«АЛПАМЫС» ЭПОСЫНДАҒЫ ҮЙЛЕНУ САРЫНЫ

  • 06.03.2014
  • 473 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қырғыз әдебиетіндегі «Алпамыс» (қырғызша – «Алпамыш») эпосының нұсқасы әлі дербес нысанаға алынып, зерттеле қойған жоқ. Сондықтан «Алпамыс» жырындағы үйлену мотивін талдаудан бұрын бұл шығармаға қысқаша тоқтала кетейік.  Ең әуелі оны толыққанды «эпос» деп атау қиын. Өйткені бұл нұсқа батырлық эпос деңгейіне көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да олқы соғады. Дәлірек айтқанда, негізгі сюжеттік өзегінің аясында ғана мазмұны сақталып қалғандай. Тағы бір қызық жәйт – қырғыз нұсқасы қазақ нұсқасының қайталауындай көрінеді. Эпосты айтушының баянында қазақ тілінің әсері де байқалады, бұған бәлкім басқа түркі тілді халықтарға қарағанда екі елдің көрші болғандығы да ықпал еткен болар.  
Әйгілі оқымысты В.М. Жирмунский 1960 жылы Мәскеуде жарық көрген «Сказание об Алпамыше и богатырская сказка» деген еңбегінде [1.335] «Алпамыс» эпосының түркі тілді елдерге ортақ әдеби мұра екенін атап өтіп, эпостың сюжеттік өзегін бастан-аяқ талдап шығады. Оның қайсы елге жақынырақ екенін айтады да, көбінесе  өзбек нұсқасын нысанаға алып, оны түркі тілдерінде сөйлеген халықтардың  және монғол, сібір халықтарындағы нұсқалардың аясында қарастырады. Еңбекте эпостың сюжеттік өзегі, композициялық құрылымы, поэтикалық тіліне азын-аулақ тоқталып, ғалым оның  сарындық ерекшеліктерін қарап, жырдың тарихи қатпарларының элементтерін ашып көрсетеді. Сондай-ақ «Алпамыс»  жырын Н. Улагашев [2. 335], С. С. Суразаков [3. 266] деген ғалымдар да зерттеген. 


Ал, қазақтың ғұлама жазушысы әрі ғалымы Мұхтар Әуезовтің зерттеулері бірегей, терең пікірлерімен маңызды. Мұхтар Омарханұлы  «Алпамысты» қазақ халқының ежелгі батырлық эпосы дей келіп, оның жалпы түркі тілдерінде сөйлеген елдерге де ортақ қазына екендігін айтқан. Ол эпостың орыс тіліне аударылуына, аударғанда қандай жолмен, қандай принципті ұстану керектігіне мән беріп, бұл мәселені таратып сөз еткен[4.178].
Өзбектерде көбінесе Ф. Юлдаштың нұсқасы негізге алынып, оның бірнеше нұсқасының шеңберінде әйгілі ғалым Т. Мирзоев зерттеулер жүргізген. Онда Фазилла Юлдаш ата-бабаларынан бері дастанды жалғастырып жырлап келе жатқаны, оның жырды Бұлыңғыр өңіріндегі  атақты жыршы, атасы Юлдаш шайырдан естіп, үйренгені айтылады. Сондай-ақ Т. Мирзоев «Алпамысты» жан-жақты зерттеуде қазіргі кезде теориялық зерттеулердің арнайы базасы жасалып қалғандығын тілге тиек еткен [5.831]. 
«Алпамыс»  туралы тағы бір іргелі зерттеу ғалым И. В. Салтыковқа тиесілі. Оның башқұрт нұсқасындағы сюжеттер бойынша «Башкирские народные песни» деген зерттеуі «Материалы и иследования по фольклору Башкирии и Урала» деген жинаққа кіріп, 1974 жылы жарық көрген[6.255].
Әлбетте, В. Я. Пропптың «Фольклор и действительность» [7.326], В. М Жирмунскийдің «Тюркский героический эпос» [8. 74, 727], Е. М. Мелетинскийдің «Происхождение героического эпоса» [9.448] сияқты еңбектердің орыс фольклористикасының теориялық базасына ғана қатысты еместігін, олардың жалпы әлемдік фольклористика ғылымының көкейтесті, негізгі мәселелерін қарастырған құнды жәдігерлер екендігін де ескерген абзал.  
Ал, тәуелсіздік жылдары Р. Г. Ягафаров «Алпамыc» эпосының нұсқалары бойынша жүйелі зерттеулер жүргізді. Ол осынау «Башкирский народный эпос «Алпамыш и Барсынхылу»: генезис, специфика, поэтика» [10. 250] деп аталатын еңбегінде эпостың тарихи жаралу дәуірінен (14-17 ғасырлар) бастап,  түркі тілді халықтардың эпостарын шендестіріп салыстыру әдісімен «Алпамыстың» нұсқаларының зерттелуін, оның тарихи эпостардың қатарындағы орнын, поэтикалық тілін башқұрт еліндегі бірнеше нұсқалардың текстологиялық зерттеулерін біршама терең талдайды. Жырдың башқұрт нұсқасын А. Н. Киреев, М. М. Сагитов, С. А. Галин, Н. Д. Шонкаров және С. Г. Сафуанов сияқты ғалымдардың фольклорлық экспедиция кезінде жазып алып, жиырмадай нұсқасы жиналғанын Р.Г.Ягафаров өзінің «Башкирский народный эпос «Алпамыш и Барсынхылу» (2010 ж.) ғылыми монографиясында мәлімдейді.
Олардың ішіндегі құндысы, ғылыми жақтан негізделгені «Алып-батыр» деген (2008 ж.) басылымы екен. Бұлай деуімізге ғылыми басылымды құрастырып,  кіріспесі  мен түсініктемелерін жазған профессор А. М. Сүлейменовтің пікірі негіз болып отыр. Ол шығарманы сюжеттік тұрғыдан талдап, жырдың батырлық эпос екендігін теориялық жақтан дәлелдейді. Кейінірек оқымысты А. Н. Киреев эпостың мәтініне үңіліп, бұрын жазылып алынған нұсқаларды електен өткізіп, біріктірілген нұсқасын жасап шығыпты. Бұл еңбек 1956 жылы жарық көрген.
«Алпамыстың барлық нұсқасы­ның көркемдік және көлемдік айырмашы­лық­тарына қарамастан, эпостағы негізгі оқиға желісі мынадай тәртіпте өзгермей сақталады:
Кейіпкердің және оның қалыңдығының баласыз ата-аналардан ғажайып жағдайда                 дүниеге келуі.
Кейіпкердің тез және ерекше тұрғыда                  ер жетуі.
Қалыңдығын іздеп жолға шығуы.
Мінер тұлпарын таңдауы.
Қалыңдығы үшін айқасқа шығуы.
Кейіпкердің жеке, дара ұрыс салуы.
Кейіпкердің өзі көрген түсіндегідей             тұтқынға түсіп қалуы.
Алпамыстың зынданға салынуы.
Кейіпкердің ақылды тұлпарының арқасында не хан қызының жәрдемімен                       тұтқыннан босауы.
Үйіне қайтып келе жатқанда малшылармен кездесуі.
Сүйген жарын басқа біреуге зорлықпен күйеуге ұзату тойына Алпамыстың диуана киімін киіп, бейтаныс адам болып келуі.
Алпамыстың тағына отырып алған             Құлтанның жазалануы.
Біз мұны зерттеуші А. Н. Киреевтің «Башкирский героический эпос» деген 1970 жылы Уфа қаласында жарыққа шыққан ғылыми басылымы бойынша мысалға келтірдік [11.147]. 
 «Алпамыстың» өзбек, қарақалпақ, алтай, башқұрт, татар нұсқаларының өзектері,  әсіресе эпикалық дәуірге байланыстысы бір-біріне өте жақын. Архаикалық қатпар, тұлпардың антропоморфтық бейнесі, не батырдың  шал, дәруіш, бейшара адамның кейпінде келуі, бет-әлпеті, түр-түсі де немесе алтайлық нұсқадағы жеті басты кісі жегіш дәумен жердің астында айқасуы, оны жеңіп шығуы тәрізді оқиғалары басқа да майда сарындарды, образдарды осы негізгі өзекке біріктіріп тұрғандығын байқауға болады. Сюжеттің дамуы өрмекшінің торындай шырмалып, содан соң біртіндеп жайылып, шегіне жеткенде эпостың негізгі идеясы мәреге шыққан оқиғамен қорытындыланғаны аңғарылады. 
Ал енді жырдың ең көлемдісі 832 беттік эпос өзбек тіліндегі нұсқасы  болса, ең шағыны – 2 баспа табаққа жақын қырғыз нұсқасы. Соңғысы қазақ нұсқасының қысқаша көшірмесіндей көрінеді. 
Тағы бір сюжеттік элемент – жырдағы діни көзқарастар  мәселесі. Қырғыз, қазақ, өзбек нұсқаларында мұсылмандық түсініктер басымдық етсе, ал енді башқұрт, алтай, хакас, татар нұсқаларында, әсіресе, таулы алтай нұсқасында шамандық ұғым-ұстанымдар көбірек қамтылған.
Діни сарындар батырдың туылардан бұрын оның ата-анасының бір балаға зар болып құдайға жалынуынан анық көрінеді. Әсіресе,  бұл сарын қазақ нұсқасында Аналық пен Байбөрінің күн-түн демей Мекке-Мәдинаны, әулиелі жерлерді бетке алып, жалаңаяқ жол басуы, Құдайдан тіленіп, зар жылауынан анық білінеді. Ата-анасының төрт түліктен құрбандық шалып, ата-бабаларының аруағына жалынып, елге садақа таратуы жырда айқын суреттелген.
Діни белгілерінің тағы бір көрінісі – батырдың ата-анасының Әзірет Әлі әулиеге (өзбек нұсқасында Шахамерден пір) жолығып, оның батасымен бір ұл, бір қыз батадан біткені айтылады. Дін-исламдық модернизация Алпамыш туылғанда  азан шақырып ат қою жоралғысында және неке қию рәсімінде анық байқалып тұр.
Алтай нұсқасында шамандық қимыл-әрекет, шырақ жағып ыстау, түтін түтетіп ырымдау бала туылғандағы салт-дәстүрлерді толықтай түседі. «Алпамыс» эпосының нұсқаларының ерекшеліктері жөнінде тұжырымдарын сабақтай келіп, Р. Г. Ягафаров төменгі  қызықты салыстырма мәселелерді жазған: «В алтайской версии события эпоса разворачиваются у подножья Алтайских гор, в азербайжанской, турецкой версиях – на Кавказе, в узбекской версии – в племени конграт, в казахской, каракалпакской версиях – в местечке Жийдели-Байсун, в таджикской действие происходит в условно – сказочной обстановке, а в башкирской – на Урале, в долине реки Агидель, у горы Аккиек. В алтайской, огузской, башкирской версиях «Алпамыша» нет ни конграта, ни локализации действия в Байсуне, ни калмыцкой темы. Вместо брачных состязаний между женихами более архаический мотив состязаний жениха с невестой, богатырской девой в верховой езде, стрельба из лука и борьбе» [12.14].
«Алпамыс» эпосының нұсқалары көп: өзбектерде, Т. Мирзоевтің жазуына қарағанда, соңғы рет 1999 жылы 832 бет көлеммен орыс және өзбек тілдерінде ғылыми басылым жарық көрген екен, қазіргі уақытта эпостың 17 түрі толық нұсқа қатары есептеледі. Өзбек нұсқалары XIV-XVII ғасырларға тән екендігі айтылуда. Бірақ, басқа халықтардың нұсқаларында шығыс дәуірі туралы нақты мәліметтер сипатталмайды. Сюжеттік өзекте қоңырат  руының он алты буынынан бергі оқиғалар баяндалады. 
Эпос түркі халықтарында – қыр­ғыздарда «Алпамыш», қазақтарда «Алпамыс», қарақалпақтарда «Алпомуш», таулы алтайлықтарда «Алып-Манаш», башқұрттарда «Алпамыш жана Барсын хылу», тәжіктерде «Альпомыш», қазандық татарларда «Алпомина», батыс сібір халықтарында «Алып Мямшан» деп аталады. Ғажап жері – барлық нұсқаларда негізгі сюжеттік өзек елеулі өзгерістерге ұшыраған емес. Эпостың  нұсқаларының  өзара жақындықтары жөнінен ортаазиялық нұсқалар бір-біріне және алтай, башқұрт, татар халықтарындағы нұсқалардың бір-біріне жақындығы көбірек байқалады. Бұл нұсқаларда, біріншіден, Алпамыс алып батыр ғана емес, ол ғажайып сиқырлы қасиетке ие және ол болмыстың бір қатпарынан екінші қатпарына өтіп отыратындай (аруақтар әлемі – алтай). Бұларда Алпамыстың бойында шамандық қасиет бар және оны қолдайтын сыртқы күштер бар. Батыр алдын ала болашақта болатын оқиғаларды сезеді, оның тұлпары да адамша сөйлей алады. Батырды шапса қылыш өтпейді, отқа салса жанбайды, суға салса батпайды. Осы сипаттарымен және қасиеттерімен батыр ертегілік архаикалық қатпардан табылады. Эпоста батырдың «өлместік» (неуязвимость) қасиетінің бояулары  көбірек сақталғандығына байланысты ол қырғыз, қазақ нұсқаларынан ерекшеленіп тұр. Қырғыз, қазақ  Алпамысының бейнесіндегі  батырдың архаикалық  мифтік бейнесі жырдың бір елден екінші елге ауысуында әртүрлілікті жаратуы да мүмкін.
Үш бөлімнен құрылып баяндалған сюжет «Алпамыстың» барлық дерлік нұсқаларында сақталған. Енді эпостың қалыптану қыртысына тоқталсақ, біріншіден, оның архаикалық қатпарында мифологиялық сиқырлық, ертегілік сарындар бар. Эпостың екінші қатпары, бұл – діни түсініктердің орын алуы. Үшіншісінде кейіпкерлердің іс-әрекеттері, мінез-құлықтары арқылы эпоста жер бетіндегі тіршілік, әлеуметтік тұрмыс, адамзаттың жақсысы мен жаманы аралас ғұмырнамасындағы мәңгілік күрестің қарама-қарсылықтары және оның аясындағы салт-сана, әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие мәселелері көрініс тапқан.
Кәмила ТАЛИЕВА,
филология  ғылымдарының 
кандидаты, доцент, 
Қырғызстан.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
В. М. Жирмунский. «Сказание об Алпамыше и богатырская сказка». М., Наука, 1960. – 335 с.
Н. У. Улагашев. «Алып-Манаш», в кн. Н. У. Улагашев. Алтай-Бучай. Ойротский народный эпос. Новосибирск, Наука, Сиб, отд., 1941.– 408 с.
 С.С.Суразаков. Алтайский героический эпос. М., Наука, 1985.   – 256 с.
«Алпамыс-батыр». Тексты и переводы под ред.: М. О. Ауэзова и Н. С. Смирновой. А.-А., 1961. – 178 с. 
«Алпамыш-Алпомиш». Узбекский народный героический эпос. Под ред.: А. С. Мирбадалевой, Т. Мирзоева. Ташкент. Фан, 1999. – 831 с. 
И. В. Салтыков. Башкирские народные песни, в сб.: «Материалы и иследования по фольклору Башкирии и Урала. Уфа. 1974. – 266 с.
В.Я Пропп. «Фольклор и действительность». Избранные статьи. М., Наука.1976. – 326 с.
 В.М Жирмунский. «Тюркский героический эпос», Л., Наука. 1974. – 74 с., 727 с.
Е.М.Мелетинский. Происхождение героического эпоса.Ранние формы и архаические памятники. М., Наука. 1963. – 448 с. 
Р. Г. Ягафаров. Башкирский народный эпос «Алпамыш и Барсынхылу»: генезис, специфика, поэтика. Дисс. Р. Г. Ягафарова канд. Филол. Наук. 10.01.09/ГОУ ВПО Стерлитамакская гос. пед. академия. Казань. 2007. – 250 с.
А. Н. Киреев. Башкирский героический эпос. Уфа. 1970.       – 147 с. 
Р.Г. Ягафаров. Башкирский героический эпос «Алпамыш и Барсынхылу. Казань. 2007. –14 с.

Алдыңғы «
Келесі »