БІЗ БІЛЕТІН ТОЛЫМБЕК

  • 06.03.2014
  • 336 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жақсыны жақсы дей салу оңай, бірақ, несімен жақсы екенін айту қиын. Толымбек Әлімбекұлының шы­ғар­­машылығы туралы ақыл тісі мен азу тісі бірдей жетілгендер қопарып – төңкеріп айта жатар, менің білетінім Толымбек сатираны қоя салып, публицистика, пьеса жазып, аударма жасаса, ешқайсысы бір-бірінен титтей де солғын тартпаған болар еді. Өз міне­зіндегі ірілігі мен нәзіктігі қалай қатар жүрсе, өнерінде де жан дүниесі,  жүрек лүпілі, пиғыл ниеті солай көрі­неді. Өмірде бөлме ішінде ұшып жүрген маса назарынан тыс қалмайды, шығармашылығында да сондай, бейқам санаңды сілкіп – сілкіп жіберіп, жүрегіңе ой орнықтырып береді.


Біз университет қабырғасында бір­ге оқыдық, бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Бір-бірімізге деген адамдықтың, адалдықтың, жолдас­тықтың ирелең жолынан бірге өтіп, қадір ұғысуға жеткендейміз. Бір-бірі­міздің қанша пұттық салмағымыз бар екенін де білеміз. Сондықтан ба екен, ойдан ой қуалап тұйыққа тірелген сәттерде де, көңілің көтерілген кездерде де алдымен Толымбекке жүгі­реміз.
Курста алдымен Шойбек пен Асхан үйленді. Құда да өзіміз, құ­дағи да өзіміз, той иесі де өзіміз. Барлығын өзіміз пісірдік, өзіміз түсірдік. Қазір өз балаларымыз үл­кен­дерге ақыл салмай, бәрін өздері кесіп-пішіп, осылай істеп жатса қалай қылқынар едік! Біз ол кезде өзіміз істегенге өзіміз мәзбіз. Бәлкім біздің жігіттеріміздің елмен араласып, азаматтық келбеттерін қа- лыптастыруына осындай-осындай оқиғалардың септігі де тиген болар.
Одан кейін Толымбек пен Гүлнәр үйленіп, өмірге Қаламқас келді. Ол кезде үйленгендер бірден жатақханадан шығарылатын. Екеуі жатақханадағы қыз-қыз қайнаған қызықты қимай пәтерге шықты. Қаламқастың өмірге келуінің өзі қызық. Сол күні Толымбек пен Гүлнәр жатақханаға қонаққа келіп, сонда қонып қалған болатын. Түн ортасында Гүлнәрді толғақ қысып, әп сәтте «Жедел жәрдем» де жетіп келді. Сонда, Гүлнәрдің жаны қи­налып, бебеу қағып жатса Толымбек Гүлнәрға: «Ақыр туған соң екеуін бір-ақ ту, мүмкін сен егіз тусаң Алматының қақ ортасынан үй алып қалармыз» деп әрі әзілдеп, әрі көңілін демеп, сабырлылыққа шақырып жатыр. Қа­лам­қасты қараймын деп сонау Жуалыдан Толымбектің анасы Жансая апа да келген. Сабақтан соң сол кісіге амандасамыз деп жарты курс жөңкіліп сонда кетеміз. 
Амандасамыз, хал сұрасамыз, та­мақ ішеміз, түнде бір-ақ қайтамыз. Гүлнәрдің сабағы, үйдегілердің күтімі, кішкентай қызы бар, қиналып-ақ жүрген кезі. Оны ойлауға жастықтың ду-ду мінезі ырық бермейді. Бірақ, біз соны дәл сол кезде ойласақ қазір­гіден гөрі сұңғыла, бір-бірімізге қа­зір­гіден гөрі суықтау болып кетер ме едік, кім білсін. Сөйтсек, сол желпілдеп, желкілдеп, желбіреп жүр­ген сәттеріміз азаматтығымызды же­тіл­дірген баспалдақ екен.
Мен тағы бір нәрсені ұмытып барады екенмін. Бірінші курста бізде біраз бала стипендия ала алмай қалды. Сонда, стипендия алатындарымыз ақ­шамызды «ортақ қазанға» салып, оларға біраз көмектесіп тұрдық. Бірақ, оның өзін алушы да, беруші де өкпелемейтіндей жол тауып, қиюын қиюластырып жіберетін осы То­лымбек болатын. Құлын-тайдай тебіскен құрбылардың ортасында еркелеп, ол еркелігі өзіне жарасып та тұратын – Толымбек. КПСС тарихын оқимыз. Бұрқыратып конс­пекті жазатын сабағымыз да сол. Конспекті дегеніміз Лениннің шығар­маларының мәніне бармай көшіру, кейде. Кітапханада оты­рып, Лениннің хаттарын жаз­ған бала үтір-нүктесіне дейін көшірген ғой, хаттың соңындағы «Қолыңызды қысамын, Ульянов» деген жерді Толымбек көшіргенде әдейілеп «Көзімді қысамын, Ульянов» деп өшіруге болатындай етіп қыстырып, өзге балаларға көшіруге берген. Толымбек арқылы әлгі конспектінің тиражын көбейткен студенттер мәселенің байыбына бармастан «Көзіңізді қысамын, Ульянов» деп айдай берген. Конспектіні тексерген Абдулпаттаев ағамыздың қаны басына шапшыды, көшіргендеріміз үнде­мейміз,Толымбек қана жымың-жымың етеді. Біздің жастық шағы­мызды тербеткен, сезімі мол сол күн­дерден әлі де қуат алатындаймыз.
Өткен ғасырдын 90-жылдары Толымбек Жамбыл облысының Красногор ауданының «Комму­низм  жолы» газетіне редактор бо­лып келді. Артта қалған ау­дан­да  кадрлар тұрақтамайды. Тұ­рақ­­тағандарының өзі бір қа­лып­­қа түсіп, «компартия съезде­рінің шешімдерімен»  мұздай қа­руланып, артық күліп, артық сөй­ле­мейтіндер. Газет бетіндегі материалдар қасаң. Толымбек редактор болып келген соң, тәртіптен бұрын, газет материалдарының сапасына мән берді. Бұрын тек хабар, корреспонденция мен есеп қана жазуға әдеттенген  қызметкерлер енді шаруашылықтарға шығып сын мақалалар, фельетон  жазуды әдетке айналдыра бастады. Редакцияда  өзгеше бір ахуал, шабытты шақ орнығып, шырай кіріп қалды. Бұл шаруашылық басшылары мен мамандарын дүр сілкіндіріп, жұрт елең етті.  Бұрын газеттің бар жоғын елемейтін аудандық партия комитеті енді өзінің бюросында газеттің ма­қалалары бойынша  мәселе қарап, шешім шығаратын болды. Осылайша, Толымбек ау­дан­дық газеттің  бойына қан жү­гіртіп,  жан кіргізді. Бірақ, Толымбек сықиып   креслоға отыруды ұнат­пай­ды. Өзіне еркін жүріп, еркін жазған ұнайды. Талай қызметтен бас тартты. Шындығында да дарыны  бар адамға билікте жүрудің не қажеті бар?
Толымбектің сырын білмегендер паң, ірі сөйлейді деп ойлауы да мүмкін. Кей сәттері солай да.  Бірақ, ол өз жанына көбірек үңілетін, қарапайым, ірі де қарапайым.
Біз білетін ТОЛЫМБЕК осындай.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА.
Алматы қаласы

Алдыңғы «
Келесі »