыптар ішінде оның туған жерге арнаған жүйелі, ұзақ желілі сағыныш ғазалдары ақынның нағыз жүрек қанынан жаралған жырлар екенін ұғасың. Автордың қолын биіктерге жеткізетін де оған біткен осы жүрек. Яғни, кеудесіндегі осынау зар-тілек. Поэзия көпке ортақ болу керек десек, оның туып-өскен жерге деген ұзақ сарыла сарғайған сағынышы тек шетелден келгендер үшін ғана ерекше емес, ес-ақылы бүтін, дұрыс ойлай алатын қарайған қазақтың бәріне, барлығына тән іңкәрлік. 56-беттегі бес бөліктен тұратын «Туған жер» атты өлеңнің «ІІ» деген өлеңі:
Көптен көрмей, туған жер,                     суыныппын,
Ақ қайнарға жүр екен жуынып кім?
Көбелектей қалтылдап қайда кеткем,
Сағыныштың мен, бірақ, құнын                     ұқтым. 
Зеңгір көктен алаулап күнім жанып,
Алтын сәуле құйылар діріл қағып.
Сарқылмайтын сағыныш сен екенсің
Қадіріңді білмегем бұрын нағып.
Қалжырады, қажыды ойдан балаң,
Суыды ма сыбағаң қойған маған. 
Албырт шақта алыстап кетіппін-ау
Неге ертерек кезінде ойланбағам.
Зұфардың бұл шумақтардағы айтып отырғаны ертерек жылдардағы елі-жерінен мүлде бейхабар, кім өлі, кім тірісін білмей таскерең халде жүргенде жазылғанын бай­қау қиын емес. Кейін елі-жерін көріп, өзі кемеліне келіп, кержорғасына мінгеннен кейін жазған өлеңдері мұнан басқаша еке­нін білуге болады. Өлең соңына назар аударайық:
Жан жабырқау өзіңсіз сезім қасаң,
Шыдай-шыдай таусылар төзім қашан.
Туған жер деп тынымсыз соқса жүрек,
Туған жерді сағынып көзімді ашам.
Осы циклдің «ІІІ» бөлігінде балалық кез­дегі барлығымызға тән, бәріміздің кө­кейі­мізге өткен күннің көмескі, бұлдыр сағыныш әкелетін: 
Шақырасың алыстан көгілдірім,
Жасыл жайлау, тізілген желі құлын.
Көз алдымда бәрі де кешегідей,
Тербетеді сағыныш мені бүгін.
Кейде жеңіп кете ме сезімді айла,
Ұшқыр жылдар әкеткен мені қайда?
Құлыншақтай құлдырап жүгіргенде,
Қыр беткейдің сүйетін желі майда.
Толықситын табиғат сәні кіріп,
Тұрар еді әлемнің бәрі күліп.
Жас өспірім шақ еді, сәби сана,
Үлгермеген өмірдің мәнін ұғып.
Ойнайтын ек күнімен асық атып,
Жіберді өмір асықтай шашыратып,
Қайран жастық оралмас қайда                     қалдың
Дос-жаранды қайта қос асыл уақыт, – дейді. Кешегі көшпенді елдің бәріміз көз алдыдан өткізген сурет, өмір бойы қимастай, сиқырлы, думан суреттер. Қайран ата-анаңның алдында ондаған адамдар кекіліңнен сипап, бетіңнен сүйіп, әлпештеген уақыт қой. Көктем шуағына тыраңдап ойнақ салған бала қодық үл­кейе келе бас-көзге таяқ жейтін кәдімгі көк есек болмаушы ма еді. Адам өмірінің өзі де сол тәрізді. Көрмеген құқайың қалмайды. Ең абзалы соны ақын тілімен өрнектей алған шайырларда арман жоқ. Зұкеңнің «Нарынқол нақыштары» ата­латын ұзақ желілі өлеңдерін оқысаңыз – Нарынқол өңірін жаздыру үшін әлдебір патша авторды алтынмен көміп қойғандай әсер аласың. «Шәлкөде», «Көмірші», «Кеңбұлақ», «Саты», «Сеңгір-сеңгір таулар-ай», (үш бөліктен тұратын) «Хантәңірі», «Ел­шенбүйрек» деген үлкен тақырыптарға бөлі­неді. 
Автордың тауға деген, табиғатқа деген құштарлығы ғажап-ақ. Осыны оқып отырғанда мен өзім табиғат сұлулығына деген құштарлықтан қаншалық нәр-ләззат алсам да, оны осылай өлең етіп тудыра алмағаныма өкінгендеймін. Сенің өзің ғана білетін, өзіңе ғана аян ішкі қызығың, ішкі сезімің кімге керек? Ақынның «Нарынқол нақыштарындағы» барлық өлеңдерді зерделеуге болар еді. Себебі, бірінен-бірі өткен табиғат ғажайыптары бір-ақ мақала орайына қарай бет қалқып қана айтуға тура келді. Бір анығы Зұфар Сейітжанұлының он баспа табақтай әдемі шыққан кітаптың ішінен қай-қайсы өлеңді оқысаңыз да, ақын не жазса да елек сүзгісінен өткізіп, әбден иін қандыра, екшеп, жан-ділімен жазатынына да куә боласың. Осы сияқты туған жер туралы сағынышын айтып тауыса алмайтын Зұфардың «Күттіңдер ме» аталатын өзінің тау-тасына шағынатын өлеңі 127 бетте тағы да шер төгіп өтеді. Автор өзімен бірге налытады, налисың.  
Кітап соңына үңілсек, З. Сейіт­жан­ұлының «Алтын сырға» балладасы мылтық үні бар жерде әділет үні естілмейтін қанды соғыс зардабына, жеке әйел басындағы қайғы-қасіретке арналған, әкеден қалған жалғыз тұяқты отқа-суға түсе жүріп ержеткізгенімен одан туған немере қызы (біздің осы заманның тас жүрек жастарының бірі деп ұғасыз) әжесі ауырып, хал үстінде жатқанда «Саған бұның не керегі бар» деп, бір кезде ері сыйлап кеткен алтын сырғаны құлағынан сыпырып алады. Ондайларға жер бетінің жақсылығы, арғы бақилық өмірдің жұмағы жоқ деп білесің. Ал, «Ана сыры» поэма-монологында ақын алыста қалған анамен өліп-өшіп зорға барып табысқаннан кейін туған шығарма. Жүректің басында кілкіп тұрған зар-запыран, ананың көрген қорлық-азаптары, адамдардың тоз-тозы шығып әсіре қызыл саясаттың құрбаны болуын жылан құсығындай улы-зармен ақтарылады. Баланың Қазақстанға өтіп кетуі қырсық болып жамалады.
Білмедік деп жаулардың сырын анық,
«Жат элемент» әлі жүр тірі нағып.
Деп түкірді ұялмай бетімізге,
Тас жүректің отырды  қыбы  қанып.
Ана бейбақтың зарлап айтқан қасіретті әңгімесі бүгінгі күні ұлы тарих бетінде айғыздап ізі қалған шірік қоғамның бет-бейнесі ретінде жырланған. Ақын құдіреті осы бір ғана дастан арқылы мына жер бетінде болған жабайы былғаныштың бетін айғыздап тырнап ашып айызыңды қандырған. Бір кез шіріктескен қытай қоғамындағы «айтақ» десе алып түсетін қарғылы төбеттей есірік белсенділер қаулап өсіп шыққан. Өкімет қай-қайдағы дардан қашқан қу, құлағын кестірген шұнақ дейтіндерді ит алып іздей бастады. Кісіден сый көрмеген, кісіні сыйлай білмеген, обал-сауап дегеннің не екенін білмейтін бітеу, киіз кеуде ойсыздарды арқасынан қақты. «Қара табан құлсың», «жалаң аяқ жалшы, малайсың», «батырақ белсендісің, мына заман сенікі» деп сондайлардың қос өкпесіне көрікпен жел толтыра бас­тады. Алдында әкесі тұрса қарамайтын көргенсіздерді иттей құтыртты. Ел жақсыларының соңына сондай топас қара тобырларды салып қойды. Оның аяғы «тобырға түскен іс оңбас» деген болды. Сөйтіп, ел ағаларының «ініне су құю керек» деп оларды өз қазағы арқылы құрту, жою үшін әлгіндей малғұндардың кеудесіне сарысу, ірің толды. Рулы елдің ішіндегі айтпаса білмес, ашпаса көрмес, келеге  келмес, жетекке жүрмес, жетесіз бар ма, солардың бәрін шам алып іздегендей ғып тапқан. Мәстекке үкі тағып, кежім жабатын есерлерді алаботаға ат бекітетін ақымақты, ит орнына өзі үретін әумесерді іріктеп алдыға шығарды. Өгіз мінсе ат іздемейтін, өкпе жесе ет іздемейтін кещелерді, жайлауды ығытына қарай жайлай білмейтін, малды бағытына қарай айдай білмейтін мұндарларды, жүген салса ауыздығын салмайтын, ауыздығын салса суғарғанда тоғышар түпсіз, тексіздерді таңдап тауып қолтығынан су бүрікті. Шөмелені шөп етіп, қашқан сиырды мал еткен, бықсып шыққан түтіні, бұлғауыш бас­ты қатыны бар, ыржық қызға тыржық күйеу берекесіздерді екшеп алып, ел бекзаттарының қыр соңына шүйілтіп салды.
Мұндай сор елуінші жылдарды байлар­дың түп-тамырына балта шабу ұраны кезінде басталған болса, елді Зұфар жазып отырған «Ана сыры» поэмасында жырланғанындай алпысыншы жылдардың ортасында тағы қайталанды. Бұл дастан-монолог туралы қорыта айтқанда, сырты сабырлы, жан-жүрегі күрескер ақын Зұфар Сейітжанұлының тек қытайда ғана емес, осы арқылы бүкіл қазақ басына түсіп отырған тауқыметті сәт сағатымен өз ұлтына шаға білген.
Зуфар Сейітжанұлының 2013 жылы шыққан кітабы «Ерулік»деп аталады. Сол «Ерулік» (5-бет) аталатын алғашқы өлеңіне назар аударайық.
Қайран жастық өттің бе көңілді күн,
Қаларына бір белгі сенімдімін.
Ақ таңдарды атырдым үмітпенен, 
Осы сыйым беретін «Ерулігім»
Серуенді де өткіздік сейілді де,
Байлық үшін бұзбады пейілді де.
Нұр шуақтай жаныңа жылу берер,
Өлең-муза сыйлаймын кейінгіге.
Көп екен ғой өмірдің бұралаңы,
(Әркім алар өзінше сыбағаны).
Ақ көгершін жырымды ұшырайын,
Ескерткіштей асқақтап тұрады әлі.
Ақ тілекпен өтті күн тұрақтамай,
Арман-таудан жығылдым құлап                     талай.
Бұл өмірге келген соң адам болып,
Жанбай жатып сөнеді шырақ қалай?
Жаратқаным жар болды жақтап                     алдан,
(Бітірдім деп көп істі мақтана алман)
Келер күнге апарар есімімді,
Арманым мен үмітім хатта қалған.
Оқырманды жалықтырмай, құдіретті поэзияның дәмін кетірмей, қысқа және нақ ойын әдемі суреттейтін З. Сейітжанұлының бұл өлеңі тынысың таусылғанша, жұмысың таусылмайтын өмірдің ағысына құрылған лебіз. Автордың өзіне тән жылы лебіз. Осыдан былайғы «Тәуелсіздік», «Кеш суреті», «Шағала», «312-аудитория», «Алакөл кеші», «Ақ мұнара» аталатын өлеңдерінің бар­лығы да шығармашылығының алдына өзі түсіп алып, өзін-өзі уағыздап жүретін кей ақындардың үстірттеу дүниелеріндей емес, автор өз өмірінің алдыңғы жағына өлеңдерін қойып, маңдай алды орынға жыр шумақтарын ұсынатындығы білініп тұрады. Жүрек тынысын сонымен ғана тапқандай. Ал, ақынның сезімге құрылған қаралы музыка атты өлеңі:
Өксуін-ай музыканың қаралы,
Жаншады екен жүректегі жараны.
Ала-дүлей түршіктірген қандай күш,
Бірте-бірте залды кернеп барады.
Өксуін-ай музыканың қаралы,
Билеп алды ақыл еспен сананы.
Басып төмен көтертпейді еңсені,
Кейбіреудің жасаурайды жанары.
Өксуін-ай музыканың қаралы,
Адамдардың түйіледі қабағы.
Жарық күннің жалғандығын ұқтырса,
Бақилықтың табылмайды амалы.
Бебеулейді қаралы үн сыңсыған,
Ауа жетпей өз-өзімнен тұншығам.
Орындалмай қалған әлде арман ба,
Өкінішпен дір-дір етіп тұр шыдам.
Жанған оттың сөнгені мен жалыны,
Күн тұтылып жоғалғандай жарығы.
Бұл ғұмырдың келтелігін еске сап,
Терең мұңға батырады сарыны.
Өксуін-ай музыканың қаралы,
Жаншады екен жүректегі жараны.
Алай-дүлей түршіктірген қандай күш,
Бірте-бірте залды кернеп барады.
Бұл өлеңді З. Сейітжанұлының басқа бір мейірі қатты, тік мінездеу ақын жазса өзгелер сенер-сенбестей жасандылау көрінуі мүмкін. Өйткені, бұл өлең ондайлардың жаралыс мінезімен сәйкесіп тұр. Ал, Зұфардың дәл өз табиғатынан туған, қоянның сылдырынан да әсер алғандай, үлпілдек көңілі бар автор жүрегіндегі шынын сарқып айтқаны білініп-ақ тұрғаны байқалады. Бұдан шығатын қорытынды «қаралы» музыкаға арналған өлеңді мұнан басқаша жазуға болар, бірақ, осыдан оза шабардай ұзап кете қоймас-ау.
«Зайсан» (18-бет), «Зайсан көлі», «Ма­ңырақ», «Ақ түн», «Күз келіпті» өлең­дері ақынның «Қос қанат» кітабындағы Нарынқол нақыштары желілі өлеңдеріндегідей табиғат суретінен мейлінше қанық берілген де автор жаны табиғатпен кіндіктес, қосақтала түсіп келетінінің айғағы деуге болады.               24-беттегі ұлтының рухы үшін жанын тіккен Қ. Рысқұлбековке арналған «Ескерткіш» өлеңі 86 жылғы желтоқсанның ызғарымен қоса, қасиетті қазағымның намысын ту ғып тігеді.
Балалық шағында Майлы-Жайырдың тауын атпен кезіп,  атақты Қоңыраба сазын жайлап, сапырулы сар қымызын қанып ішкен автор, әсіресе, табиғат суреті дегенде жан-әлеміне жыр сәулесі толып кеткендей болады және сол балалық шағын қимай жазған көп өлеңдерінің бірі:
Күні жылы қыс еді қары қалың,
Балалық-ай тынымсыз жаны – 
               жалын.
Теріскейден сырғанап зулағанда,
Бойымдағы қызады әлі  қаным.
Ағатынбыз жұлдыздай зерікпедік,
Жастық екен тұратын желік беріп.
Мәз-мейрам боп бір сәтке қуанамыз,
Күнгейдегі тұзақты көріп келіп.
Қаншама рет білмеймін құлап                 тұрдым,
Мұның өзі екен-ау сынақ құрбым.
Балалығым ақ жалау алыстаған,
Қаларыңды арман боп бір-ақ білдім.(29-бет)
Бұл екі  аяғы көктен салбырап түсе салмаған қазақ баласының барлығына ортақ, яғни, «осыны мен айтсам-ау» дегізетін сағыныш жыры. Поэзияда өзіндік  үні бар, терең өзен бұлқынбай ағатындай, қалыпты бір ырғақпен шымырлап ағатын терең сырлы жыр шумақтары бар                          З. Сейітжанұлының «Қозы-Баян күмбезі», «Аягөз өзені», «Таскескен» өлеңдері өзге қарапайым көпшілікке көріне бермейтін қазақ жерінің даңқын асырады, жұртқа беймәлім туған өлке сұлулығын ашады. 
Тарқатылған бұрымындай арудың,
Нәзік жанның ашқан екен бағын кім.
Ай-Таңсықтың орамалы емес пе,
Мың пернесін қозғайсың-ау                     жанымның?! 
(«Аягөз өзені», 29-бет)
Қазан шұңқыр арайланған тым бүгін,
Бұйра талы бас иеді гүл бұрым.
Шуағына жылынайын жадырап,
Аманбысың ақбауыр таң, нұрлы күн. 
(«Таскескен», 3-бет)
Осындағы «тарқатылған бұрымындай арудың», «бұйра талы бас иеді гүл бұрым» тіркестері ойға орала бермейтін шынайы сәтті тапқырлық белгісі.
Зұфар поэзиясында мұндай сезіміңді кенет селт еткізер оралымдар әр тұста-ақ ұшырасып отырады. Бұлай дегенде ақын шығармашылығын жалаң мақтау емес екендігін оны зерделеп оқысаңыз білесіз. «Академик Кәкішев» (31-бет)
Академик Кәкішев бетке айтады,
Бұл сөзіне кей адам өкпе айтады.
Жалғандыққа жасын боп тиген сәтте, 
Алаң болған көңілден кек қайтады.
Өткір сөзі шындыққа суарлыған,
Айырады қыранды құладыннан.
Айтқан емес жауырды жаба тоқып,
Адалдықтың дәм татқан бұлағынан.
Күмілжіген күңкілге бағынбаған,
Арғымақтай көсіліп арындаған.
Ақиқаттың ақ туын алға ұстап,
Бар арманы халқының қамына алаң.
Ой толғайды өмірдің дерегімен,
Сыр тартады тарихтың тереңінен.
Мінгізді де Сәкенді ақ бозына,
Әлдилетті тау ішін өлеңімен.
Талай елдің ақтарып мұрағатын,
Асқақ атын алаштың шығаратын.
Шыға қалса шетелге сапар шегіп,
Іздеп барып табады жұрағатын.
Өзгерсе де заманы мың құбылып
Қалған емес шынайы сырды бүгіп.
Мызғымайтын шындықтың                     тұғыры ол,
Күш дарытқан бойына нұрлы үміт.
Бұрынғы ескі билердің аузынан қалған «Таулы жердің бөрісі болмай тұрмайды, тайпалы елдің ұрысы болмай тұрмайды». Құрығын сүйреткен ұрыны түн асырмай құйрығын  сүйреткен бөріні қыр асырмай қуғын салу керек деген сөз бар. Кімдерден болса да ойындағы көңіл қарызынан құтыла жүргісі келетін жаны жырлы Сейітжанұлы Академик Кәкішев жөнінде әділ көзқарас айтқанына сендіреді. «Қисықтың тезін тауып, қылмыстың көзін тапқан» демекші әр заманда Тұрсекең – Тұрсынбек Кәкішевтей, тумысынан қазы бола жаралған, сүйегінен таза ақсүйек кісілердің туралығы болмаса мына дүниенің тепе-теңдігі сақталмас еді. Ол кімге де болса түсінікті. Топырағы сусығыштан алынып, өртеңге түскен, содан нәр алып туған табаны бүрсіз таңдайы бұдырсыз, тілі тайғақ жаралғандар дүниеге тұтқа болмақ еместігі ежелдің ен күнінен мәлім. Аспан жер арасын әділдікке жаратқан Алла ынғай ысқаяқ, кеуде соғарларға жол беріп қоймаған. Мысалдап көрсең тістің суықтығынан (қол күйетін суға) ауыз күймейтіні, көз майының ыстығынан бет тоңбайтыны сияқты немесе жаздың күні күн көлбеу, қыстың күні ай көлбеу болып, жан-жануардың күнкөріс қамын теңшеп тұратыны тәрізді ала-құла жаралған адамдарда да өздерін-өздері теңшеп тұрады (Қыста жаздағыдай күн көлбеп, бәлен сағатқа созылып тұрып алса, не істер едік?).  Қазіргі кейбір әділқазылар алқасы әділ емес, көзге көрінбей бар дүниені таразылап жататын құдіреттің құпия теңдігі әділ. Жер бетінде жақсылық көп пе, жамандық көп пе? «Ешкі егіз туып қойдан көп болмайды, ит сегіз туып малдан көп болмайды» дегендей, жаманды құрымады деп асыққанмен сол шіркін жаңағыдай жақсылардың арқасында өзін-өзі құртып отырады. Бірақ, мүлде жоғалып кетпейтіні атам қазақтан қалған «Дүние бітпей, жер бетіндегі адам баласы таусылмай жамандық атаулы құрып, жалған атаулы шіріп бітпейді» дегеннен парықталады. Өйткені, Хауа анамыз жарықтықтан туған адам атаның екі баласы солай басталған. Адамдар ішіндегі қызғаныш оты содан жалғасуда ма, қалай? Ендеше, болып жатқан нәрселерге неге бұлай болды деудің өзі артық. «Бір есек қырық түйені жолдан бұрып кетеді» деген бар. Аузына ие болмайтын кейбір жылтылдақ әйелдерге дейін «Аттан қалма, байталым, байталдан қалма сайтаным» дегеннің керін келтіріп патшамызға дейін тіл тигізіп, сынап, сыбап жүреді.
Қорыта айтқанда, өзі ғалым, өзі ақын З. Сейітжанұлының ауызға алынған екі кітабындағы ұзынсонар өлеңдерді шөлкемдей келгенде шығатын қорытынды қойын дәптерінде өздерінің сүйікті авторлары бар сыншылар, яғни, ол жоқ болса пікір жазуға бейім қаламгер әріптестері мойын бұра бермейтін өлеңі нәрлі болса да өзі сұғынбай шеткері тұратын бұл шәйіріміздің шығармашылығы жөнінде тиіп қашып тоқталғанымыздай, көзі қарақты оқырман жалықпайтын кітаптар шығарған деп айта аламыз. Қазіргі тұйғын орнына тырнасын ұшыратын, қаршыға орнына қарғасын ұшыратын көтеремін  тұлпар етіп, көгершінін сұңқар етіп көрсеткісі келетін бұра тарт­ты дай-дай кезеңімізде еш нәр­сеге таңырқауға болмайтынын нұс­қа­ласақ сол жеткілікті шығар. Жо­ғарыдан төмен қарай жақындарым құрметтім, алыстарым иемкеттім дейтін, жылы қойным, салқын арқам деп адамдарды алалап жүретін заман болды. Тіпті, кейде «Алаяқтан – ақылшы, алапестен – нақылшы» демекші, көзіңді бақырайтып қойып, алдыңғы жағыңдағы аузыңды арт жағыңнан көрсететін жағдайлар бары таңырқарлық әрекетке жатпайтын болды. Қысқасы, тіл – жүректің тілмашы, сөз – ақылдың құлы, сезім – сананың жұбы болғанда ғана З. Сейітжанұлындай елге, жұртқа қадірлі қандасымыздың жақтасы бола аламыз. Оған дейін қайда – ә-ә!?

Алдыңғы «
Келесі »